Құдай және адамдар алдында құрметке лайық неке
“Қана қаласында бір үйлену тойы болды. Исаның шешесі сонда еді, Иса да шәкірттерімен бірге шақырылды” (ЖОХАН 2:1, 2).
1. Исаның Қанада болғаны туралы оқиғадан не байқауға болады?
ҚҰДАЙ халқының арасындағы құрметке лайық некенің қуаныш сыйлайтыны Исаға және оның анасы мен кейбір шәкірттеріне беймәлім емес еді. Тіпті Иса Мәсіх бір үйлену тойында алғашқы кереметін жасауымен қуанышқа қуаныш қосып, сол тойды ерекше етті (Жохан 2:1—11). Бәлкім, сен де Ехобаға бақытты отбасы ретінде қызмет еткісі келетін мәсіхшілердің үйлену тойында болып, қуаныштарына ортақтасқан боларсың. Әлде өзің үйленгелі жатқан шығарсың немесе досыңның тойы сәтті өту үшін қолғабыс етуің керек шығар. Олай болса, қандай жайттарды ескеруің керек?
2. Киелі кітапта некеге тұруға қатысты қандай мәлімет бар?
2 Мәсіхшілер рухтың жетелеуімен жазылған Құдай Сөзіндегі кеңестер екі адам некеге тұруды шешкенде, керемет көмек болатынын біледі (Тімотеге 2-хат 3:16, 17). Рас, Киелі кітапта мәсіхшілердің қалай некелесу керектігі бүге-шігесіне дейін жазылмаған. Бұл түсінікті де, өйткені заманға және адамның тұратын еліне қарай әдет-ғұрыптар, тіпті заң талаптары сан алуан болып келеді. Мысалы, ежелгі Исраилде адам үйленгенде, ешқандай ресми рәсім жасалмайтын. Той болатын күні күйеу жігіт қалыңдығын өзінің не әкесінің үйіне әкелетін (Жаратылыс 24:67; Ишая 61:10). Ел алдында жасалатын осы әрекет бүгінгі күні сияқты емес, ресми рәсімсіз-ақ екі адамның некелесуінің белгісі болған.
3. Иса Қанада қандай оқиғаға қатысып, өз үлесін қосты?
3 Осы қадамнан кейін исраилдіктер неке құрылды деп есептейтін де, содан соң Жохан 2:1-де айтылғандай той жасаулары мүмкін еді (Матай 22:2—10; 25:10; Лұқа 14:8). Бұл үзіндіден Исаның яһудилердің некелесуінен кейінгі үйлену тойына қатысып, өз үлесін қосқаны анық көрінеді. Алайда басты нәрсе мынау: сол замандағы некеге отыру қазіргімен бірдей емес.
4. Кейбір мәсіхшілер қандай шешім қабылдайды және неге?
4 Қазір көптеген елде некеге тұрғысы келетін мәсіхшілер белгілі бір заң талаптарына сай келулері керек. Содан кейін олар заңды болып есептелетін кез келген некелесу рәсімін жасауларына болады. Бұл судья, қала әкімі немесе үкімет тарапынан құзыр берілген белгілі бір дін өкілі өткізетін шағын әрі қарапайым рәсім болуы мүмкін. Кейбіреулер бірлі-жарым туыстарын не мәсіхші достарын шақырып, заңды куә болуды немесе жай ғана осы бір маңызды күні қуаныштарына ортақтасуды өтінетін шығар (Еремия 33:11; Жохан 3:29). Сол сияқты өзге бір мәсіхшілер барлығын мұқият жоспарлау мен көп шығынды талап ететін үлкен той-думан жасамай, бірнеше ғана жақын достарымен дастарқан басында жиналуды шешуі мүмкін. Бірақ бұл мәселеге қатысты шешіміміз қандай болмасын, басқа толысқан мәсіхшілердің көзқарасы біздікінен өзгеше болуы мүмкін екенін мойындағанымыз дұрыс (Римдіктерге 14:3, 4).
5. Неге мәсіхшілер некелескенде, баяндама айтылғанын қалайды және бұл ненің белгісі?
