Сендер діни қызметкерлер патшалығы боласыңдар
“Сендер Маған бағышталған қасиетті халқым әрі діни қызметкерлер патшалығым боласыңдар” (МЫС. Ш. 19:6 сілт.).
1, 2. Әйелдің ұрпағын неге қорғау қажет болды?
КИЕЛІ КІТАПТАҒЫ алғашқы пайғамбарлық Ехобаның еркі қалай жүзеге асатынын түсінуімізге көмектеседі. Едемде уәде бергенде, шынайы Құдай: “Әйел екеуіңді, сенің [Шайтан] ұрпағың мен оның ұрпағын өзара өштестіріп қоямын”,— деген. Бұл өштестіктің ақыры қандай болмақ еді? Ехоба былай деді: “Әйелдің ұрпағы басыңды мыжып, ал сен [Шайтан] оның өкшесін шағатын боласың” (Жар. 3:15). Жылан мен әйелдің қатты өштесетіні соншалық — әйелдің ұрпағының көзін құрту үшін, Шайтан қолдан келгеннің бәрін істемек еді.
2 Сондықтан забур жыршысының Құдайдың таңдаулы халқы жөнінде былай деп дұға еткені таңғалдырмайды: “Себебі жауларың у-шу көтеруде, Сені жек көретіндер өркөкіректенуде. Халқыңа қарсы олар сұмдық ойласуда, Өзіңе қымбат жандарға қарсы ақылдасуда: — Кәне, құртайық оларды ұлттар арасынан, Исраил аталмасын енді қайтып ешқашан” (Заб. 82:3—5). Әйелдің ұрпағы шығатын ататекті құрып кетуден және бүлінуден қорғау керек болды. Сол себепті Ехоба өз еркінің жүзеге асуына ықпал ететін тағы заңды келісімдер бекітті.
ҰРПАҚТЫ ҚОРҒАЙТЫН КЕЛІСІМ
3, 4. а) Заң келісімі қашан күшіне енді және Исраил халқы не істеуге келісті? ә) Заң келісімінің мақсаты неде еді?
3 Ыбырайым, Ысқақ, Жақыптың үрім-бұтағы өсіп-өніп, бірнеше миллион болғанда, Ехоба оларды Исраил халқы етіп қалыптастырды. Ехоба Мұса арқылы сол халықпен ерекше келісім жасасып, Заң берді. Ал халық болса ондағы талаптарды орындауға келісті. Бұл жайында Киелі кітапта былай делінген: “[Мұса] Келісім кітабын алып, халыққа дауыстап оқып берді. Олар: — Жаратқан Иенің айтқандарының бәрін орындап, мойынсұнатын боламыз,— деп жауап қайырды. Содан Мұса қанды [құрбандыққа шалынған бұқалардың қанын] алып, оны халыққа бүркіп тұрып: — Бұл — Жаратқан Иенің осы айтылған сөздердің бәрі бойынша өздеріңмен жасаған Келісімін бекітетін қан,— деді” (Мыс. ш. 24:3—8).
4 Заң келісімі б. з. б. 1513 жылы Синай тауында күшіне енді. Осы келісімге сай, ежелгі Исраил Құдайдың таңдаулы халқы, ал Ехоба олардың “Соттаушысы, Заң Шығарушысы, Патшасы” болмақ еді (Ишая 33:22). Исраил халқының тарихынан олар Құдайдың әділ талаптарын орындағанда және орындамағанда не болғаны көрінеді. Құдай Заңы исраилдіктерге пұтқа табынушылармен жегжаттасуға, жалған тәңірлерге табынуға тыйым салатын. Осылайша Заңның мақсаты Ыбырайымның үрім-бұтағын бүлінуден қорғау еді (Мыс. ш. 20:4—6; 34:12—16).
5. а) Заң келісімінің арқасында Исраил үшін қандай мүмкіндік туды? ә) Құдай Исраил халқынан неге бас тартты?
