Сен күте білесің бе?
“Жүріс-тұрыстарың Тәңірге бағышталып, қасиетті де Оған ұнамды болуға тиіс! Себебі сендер Құдайдың алдын ала белгілеген күнін сағына күтіп, оны тезірек келтіргілерің келеді” (2 ПЕТІР 3:11, 12).
1, 2. Ехобаның күнін қалай күту керектігін қандай мысалмен түсіндіруге болады?
ТҮСКІ асқа үйлеріне қонақ келетін отбасын елестетіп көрші. Белгіленген уақыт тез жақындап келеді. Әйелі түскі ас мәзірін аяқтауға жақын. Күйеуі мен балалары да бос отырған жоқ: олар бәрі дайын болды ма, соны тексеруде. Көңіл-күйлері жақсы. Иә, барлық отбасы мүшелері қонақтардың келуін, дәмді ас пен жағымды қарым-қатынасты тағатсыздана күтуде.
2 Біз, мәсіхшілер, бұдан әлдеқайда маңызды нәрсені күтудеміз. Нені? Ехобаның күнін! Бұл күн келгенге дейін, біз Миха пайғамбардың ой-қалпына еліктеуіміз керек, ол былай деген: ‘Мен Құдайды іздейтін боламын; құтқарушы Құдайыма сенім артамын’ (Миха 7:7). Бұл қол қусырып отыруды білдіреді ме? Әрине, жоқ. Бізде жұмыс жеткілікті.
3. 2 Петір 3:11, 12-ге сәйкес, мәсіхшілер қандай ой-қалып танытулары керек?
3 Елші Петір бізге қалай күту керектігін түсінуге көмектеседі. Ол былай дейді: “Жүріс-тұрыстарың Тәңірге бағышталып, қасиетті де Оған ұнамды болуға тиіс! Себебі сендер Құдайдың алдын ала белгілеген күнін сағына күтіп, оны тезірек келтіргілерің келеді” (2 Петір 3:11, 12). Ол Құдай рухының жетелеуімен жазған екі хатында мәсіхшілердің қандай болу керектігін көрсеткен. Сондай-ақ ол әрі қарай да олардың ‘жүріс-тұрыстары Тәңірге бағышталып, қасиетті де Оған ұнамды болуға тиіс’ екенін айтты. Иса Мәсіх ‘ақыр заманның жақындап қалғаны’ жайлы белгілерді айтқаннан бері отыз жылға жуық уақыт өтсе де, мәсіхшілер сергектіктерін жоғалтпаулары керек болатын (Матай 24:3). Себебі олар ‘Құдайдың алдын ала белгілеген күнін сағына күтіп, оны тезірек келтіргілері келу керек еді’.
4. ‘Құдайдың алдын ала белгілеген күнін тезірек келтіру’ деген нені білдіреді?
4 Әрине, біз тура мағынада Құдайдың күнін ‘тезірек келтіре’ алмаймыз. Негізінде, Иса Мәсіхтің келіп, Әкесінің жауларына қарсы үкімін орындайтын ‘күнді де, сәтті де білмейміз’ (Матай 24:36; 25:13). Бір анықтамалықта ‘тезірек келтіру’ деп аударылған грек сөзінің мағынасы “жылдамдату” мағынасындағы етістіктен шыққан деп түсіндіріледі және осылайша “қызу және құлшына әрекет етуді және бір нәрсемен айналысуды” білдіреді. Петір бір сенімдегілерді Ехобаның күнінің келуін шын жүректен қалауға шақырды деуге болады. Олар мұны сол күнді үнемі есте ұстау арқылы көрсете алатын еді (2 Петір 3:12). “Ехобаның ұлы да қорқынышты күні” соншалықты жақын болғандықтан, біздің де осындай ой-қалпымыз болу керек (Жоел 3:4, ЖД).
‘Жүріс-тұрысымызды қасиетті’ ұстай отырып, күту
5. Құдайдың күнінен шын жүректен аман қалғымыз келетінін қалай көрсетеміз?
5 Біз шын жүректен Құдайдың күнінен аман қалғымыз келсе, біздің ‘жүріс-тұрысымыз Тәңірге бағышталып, қасиетті де Оған ұнамды болуға тиіс!’ ‘Жүріс-тұрыстары... қасиетті’ деген Петірдің мына өсиетін еске салса керек: “Құдайдың рухани балалары ретінде Оған бағыныңдар; бұрын Оның шынайы хабарын білмей, өмірлерің жаман істерге жетелейтін құштарлықтың билігінде болып келді. Бұған енді жол бермеңдер! Қайта, өздеріңді шақырған Құдайдың қасиетті болғаны сияқты, сендер де бүкіл іс-әрекеттеріңде қасиетті болыңдар! Киелі жазбада Оның: — Қасиетті болыңдар, себебі Мен қасиеттімін дегені бар ғой” (1 Петір 1:14—16).
