АЛТЫНШЫ ТАРАУ
Жас өспірімнің дұрыс қалыптасуына жәрдем беріңдер
1, 2. Жас өспірім шақтың қандай қиындықтары мен қуаныштары бар?
ҮЙДЕГІ жас өспірім — бес жасар немесе тіпті он жасар бала емес. Жас өспірім шақтың өзінің қиындықтары мен проблемалары бар, дегенмен, қуанышы мен жемісі де жоқ емес. Жастардың жауапкершілікпен іс істеп, Ехобамен тамаша қарым-қатынаста бола алатыны Жүсіптің, Дәуіттің, Жосияның және Тімотенің мысалдарынан көрінеді (Жаратылыс 37:2—11; 1 Патшалық 16:11—13; 4 Патшалық 22:3—7; Елшілердің істері 16:1, 2). Мұны қазіргі жас өспірімдердің көпшілігі растауда. Мұндай жас өспірімдермен өздерің де таныс шығарсыңдар.
2 Сонда да болса кейбіреулер үшін жас өспірімдік кезең — аласапыран шақ. Бұл кезеңде ішкі жан дүниесі мың құбылып, бала бір құлап, бір тұрып жатады. Ұл балалар мен қыз балалардың біреуге тәуелді болғысы келмейді және оларға ата-аналарының қойған шектеулері ұнамауы мүмкін. Дегенмен әлі олардың өмірлік тәжірибесі өте аз және оларға ата-ананың шыдамдылықпен, сүйіспеншілікпен жасаған көмегі қажет. Иә, жас өспірімдік кезең — аласапыран шақ, бірақ бұл кезең ата-аналарды ғана емес, балалардың өздерін де абдыратуы мүмкін. Осындай кезеңде балаларға қалай жәрдем беруге болар екен?
3. Қандай жолмен ата-ана жас өспірім балаларына ең жақсы тәрбие бере алады?
3 Жас өспірім баласының албырт шақтың сынақтарына төзіп, жауапкершілігі мол ересек адам болып шығуына Киелі кітаптың кеңестерін іс жүзінде қолданатын ата-ана ең жақсы мүмкіндік жасайды. Әрбір халықта және барлық уақытта Киелі кітаптың принциптерін бірлесіп орындаған ата-аналар мен жас өспірімдер батаға ие болып, игілікке жетіп отырған (Забур 118:1).
АДАЛ ДА АШЫҚ ПІКІР АЛМАСУ
4. Не себепті албырт шақта кеңес әсіресе қажет?
4 “Кеңес жоқ жерде жоспарлар бұзылады”,— дейді Киелі кітап (Нақыл сөздер 15:22). Балаға ақыл-кеңес кішірек кезінде қажет болған болса, албырт шағында кеңес әсіресе қажет. Мұндай кезінде, әдетте, көп уақыты мектептегі жора-жолдастарымен, достарымен бірге өтіп, бала үйде отырмайды. Кеңес беріліп отырмаса, яғни ата-ана мен баланың арасында адал да ашық пікір алмасу болмаса, бала үй-ішін бөтенсіп қалуы мүмкін. Олай болса, ашық пікір алмасуға болатындай қарым-қатынасты қалай сақтауға болады?
5. Ата-анасымен пікір алмасуға деген жас өспірімнің көзқарасы қандай болуы керек?
5 Бұл мәселеде ата-ана да, жас өспірім де өз міндеттерін орындаулары керек. Рас, жас өспірімге бала күніндегіге қарағанда ата-анасымен сөйлесу қиынырақ болып көрінуі мүмкін. Бірақ естеріңде болсын, “қамқорлыққа жарымаған халық азады, ал кеңесшісі көп болса — өркендейді” (Нақыл сөздер 11:14). Бұл сөздердің барлық адамдарға, яғни жастарға да, қарттарға да қатысы бар. Осыны жете түсінетін жас өспірімдер сондай-ақ өздерінің тәжірибесі мол адамдардың басшылығын қажет ететінін де түсінеді, өйткені жас өспірімдерге әлдеқайда күрделі проблемаларды шешу керек болып жатады. Құдайға сенетін ата-аналарының жақсы кеңесші бола алатындығын бала мойындауы керек, өйткені олардың өмірлік тәжірибесі мол, әрі қаншама жылдан бері өздерінің қамқорлығын сүйіспеншілікпен дәлелдеп келеді. Олай болса, албырт шақты бастан кешіріп отырған ақылы бар жас өспірімдер ата-анасына арқасын бермейді.
