Ехобаның сөзі тірі.
Рут кітабындағы көңіл бұрарлық ойлар
БҰЛ кітапта екі әйелдің бір-біріне деген адалдығы туралы жан тебірентерлік оқиға жазылған. Онда Ехоба Құдайды құрметтеу мен оның орнатқан тәртібіне сенім арту туралы әңгімеленеді. Бұл кітап Мәсіхтің шыққан тегіне Ехобаның ерекше көңіл бөлгеніне назар аударады. Онда отбасының қуанышы мен қайғысы және басқа да көңіл толқытарлық жайттар жазылған. Әңгіме Рут кітабы жөнінде болып отыр.
Рут кітабында ‘Исраилді билер басқарып тұрған заманның’ он бір жылға жуық уақыт аралығы суреттеледі (Рут 1:1). Ондағы оқиғалар билер басқарып тұрған уақыттың алғашқы жылдары орын алған болу керек, себебі өмірде болған оқиғаның бас кейіпкерлерінің бірі, жер иеленуші Боғоз Ешуаның күндеріндегі Рахабтың немересі болатын (Ешуа 2:1, 2; Рут 2:1; Матай 1:5). Бұл оқиғаны б. з. б. 1090 жылы Самуил пайғамбар жазған болуы мүмкін. Бұл — Киелі кітаптағы исраилдік емес әйелдің атымен аталатын жалғыз кітап. Бұл кітаптың сөздері “тірі, әсері де күшті” (Еврейлерге 4:12).
“СІЗ ҚАЙДА БАРСАҢЫЗ, МЕН ДЕ СОНДА БАРАМЫН”
Нағима мен Рут Бетлехемге келгенде, қала халқының бар назары екеуіне ауады. Нағимаға қарап, қала әйелдері: “Ойбай-ау, мынау Нағима ғой?!”— десті. Нағима бұған: “Мені Нағима емес, Мара деп атаңдар... Себебі Құдіретті Құдай маған қайғылы өмір бұйырды. Бұл жерден үй ішіміз түгел аттанған едік, ал енді Тәңір Ие менің қу басымды қайтарып отыр”,— деді (Рут 1:19—21).
Исраилді аштық жайлап, отбасымен Бетлехемнен Моаб жеріне кеткенде, Нағима күйеуі және екі баласымен бірге, “үй іші түгел аттанған” еді. Алайда біраз уақыт Моаб жерінде тұрған соң, оның күйеуі Елімәлік қайтыс болады. Кейін екі ұлы Орпа және Рут есімді моабтық әйелдерге үйленеді. Он жылдай уақыт өте, екі ұлы бала көрмей қайтыс болады да, үш әйел де жесір қалады. Нағима Яһудаға қайтуға жиналғанда, келіндері оған ере шығады. Жол бойы Нағима келіндерін Моаб еліне қайтып, өз халықтарының арасынан күйеу тауып алуға көндіруге тырысады. Орпа оған құлақ асып, қайтып кетеді. Ал Рут болса: “Сіз қайда барсаңыз, мен де сонда барамын. Қайда тұрсаңыз, мен де сонда тұрамын. Сіздің халқыңыз менің халқым, сіздің Құдайыңыз менің Құдайым болады!”— деп Нағимадан айырылмай қояды (Рут 1:16).
Екі жесір Нағима мен Рут Бетлехемге келгенде, арпаны жаңа жинай бастаған кез болатын. Рут Елімәліктің туысының, жасы келген яһудилік Боғоздың, танабында Құдай заңына сүйеніп, масақ теруді бастайды. Рутқа Боғоздың ықыласы түседі де, ол “арпа мен бидайдың ору мерзімі біткенше”, сонда масақ тере береді (Рут 2:23).
