Ал сенің туыстарың ше?
1 Иса уағыздау қызметін атқарып жүрген кезде, “інілері Оған сенбейтін” (Жох. 7:5). Тіпті туыстары оны есінен ауысқан деп ойлаған (Мар. 3:21). Алайда Иса оларға куәлік беруін доғармады. Уақыт өте келе інілері шындықты қабылдады (Ел. іс. 1:14). Бауыры Жақып тіпті мәсіхшілер қауымының тірегі болды (Ғал. 1:18, 19; 2:9). Сен де туыстарыңның шындықты қабылдағанын қаласаң, оларға Патшалық туралы ізгі хабарды жеткізуге барынша тырыса бер.
2 Жігер бер, ауыртпалық салма. Иса уағыздағанда, тыңдаушыларының еңселерің баспаған, қайта, жандарын рақатқа бөлеген (Мат. 11:28, 29). Ол түсінуге қиын нәрселерді айтып, оларға ауыртпалық салмаған. Сен де туыстарыңды рухани сергіткің келсе, шындық суын оларға шелектеп емес, кеселеп бер. Бір аралаушы бақылаушы былай дейді: “Туыстарына аз-аздан куәлік беру арқылы қызығушылықтарын оятып жүрген бауырластар жақсы нәтижеге жетуде”. Осылай куәлік берілсе, тіпті қарсы болғандардың өзі сұрақтар қоя бастауы және шындық суына шөліркей бастауы мүмкін (Пет. 1-х. 2:2. Қор. 1-х. 3:1, 2 салыстыр).
3 Көп мәсіхші сенбейтін жұбайларына қызықты болады-ау деген мақаласы бар әдебиеттерді ашық қалдырудың арқасында оларға жақсы куәлік бере алған. Осы әдісті қолданумен қатар, бір әйел бауырлас балаларымен зерттеу сабағын жүргізгенде, күйеуіне де естіртіп сөйлеп, оған пайдалы болады деген жайттарды түсіндіріп отырған. Кейде ол күйеуінен: “Мен бүгін зерттеу кезінде пәлен-түгенді білдім. Сен бұл туралы не ойлайсың?”— деп сұрайтын болған. Нәтижесінде, күйеуі шындықты қабылдады.
4 Құрметпен қара, шыдамсыз болма. Бір жариялаушы айтқандай, “туыстарымыздың да өзіндік көзқарасқа және пікірге ие болу құқығы бар”. Сондықтан олар өз ойларын айтқанда немесе өздеріне уағыз айтпауымызды өтінгенде, бұған құрметпен қарауымыз керек (Екк. 3:7; Пет. 1-х. 3:15). Оларға шыдамдылық пен сүйіспеншілік танытсақ және жақсы тыңдаушы болсақ, ептеп куәлік беруге болатын қолайлы сәтті аңғара аламыз. Мұндай шыдамдылық жақсы нәтиже беруі мүмкін. Бір мәсіхші күйеу сенбейтін әйелінің қарсылығына 20 жыл төзген. Ақыр соңында әйелі өзгере бастағанда, ол: “Мен Ехобаға шыдамды болуға көмектескені үшін дән ризамын, себебі мұның жемісін көріп отырмын: әйелім өмір жолына түсті!”— деді.
5 Ал сенің туыстарың ше? Мәсіхшілерге лайық жақсы жүріс-тұрысың және туыстарың үшін дұға етуіңнің арқасында олар шындық жолына түсуі мүмкін (Пет. 1-х. 3:1, 2).