Сен кімді тыңдайсың: Құдайды ма, әлде адамдарды ма?
“Адамдарды емес, Құдайды көбірек тыңдау керек!” (ЕЛШІЛЕРДІҢ ІСТЕРІ 5:29).
1. а) Осы мақала қандай тармаққа негізделген? ә) Неге елшілер тұтқынға алынды?
ЯҺУДИЛЕРДІҢ жоғарғы сотының төрешілерін ыза кернеген болу керек. Өйткені тұтқындар орнында жоқ болып шықты. Олар осыдан бірнеше апта бұрын жоғарғы сот өлім жазасына кескен Иса Мәсіхтің елшілері болатын. Сот енді оның ең жақын ізбасарларының көзін құртпақ. Бірақ сақшылар оларды соттың алдына әкелмек болып барғанда, түрменің есігі бекітулі, ал іші бос болып шығады. Көп кешікпей олар елшілердің Иерусалимдегі ғибадатханада Иса Мәсіх туралы адамдарға батылдықпен үйретіп тұрғанын біледі. Олар дәл осы істері үшін тұтқынға алынған еді ғой! Сақшылар тіке ғибадатханаға барып, елшілерді тұтқындап, соттың алдына әкеледі (Елшілердің істері 5:17—27).
2. Періште елшілерге не істеуді бұйырды?
2 Елшілерді түрмеден босатқан періште еді. Олар алдағы қудалаулардан құтылу үшін босатылды ма? Жоқ. Періште оларды Иерусалимнің тұрғындарына Иса Мәсіх туралы ізгі хабарды естірту үшін босатты. Ол елшілерге: “Халыққа осы Жаңа өмір жайлы Ізгі хабарды түгел жариялаңдар!”— деп бұйырды (Елшілердің істері 5:19, 20). Сақшылар ғибадатханаға келген кезде, елшілер періштенің бұйрығын мойынсұнушылықпен орындап тұрған болатын.
3, 4. а) Уағыздауды тоқтатуды бұйырғанда, Петір мен Жохан қалай жауап берді? ә) Басқа елшілер ше?
3 Сол батыл уағыздаушылардың екеуі, елші Петір мен Жохан, бұдан бұрын да соттың алдына әкелінген болатын. Мұны бас төреші Жүсіп Қаяфаның қатаң ескертуінен көруге болады, ол: “Біз сендерге сол Адамның [Исаның] атынан тәлім беруге қатаң тыйым салған жоқпыз ба? Алайда сендер ілімдеріңді бүкіл Иерусалимге таратыпсыңдар”,— деген еді (Елшілердің істері 5:28). Қаяфа Петір мен Жоханды тағы да соттың алдында көріп тұрғанына таңғалмаған болса керек. Уағыздауды тоқтатуды алғаш рет бұйырғанда, екі елші: “Құдайды емес, сіздерді тыңдау Оның алдында жөн болар ма екен, оны өздеріңіз шешіңіздер. Алайда біз көріп-естігендеріміз туралы үнсіз қала алмаймыз”,— деп жауап берген болатын. Ертедегі пайғамбар Еремия сияқты Петір мен Жохан да уағыздау тапсырмасынан бас тарта алмады (Елшілердің істері 4:18—20; Еремия 20:9).
4 Енді тек Петір мен Жоханның ғана емес, елшілердің бәрінің де, жаңадан таңдалған Матияның да, қандай көзқарасты ұстанатындарын сот алдында жария етуге мүмкіндіктері болды (Елшілердің істері 1:21—26). Уағыздауды тоқтатуды бұйырғанда, олар да батылдықпен: “Адамдарды емес, Құдайды көбірек тыңдау керек!”— деп жауап қатты (Елшілердің істері 5:29).
Құдайды тыңдау керек пе, жоқ адамды ма?
5, 6. Неге елшілер соттың бұйрығын тыңдамады?
