“Шәкіртім болып соңымнан ер!”
“Маған еріп шәкіртім болғысы келген әркім өз еркі бойынша өмір сүруін қойсын, әрі айқышын арқалаған кісідей азапты өлімге күн сайын дайын болып Менің жолыммен жүрсін!” (ЛҰҚА 9:23).
1, 2. а) Иса адамдарға қандай шақыру айтты? ә) Сен Исаның шақыруын қабыл алдың ба?
ЖЕРДЕГІ қызметінің соңына таман Иса Яһудеяның солтүстік шығысында, Иорданның арғы бетінде орналасқан Перея аймағында уағыздаған болатын. Сол жерде оған бір жас жігіт келіп, мәңгілік өмірге ие болу үшін не істеу керектігін сұрайды. Иса жігіттің Мұса заңын адал орындап жүргенін білген соң, оған керемет ұсыныс жасап: “Барып, қолыңдағы мал-мүлкіңді сатып, түскен ақшаны мұқтаждарға үлестіріп бер, сонда сенің қазынаң көкте болады. Өзің қайтып келіп, шәкіртім болып соңымнан ер!”— дейді (Мар. 10:21). Жаратушы Иенің жалғыз Ұлының соңынан еру қандай мәртебе!
2 Бұл жас жігіт Исаның шақыруын қабыл алмады. Алайда кейбір адамдар оны қабылдады. Бұдан алдын Иса Філіпке: “Менің шәкіртім болып, соңымнан ер”,— деген болатын (Жох. 1:43). Філіп ұсынысты қабыл алып, кейін Исаның елшісі болды. Сосын, Иса Матайды да шақырды, ол да қабыл алды (Мат. 9:9; 10:2—4). Негізінде, Иса бұндай ұсынысты әділдікті жақсы көретіндердің бәріне жасаған. Себебі ол: “Маған еріп шәкіртім болғысы келген әркім өз еркі бойынша өмір сүруін қойсын, әрі айқышын арқалаған кісідей азапты өлімге күн сайын дайын болып Менің жолыммен жүрсін!”— деген (Лұқа 9:23). Демек, Исаның соңынан еруді шын қалаған әркім оның шәкірті бола алады. Сенде мұндай ықылас бар ма? Көпшілігіміз осы шақыруды қабыл алғанбыз және қызмет кезінде осы мүмкіндік туралы басқаларға да айтамыз.
3. Бағытымыздан ауытқымауға не көмектеседі?
3 Өкінішке қарай, Киелі кітаптағы шындыққа қызығушылық білдірген кейбір адамдар зерттеуді доғаруда. Олар бірте-бірте Исаның соңынан еруді қойып, тіпті ‘бағытынан ауытқып кетіп’ жатыр (Евр. 2:1). Біз мұндайдан аулақ болу үшін не істеуіміз керек? Бұл үшін келесі сұрақтардың үстінен ой жүгірткен дұрыс: “Неге мен Исаның соңынан еруді шештім? Оның шәкірті болу деген нені білдіреді?” Осы сұрақтардың жауабын жадымызда сақтағанымыз алған бетімізден ауытқымау шешімізді нығайтады. Сондай-ақ бұл басқаларды Исаның соңынан еруге талпындыруға көмектеседі.
Неліктен Исаның соңынан ереміз?
4, 5. Неге Иса бізге Көсем бола алады?
4 Еремия пайғамбар: “Жаратушы Ие, өз бағыт-бағдарын белгілеудің адам құзырында емес екенін, жол жүріп бара жатқан пенденің табан тірер бағытты өзінің айқындауға шамасының жетпейтінін білемін”,— деген (Ерм. 10:23). Адамзат тарихы бұл сөздердің растығын дәлелдеді. Кемелсіз адам баласының өз-өзіне жақсы билік жүргізе алмайтыны күннен-күнге айқын болуда. Біз Исаның шақыруын қабыл алдық, өйткені оның Көсеміміз бола алатынын және оған ешбір адам тең келмейтінін білдік. Қазір соның бірнеше себебін қарастырайық.
