Осы дүниенің ақыры таяп қалғандықтан, Ехобаға арқа сүйе
“Жаратушы Иеге ғұмыр бойы үміт артыңдар” (ИШАЯ 26:4).
1. Құдай қызметшілерінің осы дүниелік адамдардан айырмашылығы қандай?
БҮГІНДЕ миллиондаған адам неге я кімге арқа сүйерін білмейді. Олар талай рет жандары жараланып, көңілдері қалғандықтан осындай күйде болса керек. Ехобаның қызметшілері олардан қалай ерекшеленеді десеңдерші! Құдай даналық бергеннің арқасында олар осы дүниеге не оның “әміршілеріне” арқа сүйемеу керек екенін біледі (Заб. 145:3). Олар өмірлерін толығымен Ехобаның қолына тапсырған, өйткені оның Сөзін әрдайым орындайтынын және өздерін сүйетін Құдай екенін біледі (Рим. 3:4; 8:38, 39).
2. Ехобаның сенімді Құдай екендігі жайлы Ешуа не деген?
2 Ежелде өмір сүрген Ешуа Ехобаның сенім артуға тұрарлық Құдай екенін растаған. Қартайған шағында ол бауырлары исраилдіктерге былай деді: “Сендер өз Құдайларың Жаратушы Иенің сендер туралы айтқан ізгі сөздерінің бірде-біреуі бос кетпегенін бүкіл жан-жүректеріңмен сезесіңдер. Сендер үшін бәрі орындалды” (Ешуа 23:14).
3. Құдайдың есімінен ол жайлы не білуге болады?
3 Ехоба уәделерін қызметшілерін сүйгендіктен ғана емес, ең алдымен, өз есімі үшін жүзеге асырады (Мыс. ш. 3:14 сілтеме; Заб. 105:8). Ротергам аударған Киелі кітаптың кіріспесіндегі түсіндірмеге сай, Құдай есімі оның өз уәделерін орындау үшін кім болу керек болса, сол бола алатынын білдіреді. Есімін естігенде, біз оның ешбір сөзін жерге тастамай түгел орындайтынын еске түсіреміз. Ол істеуі қажет нәрселерді кез келген уақытта әрі кез келген жерде істей алады, бұған ешнәрсе кедергі бола алмайды. Құдай әрдайым өз есіміне сай әрекет етеді (“The Emphasized Bible”).
4. а) Ишая 26:4-тегі сөздер бізді неге талпындырады? ә) Осы мақалада нені қарастырамыз?
4 Мына жайлы ойланып көр: “Ехобаға толығымен үміт арту үшін оны жақыннан танып білдім бе? Барлығын өзі қадағалап отыратынын білгендіктен болашаққа сеніммен қараймын ба?” Ишая 26:4-те: “Жаратушы Иеге ғұмыр бойы үміт артыңдар, өйткені Жаратушы Құдай мәңгілік берік қамал”,— делінген. Әрине, Киелі кітап жазылған замандағыдай, Құдай бүгінде адамдардың өміріне араласып, кереметтер жасамайды. Десе де, ол “мәңгілік берік қамал” болып қала береді, сондықтан біз оған әрдайым сенім арта аламыз. Сенімді Құдайымыз Ехоба бүгінде өзінің адал қызметшілерін қалай қолдайды? Мұның үш жолы бар: азғыруға қарсы тұру үшін оның көмегін іздегенде, немқұрайдылық пен қарсылықтарға кезіккенде және уайымға салынғанда ол бізге күш береді. Осы жайттарды қарастыру барысында Ехобаға деген сенімділігіңді қалай арттыра алатының жайлы ойлануға тырыс.
Азғыруға кезіккенде Құдайға арқа сүйе
5. Құдайға сенім артатынымыз әсіресе қандай жағдайда көрінеді?
5 Өзіміз қалаған нәрселерге, мысалы Ехобаның жұмаққа не қайта тірілуге қатысты уәделеріне, үміт арту бір бөлек. Ал оның өнегелік нормаларына сенім арту, яғни олардың дұрыс екеніне және қолданғанымыз көп қуаныш әкелетініне толығымен сенімді болу, мүлдем басқа нәрсе болуы мүмкін. Сүлеймен патша мынадай өсиет қалдырған: “Өз ақыл-санаңа сүйеніп жүрме, сенім арт шын жүректен Жаратқан Иеңе. Бар жағдайда да мойында Тәңір Иеңді, сонда Ол тура жолмен жетелер сені” (Нақ. с. 3:5, 6). Мұндағы “бар жағдайда” және “жол” деген сөздерге назар аударшы. Иә, Құдайға сенім артатынымыз үмітімізден ғана емес, бүкіл өмір жолымыздан көрініп тұру керек. Азғыруға кезіккенде Құдайға сенім артатынымызды қалай көрсете аламыз?
