Сенімдерің Ыбырайымның сеніміндей болсын!
“Тәңірге сенім артқандар ғана — Ыбырайымның нағыз ұрпақтары” (ҒАЛАТТЫҚТАРҒА 3:7).
1. Қанахан жерінде тағы бір сынаққа ұшырағанда Ыбырам қалай әрекет етті?
ЫБЫРАМ Ехобаның бұйрығын орындап, сән-салтанатты өмір сүріп жатқан Ур қаласын тастап шықты. Бұдан кейінгі жылдардағы басынан кешірген қолайсыз жағдайлар Мысыр еліндегі ғана нәрселер еді. Киелі кітапта: ‘Қанахан елін аштық жайлады’,— делінген. Осыған байланысты Ыбырамның сары уайымға салынуы қаншалықты оңай еді десеңші! Алайда ол оның орнына отбасын азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін шара қолданды. “Ыбырам біраз тұра тұру мақсатымен Мысырға көшіп барды. Себебі аштық үдеп тұрған еді”. Ыбырамның үлкен отбасының Мысырға келгенінің байқалмай қалуы екіталай еді. Ехоба уәдесінде тұрып, Ыбырамды зұлымдықтан қорғап қалар ма екен? (Жаратылыс 12:10; Мысырдан шығу 16:2, 3).
2, 3. а) Ыбырам неліктен Сарайдың әйелі екендігін жасырды? ә) Осы жағдайға байланысты Ыбырам отағаларына қандай үлгі қалдырды?
2 Жаратылыс 12:11—13 дейінгі тармақтардан келесі сөздерді оқимыз: “Мысырға тақап қалғанда, ол әйелі Сарайға былай деді: — Сенің керемет сұлу әйел екеніңді жақсы білемін. Мысырлықтар сені көргенде: “Мынау оның әйелі” деп, саған бола мені өлтіріп, ал сені тірі қалдырып, иемденіп жүрер. Маған да, саған да жақсы болсын, өз игілігің үшін де мені аман қалсын десең, өзіңді “Ыбырамның қарындасымын” деп айтшы”. Сарай 65 жаста болғанымен, әлі де керемет сұлу еді. Сол себепті, Ыбырамның өміріне қауіп төніп тұрған болатынa (Жаратылыс 12:4, 5; 17:17). Бұдан да маңыздырағы Ехобаның ниетіне байланысты нәрселерге қауіп төніп тұр еді, өйткені Ол Ыбырамның ұрпағы арқылы жер бетіндегі барлық халықтарға батамды беремін деген болатын (Жаратылыс 12:2, 3, 7). Сол себепті әлі күнге баласы болмағандықтан, Ыбырамның тірі қалғаны өте маңызды еді.
3 Ыбырам әйелінен алдын ала келіскендері бойынша — атап айтқанда ағам еді деп айту — қулық жасауды өтінген еді. Ыбырам отағасы бола тұра, билігін дөрекі қолданбай, әйелінен қолдау мен көмек іздегеніне көңіл аударыңдаршы (Жаратылыс 12:11—13; 20:13). Осылай етуі арқылы Ыбырам отағаларына сүйіспеншілікпен басшылық етудің керемет үлгісін қалдырды, ал Сарай болса, күйеуіне мойынсұнғаны арқылы бүгінгі күнгі әйелдер үшін үлгі болып табылады (Ефестіктерге 5:23—28; Қолостықтарға 4:6).
4. Құдайдың бүгінгі адал қыметшілері бауырластарының өміріне қауіп төніп тұрған кезде қалай әрекет етулері керек?
