Мәсіх өзінің қауымына басшылық етуде
“Естеріңде болсын: Мен бұл дүниенің ақыр соңына дейін әр күні өздеріңмен бірге болып, сендерге жар боламын!” (МАТАЙ 28:20).
1, 2. а) Ізбасарларын шәкірт дайындауға жібергенде, қайта тірілген Иса оларға не уәде етті? ә) Ертедегі мәсіхшілер қауымына Иса қалай белсенді түрде басшылық еткен?
ҚАЙТА тірілген Көсеміміз Иса Мәсіх көкке көтерілерінің алдында шәкірттеріне көрініп, былай дейді: “Маған көк пен жердің барлық билігі берілген! Сондықтан күллі халықтарға барыңдар! Оларды Менің шәкірттерім етіп, Құдай Әкенің, рухани Ұлының және Киелі Рухының атымен шомылдыру рәсімінен өткізіңдер, әрі сендерге өсиет еткендерімнің бәрін де ұстануға үйретіңдер! Естеріңде болсын: Мен бұл дүниенің ақыр соңына дейін әр күні өздеріңмен бірге болып, сендерге жар боламын!” (Матай 23:10, ЖД; 28:18—20).
2 Иса шәкірттеріне өмірді сақтайтын жұмысты атқарып, көп шәкірт дайындауды ғана тапсырған жоқ, олармен бірге болып, оларға жар болуды да уәде етті. Елшілердің істері кітабында жазылған ертедегі мәсіхшілердің тарихынан Мәсіхтің жаңадан құрылған қауымға басшылық еткені анық көрінеді. Иса ізбасарларын жігерлендіріп, оларға басшылық беру үшін, уәде еткен ‘Қамқоршыны’ — киелі рухты, жіберді (Жохан 16:7; Елшілердің істері 2:4, 33; 13:2—4; 16:6—10). Қайта тірілген Иса шәкірттеріне қолдау көрсету үшін өзіне бағынышты періштелерді де қолданған (Елшілердің істері 5:19; 8:26; 10:3—8, 22; 12:7—11; 27:23, 24; 1 Петір 3:22). Сонымен қатар қауымға жетекшілік ету үшін, басқарушы кеңес ретінде қызмет етуге тағайындалған ер кісілерді берген (Елшілердің істері 1:20, 24—26; 6:1—6; 8:5, 14—17).
3. Осы мақалада қандай сұрақтар талқыланады?
3 Алайда қазіргі ‘дүниенің ақыр соңы’ жөнінде не деуге болады? Иса Мәсіх бүгінгі күні қауымға қалай басшылық етіп отыр? Исаның басшылығын мойындайтынымызды қалай көрсетуімізге болады?
Қожайынның адал қызметшісі бар
4. а) ‘Адал да саналы қызметші’ деген кім? ә) Қожайын қызметшісіне қандай тапсырма берді?
4 Өзінің патша ретінде тақта отыратын кезі туралы пайғамбарлық етіп, Иса былай деген: “Адал да саналы қызметшідей болыңдар! Қожайыны бір қызметшісін үйіндегі өзге малайларының үстінен қарап, ас-суларын уақтылы беруге тағайындады. Қожайыны оралып келгенде оның өз міндетін атқарып жүргенін көрсе, сол қызметші бақытты! Сендерге шындығын айтайын: оны бүкіл меншігін қараушы етіп тағайындамақ” (Матай 24:45—47). Қожайын — Көсеміміз Иса Мәсіх, ол ‘адал да саналы қызметшіні’, яғни жер бетіндегі майланған мәсіхшілерді, бүкіл меншігіне қараушы етіп тағайындады.
5, 6. а) Елші Жохан көрген аяндағы ‘жеті алтын шырағдан’ мен ‘жеті жұлдыз’ нені білдіреді? ә) ‘Жеті жұлдыздың’ Исаның оң қолында тұрғаны неге нұсқайды?