6. Жаман ойларды жолатпау үшін не істеу керек?
6 Жамандықтан жирену, ең алдымен, ой-санадан бастау алады (Римдіктерге 8:5; Ефестіктерге 2:3 оқы). Олай болса, жаман ойларды жолатпау үшін не істеу керек? Мұның бес жолы бар: 1) Құдайдың көмегін сұрап дұға ет (Мат. 6:9, 13); 2) Ехобаның айтқанын тыңдаған және тілазар болған Киелі кітап кейіпкерлерінің мысалын ой елегінен өткіз. Ақыры немен біткеніне назар аударa (Қор. 1-х. 10:8—11); 3) Күнәнің өзіңді және жақын адамдарыңды жаралауы мүмкін екенін ұмытпа; 4) Қызметшілерінің ауыр күнә жасағаны Құдайға қалай әсер ететіні туралы ой жүгірт (Забур 77:40, 41 оқы); 5) Адал қызметшісінің басқалар бар жерде де, жеке қалғанда да бұрыс нәрседен бас тартып, дұрысын істегені Ехобаны қатты қуантатынын ойла (Заб. 14:1, 2; Нақ. с. 27:11). Ехобаға арқа сүйейтініңді көрсете алатыныңа еш күмәнданба.
Немқұрайдылық пен қарсылыққа кезіккенде Құдайға арқа сүйе
7. Еремия қандай сынақтарға кезікті және ол кейде не сезінетін?
7 Көп бауырласымыз қажырлылық аса қажет аумақта қызмет етеді. Еремия пайғамбар да осындай аумақта, Яһуда патшалығы құлдырап жатқан аласапыран уақытта, қызмет еткен. Ол мойынсұнушылық танытып, Құдай үкімін жариялап жүргендіктен сенімі күн сайын сыналатын. Тіпті бірде оның адал хатшысы Варух қажығанын айтып, налыған еді (Ерм. 45:2, 3). Осының барлығы Еремияның жігерін жасытты ма? Иә, оның еңсесі түскен кездері болған. Ол былай деді: “Мен туған күнді қарғыс атсын. Анамның құрсағынан қайырсыз еңбек пен қайғы-мұңды көру және бүкіл ғұмырымды текке өткізу үшін шығып па екенмін?” (Ерм. 20:14, 15, 18).
8, 9. Еремия 17:7, 8 бен Забур 1:1—3 жазылған сөздерге сай, жеміс беруді доғармау үшін не істеу керек?
8 Әйтсе де Еремия берілмей, әрдайым Ехобаға арқа сүйеді. Нәтижесінде, Ехобаның мына сөздерінің растығына көз жеткізді: “Жаратушы Иеге үміт артатын және бар сенімі Жаратушы Ие деп есептейтін адам батаға кенеледі. Өйткені ол судың жанына отырғызылған және өз тамырын қайнар-бұлақтың төңірегіне жайған ағаш секілді өсіп-өркендейді; ол аңызақтың қашан келерін де білмей өтеді; жапырақтары жасыл реңін жоймайды және де құрғақшылық кезінде ол қорықпайды және өз жемісін беруді тоқтатпайды” (Ерм. 17:7, 8).
9 Еремия “судың жанына отырғызылған” жайқалып өскен ағаш сияқты “жеміс беруін тоқтатпады”. Ол өзін келеке-мазақ еткен зұлым адамдардың ықпалына берілген жоқ. Қайта, өмір беретін “судың” Қайнарына етене жақын болып, оның барлық сөздерін екі етпей орындады (Забур 1:1—3 оқы; Ерм. 20:9). Еремия бізге, әсіресе қызмет ету оңайға соқпайтын аумақтардағы бауырластарға, керемет үлгі қалдырды емес пе?! Сен де осындай аумақта қызмет етіп, Ехобаның “есімін жариялап” жүрсең, оған толығымен сенім артуды доғарма (Евр. 13:15).
10. Құдай бізге қандай баталар беруде және не жайлы ойланғанымыз дұрыс?
10 Осы соңғы күндері өмірдің тауқыметін көтере алуымыз үшін Ехоба бізге көп нәрсе берді. Атап айтқанда, ол бүгінде барған сайын көп тілге аударылып жатқан Сөзі Киелі кітапты берді және адал да ақылды құл арқылы рухани ас-сумен уақтылы әрі молынан қамтамасыз етіп отыр. Сондай-ақ қауым кездесулері мен конгрестерде көп бауырластармен араласып, жігер алуымыз үшін қам жасады. Осы шаралардың пайдасын барынша көруге тырысып жүрсің бе? Осылай ететіндердің барлығы “көтеріңкі көңілмен ән шырқайды”. Ал Құдайға құлақ аспайтындар “қинала айқайлап, жаралы жүрекпен еңіреп жылайтын болады” (Ишая 65:13, 14).
