Ехоба әділдік орнатады
“Құдай өзі таңдап алған, Өзіне күні-түні жалбарына сиынған адамдарының мүддесін қорғамай ма?” (ЛҰҚА 18:7)
1. Сен үшін кім жігердің көзі болып табылады және неліктен?
ДҮНИЕ ЖҮЗІ бойынша Ехоба Куәгерлерінің арасында көп жылдан бері Құдайға адал қызмет етіп келе жатқан бауырластар бар. Сен осындай аяулы жандарды білесің бе? Бәлкім, есіңе шомылдыру рәсімінен өткеніне көп жыл болған және Патшалық сарайындағы кездесулерді сирек жіберетін қарт әйел бауырлас түсер. Я болмаса апта сайын уағыздау ісіне қатысатын әрі бұл дағдысын ондаған жылдардан бері бұзбай келе жатқан егде ер бауырлас жайлы ойларсың. Шындығында да, осындай көп адал бауырластар осы уақытқа дейін Һар-Магедон болып қояды деп ойлаған. Дегенмен де осы әділетсіз дүниенің әлі жойылмауы олардың Ехобаның уәделеріне деген сенімділіктерін әлсіреткен де жоқ, ‘ақырына дейін табандылық көрсетеміз’ деген шешімдерінен айнытқан да жоқ (Матай 24:13). Ехобаның осындай адал қызметшілерінің көрсеткен күшті сенімдері бүкіл қауым үшін жігердің көзі болып табылады (Забур 146:11).
2. Қандай жайт жанымызға қатты батады?
2 Алайда кейде бұған кері жайтты да көруіміз мүмкін. Кейбір Куәгерлер біраз жылдар қызмет етіп, бірақ кейіннен Ехобаға деген сенімдері әлсіреп, мәсіхшілер қауымымен араласпай қойған. Әрине, бұрынғы жолдастарымыздың Ехобаны тастап кеткені жанымызға қатты батады, сондықтан әрбір ‘жоғалған қойдың’ отарға қайтуына көмектескіміз келеді (Забур 118:176; Римдіктерге 15:1). Сонда да, кейбіреулер адал болып жүрсе, басқалары сенімнен тайып кетіп жатқанына қарап бізде келесі сұрақтар туындайды: Кейбіреулер сенімдерін жоғалтып алып жатқанда, сансыз көп Куәгерлерге Ехобаның уәделеріне деген сенімдерін сақтауға не көмектеседі? “Ехобаның ұлы күні” жақындап қалғанына кәміл сенетінімізге қалай көз жеткізе аламыз? (Софония 1:14, ЖД) Бұл үшін Лұқа жазған Ізгі хабардағы бір көрнекі мысалды қарастырып көрейік.
‘Адам Ұлы келгенде’ өмір сүріп жатқандарға арналған ескерту
3. Жесір әйел мен би туралы мысал әсіресе кімдерге пайдалы және неліктен?
3 Лұқа кітабының 18-тарауында Исаның бір жесір әйел мен би туралы айтқан мысалын табамыз. Ол алдыңғы мақалада талқыланған табанды үй иесі туралы мысалға ұқсас (Лұқа 11:5—13). Алайда мәнмәтінінен жесір әйел мен би туралы мысал әсіресе 1914 жылы Патшалық билікке ‘Адам Ұлы келгеннен’ бергі кезеңде өмір сүріп жатқандарға қатысты екені көрінеді (Лұқа 18:8, Тт)a.
4. Иса Лұқа кітабының 18-тарауындағы мысалды келтірмес бұрын, не туралы айтты?
