Балалар — асыл мұрамыз
“Ұлдар — игілік Жаратқан Иеден келген, Балалар — Оның сыйы рақыммен берген” (ЗАБУР 126:3).
1. Дүниеге алғашқы нәресте қалай келді?
ЕХОБА ҚҰДАЙ алғашқы еркек пен әйелге ерекше қабілет беруінің арқасында мүмкін болған ғажайыпты қарастырайықшы. Өмірге нәресте әкелу үшін әкесі мен шешесі, яғни Адам мен Хауа, өз тарапынан үлес қосқан. Өмір Хауаның құрсағында пайда болып, сол жерде толығымен дамып, дүниеге жаңа адам алғашқы нәресте келген (Жаратылыс 4:1). Әлі күнге дейін баланың бойға бітуі мен дүниеге келуі ғажайып нәрсе деп қарастырылады.
2. Неге әйелдің құрсағындағы процесті ғажайып нәрсе деп атауға болады?
2 Әке мен ананың жақындасуының нәтижесінде ананың жатырында ұрықтанған алғашқы жасуша шамамен 270 күннің ішінде бірнеше триллион жасушаға айналып, нәресте пайда болады. Осы алғашқы жасушаның ішінде орналасқан бағдарламаның арқасында басқа да 200-ден аса жасуша түрі пайда болады. Адамзат толық түсіне алмай келе жатқан осы бағдарлама бойынша, бұл шексіз күрделі жасушалар айнымас бірізділікпен, әрқайсысы өз кезегімен дамуының арқасында тірі жан дүниеге келеді!
3. Неге көптеген ойланатын адамдар дүниеге тірі жан Құдайдың арқасында келетінімен келіседі?
3 Қалай ойлайсыңдар, нәресте шын мәнінде кімнің арқасында пайда болады? Әрине, өмірді жаратқан Тұлғаның арқасында. Забур жыршысы: “Мойындаңдар Оны Құдайымыз деп: Бізді жаратты Ол, меншікті үмбетіміз [“өз меншігіміз емеспіз”, ЖД]”,— деп жырлаған (Забур 99:3). Ата-аналар, осындай бағалы бөбек өздеріңнің ерекше қабілеттеріңнің арқасында пайда болмағанын жақсы білесіңдер. Құдайдың шексіз даналығының арқасында ғана жарық дүниеге ғажайып түрде жаңа адам келеді. Мыңдаған жылдар бойы ойланатын адамдар ана құрсағында пайда болған нәресте үшін Ұлы Жаратушыны мадақтап келеді. Ал сендер ше? (Забур 138:13—16).
4. Адамның қандай қасиеті Ехобаның бойында ешқашан болмайды?
4 Алайда Ехобаны жай ғана еркек пен әйелдің ұрпақ жалғастыруына мүмкіндік беретін биологиялық процеске бастау берген сезімнен жұрдай Жаратушы деуге бола ма? Мұндай қасиет кейбір адамдарға тән болғанымен, Ехоба мүлдем ондай емес (Забур 77:38—40). Забур 126:3-те: “Ұлдар [қыздар да] — игілік [“мұра”, ЖД] Жаратқан Иеден келген, Балалар — Оның сыйы рақыммен берген”,— деп айтылған. Мұра деген не және ол ненің дәлелі екенін қарастырайық.
Мұра мен сый
5. Неге балаларды мұра деуге болады?
5 Мұраны сыйға теңеуге болады. Ата-аналар балаларына мұра қалдыру үшін жиі ұзақ және ауыр еңбек етеді. Мұра ретінде ақша, мүлік немесе жер қалдыруы мүмкін. Қалай болғанда да, мұра қалдыру — ата-ана сүйіспеншілігінің дәлелі. Киелі кітапта Құдай ата-анаға мұра ретінде балаларды бергені айтылады. Олар Құдайдың сүйіспеншілікпен берген сыйы. Егер балаларың бар болса, әрекеттеріңнен кішкене бөбектеріңе Әлемнің Жаратушысы өзіңе сеніп тапсырған сый ретінде қарайтының көріне ме?
6. Адамдарға балалы болу қабілетін бергендегі Құдайдың мақсаты қандай?