4 Сарай шынында да Ыбырамның бауыры болатын. Өйткені олардың әкелері бір еді, сол себепті қарындасымын деп айта алды (Жаратылыс 20:12). Сонымен қатар, Ыбырам білуге қақысы жоқ адамдарға мәлімет беруге міндетті емес еді (Матай 7:6). Құдайдың бүгінгі адал қызметшілері Киелі кітаптың шыншыл болуға байланысты бұйрығын орындайды (Еврейлерге 13:18). Мысалы олар сот алдында ант бере тұрып, өтірік сөйлемейді. Алайда қуғын кезінде немесе осы дүниелік адамдар қысым көрсеткенде бауырластарының рухани немесе тәндік өміріне қауіп төніп тұрған уақытта, Исаның “жыландай көреген, көгершіндей ақ көңіл болыңдар!” деген кеңесін ұстанады (Матай 10:16; 1996 жылдың 1 қарашасындағы Күзет Мұнарасын қараңдар, 18-бет, 19-абзац, ор.).
5. Сарайдың Ыбырамның өтінішін қабылдауға дайын болуының себебі неде?
5 Ыбырамның өтінішіне Сарай қалай жауап берді екен? Елші Петір ол сияқты әйелдерді ‘үміттерін Құдайға артады’ деп суреттейді. Сарай бұл жағдайдың рухани маңызды нәрсеге әсер ететінін түсінген. Сонымен қатар ол, отағасын сүйген және құрметтейтін болған. Сол себепті Сарай “күйеуіне бағынып”, өзінің некеде екенін жасырды (1 Петір 3:5, ЖД). Әрине, осылай етуі арқылы ол өмірін қауіп-қатерге тіккен болатын. “Ыбырам Мысырға келген соң мысырлықтар Сарайдың өте сұлу әйел екенін байқады. Мысыр патшасы перғауынның сарайындағы ақсүйектер де әйелді көріп, перғауынға оның көркін мақтап жеткізді. Сонда перғауын оны өз сарайына алдыртты” (Жаратылыс 12:14, 15).
Ехобаның құтқаруы
6, 7. Ыбырам мен Сарай қандай ауыр жағдайға тап болды және Ехоба Сарайды қалай құтқарды?
6 Бұл жағдай Ыбырам мен Сарайға қаншалықты ауыр тиген болуы керек десеңші! Бұл — Сарайға зорлық көрсетілуге шақ қалғанын көрсетеді. Оның үстіне Сарайдың некеде екенін білмейтін перғауын Ыбырамға мол сый-сыяпат көрсетіп, “оған молынан қой, сиыр, есек пен түйені, құлдар мен күңдерді” бердіb (Жаратылыс 12:16). Ыбырам бұл сыйлықтарға қандай жеркенішпен қараған болуы керек десеңші! Жағдай қаншалықты қайғылы болып көрінгенмен, Ехоба Ыбырамды тастап кетпеді.
7 “Бірақ Жаратқан Ие Ыбырамның әйелі Сарайға бола перғауынға және оның үй-ішіне жаман індет жіберді” (Жаратылыс 12:17). Белгісіз бір жолдармен перғауынға бұл ‘індеттердің’ шынайы себебі ашылып, ол шұғыл әрекет етеді: “Сонда перғауын Ыбырамды өзіне шақырып алып, оған: “Сен маған не істедің? Неге оның өз әйелің екенін айтпадың? Не үшін оны қарындасым дедің? Сол себептен де оны әйелдікке алмақшы болдым. Әйелің өзіңе, ал да кет”,— деді. Өз адамдарына Ыбырам жайында бұйрық беріп, олар оны әйелімен және барлық иелігімен бірге жолға шығарып салды” (Жаратылыс 12:18—20; Забур 105:14, 15).
8. Ехоба бүгінгі мәсіхшілерді неден қорғауға уәде етті?
