Жастар, Ехобаға қызмет етуге деген ықыластарың арта берсін!
“Жаратушыңды жасөспірім кезеңіңнен есіңде ұста” (ЕКК. 12:1).
1. Исраилдік балалар не істеуге шақырылған?
ШАМАМЕН 3 500 жыл бұрын Мұса пайғамбар исраилдік діни қызметкерлер мен ақсақалдарына былай деп бұйырды: “Халықты, ерлер мен әйелдерді және балаларды... жина, бұлар осыны тыңдайтын және зейіндеріне тоқып үйренетін болсын, әрі Жаратушы Иеден, өз Құдайларыңнан қорықсын, сөйтіп, осы заңның барлық сөздерін орындауға тырыссын” (Заң. қ. 31:12). Құдайға ғибадат ету үшін ерлер, әйелдер және балалар жиналуы керек болғанына назар аударшы. Иә, тіпті балалар да заңды тыңдап, үйренуі және орындауы керек болған.
2. Ехоба алғашқы мәсіхшілер қауымындағы балалардың қамын ойлайтынын қалай көрсетті?
2 І ғасырда да Ехоба өз халқының арасындағы жастардың қамын ойлайтынын көрсеткен. Мысалы, ол елші Пауылды балаларға арнап ақыл-кеңестер жазуға талпындырды (Ефестіктерге 6:1; Қолостықтарға 3:20 оқы). Осы кеңестерге құлақ асқан жас мәсіхшілердің көктегі сүйікті Әкелері Ехобаға деген ризашылықтары артып, көптеген баталарға кенелді.
3. Бүгінде жастар Құдайға қызмет етуді қалайтындарын қалай көрсетуде?
3 Ал қазіргі уақытта ше? Жастар Ехобаға ғибадат ету үшін қауымға шақырыла ма? Әрине! Барлығымыз дүниежүзіндегі Құдайдың жас қызметшілерінің елші Пауылдың өсиетін орындап жүргендерін көруге өте қуаныштымыз. Пауыл былай деген еді: “Өзара сүйіспеншілік көрсетіп, игілік істеуге қозғау салудың қамын ойлайық. Кейбіреулер сенушілердің жиналыстарына бармай қалуды дағдыға айналдырып алған сияқты. Ал біздер солай істемей, бір-бірімізді одан бетер жігерлендірейік. Иеміздің қайтып келетін күнінің таяп қалғанын білесіңдер ғой” (Евр. 10:24, 25). Көптеген кішкентай балалар ата-аналарымен бірге Құдай Патшалығы туралы ізгі хабарды жариялап жүр (Мат. 24:14). Жылына мыңдаған жастар Ехобаға деген сүйіспеншіліктерін паш етіп, шомылдыру рәсімінен өтуде. Сөйтіп олар Мәсіхтің шәкірті болғандықтан, көптеген баталарға кенелуде (Мат. 16:24; Мар. 10:29, 30).
Шақыруды қазір қабыл ал
4. Қанша жастан бастап Ехобаға қызмет етуге шақырыламыз?
4 Екклесиаст 12:1-де: “Жаратушыңды жасөспірім кезеңіңнен есіңде ұста”,— деп жазылған. Жастар Ехобаға қызмет етуге қай жастан бастап шақырылады? Жазбаларда жас шамасы белгіленбеген. Сондықтан сен Ехобаның өсиетін орындауға және оған қызмет етуге әлі тым жаспын деп ойлап, тартынба. Жасың нешеде болмасын, осы шақыруды кейінге қалдырмастан қабыл ал.
5. Ата-аналар балаларының рухани өсуіне қалай көмектесе алады?
5 Рухани алға басуда сендердің көпшілігіңе ата-аналарыңның бірі не екеуі де көмектесуде. Тімотенің жағдайында да осылай болған. Анасы Әунике мен әжесі Лойда оған кішкентай кезінен Киелі жазбаларды үйреткен (Тім. 2-х. 3:14, 15). Ата-анаң сенімен Киелі кітапты зерттеп, бірге дұға етіп, қауым кездесулеріне, конгрестерге және қызметке алып барып жүрген шығар. Ата-анаңа сені Құдай жолына үйрету жауапкершілігін Ехобаның өзі жүктеген. Сен олардың сүйіспеншілікпен қамыңды ойлап жүргенін бағалайсың ба? (Нақ. с. 23:22).
6. а) Забур 109:3-ке (сілт.) сәйкес Ехоба қандай ғибадатты қабылдайды? ә) Біз қазір нені қарастырамыз?