5 Біріншіден, Исаны Мәсіх әрі Көсем етіп Ехобаның өзі таңдаған. Бізге Көсем болуға кімнің лайық екенін Жаратушыдан артық кім біле алады? Екіншіден, Исада бізді тамсандыратын әрі еліктеуге тұратын керемет қасиеттер бар (Ишая 11:2, 3 оқы). Ол біз үшін келмелді үлгі (Пет. 1-х. 2:21). Үшіншіден, Иса өзінің соңынан ергендердің қамын ойлайды, мұны олар үшін жанын қию арқылы көрсетті (Жохан 10:14, 15 оқы). Сондай-ақ ол өзін қамқор бағушы ретінде танытып, бізді қазір бақытты ететін әрі болашақта мәңгілік өмірге жеткізетін өмір жолымен жетелеуде (Жох. 10:10, 11; Аян 7:16, 17). Осы және басқа да себептермен біз оның соңынан еріп, дана шешім қабылдадық. Алайда Исаның соңынан еру деген нені білдіреді?
6. Исаның соңынан еру деген нені білдіреді?
6 Исаның шәкірті болу үшін, мәсіхші деп аталу жеткіліксіз. Жер бетіндегі екі миллиардтай адам өздерін мәсіхшіміз дейді, бірақ ісімен өздерінің ‘әділетсіздік істеушілер’ екенін көрсетеді (Матай 7:21—23 оқы). Біз Исаның шақыруына қызығушылық танытқан адамдарға шынайы мәсіхшілер Исаның ілімі мен үлгісіне өмірдің барлық саласында әрі күн сайын еліктейтінін түсіндіреміз. Бұған не жататынын көру үшін, Исаға қатысты білетін кейбір жайттарды қарастырайық.
Исаның даналығына елікте
7, 8. а) Даналық деген не және неге ол Исада молынан болған? ә) Иса даналықты қалай танытты және біз оған қалай еліктей аламыз?
7 Иса көптеген керемет қасиеттер танытқан, алайда біз қазір оның төртеуіне — даналығына, кішіпейілділігіне, құлшынысына және сүйіспеншілігіне — назар аударамыз. Алдымен, оның даналығын, яғни білімі мен ақылын іс жүзінде қолдана білу қабілетін, қарастырайық. Елші Пауыл: “Мәсіхте Құдайдың даналығы мен білімінің бүкіл қазынасы жатыр”,— деп жазды (Қол. 2:3). Сондай-ақ Исаның өзі де: ‘Әкем қалай үйретсе, солай сөйлеймін’,— деген (Жох. 8:28). Исаға даналықты Ехоба бергендіктен, оның әрқашан парасатты әрі дұрыс шешім қабылдай алғанына таңғалмаймыз.
8 Мысалы, Исаның бұл қабілеті оның қандай өмір жолын таңдағанынан көрінеді. Ол Құдай еркін орындауды ғана көздеп, қарапайым өмір сүруді шешкен. Сондай-ақ Иса уақыты мен күш-жігерін Патшалықтың мүддесі үшін жұмсаған. ‘Көзімізді қарапайым’ (ЖД) етіп сақтап, әрі құр босқа күшімізді кетіретін және көңілімізді аулайтын нәрселерден аулақ болу арқылы біз Исаға еліктейміз (Мат. 6:22). Көптеген мәсіхшілер өмірлерін қарапайым етіп, қызметке көбірек уақыт жұмсауға жағдай жасаған. Тіпті кейбіреулер ізашарлық қызметті бастай алған. Егер сен солардың бірі болсаң, мақтауға лайықсың. Ең алдымен ‘Патшалықтың қамын ойлау’ бақытқа кенелтіп, зор қанағат береді (Мат. 6:33).
Исаға ұқсап кішіпейіл бол
9, 10. Иса қалай кішіпейілділік танытты?
