Құдайдың салтанатты ұлылығын көрсетесің бе?
“Иеміздің [Ехобаның] салтанатты ұлылығын меңзеп, айнадан көрсеткендей боламыз” (ҚОРЫНТТЫҚТАРҒА 2-ХАТ 3:18, сілтемені қараңдар).
1. Мұса нені көрді және содан кейін не болды?
БҰЛ бұрын-соңды ешбір жан көрмеген, көңілге қастерлі қорқыныш ұялататын көріністердің бірі еді. Синай тауының басында жалғыз тұрған Мұсаның ерекше өтініші орындалып, оған ешбір адам баласы көрмеген нәрсені, яғни Ехобаның салтанатты ұлылығын, көруге рұқсат етіледі. Әрине, Мұса Ехобаның өзін көрген жоқ. Ехобаның сәуле шашқан бейнесі соншама ғажап, оны көрген пенде тірі қалмайды. Сондықтан Ехоба Мұсаның қасынан өтіп кеткенше, періштені қолданған болуы керек, оны ‘алақанымен көлегейледі’. Сонан кейін Ехоба Мұсаға өзінің салтанатты ұлылығының сәулесін көруге рұқсат етті. Ол сондай-ақ Мұсамен періште арқылы сөйлесті. Бұдан кейін не болғанын Киелі кітап былай сипаттайды: “Мұса Синай тауынан төмен түсті. Ол Жаратқан Иемен [Ехобамен] тілдескендіктен бет-жүзі нұр шашып жарқырап тұрды” (Мысырдан шығу 33:18—34:7, 29).
2. Мәсіхшілер көрсететін салтанатты ұлылық жайлы Пауыл не жазды?
2 Өзіңді Мұсамен бірге сол таудың басында тұрмын деп елестетіп көрші. Құдіреті зор Құдайдың көз шағылыстырарлық ұлылығын көріп, оның сөздерін есту қандай жан тебірентерлік болар еді! Ал Заң келісімінің келістірушісі Мұсамен бірге Синай тауынан түсу қандай зор мәртебе болған болар еді! Алайда шынайы мәсіхшілер Құдайдың салтанатты ұлылығын тіпті Мұсанікінен де асып түсетін жолмен көрсететінін білесің бе? Осы терең жайт елші Пауылдың хатында жазылған. Ол майланған мәсіхшілердің ‘Иеміздің [Ехобаның] салтанатты ұлылығын меңзеп, айнадан көрсететінін’ жазған (Қорынттықтарға 2-хат 3:7, 8, 18, сілтемені қараңдар). Жерде өмір сүруге үміті бар мәсіхшілер де қандай да бір мағынада Құдайдың салтанатты ұлылығын көрсетеді.
Мәсіхшілер Құдайдың салтанатты ұлылығын қалай көрсетеді?
3. Біз Ехобаны Мұса біле алмаған қандай жолдармен білдік?
3 Құдайдың салтанатты ұлылығын біз қалай көрсете аламыз? Біз Мұса сияқты Ехобаны көріп, даусын естіген жоқпыз. Алайда Ехобаны Мұса біле алмаған жолдармен білдік. Мәсіх ретінде Иса Мұса өлген соң, шамамен 1 500 жылдан кейін ғана келген. Демек, Мұса Заңның адамзатты күнә мен өлімнің ауыр зардабынан азат ету үшін өлген Исада қалай орындалатынын біле алмады (Римдіктерге 5:20, 21; Ғалаттықтарға 3:19). Оның үстіне, Мұса Мәсіхтің Патшалығы мен оның жер бетінде орнататын Жұмағына қатысты Ехобаның ниетінің ұлылығын тек белгілі бір шамада ғана түсінген. Ал біз Ехобаның салтанатты ұлылығын кәдімгі көзімізбен емес, мәсіхшілер іліміне негізделген сенім көзімен көреміз. Сонымен қатар Ехобаның даусын періште арқылы емес, Киелі кітап, әсіресе Исаның ілімдері мен қызметі жайлы өте жақсы жазылған Інжіл, арқылы естиміз.
4. а) Қалай майланған мәсіхшілер Құдайдың салтанатты ұлылығын көрсетеді? ә) Жер бетінде өмір сүруге үміттенетіндер ше?