Уайымға салынғанда Құдайға арқа сүйе
11, 12. Қиындыққа толы мына заманда шынайы даналықпен өмір сүретіндер не істейді?
11 Алдын ала айтылғандай, бүгінде адамзат қайғы-қасіреттің еселеп келген толқындарына тұншығуда (Мат. 24:6—8; Аян 12:12). Тура мағынада су тасқыны болғанда, әдетте адамдар биіктеу жерге, мысалы өрге не үйдің шатырына, қарай жүгіреді. Дәл сол сияқты, осы дүниедегі қиындықтар шиеленіскен сайын, миллиондаған адам биіктеу көрінген жерлерден — экономика, саясат, дін, ғылым мен технологиядан — пана іздейді. Алайда олардың ешқайсысы шын қорған бола алмайды (Ерм. 17:5, 6). Ал Ехобаның қызметшілерінде нағыз пана — “мәңгілік берік қамал” — бар (Ишая 26:4). Забур жыршысы: “[Құдайым] — паналайтын жартасым, Құтқарушым әрі заңғар қорғаным”,— деген (Забур 61:7—10 оқы). Осы Жартас бізге пана болу үшін не істеуіміз керек?
12 Ехобаның Сөзін берік ұстансақ, оған жақындай түсеміз. Оның Сөзі адамның даналығымен көп жағдайда үйлеспейді (Заб. 72:23, 24). Мәселен, пенденің даналығымен жүретіндер былай деуі мүмкін: “Өмірге бір-ақ рет келесің, сондықтан бәрін көріп қал”, “Табысқа жет”, “Көп ақша тауып, қалтаңды қалыңдат”, “Ананы, мынаны сатып ал”, “Дүниені кезіп, қыдыр”. Ал Құдайдың даналығы: “Осы дүниені пайдаланатындар оны толық пайдаланбайтындардай болсын, себебі осы дүниенің көрінісі өзгеруде”,— деп кеңес береді (Қор. 1-х. 7:31). Иса да бізді Патшалықтың мүддесін үнемі бірінші орынға қойып, “қазынаны” еш қауіп төнбейтін жерде, “көкте”, жинауға шақырды (Мат. 6:19, 20).
13. Жоханның 1-хаты 2:15—17 сөздерді ескере отырып, не жайында ойланғанымыз дұрыс?
13 “Осы дүние” мен “ондағы нәрселерге” деген көзқарасыңнан Құдайға толық арқа сүйейтінің көріне ме? (Жох. 1-х. 2:15—17). Сен үшін осы дүние ұсынған нәрселерден гөрі рухани қазына мен Патшалық ісіндегі жауапкершіліктерің әлдеқайда бағалы әрі маңыздырақ па? (Філіп. 3:8). “Тек бір нәрсеге ғана көз тігуге” тырысасың ба? (Мат. 6:22). Әрине, Құдай сенің өз міндеттеріңе, әсіресе отбасыңдағы жауапкершіліктеріңе, немкетті қарағаныңды қаламайды (Тім. 1-х. 5:8). Дегенмен ол қызметшілерінен Шайтанның құлдырап бара жатқан дүниесіне емес, өзіне толық арқа сүйейді деп күтеді (Евр. 13:5).
14—16. Кейбіреулер “тек бір нәрсеге ғана көз тігіп”, Патшалықты бірінші орынға қоюдың қандай пайдасын көріп жүр?
14 Үш баласы бар ерлі-зайыпты Ричард пен Руттың мысалын қарастырайық. “Ехобаға көбірек қызмет етуге мүмкіндігім бар екенін қашан да түсінетінмін,— дейді Ричард.— Тұрмысым жайлы болды, бірақ Құдайға өзімнен артылғанымды ғана беріп жүргендей сезіндім. Рут екеуіміз осы жайлы дұға етіп, барлығын саралап-салмақтағаннан кейін, елде экономикалық дағдарыстың ушығып тұрғанына қарамастан, бастығымнан аптасына төрт күн ғана жұмыс істеуді сұрамақ болдым. Ол өтінішімді қабыл алды, содан бір ай өтпестен жаңа жұмыс кестеме кірісіп кеттім”. Қазір Ричардтың жағдайы қалай екен?
15 Ол былай дейді: “Жалақым 20 пайызға қысқарды, алайда жылына бос қалған 50 күнімді отбасыммен өткізіп, балаларыма тәлім беруге арнай аламын. Сондай-ақ бұрынғыдан екі есе көп уағыздаймын, үш есе көп зерттеу сабағын жүргіземін және қауымда көбірек жауапкершілік атқарамын. Балаларыма көбірек уақыт бөле алатындықтан, Рут ара-тұра қосалқы ізашарлық алып тұрады. Осы тәртіптен мүмкіндігінше қол үзбеуге бел будым”.