6. Парасатты әрі сүйетін ата-ана жас өспірім баласымен пікір алмасуға қандай көзқараста болады?
6 Ашық пікір алмасу болуы үшін, ата-ана жас өспірім баласының сөйлескісі келген ықыласын елеусіз қалдырмауға тырысады. Ата-аналар, пікір алмасуға ең болмағанда өздеріңнің дайын екендеріңе көз жеткізіңдер. Бұл оңай болмауы мүмкін. “Үндемейтін уақыт және сөйлейтін уақыт” бар делінген Киелі кітапта (Екклесиаст 3:7). Жас өспірім баланың сөйлескісі келгенде сендердің сөйлескілерің келмеуі мүмкін. Мүмкін сендер дәл осы уақытқа Киелі кітапты зерттеуді, тынығуды немесе үй шаруасымен айналысуды жоспарлап қойған шығарсыңдар. Дегенмен жас өспірім баланың сендермен сөйлескісі келіп тұрса, жоспарларыңды өзгертіп, оны тыңдауға тырысыңдар. Бұдан кейін оның сөйлесуге әрекет жасамауы да мүмкін. Исаның үлгісін естеріңе алыңдаршы. Бірде ол демалуға уақыт бөлген болатын. Бірақ өзін тыңдағысы келген адамдардың жиналып қалғанын көргенде, Иса демалуды былай қойып, оларға көп нәрсені үйрете бастайды (Марқа 6:30—34). Ата-анасының қолы тие бермейтінін жас өспірімдердің көпшілігі түсінеді. Дегенмен қажет болған кезде ата-анасы өздерінің жанынан табылатынына жас өспірім балалардың көздері жетуі керек. Сондықтан сөйлесуге, түсінуге әрдайым дайын болыңдар.
7. Ата-ананың не істемегені дұрыс?
7 Жас өспірім кездеріңде өздеріңнің қандай сезімде болғандарыңды еске түсіруге тырысыңдар, әрі әзілдей біліңдер. Баламен пікір алмасу ата-ананы қуанышқа бөлеуі керек. Қолы босай қалғанда ата-ана өз уақытын қалай өткізеді? Ата-ана отбасымен әрдайым бірге болуға тырыспайтын болса, мұны жас өспірім бала тез-ақ байқап қояды. Ал егер ол ата-анасынан гөрі мектепте бірге оқитын жолдастарына керек екенмін деген шешімге келетін болса, бұл үлкен қиындықтарға әкеліп соқтырады.
НЕ ЖАЙЫНДА СӨЙЛЕСКЕН ДҰРЫС
8. Адалдықты, еңбекқорлықты және әдепті жүріс-тұрысты баланың бойында қалай қалыптастыруға болады?
8 Адалдық пен ынталы еңбекті бағалауды ата-ана балаға әлі үйретпеген болса, бұны міндетті түрде баланың жас өспірім шағында істеу керек (1 Салониқалықтарға 4:11; 2 Салониқалықтарға 3:10). Сондай-ақ ата-ана құлықты әрі кіршіксіз өмір сүргеннің маңызы зор екенін балаларының жете түсінетініне көз жеткізуі керек (Нақыл сөздер 20:11). Мұндайда ата-ананың үлгісі өте маңызды. Құдайға сенбейтін күйеулердің “сөзбен емес... өз әйелдерінің өмір сүру қалпы арқылы сенімге келетіні” сияқты, Құдайдың әділ принциптерін жас өспірімдер өздерінің ата-аналарының іс-әрекетінен біледі. (1 Петір 3:1, салыстырындар.) Дегенмен ата-ананың үлгісі жеткіліксіз. Себебі баланы еліктіріп әкететін нәрселер қаншама. Сондай-ақ олар жаман үлгі болатын нәрселерді де өте көп кездестіреді. Сондықтан көріп-естіп жүрген нәрселеріне жас өспірім баланың қандай көзқараста екенін ата-ана білуі керек, ал ол үшін мазмұнды әңгіме қажет (Нақыл сөздер 20:5).
