Иса пайғамбар кемелді үлгі көрсетті
БӘРІМІЗ де бақытты әрі жақсы адам болғымыз келеді. Бұл үшін не қажет екенін көрсетіп, елші Петір былай деп жазды: “Мәсіхтің Өзі бізге бола азап шегіп, үлгі қалдырды, сондықтан Оның ізімен жүруіміз керек” (Петірдің 1-хаты 2:21). Барлық жағынан үлгілі өмір кешкен Иса Мәсіхтен көп нәрсе үйрене аламыз. Исаны жақынырақ танып, оның өмір салтын үлгі етсек, бақытты әрі жақсы адам бола аламыз. Олай болса, Исаның кейбір қасиеттерін қарастырып, оған қалай еліктей алатынымызға көңіл бөлейік.
Иса әр нәрсенің өз орнын білген. Иса өзінің ‘бас тірейтін тұрағы жоқ’ екенін айтқанымен, өмірдің бар қуанышынан бас тартып өмір сүрмеген және басқаларды бұған үйретпеген (Матай 8:20). Мысалы, ол үйлену тойына барған (Лұқа 5:29). Онда өзінің алғашқы кереметін жасап, суды жақсы шарапқа айналдырды. Бұдан оның адамдармен араласып, көңіл көтеруді оғаш санамағанын көреміз (Жохан 2:1—11). Алайда Иса өмірде өзі үшін ненің басты орында тұруы керек екенін жақсы білген. Сондықтан: “Өзімді Жібергеннің еркін іске асырып, Оның тапсырғанын толық орындау Маған нәр болады”,— деді (Жохан 4:34).
□ Құдайға ғибадат ету мен басқа істердің өмірде өз орнын қалай табуға болатынын ойлап көргенсіз бе?
Иса жайдары мінезді болған. Киелі кітаптан Исаның мейірімді әрі ашық жарқын адам болғанын білеміз. Адамдар қиыншылықтарымен келгенде немесе сұрақтар қойып сынамақ болғанда, ол ешқашан қабақ шытып, ашуланған емес. Бірде қалың топтың арасында келе жатқанда, ауыр дертпен он екі жыл бойы қиналған бір әйел сауығып кетемін деген үмітпен шапанының етегіне қолын тигізеді. Сол заманда айыпты болып есептелетін бұл әрекеті үшін Иса оны жазғырып, бетін қайтармады. Мұның орнына, қайырымдылықпен оған: “Замандас, сенімің арқылы құтқарылдың. Аман-есен қайта бер, қинаған дертіңнен айықтың”,— деді (Марқа 5:25—34). Балалар да Исаны жатырқамай, оның қасында өздерін еркін сезінетін болған (Марқа 10:13—16). Иса шәкірттерін өзіне жақын тартып, ашық пікір алысқан. Олар болса Исаға өз ойлары мен өтініштерін айтуға қысылмаған (Марқа 6:30—32).
□ Адамдар қасыңызға қысылмай келіп, еркін сөйлесе ме?
Ол сезімтал әрі жанашыр болған. Иса өзін басқалардың орнына қоя білген, сезімдерін түсініп, көмек көрсетуге дайын болған. Бұл да оның керемет қасиеттерінің бірі. Ағасы Елазарды жоқтап қайғырған Мәриямды көргенде Иса “іштей қатты қайғырып, толқып кеткенін” және “көзіне жас алғанын” білеміз. Бұл отбасын Иса жақсы көрген, әрі жұрт алдында оларға деген сезімін көрсетуге қысылмаған. Досын өмірге қайта тірілткенінен оның қаншалықты жанашыр екенін көреміз (Жохан 11:33—44).
Басқа бір жолы алапестен азап шегіп, ел-жұртпен араласудан қалған бір кісі Исаға келіп: “Мырза, егер қаласаңыз, мені құлан-таза етіп сауықтыра аласыз”,— деп өтінішін айтады. Сонда Иса шынайы жанашырлықпен, қолын созып, денесіне тигізді де: “Қалаймын, құлан-таза сауығып кет!”— деді (Матай 8:2, 3). Ол адамдарды пайғамбарлықтар орындалсын деп қана емес, көздерінің жасын сүртуді қалағандықтан сауықтырды. Иса не істесе де, барлығын өзі айтқан сөзге сай істеді. Ол: “Адамдар өздеріңе қалай істесін десеңдер, сендер де оларға солай істеңдер!”— деген (Лұқа 6:31).
