Сені сүйетін Құдайды сүй
“Құдай Иеңді шын жүректен, бүкіл жан дүниеңмен, барлық ақыл-ойыңмен сүй!” (МАТАЙ 22:37)
1, 2. Ең ұлы өсиет туралы сұрақтың туындауына не себеп болды?
КЕЛЕСІ сұрақ Исаның күніндегі парызшылдар арасында қызу дау тудырған болу керек: “Мұса заңындағы 600-ден астам заңның ішіндегі ең маңыздысы қайсысы?” Құрбандыққа қатысты заң ба? Өйткені құрбандықтар күнәлар кешірілу және Құдайға ризашылық білдіру үшін әкелінетін еді ғой. Бәлкім, ең маңыздысы сүндеттелуге қатысты заң шығар? Бұл да маңызды еді, өйткені сүндеттелу Ехобаның Ыбырайыммен жасасқан келісімінің белгісі болатын (Жаратылыс 17:9—13).
2 Ал ескі көзқарасты ұстанатындар болса Құдайдың берген әрбір заңы маңызды болғандықтан — тіпті кейбірінің маңыздылығы аздау болып көрінсе де — қандай да бір өсиетті басқасынан жоғары қою дұрыс емес деген ойда болған болу керек. Парызшылдар осы даулы сұрақты Исаға қоюды шешеді. Бәлкім, ол беделіне нұқсан келтіретін бірдеңе айтар. Сөйтіп, олардың бірі Исаға келіп: “Ұстаз, Таураттағы ең ұлы өсиет қайсысы?”— деп сұрайды (Матай 22:34—36).
3. Исаның айтуынша, ең ұлы өсиет қандай?
3 Исаның айтқан жауабының бүгінде біз үшін де маңызы аса зор. Өз жауабында ол шынайы ғибадатта ең маңыздысы не нәрсе болып келгенін әрі бола да беретінін бір ауыз сөзбен айтып жеткізді. Заңды қайталау 6:5-ті келтіре отырып, ол: “Құдай Иеңді шын жүректен, бүкіл жан дүниеңмен, барлық ақыл-ойыңмен сүй!” Бұл — ең ұлы да басты өсиет”,— деді. Парызшыл бір ғана өсиет жайлы сұрағанымен, Иса оған тағы біреуін айтты. Леуіліктер 19:18-ді келтіріп, ол: “Ал екіншісі де сол сияқты маңызды: “Өзіңді қалай сүйсең, маңайыңдағы адамды да солай сүй!”— деді. Сосын осы екі заң бүкіл таза ғибадаттың түпкі мәні болып табылатынын көрсетті. Маңыздылығы бойынша басқа да заңдарды тізіп беруді сұрамауы үшін, Иса: “Бүкіл Таурат заңы мен Пайғамбарлар жазбалары осы екі өсиетке негізделген”,— деп қорытты (Матай 22:37—40). Бұл мақалада сол екі өсиеттің ең ұлысын қарастырамыз. Неге біз Құдайды сүюіміз керек? Құдайға деген сүйіспеншілігімізді қалай көрсете аламыз? Оны қалай дамыта аламыз? Осы сұрақтардың жауаптарын білгеніміз өте маңызды, өйткені Ехобаға ұнамды болу үшін оны шын жүрегімізбен, бүкіл жан дүниемізбен және барлық ақыл-ойымызбен сүюге тиіспіз.
Сүйіспеншіліктің маңыздылығы
4, 5. а) Парызшыл неге Исаның айтқан сөздеріне таңғалған жоқ? ә) Құдайға құрбандықтар мен сый-тартулардан гөрі не қымбат?
4 Исаға сұрақ қойған парызшылды алған жауабы қынжылтпаған да, таңғалдырмағанға да ұқсайды. Ол Құдайға деген сүйіспеншілік, көп адамдар оны танытпаса да, шынайы ғибадаттың ең маңызды бөлігі болғанын білген. Мәжілісханаларда “Шманы”, немесе сенімді паш ету дұғасын, дауыстап оқып беру дәстүрге айналған еді. Оның ішінде Иса үзіндісін келтірген Заңды қайталау 6:4—9 дейінгі тармақтар да бар болатын. Осы оқиға жайлы жазған Марқаның айтуынша, кейін әлгі парызшыл Исаға: “Сіздікі дұрыс, Ұстаз! “Құдай жалғыз, Одан басқа құдай жоқ” деп шындығын айттыңыз. Оны шын жүректен, барлық ақыл-оймен, бүкіл жан дүниесімен, бар күш-қуатпен сүю, әрі маңайындағы адамды өзіндей сүю Құдайға арналған құрбандықтар мен басқа да сый-тартулардың бәрінен де жоғары”,— деген (Марқа 12:32, 33).