9 Қазір Исаның келесі қасиеті — кішіпейілділігін қарастырайық. Кемелсіз адамның қолына билік тисе, жиі кеудесін көтеріп, маңғаздана бастайды. Ал Иса мүлдем басқаша болған. Ол Ехобаның ниетінде ең маңызды рөл атқарса да, онда менмендік түгілі оның нышаны да болмаған. Елші Пауыл Исаның осы қасиетіне еліктеуге шақырып, былай деген: “Иса Мәсіхтің мінез-құлқы сендердікі де болсын: Құдайлық болмысы бола тұра, ол онысына жармасқан жоқ, қайта, Өзінің құдіреті мен салтанатты ұлылығынан Өз еркімен бас тартып, құлдың кейпін қабылдап, Адам секілді дүниеге келіп, Кәдімгі адамға ұқсап көрінді” (Філіп. 2:5—7). Бұл сөздер нені білдіреді?
10 Иса көктегі Әкесінің жанында салтанатты ұлылыққа бөленіп өмір сүрсе де, одан ‘өз еркімен бас тартты’. Оның өмірі еврей қыздың құрсағына аударылып, онда тоғыз ай бойы дамып-жетілді де, қарапайым ағаш ұстасының отбасында дүниеге келді. Иса кіп-кішкентай әлсіз нәресте, кейін бала, сосын жасөспірім болды. Кемелді болса да, ол ер жеткенше кемелсіз ата-анасына мойынсұнды (Лұқа 2:51, 52). Неткен кішіпейілділік!
11. Исаның кішіпейілділігіне қалай еліктей аламыз?
11 Қарапайым болып көрінетін тапсырмаларды дайындықпен орындау арқылы біз Исаның кішіпейілділігіне еліктейміз. Мысалға ізгі хабарды уағыздау тапсырмасын алайық. Бұл тапсырма, әсіресе, адамдар немқұрайдылық танытса, келеке мазақ етсе не қарсылық білдірсе, жағымсыз боп көрінуі мүмкін. Алайда уағыздауды жалғастырудың арқасында біз адамдарға Исаның шақыруын қабыл алуға, яғни өмірлерін сақтауға көмектесеміз (Тімотеге 2-хат 4:1—5 оқы). Кішіпейілділікті Патшалық сарайымызды күтіп ұстауға атсалысу арқылы да танытуға болады. Бұған қоқыс шығару, еден жуу және әжетхананы тазалау сияқты қарапайым істер жатады. Біз Патшалық сарайын — таза ғибадаттың жергілікті орталығын — күтіп ұстаудың қасиетті қызметіміздің бір бөлігі екенін түсінеміз. Мұндай істі бар ықыласпен атқарғанымыз біздің кішіпейіл әрі Мәсіхтің шәкірті екенімізді көрсетеді.
Иса сияқты құлшыныс таныт
12, 13. а) Иса қалай құлшыныс танытқан әрі оны бұған не талпындырды? ә) Қызметті құлшыныспен атқаруға бізді не талпындырады?
12 Енді Исаның қызметте танытқан құлшынысын қарастырайық. Ол жерде болған кезінде көп іс атқарды. Жас шағында өгей әкесі Жүсіппен ағаш ұстасы болып еңбектенді. Ал қызмет кезінде ол ауруларды сауықтыру мен өлгендерді қайта тірілту сияқты көптеген кереметтер жасады. Алайда оның атқарған басты ісі ізгі хабарды уағыздап, құлақ салғандарға тәлім беру болған (Мат. 4:23). Оның шәкірті болғандықтан біз де осындай іспен айналысамыз. Бұл істе біз Исаға қалай еліктей аламыз? Мұның бір жолы Исаныкіндей сезім дамыту.
