‘Тәңірге ұнамсызды істеуден шошынып, қасиетті өмір сүруге’ ұмтылайық
ЕХОБАНЫҢ ең жоғарғы дәрежеде киелі екеніне нұсқап, Киелі кітапта: “Әлемнің Иесі киелі, киелі, киелі!”— делінген (Ишая 6:3, сілт.; Аян 4:8). Еврей және грек тілдеріндегі “киелі” дегенді білдіретін сөздер арам нәрседен аулақ, пәк таза немесе діни тұрғыдан таза болуды білдіреді. Құдайдың киелілігі оның моральдық тұрғыдан толықтай мінсіз екеніне нұсқайды, әрі ол мұнсыз киелі болу мүмкін емес деп қарастырады.
Ендеше киелі Құдай Ехоба өзінің қызметшілері де киелі, яғни тәндік, моральдық және рухани жағынан таза, болады деп күтеді емес пе? Оның өз халқының киелі болғанын қалайтыны Жазбалардан анық көрінеді. Петірдің 1-хаты 1:16-да: “Қасиетті болыңдар, себебі Мен қасиеттімін!”— делінген. Кемелсіз адамдар Ехоба сияқты киелі болуға ұмтыла ала ма? Иә, олар қандай да бір шамада киелі бола алады. Құдайға деген ғибадатымыз таза және онымен қарым-қатынасымыз тығыз болса, ол бізді киелі деп қарастырады.
Олай болса, әбден арамданған дүниеде қалай өзімізді кіршіксіз таза ұстауға болады? Қандай іс-әрекеттерден аулақ жүруіміз керек? Сөйлеу мәнеріміз бен жүріс-тұрмысымызда қандай өзгерістер жасауымыз қажет? Осы тұста Құдай б. з. б. 537 жылы Бабыл тұтқындығынан отанына қайтқан яһудилерге қандай талаптар қойғанынан неге үйренуге болатынын қарастырып көрейік.
‘Ол жерге Киелі жол’ салынбақ
Ехоба өз халқының Бабылдан азат етілген соң, туған жерлеріне оралатынын алдын ала айтып, мынадай кепілдік берген: “Ол жерге даңғыл жол салынып, онда жол түспек. Ол Киелі жол деп аталмақ” (Ишая 35:8а, ЖД). Бұл сөздерден яһудилер елдеріне қайта оралу үшін Ехобаның жол ашып қана қоймай, сапарларының барысында оларды қорғайтынына сендіргені көрінеді.
Бүгіндегі қызметшілері Ұлы Бабылдан, дүниежүзілік жалған діндер империясынан, шығу үшін Ехоба “Киелі жол” ашқан. 1919 жылы ол майланған мәсіхшілерді жалған діннің құрсауынан босатты, содан, олар бірте-бірте жалған ілімдердің бәрінен арылды. Біз, Ехобаның бүгіндегі қызметшілері, таза да тыныштық орнаған мәсіхшілер қауымында оған ғибадат етіп жүрміз, әрі онымен де, бауырластарымызбен де татумыз.
“Кішкентай қораға” жататын майланған мәсіхшілер мен күн санап өсіп жатқан “басқа қойлардан” тұратын “өте үлкен тобыр” киелі жолмен жүруді шешіп, бұған өзгелерді де шақыруда (Лұқа 12:32, сілт.; Аян 7:9; Жох. 10:16). ‘Өмірлерін Құдайға ұнамды, толықтай бағышталған, тірі құрбандық’ ретінде ұсынуға дайын адамдардың бәрі “Киелі жолмен” жүруді таңдай алады (Рим. 12:1).
