Қазір барынша сергек болуымыз керек
“Сондықтан сергек болыңдар: сендер Қожайындарыңның қай күні қайтып келетінін білмейсіңдер!” (МАТАЙ 24:42).
1, 2. Қазіргі заманның соңында өмір сүріп жатқанымыз неден көрінеді?
“ЖИЫРМАСЫНШЫ ғасырға басқа нәрселерден гөрі, қатты әсерін қалдырған — соғыс”,— деді Билл Эммот. Бүкіл адамзат тарихының бойында соғыс пен зорлық-зомбылықтың ауыртпалығы сезіліп тұрғанын мойындайтын болсақ та, ол былай деп қосты: “Жиырмасыншы ғасыр [өзге кезеңнен] соғыс пен зорлық-зомбылықтың болғанымен емес, қандай деңгейде болғанымен ерекшеленеді. Ол — жер бетін түгел қамтыған қақтығыс болған алғашқы ғасыр... Дәлірек айтқанда, ол — сондай дүниежүзілік қақтығыстың біреуі емес, екеуі болған кезең”.
2 ‘Ұлт ұлтқа қарсы, мемлекет мемлекетке қарсы аттанатын’ соғыстардың болатынын Иса Мәсіх алдын ала айтып кеткен еді. Алайда бұл Мәсіхтің ‘келгендігі мен заманның ақыры жақындап қалғанын’ білдіретін бір ғана ‘белгі’. Иса өзінің осы ұлы пайғамбарлығында ашаршылық, індеттер мен жер сілкіністер болатынын да айтқан (Матай 24:3, ЖД; 7, 8; Лұқа 21:6, 7, 10, 11). Осындай жайттардың көлемі мен зардабы түрлі жолдармен кеңінен өріс алуда. Адамдардың Құдайға және өзгелерге деген көзқарастарынан ниеттері бұзылғаны байқалады. Құлықтылық құлдырап, қылмыс пен зорлық-зомбылық өршуде. Адамдар Құдайдан гөрі, ақшаны көбірек сүйеді, ләззат-ермекке беріліп кеткен. Осының барлығы “қиын-қыстау күндерде” өмір сүріп жатқанымызды көрсетеді (2 Тімотеге 3:1—5).
3. ‘Қазіргі заманда болып жатқан оқиғалар’ бізге қалай әсер ету керек?
3 Адамзаттың істерінің нашарлап бара жатқанына сен қалай қарайсың? Қазір болып жатқан жағдайға көбісі енжар, тіпті құлықсыз қарайды. Осы дүниенің беделділері мен зиялылары “қазіргі заманда болып жатқан оқиғалардың” мәнін түсінбейді. Дінбасылары да бұған қатысты тура жол көрсетпейді (Матай 16:1—3). Бірақ Иса ізбасарларына мынадай нұсқау берген: “Сондықтан сергек болыңдар: сендер Қожайындарыңның қай күні қайтып келетінін білмейсіңдер!” (Матай 24:42). Мұнда Иса бізді қысқа ғана уақыт емес, үнемі сергек болуға шақырған. Сергек болу үшін біз сақтық пен қырағылық сақтауға тиіспіз. Бұл талап жай соңғы күндері өмір сүріп жатқанымызды әрі оның ауыр кезең екенін мойындаудан әлдеқайда көп нәрсені білдіреді. Біз ‘күллі дүние атаулының ақыры таяп келе жатқанына’ берік сенімді болуға тиіспіз (1 Петір 4:7). Сонда ғана алаңдамастан сергек боламыз. Олай болса “Заманның ақыры таяп келе жатқанына деген сенімділігімізді нығайтуға не көмектеседі?” деген сұрақтың үстінен ой жүгіртуіміз керек.
4, 5. а) Зұлым заманның ақыры таяп қалғандығына деген сенімділігімізді не нығайтады және неге? ә) Нұхтың заманы мен Исаның билеуші ретінде таққа отыратын кезеңінің арасындағы бірінші ұқсастық қандай?
