Ехоба салтанатты ұлылығын кішіпейілдерге ашады
“Кішіпейілділік пен Ехобаны қастерлеу байлыққа, абырой мен шынайы өмірге кенелтер” (НАҚЫЛ СӨЗДЕР 22:4, ЖД).
1, 2. а) Елшілердің істері кітабы Степанның “Құдайға жан-тәнімен сенетін, Оның Киелі Рухына бөленген” жан болғанын қалай көрсетеді? ә) Степанның кішіпейіл болғаныны неден көрінеді?
СТЕПАН “Құдайға жан-тәнімен сенетін, Оның Киелі Рухына бөленген” жан еді. Ол сондай-ақ “Құдайдың рақымы мен құдіретіне кенелген” адам болған. Ертедегі Исаның шәкірттерінің бірі ретінде халық арасында ұлы кереметтер жасап жүрді. Бірде, бірнеше кісі онымен айтысып, “бірақ оның даналығына қарсы еш нәрсе істей алмады, себебі ол Киелі Рухқа сүйеніп сөйлейтін” (Елшілердің істері 6:5, 8—10). Степанның Құдай Сөзін бар ынтасымен зерттеуші болғаны анық, сонымен қатар оны өз заманындағы яһуди дінбасыларының алдында шебер қорғаған. Оның үстіне, Елшілердің істері кітабының 7-тарауындағы егжей-тегжейлі баяндалған куәлігінен Степанды Құдайдың өз ниеттерін қалай ашатындығы қатты қызықтырғанын көруге болады.
2 Дәрежелері мен білімдері қарапайым халықтан өздерін жоғары еткен дінбасылары сияқты емес, Степан кішіпейіл болған (Матай 23:2—7; Жохан 7:49). Жазбаларды жақсы білетініне қарамастан, ол елшілер ‘Құдайға сиынып, Оның сөзін уағыздап, тәлім беру қызметіне’ арнай алулары үшін өзіне ‘дастарқан жасау’ тапсырмасы берілгеніне қуана келіскен. Степан бауырластар арасында жақсы атқа ие еді, сондықтан күнделікті тамақты үлестіріп беруді қолға алған сенімді жеті кісінің бірі болып таңдалды. Ол бұл тапсырманы кішіпейілділікпен қабыл алды (Елшілердің істері 6:1—6).
3. Степан Құдайдың рақымының қандай ғажайып көрінісін көрді?
3 Степанның рухани істерге деген қызығушылығы мен адалдығы ұштасқан кішіпейіл мінезі Ехобаның назарынан тыс қалған жоқ. Степан өзіне өштескен жоғарғы кеңестегі яһуди дінбасыларының алдында куәлік етіп тұрғанда, қарсыластары оның “бет-жүзінің періштенікіне ұқсас екенін көрді” (Елшілердің істері 6:15). Оның бет-жүзі Құдайдың хабаршысының бет-жүзіндей болып, одан салтанатты ұлылықтың Құдайы Ехобадан келген тыныштық білініп тұрды. Жоғары кеңестің мүшелеріне батыл куәлік еткен соң, Степан Құдайдың рақымының ғажайып көрінісін сезінді. “Киелі Рухқа кенелген ол көкке қадала қарап, Құдайдың нұрлы салтанатын және Исаның Оның оң жағында тұрғанын көрді” (Елшілердің істері 7:55). Бұл жан тебірентерлік көрініс Исаның Құдай Ұлы әрі Мәсіх екеніне Степанның тағы да көзін жеткізді. Осылайша Ехоба кішіпейіл Степанды нығайтып, әрі өзінің ықыласына ие екеніне сендірді.
4. Ехоба салтанатты ұлылығын кімдерге ашады?
