“Өміріміз бен қызметіміз” жұмыс дәптерінің сілтемелері
3—9 ақпан
ҚҰДАЙ СӨЗІНДЕ ЖАТҚАН ҚАЗЫНА | МҰСАНЫҢ 1-ЖАЗБАСЫ 12—14
“Сізге қатысы бар келісім”
(Мұсаның 1-жазбасы 12:1, 2) Ехоба Ыбырамға былай деді: “Еліңді, туған-туысыңды және әкеңнің үйін қалдырып, мен көрсететін елге көш. 2 Мен сенен ұлы халық таратамын, сені жарылқап, атыңды шығарамын. Сондай-ақ сен арқылы басқаларға батам қонады.
it-1 522-б., 4-абз.
Келісім
Ыбырайыммен жасалған келісім. Бұл келісім Ыбырам (Ыбырайым) Қанахан жеріне бара жатып, Евфрат өзенінен өткен кезде күшіне енсе керек. Заң келісімі болса содан 430 жыл өткен соң жасалды (Ғл 3:17). Ыбырайым Месопотамияда, халдейлердің Ур қаласында тұрып жатқанда, Ехоба оған тіл қатып, көрсететін еліне баруды айтты (Е.і 7:2, 3; М1ж 11:31; 12:1—3). Мұсаның 2-жазбасы 12:40, 41-де айтылғандай, исраилдіктер Мысыр мен Қанахан жерінде 430 жыл тұрған соң, құл болып жүрген исраилдіктер “дәл сол күні” Мысырдан шықты. Олар Мысырдан шыққан күн б. з. б. 1513 жылдың 14 нисаны, Құтқарылу мейрамы тойланған күн еді (М2ж 12:2, 6, 7). Соған қарағанда, Ыбырайым б. з. б. 1943 жылдың 14 нисанында Қанаханға бет алып, Евфрат өзенінен өтсе керек, әрі сол күні Ыбырайыммен жасасқан келісім күшіне енген болуы мүмкін. Ыбырайым Қанаханның Сихем деген жеріне келгенде, Ехоба оған қайта көрініп: “Осы жерді сенің ұрпағыңа беремін”,— деп, оған берген уәдесін толықтыра түсті. Осылайша бұл келісімнің Едемде берген уәдесімен байланысты екенін білдірді және Мұсаның 1-жазбасы 3:15-тегі “ұрпақ” адамзат әулетінен шығатынын ашты (М1ж 12:4—7). Ехоба бұл келісімді тағы қалай толықтырғаны мына тармақтардан көрінеді: Мұсаның 1-жазбасы 13:14—17; 15:18; 17:2—8, 19; 22:15—18.
(Мұсаның 1-жазбасы 12:3) Саған батасын бергендерге батамды беремін, саған қарғыс айтқандарға қарғыс айтамын. Жер бетіндегі барлық халықтар сен арқылы жарылқанады”.
w89 1.7. 3-б., 4-абз.
Ыбырайым туралы ақиқатты білген жөн
Ыбырайым бұл таңғаларлық уәдені, кем дегенде, тағы екі жағдайда естіген (Мұсаның 1-жазбасы 18:18; 22:18). Құдай бұл уәдені орындау үшін тіпті жер бетінен тұқымы жойылып кеткен түрлі халықтарды қайта тірілтеді. Қайта тірілгендер үшін бұл нағыз бата болмақ, өйткені олардың басым бөлігі кезінде адамзат жоғалтқан жұмақтағы өмірге қайта тіріледі. Сосын олар мәңгі өмір сүру сыйына ие болу үшін не істеу керектігін үйренетін болады (Мұсаның 1-жазбасы 2:8, 9, 15—17; 3:17—23).
(Мұсаның 1-жазбасы 13:14—17) Лұт бөлініп кеткеннен кейін, Ехоба Ыбырамға былай деді: “Айналаңа көз тастап, өзің тұрған жерден солтүстік пен оңтүстікке, шығыс пен батысқа қарашы. 15 Көз алдыңдағы осы жердің бәрін саған және сенің ұрпағыңа мәңгілікке беремін. 16 Мен ұрпағыңды жер бетіндегі құм қиыршықтарындай сансыз көп етемін. Кім құм қиыршықтарын санай алса, сенің ұрпағыңды да санай алғаны. 17 Тұр да, осы жерді о шетінен бұ шетіне дейін кезіп шық, өйткені оны саған бермекпін”.
it-2 213-б., 3-абз.
Заң
Тарихи айғақтардың негізінде кейбір ғалымдар мынадай тұжырым жасаған: ежелде біреуге жер сату үшін, алдымен сатып алатын адамға жер телімін жақсы көрінетін жерден көрсетіп, нақты шегарасын белгілейтін. Егер сатып алушы “көрдім” деп айтса, бұл сол жерді алуға заңды түрде келісім бергенін білдірген. Ехоба Ыбырайымға Қанахан жерін беруді уәде еткенде, оған алдымен сол жерге көз тастап, төрт бағытқа қарауды айтты. Бірақ Ыбырайым “көрдім” демеген. Бәлкім, Құдай бұл Уәде етілген жерді кейінірек Ыбырайымның ұрпағына беремін дегендіктен болар (М1ж 13:14, 15). Исраил халқының заңды өкілі Мұсаға алдында жатқан өлкені “қарап ал” делінді. Жоғарыдағы ғалымдардың тұжырымы рас болса, бұл сол жердің заңды түрде Исраилдің иелігіне өтетінін білдірсе керек. Оларды бұл жерге Ешуа бастап апармақ еді (М5ж 3:27, 28; 34:4; Мт 4:8-дегі Шайтанның Исаға жасаған ұсынысын да қараңыз). Бұған қоса, жердің о шетінен бұ шетіне дейін кезіп шығу не сол жерге иемдену мақсатымен кіру де осыған ұқсас заңи күші бар әрекет саналған көрінеді (М1ж 13:17; 28:13). Көне құжаттардың кейбіріне қарайтын болсақ, әрбір жылжымайтын мүлікті сату кезінде сол жер теліміндегі ағаштардың саны көрсетілген екен (М1ж 23:17, 18 салыстырыңыз).
Асыл тастарды іздеп табайық
(Мұсаның 1-жазбасы 13:8, 9) Сондықтан Ыбырам Лұтқа: “Екеуміздің де, малшыларымыздың да арасында дау-жанжал болмай-ақ қойсыншы, өйткені ағайындымыз ғой. 9 Міне, қалаған жеріңді таңдап ал да, менен бөлек шыға ғой. Сен сол жаққа кетсең, мен оңға кетейін, ал оң жаққа кетсең, мен солға кетейін”,— деді.