6. Қасиетті болып қалу үшін не істеуіміз керек?
6 Қасиетті болу үшін біз тәндік, өнегелілік, рухани, сонымен қатар ой тазалығын сақтауымыз керек. Ехобаның есімімен жүргендерге лайықты қасиеттілігімізді сақтай отырып, Құдайдың күніне дайындалып жатырмыз ба? Біздің күндерімізде қасиетті болу оңай емес, өйткені бұл әлемде өнегелілік нормалары үздіксіз құлдырауда (1 Қорынттықтарға 7:31; 2 Тімотеге 3:13). Осы әлемдік нормалар мен біздің нормаларымыздың арасындағы айырмашылықтың өсіп бара жатқанын байқаймыз ба? Егер байқамасақ, онда бізде алаңдауға себеп бар. Біздің жеке нормаларымыз салыстырмалы түрде жоғары бола тұра, құлдырап бара жатқан жоқ па? Егер солай болса, Құдайға жағымды болу үшін батыл әрекет жасауымыз керек.
7, 8. а) ‘Жүріс-тұрысымызды қасиетті’ етудің маңыздылығын қалай назардан тыс қалдыруымыз мүмкін? ә) Қандай түзету шаралары талап етілуі мүмкін?
7 Бір дәрігердің айтуынша, Интернетте порнографияның пайда болуы мен оны оңаша көру мүмкін болғандықтан, бір кездері өнегесіз нәрселерге еш мүмкіндігі болмағандардың өздері енді “жыныстық қиялды қанағаттандырудың таусылмас көзін” тапты. Егерде біз Интернет көзінен әдепсіз беттерді іздейтін болсақ, бұл ‘күнә атаулыға жоламаңдар’ деген Киелі кітаптың бұйрығына қарсы шыққанымызды білдірер еді (Ишая 52:11). Мұндай жағдайда ‘Құдайдың алдын ала белгілеген күнін сағына күтіп, оны тезірек келтіргіміз келеді’ деп айта аламыз ба? Санамыз әдепсіз нәрселермен арамдалғанмен, тазаруға әлі уақыт бар деген оймен бұл күнді артқа ысырып тастаған жоқпыз ба? Егер бізде осындай проблема болса, кешіктірмей Ехобаға: “Бос нәрселерге назарымды түсірмей, Өз жолыңда өмірімді жаңарта гөр!” — деп жалыну өте маңызды (Забур 118:37).
8 Ехоба Куәгерлерінің басым көпшілігі — жасы да, кәрісі де — бұл әлемнің өнегесіз азғыруларынан қашып, Құдайдың жоғары өнегелі нормаларына адал болып қалуда. Олар ‘ұрының табан астынан түсетіні сияқты, Иеміздің қайта оралатын күні де білдіртпей кенеттен келмек’ деген Петірдің ескертуіне құлақ асып және қандай уақытта өмір сүріп жатқандықтарын естерінде ұстап, ‘жүріс-тұрыстарын қасиетті’ етуді жалғастыруда (2 Петір 3:10). Олардың істері ‘Құдайдың алдын ала белгілеген күнін сағына күтіп, оны тезірек келтіргілері келетіндігіне’ куәлік етедіa.
‘Құдайға ұнамды болып’ күту
9. Құдайға ұнамды болу бізді не нәрсеге талпындыру керек?
9 Ехобаның күнін есте ұстау үшін, оған ұнамды болу да өте маңызды. Бұл оның көз алдында дұрыс нәрсені істеуге талпындыратын Құдайға деген құрметті білдіреді. Құдайға ұнамды болу Ехобаға деген шексіз сүйіспеншіліктен туындайды. Құдай “барлық адамдардың құтқарылып, шындықты біліп алуларын қалайды” (1 Тімотеге 2:4). Сондай-ақ ол “ешкімнің де тозаққа түсуін емес [“жойылғанын емес”, ЖД] барлық адамдардың теріс жолдан қайтып, күнәларына өкініп, арылуын қалайды” (2 Петір 3:9). Ендеше Құдайға ұнамды болу бізді одан әрі күш салып, өзгелерге Ехоба туралы білуге көмектесуге және одан үлгі алуға талпындырмай ма? (Ефестіктерге 5:1).