16 Қыздарымен бірге тұратын ерлі-зайыпты Рой мен Патина толық уақыт қызмет ету үшін жұмыс уақыттарын қысқартты. Рой былай дейді: “Мен аптасына үш күн, ал Патина екі күн жұмыс істейді. Бұған қоса, біз күтуге анағұрлым жеңіл кішірек үйге көшіп алдық. Әйелім екеуіміз ұлымыз бен қызымыз туылмай тұрып ізашар ретінде қызмет еткенбіз әрі осы ықыласымызды ешқашан жоғалтқан емеспіз. Сондықтан балаларымыз есейген соң, ізашарлық қызметке қайта кірістік. Ақшаның ешқандай сомасы біздің ие болған баталарымызға тең келмесі анық”.
“Құдай тыныштығы” жүрегіңді сақтасын
17. Ертеңгі күні не боларын білмейтінімізді ескерсек, Жазбалар саған қалай жұбаныш береді?
17 Жиі “уақыт пен жағдай орайлас” келетіндіктен, ертең басымызға нендей күн туатынын білмейміз (Екк. 9:11). Алайда Құдаймен тығыз қарым-қатынасы жоқ қорғансыз адамдар сияқты болмай, ертеңгі күнгі уайымның бүгінгі тыныштығымыздан айыруына жол бермегеніміз жақсы (Мат. 6:34). Елші Пауыл былай деген: “Еш нәрсені уайымдамаңдар, барлық өтініштеріңді дұға етіп, жалбарынып, ризашылықпен Құдайға білдіріңдер. Сонда Құдайдың адам ақылынан асқан тыныштығы жүректерің мен ой-саналарыңды сақтайды” (Філіп. 4:6, 7).
18, 19. Құдай бізге қалай жұбаныш береді? Мысал келтіріңдер.
18 Көп бауырластар қиын жағдайға душар болғанда, Ехоба беретін жантыныштығына кенелген. Бір әйел бауырлас былай дейді: “Хирург маған қайта-қайта қысым көрсетіп, қан құйдыруға көндірмек болды. Ол амандаспай жатып: —Қан құйдырмаймын дегенің не сандырақ?— деген еді. Сол уақытта және содан кейін де Ехобаға ішімнен дұға етіп жүрдім, ал ол менің жанымды тыныштыққа бөледі. Мен өзімді жартастай берік сезіндім. Қаназдықтан әлсірегеніме қарамастан, өз ұстанымымды Жазбалардың негізінде анық түсіндіре алдым”.
19 Ехоба бауырластар не уақтылы келген рухани ас-су арқылы бізге жұбаныш беруі мүмкін. Бауырластардың: “Мына мақала тура маған арналған екен. Дәл маған керек нәрсе жазылыпты!”— дегенін естіген шығарсың. Басымызға қандай жағдай түспесін, Ехоба өзіне арқа сүйейтіндерге сүйіспеншілігін көрсетеді. Себебі біз оның “қойларымыз” әрі оның есімін алып жүрміз (Заб. 99:3; Жох. 10:16; Ел. іс. 15:14, 17).
20. Шайтанның дүниесі жойылғанда, Ехобаның қызметшілері қалай қауіпсіздікте болады?
20 Қарқындап келе жатқан “Жаратушы Иенің қаһарлы күнінде” Шайтанның дүниесі үміт артқан нәрселердің барлығы жойылады. Алтын, күміс не басқа да құнды заттар оларды мүлдем құтқара алмайды (Соф. 1:18; Нақ. с. 11:4). Нағыз пана “мәңгілік берік қамал” Ехоба ғана болмақ (Ишая 26:4). Олай болса, оның әділ жолымен жүру, немқұрайдылық пен қарсылықтарға қарамастан, Патшалық хабарын жариялау және бар уайымды өзіне сеніп тапсыру арқылы оған толық арқа сүйейтінімізді көрсетейік. Осылай етер болсақ, “қауіпсіз тұрып, еш пәледен қорықпай, алаңсыз боламыз” (Нақ. с. 1:33).
[Сілтеме]
Түсіндіріп бере аласыңдар ма?
Келесі жағдайларда Құдайға арқа сүйейтінімізді қалай көрсетеміз:
• азғыруларға кезіккенде?
• немқұрайдылық пен қарсылықтарға кезіккенде?
• уайымға салынғанда?
[13-беттегі сурет]
Құдайдың нормаларын ұстану көп игілік әкеледі
[15-беттегі сурет]
“[Құдайым] — паналайтын жартасым”