Келіспеушіліктің шешімін сүйіспеншілікпен табайық
12 Киелі кітаптан Құдайдың қызметшілері кикілжің туындаған жағдайда қалай татулық сақтай алғандарын көруге болады. Мысалы, Ыбырайым мен немере інісі Лұттың қыруар малы болды. Малдарының көптігінен жер тарлық етіп, екеуінің малшыларының арасында дау-жанжал туды. Сонда татулық сақтағысы келген Ыбырайым Лұтқа ең жақсы жерді бірінші болып таңдауға жол берді (Мұсаның 1-жазбасы 13:1, 2, 5—9). Неткен керемет үлгі! Жомарттық танытқаны үшін Ыбырайым көп нәрсе жоғалтты ма? Жоқ. Осы оқиғадан кейін Ехоба бірден оған уәде беріп, жоғалтқанынан әлдеқайда көп нәрсемен жарылқайтынын айтты (Мұсаның 1-жазбасы 13:14—17). Бұдан қандай ой түйеміз? Тіпті өзімізге залал келген күнде де, келіспеушіліктерді сүйіспеншілікпен шешуге тырыссақ, Ехоба бізге батасын береді.
(Мұсаның 1-жазбасы 14:18—20) Салимнің патшасы Мәліксадық та нан мен шарап алып шықты. Ол Алла Тағаланың діни қызметкері еді. 19 Ыбырамға батасын беріп, Мәліксадық былай деді: “Ыбырамды жарылқасын Алла Тағала, Көк пен жердің Жаратушысы. 20 Дәріптелсін Алла Тағала Жауларыңды қолыңа берген!” Сонда Ыбырам оған қолға түсірген олжасының оннан бір бөлігін берді.
(Еврейлерге 7:4—10) Оның қаншалықты ұлы болғанына қараңдаршы: әулетбасы Ыбырайым оған ең жақсы олжасының оннан бір бөлігін берген. 5 Рас, Заңға сай, діни қызметкер болып тағайындалған Леуі ұлдары халықтан, яғни өз бауырларынан (олар Ыбырайымның ұрпағы болса да) түсімдерінің оннан бір бөлігін жинайды. 6 Бірақ Мәліксадық леуі руынан шықпаса да, уәделерге ие болған Ыбырайымның олжасының оннан бір бөлігін алып, оған батасын берген. 7 Төмен тұрғанның өзінен жоғары тұрғаннан бата алғаны даусыз. 8 Оннан бір бөлікті алатын леуіліктер — өлетін адамдар, ал оны алатын басқа біреу тірі, бұл туралы Жазбада куәлік етілген. 9 Оннан бір бөлік алатын Леуінің өзі де Ыбырайым арқылы оннан бір бөлік төледі деуге болады. 10 Себебі Ыбырайым Мәліксадықты кездестіргенде, Леуі әлі Ыбырайымның ұрпағы ретінде туылмаған еді.
it-2 683-б., 1-абз.
Діни қызметкер
Салим қаласының патшасы Мәліксадық ерекше діни қызметкер (“кохен”) болған. Киелі кітапта оның ататегі жайлы, туылуы мен өлімі жайлы ешқандай мәлімет жоқ. Діни қызметкерлік оған мұрагерлік жолмен берілмеген және оған дейін бұл қызметті ешкім атқармаған, одан кейін де ешкім орнын баспаған. Мәліксадық әрі патша әрі діни қызметкер болған. Оның діни қызметкерлігі леуіліктердің діни қызметкерлігінен жоғары тұрған, өйткені Леуі Мәліксадыққа оннан бір бөлікті төлеген деуге болады. Неге? Себебі кезінде Ыбырайым Мәліксадыққа оннан бір бөлікті берген, ал Леуі оның болашақ ұрпағы болған (М1ж 14:18—20; Ев 7:4—10). Осы тұстарымен Мәліксадық Иса Мәсіхтің бейнесі болған, өйткені Иса — “Мәліксадық сияқты мәңгілікке діни қызметкер” (Ев 7:17).
Киелі кітапты оқу
(Мұсаның 1-жазбасы 12:1—20) Ехоба Ыбырамға былай деді: “Еліңді, туған-туысыңды және әкеңнің үйін қалдырып, мен көрсететін елге көш. 2 Мен сенен ұлы халық таратамын, сені жарылқап, атыңды шығарамын. Сондай-ақ сен арқылы басқаларға батам қонады. 3 Саған батасын бергендерге батамды беремін, саған қарғыс айтқандарға қарғыс айтамын. Жер бетіндегі барлық халықтар сен арқылы жарылқанады”. 4 Содан Ыбырам Ехобаның айтқанын істеп, жолға шықты, Лұт та еріп жүрді. Хараннан шыққанда, Ыбырам жетпіс бес жаста еді. 5 Ыбырам әйелі Сарайды, туған бауырының ұлы Лұтты және жиған-терген мал-мүлкі мен Харанда иемденген қызметшілерін алып, Қанахан еліне қарай бет алды. Қанахан еліне жеткеннен кейін, 6 Ыбырам әрі қарай жүріп, үлкен ағаштар өсетін Моренің маңындағы Сихем деген жерге келді. Сол уақытта онда қанахандықтар тұратын. 7 Сонда Ехоба Ыбырамға көрініп: “Осы жерді сенің ұрпағыңа беремін”,— деді. Сосын Ыбырам өзіне көрінген Ехобаға арнап сол жерде құрбандық орнын тұрғызды. 8 Кейінірек ол Бетелдің шығыс жағындағы таулы өңірге қарай көшіп, батыстағы Бетел мен шығыстағы Гайдың ортасына шатырын тікті. Сол жерде Ехобаға арнап құрбандық орнын тұрғызып, Ехобаның есімін мадақтады. 9 Кейін ол қосын жинады да, көшіп-қона жүріп, Негев шөліне қарай жылжыды. 10 Қанахан елінде ашаршылық басталып, ол үдей түскендіктен, Ыбырам уақытша Мысырға көшті. 11 Мысырға жақындағанда, ол әйелі Сарайға мынаны айтты: “Сөзіме құлақ түрші, сен өте сұлу әйелсің. 12 Саған мысырлықтардың көзі түсіп “мынау — оның әйелі” дері сөзсіз. Сонда олар мені өлтіріп, сені тірі қалдырады. 13 Сондықтан жамандыққа ұшырамай, сенің арқаңда жаным аман қалу үшін, өзіңді менің қарындасым деп айтшы”. 14 Ыбырам Мысырға келген бойда, мысырлықтар Сарайдың өте сұлу әйел екенін байқады. 15 Перғауынның адамдары да әйелді көріп, оны оған мақтап барды. Сонда ол әйелді сарайына алдыртты. 16 Перғауын әйел үшін Ыбырамға оң көзбен қарап, оған көп қой, ірі қара, есек, түйе және құлдар мен күңдер берді. 17 Бірақ Ехоба Ыбырамның әйелі Сарайға бола перғауын мен оның үй ішіне ауыр індеттер жіберді. 18 Сонда перғауын Ыбырамды шақырып алып: “Бұл не қылғаның? Неге маған оның өз әйелің екенін айтпадың? 19 Неліктен оны қарындасым дедің? Мен оны әйелдікке ала жаздадым ғой. Міне, әйелің. Оны ал да, кет!”— деді. 20 Сөйтіп, перғауын қызметшілеріне Ыбырам жайында бұйрық беріп, олар оны әйелімен және бар меншігімен қоса жолға шығарып салды.
