Адам мен Хауа шынымен тарихта болған ба?
БҮГІНДЕ көп адам Жаратылыс кітабында жазылған Адам мен Хауа туралы оқиғаны қиюы келтірілген жай әңгіме деп есептейді. “Тайм” журналының редакторына арналған бір хатта былай делінген: “Христиан дінінің негізгі ағымдары Жаратылыстағы Адам мен Хауа туралы және басқа әңгімелерді ойдан шығарылған деп қарастырады”. Көптеген католик, протестант және еврей дінтанушылары да мұнымен келіседі. Олардың айтуынша, Жаратылыс кітабында жазылғандардың көбісі тарихқа және ғылымға сай келмейді.
Сіз қалай ойлайсыз? Адам ата мен Хауа ана тарихта болған ба? Олардың шын мәнінде өмір сүргендерінің дәлелі бар ма? Сондай-ақ қандай себептермен адамдар Жаратылыс кітабындағы оқиғаларды жай ғана қияли әңгімелер деп есептейді?
Жаратылыс кітабында жазылғандар ғылыми тұрғыдан дәлелденген бе?
Алдымен, бірінші адамның жаратылуына қатысты негізгі жайттарды қарастырайық. Бұл туралы Киелі кітапта: “Құдай Ие жердегі топырақтан адамды жасап, оның мұрнына тіршілік лебін үрледі. Адам осылай тірі жан болып шыға келді”,— делінген (Жаратылыс 2:7). Осы жайт ғылыми тұрғыдан дәлелденген бе?
“Наномедицина” кітабында адамның денесі 41 химиялық элементтен тұратыны айтылған. Олардың негізгілері — көміртегі, темір, оттегі және тағы басқалары ‘топырақтың’ құрамында кездеседі. Демек, Жаратылыс кітабында айтылғандай, адам расында да “жердегі топырақтан” жаратылған.
Қалайша сол жансыз элементтерден тірі адам пайда болды? Осы күрделі жайтты түсіну үшін, дүниедегі ең күрделі құрылғылардың бірі — НАСА ғарыш кемесін қарастырайық. Техниканың керемет бұл түрі 2,5 миллион бөліктен тұрады. Аталмыш ғарыш кемесін құрастыруға көп инженерлер ұзақ жылдар бойы тер төкті. Ал енді адамның денесін қарастырайық: ол шамамен 7 октильон атом, 100 триллион жасуша, көптеген мүшелер мен кемінде 9 негізгі ағза жүйесінен құралғанa. Сонда осы таңғаларлықтай күрделі әрі керемет құрастырылған биологиялық механизм қалай пайда болды? Кездейсоқтықтың себебінен бе, әлде оның саналы Жаратушысы бар ма?
Адам баласы ненің арқасында тіршілік етеді? Өмірдің қайнар көзі неде? Ғалымдар бұл сұрақтардың жауабын білмейтінін мойындайды. Олар тіпті өмірдің анықтамасына қатысты мәмілеге келе алмайды. Ал Жаратушыны мойындайтындар бұлардың жауабын біледі. Өмірдің қайнар көзі — Құдайb.
Ал Хауаның Адам атаның қабырғасынан жаратылғаны жайлы оқиғаға сенуге бола ма? (Жаратылыс 2:21—23). Бұл оқиғаны аңыз әңгімеге жатқызбас бұрын, келесі деректерді қарастырайық: 2008 жылы қаңтар айында Калифорниядағы (АҚШ) ғалымдар тарихта бірінші рет ересек адамның терісінің жасушасынан адам эмбрионын өсіріп шығарды. Осы тәсілдер арқылы кемінде 20 жануар пайда болған. Солардың ішінде ең әйгілісі — 1996 жылы үлкен қойдың сүт бездерінен өсіріп шығарылған Долли қойыc.
Осы ғылыми тәжірибелердің немен бітетіні бізге беймәлім. Бірақ білетініміз мынау: Адамдар бір ағзаның биологиялық бөлшегінен соған ұқсас тағы бірін шығарып жатқанда, құдіреті шексіз Құдай тіршілік етіп жатқан адамның биологиялық бөлшегінен басқасын жарата алмай ма? Көңіл қоярлық бір жайт, хирургтар ота жасағанда, қайта өсіп, өздігінен қалпына келу қабілеті бар қабырға сүйегін қолданады.