5 Аян кітабында ‘адал да саналы қызметшінің’ тікелей Иса Мәсіхтің басшылығында екендігі көрсетілген. ‘Иеміздің күні’ туралы көрген аянында елші Жохан ‘жеті алтын шырағданды, олардың арасында адам баласына ұқсас Біреуді’ көреді; “Оның оң қолында ұстаған жеті жұлдызы бар екен”. Жоханға бұл аянның мәнісін түсіндіріп, Иса былай дейді: “Менің оң қолымнан көріп тұрған жеті жұлдыздың және жеті алтын шырағданның құпия мағынасы мынау: жеті жұлдыз — жеті қауымның періштелерін, ал жеті шырағдан — жеті қауымды білдіреді” (Аян 1:1, 10—20).
6 ‘Жеті алтын шырағдан’ 1914 жылдан басталған ‘Иеміздің күніндегі’ шынайы мәсіхшілердің бүкіл қауымын білдіреді. Ал ‘жеті жұлдыз’ нені білдіреді? Ең алдымен бұл бірінші ғасырдағы қауымдардың қамын жеген, рухтан туылған майланған ақсақалдарға қатысты айтылғанa. Олар Исаның оң қолында, яғни оның басшылығы мен бақылауында, болған. Иә, Иса Мәсіх ‘адал қызметші’ табына басшылық еткен. Бірақ қазір майланғандардың саны азайған. Бүгінгі күні дүние жүзі бойынша Ехоба Куәгерлерінің 93 000-нан астам қауымына Мәсіх қалай басшылық етіп отыр екен?
7. а) Қалай Иса Басқарушы кеңес арқылы дүние жүзіндегі қауымдарға басшылық етіп отыр? ә) Неге мәсіхші ақсақалдар киелі рух арқылы тағайындалады деуге болады?
7 Тап бірінші ғасырдағыдай, бүгінгі күні де Басқарушы кеңес, немесе ‘адал да саналы қызметші’, ретінде майланған ақсақалдардың осындай рөлді атқаруға лайық шағын тобы қызмет етуде. Көсеміміз Басқарушы кеңес арқылы, киелі рухпен майланған-майланбағанына қарамастан, рухани толысқан ер кісілерді жергілікті қауымдарға ақсақал ретінде тағайындайды. Олардың осылайша тағайындалуында Исаның билігіне берген Ехобаның киелі рухы маңызды орын алады (Елшілердің істері 2:32, 33). Ең алдымен, олар Құдайдың киелі рухының жетелеуімен жазылған оның Сөзіндегі талаптарға сай болуы тиіс (1 Тімотеге 3:1—7; Титке 1:5—9; 2 Петір 1:20, 21). Ұсыныс жасау мен тағайындау бауырластар дұға еткеннен кейін ғана, киелі рухтың басшылығымен жасалады. Сонымен қатар олардың бойынан киелі рухтың игілікті жемісін танытатындары байқалуы керек (Ғалаттықтарға 5:22, 23). Сондықтан Пауылдың берген кеңесі, мейлі майланған болсын, я болмасын, барлық ақсақалдарға қатысты: “Енді өздеріңе де, Киелі Рух бақыла деп берген барлық қауымға да қараңдар!” (Елшілердің істері 20:28). Осы тағайындалған бақылаушылар Басқарушы кеңестен нұсқау алып отырады, сондай-ақ даярлықпен қауымның қамын ойлайды. Осылайша Мәсіх қазір бізбен бірге, әрі белсенділікпен қауымға басшылық етіп отыр.
8. Иса ізбасарларына басшылық ету үшін періштелерді қалай қолданады?
8 Иса ізбасарларына басшылық беру үшін періштелерді де қолданады. Бидай мен бидайық туралы астарлы әңгімеге сәйкес, егін жинау маусымы осы заманның соңғы күндерінде басталды. Егінді жинау үшін қожайын кімді қолданады? Иса: “Орушылар — періштелер”,— деді. Сосын былай деп қосты: ‘Көктен келген Билеуші Өзінің періштелерін жіберіп, Патшалығындағы азғындық пен заңсыздық жасайтындардың бәрін жинатады’ (Матай 13:37—41). Оның үстіне эфиопиялық уәзірге кезіктіру үшін періштенің Філіпке бағыт нұсқағаны сияқты, бүгінгі күні де Иса ақ жүректі адамдарды табу үшін періштелер арқылы шынайы мәсіхшілерге бағыт беріп отырғаны сөзсіз (Елшілердің істері 8:26, 27; Аян 14:6).