4 Бұл мысалды айтпас бұрын, Иса Патшалық билігіне келіп отырғандығының дәлелі “найзағайдың... аспанды о шетінен бұ шетіне дейін жарқыратып жіберетініндей” бәріне айқын болатынын айтты (Лұқа 17:24; 21:10, 29—33). Соған қарамастан ‘соңғы мерзімде’ өмір сүріп жатқан адамдардың басым көпшілігі сол ап-айқын дәлелге мән бермейді (Даниял 12:4). Неліктен? Мұның себебі тап Нұх пен Луттың заманында Ехобаның ескертулерін елемеген адамдардың себебіндей. Сол заманда адамдар ‘бәрін де қырып салғанша, ішіп-жеп, сауда-саттық жасап, егін егіп, үй салып өмір кешуде еді’ (Лұқа 17:26—29). Олар күнделікті тірліктерінен бас көтере алмағаны сонша — Құдайдың еркіне көңіл қоюға шамалары келмеді, сөйтіп, өмірлерінен айырылды (Матай 24:39). Бүгінгі күні де адамдар, жалпы алғанда, күнделікті күйбең тірліктеріне бастарымен кіріп кеткені соншалықты, осы құдайсыз дүниенің соңы жақын екендігінің белгісін байқамайды (Лұқа 17:30).
5. а) Иса ескертуді кімдерге арнап айтты және неліктен? ә) Кейбіреулердің сенімдерін жоғалтып алуына не себеп болды?
5 Исаны ізбасарларының да Шайтанның дүниесіне алаңдап кетуі мүмкін екені сонша — тіпті ‘артта қалдырған заттарына қайтып келуі’ мүмкін екендігі мазалағаны анық (Лұқа 17:22, 31, ЖД). Кейбір мәсіхшілермен, шынымен, осылай болды да. Олар Ехобаның зұлым дүниені жоятын күнін жылдар бойы аңсап күтті. Алайда Һар-Магедон олар күткен уақытта келмегендіктен, көңілдері түсіп кетті. Сондай-ақ Ехобаның сот күні жақын екендігіне деген сенімдері әлсіреп қалды. Олар қызметтерін бәсеңдетіп, біртіндеп күнделікті тірліктеріне кірісіп кеткендері сонша — рухани істерге уақыттары қалмады (Лұқа 8:11, 13, 14). Содан уақыт өте келе, ‘артта қалдырған заттарына қайтып келді’. Қандай өкінішті!
‘Үзбей Құдайдан сұрай беру керек’
6—8. а) Жесір әйел мен би туралы мысалды айтып беріңдер. ә) Иса ол мысалды неге қатысты қолданды?
6 Ехобаның уәделерінің орындалатынына деген сенімділігіміз әлсіреп қалмағанына қалай көз жеткізе аламыз? (Еврейлерге 3:14) Иса осы сұраққа шәкірттеріне Шайтанның зұлым дүниесіне қайтып оралмауды ескерте салысымен көңіл аударды.
7 Лұқа ‘Иса шәкірттеріне әрқашан үмітін үзбей Құдайдан сұрай берудің керектігін де астарлап түсіндіргенін’ айтады. Иса былай деді: “Бір қалада Құдайдан қорықпайтын, адамнан да ұялмайтын би болыпты. Сол қалада бір жесір әйел де тұрады екен. Әйел биге қайта-қайта келіп: — Мені дауласқан кісімнен қорғай көріңіз!”— деп өтініп сұрай береді екен. Бірақ би жесірді көп уақыт бойы қорғағысы келмейді. Ақырында ол ішінен: — Құдайдан қорықпаймын, адамнан да ұялмаймын. Алайда мына жесір маған тыныштық бермегендіктен оның мүддесін қорғайын. Әйтпесе ол қайта-қайта келіп, мазамды ала берер,— деп ойлайды”.
8 Осы оқиғаны айтып болған соң, Иса оны неге қатысты қолдануға болатынын көрсетіп былай деді: “Сендер әділетсіз бидің не айтқанын естідіңдер ғой. Ал Құдай өзі таңдап алған, Өзіне күні-түні жалбарына сиынған адамдарының мүддесін қорғамай ма? Әлде соны ұзаққа созып жібере ме? Сендерге шын айтамын: Құдай олардың мүдделерін тезірек қорғайды! Алайда Мен Билеуші ретінде көктен қайтып келгенімде жер бетінен Өзіме сондай қатты сенетіндерді таба алар ма екенмін?” (Лұқа 18:1—8)
‘Мені қорғай көріңіз’
9. Жесір әйел мен би туралы мысалдың негізгі ойы қандай?