‘Онымен арамданған адам жүрмейді’
Б. з. б. 537 жылы еліне қайтқан яһудилерге маңызды талап қойылған еді. “Киелі жолмен” кімдер жүре алмайтынына нұсқап, Ишая 35:8ә-де (ЖД): “Онымен арамданған адам жүрмейді”,— делінген. Яһудилердің Иерусалимге оралуының басты мақсаты таза ғибадатты қалпына келтіру болғандықтан, онда қара басын ғана ойлайтындар, қасиеттіні құрметтемейтіндер, немесе арам істермен айналысатындар, үшін орын жоқ еді. Еліне қайтқандар Ехобаның жоғары моральдық нормаларын ұстанулары керек-тін. Бүгінде Құдайдың ықыласына ие болғысы келетіндер де осылай етулері керек. Олар ‘Тәңірге ұнамсызды істеуден шошынып, қасиетті өмір сүруге’ ұмтылуға тиіс (Қор. 2-х. 7:1, сілт.). Олай болса, біз қандай арам қылықтардан аулақ болуымыз керек?
Елші Пауыл: “Ал тәннің қылықтары белгілі, бұлар: азғындық, арамдық, жүгенсіздік”,— деп жазған (Ғал. 5:19, ЖД). Азғындық — некеден тыс жыныстық қатынас, сондай-ақ оған жыныс мүшелері қолданылып жасалатын әрекеттердің бәрі кіреді. Жүгенсіздікке “бейбастақтық, ұяттан безгендік, анайы да өрескел қылық” жатады. Азғындық та, жүгенсіздік те Ехобаның киелілігіне кереғар екені анық. Сондықтан мұндай нәрселермен айналысуын қоймайтындар мәсіхшілер қауымына қабылданбайды немесе одан шығарылады. Әбден арамданған, дәлірек айтқанда “әртүрлі арам істерді тойымсыздықпен”, істейтіндерге де осы принцип қолданылады (Ефес. 4:19, ЖД).
“Арамдану” деген түсінікке ауырлығы әртүрлі күнәлар жатады. “Арамдану” дегенді білдіретін грек сөзі жүріс-тұрыс, сөйлеу және ғибадат мәселесіндегі кез келген ластыққа нұсқайды. Арам болып есептелетін қылықтың ауырлығына қарай, кейде құқық комитетін құру қажет болмауы да мүмкінa. Бірақ арам іспен, мейлі ол қандай болмасын, айналысатын адамды киелі болуға ұмтылады деуге бола ма?
Мысалы, мәсіхші ешкімге білдіртпей порнография көре бастады делік. Оның осы арам қылықпен айналысуға деген ықыласы арта түскен сайын, Ехобаның алдында таза болуға деген шешімі әлсірей береді. Оның қылығы аса ауыр арам істің деңгейіне жетпеген болар, бірақ ол тек ‘таза, ұнамды да тартымды және мақтауға тұрарлық’ нәрселер турасында ойланудан қалады (Філіп. 4:8). Порнография арам нәрсеге жатады, сондықтан адамның Құдаймен қарым-қатынасына нұқсан келтірері сөзсіз. Біздің арамызда арамдық атаулының тіпті аты да аталмауы тиіс (Ефес. 5:3).
Тағы бір мысалды қарастырып көрейік: мәсіхші — порнография көріп не көрмей болсын — мастурбациямен айналысады, яғни әдейі жыныстық құмарлығын қоздырып, содан ләззат алады делік. Киелі кітапта “мастурбация” деген сөз жоқ болғанмен, оның ой-сана мен сезімді арамдайтыны анық емес пе? Адамның осылай өзін арамдай беруі Ехобамен қарым-қатынасына қатты нұқсан келтіріп, оның алдында лас қылмай ма? Елші Пауылдың келесі ескертулеріне құлақ асқанымыз маңызды: ‘тәніміз бен рухымызды арамдайтын барлық нәрселерден тазартайық’ және ‘күнәкар дүниеге жататын қылықтарыңды біржола тоқтатыңдар: неке адалдығын бұзу, әр қилы азғындық [“арам істер”, ЖД], нәпсіқұмарлық пен арам пиғылдан аулақ жүріңдер’ (Қор. 2-х. 7:1; Қол. 3:5).