9. а) Бүгінгі күні Иса Мәсіх мәсіхшілер қауымына қалай басшылық етіп отыр? ә) Мәсіхтің басшылығының пайдасын көргіміз келсе, қандай сұрақты қарастыруымыз керек?
9 Бүгінгі күні Исаның Басқарушы кеңес, киелі рух және періштелер арқылы басшылық етіп отырғанын білгендігіміз бізді қатты жігерлендіреді! Егер Ехобаның кейбір қызметшілерінің қуғынның немесе басқа себептердің салдарынан Басқарушы кеңеспен байланысы үзіліп қалса да, Мәсіх киелі рух пен періштелер арқылы оларға басшылық беруін доғармайды. Бірақ Мәсіхтің басшылығын қабыл алатын болсақ қана, оның біз үшін пайдасы болады. Оның басшылығын мойындайтынымызды қалай көрсетуімізге болады?
“Мойынсұнып, айтқандарын тыңдаңдар”
10. Қауымдағы тағайындалған ақсақалдарға қалай сый көрсетуімізге болды?
10 Көсеміміз қауымдарға “адамдар кейпінде тартулар жасады” — “біреулерін елші, біреулерін пайғамбар, тағы басқаларын ізгі хабарды уағыздаушы, енді біреулерін бақташы және тәлімгерлер ретінде берді” (Ефестіктерге 4:8, 11, 12, ЖД). Біздің оларға деген көзқарасымыз Мәсіхтің басшылығына мойынсұнатын-ұсынбайтындығымыз жөнінде көп нәрсе айтады. Исаның рухани толысқан бауырластар беріп отырғанына ‘ризашылығымызды білдіруіміз’ керек емес пе?! (Қолостықтарға 3:15). Сонымен қатар олар біздің сый көрсетуімізге лайық. Елші Пауыл: “Қауымды жақсы басқаратын жетекшілер... ерекше құрмет пен қамқорлыққа лайық”,— деп жазған (1 Тімотеге 5:17). Қауымдағы ақсақалдарға деген ризашылығымызды және оларды сыйлайтынымызды қалай көрсетуімізге болды? Пауыл былай деп жауап береді: “Жетекшілеріңе мойынсұнып, айтқандарын тыңдаңдар” (Еврейлерге 13:17). Иә, оларға мойынсұнып, айтқандарын тыңдау арқылы көрсетуімізге болады.
11. Неге ақсақалдарды сыйлағанымыз шомылдыру рәсімінен өткенімізге сай өмір сүретінімізді білдіреді?
11 Біздің Көсеміміз кемелді. Ал сый ретінде берілген бауырластар болса, кемелді емес. Сондықтан олар кейде қателеседі. Сөйтсе де Исаның орнатқан тәртібіне адал болғанымыздың маңызы зор. Негізінде, Құдайға арналуымызға және шомылдыру рәсімінен өткенімізге сай өмір сүру деген қауымдағы киелі рух арқылы тағайындалған басшылықты мойындауды, сондай-ақ оған мойынсұнуға даяр болуды білдіреді. ‘Киелі рухтың атымен шомылдыру рәсімінен өту’ деген киелі рухтың не екенін білетіндігімізді және оның Ехобаның ниетінде алатын орнын мойындайтынымызды жұрт алдында мәлімдеу болып табылады (Матай 28:19). Осылай шомылдыру рәсімінен өту киелі рухтың басшылығын мойындайтынымызды және Мәсіхтің ізбасарларының арасында оның әрекет етуіне кедергі болатындай еш нәрсе істемейтінімізді білдіреді. Сонымен, ақсақалдарды ұсыну және тағайындауда киелі рух маңызды рөл атқарады. Олай болса, қауымдағы тағайындалған ақсақалдарды қолдамайтын болсақ, расында да өзімізді Құдайға арнағанымызға адалмыз деуге бола ма?
