Біздің асыл мұрамыз. Сен үшін ол нені білдіреді?
“Келіңдер, Әкемнен жарылқанғандар, дүние жаратылғаннан бері сендерге әзірлеп қойған Патшалықты мұра етіңдер!” (МАТАЙ 25:34).
1. Адамдар қандай нәрселерді мұра етеді?
БАРЛЫҚ адамдардың мұра еткен нәрселері бар. Кейбіреулер өзге де нәрселермен бірге молшылықты мұра етсе, өзге біреулері жоқшылықты мұра етеді. Кей жағдайда бір ұрпақ өз басынан кешкен жағдайдан немесе естігеннен пайда болған қандай да бір этникалық топқа деген терең жек көрушілікті келесі ұрпаққа мұра етіп қалдырады. Бірақ, барлығымызға ортақ бір нәрсе бар. Біз бәріміз Адам атадан күнәны мұра еткенбіз. Бұл мұра ақыр аяғында өлімге алып барады (Екклесиаст 9:2, 10; Римдіктерге 5:12).
2, 3. Алғашында Ехоба Адам ата мен Хауаның ұрпақтарына нені мұра етіп бермекші еді және олар неліктен оны мұра ете алмады?
2 Сүйіспеншілігі зор аспандағы Әкеміз ретінде Ехоба бастапқыда адамзатқа мүлдем өзге мұра — Жұмақтағы мәңгі кемелді өмірді — ұсынған болатын. Адам ата мен Хауа ана кемелді, күнәсыз болып жаратылған еді. Ехоба Жер шарын адамзатқа сый ретінде берді (Забур 113:24). Ол бүкіл жер шарының қандай болуы керек екенінің үлгісі ретінде Едем бағын дайындады және алғашқы адам жұбына керемет әрі қызықты тапсырма берді. Олар көбейіп, жерге және ондағы әр түрлі өсімдіктер мен жануарларға қамқорлық етіп, бүкіл жер бетін Жұмаққа айналдырулары керек еді (Жаратылыс 1:28; 2:8, 9, 15). Олардың ұрпақтары да бұл тапсырманы орындауға қатысқан болар еді. Олар қандай керемет мұраға ие болған болар еді десеңші!
3 Бірақ осының бәріне ие болу үшін Адам мен Хауа және олардың ұрпақтары Құдаймен жақсы қарым-қатынаста болулары керек болды. Олар Ехобаға деген сүйіспеншілігін білдіріп, оның тілін алуға тиіс еді, бірақ Адам мен Хауа Құдайдың бергендерін бағаламады және нұсқауларын орындамады. Олар өздерінің Жұмақ үйлерін және алдарында тұрған Құдайдың ниетіне сай керемет болашақтарын жоғалтып алды. Сол себепті олар ұрпақтарына бұларды мұра етіп қалдыра алмады (Жаратылыс 2:16, 17; 3:1—24).
4. Адам жоғалтып алған мұраға біз қалай ие бола аламыз?
4 Ехоба рақымдылық танытып Адам мен Хауаның ұрпақтарының Адам жоғалтып алған мұраға ие болуға мүмкіндіктері болуы үшін шара қолданды. Ол қандай шара болды екен? Құдай белгілеген уақытта оның Ұлы Иса Мәсіх Адамның ұрпақтары үшін өзінің адами кемелді өмірін қиды. Былайша айтқанда, Мәсіх олардың бәрін сатып алды. Бірақ, мұра оларға өздігінен тиесілі бола салмайды. Олар Исаның құрбандығының күнәдан құтқаратын күшіне сенім білдіріп, осы сенімдерін тіл алғыштықтарымен көрсету арқылы Құдайдың алдында жақсы атқа ие болулары керек (Жохан 3:16, 36; 1 Тімотеге 2:5, 6; Еврейлерге 2:9; 5:9). Құдайдың осы шарасы үшін ризашылық білдіріп жүрсіңдер ме?
Ыбырайым арқылы келген мұра
5. Ыбырайым Ехобамен қарым-қатынасын бағалайтынын қалай көрсетті?
5 Өзінің жерге байланысты ниетін іске асыра отырып, Ехоба Ыбырайыммен арнайы келісім жасады. Ол бұл әділ адамға елін тастап, өзі көрсететін жерге көшуін бұйырды. Ыбырайым сөзге келмей келісті. Ыбырайым сол жерге келгенде, Ехоба бұл жерді Ыбырайымның өзі емес, ұрпақтарының мұра ететіндігін айтты (Жаратылыс 12:1, 2, 7). Бұған Ыбырайым қалай қарады екен? Ұрпақтары мұраға ие болуы үшін, Ол қайда және қалай болмасын Ехобаның бұйырғанына сай қызмет етуге дайын болды. Ыбырайым 100 жыл бойы, қайтыс болғанға дейін, жат елде Ехобаға қызмет етті (Жаратылыс 12:4; 25:8—10). Сен де солай етер ме едің? Ехоба Ыбырайымды ‘досым’ деп атады (Ишая 41:8).