4 Степанға берілген көріністен байқалатындай, Ехоба өзінің салтанатты ұлылығы мен ниетін Құдайдан қорқатын, кішіпейіл және онымен қарым-қатынасын жоғары бағалайтындарға ашады. “Кішіпейілділік пен Ехобаны қастерлеу байлыққа, абырой мен шынайы өмірге кенелтер”,— дейді Киелі кітап (Нақыл сөздер 22:4, ЖД). Сол себепті де нағыз кішіпейілділік дегеніміздің не екенін, бұл маңызды қасиетті қалай дамытуға болатынын және оны өміріміздің барлық саласында танытқанымыздың қандай пайдасы барын түсініп алғанымыздың маңызы аса зор.
Кішіпейілділік — Құдайға тән қасиет
5, 6. а) Кішіпейілділік деген не? ә) Ехоба өзінің кішіпейілділігін қалай көрсетеді? б) Ехобаның кішіпейілділігі бізге қалай әсер ету керек?
5 Кейбіреулер үшін Ехобаның, Әлемдегі ең жоғары әрі ең ұлы Құдайдың, кішіпейілділіктің ең керемет үлгісі болып табылатыны таңғалдырарлық жайт болар. Дәуіт патша Ехобаға: “Сен құтқаратын қалқаныңды бересің, оң қолың мені қолдайды, сенің кішіпейілділігің менің мәртебемді көтереді”,— деген (Забур 18:35, ЖД [17:36]). Ехобаны кішіпейіл ретінде сипаттағанда, Дәуіт еврейдің “төмен еңкею, иілу” дегенді білдіретін түбір сөзін қолданған. Осы түбірмен “кішік”, “момындық” деген сөздер де байланысты. Олай болса, Ехоба кемелсіз Дәуітпен қарым-қатынаста болып, әрі оны өзінің өкілі ретінде патша етіп тағайындау үшін иіліп, кішіпейілдік танытқан. Забурдың 17-жырынан көретініміздей, Ехоба Дәуітті “барлық жаулары мен Саулдың қолынан құтқарып”, қорғап, қолдаған. Ал Дәуіт, өз кезегінде, патша ретінде қол жеткізген кез келген мәртебесі мен даңқы Ехобаның өзіне жасаған кішіпейіл әрекетіне байланысты екенін білген. Мұны ұғынғаны Дәуітке әрдайым кішіпейіл болуға көмектесті.
6 Біз туралы не деуге болады? Шындықты үйрету үшін Ехоба бізді таңдап алды, сондай-ақ ұйымында қызметіміз үшін ерекше мүмкіндіктер сыйлап немесе өзінің еркін орындау үшін қандай да бір жолмен бізді қолданған болар. Осының бәріне қалай қарауымыз керек? Біз кішіпейіл болуымыз керек емес пе? Ехобаның кішіпейілділігіне ризашылық білдіріп, түбі міндетті түрде бақытсыздыққа әкеп соғатын өз-өзімізді жоғарылатудан аулақ болуымыз керек емес пе? (Нақыл сөздер 16:18; 29:23).
7, 8. а) Ехобаның кішіпейілділігі Манасамен қарым-қатынасында қалай көрінді? ә) Кішіпейілділік танытуда Ехоба мен Манаса бізге қандай үлгі көрсетеді?
7 Ехоба кемелсіз адамдармен қарым-қатынаста болу арқылы ғана емес, мейірімін кішік жандарға төгуге — тіпті оларды тұрғызып не жоғарылатуға — әзір болуымен де зор кішіпейілділік көрсетуде (Забур 112:4—7). Мысалы, Яһуда патшасы Манасамен болған жайтты қарастырайықшы. Ол өзінің патша ретіндегі құрметті дәрежесін теріс пайдаланып, жалған ғибадаттың таралуына түрткі болды, сөйтіп, “Жаратқан Иенің көз алдында жексұрындық жасап, Оның қаһарын туғызды” (2 Шежірелер 33:6). Ақыр соңында, Ехоба Манасаны жазалап, Ассур патшасының оның тағын тартып алуына жол берді. Ол тұтқында болған кезінде Ехоба өзін Иерусалимге қайтарып, патша тағына қайта отырғызу үшін ‘Құдай Иесіне жалбарынып, Оның алдында бас ұрып, күнәсін мойындады’, әрі “Жаратқан Иенің шынайы Құдай екеніне көзі жетті” (2 Шежірелер 33:11—13). Иә, соңында Ехоба Манасаның кішіпейілдік танытқанын ұнатып, оны кешіру мен таққа қайта отырғызу арқылы өзі де кішіпейілділік көрсетеді.