12. Яһуда басшылықты сыйлауға қатысты қандай мысалдар келтірген және бұл әрқайсымызды не нәрсеге үйретеді?
12 Жазбаларда мойынсұнып, айтқанды тыңдаудың қаншалықты бағалы екенін көрсететін мысалдар бар. Яһуда қауымдағы тағайындалған бауырластарды сыйламаған адамдарды мысалға келтірген: “Бұлар қасіретке қалмақ! Олар Қабыл таңдаған жолмен жүріп, Балағам іспетті алатын сыйына қызығып, алдамшылыққа беріледі де, Қорах сияқты қиқарлықпен қауым жетекшілеріне қарсы бас көтергендері үшін құртылмақ” (Яһуда 11). Қабыл Ехобаның сүйіспеншілікке толы кеңесін қабыл алмай, ашуына ерік беріп, кісі өлтірді (Жаратылыс 4:4—8). Құдайдың бірнеше рет ескерту жасағанына қарамастан, Балағам ақша үшін Құдайдың халқын қарғамақ болды (Руларды санау 22:5—28, 32—34; Заңды қайталау 23:5). Қорахтың Исраил халқының арасында билігі бар болғанмен, ол мұны қанағат тұтпай, Құдайдың қызметшісі, жер бетіндегі барлық адамдардың арасындағы ең жуасы, Мұсаға қарсы бүлік шығарды (Руларды санау 12:3; 16:1—3, 32, 33). Қабыл, Балағам, Қорахтар жазаланды. Ехобаның өзі жауапты орынға тағайындағандардың айтқандарын тыңдап, оларды сыйлау керек екендігіне қатысты әрқайсымыз үшін қандай керемет үлгі десеңші!
13. Ишая пайғамбар ақсақалдарға мойынсұнатындардың алатын батасы жөнінде алдын ала не жазған?
13 Көсеміміздің мәсіхшілер қауымында орнатқан осындай керемет басшылығының өзі үшін пайдалы болғанын кім қаламайды дейсің? Ишая пайғамбар осыны алдын ала айтып, былай деген: “Міне, Патша әділ патшалық етіп, әміршілер заңға жүгініп билік ететін болады. Олардың әрқайсысы желден қорған, жауын-шашынды дауылдан панадай, шөлді жерде су көзіндей, сусаған елде асқар тау саясындай болады” (Ишая 32:1, 2, СА). Ақсақалдардың әрқайсысы қорған әрі пана сияқты болуы керек. Ал егер басшылыққа мойынсұну қиын болса, Ехобаға дұға етейік, қауымда басшылық ету үшін тағайындаған адамдарға бойсұну үшін қолымыздан келгеннің бәрін істейік.
Ақсақалдардың Мәсіхтің басшылығына мойынсұнуы
14, 15. Қауымда жетекшілік ететіндердің Мәсіхтің басшылығына мойынсұнатыны қалай көрінеді?
14 Мәсіхшілердің барлығы, әсіресе ақсақалдар, Мәсіхтің басшылығына мойынсұнуға тиіс. Ақсақалдардың қауымда қандай да бір шамада билігі бар. Бірақ олар сенушілердің ‘сенімдеріне өктемдік етуге’, олардың өміріне араласуға тырыспайды (2 Қорынттықтарға 1:24). Ақсақалдар Исаның келесі сөздеріне құлақ асады: “Билеушілерінің қол астындағы халықтарды билеп-төстеп, төрелерінің де соларға қатаң әмір жүргізетінін білесіңдер. Бірақ сендердің араларыңда ондай болмасын!” (Матай 20:25—27). Ақсақалдар өз міндеттерін орындағанда, шын жүректен өзгелерге қызмет етуді қалайды.