5 Елшілер заңға мойынсұнғыш болған, олар кәдімгі жағдайда соттың бұйрығына бағынған болар еді. Алайда Құдайдың қандай да бір бұйрығын орындатқызбауға ешкімнің де, еш нәрсенің де, мейлі ол қаншалықты күшті болса да, құқы жоқ. Ехоба — “бүкіл жер бетіндегілердің барлығынан да Ең Жоғары” (Забур 83:18, ЖД; [82:19]). Ол — “бүкіл әлемнің Қазысы” ғана емес, сондай-ақ Ең Жоғарғы Заң шығарушы және мәңгіліктің Патшасы. Ал Құдайдың қандай да бір бұйрығына қарсы келетін соттың кез келген шешімінің Құдайдың көз алдында ешқандай күші жоқ (Жаратылыс 18:25; Ишая 33:22).
6 Бұл жайтты кейбір көрнекті заң мамандары мойындаған. Мысалы, XVIII ғасырдың атақты ағылшын заңгері Уильям Блэкстон адам заңының ешқайсысының да Киелі кітапта жазылған Құдай заңына қайшы келуіне жол бермеу керектігін жазған. Демек, Жоғарғы кеңес елшілерге уағыздауды тоқтатуды бұйырғанда, шектен шығып кеткен болатын. Олар бұл бұйрықты еш орындай алмайтын еді.
7. Неге діни қызметкерлер уағыздау ісіне ашуланды?
7 Елшілердің уағызды жалғастырып, алған беттерінен қайтпайтынын көргенде, діни қызметкерлерді ашу кернеді. Олардың кейбіреулері, Қаяфа да, қайта тірілуге сенбейтін саддукейлер еді (Елшілердің істері 4:1, 2; 5:17). Елшілер болса Исаның өлімнен тірілгені жайлы тайсалмай айта берді. Оның үстіне, кейбір басты діни қызметкерлер Рим билеушілерінің ықыласына ие болу үшін бәрін істеуге дайын еді. Исаның соты кезінде, Пилат оны патша ретінде мойындауды ұсынғанда, олар тіпті: “Рим патшасынан басқа ешқандай патшамыз жоқ!”— деуге дейін барды (Жохан 19:15)a. Елшілер Исаның қайта тірілгенін айтып қана қоймай, Исадан басқа ‘аспан астында бізді құтқаратын басқа біреудің есімі адамдарға бұйырмағаны’ жайлы да үйретті (Елшілердің істері 2:36; 4:12). Егер халық қайта тірілген Исаға Көсемдері ретінде қарай бастаса, діни қызметкерлер римдіктер келіп, яһуди басшылары ‘киелі үйі мен ұлтынан’ айырылып қалуы мүмкін деп, қатты қорқатын (Жохан 11:48).
8. Жоғары кеңеске Гамалиел қандай дана кеңес берді?
8 Жоғары кеңес Иса Мәсіхтің елшілерін өлтіруге бел буған болатын (Елшілердің істері 5:33). Алайда жағдай күтпеген жерден өзгеріп шыға келді. Заң мұғалімі Гамалиел орнынан тұрып, әріптестеріне асығыс әрекет жасамауды ескертті. Ол даналықпен былай деді: “Егер бұл әрекет адам бастаған іс болса, ол өзінен-өзі құриды, бірақ Құдайдан болса, оны құрта алмайсыздар”. Сонан кейін ол: “Тіпті Құдайға қарсы күресетін боласыздар”,— деген өте маңызды сөздер айтты (Елшілердің істері 5:34, 38, 39).
9. Елшілердің ісі Құдайдан екендігі қалай дәлелденді?
9 Бір таңғаларлығы, сот Гамалиелдің кеңесіне құлақ асты. Жоғары кеңес “елшілерді шақыртып, дүре соқтырып, тағы да Исаның атынан уағыз айтуға қатты тыйым салған соң босатып жіберді”. Бірақ бұдан елшілер сескенбей, қайта, періштенің уағыздауға қатысты бұйрығын әрі қарай да тыңдауға бел буды. Сондықтан босатылғаннан кейін “олар күн сайын ғибадатханада және үйлерде тәлім беріп, Исаның Мәсіх екендігін уағыздауларын тоқтатқан жоқ” (Елшілердің істері 5:40, 42). Ехоба олардың әрекетіне қалай батасын берді? “Құдай сөзі кеңінен тарап, Иерусалимде Мәсіх жолын қуушылардың саны көбейе берді”. Тіпті “діни қызметкерлердің үлкен бір тобы да Мәсіхке мойынсұнып, сене бастады” (Елшілердің істері 6:7). Бұл басты діни қызметкерлер үшін төбелеріне жай түскендей болған болса керек. Елшілердің ісі Құдайдан екендігі барған сайын айқын бола түсті.
