‘Құтқарылуға деген үміттеріңді’ үзбеңдер!
“Құтқарылуға деген үмітімізді дулыға етіп киейік!” (1 САЛОНИҚАЛЫҚТАРҒА 5:8).
1. “Құтқарылуға деген үміт” табанды болуымызға қалай көмектеседі?
ҚҰТҚАРЫЛУҒА деген үміт тіпті қиын-қыстау кездің өзінде берілмеуге көмектеседі. Кеме апатына ұшыраған адам жақын арада көмек келетінін білсе, құтқарушы салдың үстінде ұзақ уақыт шыдай алады. Сол сияқты ‘Ехобаның құтқаратынына’ үміт арту мыңдаған жылдар бойы қиын-қыстау уақыттарда сенім адамдарына қуат берді және бұл үміт ешқашан ешкімнің көңілін қалдырған емес (Мысырдан көшу 14:13, ЖД; Забур 3:8; Римдіктерге 5:5; 9:33). Елші Пауыл “құтқарылуға деген үмітті” мәсіхшілердің рухани сауыт-саймандарының бірі — “дулығамен” салыстырды (1 Салониқалықтарға 5:8; Ефестіктерге 6:17). Иә, біздің Құдайдың құтқаратынына деген сеніміміз қиыншылыққа, қарсылыққа және азғыруға қарамай дұрыс ойлай білуімізге көмектесіп, ой-ниетімізді қорғайды.
2. “Құтқарылуға деген үміт” қай жағынан шынайы мінажаттың ажырамас бөлігі?
2 Киелі кітап энциклопедиясына (The International Standard Bible Encyclopedia) сәйкес, “болашаққа байланысты үміт бұтқа табынушылар әлеміне”, яғни бірінші ғасырда мәсіхшілер өмір сүрген әлемге, “тән болған жоқ” (Ефестіктерге 2:12; 1 Салониқалықтарға 4:13). Дегенмен де, “құтқарылуға деген үміт” — шынайы мінажаттың ажырамас бөлігі. Неге бұлай? Біріншіден, Ехобаның қызметшілерінің құтқарылуы Құдайдың есімімен тығыз байланысты. Забур жыршысы Асаф: “О, Құдай, Құтқарушымыз біздің, өз Есіміңнің даңқы шығуы үшін көмектесші бізге; бізді құтқарып, Есімің үшін күнәларымызды кешірші”,— деп дұға еткен болатын (Забур 78:9; Езекиел 20:9). Сонымен қатар, Ехобаның уәде етілген баталарына сенім болмаса, онымен тығыз қарым-қатынаста болу мүмкін емес. Пауыл бұны былай деп түсіндіреді: “Ал, сенім болмаса Құдайға жағу мүмкін емес; өйткені Құдайға келген адам Оның бар екеніне және Оны іздегендерге тиістісін беретініне сенуі керек” (Еврейлерге 11:6). Оның үстіне Пауыл күнәларына өкінгендердің құтқарылуы Исаның жерге келуінің негізгі бір себебі екенін түсіндірді. Ол былай деген еді: “Иса Мәсіх осы дүниеге күнәкарларды құтқару үшін келді. Бұл — дәл айтылған шынайы сөз, оны түгелдей қабылдау қажет” (1 Тімотеге 1:15). Ал елші Петір болса құтқарылуды ‘сеніміміздің нәтижесі’ деп атады (1 Петір 1:9, ЖД). Яғни құтқарылуға үміттену орынды нәрсе. Сонда іс жүзінде құтқарылу дегеніміз не? Құтқарылу үшін не қажет?
Құтқарылу дегеніміз не?
3. Құдай ежелгі уақыттағы қызметшілерін неден құтқарған?
3 Еврей жазбаларында “құтқарылу” сөзі әдетте езгіден босатылуды немесе жасына жетпей зорлықтан қайтыс болудан құтқарылуды білдіреді. Мысалы, Дәуіт Ехобаны “құтқарушы” атап, былай деді: “Менің Құдайым — менің жартасым... менің баспанам; Құтқарушым менің, Сен мені бақытсыздықтардан құтқардың! Мінажат етуге лайық Тәңірімді шақырып, жауларымнан құтыламын” (2 Патшалық 22:2—4). Көмек сұрап жалбарынған қызметшілерінің үніне Ехобаның құлақ түретінін Дәуіт білген (Забур 30:23, 24; 144:19).
