Исаға ұқсап, “Шайтанға қарсы тұрыңдар”
“Шайтанға қарсы тұрыңдар, сонда ол сендерден безіп кетеді” (ЖАҚ. 4:7).
1. Иса жерде қандай қарсылыққа кезігетінін білді және мұның нәтижесі қандай болмақ еді?
ИСА МӘСІХ Шайтанның тарапынан қарсылыққа кезігетінін білген. Бұл Құдайдың жыланға, яғни оның артында тұрған бүлікшіл зұлым рухқа, айтқан келесі сөздерінен көрінеді: “Әйел [Ехобаның ұйымының көктегі бөлігі] екеуіңді, сенің ұрпағың мен оның ұрпағын өзара өштестіріп қоямын. Әйелдің ұрпағы [Иса Мәсіх] басыңды мыжып, ал сен оның өкшесін шағатын боласың” (Жар. 3:14, 15; Аян 12:9). Исаның өкшесінің шағылуы жерде болған кезінде өлтіріліп, қысқа уақытқа зардап шегетінін білдірді. Өйткені Ехоба оны қайта тірілтіп, көктегі ұлылыққа бөлемек еді. Ал Шайтанның басының мыжылуы оның біржола жойылатынын білдірді (Елшілердің істері 2:31, 32; Еврейлерге 2:14 оқы).
2. Неге Ехоба Исаның Ібіліске қарсы тұра алатынына сенімді болған?
2 Ехоба Исаның жерде өз тапсырмасын табысты орындап, Шайтанға қарсы тұра алатынына толық сенімді болған. Не себепті? Өйткені ол көптеген ғасырлар бұрын көкте Исаны жаратып, оны сырттай бақылаған, сонда осы “шебер жұмысшының” (ЖД) әрі ‘жаратылыс атаулыдан бұрын бар болған’ тұлғаның өзіне мойынсұнғыш әрі адал екенін көрген (Нақ. с. 8:22—31; Қол. 1:15 сілт.). Сондықтан ол Исаны жерге жіберіп, Ібілістің оны сынап, өлтіруіне жол бергенде, жалғыз Ұлының жеңімпаз болып шығатынына сенімді болған (Жох. 3:16).
Ехоба өз қызметшілерін аман сақтайды
3. Шайтан Ехобаның қызметшілеріне қалай қарайды?
3 Иса Ібілісті “осы дүниенің әміршісі” деп атады және шәкірттеріне өзі сияқты қудаланатынын ескертті (Жох. 12:31; 15:20). Шайтан Ібіліс билігін жүргізіп отырған осы дүние шынайы мәсіхшілерді жек көреді, себебі олар Ехобаға қызмет етеді және әділдікті уағыздайды (Мат. 24:9; Жох. 1-х. 5:19). Ібілістің басты нысанасы — кейін Мәсіхпен бірге оның көктегі Патшалығында билік ететін майланғандар тамтығы. Сондай-ақ ол жер бетіндегі жұмақта мәңгі өмір сүруге үміттенетін Ехоба куәгерлерін де өз нысанасына алған. Құдай Сөзі бізге: “Сендердің қас жауларың, шайтан, ақырған арыстандай... кімді жалмасам деп торуылдап жүр”,— деп ескертеді (Пет. 1-х. 5:8).
4. Бүгінде Құдай халқының Шайтанға қарсы тұрып жатқанына қандай дәлел бар?
4 Ехобаның қолдауына ие болған ұйым ретінде біз Ібіліске қарсы тұрып келеміз. Мына жайтқа көңіл бұршы: соңғы жүз жылда тарихтағы кейбір өте жауыз диктаторлық үкіметтер Ехоба куәгерлерінің көзін құртпақ болды. Алайда Куәгерлердің саны өсе түсіп, бүгінде дүниежүзі бойынша 100 мыңнан астам қауымда шамамен 7 миллионға жетті. Ал Ехобаның халқын қудалаған қатыгез диктаторлық үкіметтердің өздері құрып кетті!