10. Неге ‘байлыққа алданудан’ сақ болуымыз керек?
10 Егер Құдай Патшалығын бірінші орынға қоятын болсақ, оған ұнамды болғымыз келетінін көрсетеміз (Матай 6:33). Ол үшін материалдық нәрселерге байсалдылықпен қарауымыз керек. Иса: “Абайлаңдар, дүниеқор болудан сақтаныңдар! Байлығы қанша зор болса да, адам сол арқылы өз өмірінің иесі бола алмайды”,— деп ескерткен (Лұқа 12:15). Бізге ақшаға құмарлықтың соқыр ететінін елестету қиын шығар, бірақ ‘бұ дүниелік тұрмыс қамын ойлап абыржып, байлыққа алданудың’ кесірінен Құдайдың ‘Ізгі хабары ескерусіз’ қалуы мүмкін екені көңіл аударуға тұрарлық (Матай 13:22). Өмірімізді қамтамасыз ету әрқашан оңай бола бермейді. Осыған байланысты кейбір елдерде көптеген адамдарға — мүмкін бірнеше жылға отбастарын тастап — көп пайда табу үшін бай елдерге бармаса, өмірлерін жақсарту мүмкін еместей болып көрінеді. Мұндай көзқарасты тіпті Құдайдың кейбір қызметшілері де ұстанған. Басқа елде жұмыс істеу арқылы олар отбастарын жаңа заманға сай қамтамасыз ете алады. Бірақ елінде қалған өз отбасының рухани күйімен не болады? Олар отбасындағы тиесілі басшылықсыз Ехобаның күнінен аман қалу үшін маңызды болып табылатын рухани күйлерін сақтай ала ма?
11. Құдайға ұнамды болу байлықтан маңызды екенін бір кісі қалай көрсетті?
11 Жапонияға табыс табу үшін келген филиппиндік Ехоба Куәгерлерінің көмегімен Киелі кітаптағы шындықпен танысады. Киелі жазба отағасына қандай міндеттер жүктейтінін білгеннен кейін, ол отбасындағыларға Ехобаның қызметшілері болуға көмектесу керектігін түсінеді (1 Қорынттықтарға 11:3). Оның Филиппиндегі қалған әйелі отбасын Киелі кітаптағы шындыққа оқыту үшін оның қайта оралғанын емес, әрі қарай да ақша салып тұрғанын қалап, жаңа сеніміне қатты қарсылық көрсетеді. Сонда да болса, бұл кісі уақыттың күтпейтінін түсініп, жақындарының қамын ойлап, үйіне қайта оралады. Оның отбасы мүшелеріне деген сүйіспеншілігі мен шыдамдылығы ақталады. Уақыт өте келе, оның отбасы бірігіп Ехобаға қызмет етеді, ал әйелі тіпті толық уақытты қызмет етуді бастайды.
12. Неге рухани істерді бірінші орынға қоюымыз керек?
12 Біздің жағдайымызды жанып жатқан үйдегі адамдардың жағдайымен салыстыруға болады. Жалындаған оттан енді-енді құлағалы тұрған үйден материалдық заттарды құтқаруға тырысып, олай-бұлай жүгіріп жүргеніміз даналық болар ма еді? Алайда адамдарды: өзіңді, отбасыңды және өзге де тұрғындарды құтқару маңызды емес пе? Бұл дүние өзінің соңына тез жақындап келеді, өте жақында ол “құлайды”, ал адамдардың өміріне қауіп төніп тұр. Осыны түсініп, рухани істерді бірінші орынға қойып, Патшалықты уағыздаудағы құтқарылу ісіне толығымен атсалысуымыз керек (1 Тімотеге 4:16).
“Пәк таза” болуымыз керек
13. Құдайдың күні келгенде, біз қандай болғымыз келеді?
13 Үздіксіз күтудің маңыздылығына көңіл аудара отырып, Петір былай дейді: “Сонымен, қымбатты бауырластар, бұларды күтіп жүргендіктен, Мәсіхтің алдында тұрғанда Оның сендерді мүлтіксіз пәк таза, тыныштықпен [“пәк таза, мүлтіксіз, татулықта”, ЖД] өмір сүрді деп табуы үшін осыған жан сала ұмтылыңдар!” (2 Петір 3:14). Петір тек жүріс-тұрысымыз қасиетті әрі Құдайға ұнамды болу ғана емес, сондай-ақ ақырында Ехоба адамды Мәсіхтің бағалы қанымен тазартылған деп санауының да маңызды екендігін атап өтті (Аян 7:9, 14). Бұл үшін Исаның өлім құрбандығына сенім артып, өзін Ехобаға бағыштаған және шомылдыру рәсімінен өткен қызметшісі болу керек.
