Құдайға ұнамды жүрекке ие болыңдар
“Уа, Құдай, бойымда таза жүрек жаратып, денемдегі рухты әділ қылып жаңарта гөр” (ЗАБУР 50:12, сілтемені қараңдар).
1, 2. Неге біз жүрегіміздің қандай екеніне көңіл бөлуіміз керек?
ОЛ БОЙШАҢ, әрі келбетті болатын. Оған қарап тұрып Самуил пайғамбардың сүйсінгені соншалық: “Саулдан кейін Құдай патшалыққа таңдаған тап осы кісі, Есейдің үлкен ұлы”,— деп ойлады. Бірақ Ехоба: “Сен оның бет-жүзіне, бойшаңдығына қарамай-ақ қой. Оны мақұл көрмеймін... Пенде адамның тек бет-әлпетіне қараса, Жаратқан Ие жүрегіне қарайды”,— деді. Ехоба “өзінің жүрегіне жаққан адамды”, Есейдің кенже ұлы Дәуітті, таңдады (1 Патшалықтар 13:14, СА; 16:7, сілтемені қара).
2 Кейінірек Құдай өзі түсіндіргендей, ол адамдардың жүрегінде не барын біле алады: “Мен, Тәңір, әркімнің жолына сай, істеген ісінің жемісіне сай қарымтасын беру үшін адамның жүрегіне терең еніп, іші-бауырын сынаққа саламын” (Еремия 17:10, СА). Иә, “жүректі тексеретін Тәңір” (Нақыл сөздер 17:3, СА). Алайда Ехоба адамның қандай жүрегін тексереді? Сондай-ақ қалай біз Құдайға ұнамды жүрекке ие бола аламыз?
‘Жүректегі құпия адам’
3, 4. Киелі кітапта “жүрек” сөзі жиі қай мағынада қолданылады? Мысал келтіріңдер.
3 Киелі жазбаларда “жүрек” сөзі мыңға жуық рет кездеседі. Көп жағдайда бұл сөз бейнелі мағынада қолданылған. Мысалы, Ехоба Мұсаға былай деген: “Исраил әулетіне Маған сый-тартулар ұсынсын де. Шын жүрегімен ниеттенген әрбір адамнан Маған арнаған тарту-таралғысын қабылдаңдар”. Сосын “шын жүректен, өз еркімен Жаратқан Иеге арнап сый-тарту бергісі келген әркім” құрбандықтарын алып келді (Мысырдан шығу 25:2; 35:21). Қандай да бір мағынада бейнелі жүректің қозғау салатын, яғни әрекет етуге талпындыратын, ішкі күш екені анық. Сонымен қатар бейнелі жүрек біздің көңіл күйіміз бен сезімімізді, нені қалап, нені сүйетінімізді көрсетеді. Жүректі ашу кернейді, ол жан ұшыра үрейленеді, қайғыға батады яки шаттанып қуанады (Забур 26:3; 38:4; Жохан 16:22, СА; Римдіктерге 9:2). Жүрек тәкаппар не кішіпейілді болуы мүмкін, ол сүюі не жек көруі мүмкін (Нақыл сөздер 16:5; Матай 11:29; 1 Петір 1:22).
4 Міне, сол себепті “жүрек” жиі қозғаушы күшпен және көңіл күймен байланысты, ал “ақыл-парасат” болса ойлау қабілетімен байланысты. Бұл сөздер Жазбаларда қатар кездескенде оларды тап солай түсіну керек (Матай 22:37; Філіпіліктерге 4:7). Алайда жүрек пен ақыл-парасат бір-бірімен сиыспайтын түсініктер емес. Мысалы, Мұса исраилдіктерді мынаған шақырды: “Құдайдың Тәңір екенін біліп ал да, жүрегіңде сақта [немесе] [“қаперіңде сақтағын”, Қазіргі заман аудармасы]” (Заңды қайталау 4:39, СА). Өзіне қарсы жасырын жоспар құрып жатқан дін мұғалімдеріне Иса: ‘Неге [“жүректеріңде”, ЖД] жамандық ойлайсыңдар?’ — деген (Матай 9:4). Сонымен қатар “түсінудің”, “білудің” және “ойланудың” да жүрекпен байланысы бар (3 Патшалықтар 3:12; Нақыл сөздер 15:14; Марқа 2:6, СА). Демек, бейнелі жүрек ойлау қабілетінен де, яғни ойдан және ұғыну қабілетінен тұрады.