5. Ишая 54:17-дегі уәде Ехобаның халқына қатысты қалай орындалуда?
5 Құдай ‘әйелге’ теңелген ежелгі Исраил қауымына былай деп уәде берді: “Бұдан былай қандай қару-жарақ саған қарсы жасалса да, сені құрта алмайтын болады. Өзіңді айыптағандардың сөздерін әшкерелеп, жоққа шығарасың. Тәңір Иенің қызметшілері осы игіліктерді иеленетін болады. Оларды Өзім ақтап аламын” (Ишая 54:1, 17). Бұл уәде осы “соңғы дәуірде” өмір сүріп жатқан дүниенің төрт бұрышындағы Ехобаның халқына қатысты да орындалуда (Тім. 2-х. 3:1—5, 13). Біз Шайтанға қарсы тұрып келеміз және Ехоба біздің жағымызда болғандықтан, оның Құдай халқын құрту үшін қолданып жатқан кез келген қаруы бекер болуда (Заб. 117:6, 7).
6. Даниял пайғамбарлығынан Ібілістің билігінің келешегі жайында не білеміз?
6 Жылдам жақындап келе жатқан осы зұлым дүниенің соңы келгенде, Шайтанның билігінің барлық бөлігі құрып жоқ болады. Құдай рухының жетелеуімен Даниял пайғамбар: “Сол патшалықтардың [қазіргі уақыттағы] кезінде көктегі Құдай өмір-бақи құламайтын [көкте] патшалық құрады әрі ол патшалық өзге бір халықтарға берілмейтін болады; ол барлық [қазіргі] патшалықтарды қиратып, талқандайды, ал өзі мәңгілік тұрады”,— деп алдын ала айтқан (Дан. 2:44). Бұл пайғамбарлық орындалғанда, Шайтанның да, кемелсіз адамзаттың да билігі жойылады. Шайтанның дүниесінің барлық бөлігі мәңгілікке құрып, Құдай Патшалығы жер бетіне еш кедергісіз билік жүргізеді (Петірдің 2-хаты 3:7, 13 оқы).
7. Ехобаның әрбір қызметшісі Шайтанға қарсы тұра алатынын қайдан білеміз?
7 Ал Ехобаның ұйымы аман сақталып, рухани өркендей беретіні сөзсіз (Забур 125:1, 2 оқыa). Ал жеке әрқайсымыз жайлы не деуге болады? Киелі кітапта біздің де дәл Иса сияқты Шайтанға қарсы тұра алатынымыз айтылған. Мәсіхтің елші Жохан арқылы айтқан пайғамбарлығынан Шайтанның қарсылығына қарамастан, жерде өмір сүруге үміттенетін “өте үлкен тобырдың” осы зұлым дүние жойылғанда, аман қалатыны көрінеді. Жазбаларға сәйкес, олар: “Құтқарылу — тақта отырған Құдайымыз бен Тоқтының [Иса Мәсіхтің] билігінде!”— деп қатты дауыстауда (Аян 7:9—14). Майланғандар Шайтанды жеңіп келе жатқандар ретінде сипатталған, олардың серіктері “басқа қойлар” да Ібіліске қарсы тұруда (Жох. 10:16; Аян 12:10, 11). Бірақ бұл үшін көп күш салу қажет әрі ‘әзәзіл шайтаннан құтқаруды’ сұрап шын жүректен дұға ету керек (Мат. 6:13 сілт.).
Шайтанға қарсы тұрудың кемелді үлгісі
8. Шайтан айдалада Исаны бірінші рет қалай азғырмақ болды және Иса оған қалай жауап берді?
