Пайғамбарлардан үлгі алыңдар. Миха
1. Миханы қандай сұрақ мазалаған болуы мүмкін және неліктен оның уағызы бекер болған жоқ?
1 “Осы зұлым дүниенің ақыры қашан келеді?” Ехобаның Исраил мен Яһуда патшалықтарына қарсы шығарған үкімдерін жариялаған Миха пайғамбарды да осы сияқты сұрақ мазалаған болар. Десе де бұл пайғамбардың уағызы бекер болмады. Ехобаның Самарияға қарсы айтқан сөздері б. з. б. 740 жылы Миханың заманында орындалды (Миха 1:6, 7). Кейін б. з. б. 607 жылы Иерусалим күйреді (Миха 3:12). Бүгінде Ехобаның үкімінің жүзеге асуын күтіп жүргендіктен, біз Миха пайғамбарға қалай еліктей аламыз?
2. Ехобаның күнін күте жүріп, біз қалай және неге шыдамдылық танытуымыз керек?
2 Шыдамдылық таныт. Миха пайғамбар былай деген: “Ал мен Жаратқан Иеге үмітпен қараймын. Өзімді құтқаратын Құдайдың көмек көрсетуін күтемін” (Миха 7:7). Әрине, Миха жойылуды күтіп, қол қусырып отырмады. Ол Ехобаның пайғамбары ретінде міндеттерін атқара берді. Біз де Ехобаның күнін күте жүріп, “жүріс-тұрысымызды қасиетті, ал іс-әрекеттерімізді Құдайға шын берілген адамдарға тән” етуге барынша тырысуымыз керек (Пет. 2-х. 3:11, 12). Ехобаның танытып отырған шыдамдылығы адамдарға күнәсіна өкінуге мүмкіндік береді (Пет. 2-х. 3:9). Сол себепті біз шыдамдылық танытқан пайғамбарлардан үлгі алуға қатысты Киелі кітаптағы кеңеске ден қоюымыз қажет (Жақ. 5:10).
3. Неге біз Ехобадан киелі рухын сұрап дұға етуіміз керек?
3 Ехобаның күш беретініне сенімді бол. Миханың тапсырмасы қиын еді, бірақ ол Ехобаның өзі сол тапсырманы орындауға күш-қуат беретініне сенімді болды (Миха 3:8). Киелі кітап бізді Ехобадан күш сұрауға талпындырады. Өйткені Ехоба шаршап-шалдыққан қызметшілеріне жомарттықпен күш береді. Соның арқасында олар өздеріне тапсырылған теократиялық міндеттерді атқара алады (Заб. 83:6, 8; Ишая 40:28—31). Сен мұны өз тәжірибеңде көргенсің бе? Ехобадан киелі рухы арқылы көмектесуін сұрап, жүйелі түрде дұға етесің бе? (Лұқа 11:13).
4. Миха пайғамбар бізге қандай керемет үлгі қалдырды?
4 Миха пайғамбар өмір бойы Құдайдың еркін орындауды басты орынға қойған. Ол айналасындағы кең етек алған өнегесіздікке қарамастан адал болып қалуға бел буған. Сол сияқты біздің де мінсіздігіміз күн сайын сыналуда. Сондықтан “біз мәңгі бақи өз Құдайымыз Ехобаның есіміне сай жүріп-тұруға” деген шешімімізге берік болуымыз қажет (Миха 4:5 ЖД).