Құдайдың көңілінен шыққан адам
КИЕЛІ КІТАП кейіпкерлерінің бірі Дәуіт пайғамбар жайлы ойлағанда, есіңізге не түседі? Оның філістірлік алып Ғолиятты сұлатып түсіргені ме, жоқ әлде өзімен өштескен Саул патшадан қашып, шөл далада бас сауғалап жүргені ме? Бәлкім, Барсабиямен бірге күнә жасап, мұның зардабын көрген кезі, я болмаса оның Құдай рухының жетелеуімен жазған Забур жырлары ойыңызға оралатын шығар?
Дәуіт Құдай алдында мәртебелі қызмет атқарып, табыстың талай асуларына жетіп, қайғының да ащы дәмін татқан адам болатын. Оны бізге әсіресе не нәрсе тартымды ететінін Самуил пайғамбардың сөздерінен көреміз. Оның пайғамбарлығына сай, Дәуіт “Жаратқан Иенің көңілінен шыққан” адам болуы керек-тін (Патшалықтар 1-жазба 13:14).
Самуилдің бұл пайғамбарлығы Дәуіттің жасөспірім шағында орындалды. Сіз жайлы да Ехоба Құдайдың көңілінен шыққан адам деп айтқанын қалар ма едіңіз? Қазір Дәуіттің өмірінен, әсіресе жасөспірім шағынан, нендей нәрселерді үлгі тұта алатынымызға назар аударайық.
Отбасы және кәсібі
Дәуіттің әкесі Есей Боғоз бен Руттың немересі болған. Есей Құдайға адалдықпен қызмет еткен көрінеді. Дәуіт, оның жеті ағасы мен екі әпкесі әлі кішкентай болғанда, әкесі оларды Мұса заңы бойынша тәрбиелеген. Забур жырларының бірінде Дәуіт өзі жайлы Ехобаның “күңінен туған” ұлмын деген болатын (Забур 86:16 ЖД). Кейбір сарапшылар осыған сүйеніп, Киелі кітапта есімі аталмаған Дәуіттің анасы да оны Құдай жолында тәрбиелеген деген тұжырым жасады. Мысалы, бір зерттеуші ғалымның айтуынша, Дәуіт ата-әжесі Боғоз бен Руттың оқиғасын және Құдайдың өз халқына жасаған керемет істері жайлы алғаш рет анасының аузынан естіген болу керек.
Дәуіт жайлы алғашқы сипаттамадан әкесінің оған өз қойларын бағуды тапсырғанын білеміз. Осы кәсіппен айналысып жүрген балаң жігіт ішектей шұбатылған күндері мен түндерін ашық аспан астында жападан жалғыз өткізетін. Өзімізді бір сәтке сол жерде жүргендей елестетіп көрейікші.
Дәуіт отбасымен бірге Бетлехемде тұратын. Бұл кішігірім қала Яһуданың ойлы-қырлы жоталарында орналасқан. Бетлехемнің айналасындағы тасты алқаптарда кілемдей төселген алтын бидай көз шағылыстырады. Ал таудың баурайлары мен аңғарларында бой көтерген жеміс бақтары, зәйтүн ағаштары мен жүзімдіктерден көз сүрінеді. Қараусыз жатқан жайылым жерлер Дәуіттің күндерінде мал жаю үшін қолданылатын. Бұдан әріректе керіліп жатқан — Яһуданың шөл даласы.
Қой бағу оңай кәсіп емес еді. Дәуіттің қойды арыстан мен аюдың азуынан арашалап қалғаны жайлы оқиғалар дәл осы қыратты аймақта орын алған болатынa. Осы бір өжет жігіт жыртқыш аңдардың артынан жүріп отырып, оларды өлтіріп тастады да, қойларын аман алып қалды (Патшалықтар 1-жазба 17:34—36). Сақпанмен тас атуды ол өмірінің осы кезеңінде үйреніп алған көрінеді. Буниямин руының меншікті жерлері Дәуіт тұратын қаламен көршілес жататын. Осы рудың мергендері тас атқанда “мүлт жібермей бір тал қылға тигізетін”. Дәуіт те дәл осындай мерген еді (Билер 20:14—16; Патшалықтар 1-жазба 17:49).
Зая кетпеген уақыт
Қойшылардың күндері көбіне оңаша, тыныш жерде өтетін. Алайда Дәуіт бұдан еш мезі болмады. Қайта, мұндай тыныштық оның жайбарақат отырып, ойға шомуына керемет мүмкіндік беретін. Забур жырларына енген кейбір ойлар Дәуіттің осы жас кезіндегі ойтолғаулары болса керек. Сол уақыттары ол оңашада отырып, адам баласының ұшы-қиыры жоқ ғаламда алатын орны жайлы, сондай-ақ аспан күмбезіндегі Ехобаның қолынан шыққан кереметтер — күн, ай, жұлдыздар — туралы толғанған болар. Бетлехемнің маңындағы танапта жүріп, “бүкіл ірілі-ұсақты малдар, даладағы жабайы аңдар, самсаған құстар” жайлы да, сірә, сол кезде ойланса керек (Забур 8:4—10; 18:1—7).