5 Мәсіхшілер некелескенде, олардың көбісі Киелі кітапқа негізделген баяндама айтылғанын қалайдыa. Олар некеге бастау берген Ехоба екенін, сондай-ақ өз Сөзінде оны қалай табысты да бақытты етуге болатынына қатысты дана кеңестер беретінін түсінеді (Жаратылыс 2:22—24; Марқа 10:6—9; Ефестіктерге 5:22—33). Әдетте күйеу жігіт пен қалыңдық сол бір күні мәсіхші достары мен туыстарының бақыттарына ортақтасқанын қалайды. Алайда сан алуан заң талаптары мен рәсімдерге, сондай-ақ жергілікті салт-дәстүрлерге қалай қарауымыз керек? Осы мақалада әр түрлі елдерде кездесетін жағдайлар қарастырылады. Олардың кейбірі өзің білетін немесе сенің еліңде орын алған жағдайлардан қатты ерекшеленуі мүмкін. Сөйтсе де Құдайдың қызметшілері үшін маңызды болатын белгілі бір ортақ принциптерді немесе жайттарды байқайсың.
Құрметке лайық неке, бұл — заңды неке
6, 7. Неге біз некеге тұруға қатысты заңдарды елеусіз қалдырмауымыз керек және мұны қалай көрсетуге болады?
6 Некеге бастама берген Ехоба болғанмен, мемлекет тарапынан неке-отбасы қатынастары реттеліп отырады. Бұл дұрыс та. Иса: “Патшаға тиістісін патшаға, ал Құдайға тиістісін Құдайға беріңдер!”— деген (Марқа 12:17). Елші Пауыл да осыған ұқсас сөздер айтқан: “Әрқайсың мемлекеттік билігі барларға бағыныңдар! Себебі мемлекеттік биліктің бәрі негізінде Құдайдан; қазіргі билікті де Құдай орнатқан” (Римдіктерге 13:1; Титке 3:1).
7 Көп елдерде кімдердің некеге тұруына болатынын патша, немесе мемлекеттік орган, белгілейді. Сондықтан Жазбаларға сай үйленуге ерікті екі мәсіхші жергілікті заңдарға толықтай бағынады. Бұған үкімет тағайындайтын адамның неке туралы куәлік беруі және қиылған некені тіркеу кіруі мүмкін. Август патша ‘тізімге тіркелу’ жөнінде жарлық шығарғанда, Жүсіп пен Мәриям бұған мойынсұнып, “тізімге тіркелуге” Бетлехемге барған (Лұқа 2:1—5).
8. Неке қалай құрылады және Ехоба Куәгерлерінің мұны түсінетіні қандай әрекеттерінен көрінеді?
8 Екі мәсіхші заңды әрі мақұлданған жолмен некелесетін болса, олардың өзара берген уәделері Құдай алдында да күшіне енеді. Сондықтан Ехоба Куәгерлері 25 не 50 жылдық кейбір мерейтойлардағы іспетті көптеген некелесу рәсімдерін орындап немесе бір-біріне берген анттарын жаңартып, некелерін қайта-қайта қидырмайды (Матай 5:37). (Кейбір шіркеулерде діни жоралар орындалмайынша, некелерін мемлекеттік органда қиғандарды шын ерлі-зайыптылар деп есептемейді.) Көп елдерде мемлекеттік органдардың тарапынан Ехоба Куәгерлерінің біріне неке қию рәсімін өткізу құзыры беріледі. Мұндай жағдайда, ол Патшалық сарайында баяндама айтып, рәсімді де сол жерде өткізген дұрыс деп шешетін шығар. Өйткені Патшалық сарайы — шынайы ғибадат орны әрі Ехоба Құдай бастау берген неке туралы баяндама айту үшін лайықты орын.
9. а) Мәсіхшілер некелерін мемлекеттік органда қиғаннан кейін, не істеуді қалауы мүмкін? ә) Қалайша ақсақалдар некелесу жоспарын құруға үлес қосулары мүмкін?