8 Бүгін Ехоба қызметшілерін өлімнен, қылмыскерлерден, аштықтан немесе табиғат апатынан қорғайтынына кепілдік бермейді. Ол бізді рухани күйімізге қауіп төндіретін нәрселерден қорғайтынын уәде еткен (Забур 90:1—4). Құдай бізді ең алдымен өзінің Сөзі және “адал да саналы” қызметші арқылы дер кезінде ескертулер беруі арқылы қорғауда (Матай 24:45). Қуғын кезіндегі өлім қаупі туралы не айтуға болады? Жеке қызметшілерінің өлімге ұшырауы мүмкін болғанымен, Құдай өз халқының түгелдей жойылуына ешқашан жол бермейді (Забур 115: 6). Сондай-ақ кейбір адал адамдар қайтыс болатын болса, олардың қайта тірілетініне сенімді болуымызға болады (Жохан 5:28, 29).
Бейбітшілікті сақтау үшін құрбандыққа бару
9. Ыбырамның Қанаханда белгілі бір жерге қоныстанбағанын неден көруге болады?
9 Қанахан жеріндегі аштықтың аяқталғаны анық болған соң, “Ыбырам әйелімен, барлық иелігімен және қасындағы немере інісі Лутпен бірге Мысырды тастап... Қанаханның оңтүстік аймағына [“Негевке”, Яһуда тауларының оңтүстігінде орналасқан жартылай қуаң жер, ЖД] жүріп кетті. Ыбырам малға, күміс пен алтынға өте бай болатын” (Жаратылыс 13:1, 2). Осылайша жергілікті тұрғындар оны қуатты және ықпалды әрі ұлы әкім деп ойлаған болса керек (Жаратылыс 23:6). Ыбырам бір жерге тұрақтап, қанахандықтардың саясатына араласуды қаламаған. Керісінше, ‘ол оңтүстік аймақтан шығып, Бетелге бағыт алып, жер-жерді аралап көшіп-қонып жүрді. Осылайша Бетел мен Айдың ортасында орналасқан, өзі алғаш шатыр тіккен’ жерге келді. Әдеттегідей, Ыбырам қайда барса да әрқашан Ехобаға ғибадат етуді бірінші орынға қойды (Жаратылыс 13:3, 4).
10. Ыбырам мен Луттың малшыларының арасында қандай қиыншылық туды және оны тезірек шешу неліктен маңызды болды?
10 “Ыбыраммен бірге көшіп-қонып жүрген Луттың да ірілі-ұсақты малдары және шатырлары болды. Екеуінің мал-мүліктері көбейіп кеткендіктен бір орынға қоныстануларына жер аздық жасап, олар енді бір жерде бірігіп тұра алмады. Сол себепті Ыбырам мен Луттың малшыларының арасында дау-жанжал туа бастады. Бұның үстіне сол кезде қанахандық және перездік тайпалар да осы елді мекендейтін” (Жаратылыс 13:5—7). Бұл жерде су мен жайылым Ыбырам мен Луттың екеуінің малдарына бірдей жетіспеді. Сол себепті малшылардың арасында шиеленіскен жағдай мен реніш туды. Мұндай дау-жанжал шынайы Құдайға ғибадат ететін адамдарға лайықсыз еді. Егер ұрыс-керіс жалғаса беретін болса, соның салдарынан қарым-қатынастары мүлдем үзілуі мүмкін еді. Сол себепті Ыбырам бұл жағдайға байланысты қалай әрекет етер екен? Ол Лутты әкесі қайтыс болған соң қолына алған еді және оны өз баласындай көріп өсірген болса керек. Ыбырам жасы үлкен екенін пайдаланып, өз пайдасын көздеген жоқ па екен?
11, 12. Ыбырам Лутқа кеңпейілділікпен қандай ұсыныс жасады және неліктен Лут даналықпен шешім қабылдамады деп айтуға болады?
