Құдай рухының бірінші ғасырдағы және бүгіндегі әрекеті
“Осы әрекеттердің бәрін жүзеге асыратын — сол рух” (ҚОР. 1-Х. 12:11).
1. Бұл мақалада нені қарастырамыз?
ЕЛУІНШІ күн мейрамы. Бұны естігенде, ойыңа не келеді? Бәлкім, Құдайдың өз қызметшілеріне киелі рухын төккені шығар (Ел. іс. 2:1—4). Бірінші ғасырда болған бұл оқиғадан соң, Құдай өз халқына басшылық беру үшін киелі рухын өзгеше жолмен қолдана бастады. Алдыңғы мақалада ертедегі адал қызметшілерге қиын тапсырмаларды орындау үшін Құдай рухы қалай көмек бергенін қарастырдық. Алайда киелі рух Құдайдың ертедегі және бірінші ғасырдағы қызметшілеріне бірдей әсер етті ме? Сонымен қатар бүгіндегі мәсіхшілер киелі рух басшылығының пайдасын қалай көре алады? Бұл мақалада осы сұрақтарға жауап алатын боламыз.
“Мен Ехобаның құлымын!”
2. Киелі рухтың әсері жайында Мәриям не білген?
2 Иерусалимдегі бір үйдің екінші қабатында уәде етілген киелі рух шәкірттерге төгілген кезде, Мәриям да сол жерде болған еді (Ел. іс. 1:13, 14). Содан отыздан астам жыл бұрын ол Ехобаның рухы таңғажайып жолмен әрекет еткенін өз көзімен көрген болатын. Ехоба өз ұлының көктегі өмірін Мәриямның құрсағына салды. Осылайша бұл пәк қыз “киелі рухтың құдіретімен жүкті болды” (Мат. 1:20).
3, 4. Мәриям Құдайдың тапсырмасын қалай қабылдады және біз оған қалай еліктей аламыз?
3 Не себепті Ехоба Мәриямды таңдады? Періште оған қатысты Ехобаның еркін айтып бергенде, ол: “Мен Ехобаның құлымын! Барлығы сен айтқандай болсын!”— деді (Лұқа 1:38). Осылай деуімен Мәриям өзінің жүрек түкпірінде не бар екенін көрсетті, ал Құдай мұны әлдеқашан байқап қойған еді. Ол Ехобаның өзіне қатысты еркін орындауға дайын болды. Мәриям “Жұрт бұл туралы не дейді? Бұл Жүсіп екеуміздің қарым-қатынасымызға әсер етпей ме?” деген сұрақтарды көтерген жоқ. Қайта, Ехобаға толығымен сенім артты.
4 Кейде Құдайдың қызметіндегі жауапкершіліктерің саған тым көп немесе қиын болып көріне ме? Әрқайсымыздың өзімізге келесідей сұрақтарды қойғанымыз жөн: “Ехоба өз еркін атқаруға көмектесетініне толықтай сенім артамын ба? Оны орындау үшін дайындық рухын танытамын ба?” Өзіне шын жүректен сенім артатындарға және билеуші ретінде мойынсұнатындарға Құдай киелі рухын беретініне еш күмәнданбайық (Ел. іс. 5:32).
Киелі рух Петірге көмектесті
5. Б. з. 33 жылғы Елуінші күн мейрамына дейін киелі рух Петірге қалай көмектесті?
5 Петір де Мәриям сияқты б. з. 33 жылғы Елуінші күн мейрамына дейін киелі рухтың әсерін көрген болатын. Иса Петір мен өзге елшілерге жындарды қуып шығаратын билік берген (Мар. 3:14—16). Киелі жазбалар бұл туралы бүге-шігесіне дейін хабардар етпесе де, Петір шамасы осы билігін қолданған болса керек. Сондай-ақ Иса Петірді Ғалилея теңізінің бетімен жүруге шақырғанда, Петір киелі рухтың көмегімен солай ете алды (Матай 14:25—29 оқы). Ол таңғажайып істерді Құдай рухына сенім артқанның арқасында істегені сөзсіз. Кейін осы рух Петір мен өзге шәкірттерге басқаша жолмен әсер етпек еді.