4 Адам баласының тарихындағы ерекше оқиғаның — Нұхтың тұсындағы дүниежүзілік Топан судың — алдында болған ахуалды қарастырып көрейікші. Сол кездегі адамдардың зұлым болып кеткені соншалық, Ехоба ‘қайғырып, қасірет шеккен’. Ол былай деді: ‘Өзім жаратқан адамды жер бетінен құртып жіберемін’ (Жаратылыс 6:6, 7). Ехоба осы сөздерін жүзеге асырды да. Сол уақыт пен қазіргі күндерді салыстыра отырып, Иса: “Нұх пайғамбардың заманында жағдай қалай болған болса, Менің билеуші ретінде көктен қайтып келетін кезімде де солай болады”,— деді (Матай 24:37).
5 Бүгінде де Ехоба Топан судың алдында болған ахуалдың кезіндегідей сезімде деген тұжырым жасауға болады. Сол кезде ол Нұхтың құдайсыз замандастарын жойып жіберген, бүгінгі зұлым дүниені де жоятыны шүбәсіз. Сол уақыт пен біздің заманымыздың арасындағы ұқсастықтарды анық түсінгеніміз заманның ақыры таяп қалғанына деген сенімділігімізді нығайту керек. Бұл қандай ұқсастықтар болды екен? Осы екі кезеңнің арасында кем дегенде бес ұқсастық бар. Біріншісі — дүниенің жойылатынына қатысты анық әрі нақты ескертудің берілуі.
“Әлі де көзге көрінбеген” жайтқа қатысты ескерту
6. Нұхтың заманында Ехоба алдын ала нені ескертсе керек?
6 Нұхтың заманында Ехоба: “Бұдан былай Менің Рухым адам үшін арпалысқа түспейді, себебі адам әбден бүлінген. Сондықтан ол жүз жиырма жылдан артық өмір сүрмесін”,— деген (Жаратылыс 6:3). Б. з. б. 2490 жылы шыққан Құдайдың осы жарлығы сол замандағы құдайсыз дүниені жойылуға апаратын мезгілдің бастамасы болды. Сол кезде өмір сүрген адамдар үшін мұның нені білдіргенін ойлап көрші. Не бары жүз жиырма-ақ жыл өткеннен кейін, кейінірек өзі айтқандай, Ехоба ‘аспан астындағы жанды мақұлықтардың бәрін құрту үшін жер бетіне топан су қаптатпақ’ еді (Жаратылыс 6:17).
7. а) Топан су болатынына қатысты ескерту Нұхқа қалай әсер еткен? ә) Бізге қазіргі зұлым заманның ақыры келетініне қатысты ескертулер қалай әсер ету керек?
7 Нұх апат болатынына қатысты ескертуді ондаған жылдар бұрын алған әрі уақытты дұрыс пайдаланып, аман қалу үшін дайындықтар жасаған. Елші Пауыл: ‘Нұх әлі де көзге көрінбеген топан су туралы ескертілгенде, Оны [Құдайды] терең қастерлегендіктен отбасын құтқару үшін кемесін жасап дайындады’,— деп жазды (Еврейлерге 11:7). Ал біз жөнінде не деуге болады? 1914 жылы қазіргі зұлым заманның ақырғы күндері басталғаннан бері тоқсан жылға жуық уақыт өтті. Біздің ‘заманның ақырында’ өмір сүріп жатқанымызда сөз жоқ (Даниял 12:4). Осыған орай жасалған ескертулер бізге қалай әсер ету керек? Киелі кітапта: “Құдайдың еркін орындаушы мәңгі өмір сүреді”,— делінеді (1 Жохан 2:17). Сол себепті — қазір уақыттың тығыз екенін түсініп, Ехобаның еркін орындайтын уақыт.
8, 9. Ехоба бүгінде қандай ескертулер жасауда және олар қалайша жариялануда?