8 Ехобаның кешіруге әзір болуы мен Манасаның күнәсына өкінуінен кішіпейілділікке қатысты маңызды сабақ алуымызға болады. Бізді ренжіткендерге қалай қарайтынымыз бен өзіміз күнә жасап қойғанда қалай әрекет ететініміз Ехобаның бізге деген көзқарасына әсер ететінін үнемі есімізде ұстауымыз керек. Егер өзгелердің күнәларын дайындықпен кешіріп және өзіміздің қателіктерімізді кішіпейілділікпен мойындайтын болсақ, Ехобаның мейіріміне үміттенуімізге болады (Матай 5:23, 24; 6:12).
Құдайдың салтанатты ұлылығы кішіпейілдерге ашылған
9. Кішіпейілділік әлсіздіктің белгісі ме? Түсіндіріңдер.
9 Бірақ кішіпейілділікті және онымен байланысты қасиеттерді әлсіздіктің белгісі немесе дұрыс емес нәрсеге көз жұмып қарау бейімділігі деп қателеспеу керек. Киелі жазбалардан көрінетіндей, Ехоба — кішіпейіл Құдай, десе де, егер жағдай қажет етсе, ол әділ қаһарын төгіп, ғаламат күшін көрсетеді. Кішіпейіл болғандықтан да, Ехоба кішіпейілдерге игі ниетпен қарап, немесе ерекше көңіл бөліп, ал өр көкіректерден өзін алшақ ұстайды (Забур 137:6). Ехоба өзінің кішіпейіл қызметшілеріне қалай ерекше көңіл бөледі?
10. 1 Қорынттықтарға 2:6—10 тармақтарда көрсетілгендей, Ехоба кішіпейілдерге нені ашады?
10 Өзі белгілеген уақытта әрі өзі таңдаған байланыс арнасы арқылы Ехоба кішіпейіл жандарға өз ниетін іске асыруға қатысты егжей-тегжейлі жайттарды ашады. Бұл керемет жайттар адамның даналығы мен ой-пікіріне көкірек керіп сенім артатындар, немесе қайтпай ұстанатындар, үшін құпия болып қала береді (1 Қорынттықтарға 2:6—10). Ал Ехобаның ниеті туралы тура түсінік алған кішіпейілдер болса Ехобаны мадақтауға талпынады, өйткені олар оның керемет ұлылығын жоғары бағалай түседі.
11. Бірінші ғасырда кейбіреулер өздеріне кішіпейілділік жетіспейтінін қалай көрсетті және мұның өздеріне қалай кесірі тиді?
11 Бірінші ғасырда көпшілігіне, соның ішінде өзін мәсіхшіміз дегендерге де, кішіпейілділік жетіспеген, сондықтан оларға елші Пауылдың Құдайдың ниеті жайлы ашқандарын қабылдау қиын болған. Пауыл ‘басқа халықтарға жіберілген елші’ болды, бірақ бұл ұлтының, білімінің, жасы не ұзақ жылғы қажырлы еңбегінің арқасында емес (Римдіктерге 11:13). Адами тұрғыдан қарайтындар бұларды көбінесе Ехобаның өз құралы ретінде кімді қолданатынын анықтайтын факторлар деп қарастырып жатады (1 Қорынттықтарға 1:26—29; 3:1; Қолостықтарға 2:18). Алайда Пауыл Ехобаның өз рақымы мен әділ ниетіне сай таңдаған адамы болған (1 Қорынттықтарға 15:8—10). Пауылдың “озат елшілер” деп атағандары, сондай-ақ өзге де қарсыластары, оны және оның Жазбаларға негізделген ой-пікірлерін қабылдаудан бас тартты. Кішіпейілділіктің жетіспеуі оларға Ехобаның ниетін қандай керемет жолмен жүзеге асыратынын түсінулеріне және сол жайлы білім алуларына кесірін тигізді. Біз де Ехобаның өз ниетін жүзеге асыруға қолдану үшін таңдаған адамдарын ешқашан бағаламай немесе айыптап жүрмейік (2 Қорынттықтарға 11:4—6).
