29-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ
121-ӘН Ұстамдылық танытайық
Азғырылмау үшін әрдайым сақ жүріңіз
“Азғырылмау үшін сергек болып, ұдайы дұға етіңдер” (МАТ. 26:41).
НЕГІЗГІ ОЙ
Күнәнің өзінен және оған апаратын қадамдардан барынша аулақ болуымыз керек.
1, 2. а) Иса шәкірттеріне қандай ескерту айтты? ә) Шәкірттері Исаны не себепті тастап кетті? (Суреттерді де қараңыз.)
“РУХ дайын, бірақ тән әлсіз”a (Мат. 26:41ә). Исаның бұл сөздерінен ол біздің кемелсіз күйімізді жақсы түсінетінін көреміз. Сондай-ақ бұл сөздер бізге ескерту де болып табылады: біз өз-өзімізге тым сенімді болып кетпеуіміз керек. Иса осы сөздерді айтудан сәл-ақ бұрын шәкірттері Иелерін ешқашан тастамайтынын сенімділікпен айтқан еді (Мат. 26:35). Әрине, олар шын жүректен дұрыс нәрсені істеуді қалады. Бірақ қысым кезінде әлсіздікке тез-ақ бой алдырып қоюы мүмкін екенін ойлаған жоқ. Сондықтан да Иса оларды: “Азғырылмау үшін сергек болып, ұдайы дұға етіңдер”,— деп ескертті (Мат. 26:41а).
2 Өкінішке қарай, шәкірттер сергек бола алмай қалды. Исаны тұтқындағанда, шәкірттері Иелерін “ешқашан тастамаймыз” деген сөздерінде тұрған жоқ. Сергек болмағанның кесірінен олар қорқынышқа бой алдырып, Исаны тастап кетті (Мат. 26:56).
3. а) Ехобаға адал болып қалу үшін өзімізге тым сенімді болмау неге маңызды? ә) Бұл мақалада не талқылаймыз?
3 Біз өз-өзімізге тым сенімді болып кетпеуіміз керек. Әрине, әрқайсысымыз Ехобаға ұнамайтын нәрсені істемеуге нық бекінгенбіз. Десе де кемелсіз екенімізді және күнәға біртабан жақын екенімізді ұмытпауымыз қажет (Рим. 5:12; 7:21—23). Біз ойламаған жерден азғыруға кезігуіміз мүмкін. Сондықтан Ехобаға және оның Ұлына адал болып қалу үшін, Исаның “күнә жасауға азғырылмау үшін сергек болыңдар” деген кеңесіне құлақ асуымыз керек. Осы мақала Исаның кеңесіне құлақ асуға көмек болмақ. Біз алдымен, әсіресе қай тұстарымызға сақ болуымыз керек екенін қарастырамыз. Кейін, азғырулардан өзімізді қалай қорғай алатынымызды көреміз. Ал соңында, сақ болып жүре беру үшін не істеуіміз керек екенін талқылаймыз.
САҚ БОЛАТЫН ТҰСТАРЫМЫЗ
4, 5. Неге тіпті кішігірім болып көрінген күнәлардан да аулақ болуымыз керек?
4 Тіпті кішігірім болып көрінген күнәнің өзі Ехобамен қарым-қатынасымызды бұзады. Сондай-ақ ол ауыр күнәларға да апаруы мүмкін.
5 Барлығымыз да күнә жасауға азғырыламыз. Бірақ әрқайсысымыздың әлсіздігіміз әртүрлі. Сондықтан бізге кейбір азғыруларға қарсы тұру ерекше қиын болуы мүмкін. Мысалы, біреу жыныстық азғындық жасауға азғырылып, сол қалауымен күреседі. Ал тағы біреулерді мастурбация жасау не порнография көру сияқты арам істерге қатты тартып тұруы мүмкін. Өзгелер болса, адам алдындағы қорқыныш, менмендік, ашуға берілу сияқты басқа да әлсіздіктерімен күреседі. Жақып “әрбір адам өз құмарлығына елігіп, торға түскендіктен сыналады” деп бекер айтпаған (Жақ. 1:14).
6. Біз не нәрсеге қатысты шыншыл болуымыз керек?
6 Өзіңіздің әлсіз тұстарыңызды, не нәрсеге оңай азғырылатыныңызды білесіз бе? Әлсіздігімізді мойындамасақ, не “күнә жасап қоятындай рухани әлсіз емеспін” деп ойласақ, өз-өзімізді алдағанымыз (Жох. 1-х. 1:8). Елші Пауыл “рухани толысқан” бауырластардың өзі сақ болмаса, азғырылуға беріліп қалуы мүмкін екенін айтқан (Ғал. 6:1). Сондықтан біз өз-өзімізбен шыншыл болып, әлсіз тұстарымызды анықтап алуымыз керек (Қор. 2-х. 13:5).