Киелі кітаптағы дәлелдер
Кейбір адамдарды Киелі кітапта Адам мен Хауа туралы мәліметтің көптігі таңғалдырады. Бұл мәліметтер Жаратылыс кітабында жазылғандардың тарихи тұрғыдан тура екенін дәлелдей ме?
Мысалы, Киелі кітаптағы Шежірелер туралы 1-жазбаның 1—9 тарауларында және Лұқа жазған Ізгі хабардың 3-тарауында жазылған еврейлердің шежіресін қарастырып көрейік. Шежірелер жазбасында 48 ұрпақ аталған, ал Лұқа кітабында 75 ұрпақ жайлы жазылған. Жазушы Лұқа Иса Мәсіхтің ата-тегін жазса, Шежірелер жазбасында Исраил халқының патшалары мен діни қызметкерлерінің шежіресі келтірілген. Екеуінде де Сүлеймен, Дәуіт, Жақып, Ысқақ, Ыбырайым, Нұх және Адам атаның аттары аталған. Бұл екі шежіреде де тарихта болған адамдардың есімдері жазылған. Демек, Адам ата да шын мәнінде өмір сүрген.
Бұған қоса, Киелі кітапта Адам ата мен Хауа ана ойдан шығарылған емес, шын мәнінде өмір сүрген адамдар ретінде суреттеледі. Төменде біраз мысалдар келтірілген:
• ‘[Құдай] бір адамнан бар ұлттарды таратты’ (ЕЛШІЛЕРДІҢ ІСТЕРІ 17:26).
• “Бір адам арқылы дүниеге күнә, ал күнә арқылы өлім келді. Өлім Адам атадан Мұсаның заманына дейін өзінің билігін жүргізіп келді” (РИМДІКТЕРГЕ 5:14).
• “Алғашқы Адам осылай тірі жан болып шыға келді” (ҚОРЫНТТЫҚТАРҒА 1-ХАТ 15:45).
• “Алдымен Адам ата, содан кейін Хауа ана жаратылған” (ТІМОТЕГЕ 1-ХАТ 2:13).
• “Адам атадан бастағанда жетінші буын Енох [зұлымдар туралы] былай деп алдын ала айтқан” (ЯҺУДА 14 сілтеме).
Ең маңыздысы, Киелі кітаптағы ең сенімді куәгер Иса Мәсіх те Адам ата мен Хауа ананың тарихта болғандарын растаған. Ажырасуға байланысты мәселе туындағанда ол былай деді: “Жаратылыс басталуында-ақ “Құдай адамды бірін еркек, бірін әйел қылып жаратты”. Сондықтан еркек әке-шешесін тастап, әйеліне қосылады, сөйтіп екеуі біртұтас болады... Сонымен Құдай қосқандарды адам баласы ажыратпасын!” (Марқа 10:6—9). Осындай заңдылықты орнату үшін Иса ойдан шығарылған оқиғаны қолданар ма еді? Әрине, жоқ. Қайта ол Жаратылыс кітабында жазылғандарды тарихи дерек ретінде келтірген.
Киелі кітаптағы дәлелдерді қорыта келе бір Киелі кітап сөздігінде былай делінген: “Жаратылыс кітабының алғашқы тарауларында жазылған жайттардың тарихи тұрғыдан тура екенін Жаңа өсиет растайды” (“The New Bible Dictionary”).
Киелі кітаптың басқа ілімдеріне де тікелей қатысы бар
Шіркеуге баратын көп ақжүрек адамдардың ойынша, шынайы мәсіхші болу үшін Адам ата мен Хауа ананың шын мәнінде өмір сүргендеріне сену аса маңызды емес. Бір қарағанда, маңызсыз болуы да мүмкін, бірақ шын мәнінде солай ма? Келіңіздер, ой түзіп көрейік.
