Ехобаның соттайтын күні жақын!
“Тәңірдің ұлы күні жақын, жақын, әрі өте жылдам келеді” (СОФОНИЯ 1:14).
1. Софония арқылы Құдай қандай ескерту жасады?
ЖАҚЫНДА Ехоба Құдай әділетсіздерге қарсы әрекет етуін бастайды. Тыңдаңдаршы, ол былай деп ескертеді: “Адамдарды... қырамын... жер бетіндегі адамзатты жойып жіберемін” (Софония 1:3). Әлемнің Әміршісі Ехоба бұл сөздерді Софония пайғамбар арқылы айтқан болатын. Софония әділ патша Езекияның шөпшегі болған болса керек. Ехобаның сөздері тақта әділ патша Жосия отырған кезде айтылған-ды, әрі Яһуданың әділетсіз адамдары үшін жақсылықтың нышанын білдірмеген болатын.
2. Неге Жосияның істеген әрекеті Ехобаның соттайтын күнінің келмеуіне ықпал ете алмады?
2 Жас Жосияның Яһуда елін жалған тәңірлерден тазарту керек екендігін жақсырақ түсінуіне Софонияның пайғамбарлығының ықпал еткендігінде сөз жоқ. Десе де, патшаның елді жалған тәңірлерден тазарту үшін істеген әрекеттері Яһуда халқын онда жасалып жатқан зұлымдықтардың бәрінен арылта алмады, сондай-ақ “Иерусалимді кінәсыз адамдардың қанына толтырған” атасы Манаса жасаған күнәларды жуа алмады (4 Патшалық 24:3, 4; 2 Шежіре 34:3). Сондықтан Ехобаның соттайтын күнінің келетіндігінде күмән жоқ еді.
3. Ехобаның “қаһары қайнаған күні” аман қалуға болатындығын біз қайдан білеміз?
3 Сөйтсе де осы үрейлі күннен аман қалатындар бар болатын. Сол себепті Құдайдың пайғамбары былай деді: “Құдайдың шешімі келмес бұрын — күн ұшырған топан сияқты тез өтіп кетеді — сендерге қарсы Тәңірдің ашуының өрті лауламас бұрын, Тәңірдің қаһарын сендерге төгетін күні келмес бұрын, Оның заңын орындайтын жер бетіндегі барлық момындар — Тәңірді іздеңдер; ақиқатты іздеңдер, кіші пейілділікті іздеңдер; мүмкін сонда сендер Тәңірдің қаһары қайнаған күні аман қаларсыңдар” (Софония 2:2, 3). Ехобаның соттайтын күні аман қалуға үміттенуге болатынын есте ұстай отырып, Киелі кітаптағы Софония кітабын қарастырып көрелік. Б. з. б. 648 жылы жазылған Құдайдың ‘пайғамбарлық сөзінің’ бөлігі болып табылатын бұл кітап барлығымыздың да шын жүректен көңіл қоюымызға тұрарлық (2 Петір 1:19).
Ехобаның құдіретті қолы созулы тұрды
4, 5. Софония 1:1—3 тармақтарда жазылған сөздер Яһудадағы әділетсіздерде қалай орындалды?
4 “Тәңірдің Софонияға айтқан сөзі” жоғарыда келтірілген ескертулермен басталады. Құдай былай деді: “Жаратқан Ие былай дейді: “Жер бетіндегілердің барлығын жойып жіберемін; адамдарды да, малды да қырамын, көктегі құстар мен теңіздердегі балықтарды және әділетсіздерді оларды азғыратын нәрселерімен қоса жоямын; жер бетіндегі адамзатты жойып жіберемін”,— дейді Жаратқан Ие” (Софония 1:1—3).
5 Иә, Ехоба Яһуда еліндегі асқан зұлымдықты жоймақ еді. ‘Жер бетіндегілердің барлығын жойып жіберу’ үшін Құдай кімді қолданбақ болды екен? Софония бұл пайғамбарлығын Жосияның патшалық етуінің бастапқы кезеңінде айтқан болса керек; ол патшалық етуді б. з. б. 659 жылы бастаған болатын. Демек, аталмыш пайғамбарлық Яһуда елі мен оның астанасы Иерусалимнің б. з. б. 607 жылы бабылдықтардың қолынан күйрейтіндігіне нұсқаған. Тап сол уақытта Яһуда еліндегі әділетсіздер түгелдей ‘жойылуы’ тиіс еді.