4 Мәсіхшілер Құдайдың салтанатты ұлылығын бет-жүздерінен нұр шашып көрсетпегенімен, Ехобаның керемет қасиеттері мен ниеттері жайлы өзгелерге айтып жатқанда, олардың жүздері жайнап тұрады. Біздің күнімізге қатысты Ишая пайғамбар Құдайдың қызметшілері ‘халықтарға [Ехобаның] асқан ұлылығын жариялайтынын’ алдын ала айтқан (Ишая 66:19). Оның үстіне, Қорынттықтарға 2-хат 4:1, 2-ден былай деп оқимыз: “Осы қызметке ие болған біз... құпия да ұят қылықтардан аулақ жүріп, ешқандай қулық-сұмдықты қолданбаймыз. Құдайдың хабарын бұрмаламаймыз да: Оның көз алдында шындықты ашық уағыздап, өзімізді барлық адамдардың ар-ұждандарына таныстырамыз”. Пауыл бұл жерде ‘Жаңа келісімге сай қызмет ететін’ майланған мәсіхшілер жайлы айтып тұрған еді (Қорынттықтарға 2-хат 3:6). Бірақ олардың қызметтері жер бетінде мәңгі бақи өмір сүру үмітіне ие болып отырған сан мыңдаған адамдарға көмектесті. Осы екі топ та қызметтерінде Ехобаның салтанатты ұлылығын үйретіп жатқан нәрселерімен де, өмір салттарымен де көрсетеді. Ең жоғары Құдайдың салтанатты ұлылығын көрсету — біз үшін зор мәртебе әрі жауапкершілік!
5. Рухани өркендеуіміз нені дәлелдейді?
5 Бүгінде Құдай Патшалығы туралы қуанышты ізгі хабар, Иса алдын ала айтқандай, күллі әлемге уағыздалуда (Матай 24:14). Барлық ұлттан, халықтан және тілден шыққан адамдар ізгі хабарды қуанышпен қабыл алып, Құдайдың еркін орындау үшін өмірлерінде өзгерістер жасады (Римдіктерге 12:2; Аян 7:9). Ертедегі мәсіхшілер секілді олар да көріп-естігендері туралы үнсіз қала алмайды (Елшілердің істері 4:20). Алты миллионнан астам адам бүгінде Құдайдың салтанатты ұлылығын көрсетуде. Ал бұл — адамзат тарихындағы ең үлкен сан. Сен де солардың арасындасың ба? Құдай халқының рухани өркендеуі — Ехобаның батасын беріп, әрі қорғаныш болып жатқандығының бұлтартпас дәлелі. Ал бізге қандай қуатты күштер қарсыласып жатқанын ескерсек, онда бізде Ехобаның рухының бар екендігі айдан-анық. Енді неге бізде Ехобаның рухы бар деп айтуымызға болатынын қарастырып көрейік.
Құдай халқы үндемей қалмайды
6. Ехобаның жағына шығу үшін неге сенім мен батылдық қажет?
6 Сені жауыз қылмыскерге қарсы куәлік беруге соттың алдына шақырды делік. Сен оның күшті ұйымы бар екенін және өзін әшкерелеуіңе жол бермеу үшін қолынан келгеннің бәрін істейтінін білесің. Мұндай қылмыскерге қарсы куәлік айту үшін, саған батыл болу қажет және үкіметтің сені қорғайтынына сенімді болуың керек. Біз де осыған ұқсас жағдайдамыз. Ехоба мен оның ниеті туралы куәлік еткенде, Шайтанға қарсы куәлік беріп, оның кісі өлтіруші әрі бүкіл әлемді алдап келе жатқан өтірікші екенін әшкерелейміз (Жохан 8:44; Аян 12:9). Ехобаның жағына шығып, Шайтанға қарсы тұру үшін сенім мен батылдық қажет.
7. Шайтанның ықпалы қандай және ол не істеуге тырысып бағуда?
7 Әрине, Ехоба — Ең жоғарғы Құдай. Оның күші Шайтанның күшінен шексіз зор. Ехобаға адал қызмет ететін болсақ, оның бізді қорғауға шамасы жетіп қана қоймай, соны қатты қалайтынына сенімді болуымызға болады (Шежірелер 2-жазба 16:9). Сөйткенмен де Шайтан — жын-перілер мен Құдайдан безген осы дүниенің билеушісі (Матай 12:24, 26; Жохан 14:30). Жердің маңайына қуылған әрі “қатты ашулы” ол Ехобаның қызметшілеріне барынша қарсылық жасауда. Ол осы дүниені қолданып, ізгі хабарды уағыздап жүргендердің аузын жабуға тырысып бағуда (Аян 12:7—9, 12, 17). Мұны қалай істеуде? Ол, кем дегенде, үш жолды қолданады.