11 “Ыбырам Лутқа: “Екеу ара, сондай-ақ малшыларымыздың арасында да дау-жанжал туғызбай-ақ қояйық, ағайынды адамдармыз ғой. Бір-бірімізден бөлінейік, қалаған жеріңді таңдап ал: сен сол жақты таңдасаң, мен оң жаққа, сен оң жақты қаласаң, мен сол жаққа кетейін”,— деп ұсыныс жасады”. Бетелдің жанында “шолу жасауға ыңғайлы Палестинаның керемет алаңдарының бірі” деп аталатын жер бар. Сол жерден болса керек, “Лут айналасына көз тастап, бүкіл Иордан өзені аңғарының Сиғорға дейін сулы жер екенін көрді. Себебі бұрын, Жаратқан Ие Содом мен Ғомораны құртпай тұрғанда, бұл жер Едем бағы немесе Ніл бойындағы Мысыр елі сияқты суы мол жер болатын” (Жаратылыс 13:8—10).
12 Киелі кітап Лутты “әділ” адам ретінде суреттегенімен, осы жағдайға байланысты ол Ыбырамға жол бермеді деп айтуға болады және ол өзінен үлкен кісіден ақыл сұрамағанға да ұқсайды (2 Петір 2:7). “Лут өзіне Иордан бойындағы бүкіл аймақты таңдап алып, шығысқа қарай көшті. Осылайша екі туысқан бір-бірінен бөлініп, Лут Иордан бойындағы қалалардан бастап Содомға дейін шатыр тігіп, қоныстанып жатқанда, Ыбырам Қанахан жерінде тұра берді” (Жаратылыс 13:11, 12). Содом гүлденген қала еді және көптеген материалдық байлықтың көзі болатын (Езекиел 16:49, 50). Материалдық жағынан қарағанда Луттың жасаған таңдауы даналық болып көрінгенімен, рухани көзбен қарағанда олай емес еді. Неге? Өйткені Жаратылыс 13:13-тармағында былай делінген: “Содомның тұрғындары Жаратқан Иенің көз алдында ауыр күнәға батқан зұлым адамдар еді”. Сол себепті Луттың сол жаққа қоныстану туралы шешімі ақыр аяғында отбасын үлкен қайғыға душар етті.
13. Ақшаға бола дауласқан мәсіхшілерге Ыбырамның үлгісі қай жағынан пайдалы?
13 Өзінің ұрпағы ақыр аяғында бүкіл осы жерді иелік етеді деген Ехобаның уәдесіне Ыбырам сенім білдірді; ол сол жердің кішкене бөлігіне бола талас тудырмады. Ол кеңпейілділік танытып, кейінірек 1 Қорынттықтарға 10:24-тармағында жазылған принципке сәйкес әрекет етті: “Әркім жеке басының ғана емес, басқалардың да мүдделерін ойлауы керек”. Бұл бір сенімдегілермен ақшаға бола дауласқан мәсіхшілер үшін жақсы ескерту болып табылады. Матай 18:15—17 дейінгі тармақтардағы кеңесті ұстанудың орнына, кейбіреулер бауырластарын сотқа берген (1 Қорынттықтарға 6:1, 7). Ыбырамның үлгісі, Ехобаның есіміне кір келтіргеннен немесе қауымдағы ынтымақты бұзғаннан гөрі ақшамыздан айырылғанымыздың жақсы екенін көрсетеді (Жақып 3:18).
14. Кеңпейілділігі үшін Ыбырам қандай батаға ие болар еді?
14 Ыбырам кеңпейілділігі үшін батаға ие болды. Құдай былай деді: “Мен үрім-бұтағыңды сансыз көп етемін. Кім жер бетіндегі құм түйіршіктерін санай алса, оның сенің үрім-бұтағыңды да санай алғаны”. Баласы болмаған Ыбырамды бұл аян қаншалықты жігерлендірген болуы керек десеңші! Әрі қарай Құдай былай деп бұйырды: “Тұр да, жолға жиналып, бүкіл жердің түкпір-түкпірін кезіп шық, өйткені оны саған беремін” (Жаратылыс 13:16, 17). Ыбырам жанға жайлы қалада тұрақтап қалмауы керек еді. Ол қанахандықтардан бөлек болуы керек болатын. Сол сияқты бүгінгі мәсіхшілер де осы дүниеден бөлек болулары керек. Олар өздерін өзгелерден жоғары санамайды, алайда өздерін рухани емес істерге қатысуға азғыруы мүмкін ешкіммен де жақын араласпайды (1 Петір 4:3, 4).