6—8. Софония 1:4—6 тармақтарда қандай пайғамбарлық айтылған және бұл пайғамбарлық ежелгі Яһуда елінде қалай орындалды?
6 Софония 1:4—6 тармақтарда жалған тәңірлерге сиынушыларға Құдайдың не істейтіндігі алдын ала айтылды: “Яһудаға, Иерусалимнің барлық тұрғындарына қолымды созамын: ондағы Бағалдың қалдықтары мен оның абыз-көріпкелдерінің атын діни қызметкерлердікі қоса жоямын, үй төбесіне шығып алып аспан денелеріне табынатындарды және Тәңірмен [“Ехобамен”, ЖД] де ант етіп, патшамен [“Малкаммен”, ЖД] де ант етіп сиынатындарды жоямын; Тәңірден бас тартқандарды, Тәңірді іздеп, Ол туралы сұрамайтындарды жоямын”.
7 Ехобаның құдіретті қолы Яһуданың халқына және Иерусалимге қарсы созулы тұрды. Ол қанахандықтардың құнарлылық құдайы Бағалға құлшылық ететіндердің көзін құртуға белін бекем буды. Сан алуан жергілікті құдайлар Бағалдар деп аталатын, өйткені құлшылық етушілер оларды қандай да бір аймаққа иелік етеді және сол аймаққа әмірін жүргізіп отырады деп ойлайтын. Мысалы, моабтықтар мен мадиандықтар өздерінің Бағалдарына Фегор тауында құлшылық ететін (Санақ 25:1, 3, 6). Ехоба Яһуда еліндегі Бағалдың абыз-көріпкелдерін, солармен қоса, Құдай заңының талабына қарамастан олармен достық қарым-қатынаста болған жолдан тайған леуілік діни қызметкерлерді де жоймақ еді (Мысырдан көшу 20:2, 3).
8 Сонымен қатар Құдай “аспан денелеріне табынатындарды” жойғысы келді. Бәлкім, бұлар жұлдызнамашылар мен күнге табынатындар болса керек (4 Патшалық 23:11; Еремия 19:13; 32:29). ‘Тәңірмен [“Ехобамен”, ЖД] де ант етіп, патшамен [“Малкаммен”, ЖД] де ант етіп’, шынайы мінажат пен жалған тәңірлерге құлшылық етуді біріктіргісі келетіндерге де Құдайдың қаһары қайнайтын еді. Малкам деген аммондықтардың басты құдайы Молохтың басқаша аты болса керек. Молохқа құлшылық ететіндер балаларды құрбандыққа шалатын (3 Патшалық 11:5; Еремия 32:35).
Христиан әлемінің ақыры жақын
9. а) Христиан әлемі қандай әрекеті үшін кінәлы? ә) Біз Яһудадағы әділетсіз адамдарға ұқсамау үшін не істеуге белімізді бекем бууымыз керек?
9 Осы айтылған нәрселердің барлығы жалған тәңірлерге табынушылыққа, сондай-ақ жұлдызнама арқылы сәуегейлік етуге белшесінен батқан христиан әлемін есімізге салады. Христиан әлемі қолдап отырған соғыстарда миллиондаған адамдар құрбан болды. Қандай жеркенішті әрекеттер десеңші! Біз Яһуда еліндегі Ехобаға деген қызметке селқос қарап, Оны іздеуді және Одан басшылық алуды қойып, ‘Тәңірден бас тартқан’ адамдарға ұқсамауымыз керек. Керісінше, Құдайға деген адалдығымызды сақтауымыз керек!
10. Софония 1:7-де жазылған сөздердің пайғамбарлық мағынасын қалай түсіндіріп берер едіңдер?
10 Пайғамбардың бұдан кейінгі сөздері Яһуда еліндегі күнәкарларға да, бүгінгі күнгі әділетсіз адамдарға да қатысты. Софония 1:7-де былай делінген: “Тәңір Құдайдың алдында үніңді шығарма! Себебі Тәңірдің күні жақын; Тәңір құрбандығын дайындап тұр, шақырылатын адамдарды да тағайындап қойған”. Мұндағы ‘шақырылатын адамдар’ яһудалықтардың қас жауы халдейлер болса керек. “Құрбандық” болса, астанасын қоса алғандағы, Яһуда жерінің өзі болатын. Осылайша Софония Құдайдың еркі бойынша Иерусалимнің күйрейтінін жариялады, сондай-ақ бұл пайғамбарлық христиан әлемі күйрегенде де орындалары сөзсіз. Құдайдың соттайтын күні тым жақын, сондықтан дүние жүзі ‘Тәңір Құдайдың алдында үнін шығармай’, “кішкентай қора”, яғни Исаның майланған ізбасарлары, арқылы және олардың серіктері ‘басқа да қойлар’ арқылы Оның не айтып жатқанын тыңдаулары керек (Лұқа 12:32; Жохан 10:16). Құлақ аспай, сонысымен Құдай Патшалығының билігіне қарсы шыққандардың барлығы түбегейлі жойылады (Забур 2:1, 2).