6. Киелі рух Петірге Елуінші күн мейрамында және одан кейін қалай көмектесті?
6 Аталмыш Елуінші күн мейрамы кезінде Петір мен өзге шәкірттерге Иерусалимге жер-жерден келген қонақтардың тілінде сөйлеу дарыны берілді. Содан кейін ол қалың жұрттың алдында сөз сөйледі (Ел. іс. 2:14—36). Петір кей кездері ойланбай әрекет етіп, қорқынышқа да бой алдыратын. Алайда киелі рухқа кенелген соң, ол қоқан-лоқы мен қуғын-сүргінге қарамастан батылдықпен куәлік етті (Ел. іс. 4:18—20, 31). Құдай рухы оған жасырын жайттарды аян етті (Ел. іс. 5:8, 9). Тіпті өлілерді қайта тірілтуге құдірет берді (Ел. іс. 9:40).
7. Исаның қай тәлімдерін Петір майланғаннан кейін барып түсінді?
7 Елуінші күн мейрамына дейін Петір Исаның үйреткен көптеген шындықтарын түсінген (Мат. 16:16, 17; Жох. 6:68). Бірақ Исаның тәлімдерінің кей тұстары оған Елуінші күн мейрамынан кейін ғана анық бола түсті. Мысалы, ол Исаның үшінші күні рухани денеде қайта тірілу керектігін немесе оның Патшалығы көкте болатынын алғашында түсінбеген болатын (Жох. 20:6—10; Ел. іс. 1:6). Адам баласының рухани жаратылысқа айналып, көктегі Патшалықта билік ететіні туралы ілім ол үшін жат еді. Петір Исаның осы тәлімінің мәнін киелі рухпен майланып, көктегі өмірге таңдалған кезде ғана ұқты.
8. Майланғандар мен “басқа қойлар” қандай білімге ие?
8 Киелі рух төгілген кезде шәкірттер үшін түсініксіз болған жайттар айқындала түсті. Құдай рухының жетелеуімен Грек жазбаларының жазушылары біз үшін Ехобаның ниетін түсіндірді (Ефес. 3:8—11, 18). Бүгінде майланған мәсіхшілер мен “басқа қойлар” осы шындықтардан бірге нәр алуда (Жох. 10:16). Киелі рухтың жетелеуімен жазылған Киелі кітаптың шындықтарын түсінуге мүмкіндігін болғанына ризасың ба?
Пауыл “киелі рухқа кенелді”
9. Киелі рухтың арқасында Пауыл қандай істерді атқарды?
9 Б. з. 33 жылғы Елуінші күн мейрамынан бір жылдай уақыт өткен соң, Құдай кейін Пауыл деген есіммен танымал болған Саулға киелі рухын дарытты. Мұның игілігін бүгінгі күні біз де көріп отырмыз. Мысалы, Пауыл рухтың жетелеуімен Киелі жазбалардың 14 кітабын жазды. Сондай-ақ Құдай рухы Петірді сияқты Пауылды да көкте жойылмайтын әрі өлмейтін тәнде өмір сүру үмітін түсінуге және сол туралы анық жазуға қабілетті етті. Осы күштің арқасында Пауыл ауруларды сауықтырды, жындарды қуып шығарды, тіпті өлген адамды қайта тірілтті. Алайда ол киелі рухтың күшімен бұдан да маңызды бір істі атқарды. Құдайдың бүгіндегі қызметшілері киелі рухқа керемет түрде кенелмесе де, дәл сол істі атқаруда.
10. Киелі рух Пауылдың сөйлеу қабілетіне қалай әсер етті?
10 Бірде Пауыл “киелі рухқа кенеліп” сиқыршыға қарсы батыл сөйледі. Бұл әңгімені бастан-аяқ тыңдаған Кипр аралының әкімі “Ехоба туралы білгендеріне қатты таңғалып”, шындықты қабылдады. Пауылдың сөздері оған қалай әсер етті десеңші! (Ел. іс. 13:8—12). Пауылдың шындықты уағыздау үшін Құдайдың киелі рухына жүгіну керек екенін түсінгені сөзсіз (Мат. 10:20). Кейін ол Ефестегі қауымды өзіне “сөйлеуге қабілет берсін” деп Құдайға сиынуға талпындырды (Ефес. 6:18—20).
