Құдайға жақында
Сіз “Құдай жайлы білімді” таба аласыз
ЕХОБА ҚҰДАЙ біз үшін қолжетерлік қазына дайындап қойды әрі ол біздің осы баға жетпес қазынаны тауып алғанымызды қалайды. Бұл қазына қалтамызды қалыңдатпайды, алайда ол ешқандай ақшаға сатып алуға болмайтын игіліктер — жантыныштығы мен қанағат сезімін сыйлайды. Бұл қандай қазына болды екен? Ол жайында дана патша Сүлеймен Нақыл сөздер кітабының 2:1—6 дейінгі тармақтарында айтып кеткен.
Сүлеймен “Құдай жайлы білімді”, яғни Құдай мен оның ниеті жайлы Киелі жазбалардағы шындықты, қазына деп атаған (5-тармақ). Осы қазынаның бірнеше тұсына назар аударайық.
Шынайы ілімдер. Киелі жазбалардан келесі сұрақтарға жауап алуға болады: Құдайдың есімі қандай? (Аян 4:11). Өлген соң адаммен не болады? (Забур 145:3, 4). Біз не үшін жаратылдық? (Жаратылыс 1:26—28; Забур 113:24). Осы сұрақтардың жауабын қанша ақшаға бағалар едіңіз?
Ақыл-кеңестер. Киелі кітап ең жақсы өмір жолын көрсетеді. Онда мынадай маңызды сұрақтардың жауабы бар: Некені қалай баянды етуге болады? (Ефестіктерге 5:28, 29, 33). Балаларыңыз жауапкершілікті сезінетін азамат болып өсу үшін не істеу керек? (Заңды қайталау 6:5—7; Ефестіктерге 6:4). Бақытқа қалай қол жеткізуге болады? (Матай 5:3; Лұқа 11:28). Және бір ойланып көріңізші, осы мәселелерге қатысты кеңестердің құнын қаншаға бағалар едіңіз?
Құдай болмысының қырлары. Киелі жазбалар — Құдай жайлы тура білімнің негізгі қайнар көзі. Құдай қандай? (Жохан 1:18; 4:24). Ол біздің қамымызды ойлай ма? (Петірдің 1-хаты 5:6, 7). Оның айрықша қасиеттері қандай? (Мысырдан шығу 34:6, 7; Жоханның 1-хаты 4:8). Айтыңызшы, Жаратушымыз жайлы сенімді мәлімет қанша тұрады?
Расында да, “Құдай жайлы білім” нағыз қазына болып табылады. Ал оған қалай қол жеткізуге болады? Нақыл сөздердің 2-тарауы 4-тармағында Сүлеймен патша бұл білімді “көмілген қазынаға” теңеген. Жер астындағы қазына өзінен-өзі қазылып, “алма піс, аузыма түс” болмайтыны анық. Оны табу үшін біраз күш жұмсау керек. Сол сияқты Құдай туралы білімді иелену үшін де тер төгу қажет, өйткені бұл қазына Киелі кітапта “көміліп” жатыр.
Сүлеймен патша “Құдай жайлы білімді” табу үшін не істеу керектігін түсіндірген. Мысалы, “сөздерімді қабылдасаң” және “жан дүниең дайын тұрса” деген сөздерден құйма құлақ болуымыз керектігі көрінеді (1, 2-тармақтар). Ал “шақырсаң” және “іздесең” деген сөздер өз тарапымыздан барынша күш салуымыз керектігіне нұсқайды (3, 4-тармақтар). Демек, бұл қазынаны табу үшін Киелі кітапты шын жүректен әрі мұқият зерттеген маңызды (Лұқа 8:15).
Өз тарапымыздан күш салсақ, Ехоба Құдай қазынаны табуға көмектесері сөзсіз. 6-тармақта: “Жаратқан Ие даналық сыйлар”,— делінген. Иә, Киелі кітаптағы шындықты Құдайдың көмегімен ғана толық ұға аламыз (Жохан 6:44; Елшілердің істері 16:14). Мынаған күмәнданбасаңыз болады: Құдайдың Сөзіне ынты-шынтыңызбен үңілсеңіз, “Құдай жайлы білімді” міндетті түрде табасыз. Бұл қазына өміріңізді шексіз байытатыны шүбәсіз! (Нақыл сөздер 2:10—21)a.
[Сілтеме]
a Үй жағдайында Киелі кітапты тегін зерттегіңіз келсе, Ехоба куәгерлері сізге көмектесуге дайын. Бұл үшін жергілікті Ехоба куәгерлерімен байланысуыңызға немесе 4-беттегі мекенжайлардың біріне жазып жіберуіңізге болады.