Жақында жылап-еңірейтін күн туады
11. Софония 1:8—11 тармақтардың түпкі мағынасы неде?
11 Ехобаның күні жөнінде Софония 1:8—11 тармақтарда тағы былай делінген: “Тәңірдің құрбандық шалатын күні былай болады: әміршілер мен патшалардың балаларын және бөтен елдердің киімдерін киетіндердің бәрін жауапқа тарту үшін келемін; табалдырықтан секіріп өтіп жүргендердің, Тәңірінің үйін озбырлық пен өтірікке толтырғандардың барлығын сол күні жауапқа тартамын. Сол күні”,— дейді Тәңір,— “Балық қақпасының алды зарлағандарға, басқа қақпалардың алды жылап-еңірегендерге толады, қыраттарда үлкен апат болады. Қаланың төменгі шетінің [“Махтэйштің”, “Танах”, Д. Йосифон] тұрғындары, зар еңіреңдер! Өйткені сауда-саттық жасайтын халықтың барлығы жоқ болып, күмістің әлегіне түскендер жойылады”.
12. ‘Бөтен елдердің киімдерін киіп’ жүргендерін адамдар қалай көрсетеді?
12 Жосияның мұрагерлері Жоғахаз, Ехойәкім және Ехонияхтар болды. Бұлардан кейін Седекия патшалық етіп отырғанда Иерусалим күйрейді. Осындай апаттың қаупі төніп тұрғанына қарамастан, патша сарайындағы кейбіреулер ‘бөтен елдердің киімдерін киіп,’ көршілес тұратын халықтарға ұнауға тырысатын болған болса керек. Сол сияқты, бүгінгі күні де көп адамдар алуан түрлі жолдармен Ехобаның ұйымына жатпайтынын көрсетеді. Шайтанның ұйымына жататындықтарын ашықтан-ашық көрсетіп жүргендері үшін олар жазаланады.
13. Софонияның пайғамбарлығына сәйкес бабылдықтар Иерусалимге шабуыл жасағанда не болуы керек еді?
13 Яһуда елі сотқа тартылған “сол күн” — жауларын соттап, заңсыздықты жою арқылы өзінің жоғарғы әкім екенін дәлелдейтін Ехобаның күніне сәйкес келеді. Бабылдықтар Иерусалимге шабуыл жасағанда Балық қақпасынан зарлаған үндер естіледі. Аталмыш қақпаның бұлай аталу себебі жақын жерде балық сататын базар болған болса керек (Нехемия 13:16). Бабылдың әскері қалаға ‘басқа қақпалардан’ кіреді, ал ‘қыраттардағы апат’ жақындап келе жатқан халдейлердің дабырлаған шуын білдіруі мүмкін. Махтэйштің тұрғындары, мұнда әңгіме Тиропеон аңғары жөнінде болып отырса керек, ‘зар еңірейтін’ болады. Неге? Өйткені ‘күмістің әлегіне’ түсіп жүргендердің саудасы тоқтап қалады.
14. Құдайға мінажат етеміз деушілерді ол қаншалықты мұқият тексереді?
14 Ехобаға мінажат етеміз деушілерді ол қаншалықты мұқият тексереді екен? Әрі қарай пайғамбарлықта былай делінген: “Сол уақытта мынадай нәрсе болады: Мен Иерусалимді шырақ алып қарап шығамын да, өз ашытқысының үстіне отырып алып, жүрегінде “Тәңір жақсылық та, жамандық та жасамайды” дейтіндерді жазалаймын. Сонда олардың байлықтары өзгелердің олжасына айналады, ал үйлері қаңырап бос қалады; олар үй соғады, бірақ онда тұрмайды, жүзімдіктер егеді, бірақ шарабын ішпейді” (Софония 1:12, 13).
15. а) Иерусалимдегі жолдан тайған діни қызметкерлермен не болуы керек еді? ә) Бүгінгі күні жалған дінді ұстанатындарды не күтіп тұр?