5. Бейнелі жүрек деген нені білдіреді?
5 Бір анықтамалыққа сәйкес, бейнелі жүрек “адамның бойындағы ең басты нәрсеге, яғни оның асыл ойы мен сезімдеріне [нұсқайды], сондықтан [бейнелі жүрек] адамның барлық әрекеттерінен, яғни оның тілек-қалауынан, нені сүйетіндігінен, сезімінен, неге құштар екендігінен, арман-мақсатынан, ойынан, түйсіну және елестету қабілетінен, даналығынан, білімі мен тәжірибесінен, нанымдары мен пайымдауынан, жады мен естілігінен, байқалатын оның ішкі болмысын білдіреді”. Бейнелі жүрек біздің жан дүниеміздің — ‘жүрегіміздегі құпия адамның’ — қандай екенін көрсетеді (1 Петір 3:4, ЖД). Ехобаның көріп, тексеретіні, міне, осы. Сол себепті Дәуіт: “Уа, Құдай, бойымда таза жүрек жаратып, денемдегі рухты әділ қылып жаңарта гөр”,— деп дұға еткен (Забур 50:12, сілтемені қараңдар). Қалайша біз таза жүрекке ие бола аламыз?
Құдай Сөзін ‘жүректеріңде сақтаңдар’
6. Моаб аңғарында исраилдіктердің қосы тұрғанда Мұса оларға қандай үндеу салды?
6 Уәде етілген жерге кірер алдында Моаб аңғарында жиналған Исраил халқына Мұса өсиет беріп, былай деген: “Бүгін мен сендерге айтқан сөздердің бәрін жүректеріңде сақтап, балаларыңа өсиет етіңдер, сөйтіп олар осы заңның барлық сөздерін орындауға тырысатын болсын” (Заңды қайталау 32:46, СА). Исраилдіктер бұл сөздерге “ерекше ден қоюлары” (Нокстың аудармасы) керек болатын. Құдайдың талаптарын балаларына өсиет ету үшін, исраилдіктер оны алдымен өздері жақсы білуі керек еді (Заңды қайталау 6:6—8).
7. Құдай Сөзін ‘жүректе сақтау’ дегенді қалай түсінуге болады?
7 Таза жүрекке ие болу үшін ең алдымен Құдайдың еркі мен ниеті туралы тура білім алу қажет. Мұндай білімнің жалғыз көзі — Құдай рухының жетелеуімен жазылған Оның Сөзі (2 Тімотеге 3:16, 17). Алайда білім алу барысында тек ақыл-парасатымызды ғана іске қосар болсақ, Ехобаға ұнамды жүрекке ие бола алмаймыз. Білім жан дүниемізге әсер етуі үшін, білген нәрселерімізді ‘жүрегімізде сақтауымыз’ керек (Заңды қайталау 32:46, СА). Мұны қалай жүзеге асыруға болады? Забур жыршысы Дәуіт былай деп түсіндіреді: “Көне күндерді еске алып, Сенің бүкіл істерің туралы ой жүгіртіп, қолыңнан шыққан жаратылыстарың жөнінде ойға шомамын” (Забур 142:5, СА).
8. Зерттеу барысында біз қандай сұрақтардың үстінен ой жүгіртуіміз керек?
8 Біз де Құдайдың істері туралы ризашылықпен ой жүгіртуіміз керек. Киелі кітапты немесе Киелі кітапқа негізделген әдебиеттерді оқыған кезде, біз: “Мен оқылған мәліметтен Ехоба туралы не білдім? Оның қандай қасиеттерін байқадым? Ехобаға не ұнап, ал не ұнамайтыны жөнінде не білдім? Оған ұнайтын нәрсені істейтін болсақ, мұның нәтижесі қандай болады? Ал ұнамайтын нәрсені істейтін болсақ ше? Мұның мен білетін мәліметпен қандай байланысы бар?” деген сияқты сұрақтардың үстінен ой жүгіртуіміз керек.
9. Жеке зерттеу мен ой жүгіртудің маңызы қаншалықты зор?