9 Өзге бір елдерде некелесу рәсімінің әкімшілік ғимаратта өткізілуі немесе оны арнайы тағайындалған адамның өткізуі талап етіледі. Мәсіхшілер осы заңды қадамды жасаған күні немесе келесі күні әдетте Патшалық сарайында баяндама айтылғанын дұрыс көреді. (Құдай мен адам алдында, бұған мәсіхшілер қауымы да кіреді, некелері қиылып қойғандықтан, олар некенің тіркелуі мен Киелі кітапқа негізделген баяндаманың арасына көп уақыт салмауды жөн көреді.) Некесін мемлекеттік органда қиғалы жатқан болашақ жұбайлар Патшалық сарайында баяндама айтылғанын қаласа, сонда жиналатын қауымның қызмет комитетінің ақсақалдарынан алдын ала рұқсат алулары керек. Аталмыш бақылаушылар олардың жүріс-тұрыстарының жақсы екеніне, сондай-ақ некелесу рәсімінің қауым кездесулері мен басқа да істердің кестесіне кедергі болмайтынына көз жеткізулері керек (Қорынттықтарға 1-хат 14:33, 40). Сонымен қатар олар Патшалық сарайында қандай дайындық жасалатынын анықтайды және оның басқа мақсатта қолданылатынын хабарлау керек пе, жоқ па — соны шешеді.
10. Неке мемлекеттік органда қиылу керек болса, қалайша бұл жас жұбайларға арнап баяндама айтылғанда ескерілу керек?
10 Жас жұбайларға арналған баяндаманы айтатын ақсақал оны тартымды, рухани нығайтатын әрі лайықты мәнерде жеткізуге тырысады. Егер олардың некелері мемлекеттік органда қиылып қойған болса, баяндамашы олардың патша заңына сай некелесіп қойғанын анық етіп айту керек. Некені қию кезінде жұбайлар бір-біріне ант бермесе, мұны баяндама барысында істеуге боладыb. Ал егер беріп қойып, бірақ Ехоба мен қауым алдында да ант айтқылары келсе, бұған дейін ‘қосылып’ қойғандарының белгісі ретінде оны өткен шақта айтады (Матай 19:6; 22:21).
11. Кейбір жерлерде адамдар қалай некелеседі және қалайша бұл жас жұбайларға арналған баяндамада ескерілу керек?
11 Бір жерлерде заң бойынша ешқандай рәсімнің жасалуы немесе тіпті оны арнайы тағайындалған адамның өткізуі талап етілмеуі мүмкін. Қажетті органға қол қойылған арыз берілгенде, неке қиылған болып есептеледі, артынша тіркеуге алынады. Осылайша екі жас ерлі-зайыпты болып, ал сол күн олардың некелесу күні болады. Жоғарыда айтылғандай, қыз бен жігіт некелерін тіркей салысымен Патшалық сарайында Киелі кітапқа негізделген баяндама айтқанын қалауы мүмкін. Баяндама айтатын рухани толысқан бауырлас тыңдаушылардың бәрін екі жастың қазір ғана некелерін тіркеп, ерлі-зайыпты болғанын хабардар етеді. Олардың анты оныншы абзац пен оған берілген сілтемедегі басшылыққа сай беріледі. Патшалық сарайына келіп, екі жастың қуанышына ортақтасқандар үшін де Құдай Сөзіне негізделіп берілген кеңестер пайдалы болады (Таңдаулы әндер 3:11).
Дәстүрлі және мемлекеттік органда қиылатын неке
12. Дәстүрлі неке деген не және мұндай некеге тұрғаннан кейін не істеген дұрыс?
12 Кейбір елдерде қыз бен жігіт дәстүрлі (немесе тайпаның ғұрыптарына сай) некеге отыруы мүмкін. Бұл екі адамның жай ғана бірге тұруын да, некелі жұбайлардай өмір сүруін де білдірмейді, соңғысы кейбір елдерде белгілі бір құқықтар бергенмен, толығымен заңды неке болып есептелмейдіc. Ал мұнда әңгіме белгілі бір тайпада не аймақта орынды болып есептелетін некелесу рәсімі жөнінде болып отыр. Бұған қалың малдың толықтай төленіп, әрі ризалықпен қабыл алынуы кіруі мүмкін, осыдан кейін екі адам заңды түрде және Жазбаларға сай некелескен болып есептеледі. Үкімет осындай дәстүрлі некені екі жаққа жауапкершілік жүктейтін әрі заңды деп қарастырады. Әдетте дәстүрлі неке қиылғаннан кейін, оны тіркеуге болады, ал солай еткен ерлі-зайыптыларға куәлік беріледі. Тіркелген неке ерлі-зайыптылардың, жесір қалса, әйелінің, сондай-ақ болашақ балаларының құқықтарының қорғалуына мүмкіндік береді. Мәсіхшілер қауымы дәстүрлі некеге отырғандарды некелерін мүмкіндігінше тезірек тіркеуге шақырады. Бір көңіл қоятын жайт, Мұса заңына сай некелесу мен баланың туылуы жайында ресми жазба жүргізілгенге ұқсайды (Матай 1:1—16).