Құдайға қарсы күресушілер жеңіске жете алмайды
10. Адами көзқараспен қарағанда, неге Қаяфа өз дәрежесіне сенімді болған болуы мүмкін, бірақ неге мұнысы дұрыс болмады?
10 Бірінші ғасырда яһуди бас діни қызметкерлерін римдік билеушілер тағайындайтын. Мысалы, бай кісі Жүсіп Қаяфаны бұл орынға Валериус Гратус тағайындаған болатын, әрі Қаяфа бұл орында көптеген діни қызметкерлерге қарағанда ұзақ болды. Қаяфа бұнысын Құдайдың еркімен емес, өзгелермен қарым-қатынасында ептілік танытуының әрі Пилатпен дос болуының арқасында қол жеткіздім деп түсінген болса керек. Қалай болған күнде де, ол адамдарға арқа сүйеп, дұрыс істемеді. Елшілер жоғарғы кеңестің алдына барған уақыттан кейін үш жылдан соң-ақ, Қаяфа Рим басшыларына ұнамай қалып, бас діни қызметкер дәрежесінен айырылды.
11. Понти Пилат пен яһуди жүйесінің соңы немен бітті және бұдан өздеріңе қандай ой түйдіңдер?
11 Қаяфаны орнынан алып тастау туралы нұсқауды Пилаттың тікелей басшысы, Сирия билеушісі Луци Вителлий берген болатын. Қаяфаның тіпті жақын досы Пилат бұған қарсы шыға алмады. Айта кететін жайт, Қаяфа кеткеннен кейін бір жылдан соң-ақ, Пилаттың өзі де орнынан алынып тасталып, тағылған ауыр айыптары үшін жауап беруге Римге шақырылды. Ал Рим әміршісіне арқа сүйеген яһуди басшыларына келсек, римдіктер шын мәнінде олардың қолынан ‘киелі үйі мен ұлтын’ тартып алды. Бұл б. з. 70 жылы Рим әскерлері Иерусалим қаласын, ғибадатхана мен жоғарғы кеңес сарайын қоса, толық жойғанда орындалды. Сол кезде забур жыршысының: “Әміршілерге, адам баласына, үміт артпаңдар, олар құтқара алмайды”,— деген сөздері қалай рас болып шықты десеңші! (Жохан 11:48; Забур 145:3)
12. Құдайды тыңдау даналыққа жататыны Исаның жағдайынан қалай көрінеді?
12 Құдай қайта тірілген Иса Мәсіхті ұлы рухани ғибадатхананың Бас діни қызметкері етіп тағайындады. Адамдардың ешқайсысы да Мәсіхті бұл дәрежесінен айыра алмайды. Расында да, Исаның ‘діни қызметі өткінші емес’ (Еврейлерге 2:9; 7:17, 24; 9:11). Құдай сондай-ақ Исаны тірілерді де, өлілерді де соттауға тағайындаған (Петірдің 1-хаты 4:5). Осы міндетін атқарғанда, Иса Жүсіп Қаяфа мен Понти Пилатқа қайта өмір сүруге мүмкіндік беру-бермеуді шешеді (Матай 23:33; Елшілердің істері 24:15).
Бүгінгі күнгі Патшалықтың батыл жариялаушылары
13. Бүгінгі таңда қандай іс адамнан, ал қандай іс Құдайдан болып шықты? Түсіндіріңдер.
