“Сендер тек қуануға тиіссіңдер”
“Ехобаға арнап мейрамды тойлаңдар... сендер тек қуануға тиіссіңдер” (ЗАҢДЫ ҚАЙТАЛАУ 16:15, ЖД).
1. а) Шайтан қандай екі даулы мәселе көтерді? ә) Ехоба Адам мен Хауаның бүлігінен соң, қандай пайғамбарлық айтты?
ШАЙТАН Адам мен Хауаны Жаратушысына қарсы бүлік шығаруға итермелегенде, екі маңызды даулы мәселе көтерген болатын. Біріншіден, ол Ехобаның шыншылдығы мен билік ету жолының дұрыстығына шек келтірді. Екіншіден, адам баласы Құдайға тек өз мүддесін көздеп қызмет етеді деген ойға меңзеді. Екінші даулы сұрақ Әйүптің күнінде айқындала түсті (Жаратылыс 3:1—6; Әйүп 1:9, 10; 2:4, 5). Алайда Ехоба дереу жағдайды түзетудің қамын жасады. Адам мен Хауа әлі Едем бағында болғанда-ақ ол мәселені қалай шешетінін алдын ала айтты. Ол “ұрпақ” келетіні жайлы әрі оның өкшесі шағылған соң, Шайтанның басын мыжитыны жайлы пайғамбарлық айтты (Жаратылыс 3:15).
2. Ехоба Жаратылыс 3:15-те айтылған пайғамбарлықты жүзеге асыратынына қалай жарығын төкті?
2 Уақыт өте келе, Ехоба сол пайғамбарлыққа біртіндеп жарығын төкті. Осылайша оның міндетті түрде орындалатынын көрсетті. Мысалы, Құдай Ыбырайымға ‘ұрпақ’ оның әулетінен шығатынын айтты (Жаратылыс 22:15—18). Ыбырайымның немересі Жақып Исраилдің он екі руының арғы атасы болды. Б. з. б. 1513 жылы сол рулар халық болғанда, Ехоба оларға заң жүйесін берді. Оның ішінде жыл сайын тойлаулары керек түрлі мейрамдар да бар еді. Елші Пауыл сол мейрамдардың “келуге тиісті нәрсенің әлсіз нұсқасы” болғанын айтқан (Қолостықтарға 2:16, 17; Еврейлерге 10:1). Сол мейрамдарда Ехобаның орындалу керек ниеті бойынша Ұрпаққа қатысты жайттардың күңгірт жобалары болды. Оларды тойлағанда, Исраил зор қуанышқа кенелді. Қазір сол мейрамдарды қысқаша қарастырып өткеніміз Ехобаның уәделерінің орындалатынына деген сенімімізді нығайта түседі.
Ұрпақтың пайда болуы
3. Уәде етілген Ұрпақ кім болды және қалай оның өкшесі шағылды?
3 Ехоба алғашқы пайғамбарлықты айтқан соң, 4 000 жылдам астам уақыттан кейін уәде етілген Ұрпақ пайда болды. Ол Иса еді (Ғалаттықтарға 3:16). Кемелді адам ретінде Иса өле-өлгенше Құдайға деген мінсіздігін сақтап, осылай Шайтанның жапқан жалалары өтірік екенін дәлелдеді. Сонымен қатар күнәкар болмағандықтан, оның өлімі құны өте жоғары құрбандық болып есептелді. Соның арқасында Иса Адам мен Хауаның адал ұрпақтарына күнә мен өлімнен азат болуға жол ашты. Азап шегу бағанасындағы Исаның өлімі уәде етілген Ұрпақтың ‘өкшесінің шағылғанын’ білдірді (Еврейлерге 9:11—14).
4. Не нәрсе Исаның құрбандығының күңгірт жобасы болды?
4 Иса б. з. 33 жылының 14 нисанында өлдіa. Исраилде 14 нисан Құтқарылу мейрамын тойлайтын қуанышты күн еді. Жыл сайын сол күні отбасылар бірге отырып жас, еш кінәраты жоқ тоқтыны жеген. Осылай олар б. з. б. 1513 жылдың 14 нисанында өлім періштесі мысырлықтардың тұңғыштарын қырып салғанда, исраилдіктердің тұңғыштары тоқтының қанының арқасында аман қалғандарын естеріне салып отырды (Мысырдан шығу 12:1—14). Құтқарылу мейрамына шалынған тоқты Исаның күңгірт жобасы болған. Бұл туралы елші Пауыл: ‘Мәсіх Құтқарылу мейрамына құрбандыққа шалынған тоқтылар іспетті’,— деді (Қорынттықтарға 1-хат 5:7). Құтқарылу күніндегі тоқтының қаны іспетті Исаның төгілген қаны да көп адамдарға құтқарылуға мүмкіндік береді (Жохан 3:16, 36).
