“Үйреніңдер өзімнен”
“Қамытымды қатар киісіп, үйреніңдер Өзімнен, жуас, кіші пейілмін шын жүректен, тыныштық табады сонда жандарың” (МАТАЙ 11:29, сілтемені қара).
1. Неге Исадан тәлім алған жағымды және өмірімізді анағұрлым мағыналы етеді?
ИСА МӘСІХ әрқашан дұрыс ойлап, дұрыс тәлім берген, әрі дұрыс әрекет еткен. Жердегі өмірі қысқа болғанымен, ол зор пайдасы бар, әрі қанағаттандырарлық іспен айналысқан, сол себепті де бақытты болған. Иса шәкірттер жинап, оларға Құдайға ғибадат етуді және осы дүниені қалай жеңуді үйреткен (Жохан 16:33). Иса адамдардың жүректерін үмітке бөлеп, ‘ізгі хабар арқылы шынайы, ешқашан өшпейтін өмірді жарыққа әкелді’ (2 Тімотеге 1:10). Егер оның шәкірті болсаңдар, сендердің ойларыңша, шәкірт болу деген нені білдіреді? Исаның шәкірттер туралы айтқан сөздерін қарастыру арқылы өмірімізді қалай анағұрлым мағыналы болатынын білеміз. Мұны жүзеге асыру үшін оның көзқарасына еліктеп, кейбір басты принциптерді ұстану керек (Матай 10:24, 25; Лұқа 14:26, 27; Жохан 8:31, 32; 13:35; 15:8).
2, 3. а) Исаның шәкірті болу деген нені білдіреді? ә) Не себепті өзімізден: “Мен кімнің шәкіртімін?”— деп сұрағанның маңызы зор?
2 Мәсіхшілердің Грек Жазбаларында “шәкірт” деп аударылып жүрген сөз, негізінде, бар ойын қандай да бір нәрсеге бағыттап жүрген адамды, немесе үйреніп жүрген адамды білдіреді. Осы мақала негізделген тармақта, яғни Матай 11:29-да, осыған мәндес сөз қолданылған: “Қамытымды қатар киісіп, үйреніңдер Өзімнен, жуас, кіші пейілмін шын жүректен, тыныштық табады сонда жандарың”. Иә, шәкірт, ол — үйреніп жүрген адам. Әдетте Ізгі хабарларда “шәкірт” деп Иса уағыз айтқанда оның соңынан еріп жүріп, одан тәлім алған адал ізбасарлары аталады. Исаның ілімдерінің дұрыс екенін тек мойындап қана қоятын, тіпті кейде мұны жасырын түрде істейтін, адамдар да болған (Лұқа 6:17; Жохан 19:38). Ізгі хабарларда “Жақия пайғамбардың [Шомылдырушының] және парызшылардың шәкірттері” де бар екендігі айтылған (Марқа 2:18). Исаның өз ізбасарларын ‘парызшылдардың тәлімдерінен сақтандырғанын’ ескере отырып, өзімізден: “Мен кімнің шәкіртімін?” — деп сұрауымызға болады (Матай 16:12).
3 Егер біз Исаның шәкірті болып, одан тәлім алған болсақ, онда біздің қасымызда өзгелер рухани жағынан жандарына тыныштық тапқанын сезінулері керек. Олар біздің анағұрлым жуас, әрі шын жүректен кішіпейіл болғанымызды байқауы керек. Егер біз жұмыста лауазымды қызмет атқаратын болсақ, ата-ана немесе мәсіхшілердің қауымында бақташы болсақ, өзіміз қамқорлық көрсетіп жүрген адамдар біздің Исаға еліктейтінімізді сезіне ме?
Исаның адамдарға қалай қарағандығы
4, 5. а) Исаның қиыншылықтарға кезігіп жүрген адамдарға қалай қарағанын білу неге қиын емес? ә) Иса парызшылдың үйінде тамақтанып жатқанда қандай оқиға болды?
4 Біз Исаның адамдарға, әсіресе үлкен қиыншылықтарға кезігіп жүргендерге, қалай қарағанын білуге тиіспіз. Мұны білу қиын нәрсе емес: Киелі кітапта Исаның, қиыншылықтарға кезігіп жүргендерді қоса алғанда, адамдарға қалай қарағанын көрсететін көптеген оқиғалар жазылған. Дін басыларының, атап айтқанда парызшылдардың, сондай қиыншылықтарға кезігіп жүргендерге қалай қарағанына да көңіл аударалық. Иса мен парызшылдардың арасындағы айырмашылықты қарастырғанымыз біз үшін аса пайдалы болады.
