Құдайдың уәдесіне сеніп өмір сүру
«Мен Құдаймын, өзге Құдай да, Маған ұқсайтын да ешкім жоқ. Мен басында-ақ аяғында не болатынын жария етемін, ежелгі уақыттан әлі болмаған нәрсені айтамын» (ИШАЯ 46:9, 10).
1, 2. Құдайдың жердегі іс-әрекеттерге қаншалықты қатысы бар екендігі туралы қандай әр түрлі көзқарастар бар?
ЖЕРДЕГІ іс-әрекеттерге Құдайдың қаншалықты қатысы бар? Бұған байланысты әр түрлі пікірлер бар. Кейбіреулер Құдайдың жердегі өмірге ешқандай қатысы жоқ деп есептейді. Олардың ойынша, Құдай, жаратқан кезде бәрін қозғалысқа келтірді де, енді оның біздің игілігіміз үшін іс-әрекет жасағысысы жоқ, не болмаса қолынан келмейді. Бұлай болатын болса, Құдай, баласын жаңа велосипедке отырғызып итеріп жіберген әкеге ұқсайды. Баласы жолмен жүріп кетті. Әкесі болса кетіп қалды. Баланы өз еркімен жіберді. Ол құлап қала ма, жоқ па — белгісіз. Қалай болғанда да, енді әкесі еш нәрсе істей алмайды.
2 Ал басқа біреулердің ойынша, Құдай біздің әр басқан қадамымызды бағыттап, өзі жаратқан дүниеде болып жатқан істердің бәріне тікелей қатысып отыр. Бірақ, олай болса, адамдардың көпшілігі Құдай жақсылық қана істеп жатқан жоқ, ол адамзат ұшырап жатқан қылмыс пен қайғылы жағдайлардың бәріне де жауапты деген тұжырымға келер еді. Құдайдың шын мәнінде қандай іс-әрекет ететінін білсек, одан нені күтуімізге болатынын да біле аламыз. Сонымен қатар бұл оның өз уәделерін сөзсіз орындайтындығына сенімімізді нығайта түседі (Еврейлерге 11:1).
3. а) Ехобаның алдына қойған мақсаты бар екенін қайдан білеміз? ә) Неліктен Ехоба өзінің алдына қойған мақсатын «қалыптастырады» деп айтылады?
3 Құдайдың адамзаттың ісіне араласуы туралы сұрақты қарастырған кездегі ең маңызды нәрсе — Ехобаның алдына қойған мақсаты бар екендігін ескеру. Бұл туралы оның есімінің өзі айтып тұр. «Ехоба» — «Ол болдырады» дегенді білдіреді. Алдына қойған мақсатын біртіндеп жүзеге асыруы арқылы, Ехоба өз уәделерінің барлығын Орындаушы болып отыр. Сол себепті Ехоба туралы ол болашақтағы оқиғаларға немесе әрекеттерге байланысты өзінің алдына қойған мақсатын «белгілеп қояды» немесе тура айтар болсақ «қалыптастырады» деп айтылады (4 Патшалық 19:25; Ишая 46:11). Бұл сөзбен «құмырашы» деген сөзге жақын еврейдің ятсар деген сөзін айтып жеткізуге болады (Еремия 18:4). Саз балшықтан әдемі құмыра жасай алатын шебер құмырашы сияқты, Ехоба да өзінің еркін жүзеге асыру үшін оқиғаларды «жасай» алады немесе бағыттай алады (Ефестіктерге 1:11).
4. Құдай адамдар өмір сүруі үшін жерді қалай дайындады?