15 Мәсіхшілер мынаған шақырылады: “Жетекшілеріңді ұмытпаңдар. Олардың қалай өмір сүріп, қалай бұ дүниеден кеткендерін естеріңде ұстап, сенімдерін үлгі-өнеге етіңдер” (Еврейлерге 13:7). Бұл ақсақалдар қауымда жетекшілік ететін болғандықтан оларға еліктеу керек дегенді білдірмейді. Иса: “Жалғыз Көсемдерің бар, Ол — Мәсіх”,— деген ғой (Матай 23:10, ЖД). Ақсақалдар шынайы Көсеміміз Мәсіхке еліктейтін болғандықтан, олардың сенімдерін үлгі-өнеге ету керек (1 Қорынттықтарға 11:1). Қауымдағы бауырластармен қатынасқанда ақсақалдардың Мәсіхке қалай еліктейтіндігінің бірнеше жолын қарастырайық.
16. Исаның жоғары билігі бар болғанына қарамастан, ізбасарларымен қатынасы қалай болған?
16 Иса кемелсіз адамдардан барлық жағынан жоғары тұрғанына және Әкесінен теңдесі жоқ билік алғанына қарамастан, шәкірттерімен қатынасқанда кішіпейіл болған. Ол керемет білімді екендігін көрсетіп, өзін олардан жоғары ұстамаған. Иса қайырымды да жанашыр болған, сондай-ақ ізбасарларының қажеттіліктерін ескерген (Матай 15:32; 26:40, 41; Марқа 6:31). Ол ешқашан олардан мүмкіншіліктерінен артық нәрсені талап етпеген, шектен тыс ауыр жүк артпаған (Жохан 16:12). Иса ‘жуас, шын жүректен кішіпейіл’ болған. Сол себепті көп адамдардың жанына жұбаныш бергені таңқаларлық нәрсе емес (Матай 11:28—30).
17. Қалай ақсақалдар қауымдағы бауырластармен қатынасқанда Исаның кішіпейілділігіне еліктей алады?
17 Егер Көсеміміз Иса Мәсіх сондай кішіпейіл болған болса, қауымда жетекшілік ететіндер қаншалықты кішіпейіл болуы керек десеңші! Иә, олар өздеріне берілген билікті бұрыс қолданбау үшін абай болады, сондай-ақ өзгелерді қайран қалдыру үшін ‘шешен сөздер’ қолдануға тырыспайды (1 Қорынттықтарға 2:1, 2). Керісінше, олар Жазбалардағы шындықты кішіпейілділікпен, қарапайым сөздермен айтуға тырысады. Сонымен қатар ақсақалдар өзгелердің мүмкіншіліктерін ескере отырып, олардан ақылға қонымды нәрселерді күтеді (Філіпіліктерге 4:5). Барлық адамдардың кемшіліктері барын есте ұстай отырып, ақсақалдар бауырластардың кемелсіздігіне кешіріммен қарайды (1 Петір 4:8). Кішіпейіл әрі жуас ақсақалдар жанды рақатқа бөлейді емес пе? Әрине, бөлейді!
18. Исаның балаларға деген көзқарасынан ақсақалдар не нәрсеге үйренеді?
18 Иса балалармен де тіл табыса білген. Жұрт ‘балаларын алып келгенде’ шәкірттері реніш білдірген кезде, Иса: “Балалардың Маған келуіне жол беріңдер, оларға кедергі жасамаңдар!” — деген. Сосын “балаларды құшақтап, үстеріне қолын қойып бата берді” (Марқа 10:13—16). Иса жұмсақ әрі мейірімді болғандықтан, өзгелер оған келгісі келіп тұратын. Жұрт одан қорықпайтын. Балалар да өздерін оның қасында еркін сезінген. Ақсақалдардың қасында да өзгелер, тіпті балалар да, өздерін еркін ұстайды. Олар жұмсақ әрі мейірімді.
19. ‘Мәсіхтің ой-ниетін’ білу неден тұрады және ол үшін не істеу керек?