6. а) Өзінің ұлын құрбандыққа шалуға даяр болуымен Ыбырайым нені көрсетті? ә) Ыбырайым өзінің ұрпақтарына қандай керемет мұра қалдырды?
6 Ыбырайым өзінің өте жақсы көрген ұлы Жақыпты ұзақ жылдар бойы күткен еді. Баласы ер жетіп қалған кезде болса керек, Ехоба Ыбырайымға оны құрбандыққа шалуды бұйырады. Ыбырайым Құдайдың осылайша өзінің ұлын бостандық төлемі ретінде беретінін көрсетейін деп отырғанын білмесе де, ол Құдайды тыңдап, Ысқақты құрбандыққа шалмақшы болып жатқанда Ехобаның періштесі оны тоқтатады (Жаратылыс 22:9—14). Ехоба Ыбырайымға берген уәдесінің Ысқақ арқылы орындалатынын айтқан еді. Сондықтан бұрын-соңды мұндай нәрсе ешқашан болмаған болса да, қажет болған жағдайда Құдайдың Ысқақты өлімнен қайта тірілте алатынына Ыбырайым анық сенген (Жаратылыс 17:15—18; Еврейлерге 11:17—19). Ыбырайым тіпті өзінің ұлын қиғаны үшін, Ехоба былай деді: “Сенің ұрпағың арқылы жер бетіндегі барлық ұлттарға ақ батам қонатын болады” (Жаратылыс 22:15—18). Бұл Жаратылыс 3:15-те айтылған Ұрпақтың, яғни құтқарушы Мәсіхтің, Ыбырайымның ұрпағынан шығатынын көрсетті. Қандай керемет мұра десеңші!
7. Ыбырайым, Ысқақ және Жақып өздерінің мұрасын бағалайтынын қалай көрсетті?
7 Ыбырайым Ехобаның істеген ісінің мән-мағынасын түсінген жоқ; “сол уәденің мұрагерлері” болған ұлы Ысқақ пен немересі Жақып та білген жоқ. Бірақ олардың бәрі де Ехобаға сенім артты. Олар өздерін сол жердегі қала-патшалықтардың ешқайсысымен байланыстырған жоқ, өйткені артығырақ нәрсені — “суретшісі мен құрылысшысы Құдай, негізі қаланған қаланы” — күтті (Еврейлерге 11:8—10, 13—16). Бірақ Ыбырайым арқылы ие бола алатын мұраны Ыбырайымның ұрпақтарының бәрі бірдей бағаламады.
Мұраны бағаламаған кейбіреулер
8. Өзіне мұра етілген керемет нәрсені бағаламайтынын Есау қалай көрсетті?
8 Ысқақтың үлкен ұлы Есау өзінің тұңғыш боп туған жолын бағаламады. Ол қасиетті нәрселерді бағаламайтын еді. Бір күні қарны ашып келгенде, Есау бірінші боп туған жолын інісі Жақыпқа сатып жібереді. Не нәрсеге айырбастады екен? Нан мен қызыл жасымықтан пісірген көжеге! (Жаратылыс 25:29—34; Еврейлерге 12:14—17). Құдайдың Ыбырайымға берген уәдесі орындалатын халық, Құдай есімін Исраил деп өзгерткен Жақыптан тарады. Ол ерекше мұра олардың алдында қандай мүмкіндіктерге жол ашты екен?
9. Жақыптың, немесе Исраилдің, ұрпақтары рухани мұраларының арқасында неден босатылды?
9 Тұрған жерлерін аштық жайлағандықтан Жақып отбасымен Мысырға көшті. Олар онда көбейіп үлкен халық болды, бірақ сонымен қатар олар құлға айналды. Сөйтсе де Ехоба Ыбырайыммен жасаған келісімін ұмытқан жоқ. Белгіленген уақытта Құдай Исраил ұлдарын құлдықтан босатып, оларды Ыбырайымға уәде еткен “сүт пен бал ағып жатқан... жерге” алып баратынын хабарлады (Мысырдан көшу 3:7, 8; Жаратылыс 15:18—21).
10. Синай тауының етегінде Исраил ұлдарының мұрасына байланысты қандай керемет оқиғалар болды?