Киелі кітапқа негізделген сұрақтардың жауаптары:
1:8 — Неге Нағима келіндеріне ‘әке-шешелерінің [“шешелерінің”, ЖД] үйіне қайтуға’ кеңес берген? Ол кезде Орпаның әкесі тірі болған-болмағаны Киелі кітапта айтылмайды. Бірақ Руттың әкесі тірі болған (Рут 2:11). Дегенмен Нағима әке-шешелерінің үйі туралы айтқанда, мұны естіген келіндерінің ойына аналарының жұбаныш сыйлайтын аяулы сезімін түсіргісі келген болу керек. Бұл жақсы көретін енелерінен айырылып, қайғыға батқан әйелдерге жұбаныш берер еді. Сондай-ақ Рут пен Орпаның шешелері Нағима сияқты емес, жайлы үйлерде тұрғандықтан, Нағима осыған да нұсқаған болу керек.
1:13, 21 — Нағимаға қайғы-қасіретті Ехоба жіберді ме? Жоқ, Нағиманың өзі де Құдайды қандай да бір жамандық істеді деп айыптамаған. Алайда басына осындай жағдай түскен ол Ехобаның ықыласынан айырылған екенмін деп ойлап, қатты қайғыға батып, ұнжырғасы түскен. Оның үстіне, ол кезде құрсақ көтеруді Құдайдың батасы, ал бедеулікті оның қарғысы деп түсінген. Нағима екі ұлы немере сүйгізбей қайтыс болғанда, Ехоба басына қайғы-қасірет түсірді деп ойлаған болуы мүмкін.
2:12 — Рут Ехобаның қандай ‘мол жарылқауына’ ие болған? Рут ұлды болды, әрі Иса Мәсіхке әкелетін тарихтағы ең маңызды шежіреге кіру мәртебесіне ие болған (Рут 4:13—17; Матай 1:5, 16).
Біз үшін сабақ:
1:8; 2:20. Көп қасірет шеккеніне қарамастан, Нағима Ехобаның сүйіспеншілікке толы мейірімділігіне сенім артуын доғармаған. Біз де сынақтарға кезіккенде солай еткеніміз жөн.
1:9. Баспана — отбасы мүшелерінің жай ғана тамақтануға және қонуға келетін жері емес, тынығып, жігерленетін жылы ұялары болуға тиіс.
1:14—16. Орпа “ел-жұртына және сиынатын тәңірлеріне қайта оралды”. Рут олай еткен жоқ. Ол туған жеріндегі жайлы өмір мен қауіпсіздіктен бас тартып, Ехобаға адал болып қалды. Құдайға деген айнымас сүйіспеншілік дамытып, жанқиярлық рухын танытқанымыз өз қалауымызға бой алдырып, өлімге ұшыраудан сақтайды (Еврейлерге 10:39, сілтемені қараңдар).
2:2. Рут жат жерліктер мен мұқтаж адамдар үшін масақ теруге қатысты қарастырылған шараны пайдалануға тырысқан. Ол кішіпейіл болған. Көмекке мұқтаж мәсіхшілер тым көкірек болмай, бауырластардың сүйіспеншілікпен көрсетіп отырған немесе өкімет беріп отырған жәрдемнен бас тартпағандары дұрыс.
2:7. Масақ теруге құқы бар болса да, Рут алдымен рұқсат сұрап алған (Леуіліктер 19:9, 10). Бұдан оның момын болғаны көрінеді. Біздің ‘момындықты іздегеніміз’ даналыққа жатады, себебі “момындар жерді мұра етіп, бейбітшіліктің көптігімен рақаттанады” (Софония 2:3, ЖД; Забур 36:11).
2:11. Рут Нағиманың келіні ғана болмаған. Ол оның нағыз досы болған (Нақыл сөздер 17:17). Олардың достықтары берік болған, себебі ол сүйіспеншілік, берілгендік, жанашырлық, қайырымдылық және жанқиярлық сияқты қасиеттерге негізделген еді. Сондай-ақ достықтарының берік болуының басты себебі — олардың рухани күйлері мықты болған: олардың екеуі де Ехобаға қызмет етіп, оның халқымен бірге болғылары келген. Біздің де бауырластармен шынайы достық дамытатын керемет мүмкіндіктеріміз бар.
2:15—17. Тіпті Боғоз жұмысын жеңілдетіп бергеннің өзінде, “Рут... кешке дейін масақ терді”. Рут еңбекқор болған. Мәсіхшінің еңбекқор адам ретінде танымал болғаны абзал.