7. Не нәрсеге біз ерекше мән беруіміз керек? Мысал келтіріңіз.
7 Көбінесе не нәрсеге азғырылатыныңызды анықтаған соң, не істеуіңіз керек? Оған қарсы тұруға бар күшіңізді жұмылдырыңыз! Мысалы, Киелі кітап заманында қала қабырғасының ең осал тұсы қақпалары болатын. Сондықтан қақпалар бәрінен де қатты күзетілетін. Тура солай, біз де өзімізге мәлім әлсіз тұстарымызға ерекше мән беруіміз керек (Қор. 1-х. 9:27).
ӨЗІМІЗДІ ҚАЛАЙ ҚОРҒАЙ АЛАМЫЗ
8, 9. Нақыл сөздер 7-тарауда айтылған жігіт ауыр күнә жасамас үшін не істеуіне болар еді? (Нақыл сөздер 7:8, 9, 13, 14, 21)
8 Біз өзімізді қалай қорғасақ болады? Нақыл сөздер 7-тарауда жазылған жас жігіттің оқиғасын қарастырып көрейік. Ол бұзылған әйелмен азғындық жасайды. 22-тармақта жігіттің әйелге еріп жүре бергені айтылады. Бір қарағанда, жігіт бұл жағдайға ойламаған жерден тап болғандай көрінеді. Бірақ алдыңғы тармақтарға қарасақ, ол бірте-бірте күнәға апаратын бірнеше әрекеттерді жасаған.
9 Ол қандай әрекеттер? Алдымен, жігіт кеш батқанда “әйел тұратын көшенің бұрышынан өтті”. Кейін, “оның үйіне апаратын жолға түсті” (Нақыл сөздер 7:8, 9 оқыңыз). Ал әйелді көрген кезде, бұрылып кетіп қалған жоқ. Тіпті әйелдің сүйгеніне қарсы болмады және оның татулық құрбандығын ұсыну жайлы айтқан сөздерін тыңдап тұрды. Әйел мұны жігітке жақсы көріну үшін айтқан болса керек (Нақыл сөздер 7:13, 14, 21 оқыңыз). Егер жігіт күнәға апаратын осы қауіпті әрекеттерден аулақ болғанда, өзін азғырудан да, күнәдан да сақтап қалар еді.
10. Бүгінде мәсіхші Нақыл сөздердегі жігіттің қателігін қалай қайталауы мүмкін?
10 Сүлеймен жазған оқиғадағы жігітпен болған жағдай Ехобаның кез келген қызметшісімен де болуы мүмкін. Мәсіхші ауыр күнә жасап қойып, артынан “мен білмей қалдым, ойламаған жерден осылай болып қалды” деуі мүмкін. Бірақ ол жақсылап ойланса, қандай әрекеттері оны күнәға апарғанын түсінер еді. Бұндай әрекеттерге не жатуы мүмкін? Мысалы, жаман ортамен араласу, зиянды көңіл көтеру, мәсіхшілерге лайық емес жерлерге бару не сондай сайттарға кіру. Я болмаса, ол дұға етуді, Киелі кітап оқуды, қауымға барып, қызметке шығуды доғарған болуы мүмкін. Нақыл сөздердегі жігіт сияқты бұндай мәсіхшіні де ойламаған жерден күнә жасап қойды дей алмайсың.
11. Күнә жасап қоймау үшін неден аулақ болуымыз керек?
11 Өзіміз үшін қандай сабақ алсақ болады? Біз күнәнің өзінен ғана емес, күнәға апаратын әрекеттерден де аулақ болуымыз керек. Сүлеймен жас жігіт пен бұзылған әйелдің оқиғасын айтқаннан кейін дәл осы ойға екпін түсірген. Ол былай деді: “Жүректеріңді ондай әйелдің жолына бұрмаңдар, Адасып, оның соқпағына түспеңдер” (Нақ. с. 7:25). Сондай-ақ ол: “Ондай әйелден бойыңды аулақ ұста, Үйінің босағасына да жолама”,— деген (Нақ. с. 5:3, 8). Расында да, күнә жасаудан сақ болу үшін күнәға апаратын жағдайлардан да аулақ жүруіміз керекb. Бұндай жағдайларға мәсіхшілерге тыйым салынбайтын, бірақ өз әлсіздіктерімізбен байланысты бізді азғыратын жағдайлар мен әрекеттер жатуы мүмкін (Мат. 5:29, 30).