5 Расында да, түгелдей өртелетін құрбандықтар мен басқа да құрбандықтарды ұсыну Заңның талабы болғанымен, Құдайға шын мәнінде керегі қызметшілерінің сүйіспеншілікке толы жүректері еді. Құдайға сүйіспеншілікпен әрі шын берілгендікпен ұсынылған торғай бұрыс пиғылмен әкелінген мыңдаған қошқардан әлдеқайда артық болған (Миха 6:6—8). Мысалы, Иерусалимдегі ғибадатханада Иса бақылаған бейшара жесір әйелді есіңе түсірші. Оның садақа сандығына салған екі бақырына тіпті бір торғай да келмейтін. Әйтсе де, Ехоба үшін шын жүректен әрі сүйіспеншілікпен берілген сол садақа өздерінен артылғанын берген байлардың көп садақасынан әлдеқайда артық еді (Марқа 12:41—44). Жағдайымыздың қандай болғанына қарамастан, бәріміз де көрсете алатын сүйіспеншілікті Ехоба бәрінен де жоғары бағалайтынын білу қандай жұбаныш береді десеңші!
6. Пауыл сүйіспеншіліктің маңыздылығы жайлы не жазды?
6 Шынайы ғибадатта сүйіспеншіліктің маңызды екеніне баса назар аударып, елші Пауыл: “Егер адам тілдері мен періште тілдерінде сөйлей білсем, бірақ сүйіспеншілігім болмаса, онда сыңғырлаған қоңырау мен шылдырлаған асатаяқ сияқты боламын. Егерде Құдайдың хабарын жеткізіп, күллі құпияларды біліп, барлық білімді иемденіп, тау қозғайтындай зор сенімге кенелсем, алайда сүйіспеншілігім болмаса, түкке де тұрмаймын. Егер тіпті барлық мал-мүлкімді бейшараларға үлестіріп беріп, жанымды құрбан етіп, тәнімді отқа жағуға қисам, бірақ сүйіспеншілігім болмаса, бұдан да келер пайдам жоқ”,— деп жазды (Қорынттықтарға 1-хат 13:1—3). Демек, ғибадатымыз Құдайға ұнамды болу үшін сүйіспеншілік маңызды екені анық. Алайда Ехобаға деген сүйіспеншілігімізді қалай көрсетеміз?
Ехобаға деген сүйіспеншілігімізді қалай көрсетеміз?
7, 8. Ехобаға деген сүйіспеншілігімізді қалай көрсете аламыз?
7 Көп адамдар сүйіспеншілікті жүгендеу қиын эмоция деп есептейді: мысалы, олар “ғашық болып қалдым” деп айтып жатады. Алайда нағыз сүйіспеншілік — бойдағы жай сезім ғана емес. Ол іс-әрекетпен танылады және сипатталады. Киелі кітап сүйіспеншілікті ‘барлығынан да асып түсетін жол’ және біз ‘жолын қуатын’ нәрсе деп айтады (Қорынттықтарға 1-хат 12:31; 14:1). Мәсіхшілер тек ‘сөз жүзінде емес, іс жүзінде сүйіспеншілік білдіруге’ шақырылады (Жоханның 1-хаты 3:18).
8 Құдайға деген сүйіспеншілік бізді оған ұнамды нәрселерді істеуге және сөзімізбен де, ісімізбен де оның жоғары билігін қолдап, қорғауға талпындырады. Ол сондай-ақ осы дүние мен оның жаман жолдарын сүюден аулақ болуға талпындырады (Жоханның 1-хаты 2:15, 16). Құдайды сүйетіндер жамандықты жек көреді (Забур 96:10). Құдайға деген сүйіспеншілікке маңайымыздағыларды сүю де жатады. Бұл жөнінде келесі мақалада талқыланады. Сонымен қатар Құдайға деген сүйіспеншілік оған мойынсұнуды талап етеді. Киелі кітапта: “Ал өсиеттерін орындағанымыз — Құдайды сүйгеніміз”,— делінген (Жоханның 1-хаты 5:3).