9, 10. Неге ата-ана балаға жыныстық тәрбие беруі керек және қалай тәрбиелеуге болады?
9 Бұл әсіресе жыныстық тәрбие бергенде қажет. Ата-аналар, балаларыңа бұл жайында айтуға ұяласыңдар ма? Ұялсаңдар да айтуға тырысыңдар, себебі бала бұл жайында бәрібір басқалардан біліп алады. Сендер айтпасаңдар, олардың қандай “мәлімет” алатынын кім білсін? Ехоба Киелі кітапта жыныстық қатынасқа қатысты да айтатын болғандықтан, ата-аналардың осылай істегені абзал (Нақыл сөздер 4:1—4; 5:1—21).
10 Бақытымызға орай, Киелі кітапта жыныстық мәселеге байланысты анық айтылған басшылық бар және осы басшылықты бүгінгі өмірде де қолдануға болатынын көрсететін қаншама пайдалы мәліметтерді Күзет Мұнарасы Қоғамы жариялап отыр. Осындай көмекті неге пайдаланбасқа? Мысалы, “Жастардың сауалдары. Пайдалы кеңестер” (ор.) атты кітаптың “Жыныстық қатынас және құлықтылық” деген бөлімін ұлмен не қызбен бірге неге талқыламасқа? Нәтижесін көргенде таңғалып, қуануларың мүмкін.
11. Ата-аналар үшін балаларына Ехобаға қызмет етуді үйретудің ең жақсы жолы қандай?
11 Бірақ ата-ана мен баланың қандай тақырыпқа пікір алмасқаны маңыздырақ? Бұл жайында елші Пауыл жазған болатын: “Ақылмен жөн сілтеп, Иемізбен жүргендерге лайықты тәрбиелеңдер!” (Ефестіктерге 6:4). Балалардың Ехобаны білген үстіне біле түскенінің маңызы зор. Дәлірек айтқанда, олар Құдайды сүюді үйренулері керек, сондай-ақ оларда оған қызмет етейін деген ынта болуы керек. Бұл жағынан да ата-ана өзінің іс-әрекетімен талай нәрсеге үйрете алады. Егер бала ата-анасының Ехобаны ‘барлық көңілімен, барлық жанымен, барлық ойымен жақсы көретінін’, әрі бұның олардың өміріне жақсы ықпалын көретін болса, оның ата-анасы сияқты өмір сүруге ықыласы оянады (Матай 22:37). Сондай-ақ ата-анасының дүние-мүлікке деген дұрыс көзқарасы мен Құдай Патшалығын бірінші орынға қоятынын көрсе, бұл, жас өспірімдердің де дәл осындай көзқарас дамытуына көмектеседі (Екклесиаст 7:12; Матай 6:31—33).
12, 13. Отбасымен бірге зерттеу жемісті болуы үшін нені есте ұстаған дұрыс?
12 Апта сайын отбасымен бірге Киелі кітапты зерттеу — жас өспірімдерге рухани нәрселерді дарыту үшін тамаша көмек болатын нәрсе (Забур 118:33, 34; Нақыл сөздер 4:20—23). Мұндай зерттеуді үнемі өткізу өте маңызды (Забур 1:1—3). Басқа нәрселердің бәрі отбасымен бірге зерттейтін уақытқа байланысты жоспарлануы керек екенін ата-ана мен балалар түсінуі керек. Бұл керісінше болмауы керек. Сонымен қатар зерттеудің жемісті өтуі үшін, зерттеуге деген дұрыс көзқарас керек. Бір әке былай деген еді: “Мұның сыры зерттеуді жүргізіп отырған адамның зерттеу барысында әркім өзін емін-еркін сезінетіндей, бірақ сыйластық сақталатындай жағдай, яғни қысылып-қымтырылмайтындай әрі тым еркінсімейтіндей, жағдай жасай алғанында жатыр. Бұл барлық уақытта бірдей оңайға соға бермейді, жиі-жиі балалардың зерттеуге деген көзқарасын түзеп отыру керек болады. Бір не екі дегенде жүзеге асыра алмай қалсаңдар,— берілмеңдер, қайта алға ұмтылып, келесі жолы болатын зерттеуді ойлаңдар”. Осы әке тағы өзінің әрбір зерттеуді жүргізбес бұрын Ехобаға дұға етіп, отбасы мүшелерінің әрқайсысының зерттеуге деген дұрыс көзқараста болуын нақты сұрап отырғандығын айтты (Забур 118:66).
