“Өз еркіңді орындауға үйрете гөр”
“Өз еркіңді орындауға үйрете гөр” (ЗАБ. 142:10).
1, 2. Құдайдың еркін ескеріп өмір сүрудің біз үшін қандай пайдасы бар және Дәуіт патшадан не нәрсеге үйрене аламыз?
САЯХАТТАП жүрген кезде келе жатқан жолыңды көру үшін компьютерлік картаны пайдаланып көргенсің бе? Аймаққа, былайша айтқанда, жоғарыдан қарағаның ең жақсы жолды таңдауға көмектескен болар. Маңызды шешімдер қабылдарда да осылай еткеніміз пайдалы болады. Егер барлығына Жаратушымыздың көзімен қарайтын болсақ, Ехобаға ұнамды “жолмен жүретін” боламыз (Ишая 30:21).
2 Ежелгі Исраилдің патшасы Дәуіт әрқашан дерлік Құдайдың еркін елеп-ескеріп, тамаша үлгі қалдырды. Қазір жүрегі Ехоба Құдайға толық берілген Дәуіттің өмірінде болған кейбір жағдайларды қарастырып, оның іс-әрекеттерінен не нәрсеге үйрене алатынымызды көрейік (Пат. 3-ж. 11:4).
ДӘУІТ ЕХОБАНЫҢ ЕСІМІН ЖОҒАРЫ ТҰТҚАН
3, 4. а) Ғолиятқа қарсы шығуға Дәуітті не талпындырды? ә) Дәуіт Құдайдың есіміне қалай қараған?
3 Дәуіттің філістірлік Ғолиятпен жекпе-жекке шыққан кезін қарастырайық. Бастан-аяқ қаруланған, бойы 3 метрдей алыпқа қарсы шығуға жас Дәуітті не талпындырды? (Пат. 1-ж. 17:4). Дәуіттің батылдығы ма, әлде Құдайға деген сенімі ме? Әрине, бұл екі қасиет те оны ерлік жасауға талпындырды. Алайда алыпқа қарсы шығуға Дәуітке әсіресе Ехоба мен оның ұлы есімін құрметтегені қозғау салған. Дәуіт ашуланып: “Бұл құдайсыз філістір мәңгі тірі Құдайдың әскер саптарын қорлайтындай кім еді, сонша?!”— деді (Пат. 1-ж. 17:26).
4 Ғолиятқа қарсы шыққанда Дәуіт былай деп жар салды: “Сен маған қарсы семсер, сүңгі, найзамен келесің. Ал мен саған Әлем Иесінің атымен, иә, өзің масқаралап отырған Исраилдік әскери саптарының Құдайының атымен келе жатырмын!” (Пат. 1-ж. 17:45). Шынайы Құдайға арқа сүйей отырып, Дәуіт сақпанымен бір-ақ рет тас атты да, філістірлік батырды сұлатып түсірді. Дәуіт тек осы жағдайда ғана емес, өмір бойы дерлік Ехобаға сенім артып, оның киелі есімін жоғары тұтқан. Ол исраилдіктерді де Ехобаның “киелі атымен мақтануға” шақырған (Шежірелер 1-жазба 16:8—10 оқы).
5. Дәуіт сияқты сен қандай жағдайға тап болуың мүмкін?
5 Сен Ехобаны өз Құдайың ретінде мақтан етесің бе? (Ерм. 9:24). Көршілерің, әріптестерің, сыныптастарың не туыстарың Ехоба жайлы жаман сөздер айтып, Куәгерлерін мазақ етсе, сен не істейсің? Қолдайтынына сене отырып, Ехобаның есімін қорғайсың ба? Әрине, “үндемейтін” де уақыт болады, бірақ біз Ехоба куәгері әрі Исаның ізбасары болғанымызға ұялмауымыз керек (Уағ. 3:1, 7; Мар. 8:38). Суық қабақ танытатын адамдармен сөйлескенде, бізге ілтипатты да биязы болу керек. Алайда Ғолияттың масқаралауынан “абыржып, қатты қорыққан” исраилдіктер сияқты болмайық (Пат. 1-ж. 17:11). Одан да Ехоба Құдайдың есімін ақтау үшін батыл әрекет етейік. Біз адамдарға Ехобаның шын мәнінде қандай Құдай екенін білуге көмектескіміз келеді. Ол үшін Құдай Сөзін қолданып, оған жақындау қаншалықты маңызды екенін түсіндіруге тырысамыз (Жақ. 4:8).