6 Ехобаның бұл сыйды бергендегі мақсаты жер бетін Адам мен Хауаның ұрпағымен толтыру еді (Жаратылыс 1:27, 28; Ишая 45:18). Ехоба миллиондаған періштелер сияқты әрбір адамды жеке жаратпаған (Еврейлерге 1:7; Аян 4:11). Ол адамдарды дүниеге өздеріне ұқсаған бала әкелу қабілетімен жаратуды шешкен. Бала әкеліп, оны бағып-қағу — әке-шешеге берілген неткен керемет мәртебе! Ата-ана ретінде осы қымбат мұраға ие болу мүмкіндігін бергені үшін Ехобаға ризасыңдар ма?
Исадан үйреніңдер
7. Кейбір ата-аналардан айырмашылығы Иса ‘адамзаттың’ қамын ойлайтынын және оларға жаны ашитынын қалай көрсеткен?
7 Өкінішті-ақ, бірақ ата-аналардың бәрі балаларына сый ретінде қарай бермейді. Көп адамның өз балаларына деген аяушылық сезімі жетіспейді. Мұндай ата-аналар Ехоба мен оның Ұлының көзқарасына еліктемейді (Забур 26:10; Ишая 49:15). Ал Исаның балаларға қалай көңіл бөлгенін қарастырайықшы. Киелі кітапта ол тіпті жерге адам болып келмей тұрғанда, көкте қуатты рухани тұлға болған кезде-ақ, адамзат үшін қуанып, шат-шадыман болғаны айтылған (Нақыл сөздер 8:31). Оның адамзатты қатты сүйгендігі сонша, бізді мәңгі өмір сүрсін деп, өмірін өз еркімен азаттық төлем ретінде берген (Матай 20:28; Жохан 10:18).
8. Иса ата-аналарға қандай жақсы үлгі қалдырған?
8 Жерде болғанда Иса ата-аналарға әсіресе жақсы үлгі көрсеткен. Оның не істегенін қарастырайық. Тіпті қолы тимей жатса да, жаны қиналып тұрса да, ол балаларға уақыт бөлген. Ол базар алаңында ойнап жатқан балалардың сыртынан бақылаған және мұнысын тәлім бергенде қолданған (Матай 11:16, 17). Иерусалимге соңғы рет бара жатқанда, Иса азап шегетінін және өлетінін білген. Сондықтан адамдар оған балаларын әкелгенде, шәкірттері Исаға ауыртпалық түсіргілері келмеген болса керек, балаларды кейін қайтарып жіберуге тырысады. Бірақ Иса шәкірттеріне тыйым салады. Ол балаларға қуанып, ‘шат-шадыман болғанын’ көрсетіп: “Балалардың Маған келуіне жол беріңдер, оларға кедергі жасамаңдар!”— дейді (Марқа 10:13, 14).
9. Неге сөзімізден ісіміз маңыздырақ деуге болады?
9 Біз Исадан үлгі ала аламыз. Балалар қасымызға келгенде, тіпті қолымыз тимей жатса да, өзімізді қалай ұстаймыз? Иса сияқты ма? Балалардың, әсіресе ата-аналарынан, қажет ететін нәрсесі — Исаның оларға дайындықпен бергені, яғни оларға уақыт пен көңіл бөлуі. Иә, “мен сені жақсы көремін” деп айту маңызды. Дегенмен сөзімізге қарағанда ісіміз көбірек әсер етеді. Сүйіспеншіліктерің тек сөздеріңнен емес, балақайларыңа уақыт бөліп, көңіл аударғандарыңнан және олардың қамын ойлағандарыңнан көбірек көрінеді. Алайда мұның бәрін жасаған күнде де, нәтиже бірден көзге көрінетіндей немесе өзіміз ойлағандай жылдам бола қоймауы мүмкін. Мұндай кезде шыдамдылық қажет. Исаның шәкірттеріне қалай қарағаны жайлы ойлансақ, шыдамдылыққа үйрене аламыз.
Исаның шыдамдылығы мен аяулы сезімі
10. Иса шәкірттерін кішіпейілділікке қалай үйреткен және алғашқыда оның әрекеті қаншалықты нәтижелі болған?
