Жеке зерттеуің қызықты да жемісті болсын!
Киелі кітап зерттеуден қалай көбірек қуаныш табуға болады? Зерттеуімізді қалай жемісті ете аламыз? Қазір Киелі кітапты зерттеуді барынша тиімді өткізе алуымызға көмектесетін үш маңызды қадамды қысқаша қарастырып өтейік.
1. ДҰҒА ЕТ: Алдымен, біз дұға етуіміз керек (Заб. 41:9). Неліктен? Өйткені біз Құдай Сөзін зерттеуді ғибадатымыздың бір бөлігі деп қарастыруымыз қажет. Ендеше, ойымызды дұрыс арнаға бұруын және киелі рухты беруін сұрап Ехобаға дұға етейік (Лұқа 11:13). Ұзақ жылдар бойы миссионер болып қызмет етіп жатқан Барбара былай дейді: “Киелі кітапты оқу мен зерттеудің алдында мен міндетті түрде дұға етемін. Сонда Ехобаның қасымда екенін әрі зерттеуіме оң көзбен қарайтынын сеземін”. Зерттеу алдында дұға еткеніміз алдымызда тұрған мол рухани асты толығымен қабылдай алуымыз үшін ойымыз бен жүрегімізді дайындайды.
2. ОЙ ЖҮГІРТ: Уақыт аз болғандықтан, кейбіреулер Құдай сөзін үстіртін оқумен ғана шектеледі. Осылайша олар Киелі кітапты тыңғылықты зерттеуден келер пайданы қалт жіберіп алады. Елу жылдан астам уақыт Ехобаға қызмет еткен Карлос ой жүгіртуге уақыт бөлудің маңыздылығын түсінеді, ал бұл, өз кезегінде, оның зерттеуін нәтижелі етеді. Ол былай деп бөлісті: “Қазір мен Киелі кітапты азырақ, яғни күніне шамамен екі беттен оқимын. Сондықтан оқығандарымнан бір нәрсеге үйрену үшін ой жүгіртуге көбірек уақыт бөле аламын” (Заб. 76:13). Ой жүгіртуге уақыт бөлгеннің арқасында біліміміз молаяды және Құдайдың ниетін тереңірек түсінетін боламыз (Қол. 1:9—11).
3. ҚОЛДАН: Адам қандай да бір істің іс жүзінде пайда әкеліп жатқанын көрсе, оның игілігін көруге ұмтылады. Киелі кітап зерттеу туралы да осылай деуге болады. Киелі кітап жүйелі түрде оқуға дағдыланған Габриел атты жас бауырлас былай деді: “Зерттеу маған күнделікті өмірдің тауқыметін көтеруге көмектеседі. Және де басқаларға қол ұшын беруге дайындайды”. Ол сөзін былай деп жалғады: “Оқығандарымның бәрін жеке өмірімде қолдануға тырысамын” (Заң. қ. 11:18; Ешуа 1:8). Иә, Құдай мол білім береді. Біз оны өмірімізде қолданып, бойымызға сіңіре аламыз (Нақ. с. 2:1—5).
ҚАЙТАЛАУ: Даналықтың қайнар бұлағы Ехоба беріп жатқан білімді иемдене алатынымыз неткен зор мәртебе десеңші! (Рим. 11:33). Сондықтан келесі зерттеу кезінде, алдымен, Ехобаға дұға айтып, дұрыс ой-сана мен киелі рухын сұра. Содан кейін уақытша кідіріп, оқығандарыңның үстінен ой жүгірт. Сондай-ақ үйренгеніңді өміріңде қолдан. Осы маңызды үш қадамды жасағанда, Киелі кітап зерттеуің одан бетер қызықты да жемісті өтетін болады.