6. Дәуіт Ғолиятты не үшін жеңгісі келді және біздің басты мақсатымыз қандай болу керек?
6 Дәуіттің Ғолиятпен шайқасынан тағы бір маңызды сабақ аламыз. Әскер сап түзеген жерге жүгіріп барып, ол: “Мына філістірдің көзін құртып, Исраилдің көріп отырған масқарасын тоқтатқан адамға не берілмек дедіңдер?”— деп сұрады. Олар: “Оның көзін құртқанға мынадай жүлде сыйланбақ”,— деп, алдында айтқан сөздерін қайталады (Пат. 1-ж. 17:25—27). Алайда Дәуіт пайда көруді ғана ойламады. Оның басты мақсаты шынайы Құдайға даңқ әкелу болған еді (Патшалықтар 1-жазба 17:46, 47 оқы). Ал біз туралы не деуге болады? Біз атақ пен дәулетке жетіп, өз атымызды шығаруды ғана ойлаймыз ба? Жоқ, қайта біз: “Келіңдер, бірге Жаратқанды мадақтайықшы, Бірігіп Оның есімін марапаттайықшы!”— деп жырлаған Дәуіт сияқты болғымыз келеді (Заб. 33:4). Ендеше Құдайға арқа сүйеп, оның есімін өзіміздікінен көбірек ойлайық (Мат. 6:9).
7. Адамдардың қарсылық білдіргеніне қарамастан, қызметімізді жалғастыра беруге көмектесетін мықты сенімді қалай дамыта аламыз?
7 Ғолиятқа батылдықпен қарсы тұра алу үшін, Дәуітке Ехобаға толықтай арқа сүйеу қажет болды. Жас Дәуіттің сенімі берік болған. Мұндай сенімді ол қой бағып жүріп, Құдайға арқа сүйегенінің арқасында дамытты (Пат. 1-ж. 17:34—37). Бізге де әсіресе ізгі хабарға қарсылық білдіретін адамдарды кездестіретінімізге қарамастан, қызметімізді жалғастыра беру үшін мықты сенім қажет. Мұндай сенімді күнделікті өмірімізде Құдайға арқа сүйеу арқылы дамыта аламыз. Мысалы, Киелі кітапты қолданып, қоғамдық көлікте қасымызда отырған адаммен әңгіме бастап көрсек болады. Сондай-ақ үйме-үй уағыздап жүргенде, неге көшеде жолай кездесіп қалған адамдарға да уағыздамасқа? (Ел. іс. 20:20, 21).
ДӘУІТ ЕХОБАНЫ КҮТТІ
8, 9. Дәуіт Саул патшаға қатысты Ехобаның еркін есте ұстағанын қалай көрсетті?
8 Исраилдің алғашқы патшасы Саулға қатысты жағдайда Дәуіттің Ехобаға сенім артқанын көруге болады. Бойын қызғаныш кернеген Саул Дәуітті үш рет сүңгімен қабырғаға қадап тастағысы келді, бірақ ол әр жағдайда да жалтарып үлгеріп, есесін қайтармады. Ақырында, ол Саулдан қашып кетті (Пат. 1-ж. 18:7—11; 19:10). Кейін Саул бүкіл Исраилден 3000 таңдаулы жасақшыны жинап, Дәуітті шөл даладан іздеуге шықты (Пат. 1-ж. 24:2). Бір күні Саул өзі аңдамай тура Дәуіт пен оның жігіттері жасырынып отырған үңгірге кіреді. Сол кезде Дәуітке өзін өлтіргісі келген патшаның көзін құртуға мүмкіндік туды. Құдайдың еркі де Дәуітті Саулдың орнына патша етіп қою емес пе еді? (Пат. 1-ж. 16:1, 13). Жігіттері де Саулды өлтіріп тастауға итермеледі. Бірақ Дәуіт оларға жауап беріп: “Жаратқан Ие тағайындаған тақсыр иеме қарсы көтеріліп, оған қол жұмсаудан Құдай сақтасын! Бұл Жаратқан Ие тағайындаған патша ғой!”— деді (Патшалықтар 1-жазба 24:4—7 оқы). Саул әлі де Құдай тағайындаған патша болатын. Ехоба Саулды өзі алып тастамайынша, Дәуіт оның тағын тартып алғысы келмеді. Жақындап барып, шапанының бір шетін кесіп алуымен ғана Дәуіт Саулға еш жамандық жасағысы келмегенін көрсетті (Пат. 1-ж. 24:11).