5 Б. з. 31 жылы Иса Ғалилеяда уағыздап жүргенде ‘парызшылдар тобының бір мүшесі Исаны тамаққа шақырады’. Ол бас тартпайды. “Ол парызшылдың үйіне келіп, дастарқан басына жантайды. Қалада тұратын бір күнәкар әйел Исаның парызшылдың үйінде дастарқан басында отырғанын естіп, иісмайға толған мөлдір тас құтысын алып келді. Исаның аяқ жағында тұрып, жылай берді де, көз жасын Оның аяғына төгіп, шашымен сүрте бастады. Сосын аяқтарын сүйіп, үстіне иіс май құйды” (Лұқа 7:3—38).
6. Парызшылдың үйіне “күнәкар” әйел қандай себептермен келген болуы мүмкін?
6 Осы оқиғаны көз алдарыңа елестете аласыңдар ма? Бір анықтамалықта былай делінген: “Ол әйел (37 тармақ) қонақасы берілгенде мұқтаж адамдарға сарқыттан ауыз тиюге мүмкіндік беретін дәстүрді қолданған”. Мұнымен қонақасы берілетін үйге шақырылмаған адамның да келе беруіне болатындығы түсіндірілетін болса керек. Онда қонақасынан кейін сарқыттан ауыз тиюге үміттенген өзге де адамдарың болуы әбден мүмкін. Алайда ол әйел әдеттен тыс қылық жасайды. Ол қонақасының аяқталғанын күтіп, алыстан бақылап тұрмайды. Ізгі хабарларда ол әйелдің аты шулы “күнәкар” болғаны, тіпті “оның көптеген күнәлары” барын Исаның да білгені жөнінде жазылған (Лұқа 7:47).
7, 8. а) Лұқа 7:36—38 тармақтарында суреттелген жағдайда сендер не істер едіңдер? ә) Шимон қандай көзқараста болды?
7 Исаның орнында өздеріңнің болғандарыңды елестетіп көріңдерші. Сендер не істеген болар едіңдер? Бәлім, сол әйелдің жандарыңа келгеніне ыңғайсызданып қалған болар ма едіңдер? Бойларыңды қандай сезім билер еді? (Лұқа 7:45). Бәлкім, өне бойларың түршігіп, өздеріңді масқара болғандай сезінер ме едіңдер?
8 Егер шақырылған қонақтардың арасында болсаңдар, сендерде парызшыл Шимондікіне біршама ұқсас ой тур ма еді? “Исаны қонаққа шақырған парызшыл мұны көргенде іштей: “Егер Бұл нағыз пайғамбар болса, Өзіне қолын тигізгеннің кім екенін және қандай әйел екенін білер еді. Ол күнәкар қатын ғой”,— деді” (Лұқа 7:39). Ал Исаның болса, адамдарға қатты жаны ашитын. Иса ол әйелдің жағдайының қаншалықты ауыр екенін көріп, оның қаншалықты қасірет шегіп жүргенін сезген. Киелі кітапта оның қандай себептермен күнәкарлыққа салынғаны жөнінде ештеңе айтылмаған. Егер расында да ол әйел жезөкше болған болса, онда сол қаланың ер кісілерінің, яғни құдайшыл яһудилердің, оның өзгеруіне көмектеспегені сөзсіз.
9. Иса не істеді және мұның нәтижесі қандай болған болуы мүмкін?