“Өлім ұйқысында жатқандардың алғашқы өнімі”
5, 6. а) Иса қашан қайта тірілді және бұл оқиға Заңда қалай алдын ала көрсетілген еді? ә) Исаның қайта тірілуі Жаратылыс 3:15-тің орындалуына мүмкіндік жасады?
5 Иса құрбандығының құнын Әкесіне ұсыну үшін үшінші күні қайта тірілді (Еврейлерге 9:24). Оның қайта тірілуінің күңгірт жобасын басқа мейрам көрсетті. 14 нисан күнінің ертесіне Ашымаған нан мейрамы басталатын. Ал тағы бір күннен соң, яғни 16 нисанда, исраилдіктер діни қызметкер Ехобаның алдында ‘сілкілеп көкке көтеруі’ үшін, Исраилде ең ерте пісетін арпа астығының алғашқы бауларын әкелетін (Леуіліктер 23:6—14). Бұл б. з. 33 жылының 16 нисанына қалай сай келді десеңші! Дәл осы күні Ехоба ‘адал да шынайы Куәгерін’ біржола құртпақ болған Шайтанның қастық әрекеттеріне кедергі жасады. Ол б. з. 33 жылы 16 нисанда Исаны өлімнен рухани денеде мәңгі өлмес өмірге тірілтті (Аян 3:14; Петірдің 1-хаты 3:18).
6 Осылай Иса “өлім ұйқысында жатқандардың алғашқы өнімі” болды (Қорынттықтарға 1-хат 15:20, ЖД). Өзінен бұрын тірілтілген адамдардан айырмашылығы — Иса қайтып өлген жоқ. Ол көкке көтерілді де, көктегі Құдай Патшалығының Патшасы болғанға дейін Ехобаның оң жағында күтіп отырды (Забур 109:1; Елшілердің істері 2:32, 33; Еврейлерге 10:12, 13). Ал енді Патша болған Иса қас жауы Шайтанның басын біржолата мыжып, оның ұрпағын жоя алады (Аян 11:15, 18; 20:1—3, 10).
Ыбырайым ұрпағының басқа да мүшелері
7. Жеті апта мейрамы деген не?
7 Иса Едем бағында уәде етілген және сол арқылы Ехоба ‘шайтанның ісін талқандайтын’ Ұрпақ болды (Жоханның 1-хаты 3:8). Алайда Ехоба Ыбырайыммен сөйлескенде, оның “ұрпағы” бір ғана адам еместігін көрсеткен. Ол “аспандағы жұлдыздар мен теңіз жағасындағы құм қиыршықтары” сияқты көп болар еді (Жаратылыс 22:17, 18). ‘Ұрпақтың’ басқа мүшелерінің болатындығының күңгірт жобасы тағы бір қуанышты мейрамда көрсетілген. 16 нисаннан елу күн өткен соң, Исраил Жеті апта мейрамын (Алғашқы өнім мейрамын) өткізген. Ол жайында Заңда былай делінген: “Жеті аптадан кейінгі алғашқы күнге дейін елу күнді санаңдар да, міне, сонда Жаратушыға жаңа астықтан пісірілген пітір әкеліңдер. Өз үйлеріңнен бидай ұны ефасының оннан екі бөлігін құрайтын және Жаратушыға арналған алғашқы өнім ретінде ашытылып пісірілуге тиіс көкке көтеретін екі нан әкеліңдер”b (Леуіліктер 23:16, 17, 20).
8. Б. з. 33 жылының Алғашқы өнім мейрамында қандай керемет оқиға болды?
8 Иса жерде болған кезінде Жеті апта мейрамы Бесонкүндік (“елуінші” деген грек сөзінен шыққан) деген атаумен белгілі болған. Б. з. 33 жылының Бесонкүндік, немесе Алғашқы өнім, мейрамында ұлы Бас діни қызметкер, қайта тірілген Иса Мәсіх, Иерусалимге жиналған 120 шәкіртінен құралған шағын топқа киелі рух төкті. Осылайша сол шәкірттер Құдайдың майланған ұлдары және Иса Мәсіхтің бауырлары болды (Римдіктерге 8:15—17). Олар жаңа халық, ‘Құдайдың рухани Исраилі’, болды (Ғалаттықтарға 6:16). Сол жаңа халықтың саны азғана адамнан ақырында 144 000-ға жетпек еді (Аян 7:1—4).
