Мәсіхтің осында болуы. Мұны қалай түсінуге болады?
“Сіздің қайта келуіңіз бен ақыр заманның жақындап қалғанын қандай белгі білдірмек?” (МАТ. 24:3).
1. Исаның елшілері қандай қызықты сұрақ қойған?
ЕКІ МЫҢҒА жуық жыл бұрын Иса мен төрт елшісі Зәйтүн тауында оңаша әңгімелесіп отырғанда, олар оған бір сұрақ қояды: “Бұл қашан болады? Сіздің қайта келуіңіз бен ақыр заманның жақындап қалғанын қандай белгі білдірмек?” (Мат. 24:3). Бұл сұрақта олар “қайта келуіңіз” және “ақыр заман” деген қызықты екі тіркес қолданған. Оларды қалай түсінуге болады?
2. Қазақ тіліндегі Киелі кітапта “ақыр заман” деген сияқты тіркестермен аударылған синтелея сөзі нені білдіреді?
2 Алдымен, екінші тіркесті қарастырып көрейік. Ежелгі грек тілінің синтелея және телос деген екі сөзі де қазақ тіліндегі Киелі кітапта “ақыр заман” деген сияқты тіркестермен аударылған. Алайда түпнұсқа тілде бұл екі сөздің мағынасында кішкене айырмашылық бар. Матай 24:3-те синтелея сөзі қолданылған. Ол “белгілі бір уақыттың ақырғы кезеңін/ақырғы мезгілді” білдіреді. Ал телос сөзі болса “соңы” дегенді білдіреді. Бұл сөздердің айырмашылығын Патшалық сарайында айтылатын баяндаманы мысалға келтіре отырып түсіндіруге болады. Баяндаманың ақыры — баяндамашы айтқандарын қысқаша қайталап, оларды қалай қолдануға болатынын көрсететін соңғы бөлігі. Ал оның мінбеден кеткені баяндаманың соңын білдіреді. Сол сияқты, Киелі кітап тұрғысынан алғанда, синтелея сөзі белгілі бір кезеңнің аяқталып жатқанын және оның соңын білдіреді.
3. Иса осында болатын кезде орын алып жатқан кейбір оқиғаларды ата.
3 Ал “қайта келу” деген тіркес нені білдіреді? Бұл — сөзбе-сөз “осында болу” не “қасында болу”, “бірге болу” дегенді білдіретін гректің парусиа сөзінің аудармасыa. Мәсіхтің парусиасы, немесе осында болуы, 1914 жылы ол көктегі Патша тағына отырған кезде басталып, “ауыр азап” кезінде зұлымдарды жою үшін келген уақытты қамтиды (Мат. 24:21, сілтеме). Осы уақыт аралығында қазіргі зұлым заманның ‘соңғы дәуірін’, майланғандарды жинау мен олардың көктегі өмірге қайта тірілуін қоса алғанда, әртүрлі оқиғалар болуда (Тім. 2-х. 3:1; Қор. 1-х. 15:23; Сал. 1-х. 4:15—17; Сал. 2-х. 2:1). Олай болса, синтелея мен парусиа тұспа-тұс немесе бір мезгілге сай келеді деуге болады.
Ұзақ уақыт аралығы
4. Иса өзінің осында болуын қай мағынада Нұхтың заманына теңеген?
4 Парусиа сөзінің ұзақ уақыт аралығын білдіретіні Исаның өзінің осында болуына қатысты айтқан сөздеріне сай келеді (Матай 24:37—39 оқы). Байқасаң, Иса өзінің осында болуын Нұхтың заманындағы салыстырмалы түрде қысқа уақытқа созылған Топан суға емес, оған дейінгі ұзақ кезеңге теңеген. Нұх Топан су келмейінше, кеме соққан және уағыздаған. Бұл ондаған жылдарға созылған. Сол сияқты, Мәсіхтің осында болуы ауыр азапты және соған дейінгі оқиғаларды қамтиды (Сал. 2-х. 1:6—9).
5. Аян кітабының 6-тарауындағы сөздер Исаның осында болуы ұзаққа созылатын кезең екенін қалай көрсетеді?
5 Киелі кітаптағы басқа пайғамбарлықтардан да Мәсіхтің осында болуы оның зұлымдарды жою үшін қайта келуіне ғана емес, ұзақ уақытқа созылатын кезеңге нұсқайтыны анық көрінеді. Аян кітабында Иса ақ боз атқа мінген, басында тәжі бар Патша ретінде суреттелген (Аян 6:1, 2, сілтеме, 3—8 оқы). 1914 жылы Патша тағына отырғаннан кейін, Иса толық жеңу үшін шыққан және жеңіп келе жатқан жеңімпаз ретінде бейнеленеді. Сосын, аянда оның соңынан түсі әртүрлі аттарға мінген салт аттылар ілескені көрсетілген. Бұлар “соңғы дәуір” деп аталған ұзаққа созылған кезеңде орын алып жатқан соғыстарды, ашаршылық пен індеттерді бейнелейді. Біз осы пайғамбарлықтың қазіргі уақытта орындалып жатқанын көріп жүрміз.
