Оқырмандардың сауалдары
Ехоба Куәгерлері Киелі кітаптағы қанға қатысты өсиеттердің тұрғысынан науқастың өз қанын қолдану арқылы атқарылатын медициналық процедураларға қалай қарайды?
Шешім қабылдағанда мәсіхші тек өзінің жеке талғауына немесе дәрігерлердің кеңестеріне ғана жүгінбей, бұл жөнінде Киелі кітапта не делінгенін мұқият зерттеуі керек. Бұл оның Ехобамен қарым-қатынасына әсерін тигізетін мәселе.
Ехобаға біз өміріміз үшін борыштымыз; Ол біздің организмімізге қан қабылдауымызға тыйым салған (Жаратылыс 9:3, 4). Ежелгі Исраилге берілген Құдай Заңы қанның қолданылуына белгілі бір шектеулер қоятын, өйткені қан өмірді білдіреді. Құдай былай деген: “Тәннің жаны [немесе өмірі] қанда, және Мен оны, жандарыңды тазарту үшін, құрбан шалатын орынға арнап белгіледім”. Ал егер адам жан-жануарды тағам үшін өлтірсе ше? Мұндай жағдайға қатысты Құдай былай деген: “Қанын ағызып, көміп тастауы керек”a (Леуі 17:11, 13). Ехоба бұл өсиетін қайта-қайта қайталап отырған (Заңды қайталау 12:16, 24; 15:23). Еврей тіліндегі бір анықтамада былай деп ескерілді: “Қанды сақтауға болмайды, жерге төгу арқылы оны қолдануға болмайтындығы көрсетілуі керек” (Soncino Chumash). Исраилдіктердің ешқайсысына Құдайға тиесілі өзге жаратылыстың қанын жинауға, сақтауға және қолдануға болмайтын.
Мәсіхтің өлімінен кейін Мұсаның заңын орындаудың қажеті болмай қалды. Десе де, Құдай әлі де қанды қасиетті деп есептейді. Елшілер киелі рухтың жетелеуімен мәсіхшілерге ‘қаннан аулақ жүруге’ нұсқау берген. Бұл нұсқауға селқос қарауға болмайды. Азғындықтан, жалған тәңірлерге құлшылық етуден аулақ болу сияқты, құлықтылық тұрғыдан қаннан да аулақ болу керек (Елшілердің істері 15:28, 29; 21:25). XX ғасырда қан тапсыру мен қан құю пайда болғанда Ехоба Куәгерлері оның Құдай Сөзіне қайшы екенін түсінген болатынb.
Керек болып қалған жағдайда науқастың өз қанын өзіне құю үшін (аутотрансфузия), дәрігерлер кейде операция жасаудан бірнеше апта бұрын ауру адамды қан тапсыруға талпындырады. Бірақ қанды жинау, сақтау және құю Леуі және Заңды қайталау кітаптарында жазылған нәрселерге тікелей қайшы келеді. Қанды сақтауға болмайды, оны төгу керек, немесе, бейнелі сөзбен айтқанда Құдайға қайтару керек. Әрине, бүгінгі күні Мұсаның заңы күшін жоғалтқан. Сөйтсе де Ехоба Куәгерлері ондағы Құдайдың принциптерін сыйлайды, әрі олар “қаннан аулақ” болуға белдерін бекем буған. Сондықтан біз қан тапсырмаймыз да, өзімізге қайта құю үшін, төгілуге тиісті қанды алдын ала дайындамаймыз да. Мұндай әрекеттер Құдай заңына қайшы келеді.
Науқастың өз қанын қолдану арқылы атқарылатын басқа процедураларда және қанды талдауға алғанда Құдайдың қанға байланысты принциптері айқын бұзылмайды. Мысалы, тексеріліп болғаннан кейін талдауға алынған қан үлгілері тасталады, мұндайда мәсіхшілердің көпшілігі талдауға қан тапсыра береді. Сондай-ақ дәрігерлер анағұрлым күрделірек процедуралар жасауды ұсынуы мүмкін.