8 Бүгінгі таңда Киелі кітапты шын көңілімен зерттейтіндер одан қазіргі заманның жойылатынына қатысты үкім шығарылып қойылғанын біледі. Сен осыған сенесің бе? Иса Мәсіхтің: “Сол уақытта әлем жаратылғаннан бері күні бүгінге дейін еш болмаған және қайтып болмайтын қиын-қыстау кезең [немесе ауыр азап] бастарыңа түседі”,— деп ап-анық айтқан сөздеріне көңіл қойшы (Матай 24:21). Сондай-ақ ол Құдай тағайындаған Төреші ретінде келіп, қойларды серкелерден айыратын бақташы іспетті адамдарды айыратынын айтқан. Сонда лайықсыз деп табылғандар “мәңгіге құрып кетіп, ал әділдер мәңгілік өмірді иемденетін болады” (Матай 25:31—33, 46, ЖД).
9 Ехоба осы ескертулерді өз халқына “адал да саналы қызметшінің” уақтылы даярлап отырған рухани ас-суы арқылы беріп отыр (Матай 24:45—47). Оның үстіне, әрбір халық, ру және тіл өкілдері “Құдайдан қорқып, Оны құрметтеп, салтанатты ұлылығын дәріптеңдер!” деген сөздерді естуде (Аян 14:6, 7). Құдай Патшалығының жуырда адам баласының билігін жоятыны туралы ескерту Ехоба Куәгерлерінің дүние жүзі бойынша уағыздап жүрген хабарларының құрамдас бөлігі болып табылады (Даниял 2:44). Бұл ескертуге үстіртін қарауға болмайды. Құдіретті Құдай өз сөзін әрқашан жүзеге асырады (Ишая 55:10, 11). Ол Нұхтың заманында солай еткен, болашақта да соны істейді (2 Петір 3:3—7).
Құлықтылықтың құлдырауы
10. Нұхтың заманындағы құлықтылықтың құлдырауы жөнінде не деуге болады?
10 Біздің күндеріміз тағы бір жағынан Нұхтың заманына ұқсайды. Ехоба алғашқы адамзат жұбына некеге тұрып, жыныстық қатынаста болу арқылы “Өсіп-өніп көбейіңдер!” деген бұйрығын орындауды тапсырған (Жаратылыс 1:28). Нұхтың заманында тілазар періштелер адамзатты табиғатқа қайшы жыныстық қатынасқа азғырған. Олар адам кейпіне еніп жерге түсіп, сұлу әйелдермен жақындасқан, сөйтіп олардан жартылай адам жартылай жын алыптар дүниеге келген (Жаратылыс 6:2, 4). Киелі кітапта сол азғын періштелердің күнәлары әбден бұзылған Содом мен Ғомора қалаларының күнәсына теңелген (Яһуда 6, 7). Бұдан шығатын түйін: Нұхтың заманында азғындық кеңінен етек жайған.
11. Өнегесіздікке қатысты қазіргі уақытты Нұхтың заманына ұқсас ететін не?
11 Ал бүгінгі таңда ше, өнегелік турасында не деуге болады? Қазіргі соңғы күндерде көп адамдардың есіл-дерті жыныстық қатынас. Пауыл мұндайларды ‘ұяттан әбден безіп, жүгенсіздікке салынған’ деп дәл суреттеген. Олар “тойымсыз нәпсіқұмарлықпен әр түрлі азғындық істей береді” (Ефестіктерге 4:19). Порнография, некеге дейінгі жыныстық қатынас, балаларды азғыру, гомосексуализм үйреншікті жайтқа айналған. Кейбіреулер жыныстық жолмен жұғатын сырқаттармен науқастану, отбасының ойран болуы тағы сол сияқты қиындықтар арқылы ‘тиісті жазаларын тартып та жатыр’ (Римдіктерге 1:26, 27).