10 Уәде етілген жерге келе жатқан жолда Ехоба Исраил ұлдарын Синай тауының етегіне жинап, оларға былай деді: “Сонымен, егер Менің айтқанымды тыңдап, Менің өсиетімді орындайтын болсаңдар, барлық халықтардың ішіндегі Менің еншім боласыңдар, өйткені бүкіл жер — Менікі. Ал сендер діни қызметкерлер патшалығы және киелі халық боласыңдар” (Мысырдан көшу 19:5, 6). Халық өз еркімен, бірауыздан келісім берген соң, Ехоба оларға өзге ешқандай халыққа бермеген өзінің Заңын берді (Забур 147:8, 9).
11. Исраил ұлдарының қандай рухани асыл мұралары болды?
11 Бұл жаңадан пайда болған халық қандай рухани мұраға ие болды десеңші! Олар жалғыз шынайы Құдайға мінажат етті. Ехоба оларды Мысырдан алып шықты және Синай тауында Заң берілген кезде олар керемет оқиғалардың куәсы болды. Пайғамбарлар арқылы “Құдай сөзі” берілген кезде олардың мұрасына мұра қосылды (Римдіктерге 3:1, 2). Ехоба оларды өзінің куәгерлері етіп таңдап алды (Ишая 43:10—12). Мәсіх болатын Ұрпақ сол халықтан шығатын болды. Мәсіх туралы Заңда алдын ала айтылғандықтан, исраилдіктердің кімнің Мәсіх болатынын анықтай алуына және оған мұқтаж екенін сезінулеріне мүмкіндік туды (Ғалаттықтарға 3:19, 24). Сондай-ақ оларға діни қызметкерлер патшалығы және киелі халық ретінде Мәсіх болатын Ұрпақпен бірге қызмет ету мүмкіндігі берілетін еді (Римдіктерге 9:4, 5).
12. Уәде етілген жерге кіргендерімен, исраилдіктер неменеге қол жеткізе алмады? Неліктен?
12 Уәдесіне берік Ехоба исраилдіктерді Уәде етілген жерге алып кірді. Бірақ, кейінірек елші Пауылдың түсіндіргеніндей, сенімдерінің жетіспеуінен ол жер олар үшін нағыз “тыныштық орны” болған жоқ. Халық ретінде олар “Құдайдың тыныштығына” енген жоқ, өйткені олар Адам мен Хауаны жаратқан соң басталған Құдайдың өзінің демалыс күніне байланысты ниетін түсініп, оған сай іс-қимыл жасаған жоқ (Еврейлерге 4:3—10).
13. Рухани мұраларын бағаламағандықтан Исраил халық ретінде нені жоғалтып алды?
13 Діни қызметкерлер патшалығы және қасиетті халық ретінде Мәсіхпен бірге оның аспандағы Патшалығында қызмет атқаратындардың толық саны табиғи Исраилдің қатарынан шығуы мүмкін болған еді. Бірақ олар өздерінің керемет мұраларын бағаламады. Мәсіх келген кезде табиғи Исраилдің ішінде аз ғана адамдар оны мойындады. Нәтижесінде алдын ала айтылған діни қызметкерлердің қатарына олардың біршамасы ғана алынды. Патшалық табиғи Исраилден алынып, ‘жеміс беріп тұратын халыққа берілді’ (Матай 21:43). Ол қандай халық екен?
Көктегі мұра
14, 15. а) Иса өлген соң халықтар Ыбырайымның “ұрпағы” арқылы Құдайдың батасына қалай ие бола бастады? ә) “Құдайдың Исраилінің” мүшелері нені мұра етуде?
14 Патшалық берілген халық — Иса Мәсіхтің рухтан туған 144 000 ізбасарынан тұратын “Құдайдың Исраилі”, яғни рухани Исраил (Ғалаттықтарға 6:16; Аян 5:9, 10; 14:1—3). Олардың кейбіреулері табиғи иудейлер де, бірақ басым көпшілігі өзге халықтардан шықты. Осылайша, Ехобаның Ыбырайымға оның “ұрпағы” арқылы барлық халықтарға батасын қондыратындығы жөнінде берген уәдесі орындала бастады (Елшілердің істері 3:25, 26; Ғалаттықтарға 3:8, 9). Осы алғашқы орындалуында өзге халықтардан шыққан адамдар киелі рухпен майланып, Құдай оларды рухани ұлдары, яғни Иса Мәсіхтің бауырлары, ретінде қабылдады. Сөйтіп олар да сол “ұрпақтың” қосалқы бөлігі болды (Ғалаттықтарға 3:28, 29).