15 Иерусалимнің жолдан тайған діни қызметкерлері Ехобаға деген мінажатты жалған тәңірлерге табынумен араластырып жібереді. Олар түн жамылып әрекет етіп жүрген адамдардай, өздерін қауіпсіздікте сезінеді, бірақ Ехоба олардың жасырынып жүрген рухани қараңғылығына шырақтың жарығын түсіргендей оларды тауып алады. Құдайдың шығарған үкімін барлығы естиді, ешкім де Құдайдың сотынан қашып құтыла алмайды. Бұл паңданған жолдан таюшылар шарап күбісінің түбіне тұнған тұнбаға ұқсайды. Олар Құдайдың адамдардың ісіне араласатынын айтып мазасын алғанын қаламайды, бірақ олар Құдайдың сотынан қашып құтыла алмайды. Бүгінгі күнгі жалған дінді ұстанушылар да, сондай-ақ Ехобаға деген мінажаттан тайып кеткендер де аман қалмайды. Олар жүректерінде: “Тәңір жақсылық та, жамандық та жасамайды”,— деп, біздің “соңғы күндері” өмір сүріп жатқанымызды мойындамайды. Олар қалайша қателесіп жүр десеңші! (2 Тімотеге 3:1—5; 2 Петір 3:3, 4, 10).
16. Яһуданы соттағанда не нәрсе болуы керек еді және мұны білгендігіміз бізге қалай әсер етеді?
16 Яһудадағы жолдан таюшыларға бабылдықтардың олардың дүние-мүлкін талан-таражға салып, үйлерін қаңыратып бос қалдырып, жүзімдіктерінің жемісін алып кететіндігі ескертіледі. Ехоба Яһуданы соттаған кезде дүние-мүлкі оларды құтқарып қала алмайды. Ехоба осы зұлым заманды соттайтын күні де тап сондай жағдай болады. Сол себепті, бар назарымызды рухани нәрселерге аудару және ‘өзімізге байлықты көкте жинау’ арқылы Ехобаға деген қызметті өмірімізде бірінші орынға қояйық! (Матай 6:19—21, 33).
“Тәңірдің ұлы күні жақын”
17. Софония 1:14—16 тармақтарға сәйкес, Ехобаның соттайтын күні қаншалықты жақын?
17 Ехобаның соттайтын күні қаншалықты жақын? Софония 1:14—16 тармақтарда Құдай бізді былай деп сендіреді: “Тәңірдің ұлы күні жақын, жақын, әрі өте жылдам келеді. Тәңірдің күнінің үні естіліп те қалды; сонда асқан батыр да ашына айқайлап жалбарынатын болады! Бұл күн — қаһар күні, қиыншылық пен азап күні, қирау және талқандалу күні, қараңғылық пен қара түнек күні, бұлт басқан қараңғылық күні, бекінісі бар қалалар мен биік қамалдарға қарсы керней үнінің және соғыс айқайының естілетін күні”.
18. Неге біз Ехобаның күні әлі алыста деген ойда болмауымыз керек?
18 Яһуданың күнәкар діни қызметкерлеріне және әміршілері мен халқына мынадай ескерту жасалған болатын: Ехобаның “ұлы күні жақын”. Ехобаның Яһуданы соттайтын күні ‘өте жылдам келе жатты’. Сол сияқты, бүгінгі күні де ешкім Ехобаның күнәкарларды соттайтын күні алыста деп ойламасын. Яһуда халқының кезінде Құдай қалай кешеуілдетпеген болса, үкімінің жүзеге асатын күнін тап солай ‘жылдам’ келтіреді (Аян 16:14, 16). Ехоба Куәгерлері жариялап жүрген Құдайдың ескертулеріне көңіл аудармай жүргендердің барлығы үшін, сондай-ақ шынайы мінажаттың жағына шықпағандардың барлығы үшін бұл күн қаншалықты ауыр күн болады десеңші!
19, 20. а) Құдай Яһуда мен Иерусалимге қаһарын төккенде не болды? ә) Қазіргі зұлым дүниенің іріктеліп жойылатындығына қатысты қандай сұрақтар көтеріледі?