6 Ехоба есейген кездеріңде ‘оның еркін — ненің игілікті, ұнамды және кемелді екенін ажырата білгендеріңді’ қалайды (Рим. 12:2). Сонда сендер қауым істерін ата-аналарың қалағандықтан ғана емес, Құдайдың еркін орындағыларың келгендіктен атқаратын боласыңдар. Ал Ехоба өзіне дайындықпен қызмет еткендеріңді қалайды (Заб. 109:3 сілт.). Олай болса, Ехобаның өсиеттеріне құлақ асып, оның басшылығын ұстануға деген ықыласыңды арттырғың келетінін қалай көрсете аласың? Киелі кітапты зерттеу, дұға ету және жақсы жүріс-тұрыс арқылы. Қазір осы үшеуін қарастырайық.
Ехобаны тұлға ретінде танып біл
7. Жазбаларды зерттеуге қатысты Исадан не үйренеміз және оның үлгілі болуында ата-анасы қандай рөл атқарды?
7 Ехобаға қызмет ету ниетіңді арттырудың бірінші жолы — Киелі кітапты күнделікті оқу. Құдай Сөзін жүйелі түрде оқу арқылы құнды білімге ие болып, рухани мұқтаждығыңды қанағаттандырасың (Мат. 5:3). Осыған байланысты Иса жақсы үлгі қалдырды. Бірде ата-анасы он екі жасар “Исаны ғибадатханада ұстаздардың ортасынан айтқандарын тыңдап, сұрақтар қойып отырған жерінен” тауып алады (Лұқа 2:44—46). Иса бала күнінен-ақ Жазбаларды білуге құмар болған және оларды жақсы түсінген. Бұл Құдайға адал қызмет еткен анасы Мәриям мен өкіл әкесі Жүсіптің арқасы екенінде күмән жоқ. Олар Исаны нәресте кезінен Құдай жолында тәрбиеледі (Мат. 1:18—20; Лұқа 2:41, 51).
8. а) Құдай Сөзіне деген сүйіспеншілікті ата-аналар балаларының жүрегіне қай кезден бастап ұялатуы керек? ә) Балаларды нәресте күнінен тәрбиелегеннің пайдалы екенін көрсететін оқиғаны айтып бер.
8 Сол сияқты Құдайды қастерлейтін бүгіндегі ата-аналар да Киелі кітапқа деген сүйіспеншілікті балаларының жүрегіне нәресте кезінен ұялатудың маңызды екендігін түсінеді (Заң. қ. 6:6—9). Руби есімді мәсіхші әйел тұңғыш ұлы Жозеф дүниеге келген соң, көп кешікпей солай етуге тырысты. Ол ұлына “Менің Киелі кітап әңгімелері жазылған кітабым” басылымынан күнде үзінді оқып беретін. Ал ұлы өсе келе оған жазба орындарын жаттап алуға көмектесті. Жозеф мұның қандай пайдасын көрді? Тілі шыға салысымен ол Киелі кітап оқиғаларын өз сөзімен айтып бере алатын болды. Ал бес жасқа келгенде теократиялық қызмет мектебінде алғашқы тапсырмасын орындады.
9. Киелі кітапты оқып, үстінен ой жүгірту неліктен маңызды?
9 Әрі қарай да рухани өсе беру үшін, жастар Киелі кітапты күнделікті оқуды әдетке айналдырулары керек (Заб. 70:17). Неліктен бұл маңызды? Әкесіне дұға еткенде Исаның не дегеніне назар аударшы: “Мәңгілік өмір, бұл — жалғыз шынайы Құдайды... жақыннан тану” (Жох. 17:3). Ехоба жайлы біле түскен сайын, оның шынайы тұлға екенін анық түсіне бастайсың және сүйіспеншілігің артады (Евр. 11:27). Сол себепті Киелі кітапты оқыған сайын, Ехоба туралы көбірек білудің мүмкіндігін пайдалан. Өзіңнен былай деп сұра: “Осы үзіндіден Ехобаның шынайы тұлға екені қалай көрінеді? Ехобаның мені сүйетіні және қамымды ойлайтыны қалай байқалады?” Осы сұрақтардың үстінен ой жүгіртуге уақыт бөлгенің Ехобаның ойы мен сезімін және сенен нені талап ететінін білуге көмектеседі (Нақыл сөздер 2:1—5 оқы). Сонда Тімоте сияқты Жазбалардан білгендеріңе ‘берік сеніп’, Ехобаға шын ықыласпен ғибадат ететін боласың (Тім. 2-х. 3:14).