ҚЫЗМЕТІМІЗДІҢ САПАСЫН АРТТЫРАЙЫҚ
w12 1.1. 8-б.
Құдайды қастерлеген әйел, асыл жар
Сараның күйеуі сенімі мықты адам еді. Өзі де Құдайға мойынсұнғыш әйел ретінде бізге үлгі-өнеге. Киелі кітапта оның аты Құдайға бағышталған әйелдерге үлгі ретінде үш рет аталған (Ишая 51:1, 2; Еврейлерге 11:11; Петірдің 1-хаты 3:3—6). Сара жайлы Жазбалардағы аз ғана мәліметтен оның ерекше әйел болғанын түсінеміз.
Ыбырайым оған Құдайдың Урдан кетуді бұйырғанын айтқанда, Сараның мұны қалай қабылдағанын мысалға алайықшы. Оның санасын сан түрлі сұрақтар торлаған шығар: Қайда бара жатырмыз? Не үшін? Қалай күн көреміз? Достарымды, туыстарымды қалай тастап кетемін? Оларды қайта көремін бе? Соған қарамастан Сара еш қарсылықсыз жолға аттанды, себебі мойынсұнғыштығын Ехоба жарылқайтынына сенді (Елшілердің істері 7:2, 3).
Сара Құдайдың адал қызметшісі ғана емес, асыл жар бола білген. Ол отбасылық мәселелердің тізгінін өз қолыма алам деп, күйеуімен тайталаспаған. Қайта, жүрегінде күйеуіне терең құрмет өсіріп, оның отағалық жетекшілігіне сүйіспеншілікпен қолдау білдіріп отырған. Осылайша ол өзін жан дүниесіндегі ізгі қасиеттерімен көркейткен (Петірдің 1-хаты 3:1—6).
Оның осы көркем мінезі бүгінгі әйелдер үшін қай жағынан үлгі? 30 жылдан аса уақыттан бері бақытты отау құрып келе жатқан Джилл есімді әйел былай дейді: “Сарадан күйеуіме өз ойымды, пікірімді ашық айтуды үйрендім. Бірақ отағасы болғандықтан, соңғы шешім оның құзырында екенін де түсінемін. Ал шешім қабылданған соң, менің міндетім соның іске асуына барымды салу”.
Сараның тәлім боларлық, тәнті етерлік бір қасиеті — таңдай қақтырарлық сұлу болса да, көркіне бола көкіректеніп кетпеген (Мұсаның 1-жазбасы 12:10—13). Қайта, Ыбырайыммен кешкен өмірінің ыстығы мен суығында оны кішіпейілділікпен демеп отырды. Ыбырайым мен Сара бір-біріне адал, кішіпейілділігі мен махаббаты жарасқан жұп болған. Олар бір-бірі үшін нағыз бата еді!
10—16 ақпан
ҚҰДАЙ СӨЗІНДЕ ЖАТҚАН ҚАЗЫНА | МҰСАНЫҢ 1-ЖАЗБАСЫ 15—17
“Ехоба не себепті Ыбырам мен Сарайдың атын өзгертті?”
(Мұсаның 1-жазбасы 17:1) Ыбырам 99 жасқа келгенде, Ехоба оған көрініп, былай деді: “Мен Құдіреті шексіз Құдаймын. Менің көз алдымда адал жүр, мінсіз бол.
it-1 817-б.
Мін, кінә тағу
Адам баласының іс-әрекетінен жиі мін табылады. Себебі күнә мен қателік жасау бәрімізге Адам атадан берілген (Рм 5:12; Зб 51:5). Бірақ Ехоба өзі мінсіз болса да, “неден жаратылғанымызды жақсы біледі, топырақ екеніміз оның есінде” (Зб 103:13, 14). Ол адал да тілалғыш Нұхты “замандастарының арасында мінсіз” деп тапқан (М1ж 6:9). Ал Ыбырайымға: “Менің көз алдымда адал жүр, мінсіз бол”,— деп бұйырған (М1ж 17:1). Бұл екеуі де кемелсіз болып, дүниеден өтсе де, “жүрекке қарайтын” Ехоба үшін олар мінсіз еді (С1ж 16:7; салыстырыңыз: П2ж 20:3; Ш2ж 16:9). Исраилдіктерге де: “Сендер Ехоба Құдайларыңның алдында кінәратсыз болыңдар”,— деп бұйырылды (М5ж 18:13; С2ж 22:24). Ехоба өзінің мінсіз Ұлын (Ев 7:26) төлем құрбандығы ретінде берді, әрі соны негізге алып, сенім мен мойынсұнушылық танытатындарды ол “әділ” яғни мінсіз деп атай алады. Сөйте тұра, өзі әділ де мінсіз Төреші болып қала береді (Рм 3:25, 26; “НЕПОРОЧНОСТЬ”; “СОВЕРШЕНСТВО” тақырыптарын қараңыз).
(Мұсаның 1-жазбасы 17:3—5) Сонда Ыбырам жерге бас ұрып тағзым етті. Құдай сөзін жалғап былай деді: 4 “Айтқаным айтқан, сенімен жасаған келісімім бойынша, сен көптеген халықтың түп атасы боласың. 5 Бұдан былай атың Ыбырам емес, Ыбырайым болады. Өйткені сені көптеген халықтың түп атасы етемін.
it-1 31-б., 1-абз.