9 Отыз екі жасар Лизаa мақсат қойып зерттеу мен ой жүгіртудің қаншалықты бағалы екенін түсінуге өзіне не көмектескенін әңгімелеп берді: “Мен 1994 жылы шомылдыру рәсімінен өтіп, екі жылдай барынша белсенді қызмет еттім. Мен қауым жиналысынан қалмайтынмын, айына 30—40 сағаттай қызмет ететінмін, бауырластармен де жақсы қатынасатынмын. Сосын мен жолдан ауытқи бастадым. Төмен құлдырағаным соншалық, Құдайдың заңын бұзуға дейін бардым. Бірақ есімді жиып, өмірімді өзгертуді шештім. Өкінгенімді ескеріп, Ехобаның мені қайта қабыл алғанына қандай қуаныштымын десеңші! Мен жиі “не себепті мен жолдан тайып кеттім?” деп ойланамын. Осылай ойланған сайын бір тұжырымға келемін: менде мақсат қойып зерттеу мен ой жүгірту деген нәрсе болмапты. Киелі кітаптағы шындық жүрегіме жетпеген екен. Осы жағдайдан кейін жеке зерттеу мен ой жүгірту менің өмірімде әрқашан маңызды орын алатын болды”. Ехоба туралы, оның Ұлы және Сөзі туралы біліміміз артқан сайын ой жүгірту үшін уақыт бөлуді мақсат етудің маңызы зор.
10. Не себепті жеке зерттеу мен ой жүгірту үшін уақыт табуымыз керек?
10 Тауқыметі көп қазіргі заманда зерттеу жүргізіп, ой жүгірту үшін уақыт табудың өзі оңай нәрсе емес. Десе де, бүгінгі мәсіхшілер Уәде етілген керемет жердің — Құдайдың әділетті жаңа дүниесінің — табалдырығында тұр (2 Петір 3:13). Жақында “ұлы Бабылдың” жойылуы, “Магог жеріндегі Гогтың” (СА) Ехобаның халқына шабуыл жасауы сияқты керемет оқиғалар болады (Аян 17:1, 2, 5, 15—17; Езекиел 38:1—4, 14—16; 39:2). Болашақта болатын оқиғалардың барысында біздің Ехобаға деген сүйіспеншілігіміз сыналуы мүмкін. Бүгінде қолайлы уақыттың өтемін төлеп, Құдай Сөзін жүрегімізде сақтағанымыздың маңызы қаншалықты зор десеңші! (Ефестіктерге 5:15, 16, ЖД).
Жүректеріңді Құдай Сөзін оқып білуге бейімдеңдер
11. Қай жағынан біздің жүрегіміз егістік жеріне ұқсайды?
11 Бейнелі жүректі шындық тұқымы себілетін егістік жеріне теңеуге болады (Матай 13:18—23). Жақсы өнім беру үшін кәдімгі жерді әдетте баптайды. Құдай Сөзін жақсы қабылдау үшін біздің жүрегімізді де “бейімдеу”, не дайындау, керек. Дін қызметшісі Езра “өзінің жүрегін Тәңірдің заңынан оқып біліп, оны орындауға бейімдеген” (Езра 7:10, СА). Қалайша біз жүрегімізді дайындай аламыз?
12. Киелі кітапты зерттеу үшін жүрегімізді дайындауға не нәрсе көмектеседі?
12 Бар көңілімізбен дұға ету Құдай Сөзін зерттеу үшін жүрегімізге керемет дайындық болып табылады. Құдайдың шынайы қызметшілерінің қауым кездесулері дұғамен басталып, дұғамен аяқталады. Киелі кітапты зерттеген сайын бар көңілімізбен дұға етіп, сосын бүкіл зерттеу барысында осы бетімізден қайтпағанымыз қалайша орынды болар еді десеңші!
13. Ехобаға ұнамды жүрекке ие болу үшін не істеуіміз керек?
13 Бейнелі жүрек қалыптасып қалған көзқарастардан бас тартуға даяр болуы керек. Исаның күндеріндегі дін басылары олай еткілері келмеген (Матай 13:15). Ал Исаның анасы Мәриям болса, керісінше, өзі естіген шындыққа негізделіп, болған нәрселерді “көңіліне түйіп”, пікір түзіп отырған (Лұқа 2:19, 51). Ол Исаның адал шәкірті болды. Тиатирада тұратын Лүдияның ‘Иеміз жүрегін жібітіп, Пауылдың айтқан сөзіне құлақ түргізіп, қабылдатты’. Ол да сенуші болды (Елшілердің істері 16:14, 15). Ешқашан өзіміздің жеке пікірімізді немесе жанымызға жақын ілімдерді қайтпастан ұстана бермелік. Оның орнына ‘адамдардың барлығы бірдей өтірікші болса да, Құдай сөзінен таймайтындығын’ мойындауға даяр болайық (Римдіктерге 3:4).