□ Адамдарға жасаған істеріңізден жанашырлық сезіле ме?
Иса қырағы болған әрі адамдарға түсінушілікпен қараған. Иса ешқашан күнә жасамаған кемелді адам болса да, басқалардан кемелділікті күтпеген. Әрі олардың алдында өзін жоғары ұстамай, қайта, түсінушілікпен қараған. Бірде қала тұрғындарына жеңіл жүрісімен белгілі болған бір әйел Исаға деген сенімі мен ризашылығын білдіріп, көз жасымен аяғын жуады. Үй иесі әйелге жақтырмай қараса да, Иса мұнысына қарсылық білдірмейді. Оның шын өкініп тұрғанын көргендіктен, күнәсін бетіне басып айыптамады. Қайта, оған: “Сен сенімің арқылы құтқарылдың. Аман-есен қайта бер”,— дейді. Исаның осылай мейірімділік танытқаны сол әйелді жаман жолдан қайтуға талпындырғаны сөзсіз (Лұқа 7:37—50).
□ Өзгелер сізді жылы сөзге жомарт, айыптауға асықпайтын адам деп біле ме?
Ол адамдарды алаламаған және оларға құрметпен қараған. Иса шәкірті Жоханды, мінездері ұқсас әрі туысқан болғандықтан болса керек, өзіне жақын тартқанa. Бірақ оны басқа шәкірттерінен артық көріп, қателіктеріне көз жұмбаған (Жохан 13:23). Мысалы, Жохан мен оның туған бауыры Жақып Патшалықта жоғары дәреже сұрағанда, Иса: “Оң мен сол жағыма отыруға тағайындау Менің қолымда емес”,— деп жауап берді (Марқа 10:35—40).
Иса адамдарға әрқашан құрметпен қараған. Ол сол кезде кең тараған алалаушылықты жақтамады. Замандастары әйел затын ер адамнан төмен деп есептеген. Бірақ Иса әйелдерге лайықты құрмет көрсетті. Мысалы, өзінің Мәсіх екенін алғаш рет самариялық әйелге айтқан. Ал яһудилер самариялықтармен араласпайтын, тіпті олармен амандаспайтын да (Жохан 4:7—26). Сондай-ақ Иса қайта тірілгенінің алғашқы куәсі болу мәртебесін де әйелдерге берді (Матай 28:9, 10).
□ Адамды ер не әйел демей, нәсілі, ұлты не тіліне қарамай, бәріне бірдей құрмет көрсетесіз бе?
Ол қамқор ұл әрі аға болған. Исаның өгей әкесі Жүсіп ерте қайтыс болып кетсе керек. Сондықтан ол ағаш ұстасы болып жұмыс істеп, анасы мен іні-қарындастарына көмектескенге ұқсайды (Марқа 6:3). Ал өлер алдында анасы Мәриямды шәкірті Жоханның қамқорлығына тапсырып кеткен (Жохан 19:26, 27).
□ Отбасындағы міндеттеріңізге осындай жауапкершілікпен қарайсыз ба?
Иса шынайы дос бола білген. Иса дос болудың керемет үлгісін көрсетті. Ол достарынан қателік жасаса да, тіпті бір қателікті қайталай берсе де, бас тартқан емес. Шәкірттері әрқашан оның көңілінен шыға бермеген. Сонда да өзінің дос екенін олардың жақсы қасиеттеріне баса назар аударуымен және ниеттерінің тазалығына күмән келтірмеуімен дәлелдеген (Марқа 9:33—35; Лұқа 22:24—27). Сондай-ақ Иса әрқашан өзі сөйлей бермей, шәкірттерін де өз ойларын еркін айтуға шақырған (Матай 16:13—15).
Ал ең бастысы, Иса достарын жақсы көрді (Жохан 13:1). Оларды қаншалықты сүйетінін былай деп түсіндірді: “Адамның достарына көрсететін ең зор сүйіспеншілігі — олар үшін өмірін құрбан етуі” (Жохан 15:13). Достары үшін адам бұдан артық не істемек?!
□ Досыңыз қателік жасаса не ренжітсе, қарым-қатынасты сақтап қалуға тырысасыз ба?
