“Яһуда жазған ізгі хабар” деген не?
ЕКІ МЫҢ АЛТЫНШЫ жылдың сәуір айында дүниежүзіндегі газет беттерінде көпшілікті дүр сілкіндірген мақала жарық көрді. Онда бір топ ғалымның жаңадан табылған “Яһуда жазған ізгі хабар” деген көне жазбалардағы мәліметті қалың жұрт алдына шығарғаны жазылды. Сондай-ақ онда ғалымдар бұл жазбалардың Иса пайғамбарды сатып кеткен елші Яһудаға қатысты көзқарасты түбегейлі өзгертетінін айтқан. Олардың пайымдауынша, Яһуда шын мәнінде Иса пайғамбарды толықтай түсінген әрі Исаның өлімге кесілуіне көмектесу арқылы оның өтінішін орындаған қаһарман болған.
Бұл мәлімет шындыққа жанаса ма? Егер солай болса, бұл жазба Яһуда Исқариот пен Иса Мәсіх сияқты тарихи тұлғаларға не ертедегі мәсіхшілерге қатысты бұған дейін жасырын болып келген жайттарды аша ма? Бұл Иса Мәсіхке және оның тәлімдеріне деген көзқарасымызға әсер ету керек пе?
“ЯҺУДА ЖАЗҒАН ІЗГІ ХАБАРДЫҢ” ТАБЫЛУЫ
“Яһуда жазған ізгі хабардың” қалай табылғаны әлі күнге дейін толық анықталмаған. Бұл жазбалар қазба жұмысы нәтижесінде табылған жоқ және археологтардың құжаттандыруынан да өтпеген. 1970 жылдардың соңында не 1980 жылдардың басында олар аяқ астынан көне заттар сатылымында пайда болған. Жазбалар 1978 жылы Мысырдағы бір үңгірдің ішінде қараусыз қалған қабірден табылғанға ұқсайды. Бұл жазба копт тілінде (көне мысыр тілінен шыққан тіл) жазылған кодексті (ежелдегі кітап түрі) құрайтын төрт жазбаның бірі болған.
Терімен қапталған бұл кодекс Мысырдың құрғақ климатында ғасырлар бойы сақталып келген еді. Алайда табылған жерінен әкетілгеннен кейін, ол тез бүліне бастады. 1983 жылы бірнеше ғалымға кодексті қарап шығуға жеткілікті уақыт берілмеді және өте жоғары құн талап етілгендіктен, оны ешқайсысы сатып алмады. Бұдан кейінгі жылдары немқұрайдылық пен дұрыс сақталмағанның салдарынан ол одан бетер бұзыла бастады. 2000 жылы кодексті көне заттарды сатумен айналысатын швейцариялық бір әйел сатып алды. Ол ақырында кодексті бір топ зерттеушіге берді. Бұл топ Ежелгі өнерді қолдайтын қор жебеушісінің және Ұлттық географиялық қоғамның қолдауымен жұмыс жасайтын. Олардың жұмысы — кодексті қалпына келтіріп, оның кейбір бөліктерін қайта құрастыру еді. Бұл топ кодекске қанша жыл болғанын анықтаумен қатар, оны аударып, мазмұнын түсіндірулері керек еді.
Радиокөміртекті мерзімді анықтау әдісі арқылы кодекстің шамамен б. з. III не IV ғасырында жазылғаны анықталды. Алайда ғалымдардың жорамалдауынша, копт тіліндегі “Яһуда жазған ізгі хабар” бұдан да ертеректе жазылған грек тіліндегі түпнұсқадан аударылған. Сонымен “Яһуда жазған ізгі хабар” алғаш рет қай кезде және қандай жағдайда жазылды?