8, 9. Шайтан адамдардың сүйіспеншілігін не нәрсеге бағыттайды және неге араласатын ортамызды байқап таңдауымыз керек?
8 Біріншіден, Шайтан күнделікті тіршілік қамымен көңілімізді алаңдатуға тырысады. Осы соңғы дәуірдегі адамдар ақшақұмар, өзімшіл және ләззат-ермекті артық көреді. Олар Құдайды жақсы көрмейді (Тімотеге 2-хат 3:1—4). Бар ойларын күнделікті тіршілік қамы жаулап алған адамдардың басым көпшілігі айтқан ізгі хабарымызды ‘ұқпайды’, немесе ойланбайды. Олар жай ғана Киелі кітаптағы шындықты білуге қызықпайды (Матай 24:37—39). Мұндай көзқарас адамға тез әсер етіп, бізді рухани маужыратып тастауы мүмкін. Егер бойымызда дүние-мүлік пен ләззат-ермекке деген сүйіспеншілікті дамытуға жол берсек, Құдайға деген сүйіспеншілігіміз суып кетеді (Матай 24:12).
9 Сол себепті де мәсіхшілер араласатын ортасын байқап таңдайды. Сүлеймен патша: “Данамен жолдас болған дана болар, Наданмен жолдас болған бұзылар”,— деп жазған (Нақыл сөздер 13:20). Ал біз Құдайдың салтанатты ұлылығын көрсететіндермен бірге жүрейік. Осылай еткеніміз қандай жақсы! Рухани бауырластармен қауымда не басқа уақыттарда бас қосқанда, олардың сүйіспеншілігінен, сенімінен, қуаныштары мен даналықтарынан жігер аламыз. Мұндай игілікті қарым-қатынас қызметімізді табандылықпен жалғастыра беруге көмектеседі.
10. Құдайдың салтанатты ұлылығын көрсететіндерге Шайтан қалай келеке-мазақты қолданып қарсыласуға тырысады?
10 Екіншіден, Шайтан келеке-мазақ арқылы мәсіхшілерге Құдайдың салтанатты ұлылығын көрсетуге кедергі жасауға тырысады. Оның бұл тәсілі бізді таңғалдырмау керек. Жердегі қызметінің барысында Иса Мәсіхті де келеке еткен, яғни оған күліп, мазақтап, қорлап, тіпті бетіне түкірген (Марқа 5:40; Лұқа 16:14; 18:32). Ертедегі мәсіхшілерді де келеке-мазақ еткен (Елшілердің істері 2:13; 17:32). Қазіргі Ехобаның қызметшілерін де солай қорлауда. Елші Петірдің сөздеріне сай, оларға “жалған пайғамбарлар” деген ат таңады. Ол былай деп алдын ала айтқан: “Соңғы заманда арам құмарлықтарына салынып, сендерді келемеждейтін адамдардың шығатынын біліңдер. Мұндайлар: — Оның қайтып келетіні жөніндегі уәдесімен не болды, ә?.. барлық жайттар еш өзгеріссіз, жаратылыстың басталуынан бергі қалпында қалып келеді,— дейді” (Петірдің 2-хаты 3:3, 4). Құдай халқын өмірден артта қалғандар деп келемеждеп, ал Киелі кітаптың өнегелік нормаларын ескірген деп санайды. Сондай-ақ айтып жүрген хабарымыз олар үшін ақымақтық (Қорынттықтарға 1-хат 1:18, 19). Мәсіхші болғанымыз үшін мектепте, жұмыс орнында, тіпті кейде өз отбасымызда келеке-мазақ етеді. Бірақ ештеңеге қарамастан, уағызымыз арқылы Құдайдың салтанатты ұлылығын көрсетуді жалғастыра береміз, өйткені Иса сияқты біз де Құдай Сөзінің шындық екенін білеміз (Жохан 17:17).
11. Мәсіхшілердің аузын жабу үшін, Шайтан қарсылықтарды қалай қолданады?