13 Бүгінгі күні де бірінші ғасырдағыдай ‘Құдайға қарсы күресушілер’ аз емес (Елшілердің істері 5:39). Мысалы, Германиядағы Ехоба Куәгерлері Адольф Гитлерді көсеміміз деп мойындаудан бас тартқанда, Гитлер олардың көзін жоюды ант еткен (Матай 23:10). Бұл істі “өлім машинасымен” тындыра салу оп-оңай болып көрінді. Нацистер, шынында да, мыңдаған Куәгерлерді тұтқынға алып, концлагерьлерге жапты. Олар тіпті кейбір Куәгерлерді өлтіре де алды. Бірақ нацистердің Куәгерлердің тек қана Құдайға ғибадат етеміз деген берік шешімдерінен тайдыруға, сондай-ақ Құдайдың қызметшілерін топ ретінде жер бетінен құртып жіберуге шамалары келмеді. Бұл мәсіхшілердің ісі адамнан емес, Құдайдан еді. Ал Құдайдың ісін ешкім де құрта алмайды. Алпыс жыл өтсе де, Гитлердің концлагерінен аман қалған адал қызметшілер Ехобаға әлі де ‘шын жүректен, бүкіл жан дүниесімен, барлық ақыл-ойымен’ қызмет етіп жатыр. Ал Гитлер мен нацистік партия тарихта тек масқара болғанымен есте қалды (Матай 22:37).
14. а) Қарсыластар Құдайдың халқына жала жабу үшін не істеуге тырысып бағуда және мұның нәтижесі қандай? ә) Олардың әрекеттері Құдайдың халқына оңалмастай залал келтіре ала ма? (Еврейлерге 13:5, 6)
14 Нацистердің әрекетінен кейінгі жылдары Ехоба мен оның халқына өзгелер де қарсылық көрсетті. Бірақ олардың қарсылықтары да нәтижесіз болды. Еуропаның біраз елінде кейбір діни және саяси топтар да жауыздықпен Ехоба Куәгерлеріне, бірінші ғасырдағы мәсіхшілерге таңған сияқты, ‘қауіпті секта’ деген ат таңуға әрекеттенді (Елшілердің істері 28:22, ЖД). Бірақ шындық мынадай: адам құқығы жөніндегі Еуропалық сот Ехоба Куәгерлерін секта емес, дін ретінде мойындады. Қарсыласушылардың бұдан хабардар екендігінде сөз жоқ. Десе де, олар Куәгерлерге жала жабуын қояр емес. Осындай жалған мәліметтердің кесірінен кейбір мәсіхшілер жұмыс орындарын жоғалтты. Куәгерлердің балаларына мектепте тыныштық бермеді. Куәгерлерге көп жылдан бері кездесулер өткізіп келе жатқан ғимараттарды жалға берушілер сескеніп, жасасқан келісім-шарттарын бұзды. Үкімет органдары Ехоба Куәгері болғаны үшін ғана бауырластардың азаматтық алу құқықтарын мойындамай қойған жайттар да болған. Бірақ Куәгерлер берілер емес.
15, 16. Франциядағы Ехоба Куәгерлері мәсіхшілер ісіне жасалған қарсылыққа қалай қарады және неге олар уағыздауды доғармайды?
15 Мысалы, Францияда адамдар жалпы алғанда төзімді көзқарастарымен және адамды алаламайтындықтарымен белгілі. Алайда кейбір қарсыластар Патшалықтың ісіне кедергі жасайтын заңдарды шығаруға ықпал еткен. Бұған ондағы Ехоба Куәгерлері қалай қарады? Олар уағыздау ісін бұрын-соңды болмаған деңгейде күшейтіп, таңғаларлық нәтижелерге қол жеткізді (Жақып 4:7). Алты-ақ айдың ішінде Киелі кітап зерттеу сабағы тіпті 33 пайызға артты! Франциядағы ақ жүректі жандардың ізгі хабарды қабыл алып жатқаны Шайтанның зығырданын қайнатып жатқан болу керек (Аян 12:17). Ондағы бауырластар өздерінің жағдайында Ишая пайғамбардың айтқан сөздерінің рас болып шығатынына сенімді: “Қандай қару-жарақ саған қарсы жасалса да, сені құрта алмайтын болады. Өзіңді айыптағандардың сөздерін әшкерелеп, жоққа шығарасың” (Ишая 54:17).
16 Әрине, Ехоба Куәгерлері қарсылық көргендеріне қуанбайды. Бірақ олар Құдайдың барлық мәсіхшілерге берген бұйрығына мойынсұнып, естіген нәрселері жайлы айтуды доғара алмайды және доғармайды да. Куәгерлер елдің жақсы азаматы болуға тырысады. Алайда адамдардың заңы Құдайдың заңына қайшы келгенде, олар билеушісі ретінде Құдайды тыңдауға тиіс.