Шайтан билеп отырған қазіргі дүниеде арам қылықтар жасау — кәдімгі нәрсе, тіпті ол соған түрткі болады. Арам қылықтан бас тарту өте қиын болуы мүмкін. Бірақ шынайы мәсіхшілер ‘құдайсыз халықтардың түкке тұрғысыз ойларына сай өмір сүрмеуі’ керек (Ефес. 4:17). Жасырын не ашық істелетін кез келген арам қылықтан аулақ болсақ қана, Ехоба “Киелі жолмен” жүргізеді.
‘Ол жерде арыстан болмайды’
Киелі Құдай Ехобаның ықыласына ие болу үшін кейбіреулерге жүріс-тұрыстары мен сөйлеу мәнерінде үлкен өзгерістер жасау қажет болуы мүмкін. Ишая 35:9-да: “Ол жерде [Киелі жолда] арыстан және жыртқыш аңдар болмайды”,— делінген. Мұнда беттен алып, төске шаба жөнелетін адамдар жабайы аңдарға теңелген. Олардың Құдайдың әділдік орнаған жаңа дүниесінде өмір сүрмейтіні айдан анық (Ишая 11:6; 65:25). Сондықтан Құдайдың мақұлдауына ие болғысы келетіндердің мұндай анайы мінез-құлықтан арылып, киелілікке ұмтылғандары маңызды.
Киелі кітапта: “Әр қилы кекшілдік, ашу-ыза, айқай-шу, қорлау, тағы басқа барлық жаман нәрселерден арылыңдар!”— делінген (Ефес. 4:31). Қолостықтарға 3:8-ден былай деп оқимыз: “Мына қылықтарды енді тастаңдар: ашу-ыза, кек сақтау, қаралау, бейпіл ауыздық”. Осы тармақтардағы “қорлау” және “қаралау” деген, негізінен, ренжітетін, дөрекі сөздер айтуға не тіл тигізуге нұсқайды.
Бүгінде жанды жаралайтын, дөрекі сөздер тіпті отбасында да кәдімгі нәрсеге айналған. Ерлі-зайыптылар бір-біріне және балаларына қыршаңқы, ауыр сөздер айтады, я болмаса кемсітіп сөйлейді. Мәсіхшілер отбасында мұндай нәрсеге орын жоқ (Қор. 1-х. 5:11).
‘Тәңірге ұнамсызды істеуден шошынып, қасиетті өмір сүруге’ ұмтылсақ, зор батаға кенелеміз
Киелі Құдай Ехобаға қызмет ету — неткен мәртебе! (Ешуа 24:19). Ехоба бізді керемет рухани жұмаққа кіргізді. Өмірде Ехобаның алдында таза жүріп-тұрып, киелі болуға ұмтылудан артық не бар!?
Құдайдың уәдесі жүзеге асып, жер бетінде Жұмақ орнайтын уақыт өте жақын (Ишая 35:1, 2, 5—7). Сол уақытты аңсай күтіп, Құдайға ұнайтындай өмір кешуге ұмтылып жүргендер Жұмаққа қоныс тебеді (Ишая 65:17, 21). Олай болса, Құдайға ғибадат еткенде үнемі таза болып, онымен тығыз қарым-қатынасымызды сақтап қалуға бел буайық.
[Сілтеме]
a “Арамдану” мен “арам істерді тойымсыздықпен” істеудің айырмашылығы 2006 жылғы 15 шілдедегі “Күзет мұнарасының” (ор.) 29—31 беттерінде талқыланады.
[26-беттегі сурет]
“Киелі жолмен” жүру үшін яһудилерден не талап етілді?
[27-беттегі сурет]
Порнография көру адамның Ехобамен қарым-қатынасына нұқсан келтіреді
[28-беттегі сурет]
“Айқай-шу, қорлау, тағы басқа барлық жаман нәрселерден арылыңдар!”