9 Иса ол әйелге көмектескісі келген. Ол оған: “Сенің күнәларың кешірілді!” — деді. Сосын: “Сен сенімің арқылы құтқарылдың. Аман-есен қайта бер”,— деп қосты (Лұқа 7:48—50). Осымен әңгіме аяқталады. Бәлкім, әлдекім: “Иса ол әйелге айтарлықтай еш нәрсе істеген жоқ қой”,— дер. Батасын беруімен, негізінде, Иса оның енді қайта беруіне болатынын білдірген. Сірә, бұдан кейін ол қайтадан жеңіл жүріске салып кетті ғой деп ойларсыңдар? Біз сенімді түрде бұлай дей алмаймыз, алайда Лұқа жазған Ізгі хабарда әрі қарай не делінгеніне көңіл аударыңдаршы. Онда Исаның ‘қалалар мен ауылдарды аралап, уағыз айтып Құдай Патшалығы туралы ізгі хабарды жариялап’ жүргендігі жөнінде әңгімеленеді. Сонымен қатар Лұқа Иса мен оның шәкірттеріне ‘қолдарындағы барымен қызмет көрсетіп’, ‘көптеген әйелдердің еріп жүргенін’ жазған. Күнәсына өкінген, көңілі ризашылыққа толы сол әйелдің бұдан былай ар-ұжданын таза сақтайтындай етіп өмір сүруді бастап, өмірінде мән-мағына пайда болып, Құдайға деген терең сүйіспеншілік дамытып, енді Иса мен оның шәкірттеріне еріп жүруі мүмкін екенін жоққа шығаруға болмайды (Лұқа 8:1—3).
Иса мен парызшылдардың арасындағы айырмашылық
10. Неге Шимонның үйінде болған Иса мен әйел туралы оқиға жөнінде ой жүгірткен пайдалы?
10 Осы керемет оқиғадан біз қандай үлгі аламыз? Оның бізді қызықтыратыны сөзсіз, солай емес пе?! Өздеріңнің Шимонның үйінде отырғандарыңды елестетіп көріңдерші. Сендер қандай сезімде болар едіңдер? Исаға ұқсап әрекет етер ме едіңдер, әлде оған арнап қонақасы берген парызшылдың сезіміне ұқсастау сезімде болар ма едіңдер? Иса Құдайдың Ұлы болған, сондықтан біз тап ол іспетті сезініп, ол іспетті әрекет ете алмаймыз. Ал басқа жағынан алып қарайтын болсақ, әрине, біз парызшыл Шимон сияқты болғымыз келмес еді. Ешкімнің де парызшылдарға ұқсағысы келмейтіні айдан анық.
11. Не себепті біз парызшылдарға ұқсағымыз келмейді?
11 Киелі кітаптағы және басқа да мәлімет көздеріндегі мағлұматтарды қарастырғаннан кейін, біз парызшылдар — өздері туралы жоғары ойлайтын, өздерін өзге жұрттың жарылқаушысы деп есептейтін, әрі өздерін халықтың жоғын жоқтаушыға теңейтін адамдар болған деген тұжырымға келеміз. Құдай Заңының анық, әрі түсінуге оңай болғандығы оларға ұнамайтын. Егер Заң онша анық емес сияқты болып көрінетін болса, олар ар-ұжданға сәйкес әрекет етуден аулақ болу үшін, қағиданың қалай қолданылуы керек екенін тәптіштеп түсіндіріп, саңлау бар болып көрінген жерлерді бітеуге тырысып бағатын. Дін басылары өмірдің әрбір саласына, тіпті ұсақ-түйек нәрселерге де қатысты, нұсқаулар ойлап табуға тырысатынa.
12. Парызшылдар өздері жайлы қандай ойда болған?
12 Бірінші ғасырдағы көне еврей тарихшысы Иосиф Флавидің еңбектерінен парызшылдардың өздерін мейірімді, кішіпейіл, адал, тіпті өзгелерге тәлім беруге өздерін әбден лайықты деп есептегендіктері байқалады. Әрине, кейбір парызшылдардың осы сипаттамаға біршама сай келген болуы әбден мүмкін. Нікөдемді еске алуымызға болады (Жохан 3:1, 2; 7:50, 51). Уақыт өте келе олардың кейбіреулері мәсіхшілік жолға түскен (Елшілердің істері 15:5). Елші Пауыл кейбір яһудилер жөнінде, олардың ішінде парызшылдар да бар болатын, былай деп жазған: “Олардың Құдай үшін ынта көрсетіп жүргендеріне куәмін, алайда ынталары дұрыс түсінікке негізделмеген” (Римдіктерге 10:2). Алайда Ізгі хабарларда олар қарапайым халықтың көзқарасымен, яғни өркөкірек, өзімшіл, өздерін әділ есептейтін паң, қазымыр, сынап-мінегіш, сондай-ақ өзгелерді түкке тұрғысыз есептейтін адамдар ретінде суреттелген.