12. Мұсаның мысалы кішіпейілдерге Ехобаның ықыласы түсетінін қалай көрсетеді?
12 Киелі кітапта кішіпейіл адамдардың Құдайдың сәулелі салтанатының нұрына бөленгендері жайлы көптеген мысалдар да бар. ‘Адамдардың арасындағы ең жуасы’, немесе момыны, болған Мұса Құдайдың салтанатты ұлылығын көріп, онымен тығыз қарым-қатынаста болған (Руларды санау 12:3). Бұл кішіпейіл жан 40 жыл қарапайым бақташы болып — оның көбісін араб түбегінде өткізсе керек — көп нәрседе Жаратушының зор ықыласына ие болған (Мысырдан шығу 6:12, 30). Ехобаның қолдауымен Мұса Исраил халқының өкілі әрі басты ұйымдастырушысы болды. Құдай екеуінің арасында жақсы қарым-қатынас болған. Аянда ол “Тәңірдің бейнесін” көрген (Руларды санау 12:7, 8; Мысырдан шығу 24:10, 11). Құдайдың осы кішіпейіл қызметшісін әрі өкілін мойындағандар да батаға ие болған. Осы іспеттес, біз де Мұсадан да ұлы пайғамбарды, яғни Исаны, сондай-ақ ол тағайындаған “адал да ақылды құлды” мойындап, бойсұнар болсақ, баталарға кенелеміз (Матай 24:45, 46, ЖД; Елшілердің істері 3:22).
13. Бірінші ғасырда қарапайым малшыларға Ехобаның ұлылығы қалай ашылды?
13 Періштелер: “Құтқарушыларың дүниеге келді, Ол — Иеміз Мәсіх!” — деп ізгі хабарды жариялағанда, ‘Иеміздің сәулелі салтанатының нұры’ кімдерге төгілген еді? Көкірек керген дінбасыларына не жоғары дәрежелі беделді адамдарға емес, ‘далада түнеп, малдарын күзетіп жатқан’ малшыларға төгілген еді (Лұқа 2:8—11). Бұлар өздерінің білімі мен кәсібі жағынан аса қадірлі емес-тін. Дегенмен Ехобаның көзі түскен, әрі Мәсіхтің туылуы жайлы хабарды бірінші болып естулері үшін таңдап алған адамдары еді. Иә, Ехоба өзінің салтанатты ұлылығын кішіпейіл әрі Құдайдан қорқатындарға ашады.
14. Кішіпейілдерге Құдай қандай баталар жаудырады?
14 Бұл мысалдардан біз қандай сабақ аламыз? Олар Ехобаның кішіпейілдерге ықыласын түсіретінін және өзінің ниеті туралы білім мен түсінікті тек сондайларға ашатынын көрсетеді. Ол бойында кейбіреулер күткендей ерекшеліктері жоқ адамдарды таңдап, өзінің ғажайып ниеттерін өзгелерге білдіру үшін қолданады. Бұл бізді басшылықты әрі қарай да Ехобадан, оның пайғамбарлық Сөзі мен ұйымынан іздей беруге талпындыру керек. Ехоба ғажайып ниеттерін кішіпейіл қызметшілеріне әрі қарай да аша беретініне сенімді болуымызға болады. Амос пайғамбар: “Тәңір Құдай өз құлдары — пайғамбарларға сырын ашпай, ешнәрсе жасамайды”,— деген (Амос 3:7).
Кішіпейілділікті дамытып, Құдайдың ықыласына ие бол
15. Неге әрдайым кішіпейіл болу үшін күш салуымыз керек және солай ету керектігі Исраил патшасы Саулдың жағдайынан қалай көрінеді?