8 Ібіліс Исаны мінсіздігінен тайдыруды ойлады. Сөйтіп, айдалада оны Ехобаға мойынсұнбай, оның еркіне қарсы әрекет еткізу үшін азғырмақ болды. Алайда Иса Шайтанға қарсы тұрудың кемелді үлгісін көрсетті. 40 күн, 40 түн ораза тұтқан соң, ол әбден ашыққан болу керек. Сонда Шайтан оған: “Егер Құдайдың рухани Ұлы болсаң, мына тастар нанға айналсын деп бұйыра гөр!”— дейді. Бірақ Иса Құдайдың берген күшін өз мүддесі үшін қолданудан бас тартады. Ол: “Адам тек нанмен ғана емес, Құдайдың аузынан шыққан әрбір сөзімен өмір сүреді” деп жазылған ғой!”— деп жауап береді (Мат. 4:1—4; Заң. қ. 8:3).
9. Неге Ібілістің табиғи қалауымызды пайдалануына жол бермеуіміз керек?
9 Бүгінде Ібіліс Ехобаның қызметшілерінің табиғи қалауларын пайдаланып қалуға тырысады. Сондықтан әсіресе азғындық кең жайлаған осы дүниеде заңсыз жыныстық қатынасқа баруға азғырылмауымыз керек. Құдай Сөзі мынаған ерекше назар аударады: “Әлде әділетсіздердің Құдай Патшалығынан орын алмайтынын білмейсіңдер ме? Алданбаңдар: азғындар, жалған тәңірлерге құлшылық етушілер, неке адалдығын бұзушылар, нәпсіқұмарлар, еркекжанды еркектер... үшін Құдай Патшалығында орын жоқ!” (Қор. 1-х. 6:9, 10). Демек, азғын өмір кешіп, өзгеруді қаламайтын адамдар Құдайдың жаңа дүниесіне кірмейді.
10. Матай 4:5, 6-ға сай, Шайтан Исаны мінсіздігінен тайдыру үшін тағы қалай азғырмақ болды?
10 Исаның айдалада кезіккен тағы бір сынағы жайлы Жазбаларда былай делінген: “Шайтан Оны қасиетті қалаға (Иерусалимге) апарып, ғибадатхананың төбесіне шығарып, былай деді: — Егер Құдайдың рухани Ұлы болсаң, төмен қарай секіре гөр! Өйткені Киелі жазбада “Періштелеріне Ол Сен туралы бұйрық береді. Сен аяғыңды тасқа соғып алмауың үшін олар Сені қолдарына көтеріп алып жүреді” деп жазылған ғой” (Мат. 4:5, 6). Шайтанның меңзеуінше, бұлай ету Исаның Мәсіхтік билігінің керемет көрінісі болар еді. Алайда, шын мәнінде, бұл Құдай мақұлдамайтын орынсыз әрі өрескел әрекет болмақ еді. Осы жолы да Иса мінсіздігінен таймай, Жазба орнын келтіріп жауап қатады. Ол: “Құдай Иеңді еркінсіп сынама!” деп те жазылған ғой!”— дейді (Мат. 4:7; Заң. қ. 6:16).
11. Шайтан бізді қалай азғыруға тырысады және бұл неге әкеп соғуы мүмкін?
11 Шайтан бізді Ехобаны сынауға азғыруы мүмкін. Қалай? Ол осы дүниенің мақұлдауына ие болуға талпындыруы мүмкін. Сондай-ақ оның үнемі құбылып тұратын киім кию, сәндену үлгісіне еліктеуге және күдікті көңіл көтеру түрлеріне қатысуға еліктіруі мүмкін. Алайда Киелі кітап кеңестеріне құлақ аспай, осы дүниеге еліктейтін болсақ, мұндай жүріс-тұрысымыздың салдарынан періштелер қорғап қалады деп үміттене аламыз ба? Дәуіт патша Барсабиямен жасаған күнәсіна өкінгенімен, оның салдарынан қашып құтылған жоқ (Пат. 2-ж. 12:9—12). Ендеше, Ехобаны орынсыз жолдармен, мысалы осы дүниемен достасуға ұмтылу арқылы, сынамайық (Жақып 4:4; Жоханның 1-хаты 2:15—17 оқы).