Мысалы, хирургиялық операция кезінде, гемодилюция жасалғанда қанның бір бөлігі негізгі арнадан ауытқылуы мүмкін. Науқастың организмінде қалған қанға қоспалар қосылады. Сосын науқастың организмінен шыққан қан жасанды қан айналым жүйесі арқылы қайта организмге келіп құйылады, осының арқасында оның қанындағы гемоглобин өз деңгейіне көтеріледі. Осы сияқты тағы бір жағдайда, жараға аққан қан жиналып, сүзгіден өткізілуі ықтимал, осылайша эритроциттер науқастың қанына қайта келіп қосылады. Бұл — қанды сақтау деп аталады. Және бір процедура бар, бұл жағдайда қан дененің қандай да бір мүшесінің (мысалы, жүректің, өкпенің немесе бүйректің) жұмысын атақаратын арнайы аппараттан өтеді. Сосын аталмыш аппараттан қан қайтадан науқастың организміне келіп құйылады. Басқа бір жағдайда, зақымдалған немесе ақауы бар түйіршіктерден тазарту үшін, қанды сепаратордан (центрифугадан) өткізеді. Мұндай әрекет — қанның құрамындағы заттың бірін бөліп алып, организмнің басқа бір бөлігінде қолдану мақсатымен де жасалуы мүмкін. Тағы мынадай процедура бар, белгі салу үшін немесе дәрі-дәрмек араластыру үшін науқастан біраз мөлшерде қан алынады да, кейін сол науқастың өзіне қайта құйылады.
Мұндай процедуралар түрленіп отыруы мүмкін, ал уақыт өте келе диагностика мен емдеу жолдарының жаңа тәсілдері шығатыны сөзсіз. Біз осы процедуралардың әрқайсысын талқылап, қандай да бір шешім қабылдауды мақсат етіп отырған жоқпыз. Хирургиялық операция жасау, талдауға қан тапсыру немесе қандай да бір ем қабылдау керек болған жағдайда, өз қанын қалай қолданатынын мәсіхші жеке өзі шешуі керек. Ол, дәрігерлерден немесе осы мәселеден хабардар басқа да адамдардан өз қанының қалай қолданылуы мүмкін екенін алдын ала біліп алуы керек. Ал сосын өзінің ар-ұжданына сәйкес шешім қабылдауы керек. (Қоршауды қараңдар.)
Өмірлерін Құдайға арнап, Құдай Иені шын жүректен, жан-тәнімен, бар күшімен, бар ақыл-ойымен сүюге міндеттеме алғандарын мәсіхшілердің есте ұстағандары абзал (Лұқа 10:27). Ехоба Куәгерлерінің осы дүниедегі адамдардан өзгешелігі — олар Құдаймен жақсы қарым-қатынаста болуды қатты бағалайды. Өмір беруші Құдай барлығын Исаның төгілген қанына сенім артуға шақырады. Киелі кітапта былай делінген: ‘Мәсіхтің құрбан болып, қаны төгілуімен төлеміміз өтелді’ (Ефестіктерге 1:7).
[Сілтемелер]
a Профессор Фрэнк Горман былай деп жазды: “Қанды жерге төгу үлкен сый-құрметті, яғни жануардың өміріне деген құрметті, демек, оны жаратып әрі қарай да оған қамқорлық етіп отырған Құдайға деген құрметті білдірген болса керек”.
b “Күзет мұнарасының” 1951 жылғы 1 шілдедегі санында (ағ.) осы мәселеге қатысты негізгі сұрақтарға жауаптар беріліп, қан құюдың мәсіхшілер үшін неліктен жарамсыз екендігі түсіндірілген болатын.
[31-беттегі қоршау/суреттер]
ӨЗДЕРІҢДІ ТЕКСЕРУГЕ АРНАЛҒАН СҰРАҚТАР
Егер менің қанымның бір бөлігі денемнен шығарылып басқа арнаға салынатын болса, тіпті оның ағуы қандай да бір уақытқа тоқтатылуы мүмкін болса, мұндай қанды тәнімнің бір бөлігі ретінде қарастырып, ‘оны жерге төгудің’ қажеті жоқ деп есептеуіме ар-ұжданым жол бере ме?
Егер қандай да бір диагностикалық немесе емдеу процедурасында менен қан алып, оның құрамын өзгертіп қайтадан өзіме құйса, менің Киелі кітапқа сәйкес машықталған ар-ұжданым таза бола ма?