4 Мысалы үшін, Ехоба жердің ғажайып та көркем мекен-жай болып, онда кемелді, тілалғыш адамдардың өмір сүргенін қалады (Ишая 45:18). Бірінші еркек пен әйелді жаратардан көп уақыт бұрын, Ехоба сүйіспеншілікпен олар үшін тұратын орын әзірлеп қойған еді. Жаратылыс кітабының алғашқы тарауларында Ехобаның қалай күн мен түнді белгілеп, теңіз бен құрлықтың шекарасын бекіткені суреттеледі. Содан соң ол өсімдіктер мен жануарларды жаратты. Жерді адамдардың өмір сүруіне дайындау үшін көп мыңжылдықтар қажет болды. Ехобаның көздегені ойдағыдай аяқталды. Бірінші еркек пен әйел өмірлерін тамаша жұмақта бастады. Онда бақытты болу үшін керекті нәрсенің бәрі болды (Жаратылыс 1:31). Бұл кезде Ехоба жердегі істерді тікелей өзі атқарды. Ол өзінің тамаша ниетін жүзеге асыру үшін, істерін біртіндеп «қалыптастырды». Адамдар көбейген кезде, ол жер бетіндегі істерге араласуын қойды ма екен?
Ехоба адамдардың іс-әрекетіне араласуын шектеді
5, 6. Неліктен Құдай адамдардың іс-әрекеттеріне араласуын шектеді?
5 Ехоба күші жететін болса да, адамдардың әрбір іс-әрекетін бақылап, оларға бағыт беріп отырған жоқ. Олай етуінің себебі бар. Бір себебі — адамдар рухани жағынан Құдайға ұқсас болып жаратылғандықтан, олардың ерік бостандығы мен таңдау еркінің болуында. Ехоба өзінің бұйрықтарын орындауға зорламайды және бізді өз еркі жоқ, Құдайдың қолындағы қуыршақ деп атауға болмайды (Заңды қайталау 30:19, 20; Ешуа Набын 24:15). Біз оның алдында өз іс-әрекетіміз үшін жауаптымыз. Дегенмен де, Ехоба, сүйіспеншілік танытып, көп еркіндік берді (Римдіктерге 14:12; Еврейлерге 4:13).
6 Құдайдың болып жатқан нәрселердің бәріне араласпауының тағы бір себебі Едем бағында Шайтан көтерген даулы сұраққа байланысты. Шайтан Құдайдың үстемдігінің әділдігіне күмән келтірді. Оның Хауаға жасаған ұсынысы еркіндікке жол ашатындай болып көрінді. Сөйтіп Хауа, кейінірек оның күйеуі Адам да, оның ұсынысын қабыл алды (Жаратылыс 3:1—6). Шайтанның шағымының жөні бар-жоғына адамдардың көзі жетуі үшін, Құдай жауап ретінде белгілі бір уақытқа адамзат басшылығына жол берді. Сондықтан бүгінгі күнгі адамдар жасап жатқан жаман істер үшін Құдайды кінәлауға болмайды. Құдайға мойынсұнбайтын адамдар туралы Мұса былай деп жазды: «Бірақ олар азғындыққа салынып, өз кемістіктерінің кесірінен Құдайдың балалары болудан қалды» (Заңды қайталау 32:5).
7. Ехобаның жерге және адамзатқа байланысты мақсаты қандай?
7 Бірақ, әйтсе де, адамдарға ерік бостандығын беріп, тәуелсіз басшылықты байқап көруге мүмкіндік берген Ехоба, адамдардың ісінен толық сырт қалды деп айтуға болмайды. Егер сырт қалған болса, біз оның өз уәделерін орындайтынына үміттене алмас едік. Адам мен Хауа Құдайдың үстемдігіне қарсы шыққанмен, Ехоба өзінің жер мен адамзатқа байланысты сүйіспеншілікке толы ниетін өзгерткен жоқ. Ол міндетті түрде жерді кемелді, тілалғыш және бақытты адамдар қоныстанған жұмаққа айналдырады (Лұқа 23:42, 43). Киелі кітап, Жаратылыстың басталуынан Аянға дейін Ехобаның қалай бірте-бірте өз мақсатын жүзеге асырып жатқанын суреттейді.