12. Әйүп не нәрсеге бекінген және бұл оны азғырулардан қалай сақтады? (Әйүп 31:1)
12 Күнә жасауға апаратын жағдайлардан аулақ болу үшін жүрегімізде берік шешім қабылдауымыз керек. Бұл жағынан Әйүптен үлгі алсақ болады. Ол өзге әйелге ешқашан құмарта қарамаймын деп, “көзімен келісім жасасқан” (Әйүп 31:1 оқыңыз). Осындай берік шешімінің арқасында Әйүп өзін неке адалдығын бұзудан сақтаған. Біз де азғырады-ау деген жағдайлар мен әрекеттердің бәрінен аулақ жүремін деп белімізді бекем бууымыз керек.
13. Неге біз ой-санамызды қорғауымыз керек? (Суреттерді де қараңыз.)
13 Біз ой-санамызды да қорғауымыз керек (Мұс. 2-ж. 20:17). Кейбіреулер “дұрыс емес нәрсені ойлап, елестеткенде тұрған ештеңе жоқ, тек істемесем болғаны” деп ойлайды. Бірақ бұлай пайымдау — үлкен қателік. Өйткені жаман нәрселерді ойлай беретін адам бойындағы бұрыс қалауын өршітеді. Ал қалау пайда болғаннан кейін азғыру пайда болады. Енді оған өз-өзіне жасап алған азғырумен күресуге тура келеді. Әрине, санамызға жаман ойлар келіп қалатын кездер бәрімізде болады. Бірақ осындайда жаман ойларды бірден тыйып, оны жақсы ойлармен алмастыруымыз керек. Осылай біз жаман ойлардың игеруге келмейтін қалауларға ұласуына, кейін тіпті ауыр күнәға апаруына жол бермейміз (Філіп. 4:8; Қол. 3:2; Жақ. 1:13—15).
14. Өзімізді азғырулардан қорғау үшін тағы не істей аламыз?
14 Өзімізді азғырулардан қорғау үшін тағы не істей аламыз? Біз Ехобаның заңдарына мойынсұну әрдайым пайдалы екеніне жүз пайыз сенімді болуымыз керек. Ехобаға ұнамайтын ойлармен, қалаулармен күресу кейде оңай болмайтын шығар. Бірақ жүрегіміз бен ой-санамыздағы тыныштық үшін бұл күш салуға тұрады.
15. Дұрыс қалауларды дамытқанымыз бізді азғырулардан қалай сақтайды?
15 Біз бойымызда дұрыс қалаулар дамытуымыз керек. “Жамандықты жек көріп, жақсылықты сүюді” үйренсек, дұрыс нәрсені істеуге, ал күнәға апаратын жағдайлардан аулақ жүруге деген шешіміміз беки түседі (Амос 5:15). Дұрыс қалаулардың тағы бір пайдасы — азғыратын жағдайларға күтпеген жерден тап болғанда не ондай жағдайларды айналып өте алмағанда, шешімімізден таймай, берік тұрамыз.
16. Рухани істер бізге сақ жүруге қалай көмектеседі? (Суреттерді де қараңыз.)
16 Бойымызда дұрыс қалауларды қалай дамытсақ болады? Ол үшін барынша рухани істермен айналысуымыз керек. Қауым кездесуінде отырғанда не қызметте жүргенде, біз дұрыс емес нәрсе істеуге азғырыла қоймаймыз. Керісінше, Ехобаға ұнамды болуға деген қалауымыз артады (Мат. 28:19, 20; Евр. 10:24, 25). Ал Киелі кітапты оқып-зерттегенде, ой жүгірткенде біз жақсылықты сүйіп, жамандықты жек көре түсеміз (Ешуа 1:8; Зәб. 1:2, 3; 119:97, 101). Есіңізде болса, Иса: “Азғырылмау үшін. . . ұдайы дұға етіңдер”,— деген (Мат. 26:41). Біз уақыт бөліп, көктегі Әкемізге дұға еткенде, оның бізге көмектесуіне жағдай жасаймыз және оған ұнамды болуға деген шешімімізден таймаймыз (Жақ. 4:8).
САҚ ЖҮРЕ БЕРІҢІЗ
17. Елші Петір қандай әлсіздігімен үздіксіз күрескен?
17 Біз кейбір әлсіздіктерімізден толықтай арылуымыз мүмкін, ал кейбіреулерімен ұзақ уақыт бойы күресуге тура келеді. Мысалы, елші Петір адам алдындағы қорқынышқа бой алдырып, Исадан үш рет танды (Мат. 26:69—75). Кейінірек ол Жоғарғы кеңестің алдында батылдықпен куәлік берді (Ел. іс. 5:27—29). Сол кезде Петір адам алдындағы қорқынышын жеңгендей көрінді. Алайда жылдар өткеннен кейін Петір “сүндеттелуді жақтайтындардан” қорқып, басқа ұлттан шыққан мәсіхшілермен тамақтанбай қойды (Ғал. 2:11, 12). Осылай Петірдің адам алдындағы қорқынышы қайтадан қылаң берді. Бәлкім, ол бұл әлсіздігінен ешқашан арылмаған да шығар.