14. Мәсіхшілердің кездесулерінде мұқият тыңдау үшін қалайша жүрегімізді дайындай аламыз?
14 Мәсіхшілердің кездесулерінде айтылатын нәрселерді мұқият тыңдау үшін жүректі дайындаудың маңыздылығы зор. Бағдарлама барысында қандай да бір нәрсе көңілімізді бөлуі мүмкін. Үстіміздегі күні болған оқиғаларды немесе ертеңгі істейтін істерімізді ойлап отыратын болсақ, айтылып жатқан сөздердің бізге әсер етуі екіталай. Кездесулер біз үшін пайдалы болсын десек, барынша мұқият тыңдау және білім алу үшін бел бууымыз керек. Талқыланып жатқан Жазба орны мен оған беріліп жатқан түсініктемелер біз үшін қалайша пайдалы десеңші! (Нехемия 8:5—8, 12).
15. Кішіпейілділік берілген тәлімді қабылдауға анағұрлым бейім болуымызға қалай көмектеседі?
15 Қажетті тыңайтқыштарды қолданып жерді қалай өңдеуге болатын болса, рухани нәрселерге тәбетімізді ашу, кішіпейілділік, Құдайға ұнамды қорқыныш және Оған деген сенім мен сүйіспеншілік дамыту арқылы бейнелі жүрегімізді де жақсартуға болады. Кішіпейілділік жүрегімізді жібітіп, берілген тәлімді қабылдауға анағұрлым бейім болуымызға көмектеседі. Ехоба Яһуда патшасы Жосияға былай деген болатын: “Менің айтқан сөздеріме құлақ асып, жүрегіңді жібітіп, Тәңірдің алдында кішіпейілділік танытып... Менің алдымда көз жасыңды төктің. Сондықтан Мен де саған құлақ астым” (4 Патшалықтар 22:19, СА). Жосияның жүрегі кішіпейіл әрі қабылдауға бейім болды. Исаның “арнайы діни даярлықтан өтпеген қарапайым” шәкірттері кішіпейілділіктің арқасында ‘данышпандар мен білгіш’ адамдар істей алмаған нәрсені істеген, атап айтқанда — олар рухани нәрселерге қатысты шындықты түсініп, өмірлерінде қолданған (Елшілердің істері 4:13; Лұқа 10:21). Жүрегімізді Ехобаға ұнамды етуге тырысқанда ‘Құдайға бой ұсыналық’, яғни Оның алдында кішіпейіл болайық (Езра 8:21, СА).
16. Неге рухани ас-суға тәбетімізді ашу үшін күш салу қажет?
16 Иса: “Рухани нәрселерге мұқтаж екендіктерін мойындағандар бақытты”,— деген (Матай 5:3, ЖД). Біздің рухани нығаюға қабілетіміз бар болғанмен, қазіргі зұлым заманның тауқыметі, сондай-ақ еріншектік сияқты қасиеттердің салдарынан оның қажеттілігін сезінуге деген сезіміміз мұқалып қалуы мүмкін (Матай 4:4). Біз рухани ас-суға деген жақсы тәбет дамытуымыз керек. Алғашқыда Киелі кітапты оқу мен жеке зерттеу аса көңілге жағатын іс болып көрінбегенмен, қайсарлық танытар болсақ, білім алу “жанымызға жағып”, келесі зерттеуді асыға күтетіндігімізді байқайтын боламыз (Нақыл сөздер 2:10, 11).
17. а) Не себепті барлық нәрседе біз Ехобаға арқа сүйеуіміз керек? ә) Барлық жағдайда Ехобаға арқа сүйеуді қалай үйренуге болады?