Ол батыл әрі жігерлі адам болған. Иса кейбір суреттерде бейнеленгендей әлжуас, бейшара біреу емес. Інжілден оның қайратты да ширақ адам болғанын білеміз. Мысалы, ол Құдайға ғибадат ететін жерде сауда жасағандарды малдарымен қоса екі рет қуып шығарған (Марқа 11:15—17; Жохан 2:14—17). Өлерінің алдындағы түні бір топ адам “Назареттік Исаны” тұтқындауға келдік дегенде, ол жасырынбай алдарынан шығып: “Ол Менмін!”— деген. Содан кейін: “Мені іздеп жүрсеңдер, онда мыналарға тимеңдер, кете берсін”,— деп, шәкірттерін қорғап қалды (Жохан 18:4—9). Тұтқында соққыға жығылса да, ештеңеден именбей, өзін батыл ұстағанына қайран қалған Понти Пилаттың Исаны нағыз адам дегені бекер емес (Жохан 19:4, 5).
□ Қажет болғанда, ештеңеден тайсалмай батыл әрекет етесіз бе?
Иса осы және басқа да қасиеттерімен бізге кемелді үлгі қалдырды. Оған еліктесек, біз де жақсы әрі бақытты адам бола аламыз. Міне, сондықтан да елші Петір бізді Исаның ізімен жүруге шақырды. Олай болса, неге Исаға барынша еліктемеске?!
Иса кемелді үлгі ғана емес
Иса еліктеуге тұрарлық үлгі ғана емес. Себебі ол өзі жайлы: “Жол, шындық және шынайы өмір Менмін. Мен арқылы болмаса, ешкім де Әкеге бара алмайды”,— деген (Жохан 14:6). Құдай туралы шындықты айтумен қатар, Иса адал адамдардың Құдайға жақындауына және мәңгілік өмірге жетулеріне жол ашты (Жохан 3:16).
Иса жерге келу себебінің осы қырына назар аударып, былай деген: “Құдай тағайындаған Билеуші бола тұра Өзіме қызмет еткізуге емес, Өзім қызмет етіп, адамдардың азаттық төлемін өтеу үшін жанымды қиюға осы дүниеге келдім” (Матай 20:28). Оның өз өмірін құрбан еткенінің арқасында адамзат мәңгілік өмірге үміттене алатын болды. Бұл үшін не қажет екенін Иса былай деп түсіндірді: “Мәңгілік өмір, бұл — жалғыз шынайы Құдайды және Өзің жерге жіберген Мені, Иса Мәсіхті, жақыннан тану” (Жохан 17:3).
Олай болса, мәңгілік өмірге жету үшін Иса туралы білім алу, оның өмір салтын үлгі тұту және өмірін құрбан еткеніне сенім білдіру қажет. Сондықтан біз сізді осындай білімнің қайнар көзі — Киелі кітапты зерттеуге және онда айтылғандарды Иса сияқты іс жүзінде қолдануға шақырамызb.
Исаға еліктегеніміз жақсы адам болуға көмектеседі. Ол өмірін құрбан еткенінің арқасында біз күнә мен оның салдары өлімнің құрсауынан босаймыз (Римдіктерге 6:23). Расында да, Иса Мәсіх жерге келмегенде, жағдайымыз қаншалықты мүшкіл болар еді десеңші! Сондықтан күнделікті өмірдің қам-қарекеті Иса Мәсіх жайлы білім алуға және оған еліктеуге кедергі болуына жол бермеңіз.
[Сілтемелер]
a Жоханның анасы Саломи мен Исаның анасы Мәриям апалы-сіңлілі болғанға ұқсайды (Матай 27:55, 56; Марқа 15:40; Жохан 19:25).
b Исаның жердегі өмірі туралы көбірек білгіңіз келсе, Ехоба куәгерлері басып шығарған “Тарихтағы ең ұлы адам” кітабына тапсырыс беруіңізге болады.
[29-беттегі қоршау/суреттер]
◼ Иса адамдарды алаламаған және оларға құрметпен қараған
◼ Ол нағыз дос болған және олар үшін өмірін қиған
◼ Ол батыл болған
Неге Исаға барынша еліктемеске?
[27-беттегі суреттер]
Иса әр нәрсенің өз орнын білген...
жайдары мінезді...
жанашыр болған