5 Бұған қоса, Заң келісімі бойынша, Исраилде діни қызметкерлер тағайындалатын болды. Олар болашақта әлдеқайда көп игілікке жеткізетін діни қызметкерлердің нышаны еді (Евр. 7:11; 10:1). Иә, осы келісімнің арқасында Исраил халқына “діни қызметкерлер патшалығы” болу мүмкіндігі туды. Мұндай мәртебеге ие болу үшін олар Ехобаның заңдарына мойынсұнуы тиіс еді (Мысырдан шығу 19:5, 6 сілтеме, оқы). Бірақ олар бұл талапты орындамады. Исраилдіктер Ыбырайымның ұрпағының басты мүшесі Мәсіх келгенде, құрметпен қарсы алудың орнына, одан бас тартты. Сондықтан Құдай да олардан бас тартты.
6. Қалай Заң өз мақсатына жетті?
6 Исраил халқы Ехобаға адалдық сақтамағандықтан діни қызметкерлер патшалығы бола алмады. Бірақ бұл Заңның қандай да бір кемшілігі болған дегенді білдірмейді. Заң ұрпақты қорғады, әрі адамзатты Мәсіхке жетеледі. Ал Мәсіх келіп, оның кім екені белгілі болғанда, Заң өз мақсатына жетті. Киелі кітапта: “Мұса заңының соңы — Мәсіх”,— делінген (Рим. 10:4). Сөйтсе де: “Діни қызметкерлер патшалығы болу мәртебесі енді кімге беріледі?”— деген сұрақ туындайды. Ехоба Құдай жаңа халық қалыптастыру үшін тағы бір заңды келісім бекітті.
ЖАҢА ХАЛЫҚТЫҢ ПАЙДА БОЛУЫ
7. Ехоба жаңа келісімге қатысты Еремия пайғамбар арқылы не айтты?
7 Заң келісімі күшін жоғалтардан ұзақ уақыт бұрын Ехоба Еремия пайғамбар арқылы Исраил халқымен “жаңа келісім” жасасатынын айтқан (Еремия 31:31—33 оқы). Бұл келісім Заң келісімінен өзгеше болды. Себебі жаңа келісім бойынша, күнә кешірілу үшін құрбандыққа мал шалудың қажеті жоқ еді. Қалайша?
8, 9. а) Исаның төгілген қанының арқасында не нәрсе мүмкін болды? ә) Жаңа келісімнің мүшелері үшін қандай мүмкіндік ашылды? (Мақаланың басындағы суретті қара.)
8 Ғасырлар өте, б. з. 33 жылының 14 нисанында, Иса Иеміздің кешкі асын ендірді. Ол 11 адал шәкіртіне тостағанға құйылған шарапты ұсынып жатып, былай деді: “Мына тостаған сендер үшін төгілетін қаныма негізделген жаңа келісімді білдіреді” (Лұқа 22:20). Ал Матай Исаның шарапқа қатысты айтқан сөздерін: “Бұл көптеген адамдардың күнәсі кешірілу үшін төгілетін менің қанымды — “келісім қанын” — білдіреді”,— деп жеткізген (Мат. 26:27, 28).
9 Исаның төгілген қаны жаңа келісімді күшіне ендірді. Сонымен қатар Исаның қанының арқасында адамдардың күнәсі біржола кешірілетін болды. Ал Исаның өзіне бұл келісімнің қатысы жоқ. Өйткені күнәсіз болғандықтан ол кешірімді қажет етпейді. Сөйткенмен де Құдай оның төгілген қанының құнын Адам атаның ұрпақтарының күнәсін кешіру үшін қолдана алады. Сондай-ақ кейбір адал адамдарды киелі рухымен майлау арқылы өзінің “баласы” ете алады (Римдіктерге 8:14—17 оқы). Осылайша Құдай оларды бейкүнә деп қарастыратындықтан, қандай да бір мағынада олар Құдайдың күнәсіз Ұлы Иса сияқты болмақ. Киелі рухпен майланған сол адамдарға “Мәсіхпен мұралас”, сондай-ақ “діни қызметкерлер патшалығы” болу мүмкіндігі ашылды. Кезінде Исраил халқы осы мәртебеден айырылып қалған еді. “Мәсіхпен мұралас” болуға қатысты елші Петір былай деген: “Сендер өздеріңді түнектен тамаша жарығына шақырғанның “керемет қасиеттерін барлық жерде жариялау үшін таңдалған нәсіл, патша әрі діни қызметкерлер, қасиетті халық және Құдайдың ерекше меншігісіңдер” (Пет. 1-х. 2:9). Иә, жаңа келісімнің атқаратын рөлі аса маңызды! Осы келісімнің арқасында Исаның шәкірттері Ыбырайымның ұрпағының қосалқы мүшесі бола алады.