9, 10. Майланған мәсіхшілер қауымы Алғашқы өнім мейрамында қалай бейнеленді?
9 Алғашқы өнім мейрамында жыл сайын Ехобаның алдында әрі-бері тербей отырып ұсынылған ашытып пісірілген екі нан майланған мәсіхшілер қауымының күңгірт жобасы болды. Ол нандардың ашыған қамырдан пісірілуі майланған мәсіхшілердің бойында әлі де күнәлары болатынын көрсетті. Соған қарамастан олар Исаның төлем құрбандығының арқасында Ехобаға жақындай алатын (Римдіктерге 5:1, 2). Неге нан екеу еді? Бұл Құдайдың майланған ұлдары түбінде екі топтан — алдымен яһудилерден, сосын, басқа ұлт адамдарынан жиналатынын көрсеткен болса керек (Ғалаттықтарға 3:26—29; Ефестіктерге 2:13—18).
10 Алғашқы өнім мейрамында ұсынылған екі нан алғаш жиналған бидай өнімінен жасалды. Сол сияқты киелі рухтан туылған мәсіхшілер де Құдайдың “жаңа жаратылысындағы тұңғыш рухани балалары [“алғашқы өнімдері”, ЖД]” деп аталады (Жақып 1:18). Олар Исаның төгілген қанының негізінде күнәлары кешірілетіндердің алғашқылары. Күнәларының кешірілуі оларға Исамен бірге Патшалықта билік ететін көкте өлмес өмірді иемденуге мүмкіндік береді (Қорынттықтарға 1-хат 15:53; Філіпіліктерге 3:20, 21; Аян 20:6). Осындай дәрежелерінің арқасында жақын болашақта олар “[халықтарға] қатаң билік жүргізеді” және ‘шайтан аяқтарына жығылғанын’ көреді (Аян 2:26, 27; Римдіктерге 16:20). Елші Жохан: “Тоқты қайда бармасын, олар Оған еріп жүреді. Бұлар — Құдайға және Тоқтыға бағышталған алғашқы сый-тарту. Олар адамзат арасынан төлемдері өтеліп, азат етілгендер еді”,— деген (Аян 14:4).
Құтқарылуға назар аударатын күн
11, 12. а) Тазару күні не істелінетін? ә) Торпақ пен серкелердің құрбандыққа шалынуының исраилдіктер үшін қандай пайдасы болды?
11 Афаним (кейінірек тишри деп аталған)c айының оныншы күні Исраил Исаның төлем құрбандығы қалай қолданылатындығын бейнелеп көрсететін мейрамды атап өтетін. Тазару күні деп аталатын сол күні бүкіл қауым күнәларын жабатын құрбандықтар әкелу үшін жиналатын (Леуіліктер 16:29, 30).
12 Тазару күні бас діни қызметкер торпақты бауыздап, ең қасиетті бөлмедегі келісім сандығының алдына оның қанынан жеті рет бүркіген. Осылайша қанды бейнелі түрде Ехобаның алдына ұсынды. Бұл бас діни қызметкер мен ‘оның үйінің’, көмекші діни қызметкерлер мен леуіліктердің, күнәлары үшін әкелінген құрбандық еді. Сосын, бас діни қызметкер екі серкені алатын. Оның біреуін ‘халықтың’ күнәсы үшін құрбандық ретінде шалды. Оның қанын да ең қасиетті бөлмедегі келісім сандығының алдына бүркитін. Сонан кейін діни қызметкер екінші серкенің басына қолын қойып, Исраил ұрпағының барлық қателіктерін мойындап шығатын. Сөйтіп, бейнелі мағынада халықтың күнәларын алып кету үшін серкені шөл далаға қоя берген (Леуіліктер 16:3—16, 21, 22).
13. Тазару күніндегі әрекеттер Исаның атқаратын рөлін қалай бейнеледі?
13 Сол рәсімдер бейнелегендей, ұлы Бас діни қызметкер Иса өз қанының құнын күнәларды кешіру үшін қолданады. Оның қанының құны, алдымен, 144 000 майланған мәсіхшілердің ‘рухани үйіне’ қолданылып, оларға ‘әділ деп жариялануға’ және Құдайдың алдында таза болуға мүмкіндік береді (Петірдің 1-хаты 2:5, Қорынттықтарға 1-хат 6:11, ЖД). Бұл торпақтың құрбандыққа шалынуымен бейнеленген. Осылайша оларға көктегі мұраларын иемденуге жол ашылды. Екіншіден, Исаның қанының құны Мәсіхке сенім білдірген миллиондаған адамдар үшін қолданылады. Бұл серкенің құрбандыққа шалынуымен көрсетілген. Олар Адам мен Хауаның жоғалтқан мұрасы болып есептелетін жер бетінде мәңгі өмір сүретін болады (Забур 36:10, 11). Иса төгілген қанының арқасында адамзатты күнәсынан арылтады. Бұл тірі серкенің бейнелі мағынада Исраилдің күнәларын шөл далаға алып кеткені сияқты (Ишая 53:4, 5).