Ыбырайым
Ыбырайым мен Сараның Қанаханда тұрып жатқанына он жылдың жүзі өтті. Ал Сара әлі де бедеу еді. Сондықтан ол өзінің мысырлық күңі арқылы балалы болу үшін Ажарды Ыбырайымға әйелдікке берді. Ыбырайым бұған келісті. Сөйтіп, б. з. б. 1932 жылы 86 жастағы Ыбырайым Ысмағұлға әке болды (М1ж 16:3, 15, 16). Тағы біраз жыл өтті. Б. з.б. 1919 жылы, Ыбырайым 99-ға келгенде, Ехоба екеуінің арасындағы ерекше келісімнің бекітілгенінің белгісі ретінде үйіндегі бүкіл еркек кіндіктілерді сүндеттеуді бұйырды. Сол кезде Ехоба оның Ыбырам деген атын Ыбырайым деп өзгертті, “өйткені оны көптеген халықтың түп атасы ететін” болды (М1ж 17:5, 9—27; Рм 4:11). Содан көп ұзамай Ыбырайымға адам кейпінде үш періште келді. Олардың Ехобадан келген хабаршылар екенін түсінген Ыбырайым оларды қонақжайлылықпен қарсы алды. Сонда олар Сараның бала көтеріп, бір жыл ішінде ұлды болатынын уәде етті! (М1ж 18:1—15).
(Мұсаның 1-жазбасы 17:15, 16) Құдай Ыбырайымға әрі қарай былай деді: “Әйеліңді енді Сарай емес, Сара деп ата. 16 Мен оған батамды беріп, саған одан ұл сыйлаймын. Оны жарылқап, одан көп ұлт таратамын, сондай-ақ халықтардың патшаларын шығарамын”.
w09 1.2. 13-б.
Адам есімінің астарында қандай мән бар?
Құдай кейбір кісілердің есімін пайғамбарлық мәні бар есімдерге ауыстырған. Мысалы, “ұлық ата” дегенді білдіретін Ыбырамның есімі “көптің атасы” дегенді білдіретін Ыбырайым деген есімге ауыстырылды. Атына сай болып, Ыбырайым шынында да көптеген халықтың атасы болды (Мұсаның 1-жазбасы 17:5, 6). Ал оның зайыбы Сарайдың есімі “сөз таластырушы” дегенді білдіруі мүмкін. Құдай оның есімін “ханшайым” дегенді білдіретін Сара деген есімге өзгерткенде, ол қатты қуанған шығар. Бұл жаңа есім оның патшалардың түп анасы болатынын көрсеткен (Мұсаның 1-жазбасы 17:15, 16).
Асыл тастарды іздеп табайық
(Мұсаның 1-жазбасы 15:13, 14) Құдай Ыбырамға былай деді: “Мынаны біліп қой, сенің үрім-бұтағың бөтен елде жатжерліктер ретінде тұрып, сол жерде 400 жыл бойы құл болып, қасірет шегеді. 14 Бірақ мен оларды құл еткен халықты соттаймын. Содан кейін үрім-бұтағың сол елден мол дүние-мүлікпен көшіп шығады.
it-1 460, 461-б.
Шежіре
Ехоба Ыбырамға (Ыбырайымға) былай деді: “Мынаны біліп қой, сенің үрім-бұтағың бөтен елде жатжерліктер ретінде тұрып, сол жерде 400 жыл бойы құл болып, қасірет шегеді” (М1ж 15:13; Е.і 7:6, 7-ні де қараңыз). Бұл сөздер уәде етілген мұрагері, яғни “үрім-бұтағы” Ысқақ туылмай тұрып айтылған. Б. з.б. 1932 жылы Ажар деген мысырлық күң Ыбырайымға Ысмағұлды туып берді, ал б. з. б. 1918 жылы Ысқақ туылды (М1ж 16:16; 21:5). Ыбырайымның үрім-бұтағының “қасірет шегетін” уақытының біткен кезі, яғни Мысырдан шыққан кезінен (М1ж 15:14) 400 жыл артқа қарай санайтын болсақ, б. з. б. 1913 жылға келіп тірелеміз. Бұл кезде Ысқақ 5-ке келіп, емшектен шығарылған болса керек. Сол кезде бөтен жерде “жатжерлік ретінде тұрып” жатқан Ысқақ 19 жас шамасындағы Ысмағұлдың “келеке-мазағына” ұшырады. Ысқақтың басына түскен осы жағдай алдын ала айтылған “қасірет шегетін” уақыттың бастамасы болды (М1ж 21:8, 9). Қазіргі заманда Ысмағұлдың Ыбырайымның мұрагеріне көрсеткен келеке-мазағы болмашы саналуы мүмкін. Алайда сол заманда олай саналмаған. Бұған Сараның осы жағдайды қалай қабылдағаны және оның Ажар мен Ысмағұлды қуып жібер деп тұрып алғанына Құдайдың қолдау білдіргені дәлел (М1ж 21:10—13). Сондай-ақ Құдайдың осы оқиғаны егжей-тегжейіне дейін жаздырғаны пайғамбарлық етілген 400 жылдық “қасірет шегу” кезеңінің сол кезде басталғанын көрсетеді. Бұл кезең исраилдіктер Мысырдан шыққан кезде аяқталды (Ғл 4:29).
(Мұсаның 1-жазбасы 15:16) Сенің үрім-бұтағың осында төртінші ұрпағында оралады. Өйткені аморлықтардың өз күнәлары үшін жазаланатын уақыты әлі келген жоқ”.
it-1 778-б., 4-абз.
Мысырдан шығу
“Төртінші ұрпағында”. Ехоба Ыбырайымға үрім-бұтағының төртінші ұрпағы Қанаханға қайтып келетінін айтқан (М1ж 15:16). Ыбырайыммен жасасқан келісім күшіне енген кезден бастап исраилдіктер Мысырдан шыққанға дейінгі 430 жыл ішінде төрттен де көп буын өмір сүрді (Киелі кітаптан көрінетіндей, ол кезде адамдар ұзақ өмір сүрген болса да). Алайда Мысыр жерінде исраилдіктер 215 жыл ғана болған. Мысырға кіргеннен кейінгі “төртінші ұрпақты” есептеп шығару үшін Леуі руын мысалға алсақ болады. Олар: 1) Леуі, 2) Қахат, 3) Ымрам, 4) Мұса (М2ж 6:16, 18, 20).