13 Отбасымен бірге зерттеу жүргізу — мәсіхші ата-аналардың міндеті. Рас, кейбір ата-аналарды қабілеті күшті мұғалім дей алмайсың, сол себепті де отбасымен бірге зерттеуді қызықты етіп өткізу олар үшін оңай емес. Сонда да болса, егер балаларыңды “іс жүзінде шынайы” сүйетін болсаңдар, олардың рухани өсуіне сендер кіші пейілділікпен әрі шын жүректен көмектескілерің келетін болады (1 Жохан 3:18). Бала кейде наразылық білдіргенімен, сендердің есіл-дерттерің соның қамы екенін олар сезуі мүмкін.
14. Жас өспірімдермен рухани сұрақтарды талқылауға байланысты Заңды қайталау 11:18, 19-ды қалай қолдануға болады?
14 Рухани маңызы бар сұрақтар отбасымен бірге зерттеу барысында ғана талқыланбауы керек. Ехобаның ата-аналарға қандай жарлық бергені естеріңде ме? Ол былай деген болатын: “Сонымен Менің осы сөздерімді жүректерің мен жан-тәндеріңе ұялатып, білектеріңе белгі етіп байлап алыңдар, әрі маңдайларыңа таңылған байлау болсын. Сөйтіп бұны үйде отырғанда, жол жүргенде, жатқанда, тұрғанда ұлдарыңа айтып үйретіңдер” (Заңды қайталау 11:18, 19; сондай-ақ Заңды қайталау 6:6, 7-ні де қараңдар). Бұл — ата-анасы баласына үнемі уағыз айтып отыруы керек деген сөз емес. Бірақ сүйетін отағасы әрдайым отбасы мүшелерінің рухани көзқарасын шыңдаудың мүмкіндіктерін іздейді.
ТӘРБИЕ МЕН СЫЙЛАСТЫҚ
15, 16. а) Тәрбиелеу дегеніміз не? ә) Тәлім беру кімге жүктелген және оған құлақ асу кімнің міндеті?
15 Тәрбие дегеніміз — жөнге салуға арналған сабақ. Сондай-ақ бұған пікір алмасу да кіреді. Кейде жазалап отыру қажет болғанымен, тәрбиелеу деп жазалаудан гөрі жөнге салуды айтады. Балаларың кішірек кезінде сендердің тәрбиелеріңе мұқтаж болған болса, қандай да бір тәрбиеге олар қазір, жас өспірім шағында да, мұқтаж. Қазір олар тіпті көбірек тәрбиені қажет етуі мүмкін. Мұның рас екенін ақылы бар жас өспірімдер біледі.
16 Киелі кітапта: “Ақымақ адам әкесінің берген тәлімін елемейді, ал кімде-кім әшкерелік сөздерге құлақ асса — ақылды”,— делінген (Нақыл сөздер 15:5). Бұл тармақтан біз көп нәрсені үйренеміз. Мұнда тәлімнің берілетіндігі айтылып отыр. Тәлім берілгенде ғана баланың оны ‘елемеуі’ мүмкін. Ехоба тәлім беруді ата-анаға, әсіресе әкеге жүктейді. Бірақ берілген тәлімге құлақ асу міндеті жас өспірімнің өзінің мойнында. Егер ол әке-шешесінің ақыл-кеңестеріне құлақ асатын болса, талай нәрсеге үйреніп, көп қателік жібермейтін болады (Нақыл сөздер 1:8). Киелі кітапта: “Тәлімді елемеген адам тақыр кедей болып, масқара болады, ал орындаған — сый-құрметке бөленеді”,— делінген (Нақыл сөздер 13:18).
17. Ата-ана жас өспірім баласын тәрбиелегенде қандай болуға ұмтылуы керек?