Олардан қорықпаңдар
17. а) Неге жауларымыздан қорқудың қажеті жоқ? ә) Бізді қудалайтындарға қалай қарауымыз керек?
17 Біздің жауларымыздың жағдайы өте қауіпті, себебі олар Құдайға қарсы күресуде. Иса өсиет еткендей, олардан қорықпай, қайта, бізді қудалағандар үшін дұға етеміз (Матай 5:44). Тарстық Саул сияқты білместіктен Құдайға қарсы шығып жатқандар үшін дұға етіп, Ехобадан оларға рақымын түсіріп, шындыққа көзін ашсын деп сұраймыз (Қорынттықтарға 2-хат 4:4). Саул елші Пауыл атты мәсіхші болып, сол кездегі билік басындағылардың қолынан көп қасірет шекті. Әйтсе де, ол “үкімет пен жергілікті әкімшілік өкілдеріне мойынсұнып, олардың еркін орындап, жақсылық атаулыны жасауға дайын болу қажеттігін... сонымен қатар олар ешкімді [тіпті ең қатыгез қудалаушыларды да] қаралап, жанжал туғызбай, жұрттың бәріне бірдей мейірімділік пен ілтипаттылық танытуға тиіс” екенін үнемі сенушілердің есіне салып отырды (Титке 3:1, 2). Франциядағы және басқа елдердегі Ехоба Куәгерлері осы кеңеске құлақ асуға тырысады.
18. а) Ехоба өз халқын қалай құтқаруы мүмкін? ә) Қудалаудың соңы қандай болады?
18 Құдай Еремия пайғамбарға: “Сені құтқару үшін Мен сенімен бірге боламын”,— деген (Еремия 1:8). Бүгінде Ехоба қудалаулардан бізді қалай құтқаруы мүмкін? Ол Гамалиел сияқты қандай да бір алаламайтын әділ заң қызметкерін бізді қорғауға талпындыруы мүмкін. Я болмаса жемқор немесе қатыгез шенеуніктің орнына күтпеген жерден басқа әлдеқайда парасатты адамның келуіне ықпал етер. Дегенмен де кейде Ехоба әрі қарай да қызметшілерінің қудалануына жол беруі мүмкін (Тімотеге 2-хат 3:12). Егер Құдай қудалануымызға жол берсе, онда оған төтеп беруге барлық уақытта күш те береді (Қорынттықтарға 1-хат 10:13). Құдай не нәрсеге жол берсе де, оның соңы қандай болатынын жақсы білеміз: Құдай халқына қарсы күресуші — Құдайға қарсы күресіп жатқаны, ал Құдайға қарсы күресушілер ешқашан жеңіске жетпейді.
19. 2006 жылға қандай тармақ алынған және неге?
19 Иса шәкірттеріне қысымшылық көретінін айтқан (Жохан 16:33). Осыны ескерер болсақ, Елшілердің істері 5:29-дағы: “Адамдарды емес, Құдайды көбірек тыңдау керек!”— деген сөздер әсіресе қазір уақтылы болып отыр. Сондықтан да Ехоба Куәгерлерінің 2006 жылға арналған тармағы ретінде осы сөздер алынып отыр. Келер жылы және мәңгі бақи билеуші ретінде Құдайды тыңдау шешімімізге, қанша қиын болса да, берік болайық!
[Сілтеме]
a Сол кезде діни қызметкерлер жұрттың көзінше қалаған “Рим патшасы” жек көрінішті Рим императоры Тібери еді. Ол екі жүзді, кісі өлтіруші, сондай-ақ азғындығымен аты шыққан болатын (Даниял 11:15, 21).
Жауап бере аласыңдар ма?
• Қарсылықтарға кезіккенде, елшілер бізге қандай жігерлендіретіндей үлгі қалдырды?
• Неге барлық уақытта адамдарды емес, билеуші ретінде Құдайды көбірек тыңдауымыз керек?
• Қарсыластарымыз шын мәнінде кімге қарсы күресуде?
• Қудалауларға төтеп бергендерді не күтіп тұр?
[15-беттегі сөздер]
2006 жылға арналған тармақ: “Адамдарды емес, Құдайды көбірек тыңдау керек!” (Елшілердің істері 5:29)
[13-беттегі сурет]
“Адамдарды емес, Құдайды көбірек тыңдау керек!”