Ехобаға деген сүйіспеншілікті дамытудағы дұғаның рөлі
10, 11. Құдайға қызмет етуге деген ықыласыңды арттыруға дұға еткенің қалай көмектеседі?
10 Ехобаға шын жүректен қызмет етуге деген ықыласыңды арттырудың екінші жолы — дұға ету. Забур 64:3-те: “Мінажаттар құлағыңа жетеді, Пенде атаулы алдыңа келеді”,— деп жазылған. Тіпті Құдай Исраил халқымен ғана келісімде болған кездің өзінде ғибадатханаға келген келімсектер де дұға ете алатын (Шеж. 1-ж. 6:32, 33). Құдай адамдарды алаламайды. Ол өзіне құлақ асатындардың дұғасын тыңдауды уәде етеді (Нақ. с. 15:8). Иә, Ехоба жастарды қоса алғанда ‘пенде атаулының’ бәрінің дұғаларына құлақ асады.
11 Жақсы дос болу үшін пікір алысудың маңызды екенінде дау жоқ. Сен ойларыңды, уайымдарың мен сезімдеріңді жақын досыңмен бөлісуді ұнататын боларсың. Сол сияқты шын жүректен дұға ету арқылы Ұлы Жаратушыңа өз ойыңды айта аласың (Філіп. 4:6, 7). Ехобаға дұға еткенде сүюші ата-анаңа не жан досыңа ішіңдегіні ақтарып жатқандай сөйле. Сенің қалай дұға еткенің Ехоба туралы не ойлайтыныңды көрсетеді. Құдаймен достығың нығайған сайын, дұғаларың да мағыналы бола түскенін байқайсың.
12. а) Неліктен мағыналы дұға тек сөздерден тұрмайды деуге болады? ә) Ехоба сенің жаныңда екеніне көз жеткізуге не көмектеседі?
12 Мағыналы дұға тек сөздерден емес, ішкі сезімдерден де тұратынын есте ұста. Дұғаларыңда Ехобаны жақсы көретініңді, аса құрметтейтініңді және оған толық арқа сүйейтініңді білдір. Ехобаның дұғаңа қалай жауап бергенін байқағанда оның “Өзіне сиынғандардың жанында” екеніне көзің жетеді (Заб. 144:18). Иә, ол саған жақындай түсіп, Шайтанға қарсы тұруыңа және өмірде дұрыс шешім қабылдай алуыңа көмектеседі (Жақып 4:7, 8 оқы).
13. а) Ехобамен тығыз қарым-қатынаста болғаны бір бауырласымызға қалай көмектесті? ә) Құдаймен дос болғаның құрбы-құрдастарыңның қысымына төтеп беруге қалай көмектесіп жүр?
13 Ехобамен тығыз қарым-қатынаста болғаны Шери деген жас қыз бауырласқа қалай көмектескенін қарастырайықшы. Жоғарғы сыныпта оқып жүргенінде ол жақсы оқығаны және спорттағы жетістіктері үшін түрлі марапатқа ие болады. Ал мектепті бітірген кезінде оған жоғары білім алуға мүмкіндік беретін жеңілдіктер ұсынылады. Шери былай дейді: “Бұл мен үшін сынақ болды. Жаттықтырушылар мен сыныптастарым ұсынысты қабыл алуға итермелеп, қатты қысым көрсетті”. Алайда бұған келіссе, сабаққа және спорт жарыстарына дайындалуға өте көп уақыт кетіп, Ехобаға қызмет етуге болар-болмас уақыт қалатынын ол түсінді. Шери қандай шешім қабылдады екен? Ол былай дейді: “Ехобаға дұға еткеннен кейін, ұсыныстан бас тартуды шештім. Содан жалпы ізашарлық қызметті бастадым”. Қазір оның ізашар ретінде қызмет етіп жүргеніне бес жыл болды. “Мен бұған еш өкінбеймін,— дейді ол.— Ехобаға ұнамды шешім қабылдағаныма қатты қуанамын. Құдай Патшалығын өмірде бірінші орынға қояр болсам, қажеттінің бәрі де болатынына көзім жетті” (Мат. 6:33).
Жақсы жүріс-тұрысың ‘жүрегіңнің таза’ екенін көрсетеді
14. Жақсы жүріс-тұрыс неліктен маңызды?