15 Иса өлерінің алдында сол жаңа халықтың еврейден шыққан болашақ мүшелерімен өзінің қанымен бекітілуі керек жаңа бітім жасады. Сол бітімге енген адамдар Исаның құрбандығына деген сенімдерінің арқасында “мәңгі кемелділікке” жеткен болар еді (Еврейлерге 10:14—18). Олар “әділ деп жарияланып”, күнәларының кешірілуі мүмкін болды (1 Қорынттықтарға 6:11, ЖД). Бұл жағдайда олар күнә жасағанға дейінгі Адам ата сияқты. Бірақ бұлар жерде орнаған жұмақта өмір сүрмейді. Иса олар үшін көкте орын дайындауға баратынын айтқан (Жохан 14:2, 3). Олар “көкте сақтаулы тұрған... мұраға” ие болу үшін, жердегі болашақтарынан бас тартады (1 Петір 1:4). Олар көкте не істейді екен? Иса: “Сендерді патша болуға тағайындаймын”,— деген болатын (Лұқа 22:29).
16. Майланған мәсіхшілерді қызметте қандай керемет тапсырма күтіп тұр?
16 Көкте Мәсіхпен бірге билік ететіндер, өзге де нәрселермен қатар, жер бетінен Құдайдың басшылығына қарсы жасалған бүліктің салдарынан болған залалдың бәрін жоюға көмектеседі (Аян 2:26, 27). Ыбырайымның рухани ұрпағының қосалқы бөлігі ретінде, олар барлық халықтан шыққан адамдарға кемелді өмірдің баталарын беретін іске қатысатын болады (Римдіктерге 8:17—21). Олардың ие болған мұралары қандай керемет десеңші! (Ефестіктерге 1:16—18).
17. Әзірге жерде жүрген кездерінде майланған мәсіхшілер мұраларының қандай бөлігіне ие болуда?
17 Бірақ Исаның майланған шәкірттері мұра ететін нәрсенің бәріне болашақта ғана ие болмайды. Иса оларға жалғыз шынайы Құдай Ехобаны білуге көмектесті. Иса сияқты басқа ешкім Ехобаны таныта алмайды (Матай 11:27; Жохан 17:3, 26). Ол сөзбен де, мысал арқылы да ‘Ехобаға үміт арту’ дегеннің және Оның тілін алу дегеннің не екенін үйретті (Еврейлерге 2:13; 5:7—9). Иса оларды Құдайдың ниеті туралы ақиқатпен таныстырды және ол туралы толығырақ түсінулеріне киелі рухтың көмектесетініне сендірді (Жохан 14:24—26). Ол майланған шәкірттеріне Құдай Патшалығының маңыздылығын ақыл-ойларымен түсініп, жүректерімен сезінулеріне көмектесті (Матай 6:10, 33). Сонымен қатар Иса оларға Иерусалимде, Иудеяда, Самарияда және жердің шетіне дейін тұрып жатқан халықтарға куәлік етіп, солардың арасынан шәкірттер дайындау ісін сеніп тапсырды (Матай 24:14; 28:19, 20; Елшілердің істері 1:8).
Ұлы жамағатқа арналған асыл мұра
18. Ехобаның Ыбырайымға оның “ұрпағы” арқылы барлық халықтарға батасын қондыратындығы жөнінде берген уәдесі бүгін қалай орындалуда?
18 Патшалықты мұра ететін “кішкене қора” — рухани Исраил толық таңдалып алынып қойған болса керек (Лұқа 12:32). Соңғы бірнеше онжылдықтардан бері Ехоба өзге барлық халықтардан ұлы жамағатты жинауға көңіл қоюда. Осылайша, Ехобаның Ыбырайымға оның “ұрпағы” арқылы барлық халықтарға батасын қондыратындығы жөнінде берген уәдесі кең көлемде орындалып жатыр. Осы батаға ие болғандар қуанышпен Ехобаға қасиетті қызметін атқаруда және олар, құтқарылулары Құдайдың Тоқтысы Иса Мәсіхке деген сенімдеріне байланысты екенін түсінеді (Аян 7:9, 10). Ехобаның мейірімділікпен сол қуанышты жамағатының қатарына қосылуға шақыруын қабыл алдың ба?
19. Қазір батаға ие болып жатқан басқа халықтардан шыққандар қандай мұраны күтуде?
