Отауыңның шаңырағы биік, босағасы берік болсын
“Үйді Ехоба салмаса, Құрылысшылардың ауыр еңбегі бекер” (ЗӘБ. 127:1а).
1—3. Бүгінде ерлі-зайыптылар қандай қиындықтарға кезігуде? (Мақаланың басындағы суретті қара.)
ОТАУ құрғанына 38 жыл болған бір бақытты отбасының отағасы былай дейді: “Шын көңілден күш салып, некеңнің ұйыған айрандай болғанын қалайтыныңды ісіңмен көрсетсең, Ехобаның батасын аласың”. Иә, ерлі-зайыптылардың талай қуанышты сәттерді бастан өткізуі де, қиын шақтарда бір-біріне демеу бола алуы да өз қолдарында (Нақ. с. 18:22).
2 Алайда некеге тұрғандар әдетте қандай да бір “тән азабын шегеді” (Қор. 1-х. 7:28 сілт.). Неге? Себебі күнделікті өмірдің тауқыметі некедегі қарым-қатынасқа жайсыз әсер етіп жатады. Қаймағы бұзылмаған отбасының өзінде тілдің кесірінен сезім жараланады, түсініспеушілік туындайды, қарым-қатынас бұзылады (Жақ. 3:2, 5, 8). Ал біраз ерлі-зайыптылар бала-шағасын асырау үшін бел жазбай жұмыс істейді. Содан әбден шаршап-шалдығып, сілікпесі шыққан екеуіне некелерін нығайтуға уақыт бөлу қиын болып жатады. Қаржы тапшылығы, денсаулықтың нашарлауы сияқты басқа қиындықтар да араларындағы махаббат пен сыйластыққа сызат түсіреді. Бұған қоса, азғындық, өрескелдік, қаскөйлік, жанжалқойлық, қызғаныш, ашу-ызаға берілу, талас-тартыс сияқты “тәннің істерінен” тіпті берік болып көрінген некенің іргесі шайқалуы мүмкін (Ғал. 5:19—21).
3 Мұнымен қоймай, отбасын улап жатқан “соңғы күндерге” тән өзімшілдік пен Құдайға деген немкеттілік жағдайды ушықтыра түсуде (Тім. 2-х. 3:1—4). Ал некені ойран етуді көксеп жүрген зымиян жаудың соққылары жығылған үстіне жұдырық болып тиюде. Осы орайда елші Петір: “Жауларың Ібіліс ақырған арыстандай айналаны шарлап, кімді жалмасам деп жүр”,— деп ескерткен (Пет. 1-х. 5:8; Аян 12:12).
4. Отауымыздың шаңырағын биік, босағасын берік ету мүмкін бе?
4 Жапонияда тұратын бір отағасы былай дейді: “Мен қаражаттан қатты қысылып жүрдім. Әйеліммен ашық сөйлеспегендіктен, ол да қатты қиналып жүрді. Оның үстіне, ол ауыр науқастан енді ғана бас көтерген еді. Жүйкені жұқартатын осындай жағдайлардың кесірінен кейде сөзге келіп қалатынбыз”. Иә, некеде айналып өту мүмкін емес қиындықтар болып тұрады. Бірақ бұл оларды шешу мүмкін емес дегенді білдірмейді. Ехобаның көмегімен ерлі-зайыптылар ынтымақ пен бірлікте бола алады (Зәбүр 127:1 оқы). Ендеше, тігілген отаудың шаңырағын биік, босағасын берік етуге көмектесетін бес жайтты қарастырайық. Сосын қалай оларды сүйіспеншілікпен нығайтуға болатынын көреміз.
НЕКЕЛЕРІҢДЕ ЕХОБАҒА ОРЫН БОЛСЫН
5, 6. Некелерінен Ехобаға орын беру үшін ерлі-зайыптылар не істеу керек?
5 Некенің алтын қазығы — Ехобаға деген адалдық пен мойынсұнушылық (Уағыздаушы 4:12 оқы). Ехобаның сүйіспеншілікпен берген нұсқауын орындайтын ерлі-зайыптылар некелерінен оған орын береді. Құдайдың ежелдегі халқы жайлы Киелі кітапта былай делінген: “Егер оңға не солға ауытқып кетсеңдер, ту сырттарыңнан “Жол — мынау, осы жолмен жүріңдер!” деген дауысты естисіңдер” (Ишая 30:20, 21). Бүгінде Ехобаның “даусын есту” үшін, ерлі-зайыптылар Құдай Сөзін бірге оқулары керек (Зәб. 1:1—3). Қызықты әрі рухани сергітетін отбасылық ғибадат кештері де некенің нығая түсуіне ықпал етеді. Ал күнделікті бірге дұға еткендері Шайтанның дүниесінің соққыларына төтеп беруге көмектеседі.
