Исаның Құдай әділдігін ақтауы
“Құдай Мәсіхті күнәлардың құнын өтеуші құрбандық етіп көрсетті: Оның қаны төгіліп құрбан болғандығына сенгендерді Құдай кешіреді. Оның әділеті осы арқылы айқын көрінеді” (РИМ. 3:25).
1, 2. а) Адамзаттың жағдайы туралы Киелі кітапта не айтылған? ә) Бұл мақалада қандай сұрақтар қарастырылады?
КИЕЛІ КІТАПТА жазылған Едем бағындағы бүлік туралы оқиға баршамызға жақсы таныс. Адам атаның күнәсінің салдары ұрпақтарына әсер етпей қойған жоқ. Бұл жайлы былай делінген: “Бір адам арқылы дүниеге күнә, ал күнә арқылы өлім келді. Адамдардың бәрі де ажалды болды, өйткені барлығы күнә жасады” (Рим. 5:12). Дұрыс нәрсені істеуге қанша тырысқанымызбен, қателіктерге бой алдырамыз. Сол себепті де біз Құдайдың кешіріміне мұқтажбыз. Тіпті елші Пауылдың өзі былай деп мұңын шаққан: “Мен қалаған игілікті емес, қаламайтын жамандықты жасаймын. Сорлы басым-ай!” (Рим. 7:19, 24).
2 Бәріміз де күнәкар болып дүниеге келгендіктен, келесі сұрақтардың туындауы орынды: Назареттік Иса қалайша күнәні мұра еткен жоқ және ол неге шомылдыру рәсімінен өтті? Исаның өмірі қалай Ехобаның әділдігін ақтады? Ең бастысы, Исаның өлімінің арқасында не орындалды?
Құдай әділдігінің сыналуы
3. Шайтан Хауаны қалай алдады?
3 Түп атамыз бен анамыз Адам мен Хауа Құдайдың бүкіләлемдік билігінен бас тартып, ‘әзәзіл, әрі шайтан есімді, ежелден бері келе жатқан абжыланның’ қол астында болуды шешулерімен ақымақтық жасады (Аян 12:9). Бұл қалай болды екен? Шайтан Ехоба Құдайдың әділ билік ететініне шек келтірді. Ол Хауадан: “Құдай сендерге бақтағы ешбір ағаштың жемісін жемеңдер деп шынымен айтты ма?”— деп сұрады. Хауа Құдайдың “бақтың ортасында тұрған ағаштың жемісін жемеңдер, тіпті оған тиіспеңдер, әйтпесе өлесіңдер” деген сөздерін қайталады. Сонда Шайтан: “Жоқ, тіпті де олай емес, өлмейсіңдер!”— деп, Құдай өтірік айтады дегенге меңзеді. Содан кейін ол Құдай керемет бір нәрсені жасырып отырғанына, сол жемістен жесе, Құдай іспетті ненің жақсы ненің жаман екенін өзі-ақ шеше алатынына Хауаны сендіруге тырысты (Жар. 3:1—5).
4. Қалай адамзатты Құдайдың қарсыласы Шайтан билейтін болды?
4 Негізінде, Шайтан адамдар Құдайдан тәуелсіз болса, әлдеқайда бақытты болады дегенге меңзеді. Адам ата болса Құдайдың әділ билігін ақтаудың орнына, әйелінің тілін алып, тыйым салынған жемістен жеді. Осылайша ол Ехобаның алдындағы әділдігінен айырылып, ұрпақтарына күнә мен өлімді мұраға қалдырды. Сонымен қатар адамзатты “осы дүниенің тәңірі”, яғни Құдайдың қарсыласы Шайтан билейтін болды (Қор. 2-х. 4:4; Рим. 7:14).
5. а) Ехоба қалай өз сөзінде тұрды? ә) Ехоба Адам мен Хауадан тарайтын адамзатқа қандай үміт берді?
5 Өзінің еш өзгермейтін сөзіне сай, Ехоба Адам мен Хауаны өлім жазасына кесті (Жар. 3:16—19). Бұл Құдайдың ниеті енді жүзеге аспайтынын білдірді ме? Мүлдем олай емес! Ехоба Адам мен Хауаға үкім шығарғанда олардан тарайтын адамзатқа үміт берді. Ол “Ұрпақтың” келетіні туралы айтты. Құдайдың айтуынша, Шайтан бұл Ұрпақтың өкшесін шағады, алайда ол бұл жарақаттан айығып, Шайтанның ‘басын мыжиды’ (Жар. 3:15). Бұл Иса Мәсіх жайында Киелі кітапта айтылған мына сөздерге сай келеді: “Құдайдың рухани Ұлы бұл дүниеге шайтанның ісін талқандау үшін келді” (Жох. 1-х. 3:8). Бірақ қалайша Исаның істері мен өлімі Құдайдың әділдігін ақтамақ?