6. Аян кітабының 12-тарауынан Мәсіхтің осында болуына қатысты не білуге болады?
6 Аян кітабының 12-тарауында көкте Құдай Патшалығының орнауына қатысты қосымша жайттар бар. Онда көзге көрінбейтін ортада соғыстың болғаны туралы жазылған. Михайл — көктегі дәрежесіне ие болған Иса Мәсіх — періштелерімен бірге Ібіліс пен оның жын-перілеріне қарсы шайқасады. Нәтижесінде, Шайтан Ібіліс пен оның нөкерлері жердің төңірегіне тасталады. Сонда, Жазбада айтылғандай, “өз уақытының аз қалғанын білгендіктен”, Ібіліс қатты ашуға мінеді (Аян 12:7—12 оқы). Олай болса, көкте Мәсіхтің Патшалығы орнаған соң, артынша жер мен оның тұрғындарының ‘қасіреті’ көбейе түсетін кезең келгеніне таңғалмасақ та болады.
7. Екінші забур жырында не жөнінде және қандай мүмкіндік туралы айтылған?
7 Екінші забур жырында да Исаның көктегі Сион тауында Патша болып тағайындалатыны туралы пайғамбарлық айтылған (Забур 2:5—9; 109:1, 2 оқы). Сонымен қатар бұл жырдан жер бетіндегі билеушілер мен олардың қол астындағыларға Мәсіхтің билігіне мойынсұнуға мүмкіндік берілетін кезеңнің болатыны да көрінеді. Олар ‘ақылға келуге’ және “түзелуге” шақырылады. Иә, сол уақыт аралығында Ехоба мен оның тағайындаған Патшасына қызмет етіп, “Оған сенгендер бақытты”. Сондықтан Иса Патша ретінде осында болып отырған кезде өзгерістер жасауға әлі де мүмкіндік бар (Заб. 2:10, ЖД, 11, 12).
Белгіні байқау
8, 9. Кім Мәсіхтің осында болуының белгісін байқауы және оның мәнін ұғуы керек еді?
8 Парызшылдар Исадан Патшалықтың қашан келетінін сұраған. Сонда Иса олардың тұрғысынан қарағанда, Патшалықтың ‘әйгіленіп’, не айқын, келмейтінін айтқан (Лұқа 17:20, 21, Тт). Иә, сенбейтіндер оны ұқпас еді. Олар тіпті Исаны болашақ Патшалары ретінде мойындамаса, мұны қалай ұқсын!? Олай болса, кім Мәсіхтің осында болуының белгісін байқауы және оның мәнін түсінуі керек еді?
9 Исаның айтуынша, шәкірттері ‘найзағайдың жарқ етіп, аспанды о шетінен бұ шетіне дейін жарқыратып жібергенін’ анық көретіні іспетті, бұл белгіні де ап-айқын көрмек еді (Лұқа 17:24—29 оқы). Бір ескеретін жайт — Матай 24:23—27 тармақтарда Иса тура осындай мысалды қолданған, әрі оны өзі осында болатын кезеңмен тікелей байланыстырған.
Белгіні көріп жүрген ұрпақ
10, 11. а) Матай 24:34-тегі “ұрпақ” сөзі ілгеріректе қалай түсіндірілген еді? ә) Исаның шәкірттері “ұрпаққа” кімдер жатады деп түсінген болу керек?
10 Ілгеріректе “Күзет мұнарасында” Матай 24:34-тегі “осы ұрпақ” деген тіркес бірінші ғасырдағы “сенбейтін яһудилердің заманындағы ұрпаққа” қатысты айтылған деп түсіндірілген едіb. Бұлай түсіндіру қисынды болып көрінген, өйткені Иса “ұрпақ” сөзін қолданған басқа үзінділердің бәрінде оны жағымсыз реңкте, ал көп жағдайда “жаман” деген сияқты сын есімдермен бірге қолданған (Мат. 12:39; 17:17; Мар. 8:38). Сондықтан аталмыш пайғамбарлықтың қазіргі орындалуында Иса осы заманның ақырғы мезгілін (синтелея) және оның соңын (телос) білдіретін жайттарды көретін сенімнен ада зұлым “ұрпаққа” нұсқаған деп түсіндірілген еді.