9 Осы әсерлі мысалдың негізгі ойы ап-анық. Мұны мысалдағы екі кейіпкердің және Исаның сөздерінен көруге болады. Жесір әйел: “Мені... қорғай көріңіз!”— деп өтінеді. Би: “Оның мүддесін қорғайын”,— дейді. Иса: “Ал Құдай... адамдарының мүдделерін қорғамай ма?”— деп сұрайды. Сосын Ехоба жайлы: “Құдай олардың мүдделерін тезірек қорғайды!”— дейді (Лұқа 18:3, 5, 7, 8). Құдай әсіресе қай кезде ‘адамдардың мүдделерін қорғап’, әділдік орнатады?
10. а) Бірінші ғасырда қалай әділдік орнады? ә) Бүгінгі Құдайдың қызметшілері үшін қашан және қалай әділдік орнайды?
10 Бірінші ғасырда Құдайдың әділдік орнату үшін “халықты жазалайтын күндері” б. з. 70 жылы Иерусалим мен ондағы ғибадатхана жойылғанда келді (Лұқа 21:22). Бүгінгі Құдай халқы үшін әділдік ‘Ехобаның ұлы күнінде’ орнайды (Софония 1:14, ЖД; Матай 24:21). Сол кезде ‘[Иса] Өзінің Ізгі хабарына құлақ аспай, Құдайды танымай жүргендерді жазалағанда’, Ехоба өз халқын “қинағандарды... қинамақ” (Салониқалықтарға 2-хат 1:6—8; Римдіктерге 12:19).
11. Қалайша әділдік “тезірек” орнайды?
11 Алайда Исаның Ехоба қызметшілерінің мүдделерін “тезірек” қорғап, әділдік орнатады деп сендірген сөздерін қалай түсінуіміз керек? Киелі кітап “[Ехоба] тіпті асқан шыдамды” болғанымен, уақыты келгенде әділдікті тез орнататындығын көрсетеді (Лұқа 18:7, ЖД, 8; Петірдің 2-хаты 3:9, 10). Нұхтың заманында Топан су қаптап, зұлымдар дереу жойылды. Сол іспетті Луттың күнінде де көктен от жауып, зұлымдар жоқ болды. Иса: “Мен Билеуші ретінде көктен келіп, ашық түрде көрінетін күні де тап солай болады!”— деді (Лұқа 17:27—30). Зұлымдар тағы да ‘табан астынан апатқа’ ұшырайды (Салониқалықтарға 1-хат 5:2, 3). Расында да, Шайтанның дүниесіне Ехоба әділдігі талап ететін күннен бір күн де артық тұруға жол бермейді.
Құдай әділдік орнатады
12, 13. а) Исаның жесір әйел мен би туралы мысалынан не білеміз? ә) Неге Ехоба дұғаларымызды тыңдайтынына және мүддемізді қорғайтынына сенімді бола аламыз?
12 Исаның жесір әйел мен би туралы мысалы тағы басқа да маңызды шындықтарға назар аударады. Иса бұл мысалды қалай қолдануға болатынын көрсетіп: “Сендер әділетсіз бидің не айтқанын естідіңдер ғой. Құдай өзі таңдап алған... адамдарының мүдделерін қорғамай ма?”— деді. Әрине, Иса бұл жерде Құдай өзіне сенушілерге әлгі би сияқты қарайды деп, Ехобаны бимен салыстырып тұрған жоқ. Қайта, ол ізбасарларына би мен Құдайдың арасындағы айырмашылықты көрсете отырып, Ехоба туралы шындықты үйретті. Олардың қандай айырмашылықтары бар еді?