Құдай өз еркін жүзеге асыру үшін әрекет етуде
8. Исраилдіктерді Уәде етілген жерге алып келу үшін не қажет болды?
8 Исраил халқына жасаған іс-әрекеттері арқылы, Құдай өз ниетін орындайтынын көрсетті. Мысалы Ехоба, исраилдіктерді Мысырдан босатып, уәде етілген — сүт пен бал ағып жатқан жерге алып баратынына Мұсаны сендірді (Мысырдан көшу 3:8). Бұл — жігер беретін, дер кезінде айтылған сөздер еді. Бұл жерде әңгіме серіктерімен бірге үш миллиондай саналатын исраилдіктерді олардың кетуіне қатты қарсылық көрсеткен құдіретті халықтың қолынан босату туралы еді (Мысырдан көшу 3:19). Құдай оларды алып келмекші болған жерде де құдіретті халықтар тұратын. Олар исраилдіктердің келуіне қатты қарсылық көрсетті (Заңды қайталау 7:1). Екі ортадағы жер шөл дала болатын. Сондықтан исраилдіктер азық пен судан тапшылық көрер еді. Осындай жағдайлардың арқасында Ехоба өзінің құдіретін және шын Құдай екендігін көрсетті (Леуі 25:38).
9, 10. а) Ешуа Набын неліктен Құдайдың уәделерінің сенімді екеніне куәлік ете алды? ә) Құдайдың өзінің шын берілген қызметшілерін жарылқайтындығына сенімді болу қаншалықты маңызды?
9 Құдай бірқатар таң қаларлық керемет істер жасап, исраилдіктерді Мысырдан алып шықты. Біріншіден, ол Мысыр халқына он жойқын жаза жіберді. Содан соң Қызыл теңізді қақ жарып, исраилдіктерді құтқарып алды да, оларды қуып келе жатқан мысырлықтардың әскерін суға батырып жіберді (Забур 77:12, 13, 43—51). Бұдан кейін, исраилдіктер 40 жыл бойы шөл даланы кезіп жүрген кезде олардың қамын жеді. Оларды маннамен асырады, су берді, тіпті киімдерін тозбайтын, аяқтарын ісінбейтін етті (Заңды қайталау 8:3, 4). Уәде етілген жерге кірген соң, исраилдіктер Ехобаның көмегімен жауларын жеңіп отырды. Ехобаның уәделеріне берік сенім танытқан Ешуа Набын бұның бәрін өз көзімен көрді. Сондықтан ол исраил халқының қарияларына: «Ал сендер болсаңдар шын жүректеріңмен және жан-тәндеріңмен білесіңдер, Тәңір Құдайларың сендерге айтқан ізгі сөзінің бірі де бекер болған жоқ; бәрі айтқанындай болып, бір сөзі де орындалмай қалған жоқ»,— деп толық сеніммен айта алды (Ешуа Набын 23:14).
10 Қарт Ешуа Набын сияқты, қазіргі мәсіхшілер де Құдайдың өз қызметшілерінің игілігі үшін іс-әрекет жасай алатындығына және жасағысы келетіндігіне кәміл сенеді. Бұған күмәндансақ, сеніміміздің жеткіліксіз болғаны. Елші Пауыл былай деп жазды: «Ал сенім артпай Құдайға ұнау мүмкін емес. Оған келген әркім Оның бар екеніне сенуге және Өзін іздеп... келгендерді Құдайдың жарылқайтынына илануға тиіс» (Еврейлерге 11:6).
Құдай болашақты алдын ала біледі
11. Құдай өзінің уәделерін қандай қасиетінің арқасында орындай алады?