13 Исаны уағыздау мен тәлім беруге талпындырған басты нәрсе — Құдайға деген сүйіспеншілігі. Сондай-ақ Иса өзі үйреткен шындықтарды да жақсы көрген. Олар Иса үшін баға жетпес қазына іспетті болған, әрі ол бұл қазынаны басқалармен де бөліскісі келген. Біз туралы да осылай деуге болады. Біз де Құдай Сөзіндегі көптеген бағалы шындықтарға ие болдық. Мысалы, бүкіләлемдік билікке қатысты дауылы мәселені және оның қалай шешілетінін білеміз. Сондай-ақ өлілердің қандай күйде болатыны мен Құдайдың жаңа дүниеде төгетін баталары жайлы Киелі кітаптың неге үйрететінін жақсы түсінеміз. Жақында не ұзақ уақыт бұрын білген мұндай шындықтар ешқашан құнын жоғалтпайтын қазына болып табылады (Матай 13:52 оқы). Бар ықыласпен уағыздау арқылы біз басқаларға Ехоба үйреткен шындықтарды сүйетінімізді көрсетеміз.
14. Тәлім беруде Исадан қалай үлгі аламыз?
14 Исаның қалай тәлім бергеніне де көңіл бөлейік. Ол маңызды бір жайтты айтқанда, жиі “жазылған ғой” деген сөздермен тыңдаушыларының назарын Жазбаларға аударып отырған (Мат. 4:4; 21:13). Ізгі хабарларда жазылған сөздерінен көрінетіндей, ол Еврей жазбаларындағы кітаптардың жартысынан көбінен үзінді келтірген не оларға сілтеген. Біз де Исаға еліктеп, қызмет кезінде Киелі кітапқа сүйеніп сөйлейміз әрі жазба орындарын ашып, оқып беруге тырысамыз. Осылайша ниеті таза адамдар біз өз ойымызды емес, Құдай сөзін үйретіп жүргенімізді білетін болады. Адамдар Киелі кітапты оқығысы, ондағы құнды ойлар жайлы сөйлескісі не олардың мағынасын талқылағысы келсе, біз қуанамыз. Ал егер олар Исаның шақыруын қабыл алып, оның шәкірті болғысы келсе, одан бетер қуанамыз.
Исаға еліктеп, сүйіспеншілік таныт
15. Исаның ең керемет қасиетті қандай және ол туралы ойлағанымыз бізге қалай әсер етеді?
15 Ал енді Исаның жүрекке жылы тиетін тағы бір қасиетін қарастырайық. Бұл оның адамдарға деген сүйіспеншілігі. Елші Пауыл: “Мәсіхтің сүйіспеншілігі бізді алға басуға мәжбүр етеді”,— деді (Қор. 2-х. 5:14). Исаның жалпы адамзатқа және жеке өзімізге деген сүйіспеншілігі туралы ойлағанымыз көңілімізді толқытады әрі оның ізімен жүруге талпындырады.
16, 17. Иса адамдарды сүйетінін қалай көрсетті?
16 Иса адамдарды сүйетінін қалай көрсетті? Ол адамзат үшін өмірін қиды. Бұл сүйіспеншілігінің зор дәлелі болды (Жох. 15:13). Алайда ол қызметі кезінде адамдарға деген сүйіспеншілігін басқа да жолдармен көрсеткен. Мысалы, қасірет шеккен адамдарға оның жаны ашыған. Елазар қайтыс болғанда, Мәриям мен басқалардың айтқан жоқтауын естіп, Иса қатты қайғырған. Елазарды қайта тірілтейін деп тұрса да, көңілі толқып, ол ‘көзіне жас алған’ (Жох. 11:32—35).
17 Бірде Исаға алапеспен ауырған кісі келіп: “Егер қаласаңыз, мені құлантаза сауықтыра аласыз”,— дейді. Сонда Иса ‘оған жаны ашып’, бір ерекше іс жасайды. “Иса қолын созып, денесіне тигізді де: — Қалаймын, құлантаза сауығып кет!— деді. Сол сәтте-ақ ауру адам алапесінен арылып, тазарды”. Мұса заңы бойынша алапеспен ауырған адам таза емес болып есептелетін, әрі Исаның оны қол тигізбей-ақ сауықтыруға құдіреті жетер еді. Алайда ол алапес адамға қолын тигізіп, ұзақ жылдар бойы сезінбеген жылулықты сезінуіне мүміндік берді. Бұл — қандай жанашырлық! (Мар. 1:40—42).