14. “Пәк таза” болу деген не?
14 Петір бізді Ехоба “пәк таза” деп табуы үшін қолымыздан келгеннің бәрін істеуге шақырады. Осы дүние жүріс-тұрысымыз бен санамызды бұрып әкетпеу үшін бейнелі түрдегі киімімізді пәк таза сақтаудамыз ба? Егер тура мағынадағы үстіміздегі киімнен бір бүлінген дақты байқасақ, сол заматта оны тазартуға ұмтыламыз. Ал егер әңгіме біздің жақсы көретін көйлегіміз бен костюміміз жайлы болса, оны тазартқанша тыным таппаймыз ғой. Қандай да бір мінез немесе жүріс-тұрыстағы кемшіліктер, бейнелеп айтқанда, біздің мәсіхшілік киімімізді былғаса, осындай сезімде боламыз ба?
15. а) Исраилдіктерге неліктен киімдерінің етегіне шашақ істеу керек болды? ә) Қазіргі уақыттағы Ехобаның қызметшілері осы дүниеден несімен ерекшеленеді?
15 Исраилдіктерге “өздерінің киімдерінің етегіне шашақ” және “оған көгілдір жүннен жіп қондыру” тапсырылған болатын. Неге? Ехобаның өсиеттерін есте ұстап, оларды орындап және Құдайларының алдында “қасиетті болу” үшін (Руларды санау 15:38—40). Біз, қазіргі уақыттағы Ехобаның қызметшілері, осы дүниеден ерекшеленеміз, өйткені Құдайдың заңдары мен принциптеріне бағынамыз. Мысалы, біз өнегелілік тазалықты сақтаймыз, қанның қасиеттілігін мойындаймыз және барлық жалған тәңірлерге табынудан аулақпыз (Елшілердің істері 15:28, 29). Көптеген адамдар бізді өзімізді бүлдірмей, кіршіксіз сақтауға деген берік шешіміміз үшін сыйлайды (Жақып 1:27).
Біз “мүлтіксіз” болуымыз керек
16. “Мүлтіксіз” болу үшін не істеу керек?
16 Петір сондай-ақ біздің “мүлтіксіз” болуымыз керектігін айтады. Бұған қалай қол жеткізуге болады? Дақты жууға немесе кетіруге болады. Ал егер киім бұзылған болса ше, яғни оның ішінде мүкісі болса, оны оңайлықпен бұрынғы қалпына келтіре алмайсың. Пауыл Філіпідегі сенушілерге: “Бәрін де наразылықсыз, шүбәланбай істеңдер! Осылай қазіргі қыңыр, азғын ұрпақтың арасында еш кінәсыз таза, Құдайдың мінсіз рухани балалары болыңдар: қараңғы дүниеде жұлдыздай жарқырап”,— деп өсиет еткен (Філіпіліктерге 2:14, 15). Егер осы өсиетке құлақ асар болсақ, ұрыс-керіс, күңкілден аулақ болып, Құдайға таза көңілмен қызмет етеміз. Бізді ‘Патшалық туралы Ізгі хабарды’ жариялауға Ехобаға және жақындарымызға деген сүйіспеншілік талпындыратын болады (Матай 22:35—40; 24:14). Сондай-ақ жалпы адамдардың неліктен біздің өз еркімізбен уақытымыз бен күшімізді өзгелердің Құдай туралы және оның Сөзі Киелі кітап туралы білуге көмектесуге жұмсайтынымызды түсінбейтіндіктеріне қарамастан, ізгі хабарды жариялауды жалғастыра береміз.
17. Мәсіхшілер қауымында жауапкершілігі бар іске ұмтылатын болсақ, біздің ой-ниетіміз қандай болу керек?
17 “Мүлтіксіз” болуды қалайтындықтан, бізге өміріміздің барлық саласындағы ой-ниетімізді тексеру керек. Біз енді бір нәрсені жеке басының қамы үшін, мысалы, байлық не билік үшін, істейтін осы дүниенің адамдары сияқты болмаймыз. Егер мәсіхшілер қауымында жауапкершілігі бар іске ұмтылатын болсақ, ой-ниетіміз таза болып, әрқашан бізге Ехобаға және адамдарға деген сүйіспеншілік қозғау салсын. Рухани жетілген ер бауырластардың қуанышпен әрі кішіпейілділікпен Ехобаға және бауырластарына қызмет ету тілегімен ‘қауым басқарушысы болуға ынталанатындықтары’ жаныңды сергітеді (1 Тімотеге 3:1; 2 Қорынттықтарға 1:24). Иә, ақсақалдық қызметке лайықтылар ‘Құдайдың өздеріне сеніп тапсырған рухани “отарын” қамқорлап бағып... мұны лажсыздан емес, шын көңілден, ашкөз пайдақорлықпен емес, адал ынта-жігермен істеп, Тәңірдің меншікті қауымына өктемдік жүргізбей, қайта, рухани “отарға” үлгі-өнеге болуда’ (1 Петір 5:1—4).