15. а) Ыбырамның көшіп-қонып жүруінің қандай мағынасы болған болуы мүмкін? ә) Ыбырам бүгінгі мәсіхші отбасылары үшін қандай үлгі қалдырды?
15 Киелі кітап жазылып жатқан уақытта жерді иеленбес бұрын оны қарап шығуға болатын еді. Сол себепті, Ыбырамның көшіп-қонып жүргені күндердің күнінде бұл жердің өзінің ұрпақтарының иелігіне көшетінін оның есіне салып отырған. Мойынсұнушылық танытып, “Ыбырам шатырларын көліктеріне артып, Хеброн қаласының түбіндегі алып емен ағаштары өсіп тұрған Мамре орманына барып, қоныстанды. Сол жерде ол Жаратқан Иеге арнап құрбандық беретін орын тұрғызды” (Жаратылыс 13:18). Осылайша Ыбырам Құдайға ғибадат етуді бірінші орынға қоятынын тағы да көрсетті. Сендердің отбасыларың да отбасымен бірге Киелі кітапты зерттеу, дұға ету және қауым жиналыстарына бару бірінші орынға қойылған ба?
Жаулардың шабуылы
16. а) Жаратылыс 14:1-тармағының алғашқы сөздері неліктен сескендірерлік екпінмен айтылған? ә) Шығыстан келген төрт патша не себепті соғыс ашты?
16 “Сол заманда Шинар патшасы Амрафел, Елласар патшасы Ариох, Елам патшасы Кедор-Лаумерc және Ғойм патшасы Тидал бірігіп... соғысқа шықты”. Еврей тіліндегі түпнұсқада алғашқы сөздер (“сол заманда”) сескендірерлік екпінмен айтылған және “соңы жақсы болып бітетін сынақ мезгіліне” нұсқайды (Жаратылыс 14:1, 2, ЖД сілтемесі). Бұл сынақтар, осы шығыстан келген төрт патша әскерімен келіп, қырып-жойып, Қанаханға басып кірген кезде басталды. Олардың мақсаты не еді? Содом, Ғомора, Адма, Зебойм және Бела қалаларындағы бүлікті басу. Бес қаланың да қорғанын бұзып олар “тұз теңізі (яғни Өлі теңіз) орналасқан Сіддим жазығына жиналды”. Луттың отбасы сол жерге жақын тұратын (Жаратылыс 14:3—7).
17. Луттың тұтқынға түсуі неліктен Ыбырамның сенімін сынаққа ұшыратты?
17 Қанахандық патшалар аянбай қорғанғанымен, ақыр аяғында масқара жеңіліске ұшырады. “Жеңімпаз төрт патша Содом мен Ғомора қалаларының бүкіл байлығын және барлық азық қорын талан-таражға салып, Ыбырамның немере інісі Лутты да бар мал-мүлкімен алып кетті. Өйткені ол Содомда тұратын”. Бұл қайғылы хабар тез арада Ыбырамға жетті: “Шайқастан қашып құтылған біреу осыны көшпенді Ыбырамға жеткізді. Сол кезде Ыбырам Ешкөл мен Анердің ағасы аморлық Мамренің алып емен тоғайының қасында тұратын. Бұлардың бәрі Ыбыраммен келісім жасасқан еді”. Осылайша Ыбырам немере інісінің тұтқынға түскенін естіді (Жаратылыс 14:8—14). Қандай қатаң сынақ десеңші! Немере інісінің жердің ең жақсы бөлігін алып қойғаны үшін Ыбырамның көңілінде реніш қалды ма екен? Сондай-ақ бұл басқыншылардың Ыбырамның туған жері — Шинардан келгенін есімізге алайықшы. Оларға қарсы соғысу туған жеріне қайта оралуға еш мүмкіндік қалдырмас еді. Оның үстіне Қанаханның біріккен әскері жеңе алмаған жауға қарсы Ыбырам не істей алар еді?