18. Қалай біз жанашыр бола аламыз?
18 Біз Исаның шәкірті болғандықтан, өзгелердің ‘қуанышы мен қайғысына ортақтас’ болып, сүйіспеншілік көрсетуге шақырыламыз (Пет. 1-х. 3:8). Созылмалы дертке шалдыққан не жан күйзелісіне ұшыраған бауырласымыздың сезімін түсіну, әсіресе, мұндайды өз басымыздан өткермеген болсақ, оңай болмауы мүмкін. Алайда Иса ешқашан ауырмаса да, ауырған адамның жанын түсіне білген. Мұндай қабілетті біз қалай дамыта аламыз? Бұл үшін қиыншылығын айтып, мұңын шаққан адамды мұқият тыңдаған жөн. Сондай-ақ өзімізден: “Оның орнында болсам, қандай сезімде болар едім”,— деп сұрауға болады. Өзгенің сезімін түсінуді әрі ескеруді үйренсек, “жаны күйзелгендерді жұбата” аламыз (Сал. 1-х. 5:14 ЖД). Осылайша біз Исаға еліктейміз.
19. Исаның үлгісі бізге қалай әсер етеді?
19 Иса Мәсіхтің сөздері мен істерін зерттеу қандай әсерлі! Ол туралы көбірек білген сайын, оған ұқсауға ұмтыла түсеміз және басқаларға Иса сияқты болуға көмектесу ықыласымыз да арта түседі. Олай болса, қазір де, мәңгілік бойы да Мәсіх Патшаның соңынан еріп жүре берейік!
Түсіндіріп бере аласың ба?
• Исаның даналығына қалай еліктей аламыз?
• Қалай Исаға ұқсап кішіпейіл бола аламыз?
• Иса сияқты қызметте қалай құлшыныс танытамыз?
• Исаға еліктеп, қалай сүйіспеншілік таныта аламыз?
[5-беттегі қоршау/сурет]
ИСАҒА ЕЛІКТЕУГЕ КӨМЕКТЕСЕТІН ӘДЕБИЕТ
2007 жылғы облыстық конгресте “Шәкіртім болып соңымнан ер!” деген 192 беттік кітаптың шыққаны жарияланды. Бұл кітап мәсіхшілердің Исаға, әсіресе, оның қасиеттері мен істеріне, баса назар аударуына көмектесу үшін шығарылған. Кітаптың екі кіріспе тарауынан кейін келетін бірінші бөлімінде Исаның кішіпейілділік, батылдық, даналық, мойынсұнушылық және төзімділік сияқты керемет қасиеттеріне шолу жасалған.
Кейінгі бөлімдерде Исаның тәлімгер және ізгі хабардың уағыздаушысы ретіндегі қызметі, сондай-ақ зор сүйіспеншілігін паш ететін кейбір жайттар қарастырылады. Кітаптағы мәліметтің барлығы мәсіхшілердің Исаға еліктеуіне көмектеседі.
Біз бұл әдебиеттің әркімді өз-өзін тексеруге және өзінен: “Мен шынымен Исаның соңынан еріп жүрмін бе? Қалайша оның ізімен дәлірек жүре аламын?”— деп сұрауға талпындыратынына сенімдіміз. Сондай-ақ бұл кітап ‘мәңгі өмір сүруге ыңғай танытқан’ адамдарға Исаның шәкірті болып соңынан еруге көмектеседі (Ел. іс. 13:48 ЖД).
[4-беттегі сурет]
Иса жерде нәресте болып туылуға келісті. Бұл үшін оған қандай қасиет қажет болды?
[6-беттегі сурет]
Қызметті құлшыныспен атқаруға бізді не талпындырады?