37-САБАҚ
Киелі кітапта ақша мен жұмыс туралы не айтылған?
Жұмыс пен ақшаны уайымдайтын кезіңіз бола ма? Бізге күнделікті тіршіліктің қамын жасау керек. Сондай-ақ Ехобаға лайықты ғибадатымызды да жасауымыз қажет. Осы екеуін қатар алып жүру оңай болмауы мүмкін. Бірақ Киелі кітапта бұған қатысты пайдалы ақыл-кеңестер бар.
1. Киелі кітапта жұмыс туралы не айтылған?
Құдай жұмысымызды сүйіп істегенімізді қалайды. Киелі жазбаларда: “Адам баласы үшін... бейнетінің зейнетін көріп, рақаттанудан артық ештеңе жоқ”,— делінген (Уағыздаушы 2:24). Ехоба тынбай еңбек етеді. Біз оған еліктеп, жұмысымызды тиянақты істесек, бұл оған ұнайды және өзіміздің де көңіліміз тоқ болады.
Жұмыстың маңызды екені рас. Бірақ ол Ехобаға деген ғибадатымыздан маңыздырақ болып кетпеу керек (Жохан 6:27). Ехоба біз оны өміріміздің төріне шығаратын болсақ, күнделікті қажетімізді беремін деп уәде етеді.
2. Ақшаға деген дұрыс көзқарас қандай болу керек?
“Ақша адамды қорғайтынын” Киелі кітап жоққа шығармайды. Бірақ бақытымыз тек ақшаға ғана байланып қалмау керектігін де ескертеді (Уағыздаушы 7:12). Сондықтан “ақша-ақша” дей бермей, “қолда барды қанағат тұтуға” шақырады (Еврейлерге 13:5 оқыңыз). Барды қанағат етсек, “анау керек, мынау керек” деп тойымсыздыққа бой алдырмаймыз. Беталды қарызға да кіріп кетпейміз (Нақыл сөздер 22:7). Құмар ойындар мен тез ақша табудың құрығына түсіп, ұрынып қалмаймыз.
3. Қай кезде қолымыз ашық болу керек?
Ехоба — жомарт десе, жомарт Құдай. Біз де “жомарт болып, барымызбен бөлісуге даяр болсақ”, Ехобаға еліктейміз (Тімөтеге 1-хат 6:18). Біз қауым істерін қолдау үшін және мұқтаж адамдарға, әсіресе бауырластарға көмектесу үшін ақшамызды аямаймыз. Ехобаға біздің қанша беретініміз емес, қандай ниетпен беретініміз маңызды. Беретінімізді дарқан көңілмен берсек, өзіміз де бақытты боламыз, Ехобаны да риза қыламыз (Елшілердің істері 20:35 оқыңыз).
ТЕРЕҢІРЕК ҮҢІЛІҢІЗ
Жұмысты тиісті орынға қоюдың және қанағатшыл болудың пайдасын көрейік.
4. Жұмысыңыз Ехобаға даңқ әкелсін
Ехобамен достығымыз жұмысқа деген көзқарасымызға әсер ету керек. БЕЙНЕРОЛИКТІ көріп, мына сұрақтарды талқылаңыздар:
Бейнероликте Джейсонның жұмысына қалай қарағаны, өзін қалай ұстағаны ұнады ма? Неге?
Жұмысы тиісті орында тұру үшін ол не істеді?
Қолостықтарға 3:23, 24 оқып, мына сұрақты талқылаңыздар:
Жұмысқа қалай қарайтынымыз неге маңызды?
Жұмыстың маңызды екені рас. Бірақ ол Ехобаға деген ғибадатымыздан маңыздырақ болып кетпеу керек
5. Қанағат қарын тойғызар
Адамдардың көбісі күректеп ақша тапқысы келеді. Бірақ Киелі кітаптың айтар кеңесі басқа. Тімөтеге 1-хат 6:6—8 оқып, мына сұрақты талқылаңыздар:
Киелі кітап бізді не нәрсеге шақырады?
Қолымызда көп болмаса да, біз бақытты бола аламыз. БЕЙНЕРОЛИКТІ көріп, келесі сұрақты талқылаңыздар:
Ақшадан таршылық көрсе де, бұл отбасылар неліктен бақытты?
Кейде адамда бәрі бар болып тұрса да, көзі тоймауы мүмкін. Иса пайғамбар мұның жақсылыққа апармайтынын бір мысалмен түсіндірген. Лұқа 12:15—21 оқып, мына сұрақты талқылаңыздар:
Осы мысалдан не түйдіңіз? (15-тармақты қараңыз).
Нақыл сөздер 10:22 мен Тімөтеге 1-хат 6:10 оқып, салыстырыңыз. Сосын келесі сұрақтарды талқылаңыздар:
Қайсысы маңызды деп ойлайсыз: Ехобамен достық па, әлде көп ақша ма? Неге?
Ақшаның соңынан қуған адам қандай қиындықтарға тап болады?
6. Ехоба керегіңізді береді
Жұмысымыз болмай, ақшадан тарыққан кезде, Ехобаға деген сеніміміз сыналады. БЕЙНЕРОЛИКТІ көріп, осындай жағдайда не істеуге болатынын біліңіз. Сосын келесі сұрақтарды талқылаңыздар:
Бейнероликте ер бауырлас қандай қиындықтарға тап болды?
Осы қиындықтарды жеңу үшін ол не істеді?
Матай 6:25—34 оқып, мына сұрақты талқылаңыздар:
Ехоба оны басты орынға қоятындарға нені уәде етеді?
КЕЙБІРЕУЛЕРДІҢ АЙТАТЫНЫ: “Отбасымды асырау үшін маған көп жұмыс істеу керек. Апта сайын жиналыстарға бара алмаймын”.
Ехобаға ғибадат етуді басты орынға қою ең дұрыс шешім екеніне қай тармақ көзіңізді жеткізеді?
ТҮЙІНДЕМЕ
Әрине, жұмыс пен ақша керек-ақ. Бірақ олар Ехобаға қызмет етуімізге кедергі етпегені жөн.
Қайталау
Жұмысқа дұрыс көзқарас сақтауға не көмектеседі?
Барға қанағат етудің пайдасы қандай?
Ехоба өз халқының қамын жасайтынына сенетініңізді қалай көрсете аласыз?
ҚОСЫМША ІЗДЕНІҢІЗ
Киелі кітап ақшаны жаман деп үйрете ме? Мұны мына мақаладан оқып көріңіз.
“Ақша жамандықтың түп-тамыры ма?” (jw.org сайтындағы мақала)
Қандай сый-тартулар Құдайға ұнайтынын оқып көріңіз.
“Киелі кітапта басқаларға беруге қатысты не делінген?” (jw.org сайтындағы мақала)
Құмар ойындар зиянсыз ойындар ма?
“Құмар ойындарға Киелі кітаптың көзқарасы” (“Ояныңдар!” (ор.), наурыз, 2015)
Бір ер адамға құмар ойындары мен ұрлық жасауын тыюға не көмектескені жайлы оқып көріңіз.
“Атшабысқа құмар едім” (“Күзет мұнарасы” (ор.), 1 қараша, 2011)