9 Дәуіт Саулды соңғы рет көргенде де, Құдайдың майланғанына құрмет көрсетті. Бұл жағдай Дәуіт пен Әбішай Саулдың қос тіккен жеріне келіп, оның ұйықтап жатқанын көргенде болды. Құдай қас жауын Дәуіттің қолына түсіріп отыр деп, Әбішай оны сүңгімен жерге қадап тастауды ұсынғанда, Дәуіт оған тыйым салды (Пат. 1-ж. 26:8—11). Әрдайым Құдай басшылығын іздегендіктен, Дәуіт Әбішайдың итермелеуіне қарамастан, еш іркілмей Ехобаның еркіне сай әрекет етті.
10. Біз қандай жағдайға тап болуымыз мүмкін және өзгелердің ырқына беріліп қалмауға бізге не көмектеседі?
10 Араласатын адамдарымыз бізді де Ехобаның еркін орындауға талпындырудың орнына, олардың ақылын тыңдап әрекет етуге итермелеуі мүмкін. Кейбіреулер тіпті Әбішай сияқты бізді белгілі бір мәселеге қатысты Құдайдың еркін ескермей әрекет етуге талпындыратын шығар. Осындай кезде өзгелердің ырқына беріліп қалмау үшін, Ехобаның көзқарасын жадыңда ұстап, оның еркін орындауға бел буу керек.
11. Құдай еркін басты орынға қоюға қатысты Дәуіттен не нәрсеге үйрендің?
11 Дәуіт Ехоба Құдайға: “Өз еркіңді орындауға үйрете гөр”,— деп дұға етті (Забур 142:5, 8, 10 оқы). Өз ақылына сүйенудің не өзгелердің айтқандарына ерудің орнына, Дәуіт Құдайдан үйренуге құштар болған. Ол Құдайдың “кереметтерінің барлығын еске алып, ойланып-толғанатын, қолының істерін ақылға салатын”. Біз де Жазбаларға үңіліп, Ехобаның адамдармен қандай қарым-қатынаста болғаны туралы Киелі кітап үзінділерінің үстінен ой жүгірту арқылы Құдайдың еркін біле аламыз.
ДӘУІТ ЗАҢНЫҢ АСТАРЫНДА ЖАТҚАН ПРИНЦИПТЕРДІ КӨРЕ БІЛДІ
12, 13. Неліктен Дәуіт үш батыры әкелген суды төгіп тастады?
12 Дәуіт Заңның астарында жатқан принциптерді көре біліп, соларға сай өмір сүруге қатысты да жақсы үлгі көрсетті. Дәуіт: “Шіркін, маған біреу Бетлехемдегі қала қақпасының жанындағы құдықтан су әкеліп берсе ғой!”— деген аңсауын білдіргенде не болғанын қарастырайық. Дәуіттің үш батыры філістірлер тұрып жатқан қалаға кіріп, оған су әкеліп берді. Алайда “Дәуіт суды ішкісі келмей, оны Жаратқан Иеге тарту ретінде ұсынып төгіп тастады”. Неліктен ол бұлай етті? Дәуіт мұны былай деп түсіндірді: “Құдай мені мұны істеуден сақтай көрсін! Мен бұл суды қалай ішемін? Ол бастарын өлімге тігіп, оны алып келген мына адамдардың қаны іспетті ғой!” (Шеж. 1-ж. 11:15—19).
13 Дәуіт Заң бойынша қанды жеуге болмайтынын, қайта, оны Ехобаға ұсынылған тарту ретінде төгіп тастау керектігін білді. Ол не себепті осылай ету керектігін де түсінді. Дәуіт “тәннің өмірі оның қанында” екенін білді. Алайда оған қан емес, су әкелінген еді ғой. Олай болса, неге ол одан бас тартты? Дәуіт заңның астарында жатқан принципті көре білді. Ол үшін бұл су үш батырдың қанындай қымбат болды. Сондықтан да ол: “Құдай мені мұны істеуден сақтай көрсін!”— деді. Ол суды ішудің орнына, оны жерге төгіп тастау керек деп шешті (Леу. 17:11, сілт.; Заң. қ. 12:23, 24).
14. Дәуітке жағдайға Ехобаның көзімен қарауға не көмектесті?