11. Құдай рухы Пауылға қалай басшылық еткен?
11 Киелі рух Пауылды сөйлеуге қабілетті етіп қана қоймай, кейде белгілі бір жерлерге баруына тыйым салған. Құдай рухы Пауылға уағыздау сапарлары кезінде де басшылық етті (Ел. іс. 13:2; Елшілердің істері 16:6—10 оқы). Ехоба бүгінде де уағыздау ісіне рухы арқылы басшылық беруде. Құдай қызметшілерінің бәрі де ізгі хабарды Пауыл сияқты батылдықпен әрі құлшыныспен жариялауға тырысады. Бүгінде Құдайдың басшылығы Пауылдың кезіндегідей анық көрінбесе де, Ехоба шындықты сусаған адамдардың ізгі хабарды естулері үшін киелі рухты қолданып жатқанына еш күмәнданбасақ болады (Жох. 6:44).
“Алуан түрлі әрекеттер”
12—14. Құдай рухы барлық қызметшілеріне бірдей әсер ете ме? Түсіндір.
12 Ехобаның бірінші ғасырдағы майланған мәсіхшілер қауымын жарылқағаны туралы білгеніміздің біз үшін айтарлықтай пайдасы бар ма? Әлбетте, бар. Пауылдың Қорынттағы қауымға киелі рухтың сол замандағы сыйлары туралы айтқан сөздеріне назар аударайық: “Алуан түрлі сыйлар бар, бірақ рух біреу. Әртүрлі қызметтер де бар, бірақ Иеміз біреу. Әрекеттер де алуан түрлі, бірақ барлығына осылардың бәрін атқаруға көмектесетін Құдай біреу” (Қор. 1-х. 12:4—6, 11). Иә, киелі рух белгілі бір мақсатпен Құдайдың әр қызметшісіне әрқилы әсер етеді. Мәсіхтің “кішкене отары” да, “басқа қойлары” да киелі рухқа кенеле алады (Лұқа 12:32; Жох. 10:16). Алайда Құдайдың әрекет етуші күші қауымның әр мүшесіне әрдайым бірдей әсер ете бермейді.
13 Мысалы, ақсақалдарды киелі рух тағайындайды (Ел. іс. 20:28). Бірақ рухпен майланған мәсіхшілердің бәрі бірдей қауым бақылаушылары емес. Бұдан шығатын қорытынды — Құдай рухының қауым мүшелеріне тигізетін әсері әртүрлі.
14 Майланғандарды Құдайдың балалары екендеріне сендіретін рухты кезінде Ехоба жалғыз ұлын көктегі өмірге қайта тірілту үшін қолданған (Римдіктерге 8:11, 15 оқы). Құдай әлемді жаратқанда да сол күшті қолданды (Жар. 1:1—3). Дәл осы рух арқылы Ехоба Беселиелді киелі шатырды жасауға қабілетті қылды, Самсонға ерекше күш дарытты және Петірді судың бетімен жүргізді. Олай болса, Құдай рухының жетелеуімен жүру мен рухпен майлануды шатастырмау керек, себебі соңғысы киелі рухтың бір ғана әрекеті болып табылады. Рухпен майланатын адамдарды Құдай өзі таңдайды.
15. Рухпен майлану мәңгіге жалғаса ма? Түсіндір.
15 Құдайдың киелі күші адал қызметшілердің рухпен майлануынан мыңдаған жылдар бұрын әрекет ете бастады. Рухпен майлану б. з. 33 жылғы Елуінші күн мейрамынан басталған, бірақ бұл мәңгі жалғаса бермейді. Рухпен шомылдыру рәсімі жасалмайтын кез келеді, алайда киелі рух Құдай халқын әрі қарай да, тіпті мәңгілік бойы жетелейді.
16. Құдайдың қызметшілері киелі рухтың көмегімен қандай істерді атқаруда?