9. Иса Құдайға деген сүйіспеншілігін қалай көрсетті?
9 Иса Құдайды сүю деген нені білдіретінін керемет түрде көрсетті. Сүйіспеншілік оны көктегі үйін тастап, жерде адам ретінде өмір сүруге талпындырды. Сондай-ақ бұл оған Әкесін істерімен де, үйреткендерімен де дәріптеуге қозғау салды. Сонымен қатар Құдайға ‘өлімге дейін бойсұнуға’ талпындырды (Філіпіліктерге 2:8). Ол осылай бойсұнуымен, яғни сүйіспеншілігін білдіруімен, адал адамдарға Құдай алдында әділ болуға жол ашты. Пауыл: “Бір кісінің Құдайға мойынсұнбауы көптеген адамдарды күнәкар етсе, дәл солай басқа бір Кісінің [Иса Мәсіхтің] Құдайға мойынсұнуы арқылы көптеген адамдар ақталады [“әділ болып саналады”, ЖД]”,— деп жазды (Римдіктерге 5:19).
10. Неге Құдайға деген сүйіспеншілікті мойынсұнушылықпен де көрсете аламыз?
10 Иса іспетті біз де сүйіспеншілігімізді Құдайға мойынсұнуымызбен көрсетеміз. Исаның сүйікті елшісі Жохан: “Осы сүйіспеншілік Оның өсиеттері бойынша жүруімізде”,— деп жазды (Жоханның 2-хаты 6). Ехобаны шын сүйетіндер оның басшылығын іздейді. Өз қадамдарына дұрыс бағыт бере алмайтындарын түсіне отырып, олар Ехобаның даналығына жүгінеді, әрі сүйіспеншілікке толы нұсқауларына бойсұнады (Еремия 10:23). Олар ертедегі Береядағы ‘пейілдері кең’ адамдар сияқты. Береялықтар Құдайдың еркін орындауды шын көңілден қалап, Құдай хабарын ерекше құлшыныспен қабылдаған (Елшілердің істері 17:11). Олар Жазбаларды мұқият зерттеп, Құдайдың еркін толығырақ түсінуге тырысты. Ал бұл сүйіспеншіліктерін әрі қарай да мойынсұнуларымен көрсетуге көмектесті.
11. Құдайды шын жүрегімізбен, барлық ақыл-ойымызбен, бүкіл жан-дүниемізбен және бар күш-қуатымызбен сүю деген нені білдіреді?
11 Иса айтқандай, Құдайға деген сүйіспеншілік жүрегімізді, барлық ақыл-ойымызды, бүкіл жан-дүниеміз бен бар күш-қуатымызды қамтиды (Марқа 12:30). Мұндай сүйіспеншілік жүректен — сезімдеріміз, қалауларымыз бен түпкі ойларымыздан — шығады, сондықтан Ехобаға ұнамды болуды қатты қалаймыз. Біз Құдайды ақыл-ойымызбен де сүйеміз. Оған соқыр сенімнің әсерімен адал болып жүрген жоқпыз: біз Ехоба жайлы, оның қасиеттері, нормалары мен ниеттері жайлы білеміз. Бүкіл жан-дүниемізді де, яғни бар болмысымыз бен өмірімізді, Құдайға қызмет ету мен оны мадақтау үшін қолданамыз. Сол үшін бар күш-қуатымызды да жұмсаймыз.
Неге Ехобаны сүюіміз керек?
12. Неге Құдай өзін сүйгенімізді талап етеді?
12 Ехобаны сүюіміз керектігінің бір себебі — ол қасиеттерін танытқанымызды талап етеді. Құдай — сүйіспеншіліктің көзі әрі ең басты үлгісі. Рухтың жетелеуімен елші Жохан: “Құдай — сүйіспеншілік”,— деп жазды (Жоханның 1-хаты 4:8). Ол адамзатты өзіне ұқсас етіп, яғни сүйе алатындай етіп жаратқан. Ехобаның жоғары билігі сүйіспеншілікке негізделген. Сондықтан ол адамдардың өзін сүйгендіктен және оның әділ билігін қалайтындықтан қызмет еткенін қалайды. Шынында да, барлық жаратылыс татулықта және үйлесімділікте болу үшін сүйіспеншілік өте-мөте қажет.