15 Құдайдың ықыласынан айырылмау үшін әрдайым кішіпейіл болуға тиіспіз. Өйткені бір кездері кішіпейіл болған жан барлық уақытта сондай болып қала бермейді. Адамның кішіпейілдіктен айырылып, көкіректік пен мансапқорлыққа жол беріп қоюы әбден мүмкін. Ал бұл менмен етіп, қайғы-қасіретке ұшыратады. Исраилдің бірінші патшасы болып тағайындалған Саулмен дәл осылай болған. Алғаш рет таңдалғанда, ол ‘өзін кішімін’ деп санаған (1 Патшалықтар 15:17). Алайда екі жыл билік еткен соң-ақ, ол өзімшілдікпен әрекет етті. Ол Ехобаның құрбандық шалуға қатысты Самуил арқылы айтқан шараларын елеп-ескермеді және өз қолымен құрбандық шалғанын жуып-шаю үшін сылтаулар ойлап тапты (1 Патшалықтар 13:1, 8—14). Бұл оған кішіпейілділік жетіспейтінін көрсететін бірнеше оқиғалардың бастамасы еді. Мұның салдарынан Құдайдың рухы мен ықыласынан айырылып, ал аяғы масқара өлімге әкеп соқты (1 Патшалықтар 15:3—19, 26; 28:6; 31:4). Бұдан алатын сабақ ап-айқын: біз әрдайым кішіпейіл де мойынсұнғыш болуға барынша күш салуға және бойымыздағы менмендікті басып-жаншуға тиіспіз. Осылайша Құдайдың ықыласынан айырылуға әкеп соғатын өзімшіл әрекет етуден аулақ боламыз.
16. Ехобамен және бауырластармен қарым-қатынасымыз жайлы ой жүгірткеніміз кішіпейілділік дамытуымызға қалай көмектеседі?
16 Кішіпейілділік Құдайдың киелі рухының жемісінің бір бөлігі болып табылмаса да, бұл — бойымызда дамытуға тиіс Құдайға тән қасиет (Ғалаттықтарға 5:22, 23; Қолостықтарға 3:10, 12). Бұл қасиет ой-қалпымызды, яғни өзімізге және өзгелерге қалай қарайтынымызды білдіретіндіктен, оны дамыту үшін саналы түрде күш салу қажет. Ехобамен және бауырластарымызбен қарым-қатынасымыз жайлы байыппен ой жүгірткеніміз әрдайым кішіпейіл болуымызға көмектеседі. Ехобаның көз алдында пенде атаулының бәрі уақытша ғана өсетін көк шөпке ұқсайды, кейін ол солып, қурап қалады. Адамдар сондай-ақ даладағы шегірткелер тәрізді (Ишая 40:6, 7, 22). Бір тал көк шөп сабағының өзгелерінен сәл биіктеу болғаны үшін кекіреюіне себеп бар ма? Ал бір шегірткенің өзгелерінен сәл ұзағырақ секіре алатыны үшін мақтанып-паңдануына негіз бар ма? Тіпті бұлай ойлаудың өзі ақымақтық. Сондықтан да елші Пауыл сол кездегі бір сенімдегілердің естеріне былай деп салған: “Әлдекім сендерді басқалардан ерекше етті ме? Құдайдан қабылдамаған нелерің бар? Бәрін қабылдаған соң, несіне өз жетістігіміз деп мақтанасыңдар?” (1 Қорынттықтарға 4:7). Киелі кітаптағы осындай тармақтардың үстінен ой жүгірткеніміз кішіпейілділікті дамытып, оны өмірімізде танытуға көмектеседі.
17. Даниял пайғамбарға кішіпейілділікті дамытуға не көмектесті және бізге де солай етуге не көмектеседі?