Исаның көзқарасы
13. Парызшылдар туралы Иса қандай ойда болған?
13 Иса дін мұғалімдері мен парызшылдарды аяусыз айыптаған. Олар “халықтың мойнына ыңғайсыз, тым ауыр борыштар жүктеп, соларды көтеруге қол ұштарын да бермейді”. Иә, олардың адамдарға артқан жүгі ауыр, ал кигізген қамыты жауыр ететін болған. Иса бұдан да қатты айтып, оларды “түйсіксіздер” деп атады. Түйсіксіз адам өзгелерге қауіп төндіреді. Сонымен қатар Иса оларды “көр соқыр жетекшілер” деп, олардың ‘Таурат заңының әділдік, мейірімділік және адалдық туралы [анағұрлым] маңызды қағидаларына көңіл бөлмегендері’ үшін айыптады. Өзін Исаның парызшылдарға теңегенін кім қалайды дейсің?! (Матай 23:1—4, 16, 17, 23).
14, 15. а) Исаның Матай Леуіге қалай қарағанынан парызшылдар жайында не білеміз? ә) Бұл әңгімеден біз қандай маңызды сабақ аламыз?
14 Ізгі хабарларды оқығандардың барлығы дерлік парызшылдардың көпшілігінің сынап-мінегіш болғандарын байқайды. Иса Леуі деген салық жинаушыны өзінің шәкірті ету үшін соңынан еруге шақырғаннан кейін, Леуі оған арнап үлкен қонақасы береді. Ізгі хабарда былай делінген: “Дін мұғалімдері мен парызшылдар күңкілдеп, Исаның шәкірттеріне: — Неге салықшылармен және басқа күнәкарлармен бірге тамақ ішіп-жеп отырсыңдар?!” — деп наразылық білдірді. Иса оларға былай деп жауап береді: “...Мен “әділдерді” емес, күнәкарларды теріс жолдан қайтуға шақыру үшін келдім” (Лұқа 5:27—32).
15 Леуі Исаның сол бір кеште айтқан тағы бір сөзінің мәнін түсінеді: “Құрбандық шалғандарыңнан гөрі мейірімділік көрсеткендеріңді қалаймын” деген сөздің мағынасын ұғынып алыңдар” (Матай 9:13). Парызшылдар ертедегі еврей пайғамбарларының жазғандарына сенеміз дегенімен, Ошия 6:6-да жазылған сөздерді ұстанбайтын. Олар қате болса да, қайтпастан өз дәстүрлерін ұстана беруге тырысатын. Әрқайсысымыз өзімізден былай деп сұрағанымыз жөн: “Мен қандай да бір мәселені шешкенде жеке ойымды не көпшілік мақұлдаған көзқарасты қызғыштай қорғайтын адам ретінде белгілімін бе? Жоқ әлде, өзгелер мені қайырымды да, мейірімді адам ретінде біле ме?”
16. Парызшылдар қандай қағидаға сәйкес өмір сүрген және соларға ұқсас болмау үшін не істеуіміз керек?
16 Парызшылдың басты қағидасы — сынап-мінеу, сынап-мінеу тағы да сынап-мінеу болған. Мейлі, бар болсын, жоқ болсын олар болар-болмас қателіктерді іздейтін. Халық қашан олар мінеп-сынар екен, қашан ескерту жасар екен деп бағып отыратын. Парызшылдар жалбыз, аскөк, зере сияқты арзан тұратын ұсақ-түйек шөптердің оннан бірін садақа етіп жүргендерін мақтан тұтатын. Олардың киім киістерінен құдайшылдықтарын көрсеткісі келетіндіктері байқалып тұратын, сондай-ақ олар халықты өздеріне бағындыруға тырысатын. Іс-әрекетіміздің Исаның үлгісіне сай болғанын қалайтын болсақ, әрине, біз үнемі өзгелерден кемшілік іздеп, сосын оларға ерекше көңіл аударудан аулақ болуымыз керек.
Исаның проблемаларға деген көзқарасы
17—19. а) Үлкен проблемаға айналуы мүмкін жағдайда Иса өзін қалай ұстаған? ә) Жағдайды ауырлатып, әрі жағымсыз еткен не нәрсе? б) Сендер әлгі әйел Исаға жақындағанда сол жерде болсаңдар, не істеген болар едіңдер?