13 Исаның мысалындағы би “әділетсіз”, ал “Құдай — ақиқаттың әділқазысы” (Забур 7:12; 32:5). Би жесір әйелге жеке көңіл бөлмейді, ал Ехоба болса әрбір адамға көңіл бөледі (Шежірелер 2-жазба 6:29, 30). Сондай-ақ би жесірге қол ұшын бергісі келмеді, ал Ехоба қызметшілеріне көмектесуге дайын, тіпті асық (Ишая 30:18, 19). Бұдан не білеміз? Егер би әділетсіз бола тұра жесірдің өтінішін тыңдап, оны қорғаған болса, онда Ехоба өз халқының дұғаларын естіп, мүдделерін одан сайын қорғайды емес пе?! (Нақыл сөздер 15:29)
14. Ехобаның соты күнінің келетініне деген сенімімізді неге жоғалтпауымыз керек?
14 Олай болса, Құдайдың соты күнінің келетініне деген сенімін жоғалтқандар үлкен қателік жасайды. Неге? Олардың Ехобаның ұлы күні жақын екендігіне деген берік сенімдерін әлсіретуі, сайып келгенде, Ехобаның өз уәделерінде тұратынына күмәндануымен пара-пар. Алайда ешкімнің де Құдайдың адалдығына шек келтіруіне негіз жоқ (Әйүп 9:12). Бұдан туындайтын маңызды сұрақ: жеке басымыз адал болып қаламыз ба? Иса жесір әйел мен би туралы мысалының соңында дәл осы мәселені қозғаған болатын.
“Өзіме сондай қатты сенетіндерді таба алар ма екенмін?”
15. а) Иса қандай сұрақ қойды және неліктен? ә) Өзімізден не деп сұрауымыз керек?
15 Иса: “Өзіме сондай қатты сенетіндерді таба алар ма екенмін?”— деген қызықты сұрақ қойды (Лұқа 18:8). Ол “сондай қатты сенетіндерді” дегенде, жалпы сенімі бар адамдарды емес, жесір әйелдің сеніміндей сенімі барларды айтты. Иса өз сұрағына жауап берген жоқ. Мұны шәкірттері өз сенімдерінің қандай екені жайлы ойлансын деп қойды: сенімдері артта қалдырған заттарына қайтып келу қаупін төндіретіндей біртіндеп әлсіреп бара жатыр ма еді? Жоқ әлде жесір әйелдің көрсеткен сеніміндей ме еді? Бүгінде біз де өзімізден былай сұрауымыз керек: “Адам Ұлы” менің жүрегімнен қандай сенімді көреді?
16. Жесір әйелдің сенімі қандай болған?
16 Ехобаның әділдік орнатқанын көретіндердің арасында болу үшін, әлгі жесір әйелдің үлгісіне еліктеуіміз керек. Оның сенімі қандай болған? Ол өз сенімін “биге қайта-қайта келіп: ‘Мені қорғай көріңіз!’ деп айтуымен көрсетті. Жесір әйел әділетсіз кісіден әділдік орнатуын сұрауда табанды болды. Тап солай бүгінде Құдайдың қызметшілері де, тіпті күткендерінен ұзақ уақытқа созылса да, Ехобаның әділдік орнататынына сенімді болуларына болады. Сонымен қатар олар Құдайдың уәделеріне деген сенімділіктерін дұғада табанды болуларымен, иә, ‘Құдайға күні-түні жалбарына сиынуларымен’ көрсетеді (Лұқа 18:7). Егер мәсіхші дұғада Құдайдан әділдік орнатуды сұрамай қойса, Ехоба өз қызметшілерінің игілігі үшін әрекет еткелі отырғанына деген сенімділігін жоғалтқанын көрсетер еді.
17. Дұға етуде табанды болуға және Ехобаның сот күні міндетті түрде келетініне деген сенімімізді сақтауға бізде қандай себептер бар?
