Оқырман сауалдары
Иса Мәсіх пен бас періште Микайл бір тұлға ма?
▪ Қысқаша жауап беретін болсақ, иә, солай. Бір тұлғаның бірнеше есімі болу кейбір халықтардың мәдениетіне де жат емес. Мәселен, Киелі кітапта бірнеше есімі болған адамдар жайлы жазылған. Ежелде өмір сүрген рубасы Жақыпқа Исраил деп екінші есім берілген (Жаратылыс 35:10). Елші Петірді адамдар Симеон, Шимон, Кефа, Шимон Петір деп бес түрлі есіммен атаған (Матай 10:2; 16:16; Жохан 1:42; Елшілердің істері 15:7, 14 сілтеме). Сонымен Микайл деген Исаның басқа есімі екеніне қалай сенімді бола аламыз? Жазбаларда келтірілген келесі дәлелдерді қарастырайық.
Құдіретті періште Микайлдің есімі Киелі кітаптың бес жерінде жазылған. Оның үшеуі Даниял пайғамбардың жазбасында кездеседі. Даниял 10:13, 21-ден “бірінші кінәздердің бірі” және “[адамдардың] кінәзі” Микайлдің құтқаруға жеберілген періште екенін білеміз. Ал Даниял 12:1-де соңғы күндері Құдай халқының ұлдарын қолдау үшін ұлы кінәз Микайлдің бас көтеретіні айтылған.
Микайл деген есімнің кездесетін тағы бір жері — Аян 12:7. Онда Микайл мен оның қол астындағы періштелердің маңызды шайқаста Шайтан Ібілісті және зұлым періштелерді көктен қуғаны жазылған.
Осы жазба орындарынан байқағанымыздай, Микайл Құдай халқын қорғайтын, тіпті Оның ең басты жауы Шайтанға қарсы шығатын жауынгер періште ретінде бейнеленген.
Яһуда кітабының 9 тармағында Микайлдің бас періште екені айтылған. Киелі кітаптың еш жерінде “бас періште” деген сөздің көпше түрі кездеспейді. Бас періште деп қайта тірілген Иса Мәсіхке қатысты айтылған жалғыз жазба орны — Салониқалықтарға 1-хат 4:16 (ЖД). Онда елші Пауыл былай деген: “Иеміздің [Исаның] өзі көктен бас періштенің даусымен бұйрық беріп, Құдайдың кернейімен түседі”. Осылайша Иса Мәсіх бұл тармақта бас періште ретінде бейнеленген.
Осы жайттарды ескере отырып, қандай қорытынды жасаймыз? Иса Мәсіх пен бас періште Микайл бір тұлға. Микайл деген есімнің мағынасы — “Құдай сияқты кім бар?”, ал Иса деген есім “Ехоба — Құтқарушы” дегенді білдіреді. Осы екі есім де Құдайдың бүкіләлемдік билігін жақтаудағы маңызды рөліне баса назар аударады. Філіпіліктерге 2:9-да: “Құдай [Исаны] көкке көтеріп, Мәртебесін бәрінен де биіктетіп, Оған бүкіл есімдерден жоғары Атақты сыйлады”,— делінген.
Тағы да ескеретін маңызды бір жайт, Иса жерде адам болып туылмай тұрғанда, көкте өмір сүрген. Мәриямға бір періште келіп, киелі рухтың құдіретімен бала көтеріп, оның есімін Иса деп қою керек екенін хабарлаған (Лұқа 1:31). Исаның өзі де көктен келгенін көп рет айтқан (Жохан 3:13; 8:23, 58).
Сонымен, бас періште Микайл — жерге адам болып келмей тұрғандағы Исаның өзі. Қайта тіріліп, көкке оралғанда, Иса қайтадан бас періште ретінде “Құдай Әкенің даңқын арттыруға” кірісті (Філіпіліктерге 2:11).