Киелі кітапты оқу
(Мұсаның 1-жазбасы 15:1—21) Осыдан кейін Ыбырам аян алып, Ехобаның келесі сөздерін естіді: “Қорықпа, Ыбырам. Мен сенің қалқаныңмын. Сенің алатын сыйың аса зор болады”. 2 Сонда Ыбырам былай деді: “Әлемнің Әміршісі Ехоба, маған қандай сый бермексің? Менің әлі ұлым жоқ, үйімді дамаскілік Елиезер мұра етпек”. 3 Сосын: “Маған ұрпақ бермедің, сондықтан мұрагерім үйімдегі қызметшім болмақ”,— деп қосты. 4 Ехоба оған: “Сенің мұрагерің бұл адам емес, өз ұлың болады”,— деді. 5 Сөйтіп, Құдай оны сыртқа шығарып: “Аспанға қарап, жұлдыздарды санашы. Сен оларды санай алар ма екенсің?!”— деді. Бұдан соң оған: “Сенің ұрпағың осынша көп болады”,— деді. 6 Ыбырам Ехобаға сенді. Сондықтан Құдай оны әділ деп санады. 7 Әрі қарай ол: “Мен Ехобамын. Сені осы жерді иемденсін деп халдейлердің Ур қаласынан алып шыққан менмін”,— деді. 8 Сонда Ыбырам: “Әлемнің Әміршісі Ехоба, осы жерді иемденетінімді қалай білемін?”— деп сұрады. 9 Құдай оған: “Маған үш жасар бір сиыр, үш жасар бір ешкі, үш жасар бір қошқар және бір кептер мен жас көгершін әкел”,— деді. 10 Ыбырам айтылғандардың бәрін әкеліп, оларды ортасынан қақ бөліп, бөліктерді бір-біріне қарама-қарсы қойды. Бірақ құстарды екіге бөлмеді. 11 Сойылған малдың етіне жыртқыш құстар қона бастады, Ыбырам оларды қуып отырды. 12 Күн ұясына бата бастағанда, Ыбырам қатты ұйқыға кетті. Түсінде оны қорқынышты қара түнек орады. 13 Құдай Ыбырамға былай деді: “Мынаны біліп қой, сенің үрім-бұтағың бөтен елде жатжерліктер ретінде тұрып, сол жерде 400 жыл бойы құл болып, қасірет шегеді. 14 Бірақ мен оларды құл еткен халықты соттаймын. Содан кейін үрім-бұтағың сол елден мол дүние-мүлікпен көшіп шығады. 15 Ал сен ұзақ ғұмыр кешкен соң, тыныштықта көз жұмып, ата-бабаларыңа қосыласың. 16 Сенің үрім-бұтағың осында төртінші ұрпағында оралады. Өйткені аморлықтардың өз күнәлары үшін жазаланатын уақыты әлі келген жоқ”. 17 Күн батып, айналаны қою қараңғылық басты. Сонда түтіні бұрқыраған ошақ пайда болды да, бір лаулаған от қарама-қарсы жатқан мал бөліктерінің ортасынан өте шықты. 18 Сол күні Ехоба Ыбыраммен келісім жасап, былай деді: “Мысыр өзенінен ұлы өзенге, Евфрат өзеніне, дейін созылып жатқан бұл жерді сенің үрім-бұтағыңа беремін, 19 яғни кендіктердің, кеназдықтардың, кадмондықтардың, 20 хеттіктердің, перездіктердің, рефаимдердің, 21 аморлықтардың, қанахандықтардың, гергестіктер мен ебустіктердің жерін беремін”.
17—23 ақпан
ҚҰДАЙ СӨЗІНДЕ ЖАТҚАН ҚАЗЫНА | МҰСАНЫҢ 1-ЖАЗБАСЫ 18, 19
“Бүкіл әлемнің Төрешісі” Содом мен Ғомораны жойып жіберді”
(Мұсаның 1-жазбасы 18:23—25) Ыбырайым оған жақындап, былай деді: “Шынымен әділді жауызбен бірге құртпақсың ба? 24 Қалада елу әділ адам бар шығар. Сонда елу әділ адам үшін қалаға рақым етпейсің бе? Оның тұрғындарын шынымен жоймақсың ба? 25 Осылай істеп, әділ адамды жауызбен бірге өлтіріп, оған жауыздың кебін кигізуің мүмкін емес қой! Сен ешқашан бұлай етпейсің. Бүкіл әлемнің Төрешісі әділ әрекет етпеуші ме еді?!”
“Бүкіл әлемнің Төрешісі” әрқашан әділ әрекет етеді
“БҮКІЛ ӘЛЕМНІҢ Төрешісі әділ әрекет етпеуші ме еді?!” (Мұсаның 1-жазбасы 18:25). Ыбырайым бұл сұрақты көңілінде бір күмән болғандықтан қойған жоқ-тын. Қайта, оның сұрағы Ехоба Содом мен Ғомораны кемелді әділдігіне сай соттайтынына сенімді екенін паш етті. Ол Ехобаның “әділ адамды жауызбен бірге өлтірмейтініне” еш шек келтірген жоқ. Бұлай болуы Ыбырайым үшін мүмкін де емес еді. Шамамен 400 жылдан соң, Ехоба өзі туралы Мұсаға былай деп жаздырды: “Ол — Жартасымыз, істері оның кемелді, Жолдарының бәрі әділетті. Құдай адал, еш әділетсіздік жасамайды, Ол әділ әрі шыншыл” (Мұсаның 5-жазбасы 31:19; 32:4).
(Мұсаның 1-жазбасы 18:32) Ақырында, Ыбырайым былай деді: “Уа, Ехоба, тағы бір рет қана айтайын, ашулана көрме. Қаладан он-ақ әділ адам табылатын шығар”. Бұған ол: “Он адам үшін де оны құртпаймын”,— деп жауап қатты.
Шыдамдылық — үміті үзілмес қасиет
Шыдамдылықтың ең жақсы үлгісі — Ехобаның өзі (Петірдің 2-хаты 3:15). Киелі кітапта оның зор шыдамдылығы жайлы көп айтылған (Нехемия 9:30; Ишая 30:18). Мысалы, Ехоба Содомды жоямын деп шешкенде, Ыбырайымның оған бірнеше сұрақ қойғаны есіңізде ме? Ехоба соған қалай қараған еді? Ол Ыбырайымның сөзін бөлмей, әрбір сұрағы мен уайымын шыдамдылықпен тыңдады. Ал сосын оның уайымын тыңдағанын білдіріп, Содомда он әділ адам табылса, қаланы жоймайтынына сендірді (Мұсаның 1-жазбасы 18:22—33). Ехоба әрдайым адамды шыдамдылықпен тыңдайды. Ол ешқашан қызбалыққа салынбайды.
(Мұсаның 1-жазбасы 19:24, 25) Сол уақытта Ехоба Содом мен Ғомораның үстінен күкірт пен от жаудырды. Мұны Ехоба көктен жіберген еді. 25 Осылай сол қалаларды, тұрғындары мен өсімдіктерін қоса алғанда, бүкіл аймақтың түгін қалдырмай күл-талқан етті.