4. Ехобаның мәсіхшілерге дейінгі қызметшілері болашақ өмірге қандай үміт артты?
4 Ехобаның мәсіхшілерге дейінгі қызметшілері болашақтағы өмірге үміт артқан (Аюп 14:13—15; Ишая 25:8; Даниел 12:13). Еврей жазбаларындағы құтқарылу туралы уәделердің көбісі — мәңгі өмірге алып баратын ұлы құтқарылу жөніндегі пайғамбарлық (Ишая 49:6, 8; Елшілердің істері 13:47; 2 Қорынттықтарға 6:2). Исаның кезінде көптеген иудейлер мәңгі өмір сүруді үміт еткен еді, бірақ олар үміттерінің орындалуының кілті Иса екенін мойындамады. Иса сол уақыттағы дін басыларына былай деді: “Рас, сендер киелі жазбаларды зерттеп, солар арқылы мәңгілік өмірге ие боламыз деп ойлайсыңдар. Ал олар Мен туралы куәлік етеді!” (Жохан 5:39).
5. Құтқарылу дегеніміз ең ақыр аяғында нені білдіреді?
5 Ехоба құтқарылу дегеннің толығымен нені білдіретінін Иса арқылы ашты. Ол күнәның үстемдігінен, жалған діннің құлдығынан, Шайтан басқарып отырған дүниенің ықпалынан, адам алдындағы қорқыныштан, тіпті өлім алдындағы қорқыныштан да құтқарылуды білдіреді (Жохан 17:16; Римдіктерге 8:2; Қолостықтарға 1:13; Аян 18:2, 4). Ең ақырында Құдай өзінің адал қызметшілерін езгі мен қайғыдан құтқарып қана қоймай, мәңгі өмір сыйлайды (Жохан 6:40; 17:3). Исаның үйретуі бойынша, “кішкентай қора” үшін құтқарылу — Мәсіхпен Патшалық ету үшін аспанда өмір сүруге тірілуді білдіреді (Лұқа 12:32). Қалғандары үшін құтқарылу кемелділікке жетіп, Едем бағында күнә жасамай тұрып Адам мен Хауаның Құдаймен араларындағыдай тығыз қарым-қатынасқа ие болуды білдіреді. (Елшілердің істері 3:21; Ефестіктерге 1:10). Құдайдың о бастағы ниеті бойынша адамзат жұмақта мәңгі өмір сүру керек еді (Жаратылыс 1:28; Марқа 10:30). Алайда мұндай жағдай қалай қайтып қалпына келуі мүмін?
Құтқарылудың негізі — бостандық төлемі
6, 7. Біздің құтқарылуымыздағы Исаның рөлі қандай?
6 Мәңгіге құтқарылу тек Мәсіхтің құрбан болып, бостандық төлемін өтеуінің арқасында ғана мүмкін болды. Неге олай? Киелі кітапта Адам ата күнә жасаған кезде өзін де, бізді қоса алғандағы болашақ ұрпақтарын да күнәның “құлы” еткені айтылған. Сондықтан, адамзаттың үміт артуына қандай да бір негіз болуы үшін бостандық төлемі қажет болды (Римдіктерге 5:14, 15; 7:14). Мұсаның заңына сәйкес жануарларды құрбандыққа шалу Ехобаның бостандық төлемін өтеудің қамын жасағандығының белгісі болды (Еврейлерге 10:1—10; 1 Жохан 2:2). Бұл пайғамбарлық бейне Иса өзін құрбан еткен кезде орындалды. Иса дүниеге келер алдында Ехобаның періштесі: “Ол өз халқын күнәларынан құтқарады”,— деп жариялаған болатын (Матай 1:21; Еврейлерге 2:10).
7 Иса керемет түрде Мәриям атты қыздан туды да, Құдайдың ұлы болғандықтан, Адамнан тараған өлімді мұра еткен жоқ. Осы себепті және Құдайға толық берілгендігінің арқасында оның өмірінің құны адамзатты күнә мен өлімнің құлдығынан босату үшін қажет төлемді өтей алды (Жохан 8:36; 1 Қорынттықтарға 15:22). Барлық өзге адамдар күнәкар болғандықтан өлімге кесілген еді. Ал Иса күнәсыз болған. Ол жерге ‘көптеген адамдардың бостандық төлемін төлеуге өз жанын беру’ үшін келген еді (Матай 20:28). Осы мақсатын орындап, қайта тіріліп, қазіргі уақытта патшалық тағында отырған Иса, Құдайдың талаптарына сай келетін адамдардың бәрін де құтқара алады (Аян 12:10).