11 Сонымен, біз Құдайдың адамдарға ерік бостандығын беріп, олардың дербес басшылығына жол бергенімен, өз еркін жүзеге асыруды қалайтынын да, жүзеге асыра алатынын да көрдік. Сонымен қатар, Құдайдың уәделерінің міндетті түрде орындалуына себеп болатын тағы бір жайт бар. Ехоба болашақты алдын ала біле алады (Ишая 42:9). Өзінің пайғамбары арқылы Құдай былай деді: «Өмір басталғалы бері, ілгері уақытта болған нәрселерді естеріңе түсіріңдер, өйткені Мен Құдаймын, өзге Құдай да, Маған ұқсайтын да ешкім жоқ. Мен басында-ақ аяғында не болатынын жария етемін, ежелгі уақыттан әлі болмаған нәрсені айтамын: Менің кеңесім болады, нені ниет етсем, соның бәрін орындаймын» (Ишая 46:9, 10). Тәжірибелі диқан тұқымдық дәнді қашан және қай жерге себу керек екенін біледі, бірақ алда не күтіп тұрғаны оған толық мәлім емес. Ал «Мәңгіліктің Патшасына» бәрі белгілі, сондықтан ол өзінің ниетін орындау үшін қашан және қай жерде әрекет істеу керек екенін алдын ала біле алады (1 Тімотеге 1:17).
12. Нұхтың күндерінде өзінің алдын ала біле алатын қасиетін Ехоба қалай қолданды?
12 Құдайдың Нұхтың күндерінде өзінің болашақты алдын ала біле алатын қабілетін қалай пайдаланғанына көңіл аударайық. Жер беті зұлымдыққа толып кеткендіктен, Құдай тілазар адамзатты жоюды ұйғарып, уақытын да белгіледі. Ол 120 жыл өткен соң жоймақшы болды (Жаратылыс 6:3). Бұл уақытты белгілеген кезде, Құдай тек зұлым адамдарды жоюды ғана ойластырған жоқ. Зұлымдарды қалаған уақытында жоюға болар еді. Ехоба әділдердің аман қалуын да ойластырды. (Жаратылыс 5:29, салыстыр.) Өзінің даналығының арқасында Құдай бұл мақсатқа жету үшін қай кезде адамдарға жұмыс тапсыру керек екенін алдын ала білді. Ол Нұхтың не істеуі керек екенінің бәрін айтты. «Отбасын құтқару үшін» Нұхтың кеме соғуы керек еді, ал зұлымдар болса бүкіл жер бетін су басқан кезде жойылмақ еді (Еврейлерге 11:7; Жаратылыс 6:13, 14, 18, 19).
Өте үлкен құрылыс жобасы
13, 14. Неліктен кемені соғу оңай тапсырма емес еді?
13 Бұл тапсырмаға Нұхтың көзімен қарайықшы. Құдайдың қызметшісі болған Нұх Ехобаның құдайсыздарды жоя алатынын білді. Бірақ, зұлымдар жойылмас бұрын, сенімді керек еткен бір үлкен істі жүзеге асыруы керек болатын. Кеме соғу өте үлкен құрылыс болатын. Құдай оның көлемінің қандай болуы керектігін түсіндірді. Оның ұзындығы қазіргі кейбір спорт алаңдарынан да ұзын, ал биіктігі болса бес қабатты үйге тең болар еді (Жаратылыс 6:15). Кемені аз және тәжірибелері де жоқ адамдар соқпақшы еді. Сондай-ақ қазір бізде бар күрделі құралдар мен техникалардың көмегінсіз соғу керек болды. Оған қоса Нұх Ехоба сияқты болашақты алдын ала біле алмайтын болғандықтан, алдағы жылдары жағдайдың қандай болатынын, яғни бұл жағдайдың құрылысты жүргізуге кедергі келтіретінін немесе қолайлы болатынын біле алмады. Нұх көптеген мәселелерге ой жүгірткен болса керек. Құрылыс материалдарын қалай дайындау керек? Жануарларды қалай жинаса екен? Оларға қандай тағам керек және қанша? Алдын ала айтылған топан судың болатын уақыты қашан екен?