10 Иса шәкірттерінің беделді орынға қатысты дауласып жүргендерін білетін. Бір күні Қапарнаумға келген соң, ол шәкірттерінен: “Жолшыбай не туралы пікірлестіңдер?”— деп сұрайды. “Шәкірттері үндеген жоқ, өйткені жолшыбай келе жатып: — Қайсымыздың жолымыз ең үлкен?— деп өзара пікірлескен болатын”. Бірден тыйып тастаудың орнына, Иса кішіпейілділікке үйрету үшін оларға шыдамдылық таныта отырып, мысалмен түсіндіреді (Марқа 9:33—37). Бұл бірден ол қалағандай нәтиже берді ме? Жоқ. Алты айға жуық уақыт өте, Жақып пен Жохан өздерін Патшалықтағы беделді орындарға қоюын өтініп, Исаға шешелерін жібереді. Иса тағы да шыдамдылықпен олардың ойын түзетеді (Матай 20:20—28).
11. а) Исаның шәкірттері ұстаздарымен бірге жоғарғы бөлмеге жиналғанда, қандай дәстүрді орындамады? ә) Иса не істеді және сол кезде оның әрекеті нәтижелі болды ма?
11 Көп ұзамай б. з. 33 жылының Құтқарылу мейрамы келіп, Иса оны атап өту үшін шәкірттерімен бас қосады. Олар жоғарғы бөлмеге жиналғанда, қызметші немесе күтуші әйел атқаруға тиіс саналған қарапайым істі, яғни басқалардың шаң басқан аяғын жууға қатысты дәстүрді, орындау үшін он екі елшінің бірі де орындарынан қозғалмайды (Патшалықтар 1-жазба 25:41; Тімотеге 1-хат 5:10). Шәкірттерінің әлі де беделді орынға талпынатындарын көргенде, бұл Исаға қатты тиген болу керек! Сондықтан Иса әрқайсының аяқтарын жуып шығады да, басқаларға қызмет етуге қатысты өзінен үлгі алулары керек екенін жақсылап үйретеді (Жохан 13:4—17). Олар Исаның үлгісінен сабақ алды ма? Киелі кітапта сол кеште-ақ ‘шәкірттерінің арасында қайсымыздың жолымыз үлкен деген бір айтыс та басталып кеткені’ туралы айтылады (Лұқа 22:24).
12. Қалай ата-аналар балаларын тәрбиелегенде Исаға еліктей алады?
12 Ата-аналар, балаларың сөздеріңе құлақ аса қоймаса, Исаның не сезінгенін түсінетін шығарсыңдар. Байқасаңдар, шәкірттері бірден түзеліп кетпесе де, Иса оларға тәлім беруді тоқтатпаған. Ақырында, оның шыдамдылығы өз жемісін берді (Жоханның 1-хаты 3:14, 18). Ата-аналар, балаларыңды тәрбиелеуді ешқашан доғармастан, Исаның сүйіспеншілігі мен шыдамдылығына еліктей беріңдер.
13. Неге ата-аналар бала сұрақ қойып қасына келгенде, зекіп тастаудан аулақ болғандары жөн?
13 Балалар ата-аналарының өздерін жақсы көретіндерін және жағдайларын ойлайтындарын сезінулері керек. Иса шәкірттерінің ойларын білгісі келген, сондықтан олар сұрақ қойғанда, тыңдаған. Ол олардың кейбір жайттарға қатысты ойларын сұраған (Матай 17:25—27). Иә, жақсы тәлім беруге мұқият тыңдау мен шынайы қызығушылық білдіру жатады. Ата-аналар сұрақ қойып, қасына келген балаға: “Бар ана жаққа! Қолым тимей жатқанын көрмей тұрсың ба?”,— деп зекіп тастаудан аулақ болғандары жөн. Қолдары шын мәнінде босамай жатса, балаға біраздан соң сөйлесетіндерін айтқан дұрыс. Одан соң ата-аналар сөздерінде тұрулары керек. Осылайша бала ата-анасының шын мәнінде жағдайын ойлайтынын сезініп, оларға көбірек сенім артатын болады.