11 Рас, Иса “ұрпақ” сөзін жағымсыз реңкте қолданғанда, мұны сол замандағы зұлым адамдардың өздеріне немесе соларға қатыстырып айтқан. Бірақ Матай 24:34-те айтылған сөздерге қатысты да солай деуге бола ма? Есіңде болса, Исаның төрт шәкірті оған “оңашада” келген болатын (Мат. 24:3). Иса елшілеріне “осы ұрпақ” жөнінде айтқанда, жағымсыз сын есімдерді қолданбаған, сондықтан олар ‘мұның бәрі іске аспайынша’ өлмейтін “ұрпаққа” өздері және өзге шәкірттер жатады деп түсінген болу керек.
12. Исаның “ұрпақ” сөзін кімге қатысты қолданғаны туралы мәнмәтіннен не білуге болады?
12 Мұндай тұжырым жасауға қандай негіз бар? Мәнмәтінді мұқият қарастырғаннан кейін, осындай тұжырымға келуге болады. Матай 24:32, 33-ке сай, Иса былай деген: “Інжір ағашынан сабақ алыңдар: оның шыбықтары жұмсарып, жапырақтары шыға бастағанда жаздың таяп қалғанын білесіңдер. Сол сияқты, сендер осы оқиғаларды көргенде Менің таяп, есік алдына келіп қалғанымды білесіңдер” (Мар. 13:28—30; Лұқа 21:30—32 салыстыр). Сосын, біз Матай 24:34-те былай деп оқимыз: “Сендерге шындығын айтайын: осы ұрпақ өлмей тұрып-ақ, мұның бәрі іске асады”.
13, 14. Неге Иса “ұрпақ” сөзін өзінің шәкірттеріне қатысты қолданған деуге болады?
13 Иса өзінің шәкірттері, ал олар көп ұзамай киелі рухпен майланбақ еді, “осы оқиғаларды” көріп, белгілі бір түйін жасай алатынын айтқан. Сондықтан ол 34-тармақта: “Осы ұрпақ өлмей тұрып-ақ, мұның бәрі іске асады”,— дегенде, шәкірттеріне нұсқаған болу керек.
14 Исаның шәкірттерінің сенбейтіндерден өзгешелігі — олар белгіні көріп қана қоймай, оның мәнін ұғу керек-тін. Олар сол белгінің құрамдас бөліктерінен ‘сабақ алып’, олардың нағыз мәнін ‘білуі’ керек еді. Шәкірттер Исаның ‘есік алдына келіп қалғанын’ толық түсінулері керек болатын. Исаның сөздерінің шағын көлемде орындалғанын сенбейтін яһудилер де, майланған адал мәсіхшілер де көрген, бірақ соңғылары ғана сол оқиғалардан ‘сабақ алған’, яғни көргендерінің нағыз мәнін түсіне алған.
15. а) Иса айтқан “ұрпақты” бүгінде кім құрайды? ә) Неге біз “осы ұрпақтың” қанша уақыт өмір сүретінін нақты есептей алмаймыз? (25-беттегі қоршауды қара.)
15 Рухани нәрселерді түсінбейтіндер Исаның осында болуының бүгінде ‘әйгіленген’, не айқын, белгісі жоқ екенін айтады. Олардың ойынша, барлық жайттар еш өзгеріссіз, бұрынғы қалпында (Пет. 2-х. 3:4). Ал Мәсіхтің майланған адал бауырлары, бүгіндегі Жохан табы, бұл белгіні найзағайдың жарқылындай анық көріп және оның нағыз мәнін түсініп отыр. Топ ретінде бұл майланған мәсіхшілер ‘мұның бәрі іске аспайынша’ өлмейтін және замандас болып табылатын бүгіндегі “ұрпақты” құрайдыc. Бұдан мынадай тұжырым жасауға болады: алдын ала айтылған ауыр азап басталғанда, Мәсіхтің майланған бауырларының кейбірі әлі де жер бетінде болады.
“Сергек болыңдар”
16. Мәсіхтің шәкірттерінің бәрі не істеулері керек?
16 Алайда белгіні ұғып қана қою жеткіліксіз. Иса: “Сендерге айтқанымды бәріне де айтамын: сергек болыңдар!”— деген (Мар. 13:37). Бұл — мейлі майланған не өте үлкен тобыр мүшесі болайық, бәріміз үшін ең маңызды нәрсе. Иса 1914 жылы көкте Патша болып тағайындалғаннан бері тоқсан жылдан аса уақыт өтті. Қаншалықты қиын болғанына қарамастан, біз әрқашан дайын және сергек болуға тиіспіз. Ал бұлай етуге қазір Исаның көкте Патша ретінде билік етіп отырғанын түсінгеніміз көмектеседі. Сондай-ақ бұл оның көп ұзамай “[біз] күтпеген сәтте” жауларын жою үшін келетінін есте ұстап, қырағы болуымызға көмектеседі (Лұқа 12:40).