12. Неге біз жамандықтан жиренуіміз керек?
12 Нұхтың заманында Ехоба топан су қаптатып, нәпсінің құлы болған дүниені жойып жіберді. Біз өзіміз өмір сүріп жатқан күндердің тура Нұхтың заманындай екенін ешқашан ұмытпауға тиіспіз. Таяп қалған ‘ауыр азап’ кезінде жер беті ‘азғындар, неке адалдығын бұзушылар, нәпсіқұмарлар, еркекжанды еркектерден’ тазартылады (Матай 24:21; 1 Қорынттықтарға 6:9, 10; Аян 21:8). Сондықтан жамандықтан жиреніп, өнегесіздікке апаратын істерден аулақ болғанымыз қаншалықты маңызды десеңдерші! (Забур 96:10; 1 Қорынттықтарға 6:18).
Жер беті “зұлымдыққа толды”
13. Неге Нұхтың заманында жер беті ‘зұлымдыққа толы’ болған?
13 Нұхтың заманына тән үшінші ерекшелік жөнінде Киелі кітапта: “Құдайдың көз алдында жер беті бүлінген үстіне бүліне беріп, зұлымдыққа толды”,— делінген (Жаратылыс 6:11). Жалпы ол кезде зұлымдық таңсық нәрсе болмаған. Мысалы, Адамның тұңғыш ұлы Қабыл өзінің әділ інісін өлтірген (Жаратылыс 4:8). Ләмех өз заманының зұлым рухын көрсетіп, қорғанған болып бір жас жігітті өлтіргенін мақтан тұтып, өлең жазған (Жаратылыс 4:23, 24). Нұхтың заманын ерекшелендірген зұлымдықтың кеңінен жайлағаны еді. Құдайдың рухани ұлдары періштелер жердегі әйелдерге үйленіп, олардың ұрпақтары нефалимдер пайда болғаннан бері зұлымдық адам естіп білмеген деңгейге көтерілген. Жаңа дүние аудармасы түпнұсқадағы еврей сөзі сол бұзақы алыптардың “өзгелерді сұлатып салатын” “шалып құлатушылар” дегенді білдіретінін көрсетеді (Жаратылыс 6:4). Солардың кесірінен жер беті ‘зұлымдыққа толған’ (Жаратылыс 6:13). Нұхқа сондай ортада отбасының қамын жеп, балаларын өсіру қандай қиын болғанын елестетіп көрші! Соған қарамастан, Нұх ‘замандастарының арасында [“Ехобаның алдында”, ЖД] әділ’ жүрген (Жаратылыс 7:1).
14. Бүгінгі таңда дүние қай шамада ‘зұлымдыққа толы’?
14 Зұлымдық әр уақытта болған. Бірақ Нұхтың тұсындағыдай, біздің уақытымызда да зұлымдық бұрын-соңды болмағандай кеңінен өріс алуда. Біз отбасындағы қатігездік, террористік актілер, геноцид және қарулы топтың ешбір негізсіз адамдарды қырып кететіні туралы үнемі естіп жатамыз. Айтылып өтілгендерге соғыстарда адамдардың қаны судай ағып жатқанын қосайық. Жер беті тағы да зұлымдыққа толды. Не себепті? Оған не ықпал етіп отыр? Бұл сұрақтардың жауабын Нұхтың заманының келесі ерекшелігінен табуға болады?
15. а) Ненің салдарынан қазіргі соңғы күндері зұлымдық кеңінен етек алуда? ә) Біз не нәрсеге сенімді бола аламыз?