17 Ата-ана жас өспірім баласын дұрыс тәрбиелеуі керек. Баланың ұнжырғасы түсіп, ынжық болмауы үшін, тым қатаң болуға болмайды (Қолостықтарға 3:21). Сөйтсе де ата-ана тым жұмсақ болып, бозбала өмірлік маңызы зор тәрбиеден құр қалмауы керек. Жұмсақтықтың аяғы жақсылыққа апармауы мүмкін. Нақыл сөздер 29:17-де: “Ұлыңды жазалап отыр, сонда ол саған тыныштық беріп, жаныңды қуанышқа бөлейді”,— делінген. Ал 21-тармақта: “Құлды бала күнінен еркелетіп тәрбиелесе, кейіннен оның ұл болғысы келеді [“алғысты білмейтін болады”, ЖД]”,— делінген. Бұл тармақта құл туралы айтылып отырғанымен, бұны жас өспірімдерге қатысты да қолдануға болады.
18. Тәрбие ненің белгісі және албырт шақтағы баласын дәйектілікпен тәрбиелеу арқылы ата-ана нендей нәрседен аулақ болады?
18 Шын мәнінде, дұрыс тәрбие ата-ананың балаға деген сүйіспеншілігін дәлелдейді (Еврейлерге 12:6, 11). Егер сендер ата-ана болсаңдар, баланы дәйекті түрде әрі ақылмен тәрбиелегеннің қандай қиын екенін білесіңдер. Отбасының тыныштығы үшін қыңыр жас өспірімнің ойына келген нәрсесін істетіп қойған оңай болып көрінуі мүмкін. Бірақ ақыр аяғында ата-ана, балалары мүлдем ырыққа көнбей, өздері таңдаған осы жолдың зардабын тартуы мүмкін (Нақыл сөздер 29:15; Ғалаттықтарға 6:9).
ЕҢБЕК ЖӘНЕ КӨҢІЛ КӨТЕРУ
19, 20. Жас өспірімдердің көңіл көтеруіне байланысты ата-ана қалай парасаттылық таныта алады?
19 Бұрынғы кезде, әдетте, бала үй шаруашылығына араласып, ата-анасына көмек береді деп күтетін. Ал бүгінде жас өспірімдердің өз бетімен өткізетін бос уақыты көп. Сауда-саттық жайлаған осы дүние бос уақытты толтыру үшін көңіл көтерудің небір түрлерін ұсынуда. Енді осыған Киелі кітаптағы құлықтылық талаптарына осы дүниенің қандай жеңіл көзқараспен қарайтынын қосыңдар. Сонда сендер нендей нәрселердің бақытсыздыққа ұшыратуы мүмкін екенін көресіңдер.
20 Сондықтан көңіл көтеруге байланысты соңғы шешімді парасатты ата-аналардың өздері қабылдайды. Бірақ баланың өсіп-жетіліп келе жатқанын ұмытпаңдар. Ол өзінің үлкен адамдардың қатарына қосылып келе жатқандығы өскен сайын ескеріледі деп үміттенуі мүмкін. Сонымен, жас өспірімнің көңіл көтеруге байланысты талғам жасауына өскен сайын көбірек ерік берген дұрыс. Бірақ бұл оның талғамынан рухани өсуге деген беталысы байқалған жағдайда ғана орынды. Кейде бала музыка, дос-жаран сияқты мәселелерде бұрыс талғам жасауы мүмкін. Бұндай жағдайда, ендігі жерде дұрыс талғам жасауы үшін, онымен сөйлескен дұрыс.
21. Көңіл көтеруге уақыт бөлудегі парасаттылық жас өспірім баланы қалай қорғайды?
21 Көңіл көтеруге қанша уақыт бөлу керек? Кейбір елдегі жас өспірімдер үздіксіз көңіл көтере беруімізге болады деген ойда. Сондықтан оның жоспарына көңіл көтеру ғана кіруі мүмкін. Ата-ана болса баланы басқа да тірліктерге уақыт бөлуге дағдыландыруы керек, мысалы: отбасы, жеке отырып зерттеу, рухани толысқан бауырластармен араласу, мәсіхшілердің кездесулері және үй-ішіндегі міндеттер. Бұлар Құдай Сөзін “ләззаттың қызығы” басып кетуіне жол бермейді (Лұқа 8:11—15).
22. Жас өспірім баланың өміріндегі көңіл көтерулер немен қатар жүруі керек?
