Ризашылықтарыңды көрсетіңдер
1 Бірде Иса денесін алапес басқан он адамды сауықтырғанда, ризашылығын білдіру үшін олардың біреуі ғана қайтып оралады. Иса сонда: “Айыққандар он кісі емес пе еді, тоғызы қайда?”— деп сұрайды (Лұқа 17:11—19). Игі нәрселер беріп, мүлтіксіз жарылқап жатқаны үшін жомарт әрі сүйіспеншілігі мол Әкеміз Ехобаға риза болғанымыз және мұны іс әрекетімізбен көрсете білгеніміз қандай маңызды! (Қол. 3:15; Жақ. 1:17).
2 Қандай нәрселер үшін риза болуымыз керек? Біз Ехобаға адамзатқа ең үлкен сый ретінде төлем құрбандығын бергені үшін және бізді өзіне жақындатып тартқаны үшін ризамыз (Жох. 3:16; 6:44). Сондай-ақ мәсіхшілер арасындағы бірлік үшін де риза болуымыз керек (Заб. 132:1—3). Сенің Ехобаның басқа да көптеген сыйларына риза екенің шүбәсіз. Біз ешқашан да Ехобаның жасаған жақсылықтарын ұмытып кеткен исраилдіктердің кебін кигіміз келмес еді (Заб. 105:12, 13).
3 Ризашылығыңды көрсете біл. Алапес басқан он кісінің барлығы да сауыққандары үшін Исаға риза болған шығар, алайда өзінің ризашылығын олардың біреуі ғана көрсете білген (Лұқа 17:15). Ал біз ризашылығымызды қызметке құлшына атсалысуымызбен көрсетеміз. Ехобаның беріп жатқан барлық игі нәрселеріне шынымен де риза болсақ, Әкеміздің мол сүйіспеншілігі мен жомарттығына еліктей отырып, ол туралы басқаларға айтатын боламыз (Лұқа 6:45). Ал Ехобаның ‘бізге арнап істеген кереметтері мен таңғажайыптары’ жайлы өзгелерге айтқан сайын, оған деген сүйіспеншілігіміз бен ризашылығымыз арта түседі (Заб. 39:6).
4 Өзгелерді ризашылықтарын көрсетуге талпындыр. Біз балаларымыз бен Киелі кітап зерттеп жүрген адамдардың ризашылықтарын арттырудың мүмкіндіктерін іздеуіміз керек. Мысалы, балаларымызбен бірге Ехобаның жаратылыстарын тамашалағанда, олардың ризашылықтарын арттырудың көптеген мүмкіндіктері туады (Рим. 1:20). Ал зерттеу сабағын жүргізгенде, қызығушыдан: “Осы мәліметтен Ехобаның болмысы жайлы не білеміз?”— деп сұрауымызға болады. Оның ризашылығы артқан сайын, Құдайға деген сүйіспеншілігі мен оған ұнамды болуға деген шешімі де нығая түседі.
5 Осы соңғы күндері көп адам алғысты білмейтін болып кеткен (Тім. 2-х. 3:1, 2). Адал қызметшілерінің белсенді қызметтерімен ризашылықтарын көрсетіп жүргендері Ехобаны қуанышқа бөлейтіні сөзсіз! (Жақ. 1:22—25).