Ехобаның алдындағы қуаныш
14, 15. Шыбық күрке мейрамы қалай өтетін және ол исраилдіктердің есіне нені салды?
14 Тазару күнінен соң, исраилдіктер еврей күнтізбесінде ең қуанышты мейрам болып табылатын Шыбық күрке мейрамын тойлаған (Леуіліктер 23:34—43). Бұл мейрам афаним айының 15—21 дейінгі күндер аралығында өтіп, 22-не ‘қасиетті жиылыспен’ аяқталатын. Бұл астықты жинау науқанының аяқталғанын көрсететін және Құдайға мол ізгілігі үшін алғыстарын білдіретін уақыт болған. Сондықтан Ехоба мейрамды тойлаушыларға: “Құдайларың Ехоба өз қолдарыңмен өндіретін дүниелеріңнің барлығына және әрбір ісіңе батасын береді, сондықтан сендер тек қуануға тиіссіңдер”,— деп бұйырды (Заңды қайталау 16:15, ЖД). Бұл қандай қуанышты уақыт болған десеңші!
15 Мейрам күндері исраилдіктер жеті күн бойы шыбық күркелерде тұрды. Бұл оларға бір кездері шөл далада шыбық күркеде тұрғандарын естеріне салды. Осы мейрам Ехобаның әкелік қамқорлығы жайлы ой жүгіртулеріне керемет мүмкіндік берді (Заңды қайталау 8:15, 16). Бай-кедей демей, бәрі бірдей күркелерде тұрып жатқандықтан, бұл исраилдіктерге мейрам кезінде бәрі бірдей екенін еске салатын (Нехемия 8:14—16).
16. Шыбық күрке мейрамы нені бейнеледі?
16 Шыбық күрке мейрамы астық жинауды тойлайтын қуанышты мейрам еді, әрі ол Иса Мәсіхке сенім білдіргендердің қуанышты жиналуын бейнелеп көрсетті. Бұл жинау ісі б. з. 33 жылының Алғашқы өнім мейрамында, яғни Исаның 120 шәкірті ‘қасиетті діни қызметкерлер’ болып майланғанда, басталды. Исраилдіктер күркелерде уақытша бірнеше-ақ күн тұрғаны сияқты, майланғандар да осы құдайсыз дүниеде ‘уақытша тұрғын’ екендерін біледі. Олар көкте өмір сүруге үміттенеді (Петірдің 1-хаты 2:5 сілтемені қараңдар; 11, ЖД). Майланған мәсіхшілердің жиналуы осы “соңғы дәуірде”, 144 000-ның соңғы мүшелері жиналып болғанда, аяқталады (Тімотеге 2-хат 3:1).
17, 18. а) Исаның құрбандығының пайдасын майланған мәсіхшілермен қатар басқалар да көретіні неден көрінеді? ә) Бүгінде үлкен Шыбық күрке мейрамының пайдасын кімдер көруде және осы қуанышты мейрам шарықтау шегіне қашан жетеді?
17 Осы ежелгі мейрам кезінде 70 торпақтың құрбандыққа шалынуы да көңіл қоятын жайт (Руларды санау 29:12—34). 70 саны, яғни 7-ні 10 рет көбейткендегісі, Киелі кітапта көктегі және жердегі толықтықты білдіреді. Демек, Исаның құрбандығының пайдасын Нұхтың 70 ұрпағынан тараған бүкіл адамзаттың адал жандары көреді (Жаратылыс 10:1—29). Сондықтан біздің уақытымызда жиналып жатқандардың аясы кеңейіп, ол Исаға сенім білдірген және жердегі жұмақта өмір сүруге үміттенетін барлық халық адамдарын да қамтып отыр.
