“Жерді мұра етуге” дайынсыз ба?
БІЗ барлығымыз да Исаның “момындар бақытты, өйткені олар жерді мұра етеді” деген уәдесінің орындалуын асыға күтіп жүрміз (Мат. 5:5). Майланғандар көкте патша болып, Исамен бірге билік еткенде жерді мұра етеді (Аян 5:10; 20:6). Ал бүгіндегі мәсіхшілердің басым көпшілігі жер бетінде мәңгі бақытты, тыныш әрі кемелді өмір сүруді күтіп жүр. Сол өмір жер бетінде толық орнау үшін оларға біраз еңбектену керек болады. Атап айтсақ, олар жерді өңдейді, қайта тірілгендердің қамын жасайды және оларға тәлім береді. Біз сол істерге атсалысқымыз келетінін қазірдің өзінде көрсете аламыз. Қалай екенін қазір көреміз.
ЖЕРДІ ӨҢДЕУГЕ ДАЙЫНСЫЗ БА?
Ехоба адамдарға: “Жер бетін толтырыңдар, әрі оны өңдеңдер”,— дегенде бүкіл жер бетін бірте-бірте жұмаққа айналдыруды тапсырған еді (Мұс. 1-ж. 1:28). Құдайдың о бастағы осы ниетін енді жерді мұра ететіндер жүзеге асырады. Олар барлығын басынан бастайды, себебі сол кездегідей Едем бағы қазір жоқ. Оларға Армагеддоннан кейін жер бетін қираған үйінділерден тазарту керек болады. Бұл деген қыруар жұмыс!
Осыған ұқсас тапсырманы Бабылдан шыққан исраилдіктерге де атқару керек болды. Олардың атамекендері 70 жыл бойы қаңырап бос жатқан еді. Бірақ Ехобаның көмегімен олар жерді қалпына келтіре алатындарын Ишая алдын ала айтқан еді. Ишая: “Ол оның шөл даласын Едем бағындай, Құла түзін Ехобаның бағындай жайқалтады”,— деді (Ишая 51:3). Исраилдіктер осыған қол жеткізді. Болашақта жерді мұра ететіндер де Ехобаның көмегімен жерді өңдеп, өркендетеді. Сіз осы іске атсалысқыңыз келетінін қазірдің өзінде көрсете аласыз.
Мысалы, үйіңізді және үйіңіздің айналасын таза әрі ұқыпты ұстауыңызбен көрсете аласыз. Көршілеріңіз тазалықты аса сүймесе де, өз әдетіңізден айнымаңыз. Сондай-ақ Патшалық сарайы мен Конгресс сарайын тазалау мен күтіп ұстауға атсалысыңыз. Жағдайыңыз келіп жатса, сіздің аумағыңызда табиғи апаттан зардап шеккендерге көмектесу үшін ерікті қызметші болуға өтініш толтырыңыз. Сонда, қажеттілік туса, бауырластар сіздің дайын екеніңізді біліп жүреді. Тағы былай деп ойланып көріңіз: “Жерді мұра етіп жатсам, қандай көмегім қажет болады? Сол істерді қазірден меңгере аламын ба?”
ҚАЙТА ТІРІЛГЕНДЕРДІҢ ҚАМЫН ЖАСАУҒА ДАЙЫНСЫЗ БА?
Иса Жайырдың қызын тірілте сала оған тамақ беруді айтқан. Әрине, 12 жасар қызды тамақтандыру қиын емес (Мар. 5:42, 43). Ал “қабірдегілердің бәрі Исаның даусын естіп, қабірден шыққанда” не деген ауқымды жұмыспен айналысатынымызды ойлап көріңізші! (Жох. 5:28, 29). Бұл жайлы Киелі кітапта көп нәрсе айтылмағанмен, қайта тірілгендерге жейтін тамақ, тұратын жер, киетін киім қажет болары сөзсіз. Оларға көмектесуге әзір екеніңізді қазірден көрсете аласыз ба?
Жерді мұра етуге дайын екеніңізді бүгінде қалай көрсете аласыз?
Ендеше, мына сұрақтар жайлы ойланып көріңіз: аудандық бақылаушыңыздың қауымға сапармен келе жатқаны хабарланса, оны түскі асқа шақыра аласыз ба? Арнайы толық уақытты қызметші Бетелден танапқа тағайындалып жатса немесе аудандық бақылаушы қызметін аяқтап жатса, оған тұратын жер табуға көмектесе аласыз ба? Сіз тұратын аймақта аймақтық не арнайы конгресс өткелі жатса, конгреске дейін не одан кейін ерікті болып қызмет ете аласыз ба? Әлде делегаттарды күтіп алуға көмектесе аласыз ба?
ҚАЙТА ТІРІЛГЕНДЕРГЕ ТӘЛІМ БЕРУГЕ ДАЙЫНСЫЗ БА?
Елшілердің істері 24:15-ке сай, біз миллиардтаған адам қайта тіріледі деп күтеміз. Олардың арасында Ехоба туралы білмейтіндер көп болады. Сол кезде олар шындық туралы білім алу мүмкіндігіне ие боладыa. Ехобаның адал, тәжірибелі қызметшілері оларға тәлім беретін болады (Ишая 11:9). Еуропада, Оңтүстік Америка мен Африкада қызмет еткен Шарлот бауырлас осы уақытты асыға күтіп жүр екен. Ол былай дейді: “Қайта тірілгендерге тәлім беретін кезді қатты күтіп жүрмін. Ежелде өмір сүрген адам жайлы оқысам, “осы кісі Ехобаны білгенде, өмірі мүлдем басқаша болар еді” деп ойланып кетемін. Қайта тірілген адамдарға не нәрсені жіберіп алғандары жайлы айтуға асықпын!”
Тіпті Исаның заманына дейін өмір сүрген Ехобаның адал қызметшілерінің өзіне де көп нәрсе үйрену керек болады. Мысалы, Даниял пайғамбарға өзі жазған, бірақ түсінбеген пайғамбарлықтарының қалай орындалғанын айтып беру неткен мәртебе болмақ! (Дан. 12:8). Немесе Рут пен Нағимаға олардың әулетінен уәде етілген Мәсіх тарағанын айтып беру неткен қуаныш болады десеңізші! Сол кезде бізді алаңдататын, қыспақтайтын осы зұлым дүниенің шаңы да болмайды. Сондықтан бүкіл дүниежүзі бойынша жүретін рухани ағарту ісіне атсалысу бізге тек шаттық әкелетін болады!
Осы бағдарламаға қатысуға қазірден қалай дайындалсаңыз болады? Бұның бір жолы — тәлім беру қабілетіңізді шыңдау және дүниежүзі бойынша жүріп жатқан уағыздау ісіне жүйелі түрде қатысу (Мат. 24:14). Жағдайыңызға немесе жасыңызға байланысты осы іске толықтай қатыса алмай жатсаңыз, қолыңыздан келгенше қызмет ете беріңіз, сонда қайта тірілгендерге тәлім беруге дайын екеніңізді көрсетесіз.
Сонымен, сіз жерді мұра ететін уақытты шынымен күтіп жүрсіз бе? Жерді өңдеп, қайта тірілген адамдарға қамқорлық көрсетіп, оларға тәлім беруге асықсыз ба? Жерді мұра еткенде атқаратын істерді қазірден атқарып үйрене берсек, сол уақытқа дайындала аламыз.
a 2022 жылдың қыркүйек айындағы “Күзет мұнарасы” журналының “Көпшілікті әділдікке жеткізу” деген мақаласын қараңыз.