Исаның шомылдыру рәсімінің мәні
6. Исаның Адам атадан күнәні мұра етпегенін қайдан білеміз?
6 Кемелді болған Адам атаға тең келу үшін Иса кемелді адам болып туылуы керек-тін (Рим. 5:14; Қор. 1-х. 15:45). Бұл қалай болуы мүмкін еді? Жәбірейіл періште мұны Исаның анасы Мәриямға былай деп түсіндірді: “Сенің үстіңе киелі рух келіп, Құдай Тағаланың құдіреті саған көлеңкесін түсіреді. Сондықтан да сен табатын киелі бала “Құдайдың рухани Ұлы” деп аталмақ” (Лұқа 1:35). Кішкентай кезінде Иса анасынан өзінің қалай туылғандығы жайында біраз мәлімет естіген болу керек. Бірде анасы мен өкіл әкесі Жүсіп Исаны жоғалтып алады да, соңында ғибадатханадан табады. Сонда Иса оларға былай дейді: “Менің Әкемнің үйінде болғаным жөн, әлде мұны білмедіңіздер ме?” (Лұқа 2:49 сілт.). Демек, Иса кішкентай кезінен-ақ өзінің Құдайдың ұлы екенін білген. Сол себепті Құдайдың әділдігін ақтау ол үшін аса маңызды болған.
7. Иса қандай бағалы нәрселерге ие болған?
7 Иса ғибадат етуге арналған жиындарға жүйелі түрде қатысуымен рухани нәрселерге деген терең ықыласын көрсетті. Кемелді ой-санаға ие болғандықтан, ол Еврей жазбаларынан естіп-білгендері мен оқығандарының бәрін есінде сақтай алған (Лұқа 4:16). Сондай-ақ тағы бір бағалы нәрсеге ие болған. Бұл — адамзат үшін құрбандық етуге жарамды кемелді тәні. Шомылдыру рәсімінен өткенде, Иса дұға айтқан және Забур 39:6—8 тармақтардағы пайғамбарлық сөздер жайында ой жүгірткен болуы мүмкін (Лұқа 3:21; Еврейлерге 10:5—10 оқы)a.
8. Неліктен Жақия Исаның шомылдыру рәсімінен өтуіне қарсы болды?
8 Алғашында Жақия Исаны шомылдыру рәсімінен өткізуден бас тартты. Неге? Өйткені яһудиліктер Заңға қарсы жасаған күнәларына өкінгендерінің белгісі ретінде шомылдыру рәсімінен өтетін. Ал Жақия Исаның жақын туысы болғандықтан, оның әділ екендігін және өкінудің қажеті жоқ екенін білген. Ал Иса: “Қазір осылай болсын. Сөйтіп Құдайдың әділ еркін толық орындауға тиіспіз”,— деп, Жақияны өзінің шомылдыру рәсімінен өтуі керектігіне сендірді (Мат. 3:15).
9. Исаның шомылдыру рәсімінен өтуі нені білдірді?
9 Адам ата күнә жасамағанда өмірге кемелді ұрпақ әкеле алатын еді. Сол сияқты, Исаның да осындай мүмкіндігі бар-тын. Алайда ол мұны ешқашан қаламаған, себебі Ехобаның еркіне сай кемелді өмірін құрбан етуі керек еді. Ехоба Исаны жерге уәде етілген Ұрпақ немесе Мәсіх ретінде жіберген (Ишая 53:5, 6, 12 оқы). Әрине, Исаның шомылдыру рәсімінің мәні біздікінен өзгеше. Иса Ехобаға бағышталу үшін шомылдыру рәсімінен өткен жоқ, өйткені ол Құдайға бағышталып қойған Исраил халқының арасында дүниеге келді. Шомылдыру рәсімінен өтуімен Иса Жазбалардағы Мәсіхке қатысты сөздерге сай, өзін Құдай еркін орындауға ұсынатынын көрсетті.
10. Құдайдың еркіне сай Мәсіх не істеу керек еді және Иса бұған қалай қарады?
10 Ехобаның еркі бойынша, Иса Құдай Патшалығы туралы ізгі хабарды уағыздауы, шәкірттер дайындауы және оларды уағыз ісіне баулуы керек-тін. Сонымен қатар Исаның өзін ұсынуы Ехоба Құдайдың әділ билігін қолдау үшін қудалау көріп, масқара өлімге де дайын екендігін паш етті. Көктегі Әкесін қатты жақсы көргендіктен, Иса оның еркін дайындықпен орындап, өз тәнін құрбан етті (Жох. 14:31). Сондай-ақ өзінің кемелді өмірі бізді күнә мен өлімнің құлдығынан азат ету үшін құрбандық ретінде Құдайға ұсынылатынын білгені де оған қуаныш сыйлаған. Осы ауыр жауапкершіліктерді атқару үшін Исаның өзін ұсынғанын Құдай мақұлдады ма екен? Әлбетте!