18. Біз әлсіздіктерімізге қатысты нені ұмытпауымыз керек?
18 Біз де Петірдікіндей жағдайға кезігуіміз мүмкін. Жеңдік деп ойлаған әлсіздігіміз уақыт өте қайтадан қылаң беріп, бізді азғыруы мүмкін. Бір ер бауырлас былай деп бөлісті: “Мен 10 жыл бойы порнография көрмей жүргенмін, сондықтан бұл әдетімнен толықтай құтылдым деп ойладым. Сөйтсем, бұл әдетім жылан іспетті тығылып, тап беруге қолайлы уақытын күтіп жатыр екен”. Қуанышқа орай, бауырласымыз еш берілмей, әлсіздігімен күресе берді. Ол бұл әлсіздігімен күн сайын күресу керектігін түсінді. Бәлкім, мұнымен оған осы заманның ақырына дейін күресуге тура келер. Ол өзін порнография көруден сақтау үшін өзіне қатаң шектеулер қойды. Осы орайда оған әйелі мен қауым ақсақалдары көп көмектесіп жатыр.
19. Баяғы әлсіздігімізге қайтадан беріліп қалмас үшін, не істеуге болады?
19 Баяғы әлсіздігіңізге қайтадан беріліп, күнә жасап қоймас үшін, не істеуге болады? Исаның “азғырылмау үшін сергек болыңдар” деген кеңесіне құлақ асуымыз керек. Тіпті азғырылуға берілмеймін деп ойласаңыз да, азғырылуға апаратын жағдайлардан аулақ жүре беріңіз (Қор. 1-х. 10:12). Әлсіздікпен күресуге көмектескен істерді әрі қарай да істей беріңіз. Өйткені Нақыл сөздер 28:14-те: “Әрдайым сақ жүрген жан бақытты”,— делінген (Пет. 2-х. 3:14).
САҚ ЖҮРГЕНІМІЗДІҢ ПАЙДАСЫ
20, 21. а) Өзімізді азғырудан сақтасақ, мұның қандай пайдасын көреміз? ә) Азғыруларға қарсы тұру үшін өз тарапымыздан күш салсақ, Ехоба не істейді? (Қорынттықтарға 2-хат 4:7)
20 Азғыруларға қарсы тұру үшін әрдайым сақ жүргеніміз өзіміз үшін пайдалы. Күнә әрі кетсе “уақытша ғана рақат” берер, ал Ехобаның нормаларын ұстану адамға шын бақыт сыйлайды (Евр. 11:25; Зәб. 19:8). Өйткені біз Ехобаның жолымен жүруге жаратылғанбыз (Мұс. 1-ж. 1:27). Солай етсек, ар-ұжданымыз таза болады, ал болашақта мәңгі өмір сүре аламыз (Тім. 1-х. 6:12; Тім. 2-х. 1:3; Яһд. 20, 21).
21 “Тәннің әлсіз” екені рас. Бірақ бізге көмектесетін Ехоба Құдай бар. Ол бізге әрқашан қажетті күш беріп, көмектесуге дайын (Қорынттықтарға 2-хат 4:7 оқыңыз). Алайда байқасаңыз, тармақта Құдайдың адам күшінен асқан күш беретіні айтылған. Ал адам күші бұл азғыруларға қарсы тұру үшін біздің күн сайынғы салатын күшіміз. Бұлай ету — өзіміздің жауапкершілігіміз. Егер біз өз тарапымыздан бәрін істесек, Ехоба да өз кезегінде дұғаларымызға жауап беріп, бізге қажетті күш беретініне сенімді болсақ болады (Қор. 1-х. 10:13). Біз Ехобаның көмегімен сақ жүріп, азғыруларға қарсы тұра аламыз.
47-ӘН Күнде үзбей дұға ет
a СӨЗ МӘНІ: Матай 26:41-де айтылған “рух” деген сөз адамның сезімдері мен әрекеттеріне қозғау болатын ішкі күшін білдіреді. “Тән” болса адамның күнәкар күйін білдіреді. Демек, адамның дұрыс нәрсені істеуге қалауы болғанымен сақ болмаса, азғырылуға беріліп, Киелі кітап айыптайтын нәрсені істеп қоюы мүмкін.
b Ауыр күнә жасаған адамға келесі мәліметтер көмек болады: “Мәңгі бақи өмірдің рақатын көріңіз!” кітабы, 57-сабақ, 1—3 тақырыпшалар және 2020 жыл, қараша айының Күзет мұнарасындағы “Назарың тек алда болсын” деген мақаланың 12—17 абзацтары.
c СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Ер бауырлас таңертең күнделікті тармақты оқып отыр, түскі үзілісте Киелі кітапты оқып жатыр, ал кешке қауым кездесуінде отыр.