14. Ата-аналар балаларына аяулы сезім көрсетуге қатысты Исадан не нәрсеге үйренулеріне болады?
14 Ата-аналардың аяулы сезімдерін баланы құшақтап, бауырына басу арқылы көрсеткені орынды ма? Иса бұл жағынан да үлгі қалдырған. Киелі кітапта оның ‘балаларды құшақтап, үстеріне қолын қойып бата бергені’ жазылған (Марқа 10:16). Қалай ойлайсыңдар, бұл балаларға қалай әсер еткен? Бұл олардың жүректерін елжіретіп, Исаның оларды баурап алғанында күмән жоқ! Ата-аналар, егер балаларыңмен араларыңда өзара сүйіспеншіліктерің болса, әрі бір-біріңе бауыр басқан болсаңдар, тәлім-тәрбиелеріңді қабылдаулары оңай болады.
Балаға қанша уақыт бөлу керек?
15, 16. Бала өсірудің қандай жаңа тәсілі кеңінен етек алып келе жатыр және ол неге шақырады?
15 Кейбіреулер ата-ана балаға шын мәнінде көп уақыт пен көңіл бөлулері керек екеніне күмәнданады. Қазір кейбіреулер бала өсірудің “сапалы уақыт” деп аталатын жаңа тәсілін үгіттеуде. Бұл тәсілді жақтаушылардың айтуынша, балаға көп уақыт бөлгеннен гөрі аз болса да, алдын ала жоспарлап, сапалы өткізген уақыт маңыздырақ. Мұндай тәсілді тиімді деуге бола ма? Ол балаға пайдалы ма?
16 Көп баламен әңгімелескен бір жазушы олардың бәрінің “ата-аналарының өздеріне көбірек уақыт бөлгендерін қалайтындарын” және “оларды басқа біреумен немесе бір нәрсемен бөліскілері” келмейтіндерін білдіргенін айтқан. Бір медицина ғылымының профессорының сөздері көңіл бұруға тұрарлық: “Бұл [сапалы уақыт деген] термин — ата-аналардың өздерін кінәлі сезінуінен шыққан. Олар балаларымен аз уақыт өткізетіндіктерін ақтау үшін осы сылтауға жүгінеді”. Олай болса, балаға қанша уақыт бөлген дұрыс?
17. Балалар ата-аналарынан нені қажет етеді?
17 Киелі кітапта бұл жағы айтылмайды. Алайда исраилдік ата-аналарға балаларымен үйде де, жол жүргенде де, жатса да, тұрса да әңгімелесіп жүрулері керек екендігі айтылған (Заңды қайталау 6:7). Бұл ата-аналар балалармен күнделікті пікір алысып, тәлім беріп отырулары керек екенін анық білдіреді.
18. Иса шәкірттерін үйретудің мүмкіндігін қалай пайдаланған және бұдан ата-аналар қандай сабақ ала алады?
18 Иса шәкірттерімен бірге тамақтанып отырғанда да, жол жүргенде де, тіпті тыныққанда да оларға тәлім беріп отырған. Осылайша ол тәлім беру үшін әр мүмкіндікті пайдаланған (Марқа 6:31, 32; Лұқа 8:1; 22:14). Сол сияқты мәсіхші ата-аналар балаларын жағымды әңгімеге тартып, оны өрбітудің әрі оларды Ехобаның жолдарына үйретудің мүмкіндігін жібермеу үшін мұқият болғандары дұрыс.
Не туралы және қалай тәлім берген дұрыс?
19. а) Неге балаларға жай ғана уақыт бөлу жеткіліксіз? ә) Ата-аналар балаларды ең бірінші неге үйретулері керек?
19 Бала тәрбиесінде табысқа қол жеткізу үшін жай ғана уақыт бөлу, тіпті тәлім берудің өзі жеткіліксіз. Сонымен қатар не үйретіп жатқанымыз да маңызды. Киелі кітапта бұл туралы не айтылғанына көңіл бөліңдерші: ‘Бүгін Мен саған өсиет етіп отырған осы сөздерді балаларыңның құлағына құй’. Мұнда ‘осы сөздер’ деп не айтылып тұр? Бұл алдыңғы тармақтағы: “Тәңірді, Құдайыңды, шын жүрегіңмен, жан-тәніңмен және бар күшіңмен сүй”,— деген сөздер болса керек (Заңды қайталау 6:5—7). Иса бұл Құдайдың өсиеттерінің ішіндегі ең маңыздысы екенін айтқан (Марқа 12:28—30). Ата-аналар балаларға ең бірінші Ехоба жайында үйретіп, неге ол ғана жан-тәнімізбен сүйіп, адал болуға лайық екенін түсіндірулері керек.