“ЯҺУДА ЖАЗҒАН ІЗГІ ХАБАР” — ГНОСТИКАЛЫҚ ЖАЗБА
“Яһуда жазған ізгі хабар” деп аталған еңбек жайлы алғаш рет б. з. II ғасырында өмір сүрген Лиондық епископ Иринейдің жазбаларында сөз етіледі. “Күпірлерге қарсы” деген еңбегінде Ириней көптеген ағымның ілімдеріне қарсылық білдірген. Сондай ағымдардың бірі жайлы ол былай деген: “Олардың үйретуінше, сатқын болған Яһуда... ғана басқа ешкім білмеген шындықты білгендіктен, сатқындық құпиясын жүзеге асырды. Осылайша ол арқылы көктегі мен жердегінің бәрі де шатасып кетті. Олар ойдан осындай өтірік әңгіме шығарып, оны Яһуда жазған ізгі хабар деп атап қойған”.
“Бұны Яһуданың заманында өмір сүрген және онымен жақын таныс болған адам да жазбаған”
Ириней өздерін қандай да бір жасырын білімге иеміз дейтін гностик мәсіхшілердің ілімдерін әшкерелеуге қатты ықыласты болған. Гностицизм деген мәсіхшілердің “шындығы” жайлы көптеген топтардың түсініктері мен тұжырымдарын қамтиды. Гностиктердің өз жазбаларына негізделген ілімдері б. з. ІІ ғасырында кеңінен таралған.
Гностикалық жазбаларда жиі айтылатындай, Исаның әйгілі елшілері оның хабарын дұрыс түсінбеген және Иса ашқан бір құпия ілімді тек таңдаулылар ғана түсіне алғанa. Сол гностиктердің кейбірі физикалық әлемді түрме деп қарастырған. Сондықтан Еврей жазбаларындағы “жаратушы құдай” шын мәнінде олар сенген кемелді құдайларға қарсы шыққан кішірек құдай болған. Ал ерекше “білімі” бар біреу осы “құпияны” түсініп, өзінің тәнінен босап шығуға тырысады.
“Яһуда жазған ізгі хабар” да осы сенімге негізделген. Бұл жазба мынадай сөздермен басталады: “Исаның Яһуда Исқариотқа сегіз күн бойы түсіндіріп, Құтқарылу мейрамын тойлауға үш күн қалғанда айтып біткен құпия сөздері”.
Ғасырлар бойы жоғалған деп есептелген және Ириней айтып кеткен жазбалар осы кодекс болып табыла ма? Осы кодексті зерттеп, талдау жасаған алғашқы топтың бір мүшесі Марвин Мейердің айтуынша, Иринейдің “қысқаша сипаттамасы “Яһуда жазған ізгі хабар” деп аталатын копт тіліндегі қолда бар жазбаға сай келіп-ақ тұр”.
ОСЫ ІЗГІ ХАБАРДАҒЫ ЯҺУДА ЖАЙЛЫ МӘЛІМЕТКЕ ҚАТЫСТЫ ҒАЛЫМДАРДЫҢ ТАЛАС-ТАРТЫСЫ
“Яһуда жазған ізгі хабарда” шәкірттеріне дұрыс түсінік жетіспеген кездері Исаның оларға мысқылдап күлгені жазылған. Ал Яһуда 12 елшінің ішіндегі Исаның шын болмысын түсінген жалғыз адам ретінде суреттелген. Сондықтан Иса оған оңашада “патшалық жайлы құпияларды” айтқан екен.
Жазбаларды аударған алғашқы топтың еңбегіне Иринейдің сипаттамасы қатты әсер еткен. Олардың аудармаларына сай, Иса Яһуданы құпияларды түсініп, “патшалыққа қол жеткізе алатын” шәкірт деп есептеген. Сондай-ақ онда елшілер Яһуданың орнына басқа шәкірт тапқанымен, Яһуда Исаға тәнінен құтылуға көмектескендіктен, “олардан жоғары” тұратын “он үшінші рухқа” айналатыны жазылған.