6 Германияда тұратын Герхард былай дейді: “Басымызға түскен қиындықтар мен түсініспеушілік қуаныштан айыра бастаса, бізге Құдай Сөзіндегі кеңес шыдамды да кешірімді болуға көмектеседі. Осы екі қасиет болмаса, некенің бақытты болуы екіталай”. Ерлі-зайыптылар рухани істермен бірге айналысып, некелерінен Құдайға орын беру үшін аянбай күш салса, Құдайға да, бір-біріне де барынша жақындай түседі.
ОТАҒАЛАРЫ, СҮЙІСПЕНШІЛІКПЕН БАСШЫЛЫҚ ЕТІҢДЕР
7. Отағалары қалай басшылық етулері керек?
7 Отағасының қалай басшылық ететіні некенің берік те бақытты болуына зор ықпал етеді. Киелі кітапта: “Әрбір еркектің басы — Мәсіх, әйелдің басы — еркек”,— делінген (Қор. 1-х. 11:3). Бұл тармақтың мәнмәтінінен отағасының қалай басшылық ету керектігі көрінеді. Мәсіх еркекке қалай басшылық етсе, ол да әйеліне солай басшылық ету керек. Иса ешқашан өзгеге өктемдік жасамаған, дөрекі де болмаған. Қайта, әрқашан сүйіспеншілікке толы, мейірімді, байсалды, жұмсақ әрі кішіпейіл болған (Мат. 11:28—30).
8. Қалай отағасы әйелінің сүйіспеншілігі мен құрметіне ие бола алады?
8 Исаға еліктейтін отағасы әйелінен өзін сыйлауды талап ете бермейді. Оның орнына, “әйеліне алған білімдеріне сай [сезімдерін ескеріп; түсінікпен] қарап, бірге өмір кешеді” (Пет. 1-х. 3:7, сілт.). Оны әлдеқайда нәзік құты — әйел заты — ретінде құрметтейді. Жұрт алдында да, жеке болғандарында да сөзімен және ісімен жарын бағалайтынын көрсетеді (Нақ. с. 31:28). Осылай сүйіспеншілікпен басшылық етудің арқасында әйелінің махаббаты мен құрметіне ие болады. Ал Ехоба мұндай отбасына батасын береді.
ӘЙЕЛДЕР, КІШІПЕЙІЛДІКПЕН БАҒЫНЫҢДАР
9. Қалай әйел бойсұнғыш екенін көрсете алады?
9 Ехобаға деген риясыз сүйіспеншілік бәрімізге де оның құдіретті қолының астына бойсұнуға көмектеседі (Пет. 1-х. 5:6). Әйел үшін Ехобаның билігін құрметтейтінін көрсетудің маңызды бір жолы — ымырашылдығы мен бойсұнғыштығы. Киелі кітапта: “Әйелдер, Иемізбен байланыстағы сендер күйеулеріңе бағыныңдар”,— делінген (Қол. 3:18). Рас, күйеуінің қабылдаған шешімінің бәрі бірдей әйеліне ұнай бермеуі мүмкін. Сөйтсе де оның шешімі Құдай заңына қайшы келмесе, бойсұнғыш әйел оны қолдайды (Пет. 1-х. 3:1).
10. Неге әйелдің бойсұнғыш болғаны маңызды?
10 Әйелдің отбасындағы орны маңызды. Ол — күйеуінің “өмірлік серігі” (Малх. 2:14). Отбасында қандай да бір шешім қабылдарда, ол құрметпен өз ойы мен сезімдерін айтады. Сөйтсе де бойсұнғыш болу керектігін ұмытпайды. Ал ақылды отағасы жарын зер салып тыңдайды (Нақ. с. 31:10—31). Әйелдің бойсұнғыштығы отбасында қуаныш пен ынтымақ-бірлік болуына ықпал етеді. Бұған қоса, Құдайға ұнамды екендерін білгендері екеуіне де қанағат сыйлайды (Ефес. 5:22).