Ехоба — әлемнің Әміршісі
12 Жақында Ехоба өзінің бүкіләлемдік билікке құқылы екенін дәлелдейтініне сенімдіміз. Өйткені ол зұлымдыққа мәңгілік төзбейді, әрі біз соңғы күндері өмір сүріп жатқанымызды білеміз. Кезінде Ехоба зұлым адамдарды жою үшін Топан су жіберген. Сондай-ақ ол Содом мен Ғомораны, перғауын мен оның әскерін жойған. Сисара мен оның сарбаздары, Сеннахирим мен ассирия жауынгерлері де Ең жоғарғының күшіне қарсы тұра алмаған (Жар. 7:1, 23; 19:24, 25; Мыс. ш. 14:30, 31; Би. 4:15, 16; Пат. 4-ж. 19:35, 36). Олай болса, Ехоба Құдай зұлым адамдардың өз есімін қаралауына және Куәгерлеріне жәбір көрсетуіне мәңгі шыдап отыра бермейтініне сенімдіміз. Оның үстіне, Исаның арамызда билік етіп жатқанының және зұлым дүниенің жойылуы жақын екенінің белгісін көріп жүрміз (Мат. 24:3).
Асыл тастарды іздеп табайық
(Мұсаның 1-жазбасы 18:1) Бұдан кейін Ехоба Ыбырайымға Мамредегі үлкен ағаштардың арасында көрінді. Ыбырайым күннің қатты ысыған шағында шатыр аузында отырған еді.
(Мұсаның 1-жазбасы 18:22) Сөйтіп, екеуі сол жерден Содомға қарай жол тартты. Ал Ехоба Ыбырайыммен қалып қойды.
w88 15.5. 23-б., 4, 5-абз.
Құдайды көрген біреу бар ма?
Ыбырайым Құдайдың атынан адам кейпінде келген періштемен Құдайдың өзімен сөйлесіп тұрғандай сөйлескен. Періште Құдайдың Ыбырайымға айтқысы келген хабарын дәлме-дәл жеткізген және ол Құдайдың өкілі болған, сондықтан да Киелі кітапта “Ехоба Ыбырайымға... көрінді” делінген (Мұсаның 1-жазбасы 18:1).
Мысалы, телефон не радио біздің сөзімізді өзге адамға дәлме-дәл жеткізеді, сол сияқты Құдайдың атынан өкіл болып барған періште де оның хабарын дәл солай жеткізетін. Сондықтан да Ыбырайым, Мұса, Манұх және өзгелер адам кейпінде келген періштемен неліктен Құдайдың өзімен сөйлескендей сөйлескендерін түсінуге болады. Бұл кісілер осы періштелерді және солар арқылы Құдайдың ұлылығын көре алғанымен, Құдайдың жеке өзін көре алмаған. Міне, осы себепті де: “Құдайды ешкім ешқашан көрген емес”,— деген Жоханның сөздері мен жоғарыдағы сөздердің еш қайшылығы жоқ (Жохан 1:18). Бұл кісілер Құдайдың өзін емес, оның өкілі болған періштелерін көрген.
(Мұсаның 1-жазбасы 19:26) Ал Лұттың артында келе жатқан әйелі болса кері бұрылып қарады. Сонда ол тұз бағанаға айналды.
Өзгелерге күйзелісті еңсеруге көмектесіңіз
3 Лұттың шектен шыққан азғын қала Содомға көшкені дұрыс болмады (Петірдің 2-хаты 2:7, 8 оқыңыз). Ол шұрайлы аймақты таңдадым деп ойлағанмен, көп қиындыққа кезікті (Мұс. 1-ж. 13:8—13; 14:12). Лұттың әйелі сол қаланың өзін немесе халқын қатты ұнатса керек. Ұнатқаны сонша — Ехобаға мойынсұнбады. Құдай көктен от пен күкірт жаудырғанда, ол өлім құшты. Лұттың екі қызы жайлы айтсақ, олардың атастырылған болашақ күйеулері де қайтыс болды. Лұт үй-жайынан, мал-мүлкінен, ең ауыры — әйелінен айырылды (Мұс. 1-ж. 19:12—14, 17, 26). Ехоба Лұттың ақылсыз әрекеттеріне ашуланды ма? Жоқ.
Киелі кітапты оқу
(Мұсаның 1-жазбасы 18:1—19) Бұдан кейін Ехоба Ыбырайымға Мамредегі үлкен ағаштардың арасында көрінді. Ыбырайым күннің қатты ысыған шағында шатыр аузында отырған еді. 2 Бір кезде сонау жерде тұрған үш кісіні көзі шалды. Оларды көре салысымен, алдарынан жүгіріп шығып, жерге дейін иіліп тағзым етті. 3 Сосын былай деді: “Ехоба, егер ықыласыңа ие болсам, құлыңның үйінен дәм татпай кетпе. 4 Рұқсат етсеңіздер, аяқ жуатын су әкелгізейін. Сосын ағаштың көлеңкесіне жайғасыңыздар. 5 Құлдарыңызға келген екенсіздер, осында нан әкелейін, әлденіп алыңыздар. Содан кейін әрі қарай жүре берерсіздер”. Олар: “Жарайды, айтқаның болсын”,— деді. 6 Ыбырайым тез шатырдағы Сараға барып: “Тездетіп үш табақ жақсы ұннан қамыр илеп, күлше нан пісір”,— деді. 7 Сосын табынға жүгіріп барып, еті жұмсақ жас бұқаны таңдап алып, қызметшісіне берді. Ол мұны тездетіп дайындауға кірісті. 8 Кейін Ыбырайым май, сүт және пісірілген жас малдың етін әкеліп, қонақтардың алдына қойды. Олар ағаштың көлеңкесінде тамақтанып жатқанда, Ыбырайым қастарында тұрды. 9 Олар: “Әйелің Сара қайда?”— деп сұрады. Ыбырайым: “Осында, шатырдың ішінде”,— деп жауап берді. 10 Сонда біреуі: “Келесі жылы осы уақытта қайтып келемін. Әйелің Сара ұл туады”,— деді. Олардың ту сыртында, шатырдың аузында тұрған Сара бұл сөздерді естіді. 11 Ыбырайым мен Сара егде тартқан болатын, сондықтан Сара бала туатын жастан шыққан еді. 12 Сонда Сара: “Өзім де, қожайыным да қартайған шақта, осындай қуанышқа кенелер ме екенмін?!”— деп іштей күлді. 13 Ехоба Ыбырайымға былай деді: “Сара: — Қартайған шағымда бала туамын ба?!— деп неге күледі? 14 Ехоба үшін мүмкін емес нәрсе бар ма? Келесі жылы осы уақытта келгенде, Сараның ұлы болады”. 15 Бірақ Сара қорыққандықтан: “Мен күлген жоқпын”,— деп мойындамады. “Жоқ, сен күлдің”,— деді ол. 16 Кейін қонақтар жолға шықпақ болып орындарынан тұрды да, Содом жаққа көз тастады. Ыбырайым оларды шығарып салу үшін бірге жүрді. 17 Сонда Ехоба былай деді: “Өзімнің не істегелі жатқанымды Ыбырайымнан қалай жасырмақпын?! 18 Ыбырайымнан міндетті түрде ұлы әрі мықты халық шығады. Жер бетіндегі барлық халықтар ол арқылы жарылқанады. 19 Мен Ыбырайымды жақсы білемін, әрі оның өз ұлдарына және үрім-бұтағына Ехобаның жолынан таймай, тура да әділ нәрсені істеуді өсиет ететініне сенімдімін. Сонда Ехоба оған уәде еткендерінің бәрін орындайды”.