18, 19. а) Ыбырам қалайша Лутты құтқара алды? ә) Бұл жеңіс үшін кім дәріптелуге лайық?
18 Ыбырам тағы да Ехобаға толық сенім артты. “Ыбырам қол астындағы үш жүз он сегіз жаттыққан жасақшыларын жинап алып, жауды Дан қаласына дейін қуып кетті. Түнде Ыбырам адамдарымен топ-топқа бөлініп алып, шабуылға шықты да, жауды жеңіп, оларды Дамаскінің солтүстігіндегі Хоба қаласына дейін қуды. Осылай Ыбырам жау қолына түскен барлық мал-мүлікті, інісі Лутты да мал-мүлкімен және тұтқынға түскен әйелдер мен басқа да адамдарды қайтарып алды” (Жаратылыс 14:14—16). Ехобаға берік сенім танытқан Ыбырам өзінің аз ғана қолымен жеңіске жетіп, Лут пен оның отбасын құтқарып алды. Содан соң Ыбырамға ойламаған жерден Салимнің патшасы әрі діни қызметкер Мәліксадық жолықты. “Салимнің патшасы Мәліксадық та Ыбырамды қарсы алып, нан мен шарап ұсынды. Ол Құдай Тағаланың діни қызметкері болатын. Мәліксадық Ыбырамға ақ батасын беріп былай деді: — Лайым көк пен жердің Иесі Алла Тағала Ыбырамды жарылқай көрсін! Жауларыңды табаныңа салып берген Құдай Тағала дәріптеле берсін! Ыбырам қолында барының оннан бір бөлігін Мәліксадыққа құдайы садақа етіп қалдырып кетті” (Жаратылыс 14:18—20).
19 Иә, жеңіс Ехобаға тиесілі. Сенімінің арқасында Ыбырам тағы да Ехобаның құтқарғанын көрді. Бүгінде Құдай халқы кәдімгі соғысқа қатысып жүрген жоқ, бірақ олар көптеген сынақтар мен қиыншылықтарға кезігеді. Келесі мақаладан Ыбырамның үлгісі сол сынақтар мен қиыншылықтарды ойдағыдай жеңіп шығуға қалай көмектесетінін көреміз.
[Сілтемелер]
a “Киелі Жазбаларды түсіну” (Ехоба Куәгерлерінің басылымы, ағ.) кітабына сәйкес, “папируста жазылған ежелгі мәтінде перғауынның қаруланған адамдарына сұлу әйелді тұтқынға алып, күйеуін өлтіруді тапсырғаны айтылған”. Сол себепті Ыбырамның қауіпі орынды болған.
b Кейінірек Ыбырамның кәнизәгі болған Ажар сол кезде шын берілген күңдердің бірі болған болуы мүмкін (Жаратылыс 16:1).
c Бірде сыншылар Еламның Шинарда ешқашан мұндай беделі болмаған, сол себепті Кедор-Лаумердің шабуылға шығуы жайындағы хабар жалған деп айтқан болатын. Киелі кітаптағы хабардың растығының археологиялық дәлелдері Күзет Мұнарасының 1989 жылдың 1-шілдедегі санында талқыланған болатын. 4—7 дейінгі беттер, ор.
Көңіл аудардыңдар ма?
• Қанахандағы аштық Ыбырамның сенімін қалай сынаққа ұшыратты?
• Ыбырам мен Сарай бүгінгі ерлі-зайыптылар үшін қандай үлгі қалдырды?
• Ыбырамның Лут пен өзінің қызметшілерінің арасындағы дауды қалай шешкенінен не нәрсеге үйренуімізге болады?
[14-беттегі сурет]
Ыбырам өзінің жолының үлкендігін пайдаланбай, Луттың мүддесін өзінікінен жоғары қойды