17 Исаның проблемаларға деген көзқарасы парызшылдардікінен мүлдем өзгеше болған. Үлкен проблемаға айналуы мүмкін жағдайда Исаның өзін қалай ұстағанын қарастырып көрейікші. Аталмыш жағдай он екі жыл бойы қансырап қиналып жүрген әйелге қатысты болатын. Бұл оқиға Лұқа 8:42—48-де әңгімеленген.
18 Марқа жазған Ізгі хабарда әйелдің “қорыққаннан дірілдеп” кеткені жөнінде жазылған (Марқа 5:33). Не себепті? Өйткені, ол, Құдай Заңын бұзған, әрі мұнысын өзі білген. Леуіліктер 15:25—28-ге сәйкес, ерекше ұзақ уақыт бойы қан кетіп ауыратын әйел, айыққанға дейін және одан кейін тағы да бір апта бойы таза емес болып есептелетін. Оның қолы тиген нәрсенің бәрі, оған жанасқан адамның бәрі арамдалатын. Исаға жақындау үшін ол әйел ығы-жығы адамдардың арасынан өтуі керек болатын. Бұл оқиғаны біз 2 000 жыл өткеннен кейін оқығанның өзінде, жүрегіміз езіліп, сол әйелді аяп кетеміз.
19 Егер сол жерде болғандарыңда осы жағдай сендерге қалай әсер етер еді? Сендер не айтар едіңдер? Исаның ол әйелге қайырымдылық пен сүйіспеншілік танытқанын, оның жағдайын барынша түсінгенін, сондай ақ ол әйелдің қандай да бір қиыншылық тудыруы мүмкін екендігінде тіпті меңземегенін ескерелік (Марқа 5:34).
20. Егер Леуіліктер 15:25—28-де қойылған талап бүгінгі күні күшінде болса, біз қандай жағдайға кездескен болар едік?
20 Бұл оқиғадан қандай сабақ алуымызға болады? Сен мәсіхшілердің қауымында ақсақал ретінде қызмет етесің делік. Сонымен қатар Леуіліктер 15:25—28-дегі талап бүгіндегі мәсіхшілерге де қатысты деп есептелік және салы суға кетіп, дәрменсіздік күй кешкен әйел бауырласымыз осы заңды бұзды делік. Сен бұған қалай қарар едің? Оның әрекетін қатаң айыптап, жұрттың көзінше оны кемсітер ме едің? “Жоқ, о не дегенің — дерсің сен. — Мен Исаның үлгісіне еліктеп, қайырымдылық пен сүйіспеншілік танытар едім, оның жағдайын барынша түсінуге тырысар едім”. Өте жақсы! Енді тек Исаның үлгісіне еліктеп, мұны іс жүзінде көрсету керек.
21. Иса адамдарды Құдай Заңына қатысты не нәрсеге үйреткен?
21 Исаның қасында адамдар жандарына тыныштық тапқан, ол оларға дем беріп, жігерлендірген. Егер Құдайдың Заңы бір мағыналы болса, оны тап солай түсіну керек болған. Ал егер ол жалпы айтылған болса, ар-ұжданға негізделіп әрекет ету керек болатын, әрі осылайша шешім қабылдағанда Құдайға сүйіспеншілік танытудың мүмкіндігі туатын. Құдай Заңының аясы тар емес-тін (Марқа 2:27, 28). Құдай өзінің халқын сүйеген, әрқашан оның игілігі үшін әрекет еткен, сондай-ақ жолдан адасқан қызметшілеріне мейірімділік танытуға даяр болған. Иса да тап солай еткен (Жохан 14:9).
Исаның ілімдерінің нәтижесі
22. Исадан тәлім алғандар қандай ой қалпын қалыптастырды?