24 ақпан—1 наурыз
ҚҰДАЙ СӨЗІНДЕ ЖАТҚАН ҚАЗЫНА | МҰСАНЫҢ 1-ЖАЗБАСЫ 20, 21
“Ехоба әрдайым уәдесінде тұрады”
(Мұсаның 1-жазбасы 21:1—3) Ехоба өзі айтқандай, Сараға назар аударды. Ехоба берген уәдесін орындап, 2 Сара жүкті болды. Сөйтіп, Құдай уәде еткен уақытта егде жастағы Ыбырайымға ұл сыйлады. 3 Ыбырайым Сара туған баланың есімін Ысқақ деп қойды.
Құдай оны “Ханшайым” деп атады
Сараның күлгеніне қарағанда, оның сенімі аз болған ба? Мүлдем олай емес. Киелі жазбаларда былай делінген: “Сенімі болғандықтан Сара да жасы келіп қалса да, құрсақ көтеріп, ұрпақ әкелу үшін күш алды. Себебі уәде берушіні өз сөзіне адал деп санады” (Еврейлерге 11:11). Сара Ехобаның қандай Құдай екенін және оның айтқан сөзі орындалмай қоймайтынын жақсы білетін. Осындай сенім қай-қайсысымызға да қажет емес пе?! Біз де Киелі кітаптың авторы — Құдайды жақсырақ тани түсуіміз қажет. Сонда Саранікіндей зор сенімге ие болудың қаншалықты маңызды екеніне көзіміз жетеді. Расында да, Ехоба берген сертіне адал. Ол аузынан шыққан әрбір сөзін орындайды. Оның істеріне кейде аң-таң болсақ, кейде сенер-сенбесімізді білмей күліп те алуымыз мүмкін.
“ОНЫҢ СӨЗІНЕ ҚҰЛАҚ АС”
Жасы тоқсанды алқымдағанда, Сара отау тіккеннен бергі аңсаған арманына қол жеткізді. Ол басынан бір ғасырды өткерген сүйікті жарына маңдайы торсықтай ұл туып берді! Ыбырайым оны Құдай айтқандай “Күлкі”, яғни Ысқақ деп атады. Өзі қалжырап тұрса да, көзінен нұр төгіліп тұрған Сараның: “Құдай маған күлкі сыйлады, мұны естігендердің бәрі менімен бірге күлетін болады”,— деп жатқанын елестетіп көріңізші (Мұсаның 1-жазбасы 21:6). Ехобаның кереметімен келген бұл сыйға Сара өмірінің соңына дейін тәнті болып өтсе керек. Дегенмен мұның артында үлкен жауапкершілік те жатқан еді.
Ысқақ бес жасқа толғанда, оның емшектен шығарылғанына орай той өткізілді. Бірақ бұл мерекеге үй іші түгел қатыспады. Жазбаларда Сараның 19 жасар Ысмағұлдың кішкентай Ысқақты келеке-мазақ етіп жүргенін байқағаны айтылады. Бұл жай ойнап тиісу болмаса керек. Елші Пауыл Құдайдың жетелеуімен Ысмағұлдың бұл қылығын қудалау деп атаған. Сара ұлының амандығына үлкен қауіп төніп тұрғанын түсінді. Ол Ысқақтың іштен шыққан перзенті ғана емес, Ехобаның ниетінде негізгі рөл атқаратын адам екенін де білген. Содан ол бар батылдығын жинап, Ыбырайымға ойын тіке айтты. Сара одан Ажар мен оның ұлы Ысмағұлды үйден қуып жіберуін өтінді (Мұсаның 1-жазбасы 21:8—10; Ғалаттықтарға 4:22, 23, 29).
Ыбырайым бұған не деді? Киелі кітаптан: “Ұлына қатысты бұл сөзге Ыбырайымның көңілі түсіп кетті”,— деп оқимыз. Ол Ысмағұлды жақсы көргендіктен, әкелік сезімге бой алдырып, жағдайды дұрыс бағамдай алмады. Сол кезде бәрін анық көріп тұрған Ехоба іске араласты. Ол Ыбырайымға былай деді: “Сараның балаң мен күңің туралы айтқанына көңілің түспесін. Оның сөзіне құлақ ас, себебі саған уәде етілген ұрпақ Ысқақтан шығады”. Сосын Ехоба оған Ажар мен Ысмағұлға жар болатынын уәде етті. Ыбырайым Құдайдың айтқанына көнді (Мұсаның 1-жазбасы 21:11—14).
(Мұсаның 1-жазбасы 21:5—7) Ысқақ туылғанда, Ыбырайым 100 жаста еді. 6 Сара: “Құдай маған күлкі сыйлады, мұны естігендердің бәрі менімен бірге күлетін болады”,— деді. 7 Сосын былай деп қосты: “Ыбырайымның әйелі Сара бала емізеді деп кім ойлаған?! Міне, қартайған шағында мен оған ұл тауып бердім”.
(Мұсаның 1-жазбасы 21:10—12) Сонда ол Ыбырайымға: “Мына күңді ұлымен бірге қуып жібер, күңнің ұлы менің ұлым Ысқақпен бірге мұрагер болмайды!”— деді. 11 Алайда ұлына қатысты бұл сөзге Ыбырайымның көңілі түсіп кетті. 12 Сонда Құдай оған былай деді: “Сараның балаң мен күңің туралы айтқанына көңілің түспесін. Оның сөзіне құлақ ас, себебі саған уәде етілген ұрпақ Ысқақтан шығады.