22 Сүлемен патша былай деген болатын: “Олар үшін ойнап-күліп, өмірлерінде жақсылық жасағаннан артық еш нәрсе жоқ екенін білдім. Және қандай да бір адам ішіп-жеп, істеген ісінің бәрінен игілік көрсе, бұл — Құдайдың сыйы” (Екклесиаст 3:12, 13). Иә, ойнап-күлу салауатты өмір кешудің ажырамас бөлігі. Бірақ ынталы еңбек те бар. Бүгінде көптеген жас өспірімдер ынталы еңбектен қанағат алу немесе қандай да бір қиындықты жеңіп шығу арқылы жеке басының қадір-қасиетін сезіне білу дегеннің не екенін білмейді. Есейгенде өзін-өзі асырауға қажетті бір нәрсеге үйренуге немесе мамандық алып шығуға кейбір жас өспірім балалардың мүмкіндіктері жоқ. Бұл шынында да ата-ана үшін қиын нәрсе. Балаларыңның осындай мүмкіндігі болуы үшін қам жасайсыңдар ма? Егер ынталы еңбекті бағалауды, тіпті сүюді үйрете білсеңдер, бала еңбекке деген дұрыс көзқараспен өседі. Ал бұл болса оған өмір бойы пайдасын әкеледі.
ЖАС ӨСПІРІМ БАЛА ЕСЕЙЕДІ
23. Ата-ана жас өспірім балаларын қалай жігерлендіре алады?
23 Жас өспірім бала сендерге қиындық әкеліп жатқанымен, Киелі кітаптың “сүйіспеншілік ешқашан да сарқылмайды” деген тармағы әділетті болып қала бермек (1 Қорынттықтарға 13:8). Сендердің өз балаларыңды сүйетіндіктеріңе күмән жоқ. Сондықтан балаға деген сүйіспеншіліктеріңді ешқашан жасырмаңдар. Әрбір ата-ана өзіне: “Қиын мәселені немесе бір кедергіні жеңе білгенде балаларымның әрқайсысына мақтау сөз айтамын ба? Балаға деген сүйіспеншілігім мен ризашылығымды білдіруіме қолайлы сәттерді пайдаланамын ба, әлде бұлай істемеймін бе?” — деп сұрақ қойсын. Анда-санда түсініспеушілік болып тұрады. Бірақ ата-анасының сүйетініне жас өспірімдер сенімді болса, олардың да сендерді сүюі әбден ықтимал.
24. Киелі кітаптағы қандай принцип жалпы ереже ретінде әділ, бірақ не туралы ұмытпау керек?
24 Әрине, балалар өсе келе маңызды шешімдерді бірте-бірте өздері қабылдайтын болады. Кейде олардың қабылдаған шешімдері ата-анаға ұнамауы мүмкін. Бала өзінің Ехобаға қызмет еткісі келмейтіндігін айтса ше? Бұлай да болуы мүмкін. Тіпті Ехобаның кейбір рухани ұлдарының өзі кеңестерді елемей, бүлік шығарған (Жаратылыс 6:2; Иуда 6). Бала — компьютер емес. Оларға біздің ниетіміз бойынша іс-әрекет жасайтындай етіп бағдарлама салу мүмкін емес. Олар ерік бостандығы бар жаратылыстар және қабылдаған шешімдері үшін Ехобаға өздері жауап береді. Сөйтсе де, Нақыл сөздер 22:6-дағы: “Бозбалаға өмірлік жолы басталған кезде тәлім бер, сонда ол қартайса да сол жолдан таймайды”,— деген сөздер жалпы ереже ретінде әділ болып қалмақ.
25. Ата-ана болуға мүмкіндік бергені үшін Ехобаға алғыс білдірудің қандай ең керемет жолы бар?
25 Сонымен, балаларыңа деген сүйіспеншіліктеріңді аямаңдар. Баланы Киелі кітаптағы принциптер бойынша тәрбиелеу үшін қолдарыңнан келгеннің бәрін істеңдер. Құдайға ұнамды жүріс-тұрыстарыңмен оларға үлгі болыңдар. Осылайша сендер балаларыңның жауапкершілігі мол, Құдайдан қорқатын азамат болып өсуіне керемет мүмкіндік жасайсыңдар. Бұл — ата-ана болуға мүмкіндік бергені үшін, Ехобаға алғыс білдірудің ең керемет жолы.