19 Құдай Яһуда мен Иерусалимге қаһарын төккен күн — “қиыншылық пен азап” күні болды. Бабылдың шапқыншылары Яһуданың тұрғындарын үлкен қайғы-қасіретке батырды, қырғынға ұшырап, өліммен бетпе-бет кездескенде олардың жаны күйзелді. ‘Қирау және талқандалу күнінің’ бейнелі мағынада ғана емес, тура мағынада да қара түнек күні, бұлт басқан қараңғылық күні болғаны сөзсіз, өйткені айналаны көк түтін басып, жер-дүние қанды қырғынға айналған болатын. Сол күн — ‘керней үнінің және соғыс айқайының естілген күні’ болатын, бірақ дабыл қағудың еш пайдасы жоқ еді.
20 Шабуылға шыққан жау дәрменсіз қарауылдар тұрған ‘биік қамалдарды’ қорған бұзатын зеңбіректермен қиратып тастайды. Қазіргі уақытта да Құдайдың іріктеп жоятын көктегі қаруына зұлым дүниенің төтеп беруіне ешқандай бекіністер көмектесе алмайды. Сендер сол күні аман қалуға үміттенесіңдер ме? “Өзін сүйетіндердің бәрін аман алып қалып, ал әділетсіздерді жоятын” Ехобаның жағында берік тұрсыңдар ма? (Забур 144:20).
21, 22. Софония 1:17, 18 тармақтары біздің уақытымызда қалай орындалады?
21 Софония 1:17, 18 тармақтарда пайғамбарлық етілген сот күні қандай қорқынышты! Онда Ехоба былай дейді: “Мен адамдарды қыспаққа аламын, сөйтіп олар зағип іспетті жүретін болады, өйткені олар Жаратқан Иеге қарсы күнә жасады; олардың қаны — топырақ сияқты, денелері — қи сияқты болып жатады. Тәңір қаһарын төккен күні күмістері де, алтындары да оларды аман алып қала алмайды; бүкіл жер бетін Құдайдың қызғанышының өрті жалмайды, өйткені Ол жер бетінің тұрғындарының барлығын қапылыста қырғынға ұшыратады”.
22 Софония өмір сүрген уақытта болғандай, Оның ескертулеріне құлақ асқысы келмейтіндерді Ехоба жақында ‘қыспаққа алады’. Олар Құдайға қарсы күнә жасағандықтан, дәрменсіз зағип іспетті, құтқарылудың жолын таппай жүретін болады. Ехобаның соттайтын күні “олардың қаны топырақ сияқты болып жатады”, яғни ештеңеге жарамсыз нәрседей болады. Олар масқара өліммен өледі, өйткені Ехоба сол әділетсіз адамдардың денелерін, тіпті ішкі құрылыстарын да, жер бетіне “қи сияқты” шашып тастайды.
23. “Тәңір қаһарын төккен күні” әділетсіздер аман қалмайтын болғанмен, Софонияның пайғамбарлығында қандай үміт жөнінде айтылған?
23 Құдаймен және оның халқымен жауласқандарды ешкім аман алып қала алмайды. Яһуданың күнәкар тұрғындарын күміс пен алтындары құтқарып қала алмады. Тап солай “Тәңір қаһарын төккен күні” христиан әлемі мен осы зұлым заманның қалған бөліктерінің бәрі жойыларда ешкімге жиған-терген байлығы не парасы көмектеспейді. Құдайдың түпкілікті сот жүргізіп, әділетсіздерді жоятын күні Оның қызғанышының өрті “бүкіл жер бетін” жалмайды. Біз Құдайдың пайғамбарлық сөзіне сенеміз, сондықтан “заманның ақыры” таяп қалғанына кәміл сенімдіміз (Даниел 12:4). Құдайдың соттайтын күні жақын, жуырда ол өзінің жауларының сазайын тартқызады. Сөйтсе де, Софонияның пайғамбарлығында аман қалу үшін үміт бар екендігі айтылған. Ехоба қаһарын төккен күні аман қалу үшін біз қандай талаптарға сай болуымыз керек?
Қалай жауап берер едіңдер?
• Софонияның пайғамбарлығы Яһуда мен Иерусалимде қалай орындалды?
• Христиан әлемі мен қазіргі уақыттағы әділетсіздердің бәрін не күтіп тұр?
• Неге біз Ехобаның соттайтын күні әлі алыста деп ойламауымыз керек?
[9-беттегі сурет]
Софония Ехобаның соттайтын күнінің жақын екенін батыл жариялаған
[Түпдерек]
From the Self-Pronouncing Edition of the Holy Bible, containing he King James and the Revised versions
[10-беттегі сурет]
Ехоба әділетсіздерді жойғанда аман қалуға үміттенесіңдер ме?