15 1914 жылы аспанда Құдай Патшалығы орнағанда, оның таққа отырған Патшасы Иса Мәсіх әлемдік мәні бар әрекет жасады: Ібіліс Шайтан мен оның жын-перілерін көктен жердің төңірегіне тастады (Аян 12:9—12). Топан суға дейін тілазар періштелер көктегі тұрақтарын өз еріктерімен тастап кеткен болса, енді олар одан қуылып жіберілді. Оның үстіне, олар енді адам кейпіне еніп, тән құмарлығына бата алмайды. Сондықтан ыза мен ашу кернеген, әрі жақындап келе жатқан сот күнінен бойларын үрей билеген олар адамдар мен ұйымдарға Нұхтың заманындағыдан әлдеқайда асып түсетін қылмыс пен зұлымдық істетуде. Ехоба топан суға дейінгі дүниені тілазар періштелер мен олардың ұрпақтары зұлымдыққа толтырған соң жойып жіберген. Оның бүгінде де тап солай ететіні шүбәсіз! (Забур 36:10). Алайда сергек жүргендер азаттыққа жететін уақыттың жақын екенін біледі.
Хабар уағыздалуда
16, 17. Қазіргі уақыт пен Нұхтың заманының арасындағы төртінші ұқсастық қандай?
16 Біздің заманымыз бен топан суға дейінгі дүниенің арасындағы төртінші ұқсастық Нұхқа жүктелген тапсырмадан көрінеді. Ол үлкен кеме соққан, әрі “уағыздаушы” да болған (2 Петір 2:5). Нұх қандай хабарды уағыздады екен? Оның хабары өкінуге шақырудан және ескертуден тұрған болу керек. Иса Нұхтың тұсындағы адамдардың ‘топан су басып, бәрін алып кетіп, қырып салғанша ештеңені ұқпағаны’ немесе ойламағаны туралы айтқан (Матай 24:38, 39).
17 Ехоба Куәгерлері де өздеріне тапсырылған уағыздау ісін бар ынталарымен атқарып жүр, соның арқасында Құдай Патшалығы туралы хабар шартарапқа уағыздалуда. Жер шарының бар түпкірлерінде дерлік адамдар Патшалық туралы хабарды өз ана тілдерінде ести не оқи алады. Ехобаның Патшалығын жария ететін “Күзет мұнарасы” журналының 140-тан аса тілде 25 000 000 аса данасы басылып шығады. Расында да, Құдай Патшалығы туралы ізгі хабар “барлық ұлттарға паш етілу үшін күллі әлемге” уағыздалуда. Бұл іс Құдай белгілеген уақытта аяқталып, осы заманның ақыры келері сөзсіз (Матай 24:14).
18. Біздің уағыздау қызметімізге көп адамның қалай қарайтыны мен Нұхтың заманындағы көп адамның әрекетінің арасында қандай ұқсастық бар?
18 Топан суға дейінгі заманда рухани нәрселерге қызығушылықтың жоқ болғаны мен құлықтылықтың әбден құлдырағанын ескерер болсақ, не себепті Нұхтың отбасының күдікшіл көршілеріне күлкі болып, қорлық көріп, келеке-мазағына айналғанын түсіну қиын емес. Сол кездегі зұлым дүние жойылды. Қазіргі соңғы күндері де ‘келемеждеуші’ адамдар толып жатыр. Бірақ Киелі кітапта ‘ұрының табан астынан түсетіні сияқты, Иеміздің қайта оралатын күні де [“Ехобаның күні де”, ЖД] білдіртпей кенеттен келетіні’ айтылған (2 Петір 3:3, 4, 10). Ол белгіленген уақытта міндетті түрде келеді. Кешікпейді (Аббақұқ 2:3). Олай болса сергек болғанымыз қандай жақсы!
Азғантай адам ғана аман қалады
19, 20. Топан су мен қазіргі зұлым заманның жойылуының арасынан қандай ұқсастықтарды байқауға болады?