17. Исаның осында екенінің мәнін ұққанымыз бізге қалай әсер ету керек және біз не істеуге бел бууымыз керек?
17 Мәсіхтің осында екендігінің мәнін ұққанымыз бұрынғыдан да қауырт әрекет етуіміз керектігін түсінуге көмектеседі. Біз Исаның осында екенін әрі 1914 жылдан бері көкте көзге көрінбей Патшалық етіп отырғанын білеміз. Жуырда ол зұлымдарды жою және бүкіл жер бетінде үлкен өзгерістер жасау үшін келеді. Сондықтан біз Иса алдын ала айтқан іске бұрынғыдан да белсене атсалысуға бел бууымыз керек. Ол былай деген: “Құдай Патшалығы туралы осы Ізгі хабар барлық ұлттарға паш етілу үшін күллі әлемге уағыздалатын болады. Содан кейін бұл заманның ақыры [телос] келеді” (Мат. 24:14).
[Сілтемелер]
a Қорынттықтарға 2-хат 10:10, 11 және Філіпіліктерге 2:12-де елші Пауылдың “қастарында” және “қастарында жоқ” кезі туралы айтылған. Осы сөздердің айырмашылығы парусиа сөзінің мағынасын жақсырақ түсінуге көмектеседі. Толығырақ мәліметті “Киелі жазбаларды түсіну” (ағ.) энциклопедиясының 2-том, 676—679-беттерінен қара.
b “Күзет мұнарасы” (ор.), 1995 жыл, 1 қараша, 11—15, 19, 30, 31 беттерді қара.
c “Осы ұрпақ” өмір сүріп жатқан кезең Аян кітабындағы бірінші аян орындалып жатқан кезеңге сай келетінге ұқсайды (Аян 1:10—3:22). Иеміздің күнінің осы кезеңі 1914 жылдан басталып, майланған адал мәсіхшілердің ең соңғысы өліп, қайта тірілгенге дейін созылады. “Аян. Оның салтанатты шарықтау шегі жақын!” (ор.), 24-бет, 4-абзацты қара.
Қалай жауап берер едіңдер?
• Исаның осында болуы ұзақ уақыт аралығы екенін біз қайдан білеміз?
• Кім Исаның осында екенінің белгісін көріп және оның мәнін түсініп отыр?
• Матай 24:34-те айтылған ұрпақты бүгінгі күні кімдер құрайды?
• Неге біз “осы ұрпақтың” қанша уақыт өмір сүретінін нақты есептей алмаймыз?
[25-беттегі қоршау]
“Осы ұрпақтың” қанша уақыт өмір сүретінін есептей аламыз ба?
“Ұрпақ” деп әдетте бір уақытта немесе бір оқиғаның тұсында өмір сүретін әртүрлі жастағы адамдарды айтады. Мысалы, Мысырдан шығу 1:6-да: “Уақыт жетіп, Жүсіп пен бауырлары және олардың тұсында өмір сүргендердің [немесе ұрпақтың] барлығы да бұ дүниеден аттанды”,— делінген. Жүсіп пен оның бауырлары әртүрлі жаста болған, бірақ олар белгілі бір уақыт аралығында қандай да бір оқиғаларды бірге бастан кешірген. Сол ұрпаққа жататын Жүсіптің кейбір бауырлары одан бұрын туылып, кейбірі одан ұзақ жасаған (Жар. 50:24). Ал өзге біреулер Буниямин сияқты Жүсіптен кейін туылып, одан кейін өлген.
Сондықтан белгілі бір уақыт аралығында ғұмыр кешкен адамдарға қатысты “ұрпақ” сөзі қолданылғанда, оның қанша уақыт өмір сүретінін нақты есептеп шығара алмаймыз. Сөйтсе де бұл — тым ұзақ не бітпейтін уақыт емес. Сондықтан Иса Матай 24:34-тегідей, “осы ұрпақ” сөзін қолданғанда, шәкірттеріне соңғы күндердің қашан аяқталатынын есептеп шығарудың формуласын бермеген. Қайта, ол шәкірттерінің “сол күннің, сол сәттің қашан болатынын” біле алмайтындарын айтқан (Тім. 2-х. 3:1; Мат. 24:36).
[22, 23-беттегі сурет]
1914 жылы Патша болып тағайындалғаннан кейін, Иса “жеңімпаз” ретінде суреттеледі
[24-беттегі сурет]
“Осы ұрпақ өлмей тұрып-ақ, мұның бәрі іске асады”