13. Дәстүрлі некеден кейінгі баяндамаға қатысты не нәрселер ескерілу керек?
13 Заңды болып есептелетін дәстүрлі некеге отырғандар қажетті рәсімдер жасалғаннан кейін, ерлі-зайыпты болып есептеледі. Жоғарыда ескерілгендей, осы іспетті заңды некеге тұратын мәсіхшілер Патшалық сарайында баяндама айтылып, бір-біріне ант беруді қалайтын шығар. Егер неке қиылып қойған болса, баяндамашы екі жастың патша заңына сай ерлі-зайыпты болғанын растайды. Мұндай баяндама бір-ақ рет айтылады. Неке, бұл жағдайда заңды болып есептелетін дәстүрлі (немесе тайпаның ғұрыптарына сай) неке, бір рет қиылады, сондықтан Жазбаларға негізделген баяндама да бір рет айтылады. Осы екі оқиғаның арасының мүмкіндігінше жақын, лажы болса бір күні, болғаны ел арасында мәсіхшілер некесінің құрметтелуіне ықпал етеді.
14. Некенің дәстүрлі жолмен де, мемлекеттік органда да қиылуына мүмкіндік бар болса, мәсіхшілер қайсысын дұрыс көруі мүмкін?
14 Дәстүрлі неке заңды болып есептелетін кейбір елдерде некені мемлекеттік органда қиюға да мүмкіндік бар. Мұндай некені әдетте арнайы тағайындалған адам қияды және рәсім барысында ант беріліп, тіркеу қағазына қол қойылуы мүмкін. Кейбір мәсіхшілер дәстүрлі некеден гөрі некелерінің мемлекеттік органда қиылғанын дұрыс көреді. Аталмыш екі некенің де заңды күші бар, сондықтан некенің екі рет қиылуы талап етілмейді. Тоғызыншы және оныншы абзацтарда жас жұбайларға арналған баяндама мен антқа қатысты айтылған нәрселер бұл жағдайға да қатысты. Ең бастысы — некенің Құдай алдында да, адам алдында да құрметке лайық болуы (Лұқа 20:25; Петірдің 1-хаты 2:13, 14).
Бір-біріңді құрметтей беріңдер
15, 16. Некеде құрмет қалай көрсетілу керек?
15 Парсы патшасының отбасында қиындық туғанда, патшаның бас уәзірі Мемухан ‘барлық әйелдердің өз күйеулерін құрметтеуіне’ ықпал ететін кеңес берген (Естер 1:20). Мәсіхші отбасы үшін патша тарапынан жарлық шығарудың қажеті жоқ: әйелдер күйеулерін өз ықтиярымен құрметтейді. Сол сияқты мәсіхші күйеулер де ‘зайыптарына құрмет көрсетіп’, мақтап-мадақтайды (Нақыл сөздер 31:11, 30; Петірдің 1-хаты 3:7, Тт). Ерлі-зайыптылар көп жыл отасқаннан кейін емес, неке құрыла салысымен, яғни некелескен күннен бастап, бір-бірін құрметтеулері керек.
16 Некелесу күні құрмет тек еркек пен әйелдің, яғни күйеуі мен әйелінің, арасында ғана емес, жас жұбайларға арналған баяндама айтылатын болса, оны айтатын ақсақалдың сөздерінен де көрініп тұру керек. Баяндаманың тікелей жас жұбайларға бағытталып айтылғаны дұрыс. Баяндама оларға құрмет көрсетілуіне ықпал ететіндіктен, баяндамашының екі сөзінің бірі қалжың немесе ел аузындағы әңгімелер болмау керек. Оның жұбайларды да, тыңдаушыларды да ыңғайсыз жағдайға қалдыратын өзі байқап қалған келеңсіз жайттарды айтудан аулақ болғаны жөн. Қайта, ол некеге бастау берген Ехоба мен оның керемет кеңестеріне баса назар аударып, көңілге жел береді, әрі оның сөздерінен жылулық сезіліп тұрады. Иә, ақсақалдың құрметпен айтқан баяндамасы некелесудің Ехоба Құдайға даңқ әкелетіндей болуына ықпал етеді.