14 Оған қоса әлеуметтік жағдайды да ескеру керек еді. Заңсыздықтың шегі болмады. Зұлым періштелер мен әйелдерден туған будан, күшті нефилимдер жерді зорлық-зомбылыққа толтырып жіберді (Жаратылыс 6:1—4, 13). Сонымен қатар кемені жасырын түрде соғу мүмкін емес еді. Адамдардың Нұхтың не істеп жатқанын білгісі келер еді де, ол себебін түсіндіру керек болар еді (2 Петір 2:5). Олар бұны жақсы ықыласпен қарсы алады деп күтуге болатын ба еді? Олай болуы екіталай! Бірнеше жыл бұрын зұлымдардың жойылатыны туралы Құдайға шын берілген Енох жариялаған болатын. Оның хабарын жек көргендері соншалық, Құдай оны «алып кеткен еді» немесе оның өмірін үзді. Себебі, Құдайдың жаулары оны қинап өлтіруі мүмкін еді (Жаратылыс 5:24; Еврейлерге 11:5; Иуда 14, 15). Нұх болса Енох сияқты оларға жақпайтын хабарды жариялаумен қатар, кеме соғуы да керек еді. Соғылып жатқан кеме зұлым замандастарынан қорықпаған Нұхтың Құдайға шын берілгендігінің айқын белгісі болар еді.
15. Нұх неліктен өзіне берілген тапсырманы орындай алатынына сенімді болды?
15 Нұх бұл құрылысты Құдіретті Құдайдың өзі қолдап, батасын беріп отырғанын білді. Бұл жұмысты оған Ехобаның өзі тапсырған жоқ па? Нұхтың отбасымен бірге соғылып бітетін кемеге кіріп, бүкіл дүние жүзін топан су басқанда аман қалатындығына Ехоба кепілдік берді. Оған қоса, Ехоба бұл уәдесінің міндетті түрде орындалатынын көрсету үшін тіпті Нұхпен салтанатты түрде келісім жасады (Жаратылыс 6:18, 19). Ехобаның мұндай тапсырма бермес бұрын бәрін жан-жақты ойланып, ақылға салып көргенін Нұх ұғынса керек. Оған қоса, Нұх, қажет болған жағдайда Ехобаның іске араласып, көмекке келетінін білді. Нұхтың сенімі оны әрекет етуге жігерлендірді. Өзінің ұрпағы Ыбырайым сияқты, Нұх «Тәңірдің өз уәдесін орындай алатынына қалтқысыз нанды» (Римдіктерге 4:21).
16. Кемені соғу барысында Нұхтың сенімі қалай нығая түсті?
16 Жылдар өтіп жатты, кеме нобайына келе бастады, ал Нұхтың сенімі нығая түсті. Құрылысқа және құрылыс материалдарына байланысты қиыншылықтар шешіліп жатты. Сынақтар артта қалып отырды. Ешқандай қарсылық жұмысты тоқтата алмады. Нұхтың отбасы Ехобаның көмегі мен оның пана болып отырғанын сезініп жүрді. Нұхтың талпынысы бәсеңдеген жоқ, және «(Оның) сенімінің сыналуы... төзімділік тудырды» (Жақып 1:2—4). Ақыр аяғында кеменің құрылысы бітіп, топан су келді де, Нұх отбасымен аман қалды. Ешуа Набынның кейінірек көргені сияқты, ол да Құдайдың уәделерінің орындалғанын көрді. Нұхтың сенімі ақталды.
Ехоба істі қолдап отыр
17. Қазіргі уақыт пен Нұхтың күндерінің ұқсастығы неде?
17 Иса қазіргі күндердің Нұхтың күндеріне ұқсайтынын алдын ала айтып кетті. Құдай тағы да зұлымдықты жоюды ұйғарып, оны жүзеге асыратын мерзімін белгіледі (Матай 24:36—39). Ол, сонымен қатар, әділдердің аман қалуы үшін барлық жағдайды жасады. Нұх кеме тұрғызуы керек болды, ал Құдайдың бүгінгі қызметшілері Ехобаның ниетін жариялап, оның Сөзін оқытып, шәкірттер дайындаулары керек (Матай 28:19).
