Пайғамбарлардан үлгі алыңдар. Абақұқ
1. Неге бізге Абақұқ пайғамбардың сезімі таныс?
1 Дүниеде зұлымдық белең алған сайын, біз өзімізді Абақұқ пайғамбар сияқты сезінетін шығармыз. Ол Ехобадан: “Неге мені зұлымдықты көруге мәжбүр етесің? Неге қысымшылыққа шыдап отырсың?”— деп сұраған (Абқ. 1:3; Тім. 2-х. 3:1, 13). Абақұқтың айтқан хабары мен оның адал үлгісі жайлы ой жүгірткеніміз бізге Ехобаның сот күнін күту үшін күш-қуат береді (Пет. 2-х. 3:7).
2. Адалдығымыздың арқасында өмір сүріп жатқанымызды қалай көрсете аламыз?
2 Адалдығыңның арқасында өмір сүр. Абақұқ айналасындағы жаман жағдайға түңілместен, барынша рухани сергек әрі белсенді болып қала берді (Абқ. 2:1). Ехоба оны өз сөзінің белгіленген уақытта орындалатынына және “әділ адам адалдығының арқасында өмір сүретініне” сендірді (Абқ. 2:2—4). Соңғы күндердің соңғы уақытында өмір сүріп жатқан мәсіхшілер үшін бұл нені білдіреді? Осы дүниенің соңы қашан келетініне қатты мән беруден гөрі, оның міндетті түрде келетініне сенімді болғанымыз әлдеқайда маңызды. Сенім бізді сергек жүріп, қызметті басты орынға қоюға талпындырады (Евр. 10:38, 39).
3. Неге біз Ехобаға қуанышпен қызмет етуіміз керек?
3 Ехобаға шаттан. Магог жеріндегі Гог Ехобаның халқына шабуыл жасағанда, біздің сеніміміз сыналады (Езек. 38:2, 10—12). Тіпті жеңіске жеткен күнде де, әдетте қақтығыс қиындықсыз болмайды. Азық-түлік тапшылығы болуы мүмкін. Дүние-мүліктен айырылып, күнкөріс те қиындайтын шығар. Осындай қиыншылықтарға кезіккенде, қалай әрекет етеміз? Абақұқты алда қиындықтар күтіп тұрды, сондықтан ол әрі қарай да Ехобаға қуанышпен қызмет етуге бел буды (Абқ. 3:16—19). “Ехоба сыйлайтын қуаныш” бізге де алдағы сынақтарға төтеп беруге көмектеседі (Нех. 8:10; Евр. 12:2).
4. Қазір және болашақта қандай қуанышқа кенеле аламыз?
4 Ехобаның арқасында сот күнінен аман өткендер оның өмірге жетелейтін жолдарын үйренуді жалғастыра береді (Абқ. 2:14). Қайта тірілгендер де Ехоба жайлы білім алатын болады. Сондықтан қазірдің өзінде Ехоба мен оның керемет істері жайлы айтудың әрбір мүмкіндігін қалт жібермейік! (Зәб. 34:1; 71:17).