16 Ехобаның киелі рухы қазір жер бетінде нақты не істеп жатыр? Аян 22:17-де бұл сұрақтың жауабы жазылған: “Рух пен қалыңдық: “Кел!”— деп жатыр. Мұны естіген әркім: “Кел!”— десін. Шөлдегендердің бәрі де келсін. Өмір суын алғысы келгендердің бәрі оны тегін алсын”. Бүгінде Құдай рухының қозғауымен мәсіхшілер “шөлдегендердің бәрін” өмір суын алуға шақырады. Майланған мәсіхшілер бұл іске басшылық етуде. Ал басқа қойлар оларға қолғабыс етіп жүр. Осы екі таптың мүшелері бұл істі бір рухтың көмегімен атқаруда. Майланғандар да, басқа қойлар да “Әкенің, Ұлдың және киелі рухтың атынан шомылдыру рәсімінен” өткен (Мат. 28:19). Бәрі бірдей Құдай рухына бағынып, өмірлерінде жеміс әкелуіне жағдай жасайды (Ғал. 5:22, 23). Майланғандар сияқты басқа қойлар да Құдай рухының көмегіне жүгінеді. Сонымен қатар олар Ехобаның қасиетті болуға қатысты талабына сай келуге барынша тырысады (Қор. 2-х. 7:1; Аян 7:9, 14).
Киелі рухты сұрай беріңдер
17. Құдай рухы бізде бар екенін қалай дәлелдей аламыз?
17 Құдай сыйлаған үмітің қандай болмасын, мінсіздігіңді сақтап, жүлдеге ие болуың үшін Ехоба сені “адам күшінен асқан күшпен” қамтамасыз етеді (Қор. 2-х. 4:7). Патшалық туралы ізгі хабарды уағыздағаның үшін адамдар сені келеке-мазақ етуі мүмкін. Алайда мына жайтты есіңде ұста: “Егер Мәсіхтің есімі үшін қорлық сөздер естіп жүрсеңдер, бақыттысыңдар, өйткені бұл сендерде ұлылық рухының, яғни Құдай рухының, бар екенін көрсетеді” (Пет. 1-х. 4:14).
18, 19. Ехоба саған көмектесу үшін киелі рухын қалай қолданады? Сен не істеуге бел будың?
18 Құдай киелі рухын сұраған адамдарға сый ретінде береді. Ол сені қабілетті етіп қана қоймай, қызметті жақсартуға ықыласты ете алады. “Өзіне ұнайтынды істеулерің үшін, Құдайдың өзі бойларыңда ықылас оятып әрі күш беріп отыр”. Киелі рухқа кенеліп, “өмір сөзін берік ұстануға” күш салғанымыздың арқасында “қалтырай қорқып, құтқарылуға ұмтыла” аламыз (Філіп. 2:12, 13, 16).
19 Құдай рухына толық сенім арта отырып, кез келген тапсырманы шын жүректен атқар, ісіңді жақсылап меңгеруге тырыс және Ехобаның көмегіне жүгін (Жақ. 1:5). Ол Сөзін түсінуге, өмірдің тауқыметін көтеруге және ізгі хабарды уағыздауыңа қажеттінің бәрімен қамтамасыз етеді. “Сұрай беріңдер, сонда беріледі; іздей беріңдер, сонда табасыңдар; есікті қаға беріңдер, сонда ашылады” (Лұқа 11:9, 13). Бұған киелі рухты сұрау да жатады. Ендеше ежелдегі және бүгіндегі қызметшілері сияқты Ехобадан киелі рухымен жетелеуін сұрап, дұға ете берейік.
Түсіндіріп бере аласыңдар ма?
• Баталарға кенелу үшін Мәриям сияқты қандай көзқарас танытуымыз керек?
• Құдай рухы Пауылды қалай жетеледі?
• Бүгінде киелі рух Құдайдың қызметшілеріне қалай басшылық етеді?
[24-беттегі сурет]
Құдай рухының арқасында Пауыл жын-перілерге қарсы тұрды
[26-беттегі сурет]
Бүгінде майланғандар да, басқа қойлар да киелі рухқа кенеле алады