14 Ехобаға бар ықыласыңмен қызмет етіп жатқаныңды көрсетудің үшінші жолы — жақсы жүріс-тұрыс. Өнегелік тазалықты сақтап жүрген жастарды Ехоба жарылқайды (Забур 23:3—5 оқы). Жас Самуил Ели есімді бас діни қызметкердің азғындық жасаған балаларына еш еліктемеген. Самуилдің үлгілі жүріс-тұрысы назардан тыс қалмады. Киелі кітапта ол туралы: “Ал жасөспірім Самуил Жаратқан Иеге де, адамдарға да ұнамдылығы арта түсіп, өсіп келе жатты”,— деп жазылған (Пат. 1-ж. 2:26).
15. Не себепті жүріс-тұрысымыз жақсы болуы керек?
15 Біз, Пауыл атап өткендей, өзімшіл, тәкаппар, ата-аналарына бағынбайтын, алғысты білмейтін, ымыраға келмейтін, қатыгез, жақсылықты жек көретін, кеуде көтерген, Құдайдан гөрі ләззат-ермекті артық көретін адамдардың арасында өмір сүрудеміз (Тім. 2-х. 3:1—5). Сондықтан үлгілі жүріп-тұру оңайға соқпайды. Алайда Құдайға ұнамайтын істен бас тартып, дұрыс әрекет еткен сайын бүкіләлемдік даулы мәселеде Ехобаның жағында екеніңді дәлелдейсің (Әйүп 2:3, 4). Сондай-ақ оның “балам, парасатты бол — мені қуантасың, Сонда өзімді қорлағандарға жауап бере аламын” деген өсиетіне құлақ асып жатқаныңды білгенің саған қанағат әкеледі (Нақ. с. 27:11). Ал Ехобаның ықыласына ие болғаныңды түсінгенің оған қызмет етуге деген ниетіңді нығайтады.
16. Бір бауырлас Ехобаның жүрегін қалай қуантты?
16 Мектепте оқыған кезінде Киелі кітап принциптерін ұстанып жүрген Кэрол есімді бауырластың жақсы жүріс-тұрысы назардан тыс қалмады. Киелі кітап бойынша тәрбиеленген ар-ұжданы жол бермегендіктен, Кэрол мейрамдарға және ұлтжандылық сезімін оятатын рәсімдерге қатысудан бас тартатын. Сонда сыныптастары оны келеке-мазақ ететін. Кейде ол осы мүмкіндіктерді пайдаланып, өз сенімі жайлы айтып беретін. Талай жылдар өткен соң Кэрол сыныптастарының бірінен мынадай хат алды: “Көптен бері сенімен хабарласып, ризашылығымды білдіргім келіп жүр еді. Жақсы жүріс-тұрысың мен жас мәсіхші ретіндегі үлгің және мейрамдарға қатысты берік көзқарасың маған әсер етпей қоймады. Мен кездестірген ең алғашқы Ехоба куәгері сенсің”. Кэролдың үлгісі қатты әсер етіп, ол кісі кейінірек Киелі кітапты зерттеуді бастаған екен. Хатында ол 40 жыл бұрын Ехоба куәгері ретінде шомылдыру рәсімінен өткенін жазды. Жастар, сендердің де Киелі кітап принциптерін берік ұстанғандарың ақ жүректі жандарды Ехобаға жақындауға талпындырады.
Жастар Ехобаны мадақтауда
17, 18. а) Қауымыңдағы жастар туралы не ойлайсың? ә) Құдайды қастерлейтін жастардың болашағы қандай болады?
17 Ехобаның дүниежүзілік ұйымындағы бәріміз де мыңдаған құлшынысты жастардың шынайы ғибадат етіп жүргендерін көріп, қуанышқа бөленудеміз. Олар Киелі кітапты күнделікті оқу, дұға ету және Құдай еркіне сай жүріп-тұру арқылы Ехобаға ғибадат ету ықыластарын арттыруда. Осындай үлгілі жастар ата-аналары мен Ехобаның барлық халқы үшін қандай мақтаныш десеңші! (Нақ. с. 23:24, 25).
18 Болашақта, Құдай уәде еткен жаңа дүниеге өтетіндердің арасында адал жастар да болады (Аян 7:9, 14). Мол батаға кенелген сайын, олардың ризашылықтары арта түседі және Ехобаны мәңгі бақи мадақтайды (Заб. 148:12, 13).
Түсіндіріп бере аласыңдар ма?
• Бүгінде жастар Ехобаға қалай ғибадат етіп жүр?
• Киелі кітапты оқудың пайдасын көру үшін неліктен ой жүгірту маңызды?
• Дұға ету Ехобаға жақындауға қалай көмектеседі?
• Мәсіхшінің жақсы жүріс-тұрысы қандай нәтиже береді?
[5-беттегі сурет]
Киелі кітапты күнделікті оқуды әдетке айналдырдың ба?