11 Ібілістің бізді сөйлетпей тастау үшін қолданатын үшінші бір әдісі — қарсылық көрсету не қудалау. Иса ізбасарларына: “Жұрт сендерді азаптап, өлтіру үшін ұстап береді. Менің атымды мойындағандарыңа бола барлық ұлттар сендерді жек көретін болады”,— деген (Матай 24:9). Расында да, Ехоба Куәгерлері ретінде біз көп жерлерде қатты қудалауларға кезігудеміз. Құдайға қызмет етушілер мен Шайтан Ібіліске қызмет етушілердің арасында осындай жеккөрушілік, немесе өшпенділік, болатынын Ехоба осыдан ұзақ уақыт бұрын айтқан (Жаратылыс 3:15). Сонымен қатар сынақтарда мінсіздігімізді сақтауымызбен Ехобаның бүкіл әлемге билік етуге құқы бар екенін растайтынымызды білеміз. Осыны білгеніміз тіпті өте ауыр жағдайларда да табанды болуымызға көмектеседі. Егер Құдайдың салтанатты ұлылығын көрсетуге деген шешімімізге берік болсақ, ешбір қарсылық аузымызды жауып тастай алмайды.
12. Шайтанның қарсылығына қарамастан, адалдық сақтағанымыз үшін неге қуануымыз керек?
12 Осы дүниенің еліктірулеріне берілмей, келеке-мазақ пен қарсылықтарға қарамастан, адал болып қалудасың ба? Онда сенде қуануға негіз бар. Иса соңынан еретіндерді былай деп сендірген: “Адамдар сендерді Маған бола қорлап, қудалап, Әр түрлі жала жауып жамандаса, бақыттысыңдар! Қуана шаттаныңдар! Себебі көкте сендерді зор сыйларың күтіп тұр! Жұрт сендерден бұрынғы пайғамбарларды да солай қудалаған” (Матай 5:11, 12). Табанды болғаның сенде Құдайдың салтанатты ұлылығын көрсетуге мүмкіндік беретін Ехобаның құдіретті киелі рухы бар екенін дәлелдейді (Қорынттықтарға 2-хат 12:9).
Ехоба табанды болуға көмектеседі
13. Қызметімізде табанды болудың басты себебі қандай?
13 Қызметте табанды болуымыздың басты себебі — Ехобаны сүйеміз және оның салтанатты ұлылығын көрсету біз үшін қуаныш. Адам өзі жақсы көріп, құрметтейтін кісісіне еліктеуге бейім. Ал Ехоба Құдайдан артық еліктеуге тұрарлық ешкім жоқ. Ол зор сүйіспеншілігінің арқасында Ұлын шындық туралы куәлік ету үшін және тілалғыш адамзатты азат ету үшін жер бетіне жіберді (Жохан 3:16; 18:37). Құдай сияқты біз де барлық адамдардың күнәларына өкініп, құтқарылғандарын қалаймыз, міне, сол себептен де оларға уағыздаймыз (Петірдің 2-хаты 3:9). Осы ықыласымыз бен Құдайға еліктеуге белді бекем буғанымыз оның салтанатты ұлылығын қызметіміз арқылы тынбай көрсете беруге талпындырады.
14. Қызметімізде табанды болуға Ехоба қалай көмектеседі?
14 Сонымен қатар мәсіхшілер қызметінде табанды болуға Ехоба күш береді. Ол өзінің рухы, ұйымы және өз Сөзі Киелі кітап арқылы қуаттап, нығайтады. Ехоба салтанатты ұлылығын көрсетуге дайын адамдарға табандылық береді. Сондай-ақ дұғаларымызға жауап беріп, сынақтарға төтеп беру үшін даналық береді (Римдіктерге 15:5; Жақып 1:5). Оның үстіне, Ехоба төзуге шамамыз келмейтін сынақтардың басымызға түсуіне жол бермейді. Егер Ехобаға сенім артатын болсақ, ол өзінің салтанатты ұлылығын көрсете беруіміз үшін жағдай жасайды (Қорынттықтарға 1-хат 10:13).
15. Табанды болуымызға не көмектеседі?