17 Еврей пайғамбары Даниял өзін ‘кіші тұтқаны’, яғни кішіпейілділігі үшін Құдайдың көз алдында ең ‘қалаулы адам’ деп аталған (Даниял 10:11, 12). Даниялға кішіпейілділік дамытуға не көмектесті? Ең алдымен, ол үнемі дұға ете отырып, Ехобаға берік сенетінін көрсеткен (Даниял 6:10, 11). Сонымен қатар ол Құдай Сөзін дұрыс ниетпен әрі бар ынтасымен зерттеуші болған, ал бұл оған Құдайдың ұлы ниеттеріне қатысты аянын есінде айқын сақтауына көмектесті. Сондай-ақ ол халқының ғана емес, өз басының да кемшіліктерін мойындауға дайын болған. Оны шындап қызықтырған өзінің емес, Құдайдың әділдігін қолдау еді (Даниял 9:2, 5, 7). Даниялдың керемет үлгісінен сабақ алып, кішіпейілділікті дамытуға және оны өміріміздің барлық саласында көрсетуге барынша тырысамыз ба?
18. Бүгінде кішіпейілділік танытатындарды нендей ғажайып нәрсе күтіп тұр?
18 Нақыл сөздер 22:4-те (ЖД): “Кішіпейілділік пен Ехобаны қастерлеу байлыққа, абырой мен шынайы өмірге кенелтер”,— делінеді. Иә, Ехоба кішіпейілдерге ықыласын түсіреді, әрі мұның нәтижесі ұлылық пен өмір болмақ. Құдайға қызмет етуден бас тартуға шақ қалған, бірақ кейіннен Ехоба ой-қалпын қайта түзеткен забур жыршысы Асаф: “Ақыл-кеңесіңмен мені жетелеп, соңында ұлылықпен қабылдайсың”,— деп кішіпейілдікпен мойындаған (Забур 72:24). Мұның бүгінде бізге қандай қатысы бар? Кішіпейілділік танытқандарды нендей ғажайып нәрсе күтіп тұр? Ехобаның ықыласына ие болып және онымен тығыз қарым-қатынаста болумен қатар, олар Дәуіт патшаның Құдайдың рухының жетелеуімен жазылған: “Момындар жерді мұра етіп, бейбітшіліктің көптігімен рақаттанады”,— деген сөздерінің орындалуын өз көздерімен көруге үміттене алады. Расында да, неткен ғажайып болашақ! (Забур 36:11).
Естеріңде ме?
• Ехоба өзінің салтанатты ұлылығын ашқан Степан қалайша кішіпейілділіктің үлгісі болып табылады?
• Ехоба қалайша кішіпейілділік танытады?
• Ехоба ұлылығын кішіпейілдерге ашатынын қандай мысалдар көрсетеді?
• Кішіпейілділік дамытуымызға Даниялдың үлгісі қалай көмектеседі?
[22-беттегі қоршау]
Өжет, десе де кішіпейіл
1919 жылы Сидар-Пойнтта (АҚШ, Огайо штаты) өткен Киелі кітапты зерттеушілер (қазір Ехоба Куәгерлері) конгресінде бақылаушы болған 50 жастағы Дж. Ф. Рутерфорд өз еркімен конгресс делегаттары мен олардың жүктерін қонақ үй бөлмелеріне жеткізіп салу қызметін қуана-қуана атқарады. Конгрестің соңғы күні ол 7 000 тыңдаушыны мынадай сөздерімен дүр сілкіндіреді: “Сендер патшалардың Патшасының және иелердің Иесінің өкілісіңдер. Адамдарға... Иеміздің салтанатты патшалығы туралы жариялаудасыңдар”. Рутерфорд бауырласымыз сенімі берік, күшті сөйлейтіндігімен әйгілі әрі шындық деп есептегенінен еш бас тартпайтын адам болғанымен, Құдайдың алдында өте кішіпейіл болған. Мұнысы оның Бетелдегі таңғы ғибадатта айтқан дұғасынан көрініп тұратын.
[19-беттегі сурет]
Жазбаларды жақсы білетін Степан кішіпейілділікпен тамақ үлестірумен айналысты
[20-беттегі сурет]
Манасаның кішіпейілділік көрсеткені Ехобаға ұнамды болды
[22-беттегі сурет]
Даниялды ең ‘қалаулы адам’ еткен не?