13. а) Неге исраилдіктерге: ‘Жаратқан Иеңді сүй’,— делінді? ә) Ехобаның бізден өзін сүйеді деп күтуі неге ақылға қонымды?
13 Ехобаны сүюіміздің өзге бір себебі — оның біз үшін істегендерінің бәрін бағалаймыз. Исаның яһудилерге: “Құдай Иеңді... сүй”,— дегенін есіңе алшы. Олардан өздеріне жат, белгісіз бір құдайды сүю күтілген жоқ. Олар өздеріне сүйіспеншілігін паш еткен Тұлғаны сүюлері керек еді. Ехоба олардың Құдайы болған. Оларды Мысырдан Уәде етілген жерге әкелген, қорғап-қолдап, қамқор болып, сүйіспеншілікпен жөнге салған да Сол еді. Бүгінде Ехоба біздің Құдайымыз. Ол мәңгілік өмірге ие болуымыз үшін Ұлын құрбандыққа берді. Олай болса, Ехобаның бізден өзін сүйеді деп күтуі ақылға қонымды емес пе?! Бізден өзімізді сүйетін Құдайды сүю талап етіледі. Сүйіспеншілігіміз — ‘бізді алдымен сүйген’ Құдайға деген сүйіспеншілік (Жоханның 1-хаты 4:19).
14. Қалайша Ехобаның сүйіспеншілігі сүюші ата-ананың сүйіспеншілігіне ұқсайды?
14 Ехобаның адамзатқа деген сүйіспеншілігі сүйікті ата-ананың баласына деген сүйіспеншілігіне ұқсайды. Кемелсіз болса да, сүюші ата-ана балаларының қамын жасау үшін материалдық жағынан және басқадай да құрбандықтарға барып қажымай еңбектенеді. Олар балаларына тәлім-тәрбие береді, қолдау көрсетіп, жөнге салып отырады. Өйткені олардың бақытты болып, өсіп-жетілгендерін қалайды. Ал ата-ана балаларынан не күтеді? Өздерін сүйіп, солардың игілігі үшін беріп отырғандарын қабыл алғанын қалайды. Олай болса, кемелді көктегі Әкеміздің бізге істеген жақсылықтарының бәріне сүйіспеншілікпен ризашылық білдіргенімізді күтетіні қисынды емес пе?
Құдайға деген сүйіспеншілікті қалай дамытуға болады?
15. Құдайға деген сүйіспеншілікті дамытуды неден бастау керек?
15 Біз Құдайды көрген де, даусын естіген де емеспіз (Жохан 1:18). Сөйткенмен де ол өзін сүйіп, жақын қарым-қатынаста болуға шақырады (Жақып 4:8). Мұны қалай істей аламыз? Әлдекімді жақсы көру үшін, алдымен, ол жайлы білу керек: танымайтын адамды жақсы көру қиын. Ехоба өзі жайлы біле алуымыз үшін бізге өз Сөзі Киелі кітапты берген. Міне, сол себепті ол бізді Киелі кітапты үнемі оқуға ұйымы арқылы шақырады. Құдай туралы, оның қасиеттері мен болмысы, сондай-ақ мыңдаған жылдар бойы адамдармен қалай қарым-қатынас жасағаны жайлы сол кітаптан білеміз. Осындай мәліметтер жөнінде ой жүгіртсек, Құдайға деген ризашылығымыз бен сүйіспеншілігіміз арта түседі (Римдіктерге 15:4).
16. Исаның қызметі жайлы ой жүгірткеніміз қалай Құдайға деген сүйіспеншілігімізді күшейте түседі?
16 Ехобаға деген сүйіспеншілігімізді арттырудың басты жолы — Исаның өмірі мен қызметі жайлы ой жүгірту. Оның Әкесінің болмысын айны қатесіз көрсеткені сонша, ол: “Кім Мені көрсе, соның Әкені де көргені”,— дей алды (Жохан 14:9). Исаның жесір әйелдің жалғыз ұлын қайта тірілткенде көрсеткен жанашырлығы сені бейжай қалдырмайды, солай емес пе? (Лұқа 7:11—15) Оның, яғни Құдай Ұлы әрі тарихтағы ең ұлы адамның, өз шәкірттерінің аяқтарын кішіпейілділікпен жуғанын білу көңіл толқытпай ма? (Жохан 13:3—5) Оның кез келген адамнан әлдеқайда ұлы әрі дана болса да, барлық адам, тіпті балалар да, жанына еркін келе алған тұлға болғанын білгеніміз әсер етпей қоймайды емес пе? (Марқа 10:13, 14) Осы жайттардың үстінен ризашылықпен ой жүгіртсек, “Мәсіхті өз көздеріңмен көрмеген болсаңдар да, Оны сүйіп келесіңдер”,— деп Петір айтқан мәсіхшілер сияқты боламыз (Петірдің 1-хаты 1:8). Исаға деген сүйіспеншілігіміз артқан сайын, Ехобаға деген сүйіспеншілігіміз де арта түседі.