Кітаптары көптеп сатылатын Барт Эрман мен Элайн Пейджелс есімді ертедегі мәсіхшілік пен гностицизмнің зерттеушілері “Яһуда жазған ізгі хабарға” қатысты өздерінің талдаулары мен түсініктемелерін басып шығарды. Бұл басылым осы көне жазбаларды қайта қалпына келтірген алғашқы топтың аудармасына ұқсас болды. Алайда көп кешікпей Эйпрел Декоуник пен Бирьер Пирсон сияқты басқа да ғалымдар бұған алаңдаушылық білдірді. Олардың айтуынша, Ұлттық географиялық қоғам бұл көне жазбаларға бұқаралық ақпарат құралдарының назарын аудару үшін, оны асығыс басып шығарды. Бұған қоса, жазбаларды талдау жұмысы да әдеттегі талаптарға сай жүргізілмеген.
Бұл жазбаларды зерттеген ғалымдардың ешқайсысы да ондағы мәліметті тарихи тұрғыдан тура деп айта алмайды
Декоуник пен Пирсон өз беттерінше зерттеу жүргізіп, алғашқы ғалымдар бірнеше үзінділерден тұратын бұл кодекстің негізгі бөліктерін дұрыс аудармаған деп тұжырымдады. Декоуник қайта қалпына келтірген мәтінге сәйкес, Иса Яһуданы “он үшінші рух” емес, “он үшінші жын” деп атағанb. Сондай-ақ Иса оның “патшалыққа” кірмейтінін анық айтқан. Онда Яһуда басқа шәкірттерден “жоғары” тұрмақ түгілі, Исаны өлтіргені үшін қатаң жазаланатыны жазылған. Декоуниктің ойынша, “Яһуда жазған ізгі хабарды” жазған адамдар барлық елшілерді келеке-мазақ еткен. Декоуник пен Пирсонның жасаған соңғы қорытындысына сәйкес, “Яһуда жазған ізгі хабардағы” Яһуда ешқандай да қаһарман емес.
“ЯҺУДА ЖАЗҒАН ІЗГІ ХАБАРДАН” НЕ БІЛЕМІЗ?
Бұл жазбаларды зерттеген ғалымдар осы ізгі хабардағы Яһуданы қаһарман не жын деп қабылдасын, олардың ешқайсысы да ондағы мәліметті тарихи тұрғыдан тура деп айта алмайды. Зерттеуші Барт Эрман былай дейді: “Бұл ізгі хабарды Яһуда жазбаған, әрі онда ол жазды делінбеген де... Бұны Яһуданың заманында өмір сүрген және онымен жақын таныс болған адам да жазбаған... Сол себептен де бұл жазба Иса өмір сүрген кезде шын мәнінде не болғанына қатысты қосымша мәлімет беретін кітап емес”.
“Яһуда жазған ізгі хабар” — б. з. II ғасырында түпнұсқасы грек тілінде жазылған гностикалық жазба. Бұл жазба Ириней айтып кеткен жазба екеніне ғалымдар әлі күнге дейін сенімді емес. Бірақ “Яһуда жазған ізгі хабар” кезінде жалған мәсіхшілер өз ілімдерін ойлап тауып, түрлі ағымдарға бөлініп кеткенін дәлелдейді. Шын мәнінде “Яһуда жазған ізгі хабар” Киелі кітапта жазылғандарды жоққа шығара алмайды. Қайта, елші Пауылдың Киелі кітапта жазылған: “Мен кеткен соң,.. шәкірттерді өздерімен әкету үшін өз іштеріңнен де жалған ілімдерді үйрететіндер шықпақ”,— деген ескертуін растайды (Елшілердің істері 20:29, 30).
a Осындай жазбалар жиі Исаның шынайы ілімдерін жақсырақ түсінген деп есептелетін адамдардың құрметіне аталған. Бұларға “Тома жазған ізгі хабар” мен “Мағдалалық Мәриям жазған ізгі хабар” жатады. Жалпы алғанда, мұндай көне жазбалардың 30 шақтысы бар.
b Осы жазбаларда Яһуда басқа шәкірттерге қарағанда Исаның кім екенін жақсырақ түсінген жын болып табылады деген көзқарасты қабылдаған ғалымдар мұның Киелі кітаптағы ізгі хабарларда Исаның кім екенін жындар анық айтқан жағдайларға сәйкес екеніне назар аударады (Марқа 3:11; 5:7).