17 Жесір әйелдің жағдайындағы кейбір жайттар дұғада табанды болуымызға бізде қосымша себептер бар екенін көрсетеді. Оның жағдайы мен біздің жағдайымыздың арасындағы кейбір айырмашылықтарды қарастырайық. Мысалы, жесір әйел тіпті ешкім оны талпындырмаса да, биге келуін тоқтатпайды. Ал Құдай Сөзі болса бізді ‘ұдайы сиынуға’ үнемі шақырады (Римдіктерге 12:12). Өтініші орындалатына жесір әйелдің еш кепілдігі болған жоқ, ал Ехоба бізге әділдік орнатып, мүддемізді қорғайтынына сендіріп отыр. Пайғамбары арқылы ол: “Баяуласа да соны күт, себебі ол міндетті түрде болады, өзгермейді”,— деген (Аббақұқ 2:3; Забур 96:10). Жесір әйелдің сөзін сөйлейтін жақтаушысы болған жоқ. Ал біздің күшті көмекшіміз бар. Ол — Иса. “Ол Құдайдың оң жағынан орын алып, бізді қолдауда” (Римдіктерге 8:34; Еврейлерге 7:25). Сонымен жағдайы мүшкіл болғанына қарамастан, жесір әйел мүддемді қорғайды деген үмітпен биге қоймай жалынған болса, Ехобаның сот күні міндетті түрде келетініне деген сенімімізді сақтау қаншалықты маңызды!
18. Дұға қалай сенімімізді нығайтады және әділдіктің орнағанын көруге көмектеседі?
18 Жесір әйел туралы мысалдан дұға мен сенімнің тығыз байланысты екенін, сондай-ақ табандылықпен айтылған дұғалар сенімімізді әлсіретуі мүмкін әр түрлі ықпалдан сақтай алатынын білеміз. Әрине, бұл сырт көзге түсу үшін айтылған дұғалар сенімді жоғалтып алуға қарсы ем дегенді білдірмейді (Матай 6:7, 8). Егер Ехобаға толық тәуелді екенімізді түсінгендіктен дұға ететін болсақ, онда дұғамыз Құдайға жақындатады және сенімімізді нығайтады. Құтқарылу үшін сенім қажет болғандықтан, Иса шәкірттерін ‘әрқашан үмітін үзбей Құдайдан сұрай беруге’ талпындыру керек екенін білген (Лұқа 18:1; Салониқалықтарға 2-хат 3:13). Әрине, Ехобаның ұлы күнінің келуі біздің дұғаларымызға байланысты емес: ол дұға етсек те, етпесек те келеді. Бірақ жеке басымыз әділдік орнағанын көріп, Құдайдың соғысынан аман қалатын-қалмайтынымыз сеніміміз бен дұға ете жүріп кешкен өмір салтымызға байланысты екені анық.
19. Құдай ‘адамдардың мүдделерін қорғайтынына’ нық сенетінімізді қалай дәлелдей аламыз?
19 Еске түсірсек, Иса: “Өзіме сондай қатты сенетіндерді таба алар ма екенмін?”— деп сұраған болатын. Оның осы қызықты сұрағының жауабы қандай? Шартараптағы миллиондаған Ехобаның адал қызметшілері дәл осындай сенімдері бар екенін дұғаларымен де, шыдамдылық әрі табандылықтарымен де дәлелдеп жатқаны қандай қуанышты! Ендеше, Исаның сұрағына оң жауап беруге болады. Иә, Шайтанның дүниесінде қазір кезігіп отырған әділетсіздіктерге қарамастан, ‘Құдай өзі таңдап алған адамдарының мүдделерін қорғап’, әділдік орнататынына нық сенеміз.
[Сілтеме]
a Бұл көрнекі мысалдың мәнін толық түсіну үшін Лұқа 17:22—33 (Тт) дейінгі тармақтарды оқыңдар. ‘Адам Ұлына’ қатысты айтылғандардың Лұқа 18:8-де (Тт) туындаған сұраққа қандай қатысы бар екенін байқаңдар.
Естеріңде ме?
• Кейбір мәсіхшілердің сенімдерін жоғалтып алуына не себеп болған?
• Неге Ехобаның сот күні келетініне кәміл сенуімізге болады?
• Дұғада табанды болуға бізде қандай себептер бар?
• Табандылықпен дұға еткеніміз сенімімізді жоғалтып алудан қалай сақтайды?
[19-беттегі суреттер]
Бүгінде миллиондаған адам Құдайдың әділдік орнататынына нық сенеді