(Мұсаның 1-жазбасы 21:14) Содан Ыбырайым таңертең ерте тұрып, нан және су құйылған мес алып, Ажардың иығына артып берді де, оны баласымен бірге шығарып салды. Ажар жолға шыққан соң, Бер-Шебадағы шөлді кезіп жүрді.
Асыл тастарды іздеп табайық
(Мұсаның 1-жазбасы 20:12) Оның үстіне, ол шынымен менің қарындасым: әкеміз бір, бірақ анамыз бөлек. Сондықтан да оған үйлендім.
“Сен өте сұлу әйелсің”
Сара мен Ыбырайым әртүрлі шешеден, бірақ бір әке — Тарахтан туылғандықтан, бір-біріне бауыр еді (Мұсаның 1-жазбасы 20:12). Өгей бауырлардың некелесуі қазір теріс саналғанмен, ол уақыттың өз ерекшеліктері бар болған. Мысалы, адамдар Адам мен Хауа айырылып қалған кемелділікке жақын еді. Денсаулықтары мықты болғандықтан, екі туыстың некесінен тараған ұрпақтарда генетикалық ауытқулар болмаса керек. Ал шамамен 400 жылдан соң адамдардың өмір ұзақтығы біздің күндеріміздегідей шамаға жетті. Сол заманда шыққан Мұса Заңы жақын туыстардың некелесуіне тыйым салды (Мұсаның 3-жазбасы 18:6).
(Мұсаның 1-жазбасы 21:33) Бұдан кейін Ыбырайым Бер-Шебада жыңғыл ағашын егіп, сол жерде мәңгі тірі Құдай Ехобаның есімін мадақтады.
w89 1.7. 20-б., 9-абз.
Ыбырайым — Құдаймен достасқысы келетіндер үшін керемет үлгі
9 Ыбырам сенімі бар екенін ісімен тағы да көрсетті. Киелі кітапта Ыбырам туралы: “Ехобаға арнап сол жерде құрбандық орнын тұрғызды”,— делінген (Мұсаның 1-жазбасы 12:7). Бұған қоса, ол малды құрбандыққа шалған болса керек. Кейінірек Ыбырам елдің басқа жерлерінде де сенімін көрсететін осы істерін қайталады. Сондай-ақ ол “Ехобаның есімін мадақтады” (Мұсаның 1-жазбасы 12:8; 13:18; 21:33). “Ехобаның есімін мадақтады” деген тіркес “Ехобаның есімін жариялау (уағыздау)” деген мағынаны да береді. Ыбырамның үй іші мен қанахандықтар оның Ехоба Құдайының есімін батылдықпен жариялап жүргенін естіген болса керек (Мұсаның 1-жазбасы 14:22—24). Осы іспетті бүгінде де Құдаймен дос болғысы келетіндер сенімін көрсету үшін оның есімі жайлы уағыздау керек. Иә, біз “Құдайға ұдайы мадақтау құрбандығын ұсынуымыз, яғни оның есімін жариялап, аузымыздан шыққан сөзімізбен оны мадақтауымыз” керек (Еврейлерге 13:15; Римдіктерге 10:10).
Киелі кітапты оқу
(Мұсаның 1-жазбасы 20:1—18) Ыбырайым қосын сол жерден Негевке көшіріп, Қадеш пен Шурдың арасына қоныс тепті. Сондай-ақ Герарда жатжерлік ретінде тұрып жатқанда, 2 ол әйелі Сара жайлы тағы да: “Бұл — менің қарындасым”,— деді. Сонда Герар патшасы Әбумәлік адам жіберіп, Сараны алдыртты. 3 Кейін Құдай Әбумәліктің түсіне кіріп: “Сен осы әйелді алғаның үшін өлесің, өйткені ол — тұрмыстағы әйел, оның өз қожайыны бар”,— деді. 4 Бірақ Әбумәлік әйелге жақындаған жоқ еді. Сондықтан ол: “Ехоба, шынымен кінәсіз халықты қырып саласың ба? 5 Оның өзі “бұл — менің қарындасым” демеп пе еді? Әйел де оны “бұл — менің ағам” деді ғой. Мұны істегенде көңілім адал, қолым таза болатын”,— деп жауап қатты. 6 Құдай оған түсінде: “Мұны адал көңілмен істегеніңді білгендіктен, сені маған қарсы күнә жасаудан сақтап қалдым. Сондықтан да бұл әйелге жақындауыңа жол бермедім. 7 Енді әйелді күйеуіне қайтар, өйткені оның күйеуі — пайғамбар. Ол сен үшін жалбарынып дұға етеді, сонда тірі қаласың. Ал қайтармасаң, өзің де, үй ішің де түгел өлесіңдер”,— деді. 8 Әбумәлік таңертең ерте тұрып, бүкіл қызметшілерін жинап алып, болған жайттың бәрін айтып берді. Сонда олар қатты қорқып кетті. 9 Әбумәлік Ыбырайымды шақыртып, оған: “Бұл не істегенің? Мені және патшалығымды осындай ауыр күнәға итермелейтіндей мен саған не жаздым? Мұның дұрыс болмады”,— деді де, 10 одан: “Сен мұны қандай ниетпен істедің?”— деп сұрады. 11 Ыбырайым былай жауап берді: “Мен ішімнен: — Бұл жердің адамдары Құдайдан қорықпайды. Сондықтан әйелім үшін мені өлтіріп тастар,— деп ойладым. 12 Оның үстіне, ол шынымен менің қарындасым: әкеміз бір, бірақ анамыз бөлек. Сондықтан да оған үйлендім. 13 Құдай маған: — Әкеңнің үйін тастап, ел кез,— деп айтқанда, әйеліме: — Маған көрсеткен айнымас сүйіспеншілігің болсын: біз баратын жердің бәрінде мені ағам деп айт,— деген едім”. 14 Әбумәлік қой мен ірі қара малдарды және құл-күңдерді таңдап алып, Ыбырайымға сыйлады, сондай-ақ әйелі Сараны да қайтарды. 15 Сосын: “Міне, менің жерім, қалаған жеріңде тұра бер”,— деді. 16 Ал Сараға былай деді: “Ағаңа 1000 күміс ақша беремін. Бұл — сенің арың таза екенінің белгісі. Осыдан қасыңдағы адамдар мен басқа жұрт сенің абыройың төгілмегенін білетін болады”. 17 Ыбырайым Құдайға жалбарынып дұға етті. Сонда Құдай Әбумәлікті, оның әйелдері мен күңдерін сауықтырды. Олар құрсақ көтере бастады. 18 Себебі Ехоба Ыбырайымның әйелі Сара үшін Әбумәліктің үйіндегі әйелдердің бәрін құрсақ көтермейтін етіп қойған еді.