17, 18. Ехобаның қандай шараларының үстінен ой жүгірткеніміз оған деген сүйіспеншілігімізді арттыра түседі?
17 Құдайға деген сүйіспеншілігімізді арттырудың тағы бір жолы — өмірден рақат алуымыз үшін оның сүйіспеншілікпен көл-көсір етіп беріп отырғандары жайлы ой жүгірту. Мысалы, жаратылыстың сұлулығы, жейтін дәмді нәрселердің сан алуандығы, жақсы достармен жылы қарым-қатынас, сондай-ақ өзге де сансыз нәрселер бізді рақатқа бөлеп, қанағат әкеледі (Елшілердің істері 14:17). Ехоба жайлы неғұрлым көп білсек, оның ізгілігі мен жомарттығына риза болуымызға соғұрлым себеп мол болады. Ехобаның жеке саған істеген барлық жақсылығы жайлы ойлап көрші. Оның сүйіспеншілігіңе лайық екенімен келіседі емессің бе?!
18 Ехобаның берген көп сыйларының бірі — оның ‘дұғаны еститін’ Құдай екенін біле отырып, кез келген уақытта дұға ету мүмкіндігі (Забур 64:3). Ехоба сүйікті Ұлына билік ету және соттау құқын берген. Алайда дұғаны тыңдауды ол өзге ешкімге, тіпті Ұлына да, тапсырмаған. Ехоба дұғаларымызды өзі тыңдайды. Оның осылайша әр адамға жеке көрсетіп отырған сүйіспеншілігі мен қамқорлығы бізді оған жақындата түседі.
19. Ехобаның қандай уәделері бізді оған жақындата түседі?
19 Ехобаның адамзатқа қандай болашақ дайындап отырғанын қарастырғанда да, оған жақындай түсеміз. Ол ауруды, қайғы-қасірет пен өлімді жоюды уәде етіп отыр (Аян 21:3, 4). Күндердің күнінде адамзат кемелділікке жеткенде, ешкімнің де жаны күйзелмейді, ұнжырғасы түспейді не қайғыдан азап шекпейді. Аштық, жоқшылық, соғыс енді болмайды (Забур 45:10; 71:16). Жер беті жұмаққа айналады (Лұқа 23:43). Ехоба бұл баталарды міндетті болғандықтан емес, бізді сүйгендіктен береді.
20. Мұса Ехобаны сүюдің пайдасы жайлы не айтты?
20 Демек, Құдайды сүюге әрі осы сүйіспеншілікті арттыруға бізде келелі себептер бар екен. Жолыңа бағыт беруіне мүмкіндік бере отырып, Құдайға деген сүйіспеншілігіңді нығайтуды жалғастыра бересің бе? Бұл өзіңе байланысты. Мұса Ехобаға деген сүйіспеншілікті дамытудың және оны жоғалтпаудың пайдалы екенін түсінген. Ежелгі исраилдіктерге ол: ‘Өзің және сенің үрім-бұтағың өлмеуі үшін өмірді таңдап ал, өз Құдайыңды сүй, соның айтқандарын тыңда және Соған етене жабысып ал. Сонда ұзақ өмір сүрулерің үшін сенің өмірің міне, осыған тіреліп тұр’,— деді (Заңды қайталау 30:19, 20).
Естеріңде ме?
• Неге Ехобаны сүюіміз керек?
• Құдайға деген сүйіспеншілігімізді қалай көрсете аламыз?
• Ехобаны сүюге бізде қандай себептер бар?
• Құдайға деген сүйіспеншілігімізді қалай дамыта аламыз?
[20-беттегі сурет]
Ехоба өзіне деген сүйіспеншілігімізді жоғары бағалайды