18 Қазіргі күні жиналып жатқандар жайлы елші Жохан аянда көрген болатын. Алдымен, ол 144 000-ның соңғы мүшелерін таңбалау жайлы естиді. Сонан соң Ехоба мен Исаның алдында ‘қолдарына пальма бұтақшаларын ұстап тұрған’ “ешбір адам баласы санай алмайтындай өте үлкен тобырды” көреді. Олар ‘ауыр азап’ кезеңінен жаңа дүниеге өтетіндер. Олар да қазір осы зұлым дүниенің уақытша тұрғындары. Сондай-ақ ‘Тоқты олардың бағушысы болып, “өмір суының” бұлақтарына жетелейтін’ уақытты асыға күтуде. Сол кезде “Құдай солардың барлық көз жастарын сүртіп тастамақ” (Аян 7:1—10, 14 сілтемені қараңдар, 15—17). Үлкен Шыбық күрке мейрамы осы өте үлкен тобыр, қайта тірілгендермен қоса, Мәсіхтің мыңжылдық билігінің соңында мәңгілік өмірге ие болғанда, өзінің шарықтау шегіне жетеді (Аян 20:5).
19. Исраилде тойланған мейрамдарды қарастырудың қандай пайдасы бар?
19 Ежелгі яһуди мейрамдарының мағынасы жайлы ой жүгірткенде, біз де ‘тек қуанамыз’. Ехобаның Едемде айтқан пайғамбарлығының орындалуының күңгірт жобаларын қарастыру және оның бірте-бірте қалай орындалып жатқанын көру, шынында да, жан тебірентеді. Бүгінде біз Ұрпақтың пайда болғанын және оның ‘өкшесі шағылғанын’ білеміз. Қазір ол — көктегі Патша. Оның үстіне, 144 000-ның басым көпшілігі өле-өлгенше адал болып қалды. Алайда орындалуы керек тағы не қалды? Пайғамбарлықтың толық орындалуы қаншалықты жақын? Келесі мақалада осы жайттарды қарастырамыз.
[Сілтемелер]
a Нисан айы қазіргі күнтізбе бойынша наурыз-сәуір айларына сай келеді.
b Әдетте бұл сый-тартуды әкелгенде, діни қызметкер ашытылып пісірілген екі нанды алақанына салатын да, қолын жоғары көтеріп, нандарды әрі-бері тербейтін. Бұл әрекет құрбандыққа әкелінген нәрсені Ехобаға ұсынуды бейнелеген (Ехоба Куәгерлері басып шығарған “Жазбаларды түсіну” кітабын (2-том, 528-бет, ағ.) қараңдар).
c Афаним, немесе тишри, қазіргі күнтізбе бойынша қыркүйек-қазан айларына сай келеді.
Түсіндіріп бере аласыңдар ма?
• Құтқарылу мейрамына шалынған тоқты ненің бейнесі болды?
• Алғашқы өнім мейрамындағы астық жинау нені бейнеледі?
• Тазару күніндегі қандай ерекше жайттар Исаның төлем құрбандығының құнының қолданылуын көрсетті?
• Шыбық күрке мейрамы мәсіхшілердің жиналуын қалай бейнеледі?
[24, 25-беттегі қоршау]
(For fully formatted text, see publication)
Құтқарылу мейрамы
14 нисан
Оқиға:
Құтқарылу мейрамына арнап тоқты сойылды
Күңгірт жобасы:
Иса өмірін құрбан етті
Ашымаған нан мейрамы (15—21 нисан)
15 нисан
Оқиға:
Діни демалыс күн мейрамы
16 нисан
Оқиға:
Арпа ұсынылды
Күңгірт жобасы:
Иса қайта тірілді
50 күн
Жеті апта мейрамы (“Алғашқы өнім мейрамы”)
6 сиван
Оқиға:
Екі нан ұсынылды
Күңгірт жобасы:
Иса майланған бауырластарын Ехобаға ұсынды
Тазару күні
10 тишри
Оқиға:
Торпақ пен екі серке шалынды
Күңгірт жобасы:
Иса өз қанының құнын бүкіл адамзат үшін ұсынды
Шыбық күрке мейрамы (Сабантой)
15—21 тишри
Оқиға:
Халық қуанышпен күркелерде тұрды, астық жинауды тойлады, 70 торпақ шалынды
Күңгірт жобасы:
Майланғандар мен “өте үлкен тобырдың” жиналуы
[23-беттегі суреттер]
Құтқарылу күні шалынған тоқтының қаны сияқты, Исаның төгілген қаны да көп адамды құтқарады
[24-беттегі суреттер]
16 нисанда ұсынылған арпаның алғашқы өнімі Исаның қайта тірілуінің бейнесі болды
[25-беттегі суреттер]
Алғашқы өнім мейрамында ұсынылған екі нан майланған мәсіхшілер қауымының бейнесі болған
[26-беттегі суреттер]
Шыбық күрке мейрамы майланғандар мен барлық халықтан шыққан “өте үлкен тобырдың” қуанышты жиналуының бейнесі болды