БІР-БІРІҢДІ КЕҢПЕЙІЛМЕН КЕШІРІҢДЕР
11. Кешірімшіл болу неге маңызды?
11 Некенің іргесін берік ететін маңызды жайттардың бірі — кешіре білу. “Өзара төзімді болып, бір-бірін кеңпейілмен кешіретін” ерлі-зайыптылардың некесі берік болады (Қол. 3:13). Ал бұрынғы қателіктерін жіпке тізіп, қайта-қайта бетіне баса беретіндер арақатынастарын бұзады. Қабырғасына сызат түссе, үйдің іргесі шайқалады, сол сияқты сезімнің жаралануы мен өкпе-реніш көңілге сызат түсіреді. Осының кесірінен кешіру қиындай береді. Ал Ехоба өздерін кешіргендей, бір-бірін кешіре білетін ерлі-зайыптылардың некесі берік болады (Миха 7:18, 19).
12. Қалай “сүйіспеншілік көптеген күнәні жабады”?
12 Шынайы сүйіспеншілік “кек сақтамайды”, қайта, “көптеген күнәні жабады” (Қор. 1-х. 13:4, 5; Петірдің 1-хаты 4:8 оқы). Басқаша айтқанда, сүйіспеншілік қанша рет кешіру керектігіне шек қоймайды. Елші Петір өзгені қанша рет кешіруге тиіс екенін сұрағанда, Иса: “Жетпіс жеті ретке дейін”,— деген (Мат. 18:21, 22). Мұнымен ол мәсіхшінің есеп жүргізбей, үнемі кешіруге тиіс екенін айтқысы келген (Нақ. с. 10:12)a.
13. Кешірімшіл болуды қалай үйренуге болады?
13 Аннетт былай дейді: “Ерлі-зайыптылардың кешіруге ықыласы жоқ болса, көңілге өкпе-реніш пен күмән ұялайды. Ал бұл — неке үшін нағыз у. Кешіре білу некені нығайтады, жұбайларды бір-біріне жақындата түседі”. Кешірімшілдікке үйренгіміз келсе, біз ризашыл бола білуіміз керек. Ендеше, зайыбыңды шын жүректен мақтауды дағдыға айналдыр (Қол. 3:15). Кешіре білетіндердің алар сыйы — жантыныштығы, бірлік және Құдайдың батасы (Рим. 14:19).
“АЛТЫН ЕРЕЖЕГЕ” САЙ ӨМІР СҮРІҢДЕР
14, 15. “Алтын ереже” деген не және оның некеде қандай пайдасы бар?
14 Сен өзгелердің қадіріңді біліп, сыйлағанын қалайтының сөзсіз. Ойың мен сезімдеріңді ескерсе, бұған риза боласың. Бірақ біреудің: “Маған істегеніңді өз басыңа келтіремін!”— дегенін естіген кезің болған ба? Кейде мұндай сөздердің себебін түсінуге болатын шығар. Алайда Киелі кітапта мынадай сөздер бар: “Маған не істесе, мен де оған соны істеймін,— деуші болма” (Нақ. с. 24:29). Иса да екі адамның арасында болған мәселені жақсылықпен шешуге шақырған. Оның “алтын ереже” деп аталып кеткен мына сөздері кеңінен танымал: “Басқалар өздеріңе қалай істесін десеңдер, сендер де оларға солай істеңдер” (Лұқа 6:31). Басқаша айтқанда, Иса өзгенің өздеріңе не істегенін қаласаңдар, оған соны істеңдер, “таспен атқанды аспен атыңдар” деген. Демек, зайыбымыздың қандай болғанын қаласақ, өзіміз сондай болуымыз керек.
15 Ерлі-зайыптылар бір-бірінің сезімдерін ескеретін болса, арақатынастары нығая түседі. Оңтүстік Африкада тұратын бір отағасы: “Біз “алтын ережеге” сай өмір сүруге тырысамыз. Рас, кейде бір-бірімізге көңіліміз толмайды. Бірақ қолымыздан келгенше, бір-бірімізден не күтсек, өзіміз солай әрекет етуге, яғни бір-бірімізді қадірлеп, сыйлауға тырысамыз”,— дейді.
16. Ерлі-зайыптылар неден аулақ болулары керек?