11. Ехоба Исаны уәде етілген Мәсіх ретінде мақұлдайтынын қалай білдірді?
11 Ізгі хабарды жазушылардың төртеуі де Иса Иордан өзенінде шомылдыру рәсімінен өтіп, судан шыққанда, Құдай оны мақұлдайтынын білдіргені туралы жазған. Шомылдыру рәсімін жасаушы Жақия былай деп куәлік етті: “Мен киелі рухтың көгершін бейнесінде көктен түсіп, Исаға қонғанын көрдім... Киелі рухтың Исаға қонғанын көріп, оның Құдайдың рухани Ұлы екеніне куәгер болдым” (Жох. 1:32—34). Бұған қоса, сол кезде көктен Ехобаның: “Бұл менің сүйікті рухани Ұлым, оған толықтай ризамын!”— деген дауысы естілді (Мат. 3:17; Мар. 1:11; Лұқа 3:22).
Ақырғы демі біткенше адалдығын сақтады
12. Шомылдыру рәсімінен өткен соң, үш жарым жыл бойы Иса немен айналысты?
12 Шомылдыру рәсімінен өткен соң, үш жарым жыл бойы Иса адамдарға Ехоба және оның бүкіләлемдік әділ билігі жайында тынбай тәлім беріп жүрді. Уәде етілген жерді түгел шарлап шыққан оның шаршағаны анық, бірақ еш нәрсе Исаның шындық жайлы түбегейлі куәлік беруіне тосқауыл бола алған жоқ (Жох. 4:6, 34; 18:37). Ол Құдай Патшалығы туралы хабарды жариялады. Сондай-ақ керемет түрде науқастарды айықтыру, көптеген аш адамды тамақтандыру және тіпті өлілерді тірілту арқылы Патшалықтың адамзаттың игілігі үшін не істейтінін көрсетті (Мат. 11:4, 5).
13. Дұғаға қатысты Иса не нәрсеге үйретті?
13 Иса тәлімдері және адамдарды айықтырғаны үшін өзін дәріптемей, мадақтың бәрін Ехобаға тиесілі етуімен кішіпейілділіктің ерекше үлгісін қалдырды (Жох. 5:19; 11:41—44). Сондай-ақ қандай маңызды жайттар туралы дұға етуіміз керек екенін көрсетті. Біз дұғамызда Құдайдың киелі есімінің ‘қастерлене беруін’ және ‘оның еркінің көкте орындалғандай, жер бетінде де орындала беруі’ үшін Ехобаның әділ билігі Шайтанның зұлым билігінің орнын басқанын өтінгеніміз орынды (Мат. 6:9, 10). Сонымен қатар Иса ‘Патшалықтың қамын ойлап, [Құдайдың] әділ еркін орындауға ұмтылу’ арқылы дұғаларымызға сай әрекет етуге шақырған (Мат. 6:33).
14. Иса кемелді болса да, неліктен Құдайдың ниетіндегі рөлін атқару үшін күш салу керек еді?
14 Өлетін күні жақындаған сайын, Иса өзіне жүктелген жауапкершіліктің ауырлығын сезіне түсті. Әкесінің ниетінің орындалуы мен беделі Исаның әділетсіз үкімге кесілуі мен азапты өлімге төзуіне байланысты болған. Өлерінен бес күн бұрын Иса былай деп дұға етті: “Қазір көңілім қатты толқу үстінде. Мен не айтайын? Әке, Мені осы күннен құтқара гөр. Алайда бұл күнге осыны бастан кешіру үшін жеттім ғой”. Осы табиғи сезімдерін білдірген соң, ол әлдеқайда маңызды жайтқа назар аударып: “Әке, өз атыңды ұлылыққа жеткізе гөр!”— деуімен жанқиярлық рух танытты. Ехоба бірден: “Мен оны ұлылыққа жеткіздім және одан әрі де жеткізе беремін”,— деп жауап қатты (Жох. 12:27, 28). Иә, Иса мінсіздігін дәлелдеу үшін, адам баласы кезігуі мүмкін ең қиын сынақты басынан өткеруге дайын болды. Ал Әкесінің осы сөздерін естігені оған Ехобаның бүкіләлемдік билігінің әділдігін ақтап, дәріптей алатынына деген сенімділік бергенінде күмән жоқ. Әрі солай болды да!
Исаның өлімінің арқасында не орындалды?
15. Неліктен соңғы демін шығарарда Иса: “Енді түгел орындалды!”— деген?