20. Көп жыл бұрын Құдай ата-аналарға балаларына қандай тәрбие беруді үйреткен?
20 Алайда ата-аналар балаларына үйретуге тиіс ‘осы сөздерге’ жай Құдайды шын жүректен сүю керек екенін үйрету ғана жатпайды. Байқасаңдар, алдыңғы тарауда Мұса Құдайдың тас тақтайшаға жазып берген Он өсиетін қайталап шыққан болатын. Онда өтірік айтпа, ұрлама, кісі өлтірме, неке адалдығын бұзба деген өсиеттер болған (Заңды қайталау 5:11—22). Демек, сол уақыттағы ата-аналар балаларына адамгершілік қасиеттерді саналарына құюлары керек болған. Болашағының қауіпсіз әрі бақытты болғанын қаласа, бүгінде мәсіхші ата-аналар да балаларына осындай тәрбие берулері керек.
21. Балалардың “құлағына құю” деген бұйрық нені білдіреді?
21 Ата-аналар ‘осы сөздерді’, немесе өсиеттерді, балаларына қалай үйретулері керек болғанына көңіл аударыңдаршы: “Оларды балаларыңның құлағына құй”. “Құлағына құй” деген сөз “жиі-жиі қайталау немесе үнемі айтып отыру, жақсылап түсіндіріп, көз жеткізу” дегенді білдіреді. Бұл сөзді жігерлендіру, нығайту деп те түсіндіруге болады. Осылайша Құдай ата-аналарға балаларының санасына рухани нәрселерді құю үшін алдын ала жоспарлай отырып, Киелі кітаптан тәлім беруді айтады.
22. Исраилдік ата-аналарға бала тәрбиелеуге қатысты не айтылды және бұл сөздер нені білдіреді?
22 Осылайша ата-аналар жоспар құру үшін күш салулары керек. Киелі кітапта: “Оны белгі ретінде қолыңа байлап ал және оларды көз алдыңа таңып ал, есігіңнің жақтаулары мен қақпаларыңа жазып қой”,— делінген (Заңды қайталау 6:8, 9). Бұл ата-ана тікелей мағынада Таурат заңының көшірмесін есіктің жақтаулары мен қақпаларына жазып қойып, балаларының қолдарына байлап, көз алдарына таңып қоюлары керек дегенді білдірмейді. Мұның мәні: ата-аналар Құдайдың ілімдерін үнемі балаларының естеріне салып отырулары керек. Құдайдың ілімдері тура мағынада балалардың көз алдарында тұрғандай, оларды жүйелі түрде әрі үздіксіз үйретіп отыру керек.
23. Келесі аптада не талқыланады?
23 Ата-аналар балаларына қандай ерекше маңызды нәрселерді үйретулері керек? Неге бүгінде балаларға қорғануды үйретіп отыру маңызды? Балаларға дұрыс тәлім беруге көмектесетін қандай құрал бар? Көп ата-аналарды қызықтыратын осы және басқа да сұрақтар келесі мақалада талқыланады.
Қалай жауап берер едіңдер?
• Неге ата-аналар балаларын бағалаулары керек?
• Ата-аналар мен басқалар Исадан не нәрсеге үйрене алады?
• Ата-аналар балаларына қанша уақыт бөлулері керек?
• Балаларды неге және қалай үйреткен дұрыс?
[20-беттегі сурет]
Ата-аналар Исаның тәлім беру тәсілінен не үйренеді?
[21-беттегі суреттер]
Исраилдік ата-аналар балаларына қашан және қалай тәлім берген?
[22-беттегі суреттер]
Ата-аналар Құдайдың тәлімдерін балаларының көз алдарында ұстағандары жөн