16 Өзгелердің алдында, тіпті әзілдеп болса да, жарыңның әлсіздіктерін ашпа не өзің жақтырмайтын ерекшеліктерін қайта-қайта айта берме. Есіңде болсын, неке — кімнің күші басым, кімнің дауысы қаттырақ шығады не кімнің сөзі жанға қаттырақ тиетінін анықтайтын сайыс емес. Әрине, бәріміз де сүрінеміз, өзгенің көңілін қалдырамыз. Бірақ ерлі-зайыптылардың бір-бірін шымшып не кемсітіп сөйлеуін, я болмаса одан да сорақысы — итеруін не ұруын ешқандай себеппен ақтауға болмайды (Нақыл сөздер 17:27; 31:26 оқы).
17. Қалай отағалары “алтын ережеге” сай өмір сүре алады?
17 Кей елдерде сотқар не әйелін ұратын адам “нағыз еркек” деп есептелетін шығар, бірақ Киелі кітапта былай делінген: “Білектіден гөрі ашуға баяу жан артық, Қаланы жаулап алушыдан гөрі ұстамды адам артық” (Нақ. с. 16:32). Тарихтағы ең ұлы адам Иса Мәсіхке еліктеп, ұстамды болу үшін адамның рухы күшті болу керек. Әйеліне қатты сөз айтатын не әлімжеттік жасайтын адам — әлсіз адам. Ол Ехобамен қарым-қатынасын бұзып алады. Күші мен батылдығы парапар болған зәбүр жыршысы Дәуіт былай деген: “Ашуланғанда, күнә жасамаңдар. Төсекте жатқанда, ойланып-толғаныңдар да, үндемеңдер” (Зәб. 4:4).
“СҮЙІСПЕНШІЛІККЕ БӨЛЕНІҢДЕР”
18. Сүйіспеншілік дамыту неге маңызды?
18 Қорынттықтарға 1-хат 13:4—7 оқы. Некеде сүйіспеншіліктің орны ерекше. Киелі кітапта: “Жанашырлық, мейірімділік, кішіпейілділік, жұмсақтық, шыдамдылық сияқты қасиеттерге бөленіңдер. Бұған қоса, сүйіспеншілікке бөленіңдер, өйткені ол адамдарды толықтай біріктіреді”,— делінген (Қол. 3:12, 14). Демек, ерлі-зайыптылар Мәсіхке еліктеп, бір-біріне риясыз сүйіспеншілік танытса, босағалары берік болады. Мұндай некені ерлі-зайыптылардың кемшіліктері, ауыр науқас, қаржы тапшылығы, жекжат-жұрағат арасындағы мәселелер шайқалта алмайды.
19, 20. а) Қалай ерлі-зайыптылар отауларының шаңырағын биік, босағасын берік ете алады? ә) Келесі мақалада не талқыланады?
19 Рас, отауымыздың шаңырағы биік болу үшін сүйіспеншілік пен адалдық дамытуға барынша күш салуымыз керек. Некеде қиындықтар туындағанда, ерлі-зайыптылар отауларын ойран етуді емес, оны жай ғана сақтап қалуды да емес, нығайтуды ойлайды. Ехобаны және бір-бірін жақсы көретін мұндай ерлі-зайыптылар туындаған қиыншылықтарды шешуге тырысады, себебі “сүйіспеншілік еш сарқылмайды” (Қор. 1-х. 13:8; Мат. 19:5, 6; Евр. 13:4).
20 Өзіміз тұрып жатқан “соңғы күндері” шаңырағы биік, босағасы берік отау тігу оңай емес (Тім. 2-х. 3:1). Бірақ Ехобаның көмегімен бұл қолымыздан келеді. Сөйтсе де ерлі-зайыптыларға некесін осы дүниенің құлдырап бара жатқан өнегесіздігінен қорғау керек. Келесі мақалада бұл үшін олардың қандай рухани бекініс тұрғызуына болатыны талқыланады.
a Ерлі-зайыптылар кешірімді болуға әрі некедегі қиындықтарды шешуге тырысқанмен, Киелі кітапта кінәсіз зайыбының опасыздық жасаған жұбайын кешіруге не онымен ажырасуға құқы бар екені айтылған (Мат. 19:9). “Құдайдың сүйіспеншілігі” кітабының 219—221 беттеріндегі “Ажырасу мен бөлек тұруға қатысты Киелі кітаптың көзқарасы” деген тақырыпты қара.