19 Кішкентай қораға жатпайтындарға Ехоба қандай асыл мұра ұсынып отыр екен? Көктегі нәрсені мұра етуді ұсынып отырған жоқ. Адам атаның өзінің ұрпақтарына қалдыруға мүмкіндігі болған мұра, яғни біртіндеп бүкіл жер шарында орнайтын жұмақтағы мәңгі кемелді өмір. Бұл — ‘өлім енді болмайтын; жылау да, зарлау да, ауру да енді болмайтын’ дүние болады (Аян 21:4). Сонда Құдайдың рухының жетелеуімен жазылған келесі сөздер саған арналған деп айтуға болады: “Тәңірге үмітіңді арт та, жақсылық істе; жерде өмір сүріп, шындықты сақта. Тәңірден жұбаныш ізде, сонда Ол сенің жүрек қалауыңды орындайды. Енді азғана уақыттан кейін құдайсыздар болмайды... Ал момындар жерді мұра етеді, және олар бейбітшіліктің көптігімен рахаттанады. Әділдер жерді мұра етіп, онда мәңгілік өмір сүреді” (Забур 36:3, 4, 10, 11, 29).
20. Майланған мәсіхшілер ие болып отырған рухани мұраның көп бөлігіне “басқа қойлар” да ие болуда деп неліктен айтуға болады?
20 Исаның “басқа қойлары” аспан Патшалығының қол астындағы жерді мұра етеді (Жохан 10:16а). Олар аспанға бармағанымен, майланғандар ие болған рухани мұраның көп бөлігіне олар да ие болып отыр. Майланғандар тобы, яғни “адал және ақылды қызметші”, арқылы басқа қойлар Киелі кітапта жазылған керемет уәделерді түсініп отыр (Матай 24:45—47; 25:34). Майланғандар мен басқа қойлар жалғыз Құдай Ехобаны біліп, оған бірге қызмет етуде (Жохан 17:20, 21). Олар күнәның төлемі ретінде берілген Исаның құрбандығы үшін Құдайға ризашылық білдіруде. Олар бір ғана Бақташы Иса Мәсіхтің отары ретінде бірге қызмет етуде (Жохан 10:16ә). Олар сүйіспеншілік орнаған бүкіл дүниежүзілік бауырластықты құрайды. Осы екі топтың да Ехоба мен оның Патшалығы туралы куәлік ету артықшылықтары бар. Иә, егер Ехобаға өзіңді арнап, шомылдыру рәсімінен өткен қызметшісі болсаң, осының бәрі де сенің рухани мұраңа жатады.
21, 22. Әрқайсымыз рухани мұрамызды бағалайтынымызды қалай көрсете аламыз?
21 Бұл рухани мұраларды қаншалықты бағалайсың? Сен Құдайдың еркін орындауды өміріңдегі ең маңызды нәрсе етіп, мұраңды жеткілікті бағалап жүрсің бе? Бағалайтыныңның дәлелі ретінде оның Сөзі және ұйымы арқылы айтылып жатқан мәсіхшілер қауымының барлық кездесулеріне үзбей бару жайлы кеңестеріне құлақ асып жүрсің бе? (Еврейлерге 10:24, 25). Қиыншылықтарға қарамастан Ехобаға қызмет етуді жалғастыруыңа себеп болатындай, бұл мұра сен үшін соншалықты бағалы ма? Одан айырылатындай өмір жолына түсуге азғыратын қандай болмасын әсерге қарсы тұруың үшін күш беретіндей оны жеткілікті бағалайсың ба?
22 Құдай беріп отырған рухани мұраны барлығымыз да бағалайық. Назарымызды болашақтағы Жұмаққа нық тігіп отырып, Құдай беріп отырған рухани нәрселерді толықтай пайдаланайық. Өмірімізді Ехобамен тығыз қарым-қатынасқа байланысты құру арқылы Құдай берген мұраның біз үшін шынында да қымбат екендігін керемет түрде дәлелдейміз. “Құдайым менің, Патшам менің, Сені дәріптеп, есіміңді мәңгі мадақтайтын боламын”,— деп жүргендердің арасында болайық (Забур 144:1).
Қалай түсіндірер едіңдер?
• Егер Адам ата Құдайға адал болғанда бізге қандай мұра қалдырар еді?
• Ыбырайымның ұрпақтары өздеріне арналған мұраға қалай қарады?
• Мәсіхтің майланған шәкірттерінің мұрасына не жатады?
• Ұлы жамағат нені мұра етеді және олар оны шынымен бағалайтынын қалай көрсете алады?
[28-беттегі суреттер]
Ыбырайымның ұрпақтарына асыл мұра уәде етілді.
[32-беттегі суреттер]
Рухани мұраларыңды бағалайсыңдар ма?