Мысалы, Киелі кітаптағы төлемге қатысты ілімді қарастырайық. Осы ілімге сай, Иса Мәсіх өзінің кемелді адами өмірін адамзатты күнәдан азат ету үшін төлем ретінде берді (Матай 20:28; Жохан 3:16). Біздің білетініміздей, төлем дегеніміз — жоғалтылған немесе айырылып қалған нәрсені қайтарып алу үшін ұсынылатын тең келетін құн. Сол себепті Киелі кітапта Исаның өмірі “сай келетін төлем” ретінде суреттелген (Тімотеге 1-хат 2:6 ЖД). Сіз не нәрсеге сай келеді деп сұрайтын шығарсыз? Киелі кітап былай деп жауап береді: “Адам атамен байланыстағылардың бәрі өлуге тиіс болғанындай, Мәсіхпен байланыстағылардың бәрі де тіріледі” (Қорынттықтарға 1-хат 15:22). Исаның тілалғыш адамзат баласын құтқару үшін құрбан еткен кемелді адами өмірі Адам атаның Едем бағында күнәнің салдарынан жоғалтып алған кемелді өміріне сай келеді (Римдіктерге 5:12). Демек, Адам ата өмір сүрмеген болса, Мәсіхтің төлем құрбандығының еш мәні болмас еді.
Жаратылыс кітабындағы Адам мен Хауа жөніндегі мәліметті мойындамайтын болсақ, Киелі кітаптағы барлық дерлік маңызды ілімдер мағынасыз болмақd. Осылайша көптеген жауапсыз сұрақтар пайда болып, сеніміміз еш негізсіз болар еді (Еврейлерге 11:1).
Өмірдің мәні бар ма?
Ал енді ең негізгі сұраққа келейік: Жаратылыс кітабында жазылғандарды мойындамайтын болсақ, адамдардың өмірдің мәнін білу қажеттілігі қанағаттандырыла ма? Жетекші эволюционист және атеист Ричард Докинстің ойынша, ғаламның “Жаратушысы да, мақсаты да, жақсылық та, жамандық та жоқ. Тек немқұрайдылық пен аяусыздық жайлаған”. Неткен еңсені басатын сөздер!
Ал Киелі кітап болса өмірлік маңызы бар келесі сұрақтардың қанағаттандырарлық жауабын береді: Біз қайдан пайда болдық? Өмірдің мәні неде? Неге дүниеде зұлымдық пен қайғы-қасірет сонша көп? Зұлымдық жойылатын кез келе ме?.. Сондай-ақ Киелі кітапта Мәсіхтің төлем құрбандығына деген сенімнің арқасында Жұмақ орнаған жерде мәңгі өмір сүру үміті туралы жазылған. О баста Құдай Адам ата мен Хауа ананы Едем бағына — жұмаққа орналастырған болатын (Забур 36:29; Аян 21:3—5). Болашаққа деген неткен керемет үміт!e
Эволюция теориясы Адам мен Хауа туралы оқиғаларды жоққа шығарғанымен, бұл мәлімет ғылымда белгілі деректерге қайшы келмейді. Оның үстіне, Адам мен Хауа туралы жазылған оқиғалар өмірдің мәні мен мақсаты неде екенін түсіндіретін Киелі кітаптың қалған бөліктерімен үйлеседі.
Олай болса, неге Киелі кітапты өзіңіз оқып зерттеп көрмеске? Ехоба куәгерлері сізге даярлықпен көмектеседі.
[Сілтемелер]
a Октильон — 27 нөлі бар, ал триллион — 12 нөлі бар сан.
b Қосымша мәліметті Ехоба куәгерлері басып шығарған “Қамқор Жаратушы бар ма?” (ор.) және “Тіршілік қалай пайда болды? Эволюция жолымен бе, әлде жаратылды ма?” (ор.) кітаптарынан білуге болады.
c Әрине, бұл ғалымдар өмірді жаратқан жоқ, тек тірі жасушаларды қолданды.
d Мысалы: Құдайдың бүкіләлемдік билігі, адамдардың мінсіздік сақтауы, жақсы мен жаман, ерік бостандығы, өлгендердің күйі, неке, уәде етілген Мәсіх, жұмақ орнаған жер, Құдай Патшалығы және тағы басқа ілімдер.
e Басқа да мәліметті Ехоба куәгерлері басып шығарған “Киелі кітап шын мәнінде неге үйретеді?” кітабындағы “Құдайдың жерге қатысты ниеті қандай?” деп аталатын 3-тараудан және “Төлем — Құдайдың ең керемет сыйы” деп аталатын 5-тараудан білуге болады.
[13-беттегі сөздер]
Ғарыш кемесі сияқты, адам денесі де мұқият құрастырылған
[15-беттегі сурет]
Иса Адам мен Хауаның өмір сүргенін растаған
[14-беттегі сурет]
Адам ата өмір сүрмеген болса, Мәсіхтің төлем құрбандығының еш мәні болмас еді