14 Дәуіт Құдай заңына барынша үңілуге тырысты. “Сенің еркіңді орындауға құштармын, Уа, Құдайым, жүрегімде Сенің тағылымың”,— деп жырлады ол (Заб. 39:9). Дәуіт Құдай заңын зерттеп, ол туралы терең ойланды. Ол Ехобаның талаптарының дана екеніне сенімді болды. Нәтижесінде Дәуіт Таурат заңында жазылған нұсқауларды орындап қана қоймай, олардың рухына сай әрекет етуге ықыласты болды. Киелі кітапты зерттегенде, оқығанымыздың үстінен ой жүгіртіп, жүрегімізге тоқып отырғанымыз абзал. Сонда біз белгілі бір жағдайларда қалай Ехобаға ұнамды түрде әрекет етуге болатынын білетін боламыз.
15. Сүлеймен Құдай заңына қалай немқұрайды қарады?
15 Дәуіттің ұлы Сүлеймен Ехобаның мол батасына ие болған. Алайда уақыт өте келе ол Құдай заңына немқұрайды қарай бастады. Сүлеймен “патшаның көп әйел алуына болмайды” деген Ехобаның нұсқауын елемеді (Заң. қ. 17:17). Ол көптеген шетелдік әйелдерге үйленді. Ал “қартайған шағында әйелдері Сүлейменнің жүрегін бөтен тәңірлерге бұрып әкетті”. Бұлай етуіне не себеп болмасын, “Сүлеймен Жаратқан Иеге жеккөрінішті іс істеп, Жаратқан Иенің жолымен адал жүрген әкесі Дәуіт сияқты болмады” (Пат. 3-ж. 11:1—6). Құдай Сөзіндегі заңдар мен принциптерді ұстанғанымыз қаншалықты маңызды десеңші! Мысалы, неке құруды ойлағанда осылай еткеніміз жөн.
16. Қорынттықтарға 1-хат 7:39-дағы сөздердің рухын түсінгені неке құруды ойлап жүргендерге қалай әсер етеді?
16 Егер сенуші емес біреудің бізге көңілі кетіп жүргенін білсек, бұған қалай қараймыз? Дәуіт сияқты жағдайға Құдайдың көзімен қарауға тырысамыз ба, әлде Сүлеймен сияқты Құдайдың нұсқауларын елемей кетеміз бе? Киелі кітапта Құдайдың шынайы қызметшілерінің “тек Иеміздің ізбасарымен” неке құра алатыны айтылған (Қор. 1-х. 7:39). Егер мәсіхші некеге тұруды шешсе, ол тек шомылдыру рәсімінен өткен бауырласпен некелесуге тиіс. Сондай-ақ бұл талаптың астарында жатқан принципті түсінсек, сенуші емес адаммен некелеспек түгілі, бізге әрі қарай да қырындауына не қылымсуына жол бермейміз.
17. Порнография тұзағына түспеуге бізге не көмектеседі?
17 Дәуіттің Құдай басшылығын іздеуге қатысты көрсеткен үлгісі порнография көруге азғырылғанда, оған қарсы тұруға көмектеседі. Келесі жазба орындарын оқып, олардың астарында жатқан принциптер туралы ойлан және Ехобаның көзқарасын түсінуге тырыс (Забур 118:37; Матай 5:28, 29; Қолостықтарға 3:5 оқы). Ехобаның жоғары талаптары туралы ой жүгірткеніміз порнография тұзағына түсуден сақтайды.
БАРЛЫҒЫНА ҚҰДАЙДЫҢ КӨЗІМЕН ҚАРА
18, 19. а) Кемелсіз болғанына қарамастан, неге Дәуіт Ехобаның ықыласына ие болды? ә) Сен не істеуге бел будың?
18 Дәуіттен көп жағынан үлгі алуға болғанмен, ол бірнеше ауыр күнә жасаған (Пат. 2-ж. 11:2—4, 14, 15, 22—27; Шеж. 1-ж. 21:1, 7). Алайда әр жағдайда Дәуіт күнәсіна шын өкінген. Құдайдың алдында оның “жүрегі таза” болған (Пат. 3-ж. 9:4). Неге олай деуге болады? Өйткені Дәуіт әрдайым Ехобаның еркіне сай әрекет етуге тырысқан.
19 Біз де кемелсіздігімізге қарамастан, Ехобаның ықыласына бөлене аламыз. Осыны мақсат етіп, Киелі кітапты тыңғылықты зерттейік, оқығанымыздың үстінен ой жүгіртейік әрі жүрегімізге терең тамыр жайған білімге сай әрекет етейік. Сонда біз, былайша айтқанда, забур жыршысы сияқты кішіпейілдікпен Ехобадан: “Өз еркіңді орындауға үйрете гөр”,— деп сұрайтын боламыз.