12. Матай 4:8, 9-да қандай сынақ жөнінде айтылған және Құдай Ұлы не істеді?
12 Ібіліс Исаға саяси билік ұсынып, тағы да сынады. Оған әлемнің барлық мемлекеттері мен олардың сән-салтанатын көрсетіп: “Егер аяғыма жығылып табынсаң, бұлардың бәрін де Саған беремін”,— деді (Мат. 4:8, 9). Бұл — Ехобаға тиесілі ғибадатты қалап, Исаны Құдайға деген адалдығынан тайдыру үшін жасалған неткен арсыз әрекет! Бір кездері адал болған періште өзіне ғибадатты көксеп, ақырында күнәкар, ашкөз, жауыз азғырушы Шайтан Ібіліске айналды (Жақ. 1:14, 15). Ал Иса Шайтанға мүлдем қарама-қайшы әрекет етіп, көктегі Әкесіне адал болып қалу шешіміне берік болды, сондықтан да ол: “Кет қасымнан, шайтан! “Құдай Иеңе ғибадат етіп, жалғыз Оған ғана қызмет ет!” деп жазылған ғой!”— деді. Осылайша Иса тағы да Шайтанға ашық қарсылық білдірді. Құдай Ұлы Шайтанның дүниесінің бірде-бір нәрсесін қаламады. Сондай-ақ ол Зұлымға ешқашан ғибадат етпес те еді (Мат. 4:10; Заң. қ. 6:13; 10:20).
“Шайтанға қарсы тұрыңдар, сонда ол сендерден безіп кетеді”
13, 14. а) Исаға әлемнің бүкіл патшалықтарын көрсетуімен Ібіліс не ұсынды? ә) Шайтан қалай жүрегімізді бұзуға тырысады?
13 Ібіліс Исаға әлемнің бүкіл патшалықтарын көрсету арқылы оған бірде-бір адамның қолы жетпеген билікті ұсынды. Ол Исаның көрген нәрсесі оны қызықтырып, жердегі ең күшті саяси басшы бола алатынына көзін жеткізеді деп үміттенді. Бүгінде Шайтан бізге патшалықтарды ұсынбаса да, көргеніміз, естігеніміз және ойымыз арқылы жүрегімізді бұзуға тырысады.
14 Осы дүние Ібілістің қадағалауында. Демек, бұқаралық ақпарат құралдары да оның қолында. Сондықтан да осы дүниедегі көретін, еститін, оқитын мәліметтердің бәрі азғындық пен зорлық-зомбылыққа толы екені таңғалдырмайды. Осы дүниелік жарнамалар бізді қажеті жоқ көптеген заттарды алуға талпындырады. Солар арқылы Ібіліс көзіміз бен құлағымызға жағымды және ой-санамызды жаулап алатын материалдық игіліктермен үнемі еліктіреді. Алайда Жазбаларға қайшы келетін көретін, еститін, оқитын мәліметтерден бас тартар болсақ, біз, былайша айтқанда: “Кет қасымнан, Шайтан!”— дейміз. Осылайша Исаға ұқсап, Шайтанның арамдалған дүниесіне қарсы тұруда беріктік пен табандылық танытамыз. Сондай-ақ жұмыста, мектепте, көршілеріміз бен туыстарымыздың арасында өзімізді батылдықпен Ехоба куәгері және Мәсіхтің ізбасары ретінде танытуымызбен Шайтанның дүниесіне жатпайтынымызды көрсетеміз (Марқа 8:38 оқы).
15. Неліктен Шайтанға қарсы тұру үшін, үнемі сергек болу керек?