19 Ақсақалдардың Иса Мәсіхке қай шамада еліктейтіндіктері оны қаншалықты білетіндіктеріне байланысты. Елші Пауыл: “Жаратқан Иенің ойындағысын біліп, Оған ақыл бере алатын кім бар?” — деп сұраған. Сосын: “Ал бізде Мәсіхтің ой-ниеті бар”,— деп қосты (1 Қорынттықтарға 2:16). Мәсіхтің ой-ниетін білу оның ой-қалпы мен қасиеттерін білуді білдіреді, бұл оның белгілі жағдайда қалай әрекет ететінін түсінуге көмектеседі. Көсемімізді қаншалықты жақсы білуге болатынын ойлап көріңдерші! Ол үшін Ізгі хабарды мұқият зерттеп, Исаның өмірі мен бізге қалдырған үлгісі туралы үнемі ой жүгірту керек. Ақсақалдар Мәсіхтің басшылығына барынша мойынсұнуға тырысатын болса, қауымдағы бауырластардың олардың сенімінен үлгі-өнеге алғысы келіп тұратын болады. Ал ақсақалдар бауырластардың қуана-қуана Көсемнің ізімен жүргенін көріп, қанағат сезіміне бөленеді.
Мәсіхтің басшылығына мойынсұнуды жалғастыра беріңдер
20, 21. Жаңа дүниеге кіретін кезді күтіп жүрген уақытта біз не нәрсеге бел бууымыз керек?
20 Мәсіхтің басшылығын мойындауды жалғастыра бергеніміздің біз үшін өмірлік маңызы бар. Ақырғы заманның соңы таяған сайын біздің жағдайымыз б. з. б. 1473 жылы Моаб аңғарында болған кезіндегі Исраил халқының жағдайына ұқсай түсуде. Олар Уәде етілген жердің табалдырығында тұрғанда, Мұса арқылы Құдай былай деді: “Сен [Ешуа] мына халықпен бірге Тәңір ата-бабаларына беремін деп уәде еткен жерге кіресің” (Заңды қайталау 31:7, 8). Ешуа Исраилдің тағайындалған көсемі болатын. Уәде етілген жерге кіру үшін исраилдіктер Ешуаның басшылығына мойынсұнулары керек еді.
21 Киелі кітапта бізге: “Жалғыз Көсемдерің бар, Ол — Мәсіх”,— делінген (Матай 23:10, ЖД). Тек Мәсіх қана бізді Құдайдың уәдесіне сай, әділдік орнаған жаңа дүниеге алып кіреді (2 Петір 3:13). Сол себепті өміріміздің барлық салаларында оның басшылығына әрі қарай да мойынсұна беруге бел буалық.
[Сілтеме]
a Мұндағы ‘жұлдыздар’ тура мағынадағы періштелерді білдірмейді. Исаның көзге көрінбейтін рухани жаратылыстарға арналған мәлімет жаздыру үшін адам баласын қолданбайтыны анық. Демек, ‘жұлдыздар’ Иса хабаршы ретіндегі қолданатын адами ақсақалдарды білдіретін болса керек. Олардың санының жетеу болуы Құдайдың көзқарасына сай толықтықты білдіреді.
Естеріңде ме?
• Иса Мәсіх ертедегі мәсіхшілер қауымына қалай басшылық еткен?
• Бүгінгі күні Мәсіх қауымға қалай басшылық етуде?
• Неге біз қауымда жетекшілік ететіндерге мойынсұнуымыз керек?
• Ақсақалдардың Мәсіхті Көсемдері ретінде мойындайтындары неден көрінеді?
[15-беттегі сурет]
Мәсіх ақсақалдарды оң қолында ұстап, қауымға басшылық етіп отыр
[16-беттегі суреттер]
‘Жетекшілеріңе мойынсұнып, айтқандарын тыңдаңдар’
[18-беттегі сурет]
Иса жұмсақ әрі мейірімді болған. Мәсіхші ақсақалдар Исаға еліктейді