17. Неге мәсіхшілердің некелері заңды болу керек?
17 Сірә, бұл мақалада некенің заңды болуына қатысты біраз жайттарды байқаған боларсың. Олардың кейбірі сенің еліңе жат шығар. Бірақ бәріміздің де келесі аса маңызды нәрсені түсінгеніміз дұрыс: Ехоба Куәгерлерінің некелесуге қатысты шараларынан жергілікті заңдардың, яғни патша талаптарының, құрметтелетіні көрініп тұру керек (Лұқа 20:25). Пауыл бізді мынаған шақырады: “Әркімге тиістісін беріңдер: алым-салықты — салықшыларға, кеден салығын — кеденшілерге төлеп, сый-құрмет пен қадірді — тиістілерге көрсетіңдер” (Римдіктерге 13:7). Иә, мәсіхшілердің некеге тұрған сәттен бастап Құдайдың орнатқан бүгінгі құрылымына құрмет көрсеткендері дұрыс.
18. Некелесуден кейін не істелуі мүмкін және бұған қатысты мәліметті қайдан табуға болады?
18 Көптеген мәсіхшілер некелескеннен кейін, отырыс, немесе үйлену тойын, жасайды. Исаның да үйлену тойлардың біріне қатысқаны есіңде болар. Егер болашақ жұбайлар осындай той жасауды шешсе, қалай Киелі кітаптағы кеңестер оны да Ехобаға даңқ әкелетіндей, ал өздеріне және мәсіхшілер қауымына жақсы ықпал ететіндей етіп өткізулеріне көмектеседі? Келесі мақала осы тақырыпқа бағышталады.
[Сілтемелер]
a Ехоба Куәгерлері “Құдай алдындағы құрметке лайық неке” деп аталатын 30 минуттық баяндама жоспарын қолданады. Баяндамада “Отбасы бақытының сыры” кітабы мен Ехоба Куәгерлері басып шығарған басқа да басылымдардағы Жазбаларға негізделген жақсы-жақсы кеңестер айтылады. Бұл — күйеу жігіт пен қалыңдық үшін де, өзгелер үшін де пайдалы баяндама.
b Жергілікті заң бойынша басқа еш нәрсе талап етілмесе, Құдайға даңқ әкелетін келесі ант айтылады. Күйеу жігіттің сөздері: “Мен (күйеу жігіттің есімі) сені, (қалыңдықтың есімі), әйелдікке алып, Киелі жазбаларда Құдайдың мәсіхші күйеулерге берген заңына сай, сүйіп және аялап өтемін. Құдайдың некеге қатысты орнатқан құрлымына сәйкес екеуміз жер бетінде бірге өмір сүрген уақыттың бәрінде солай етемін”. Қалыңдықтың сөздері: “Мен, (қалыңдықтың есімі), саған, (күйеу жігіттің есімі), күйеуге шығып, Киелі жазбаларда Құдайдың мәсіхші әйелдерге берген заңына сай, сүйіп, аялап және барынша құрметтеп өтемін. Құдайдың некеге қатысты орнатқан құрлымына сәйкес екеуміз жер бетінде бірге өмір сүрген уақыттың бәрінде солай етемін”.
c Некелі жұбайлардай тұруға қатысты қосымша мәліметті 1962 жылғы “Күзет мұнарасының” (ағл.) 1 мамырдағы санының 287-бетінен табуға болады.
Естеріңде ме?
• Неге біз некелесудің заңға және Жазбаларға сай болуын ескеруіміз керек?
• Мәсіхшілер некелерін мемлекеттік органда қидырса, артынша не істелгенін дұрыс көруі мүмкін?
• Неге жас жұбайларға арналған баяндама Патшалық сарайында айтылады?
[8-беттегі сурет]
Ежелде исраилдік жігіт үйленгенде, қалыңдығын өзінің не әкесінің үйіне әкелетін
[11-беттегі сурет]
Мәсіхшілер дәстүрлі некеден кейін Патшалық сарайында баяндама айтылғанын жөн көруі мүмкін