15 Шайтанның Исаны мінсіздігінен айырмақшы болған үшінші сынағы сәтсіз аяқталған соң, “Оның қасынан кетіп қалды” (Мат. 4:11). Бірақ ол Исаны азғырмақ ниетінен айныған жоқ, өйткені біз былай деп оқимыз: “Шайтан [айдаладағы] барлық сынақтарын бітірген соң уақытша [“басқа бір ыңғайлы уақытқа дейін” ЖД] Оның қасынан кетіп қалды” (Лұқа 4:13). Ібіліске қарсы тұра алғанда, біз Ехобаға ризашылық білдіруіміз қажет. Бірақ әрі қарай да оның көмегіне жүгінуіміз керек, себебі Шайтан өзіне ыңғайлы басқа бір уақытта — бәлкім, біз сынақты күтпеген уақытта — оралуы мүмкін. Сондықтан әрдайым сергек болып, сынақтарға қарамастан Құдайға деген қасиетті қызметімізді табандылықпен атқара беруге дайын болуымыз керек.
16. Ехоба бізге қандай құдіретті күш береді және неге оны сұрауымыз керек?
16 Шайтанға қарсы тұра алуымыз үшін, әлемдегі ең құдіретті күш — Құдайдың киелі рухын сұрап дұға етуіміз керек. Ол өз күшімізбен істей алмайтынды істеуге көмектеседі. Иса ізбасарларын Құдай рухын ала алатындарына сендіріп, былай деді: “Өздерің [кемелсіз болғандықтан, салыстырмалы түрде] күнәкар бола тұра балаларыңа жақсылық жасауды білсеңдер, көктегі Әкенің Өзінен сұрағандарға Киелі Рухын сыйлайтыны ешбір шүбәсыз!” (Лұқа 11:13). Олай болса, Ехобадан киелі рух сұрауды доғармайық. Осы ең құдіретті күштің арқасында Шайтанға қарсы тұру шешімімізге берік болып, әрі оны жеңіп шыға аламыз. Үнемі әрі шын жүректен дұға етумен қатар, ‘Шайтанның қастық іс-әрекетіне тойтарыс бере алу’ үшін, Құдай берген “рухани қару-жарақпен” түгел жабдықталуымыз керек (Ефес. 6:11—18).
17. Қандай қуаныш Исаның Шайтанға қарсы тұруына көмектесті?
17 Исаның Шайтанға қарсы тұруына тағы бір нәрсе көмектесті, ол бізге де көмектесе алады. Киелі кітапта: “Иса Өзін күтіп тұрған зор қуаныш үшін айқышқа шегеленудің қорлығын елемей, соған төзді. Бұдан кейін Ол Құдай тағының оң жағындағы орнына жайғасып отырды”,— делінген (Евр. 12:2). Ехобаның бүкіләлемдік билігін қолдау, киелі есімін дәріптеу және мәңгілік өмір сыйын есте ұстау арқылы біз де осындай қуанышқа ие бола аламыз. Ал Шайтан мен оның барлық ісі біржола жойылғанда және ‘момын адамдар жерге ие болып, әлем байлықтарының игілігін көргенде’, қандай қуанышқа кенелеміз десеңші! (Заб. 36:11). Сондықтан Исаға ұқсап, Шайтанға қарсы тұруды жалғастыра берейік (Жақып 4:7, 8 оқы).
[Сілтеме]
a Забур 125:1, 2 (ЖД): “Ехобаға арқа сүйейтіндер мызғымайтын, бірақ мәңгі тұратын Сион тауы іспетті. Таулар Иерусалимді қоршап тұрғанындай, Ехоба да өз халқын енді мәңгілікке айнала қоршап тұрады”.
Қалай жауап берер едіңдер?
• Ехоба өз халқын аман сақтайтынына қандай дәлел бар?
• Иса Шайтанға қарсы тұруға қатысты қандай үлгі көрсетті?
• Шайтанға қалай қарсы тұра аламыз?
[29-беттегі сурет]
Осы дүниемен достассақ, Құдайдың жауына айналамыз
[31-беттегі сурет]
Шайтан ұсынған әлемнің барлық патшалықтарынан Иса бас тартты