18, 19. Ехобаның ізгі хабарды уағыздау ісін қолдап отырғанын қайдан білеміз?
18 Егер Ехоба Нұхпен бірге болып, оны қолдап, күш бермегенде, кеме соғылып бітпес еді (Забур 126:1 салыстыр). Сол сияқты, Ехобаның қолдауынсыз шынайы мәсіхшіліктің сақталуы екіталай еді, қалай болғанда да мәсіхшілік өркендемес еді. I ғасырда өмір сүрген қадірлі парызшыл және заң мұғалімі Гамалиел бұны түсінген. Иудейлердің жоғарғы кеңесі елшілерді жазаламақшы болған кезде, Гамалиел оларға былай деп ескерту жасады: «Бұл кісілерге тимеңіздер, босатып жіберіңіздер. Себебі егер бұл әрекет адам бастаған іс болса, ол өзінен-өзі құриды, бірақ Құдайдан болса, оны құрта алмайсыздар» (Елшілердің істері 5:38, 39).
19 Бірінші ғасырдағы және бүгінгі уағыздау ісіндегі қол жеткен табыстар — бұның адамның емес, Құдайдың ісі екендігінің дәлелі. Келесі мақалада осы кең көлемді жұмыстың осынша табысқа жетуіне себеп болған таң қаларлық жағдайлар мен оқиғалар әңгімеленеді.
Ешқашан сенімдеріңді жоғалтпаңдар!
20. Ізгі хабарды уағыздау ісімізде бізді кім қолдап отыр?
20 «Қиын-қыстау күндерде» өмір сүріп отырсақ та, біз Ехобаның жағдайды толық бақылап отырғанына сенімді бола аламыз. Құдай халқы осы зұлым дүниені жою үшін белгіленген уақыт келгенге дейін ізгі хабарды уағыздау ісін аяқтауға тырысуда. Бұл істе Құдай оларды қолдап, оларға көмектесіп отыр (2 Тімотеге 3:1; Матай 24:14). Ехоба бізді өзінің «еңбектесі» болуға шақырып отыр (1 Қорынттықтарға 3:9). Сонымен қатар біздің еңбегімізде Мәсіх Исаның өзі бізбен бірге екеніне және періштелердің қолдауы мен басшылығына үміт арта алатынымызға көзіміз жетіп отыр (Матай 28:20; Аян 14:6).
21. Құдайдың қандай уәдесіне байланысты сенімділігімізді ешқашан жоғалтпауымыз керек?
21 Нұх пен оның отбасы Ехобаның уәдесіне деген сенімдерін көрсеткендіктен, топан судан аман қалды. Бүгін де солар сияқты сенім танытқан адамдар өте жақын қалған «зор азаптан» аман қалады (Аян 7:14). Біз ойландыратын уақытта өмір сүріп отырмыз. Алдымызда орасан зор оқиғалар күтіп тұр! Жақында Құдай әділдік жайлаған жаңа аспан пен жаңа жердің жарқын заманын орнату үшін әрекет етуді бастайды (2 Петір 3:13). Құдайдың өз уәделерін түгел орындай алатындығына сенімдеріңді ешқашан, ешқашан жоғалтпаңдар (Римдіктерге 4:21).
Қайталауға арналған сұрақтар
◻ Ехоба неліктен адамдардың әр қадамына бағыт беріп отырмайды?
◻ Ехобаның алдына қойған мақсатын орындай алатындығы оның Исраилге жасаған іс-әрекетінен қалай анық көрінеді?
◻ Нұхтың күндерінде Ехоба болашақты алдын ала біле алатындығын қалай көрсетті?
◻ Құдайдың уәделеріне қаншалықты сенімді болуға болады?