15 Қызметімізде табанды болғанымыз бізде Құдай рухы бар екенін көрсетеді. Мысалы, әлдекім сенен үйме-үй жүріп тегін нан үлестіруді өтінді делік. Әрі бұған өз қаражатың мен уақытыңды жұмсауың керек. Оның үстіне, көп кешікпей-ақ наныңды азғана адамның алғысы келетінін байқайсың, ал кейбіреулері нан үлестіріп жүргеніңе тіпті кедергі жасайды. Осындай жұмысты айлап, жылдап істей алар ма едің? Істей алмасаң керек. Алайда ізгі хабарды жариялауда өз уақытың мен қаражатыңды жылдар, тіпті ондаған жылдар, бойы жұмсап келе жатқан боларсың. Не үшін? Бұны Ехобаны сүйетіндіктен істеп жатқан жоқсың ба? Сондай-ақ табанды болуға тырысып жатқаның Ехобаның киелі рухымен көмектескенінің арқасында емес пе? Әрине, солай!
Есте қалатын іс
16. Қызметімізде табанды болғанымыз өзіміз үшін және тыңдаушыларымыз үшін нені білдіреді?
16 Жаңа келісімге сай қызмет — теңдесі жоқ сый (Қорынттықтарға 2-хат 4:7). Сол сияқты басқа қойлардың жер шарында атқарып жатқан қызметтері де өте құнды. Қызметіңде әрі қарай да табандылық көрсетер болсаң, Пауылдың Тімотеге жазғанындай, ‘өзіңді және тыңдаушыларыңды аман сақтап’ қала аласың (Тімотеге 1-хат 4:16). Мұның нені білдіретінін ойлап көрші: айтып жүрген ізгі хабарыңның арқасында адамдар мәңгі өмір сүре алады! Сен рухани жағынан көмектескен адамдарыңмен жақын достасасың. Құдайды білуге көмектескен адамдарыңмен бірге мәңгі бақи Жұмақта өмір сүру қаншалықты қуанышты екенін елестетіп көрші! Сөз жоқ, олар да көмектесуге барынша күш салғаныңды ешқашан ұмытпайды. Бұл шын мәнінде қанағат сезіміне бөлейді.
17. Неге қазіргі кезді адамзат тарихындағы ең ерекше кезең деп айтуға болады?
17 Сен адамзат тарихындағы ең ерекше кезеңде өмір сүрудесің. Бұдан кейін құдайсыздар дүниесіне ізгі хабар ешқашан жарияланбайды. Бір кездері Нұх та осындай дүниеде өмір сүрген және оның жойылғанын көрді. Ол өзін, және отбасын сақтап қалуға көмектескен Құдайдың кемені тұрғызуға қатысты еркін адалдықпен орындағанын білгенде, сондай қуанған болса керек! (Еврейлерге 11:7). Сен де солай қуана аласың. Жаңа дүниеде Патшалықтың мүддесі үшін соңғы күндері қолыңнан келгеннің бәрін жасағаныңа қарап, не сезінетініңді ойлап көрші.
18. Ехоба өз қызметшілерін неге сендіреді және ол бізді неге шақырады?
18 Олай болса, әрі қарай да Құдайдың салтанатты ұлылығын көрсете берейік. Сонда бұл мәңгі есімізде қалатын нәрсе болады. Ехоба да біздің істеген істерімізді ұмытпайды. Киелі кітап былай деп сендіреді: “Құдай әділетсіз емес. Ол жасаған игі істеріңді, өз адамдарына берген, әлі де беріп жатқан көмектерің арқылы Өзіне де көрсеткен сүйіспеншіліктеріңді ешқашан есінен шығармайды. Әрқайсыларыңның үміттеріңді соңына дейін берік ұстануларың үшін де осындай ынта-жігер танытқандарыңды аңсап тілейміз. Жігерсіз болуларыңды қаламаймыз, керісінше, сенім мен шыдамдылық көрсетіп, уәде етілген игіліктерді иемденгендерден үлгі алыңдар!” (Еврейлерге 6:10—12).
Түсіндіріп бере аласыңдар ма?
• Мәсіхшілер Құдайдың салтанатты ұлылығын қалай көрсетеді?
• Құдай халқының аузын жабу үшін, Шайтан қандай әдістерді қолданады?
• Бізде Ехобаның рухы бар екені неден көрінеді?
[9-беттегі сурет]
Мұсаның жүзі Құдайдың салтанатын көрсетіп жарқырап тұрды
[10-беттегі суреттер]
Қызметімізде Құдайдың салтанатты ұлылығын көрсетеміз