22 Исаны тыңдап, оның шәкірті болғандар оның: “Менің қамытым ыңғайлы, жүгім де жеңіл”,— деген сөзінің рас екендігіне көздері жеткен (Матай 11:30, сілтемені қара). Олар ешқашан өздеріне ауыр жүк артылғандай, мезі қылып немесе ығырын шығарып жібергендей сезінбейтін. Олар өздерін анағұрлым еркін, әрі бақытты сезінетін, олардың Құдаймен және өзара қарым-қатынасы анағұрлым қатая түскен болатын (Матай 7:1—5; Лұқа 9:49, 50). Олар Исадан рухани басшы болуды, яғни өзгелердің жанына тыныштық беруді, ақыл-парасаттары мен жүректерінде кішіпейілділік танытуды үйренді (1 Қорынттықтарға 16:17, 18; Філіпіліктерге 2:3).
23. Исамен бірге болғанда шәкірттері қандай маңызды сабақ алды және олар қандай қорытындыға келді?
23 Оның үстіне, көпшілігі Мәсіхпен тығыз байланыста болудың және оның көзқарасын қабылдаудың қаншалықты маңызды екенін терең түсінді. Ол шәкірттеріне былай деген: “Әкем Мені қалай сүйсе, Мен де сендерді солай сүйемін. Сүйіспеншілігімді қабылдай беріңдер! Менің Әкемнің өсиеттерін орындап, сүйіспеншілігін қабылдап жүргенімдей, сендер де Менің өсиеттерімді орындасаңдар, сүйіспеншілігімді қабылдап жүресіңдер” (Жохан 15:9, 10). Құдайға нәтижелі қызмет ету үшін олар Құдайдың ізгі хабарын таратып, адамдарға тәлім бергенде, туған-туысқандарымен және жора-жолдастарымен араласқанда Исадан үйренген нәрселеріне еліктеулері керек болатын. Мәсіхшілердің бауырластығы өсіп, қауымдар көбейе түскен сайын, Исаның шәкірттері барлық жағдайда өздерін ұстаздары сияқты ұстау керек екендігін естеріне қайта-қайта салып тұрулары керек болды. Ол үйреткен нәрсе шындық болатын, әрі оның өмір салты нағыз еліктеуге тұрарлық еді (Жохан 14:6; Ефестіктерге 4:20, 21).
24. Исаның үлгісін қарастырғанда біз не нәрсені көңілімізге түюіміз керек?
24 Өзіміз талқылаған мәліметтің үстінен ой жүгірткеннен кейін, қай жағынан жақсара түсуге болатынын байқадыңдар ма? Исаның әрқашан дұрыс ойлап, дұрыс тәлім беріп және дұрыс әрекет еткенімен келісесіңдер ме? Олай болса, іске сәт! Иса бізге жігерлендіретін мынадай сөздер айтқан: “Осыны біліп, солай іс-әрекет етсеңдер, бақытты боласыңдар!” (Жохан 13:17).
[Сілтеме]
a “[Иса мен парызшылдардың арасындағы] айырмашылықтың негізгі себебі олардың Құдай туралы бір-біріне қарама-қайшы екі түрлі түсінікте екендігінде. Парызшылдар Құдайды, ең алдымен, талаптар қоюшы ретінде қарастыратын. Ал Иса үшін Ол ең алдымен, мейірімді де, қайырымды болған. Парызшылдар Құдайдың игі де сүйіспеншілікке толы екенін мойындайтын, бірақ ол мұны Құдайдың Тауратты [яғни Заң] беріп, онда адамдар орындай алатын талаптар жазылғанына әкеліп саятын... Парызшылдардың пайымдауынша, егер адам заңды түсіндіру үшін берілген қағидаларымен қоса, ауызша дәстүрді ұстанатын болса, оның Тауратта жазылған нәрселерді ұстанғаны... Исаның сүйіспеншілікке қатысты екі өсиетті (Матай 22:34—40) жоғарғы шепке көтеріп, ауызша дәстүрлерді орындау міндетті түрде емес екенін айтқаны... заңға өз білгендерінше түсінік беретін парызшылдармен Исаның арасында қақтығыстың тууына себепші болған” (The New International Dictionary of New Testament Theology).
Қалай жауап берер едіңдер?
• Исаның шәкірті болу деген сендер үшін нені білдіреді?
• Иса адамдарға қалай қараған?
• Исаның тәлім беру тәсілінен біз не нәрсеге үйрене аламыз?
• Парызшылдармен Исаның арасында қандай айырмашылық бар?
[16-беттегі суреттер]
Иса адамдарға парызшылдардай емес, мүлдем басқаша қараған!