Құтқарылу үшін не қажет?
8, 9. а) Басшы болған жас бай кісінің құтқарылу жайындағы сұрағына Иса қалай жауап берді? ә) Шәкірттеріне тәлім беру үшін Иса осы оқиғаны қалай қолданды?
8 Бір жолы басшы болған исраилдік жас бай кісі Исадан: “Мәңгілік өмірді мұра ету үшін не істеуім керек?” — деп сұрайды (Марқа 10:17). Оның сұрағынан, Құдай ізгі істер жасауды талап етеді және сондай ізгі істерді жеткілікті мөлшерде жасау арқылы Құдайдың құтқаруына лайық болуға болады деген сол кездегі иудейлердің көзқарасы байқалатын сияқты. Бірақ, мұндай әріпшіл құдайшылдық өз мүддесін ойлаудан туған болуы да мүмкін еді. Мұндай істер құтқарылуға толық үміт бермейді, өйткені ешқандай кемелсіз адам Құдайдың талаптарын толық орындай алмайды.
9 Оның сұрағына жауап берген Иса жай ғана Құдайдың өсиеттерін орындаудың қажет екенін есіне салады. Жас басшы бірден ол өсиеттерді бала күнінен орындайтынын айтады. Сонда Иса оны жақсы көріп кетті де: “Сенің тағы бір жеткіліксіздігің бар. Барып, иелігіңде не болса барлығын сат та, [ақшасын] жарлыларға үлестіріп бер; сонда сенің байлығың аспанда болады. Содан кейін қайтып келіп... Маған ілесіп жүр”,— деді. Бірақ жас кісі қайғыланып ол жерден кетіп қалды, өйткені “оның байлығы мол еді”. Сонда Иса өзінің шәкірттерін, құтқарылуға кедергі болатын осы дүниелік байлыққа тым құмар болмау керектігін ескертеді. Сонымен қатар ол ешкімнің де өз күшімен құтқарылуға лайық бола алмайтынын айтады. Дегенмен де Иса шәкірттерін: “Адам баласы үшін бұл мүмкін емес, бірақ Құдай үшін мүмкін. Өйткені Құдай үшін барлығы да мүмкін”,— деп жұбатады (Марқа 10:18—27; Лұқа 18:18—23). Сонда қалай құтқарылуға болады екен?
10. Құтқарылу үшін қандай талаптарды орындауымыз керек?
10 Құтқарылу — Құдайдың сыйы, бірақ ол өздігінен келмейді (Римдіктерге 6:23). Бұл сыйға ие болу үшін негізгі шарттарды орындау қажет. Иса былай деген: “Құдай адамзатты өте қатты сүйгендіктен, Оған сенуші әркімнің жаны тозаққа түспей, мәңгілік өмірге ие болу үшін Өзінің жалғыз Ұлын құрбандыққа берді”. Ал елші Жохан былай деп қосты: ‘Құдай Ұлына сенушілер мәңгілік өмірге ие. Ал Оны тыңдамағандар шын өмірді көрмейді’ (Жохан 3:16, 36). Иә, Құдай мәңгілік құтқарылуға ие болғысы келгендерден сенім мен мойынсұнушылықты талап етеді. Әрбір адам бостандық төлемін қабыл алып, Исаның ізімен жүруге шешім қабылдауы керек.
11. Кемелсіз адам Ехобаға қалай жаға алады?
11 Кемелсіздіктің салдарынан мойынсұну бізге тән нәрсе болмағандықтан, кемелді түрде Құдайға мойынсұну біз үшін мүмкін емес. Сол себепті біздің күнәларымызды жабу үшін Құдай бостандық төлемін берді. Сөйтсе де әрқашан Құдайдың еркіне сай өмір сүруге талпынуымыз қажет. Исаның жас басшыға айтқанындай, Құдайдың өсиеттерін орындауымыз керек. Осылай етер болсақ, Құдайға жағып қана қоймай, үлкен қуанышқа да ие боламыз, өйткені “оларды орындау қиын емес”, олар бізге күш беретін “қорек” болады (1 Жохан 5:3; Нақыл сөздер 3:1, 8). Сөйтсе де құтқарылуға деген үмітті сақтау оңай емес.