19 Нұхтың заманы мен қазіргі уақыттың арасындағы ұқсастық адамдардың зұлым болып кетуі мен жойылатындығында ғана емес. Топан судан аман қалғандардың болғаны сияқты қазіргі зұлым заман жойылғанда да аман қалатындар болады. Топан судан аман қалғандар өзге жұрт сияқты өмір сүрмеген, момын болған. Олар Құдайдың ескертуіне құлақ түріп, зұлымдармен араласпаған. Киелі кітапта ‘Жаратқан Иенің рақымына Нұх қана ие болғаны’ айтылған. ‘Нұх замандастарының арасындағы әділ адам еді’ (Жаратылыс 6:8, 9). Бүкіл адамзаттың ішінен бір отбасы, яғни ‘тек азғана — сегіз-ақ кісі топан судан құтқарылды’ (1 Петір 3:20). Сосын Ехоба оларға: “Өсіп-өніп, ұрпақтарың көбейіп, жерді толтырыңдар”,— деген тапсырма берді (Жаратылыс 9:1).
20 Құдай Сөзі бізді “өте үлкен тобырдың” “ауыр азапталу кезеңнен” аман өтетініне сендіреді (Аян 7:9, 14, сілтемені қара). Өте үлкен тобыр қаншалықты үлкен болмақ? Исаның өзі: “Шынайы өмірге апаратын қақпа да, жол да тар, соны табатындар аз ғана”,— деген (Матай 7:13, 14). Жер бетінде өмір сүріп жатқан миллиардтаған адамдармен салыстырғанда, таяуда болатын ауыр азаптан аман қалатындардың саны азғантай ғана. Бірақ олардың топан судан аман қалғандарға берілгендей тапсырма алулары әбден мүмкін. Аман қалғандар жер бетіндегі жаңа қоғамның мүшелері ретінде біраз уақыт дүниге ұрпақ әкеле алатын болса керек (Ишая 65:23).
‘Сергек болыңдар!’
21, 22. а) Топан суға қатысты тармақтарды қарастырғанымыздың сен үшін қандай пайдасы болды? ә) 2004 жылдың жылдық тармағы қандай және неге ондағы кеңеске құлақ түруіміз керек?
21 Топан су тым ұзақ уақыт бұрын болғандықтан, бізге қатысы жоқ болып көрінуі мүмкін, бірақ сол оқиғада өзіміз елеусіз қалдырмауымызға тиіс нақты ескерту бар (Римдіктерге 15:4). Нұхтың заманы мен қазіргі уақыттың ұқсастықтарын көре отырып, біз қазір болып жатқан оқиғалардың мәнін анағұрлым тереңірек ұғуымыз, сондай-ақ зұлымдарға шығарылған үкімді орындау үшін Исаның ұры іспетті келіп қалатынына дайын болуымыз керек.
22 Бүгінде Иса Мәсіх ауқымды рухани құрылысты басқарып отыр. Құдайдың қызметшілерінің қауіпсіздігі мен амандығы үшін кеме сияқты рухани жұмақ та орнаған (2 Қорынттықтарға 12:3, 4). Ауыр азап кезінде аман қалу үшін біз сол жұмақта болуға тиіспіз. Сол рухани жұмақты рухани әлсіреген әрбір мәсіхшіні жалмап қоюға даяр Шайтанның дүниесі қоршап тұр. Сондықтан біздің ‘сергек болып’, Ехобаның күнінің келетініне даяр болғанымыздың маңызы өте зор (Матай 24:42, 44).
Естеріңде ме?
• Иса өзінің келетініне қатысты нені ескертті?
• Иса өзінің Патша ретінде тақта отыратын уақытын немен салыстырды?
• Қазіргі уақыт пен Нұхтың заманының арасында қандай ұқсастықтар бар?
• Қазіргі уақыт пен Нұхтың заманының арасындағы ұқсастықтардың үстінен ой жүгірткеніміз бізге қалай әсер ету керек?
[10-беттегі сөздер]
2004 жылдың жылдық тармағы келесі: ‘Сергек болыңдар! Дайын болыңдар!’ (Матай 24:42, 44).
[9-беттегі сурет]
Нұх Құдайдың ескертуіне құлақ түрген. Біз де солай етіп жүрміз бе?