ЖАҢА КЕЛІСІМНІҢ КҮШІНЕ ЕНУІ
10. Жаңа келісім қашан күшіне енді және неге бұлай дейміз?
10 Жаңа келісім қашан күшіне енді? Иса Иеміздің кешкі асын ендірген түні бұл келісім күшіне енген жоқ. Бұл үшін Исаның қаны төгіліп, оның құны көкте Ехобаға ұсынылуы керек-тін. Сондай-ақ “Мәсіхпен мұралас” болатындарға киелі рух қонуы тиіс еді. Демек, жаңа келісім б. з. 33 жылының Елуінші күн мейрамында Исаның адал шәкірттері киелі рухпен майланғанда күшіне енді.
11. а) Жаңа келісімнің арқасында яһудилер мен басқа ұлт адамдарына рухани Исраилдің мүшесі болуға қалай мүмкіндік ашылды? ә) Жаңа келісім бойынша олардың саны қанша болады?
11 Ехоба Еремия пайғамбар арқылы Исраилмен жаңа келісім жасасатынын айтқанда, уақыт өте келе Заң келісімінің қажет болмай қалатыны белгілі болды. Бірақ Заң келісімі жаңа келісім күшіне енген соң ғана күшін жоғалтты (Евр. 8:13). Бұдан кейін яһудилермен қатар, сүндеттелмеген басқа халықтарға да Мәсіхпен мұралас болу мүмкіндігі ашылды. Себебі олардың сүндеті “жазбаша заң арқылы емес, рух арқылы жүрекке жасалған сүндет” еді (Рим. 2:29). Олармен жаңа келісім жасасу арқылы Құдай өз “заңдарын олардың саналарына салып, жүректеріне жазып қоймақ” болатын (Евр. 8:10). Жаңа келісім “Құдайдың Исраилін”, яғни рухани Исраилді, құрайтын жаңа халықпен — 144 000 майланған мәсіхшімен жасалды (Ғал. 6:16; Аян 14:1, 4).
12. Заң келісімі мен жаңа келісімнің қандай ұқсастықтары бар?
12 Заң келісімі мен жаңа келісімнің қандай ұқсастықтары бар? Заң келісімі Ехоба мен Исраил халқының арасында, жаңа келісім болса Ехоба мен рухани Исраилдің арасында жасалды. Алдыңғы келісімнің келістірушісі Мұса еді, ал жаңасынікі Иса болды. Заң келісімі малдың қаны арқылы, ал жаңа келісім Исаның қаны арқылы күшіне енді. Исраил халқы Заң келісімі бойынша Мұсаның қол астына жұмылдырылды, жаңа келісімге тұратындар болса қауымның Басы Исаның қол астында (Ефес. 1:22).
13, 14. а) Жаңа келісімнің Патшалықпен қандай байланысы бар? ә) Мәсіхпен бірге көкте билік ете алу үшін рухани Исраилге не қажет болды?
13 Жаңа келісімнің Патшалықпен қандай байланысы бар? Сол келісімнің арқасында қасиетті халық пайда болып, олар үшін Көк Патшалығында патша әрі діни қызметкер болу мүмкіндігі ашылады. Олар Ыбырайымның ұрпағының қосалқы мүшелерін құрайды (Ғал. 3:29). Осылайша жаңа келісім Ыбырайыммен жасалған келісімнің жүзеге асатынына кепілдік береді.