15 Азап шегу бағанасына шегеленген Иса: “Енді түгел орындалды!”— деп, соңғы демін шығарды (Жох. 19:30). Исаның шомылдыру рәсімінен өткен күнінен, азапты өліміне дейін үш жарым жыл өтті. Осы уақыт аралығында ол Құдайдың көмегімен қандай ұлы істер жасады десеңші! Иса өлгенде қатты жер сілкінісі болды. Сонда Исаға шығарылған үкімді жүзеге асырған Рим әскерінің жүзбасы: “Бұл шынымен Құдайдың рухани Ұлы екен!”— деді (Мат. 27:54). Құдайдың ұлымын деп атағаны үшін адамдар Исаны келеке-мазақ еткенін жүзбасы көрген болса керек. Басынан өткерген қиын сынақтарға қарамастан, Иса мінсіздігін сақтап қалды және Шайтанның барып тұрған өтірікші екенін дәлелдеді. Құдайдың бүкіләлемдік билігін қолдағандардың бәріне Шайтан мынадай жала жапқан болатын: “Адам өмірі үшін өзінде бардың бәрін береді” (Әйүп 2:4). Иса адалдығын сақтауымен, Адам ата мен Хауа ананың әлдеқайда жеңіл сынақта адалдықтарын сақтаулары мүмкін болғанын дәлелдеді. Ал ең маңыздысы, Исаның өмірі мен өлімі Ехобаның әділ билеуші екенін паш етті (Нақыл сөздер 27:11 оқы). Исаның өлімі тағы нені дәлелдеді?
16, 17. а) Мәсіхшілерге дейінгі Ехобаның қызметшілері неліктен оның көз алдында әділ бола алған? ә) Адалдығынан таймағаны үшін Иса қандай баталарға ие болды және Мәсіх ретінде әлі де не істеуде?
16 Ехобаның көптеген қызметшілері Иса жерге келмей тұрғанда өмір сүрген. Олар Құдай алдында әділ болып саналған әрі қайта тірілуге деген үмітке ие болған (Ишая 25:8; Дан. 12:13). Алайда күнәкар адамдардың киелі Құдай Ехобаның баталарына ие болуларына қандай заңды негіз бар еді? Киелі кітап мұны былай деп түсіндіреді: “Құдай Мәсіхті күнәлардың құнын өтеуші құрбандық етіп көрсетті: оның қаны төгіліп құрбан болғандығына сенгендерді Құдай кешіреді. Оның әділеті осы арқылы айқын көрінеді. Себебі Тәңір бұрыннан бері шыдамдылық көрсетіп, адамдарға күнәларына бола лайықты жазаларын дереу тартқызбай жүрген еді. Ал қазіргі заманда ол өзінің әділдігін осылай дәлелдейді: Құдай әділетті, ол Исаға сенуші әркімді ақтап алады” (Рим. 3:25, 26)b.
17 Ехоба Исаны қайта тірілтіп, жерге келерден бұрынғы дәрежесінен де жоғары дәреже сыйлады. Ол қазір даңқты рухани жаратылыс ретінде өлместікке ие (Евр. 1:3). Бас діни қызметкер және Патша ретінде Иеміз Иса Мәсіх ізбасарларына әлі де Құдайдың әділдігін ақтауға көмектесуде. Осылай етіп жүрген және Ұлына еліктеп, адал қызмет атқаратын қызметшілеріне көктегі Әкеміз Ехоба батасын төгіп жатқанына қаншалықты ризамыз десеңші! (Забур 33:4; Еврейлерге 11:6 оқы).
18. Келесі мақалада нені қарастырамыз?
18 Әбілден бастап Құдайдың адал қызметшілерінің бәрі Ұрпақтың келетініне және алдын ала айтылған жайттардың бәрін орындайтынына сенім білдіргендіктен, Ехобамен тығыз қарым-қатынаста бола алған. Ехоба Ұлының мінсіздігін сақтай алатынын және оның құрбандығыны “адамзаттың күнәсін” толықтай жабатынын білген (Жох. 1:29). Исаның өлімі қазір өмір сүріп жатқан адамдар үшін де әкелер игілігі зор (Рим. 3:26). Ал сен үшін Мәсіхтің төлем құрбандығының қандай пайдасы бар? Бұл сұрақты келесі мақалада қарастырамыз.
[Сілтемелер]
a Бұл жерде елші Пауыл Забур 39:6—8 тармақтарды Септуагинт аудармасынан келтірген болса керек. Ол аудармада “сен маған тәндік денемді дайындадың” деген сөздер кездеседі. Қазір қолда бар ежелгі еврей Жазбаларының көшірімелерінде бұл сөздер жоқ.
b 6, 7-беттердегі “Оқырман сауалдары” айдарын қара.
Қалай жауап берер едіңдер?
• Құдайдың әділдігі қалай сыналды?
• Исаның шомылдыру рәсімінің мәні қандай?
• Исаның өлімінің арқасында не орындалды?
[9-беттегі сурет]
Исаның шомылдыру рәсімнен өтуінің мәнін білесің бе?