“Сенім үшін табандылықпен күресіңдер”
12. Өнегесіздікке елігуден сақтану үшін мәсіхшілерге құтқарылуға деген үміт қалай күш береді?
12 Шәкірт Иуда алғашқы мәсіхшілерге “ортақ құтқарылу туралы” жазбақ еді. Бірақ, оларды қоршаған ортаны азғындық жайлағандықтан, ол бауырластарын “сенім үшін табандылықпен күресуге” (ЖД) шақыруды шешті. Иә, құтқарылу үшін, сенімге ие болу, әрі шынайы мәсіхшілер ретінде осы сенімге сай өмір сүру және барлығы жақсы болған кезде Құдайға мойынсұну жеткіліксіз. Біздің Ехобаға деген адалдығымыздың күші азғыру мен азғындыққа қарсы тұра алатындай болуы керек. Бірақ бірінші ғасырдағы қауымның рухани күйіне жыныстық өнегесіздік пен табиғи емес жыныстық қатынас, билікті сыйламау, бөліну және күмәндану ықпал етті. Осындай бейімділікке қарсы күресте көмек ретінде Иуда оларды мақсаттарын естен шығармауға талпындырды: “Сүйікті бауырластар, киелі сенімдеріңде ғибрат етіп, Киелі рухпен дұға етіп, Иеміз Иса Мәсіхтің мейірімділігін күтіп, мәңгі өмір сүру үшін Құдайдың сүйіктісі болыңдар” (Иуда 3, 4, 8, 19—21). Өнегелілік тазалықты сақтау үшін күрестерінде құтқарылуға деген үміттері оларды нығайтар еді.
13. Құдайдың рақымының мақсатын естен шығармағанымызды қалай көрсете аламыз?
13 Ехоба Құдай өзі құтқаратын адамдардан өнегелі құлықтылық танытқандарын күтеді (1 Қорынттықтарға 6:9, 10). Алайда Құдайдың өнегелілік нормаларын ұстанған адамға өзгелерді соттауға құқық берілмейді. Маңайымыздағы адамдардың болашағын шешетін біз емес. Оны шешетін — Құдай. Пауыл афинылық гректерге былай деген болатын: “Ол бұл дүниені әділдікпен соттайтын күнін белгілеп, сотты жүргізетін Кісіні тағайындап қойды”. Пауыл бұл жерде Иса Мәсіхті айтқан еді (Елшілердің істері 17:31; Жохан 5:22). Егер біз Исаның бостандық төлеміне сеніп өмір сүрер болсақ, сот күнінен қорқудың еш қажеті жоқ (Еврейлерге 10:38, 39). Ең бастысы — “Құдайдың рақымын қабыл алып [бостандық төлемінің арқасында онымен татуласып], оның [Құдайдың рақымының] мақсатын ұмытып кетпеу”; ол үшін бұрыс ойлап, дұрыс емес іс жасаудан сақ болуымыз керек (2 Қорынттықтарға 6:1, ЖД). Сондай-ақ өзгелердің де құтқарылуына көмектесуімізбен Құдайдың рақымының мақсатын ұмытып кетпегендігімізді көрсетеміз. Ал оларға қалай көмектесе аламыз?
Құтқарылуға деген үмітті жариялаймыз
14, 15. Иса құтқарылу туралы ізгі хабарды жариялауды кімге тапсырды?
14 Жоел пайғамбардың кітабынан үзінді келтірген Пауыл былай деп жазды: “Иемізге сиынғандардың бәрі құтқарылады”. Әрі қарай ол былай дейді: “Олар Иемізге сенбесе, қалай Оған сиынады? Ол туралы естімесе қалай сенеді? Оны ешкім уағыздамаса, қайдан естиді?” Бірнеше тармақ кейін Пауыл сенімнің өздігінен келмейтінін, оның “хабарды естуден”, яғни “Құдай сөзін [“Мәсіх туралы сөзді”, ЖД]” естуден, келетінін айтады (Римдіктерге 10:13, 14, 17; Жоел 2:32).