2:19—22. Нағима мен Рут кешкі мезгілдері әңгімелесіп отырғанды ұнатқан, Нағима Руттың хал-жағдайын сұрап, екеуі де ойлары мен сезімдерін ашық айтатын болған. Мәсіхшілер отбасындағы қарым-қатынас та осындай болу керек емес пе?
2:22, 23. Жақыптың қызы Дина сияқты болмай, Рут араласатын адамдарды Ехобаның халқының арасынан іздеген. Біз үшін қандай тамаша үлгі! (Жаратылыс 34:1, 2; Қорынттықтарға 1-хат 15:33).
НАҒИМАНЫҢ ҮЙ ІШІНІҢ ТҮГЕЛДЕНУІ
Нағиманың өзі балалы болатын жастан кеткендіктен, Рутқа қайындарының не қайын ағаларының біріне тұрмысқа шығып, әмеңгерлік некеге тұруды үйретеді. Оның басшылығы бойынша Рут Боғоздың әмеңгер болуын өтінеді. Боғоз бұған қарсы емес. Алайда Боғоздан да жақын қандас туысқан бар.
Боғоз көп күттірмейді. Ертеңіне-ақ ол Бетлехемнің он ақсақалын жинап алып, олардың көзінше Нағиманың жақын туысқанынан әмеңгер болғысы келетін-келмейтінін сұрайды. Ол бас тартады. Сондықтан Боғоз әмеңгер ретінде Рутқа үйленеді. Олардан Ғабит есімді ұл туып, ол кейін Дәуіт патшаның атасы болады. Бетлехемнің әйелдері енді Нағимаға: “Жаратқан Иеге шүкірлік!.. Ол өміріңді қуанышқа кенелтіп, қартайған шағыңда сүйенішің болады. Себебі оны туған — өзіңді жақсы көріп, соншама адал болып келген келінің. Осы келінің саған жеті ұлдан да артық!”— дейді (Рут 4:14, 15). Бетлехемге ‘қу бас’ оралған әйелдің үй іші қайтадан түгелденді (Рут 1:21).
Киелі кітапқа негізделген сұрақтардың жауаптары:
3:11 — Ненің арқасында Рут “тамаша әйел” (ЖД) ретінде танымал болған? Рут басқалардың көзіне ‘шашты ерекшелеп жинау, алтын әшекей бұйымдар тағып, көз тартарлық әдемі киімдер кию’ арқылы түспеген. Керісінше, ол ‘көзге көрінбес ізгі қасиеттері’ — адалдығы мен сүйіспеншілігі, кішіпейілділігі мен момындығы және ынта-жігері мен жанқиярлық рухы — арқылы мақтауға іліккен. Рут сияқты болғысы келген Құдайды қастерлейтін әйелдің осы қасиеттерді дамытуға барынша тырысқаны дұрыс (Петірдің 1-хаты 3:3, 4; Нақыл сөздер 31:28—31).
3:14 — Неге Рут пен Боғоз әлі жарық түспеген кезде тұрды? Түнде азғындық жасап, сонысын жасырғылары келгендіктен емес. Руттың сол түнгі әрекеті сол кездегі әмеңгерлік некенің құқын пайдаланғысы келген әйелге тән нәрсе саналған болса керек. Ол Нағиманың нұсқауы бойынша әрекет еткен. Оның үстіне, Боғоздың жауабынан Руттың әрекетінде тұрған еш оғаттық жоқ екені анық көрінеді (Рут 3:2—13). Рут пен Боғоздың ерте тұрған себебі өсек тарап кеткенін қаламаған болулары керек.
3:15 — Боғоздың Рутқа алты шағын себеттей арпа құйып беруі нені білдірген? Бұл алты жұмыс күнінен соң демалыс күні келетіні сияқты Руттың да демалатын күні жақын қалғанын білдіруі мүмкін. Боғоз Руттың ‘жақсы күйеу мен жайлы баспанаға’ ие болуына жағдай жасайтынына көзін жеткізгісі келген болу керек (Рут 1:9; 3:1). Немесе алты шағын себет алған себебі — Рут одан артық басына қойып әкете алмаған болуы мүмкін.