17 Сүлеймен патша: “Тәңірге шын жүрегіңмен арқа сүйе және өз ақылыңа сүйенбе”,— деп ескерткен (Нақыл сөздер 3:5, СА). Ехобаға арқа сүйейтін жүрек — Оның кез келген өтінішінің немесе Өзінің Сөзінде жазған талабының әрқашан дұрыс екенін біледі (Ишая 48:17). Әрине, біз кез келген жағдайда Ехобаға толығымен арқа сүйей аламыз. Өзінің еркін толықтай орындауға оның құдіреті жетеді (Ишая 40:26, 29). Өйткені оның есімінің тура мағынасы “Ол болдырады” дегенді білдіреді емес пе! Ал бұл болса Оның Өз уәделерінің бәрін орындауға қабілетті екендігіне деген сенімділігімізді нығайтады. Оның “жолдарының бәрі әділ, әрі істерінің бәрі игілікті” (Забур 144:17, СА). Әрине, әрқашан Ехобаға арқа сүйеуді үйрену үшін, біз Киелі кітаптан үйренген нәрселерімізді өмірде қолдану, сондай-ақ мұның біз үшін қандай пайдасы бар екендігі жөнінде ой жүгірту арқылы “тексеріп, Тәңірдің қаншалықты игі екенін көруіміз” керек (Забур 33:9, СА).
18. Құдайдың алдындағы қастерлі қорқыныш оның басшылығын қабылдауға бейім болуымызға қалай көмектеседі?
18 Жүрегімізді қабылдауға бейім ететін тағы бір қасиетке нұсқап, Сүлеймен былай деген: “Тәңірден қорық және жамандықтан аулақ бол” (Нақыл сөздер 3:7, СА). Ертедегі Исраилге қатысты Ехоба былай деген: “Өздері де, ұлдары да мәңгі-бақи жақсылық көруі үшін, олардың жүректері Менен қорқып, әрқашан Менің өсиеттерімді орындайтындай болса ғой!” (Заңды қайталау 5:29, СА). Иә, Құдайдан қорқатындар оған мойынсұнады. Ехоба “Өзіне жүрегі толық берілгендерді қолдап”, ал мойынсұнбайтындарды жазалай алады (2 Шежірелер 16:9). Әрбір ісімізде, ойымыз бен сезімімізде Құдайға деген қастерлі қорқынышты басшылыққа алайық.
‘Ехобаны шын жүректен... сүй’
19. Ехобаның нұсқауларын қабылдауға жүрегімізді бейім етудегі сүйіспеншіліктің алатын орны қандай?
19 Барлық қасиеттерге қарағанда әсіресе сүйіспеншілік біздің жүрегімізді Ехобаның нұсқауларын қабылдауға анағұрлым бейім етеді. Жүрегі Құдайға деген сүйіспеншілікке толы адам Оған не ұнап, не ұнамайтынын білуге ынталы болады (1 Жохан 5:3). Иса: “Құдай Иеңді шын жүректен, бүкіл жан дүниеңмен, барлық ақыл-ойыңмен сүй!” — деген (Матай 22:37). Құдайдың игі істері жөнінде ой жүгіртуді әдетке айналдырып, үнемі онымен жақын досы іспетті сөйлесіп және бар ынтамызбен өзгелерге ол туралы айту арқылы Құдайға деген сүйіспеншілігімізді тереңдете берелік.
20. Қалай біз Ехобаға ұнамды жүрекке ие бола аламыз?
20 Қорытындылайық: Ехобаға ұнамды жүрекке ие болу үшін Құдай Сөзінің ішкі болмысымызға, яғни жүрегіміздегі құпия адамға, әсер етуіне жол беруіміз керек. Мақсат қойып Жазбаларды зерттеп, оның үстінен ой жүгіртуіміз керек. Мұны алдын ала жүректі дайындап алып, яғни оны қалыптасқан ой-пікірлерден босатып және бізді үйренуге бейім ететін қасиеттерге толтырып алып, істеген жақсы. Иә, Ехобаның көмегімен біз оған ұнамды жүрекке ие бола аламыз. Алайда қалайша біз мұндай жүректі сақтай аламыз?
[Сілтеме]
a Есімі өзгертіліп алынған.
Қалай жауап берер едіңдер?
• Ехоба қандай бейнелі жүректі тексереді?
• Қалай біз Құдай Сөзін ‘жүрегімізде сақтай’ аламыз?
• Құдай Сөзін зерттеу үшін қалай біз жүрегімізді дайындай аламыз?
• Осы мақаланы талқылағандарың сендерді не істеуге талпындырды?
[23-беттегі сурет]
Дәуіт ризашылықпен рухани нәрселер жөнінде ой жүгіртуді бағалаған. Сендер ше?
[24-беттегі суреттер]
Құдай Сөзін зерттеуді бастамас бұрын жүректеріңді дайындап алыңдар