14 Жаңа келісім арқылы рухани Исраил пайда болып, оларға “Мәсіхпен мұралас” болуға жол ашылғанмен, тағы бір жайт жүзеге асуы тиіс еді. Көкте Исамен бірге патша әрі діни қызметкер болу үшін, олармен заңды келісім жасалу қажет болды.
МӘСІХПЕН БІРГЕ БИЛІК ЕТУГЕ МҮМКІНДІК БЕРЕТІН КЕЛІСІМ
15. Иса адал елшілерімен қандай келісім жасасқан?
15 Иеміздің кешкі асын ендіргеннен кейін, Иса адал шәкірттерімен келісім жасасты. Бұл келісім Патшалық келісімі деп аталады (Лұқа 22:28—30 оқы). Патшалық келісімінің өзгелерінен айырмашылығы — оны Ехоба емес, Иса жасасқан. Бұл — Иса мен оның майланған шәкірттерінің арасындағы келісім. Иса: “Әкемнің менімен патшалық келісімін жасасқанындай”,— дегенде, Ехобаның өзімен жасасқан келісімді — “Мәліксадық сияқты мәңгілікке діни қызметкер” болуға қатысты келісімді — ойда тұтса керек (Евр. 5:5, 6).
16. Патшалық келісімі майланған мәсіхшілерге қандай мүмкіндік береді?
16 Иса сыналған кездерде, 11 адал елшісі онымен бірге болған. Патшалық келісімі олар үшін көктегі тақтарда отырып, Исамен бірге патша әрі діни қызметкер болатындарының кепілдігі болды. Бірақ мұндай мәртебе тек 11 елшіге берілген жоқ. Салтанатқа кенелген Иса аянда елші Жоханға көрініп: “Жеңімпазды өзіммен бірге тағыма отырғызамын, өйткені мен де жеңіп шығып, Әкеммен бірге оның тағына отырдым”,— деген (Аян 3:21). Осылайша Патшалық келісімі 144 000 майланған мәсіхшімен жасалды (Аян 5:9, 10; 7:4). Бұл келісім олар үшін Исамен көкте билік етуге заңды негіз болды. Мысалы, ақсүйек әулетінен шыққан қалыңдық патшамен некелескенде, бұл оған патшамен бірге билік құруға мүмкіндік береді. Патшалық келісімін осыған теңеуге болады. Жазбаларда майланған мәсіхшілер Иса Мәсіхтің “қалыңдығына”, пәк бойжеткенге теңелген (Аян 19:7, 8; 21:9; Қор. 2-х. 11:2).
ҚҰДАЙ ПАТШАЛЫҒЫНА ДЕГЕН СЕНІМІҢ НЫҚ БОЛСЫН
17, 18. а) Патшалыққа қатысты жасалған алты келісімге шолу жаса. ә) Ненің арқасында Патшалыққа деген сеніміміз берік бола алады?
17 Екі мақалада қарастырылған келісімдердің әрқайсысының Патшалыққа қатысты бір не бірнеше маңызды жайтпен байланысы бар. (“Құдай өз еркін жүзеге асырады” кестесін қара.) Бұдан Патшалықтың заңды келісімдерге негізделгені көрінеді. Ендеше, Құдай жер мен адамзатқа қатысты о бастағы ниетін Мәсіхтің Патшалығы арқылы жүзеге асыратынына толық сенім артуымызға болады (Аян 11:15).
18 Патшалықтың адам баласын мәңгілік игілікке жеткізетініне титтей болсын күмән болуы мүмкін бе? Жоқ, біз адамзаттың қиындықтарын тек Құдай Патшалығы шешетініне кәміл сенеміз! Олай болса, осы шындықты құлшына жария етейік! (Мат. 24:14).