3:16 — Неге Киелі кітаптың түпнұсқасында Нағима Руттан (ЖД): “Сен кімсің, қызым?”,— деп сұраған? Ол өз келінін танымай қалғаны ма? Бұлай болуы әбден мүмкін, себебі Рут үйіне жеткенде, дала әлі қараңғы болуы мүмкін еді. Алайда Нағима бұлай сұрағанда әмеңгерлікке қатысты Руттың жағдайын білгісі келген болуы да мүмкін.
4:6 — Қалайша әмеңгер болатын туысқан қамқоршының мұралық үлесіне “нұқсан” келуі мүмкін еді? Егер кедейлікке ұшыраған біреу жерін сатып жіберсе, ең алдымен, туысқан қамқоршы мерекелі жылға дейінгі уақытты есептеген соң, соған сәйкес құн төлеп, жерді қайтып сатып алуы керек болған (Леуіліктер 25:25—27). Бұлай ете отырып, оның өзі шығынданған болар еді. Оның үстіне, туысқан қамқоршының басқа балалары емес, тек Руттан туылған бала қайтып сатып алған жердің иесі болу керек еді.
Біз үшін сабақ:
3:12; 4:1—6. Боғоз Ехоба орнатқан тәртіпті егжей-тегжейіне дейін орындаған. Ал біз ше, теократиялық тәртіпке адал ниетпен бағынамыз ба? (Қорынттықтарға 1-хат 14:40).
3:18. Нағима Боғозға сенім артқан. Біз де бауырластарға осылай сенім артуымыз керек емес пе? Рут Киелі кітапта тіпті аты да аталмаған өзі танымайтын адамға әмеңгерлік бойынша тұрмысқа шығуға дайын болған (Рут 4:1). Неге? Себебі ол Құдайдың тәртібіне сенім артқан. Біз де осылай сенім артамыз ба? Мысалы, өзімізге жар іздегенде “екеуі де Иемізбен тығыз байланыста тұрсын” деген кеңеске құлақ асамыз ба? (Қорынттықтарға 1-хат 7:39).
4:13—16. Моабтық бола тұра және бұрын Хамос деген құдайға табынса да, Рут қандай керемет мәртебеге ие болды! Бұл: “Құдайдың таңдап алуы адамның қалауы мен әрекетіне емес, Құдайдың рақымына байланысты”,— деген принципті жақсы көрсетеді (Римдіктерге 9:16).
Құдай “өзі белгілеген уақыты жеткенде сендерді жоғарылатпақ”
Рут кітабында Ехоба берілген қызметшілерінің мүддесі үшін әрекет ететін сүйіспеншілікке толы мейірімділігі мол Құдай ретінде суреттеледі (Шежірелер 2-жазба 16:9). Руттың қандай батаға ие болғанын ойлайтын болсақ, Құдайдың ‘бар екеніне және Өзін іздеп, жақыннан танығысы келгендерді жарылқайтынына’ шексіз сене отырып, оған толығымен сенім артудың қаншалықты маңызды екенін көреміз (Еврейлерге 11:6).
Рут, Нағима және Боғоз Ехобаның орнатқан тәртібіне толығымен сенім артқан және мұның жақсы нәтижелерін көрген. “Құдай өзін сүйетіндердің игілігі үшін әрекет етеді, себебі Ол бізді өз мақсатына сай таңдап алды” (Римдіктерге 8:28). Олай болса, елші Петірдің кеңесін шын жүректен қабыл алайық: “Сонымен, Құдайдың құдіретті қолының астына бой ұсыныңдар; Өзі белгілеген уақыты жеткенде сендерді жоғарылатпақ. Барлық уайымдарыңды Құдайға сеніп тапсырыңдар, себебі Ол қамдарыңды ойлайды!” (Петірдің 1-хаты 5:6, 7).
[29-беттегі сурет]
Руттың неге Нағимадан айырылмай қойғанын білесің бе?
[30-беттегі сурет]
Ненің арқасында Рут “тамаша әйел” ретінде танымал болған?
[32-беттегі сурет]
Рут Ехобаның қандай ‘мол жарылқауына’ ие болған?