15 Халықтарға “Мәсіх туралы сөзді” кім жеткізер екен? Иса бұл істі өзінің шәкірттеріне тапсырды. Алдымен ол олардың өздерін осы “сөзге” үйреткен болатын (Матай 24:14; 28:19, 20; Жохан 17:20). Патшалық туралы уағыз айтып, шәкірттер дайындаумен шұғылданып жүрген кезде біздің өмірімізде Пауылдың Ишая пайғамбардың кітабынан келтірген: “Татулық туралы Ізгі хабарды жариялаушылардың келуі қандай тамаша!” — деген сөздері орындалады. Біз таратып жүрген ізгі хабарды көп адамдар қабыл алмаса да, Ехобаның көз алдында біздің оларға келгеніміз “тамаша”! (Римдіктерге 10:15; Ишая 52:7).
16, 17. Уағыздау ісіміздің арқасында қандай екі мақсатқа қол жетеді?
16 Осы тапсырманың орындалуының арқасында маңызды екі мақсатқа қол жетеді. Біріншіден, ізгі хабардың уағыздалуының арқасында Ехобаның есімі даңқталады және құтқарылуды қалағандар қайда бару керек екенін білетін болады. Тапсырманың осы жағын Пауыл жақсы түсінген. Ол былай деген еді: “Себебі Иеміз бізге: “Жер бетіндегі барлық елдерді құтқаруың үшін Сені басқа ұлттарға Нұр етіп қойдым”,— деп бұйырды”. Сонымен, Мәсіхтің шәкірттері ретінде бәріміз де құтқарылу туралы хабарды халықтарға таратуымыз керек (Елшілердің істері 13:47; Ишая 49:6).
17 Екіншіден, ізгі хабардың жариялануы Құдайдың әділ сотының негізін қалайды. Ол сот жайында Иса былай деген болатын: “Адам Ұлы өз салтанаттылығымен, барлық киелі періштелермен бірге келген кезде Өзінің салтанатты тағына отырады. Сонда барлық халықтар Оның алдына жиналады да, Ол оларды бақташының қойларды серкелерден айырғаны сияқты айырып бөледі”. Сот пен айыру “Адам Ұлы өз салтанаттылығымен... келген кезде” болатын болғанымен, жариялау қазірдің өзінде мәңгі құтқарылуға ие болу үшін адамдарға Мәсіхтің рухани бауырларын мойындап, олармен еңбектес болуға мүмкіндік береді (Матай 25:31—46).
“Үміттің орындалатынына толық сенімділіктеріңді” сақтаңдар
18. “Құтқарылуға деген үмітімізді” қалай үзбеуімізге болады?
18 Сондай-ақ уағыздау ісіне белсене қатысудың арқасында үміт оты лаулап жанады. Пауыл былай деп жазды: “Біздің қалайтынымыз — үміттің орындалатынына толық сенімділіктеріңді сақтау үшін, әрқайсыңның аяғына дейін дәл осындай ынта көрсеткендерің” (Еврейлерге 6:11). Бәріміз де “құтқарылуға деген үмітімізді дулыға етіп киейік!” Осылайша, “Құдай бізді Өзінің қаһарына ұшырауға емес, қайта, Иеміз Иса Мәсіх арқылы құтқарылуға тағайындағанын” ұмытпайық (1 Салониқалықтарға 5:8, 9). Сонымен қатар Петірдің: “Сонымен ақыл-ойларыңды іс-әрекет етуге дайын ұстап, әр нәрседе парасаттылық сақтаңдар... көрсетілетін рақымға үміттеріңді артыңдар”,— деген сөздерін жадымызда сақтайық (1 Петір 1:13, ЖД). Осылай еткен әркім “құтқарылуға деген үмітінің” толық ақталғанын көреді!
19. Келесі мақалада нені талқылаймыз?
19 Ал жаңа дүниеге дейінгі қалған уақытқа деген көзқарасымыз қандай болуы керек? Бұл уақытты өзімізді де, өзгелерді де құтқару үшін қалай пайдалануға болады? Бұл сұрақтар келесі мақалада талқыланады.
Түсіндіріп бере аласыңдар ма?
• Неліктен “құтқарылуға деген үмітімізді” үзбеуіміз керек?
• Құтқарылудың ішіне не кіреді?
• Құтқарылу сыйын алу үшін не істеуіміз керек?
• Біздің уағыздау ісіміздің Құдайдың ниетіндегі рөлі қандай?
[20-беттегі суреттер]
Құтқарылу дегеніміз тек өлімнен аман қалуды білдірмейді.