Біз “татулықта” өмір сүруіміз керек
18. Ехоба Куәгерлері қандай қасиеттерімен танымал?
18 Ақырында Петір бізді “татулықта” өмір сүруге талпындырады. Бұл талапқа сай болу үшін міндетті түрде Ехобамен және жақындарымызбен тату болуымыз керек. Петір ‘бір-бірін шынайы сүюдің’ және бір сенімдегілермен татулық сақтаудың қаншалықты маңызды екендігін атап көрсетті (1 Петір 2:17; 3:10, 11; 4:8; 2 Петір 1:5—7). Татулықты сақтау үшін өзара сүйіспеншілігіміз болу керек (Жохан 13:34, 35; Ефестіктерге 4:1, 2). Біздің сүйіспеншілігіміз бен татулығымыз әсіресе халықаралық конгрестер өткізгенде айқын байқалады. 1999 жылы Коста-Рикадағы конгресс кезінде аэропорттан қонақтарды қарсы алушы жергілікті Куәгерлер байқаусызда бір сатушының сөресін жауып қалады. Сатушы бұған ызаланады. Бірақ келесі күні ол жергілікті Куәгерлер өздерінің қонақтарын жете танымаса да, оларды татулықпен әрі сүйіспеншілікпен қабылдағанын байқады. Конгрестің соңғы күні сатушы да қонақтармен сәлемдесіп, Киелі кітапты зерттеуді сұранды.
19. Неге бір сенімдегілермен татулыққа ұмтылу өте маңызды?
19 Рухани бауырластарымызбен шын жүректен татулыққа ұмтылатынымыз, қаншалықты Құдайдың күні мен оның уәде еткен жаңа өмірін қалайтындығымыз туралы көп нәрсені айтады (Забур 36:11; 2 Петір 3:13). Бізге кейбір бір сенімдегілермен татулық сақтау қиын делік. Біз өзімізді олармен бірге Жұмақта тату өмір сүріп жатқанымызды көре аламыз ба? Егер бауырласымыздың бізге деген реніші болса, тез арада онымен татуласу керек (Матай 5:23, 24). Егер Ехобамен татулық сақтағымыз келсе, бұл өте маңызды (Забур 34:27; 1 Жохан 4:20).
20. Күте білетінімізді қалай көрсете аламыз?
20 Жеке біз туралы ‘Құдайдың алдын ала белгілеген күнін сағына күтіп, оны тезірек келтіргілері келеді’ деп айтуға бола ма? Біздің зұлымдықтың ақырын көруге деген тілегіміз осы өнегесіздік жайлаған дүниеде қасиетті болып қалуымыздан көрінеді. Сонымен қатар біз Ехобаның күнінің келуін қатты қалағандықтан және Патшалықтың басқаруымен өмір сүруге талпынғандықтан, Құдайға ұнамды болып қаламыз. Біздің татулық орнаған жаңа өмірде өмір сүргіміз келетіндігі бір сенімдегілермен қазірден бастап татулыққа ұмтылатындығымыздан да көрінеді. Біз осылайша, күте білетінімізді және ‘Құдайдың алдын ала белгілеген күнін сағына күтіп, оны тезірек келтіргіміз келетінін’ көрсетеміз.
[Сілтемелер]
a Мысалдарды 2000 жылғы “Күзет мұнарасының” (ор.) 1 қаңтардағы нөмірінің 30-бетінен және 1997 жылғы “Ехоба Куәгерлері жылнамасының” (ор.) 51-бетінен табуға болады.
Естеріңде ме?
• ‘Құдайдың алдын ала белгілеген күнін сағына күту’ деген нені білдіреді?
• Күте білу біздің жүріс-тұрысымыздан қалай көрінеді?
• Неге Құдайға ұнамды болу өте маңызды?
• Ехоба бізді “пәк таза, мүлтіксіз, татулықта” өмір сүрді деп табуы үшін не істеуіміз керек?