Дәуіттің қойшы ретіндегі тәжірибесі Ехобаның адал қызметшілеріне көрсететін мейірімділігін барынша сезінуіне көмектескені сөзсіз. Сондықтан да ол былай деп жырлаған: “Жаратқан Ием — менің Бағушым, Мен еш нәрседен де тарықпаймын. Ол мені жасыл жайлауға жаяды, Тұнық суға жетелеп апарады. Қап-қараңғы шатқалда жүрсем де мен, Қорықпаймын ешбір қауіп-қатерден, Себебі Өзің менің қасымдасың, Жігер береді сойылың мен таяғың” (Забур 22:1, 2, 4).
Бәлкім, сіз: “Бұлардың маған қандай қатысы бар?”— деп ойлайтын шығарсыз. Дәуіттің Ехоба Құдайдың ғажап істері мен онымен қарым-қатынасы жайлы әбден ойланып-толғанғаны оған жақындай түсіп, “көңілінен шыққан адам” деп аталуына көп септігін тигізген. Ал сіз жайлы не деуге болады?
Жаратылыстарына тамсана қарап, Жаратушымызға мадақ әкелуге талпынған кезіңіз болған ба? Ехоба Құдайдың адамдарға қалай қарайтыны жайлы және бұдан оның қандай қасиеттері көрінетіні туралы ойланғанда, жүрегіңіз оған деген сүйіспеншілікке бөленген бе? Әрине, Ехобаға ризашылығымыз ояну үшін, дұға ете отырып, оның Сөзі мен жаратқан нәрселері туралы асықпай ой жүгіртуге уақыт бөлу керек. Осының арқасында Ехобаны жақыннан тани түсеміз және оған деген сүйіспеншілігіміз артады. Жас не қарт болайық, мұндай мәртебеге бәрінің де қолы жете алады. Дәуіттің балғын кезінен бері Ехобаға етене жақын болғаны шүбәсіз. Мұны қайдан білеміз?
Дәуіттің патша болып тағайындалуы
Саул патша Құдай халқын басқаруға лайықсыз болып қалғанда, Ехоба Самуил пайғамбарға былай деді: “Саул үшін қашанғы қайғыра бермексің? Мен оның Исраил патшасы болуынан бас тарттым. Бір құтыны хош иісті майға толтырып алып, бетлехемдік Есейге бар. Оның ұлдарының ішінен біреуін патша етуге таңдап алдым” (Патшалықтар 1-жазба 16:1).
Самуил пайғамбар Бетлехемге келгенде, Есей өзінің ұлдарын шақыртып алды. Пайғамбар олардың ішінен қайсысын патша етіп тағайындайды екен? Сыртқы келбеті келісті Елиабты көргенде, Самуил: “Құдайдың таңдағаны осы болар”,— деп ойлады. Алайда Ехоба Самуилге былай деді: “Сен оның бет-жүзіне, бойшаңдығына қарамай-ақ қой. Оны мақұл көрмеймін. Мен пенденің көзімен қарамаймын ғой. Пенде адамның тек бет-әлпетіне қараса, Жаратқан Ие жан дүниесіне қарайды”. Ехоба Әбінадаб пен Шамманы және қалған төрт ағайынын да жөн көрмеді. Ақырында Самуил Есейден: “Барлық ұлдарың осылар ма?”— деп сұрады. Сонда Есей: “Тағы бір кенже ұлым бар. Ол қой бағып жүр”,— деп жауап берді (Патшалықтар 1-жазба 16:7, 11).
Осы сөздерімен Есей: “Пайғамбардың іздеп жүргені ол емес”,— дегісі келген көрінеді. Дәуіт отбасының онша еленбейтін кенже баласы болғандықтан, оған қой бағу ісі тапсырылған. Алайда Құдайдың таңдағаны сол болатын. Ехоба адамның жүрек қатпарларында не жатқанын біледі. Оған осы жас баланың жан-дүниесі аса тартымды болған еді. Содан Есей Дәуітті шақыртуға кеткенде, Ехоба Самуилге: “Тұр, бұл сол, оған май жағу рәсімін жаса”,— деп бұйырды. “Самуил алып келген құтысын қолға алып, Дәуітке ағаларының көзінше май жағу рәсімін орындады. Сол күннен бастап Жаратқан Иенің Рухы Дәуітке қонды” (Патшалықтар 1-жазба 16:12, 13).
Бұл кезде Дәуіттің нақты қаншада болғаны белгісіз. Алайда Киелі кітапта оның Елиаб, Әбінадаб пен Шамма есімді ең үлкен үш ағасының сол уақыттары Саулдың әскерінде қызмет еткені жазылған. Ал қалған бесеуі әлі 20-ға толмаған көрінеді, өйткені Исраил әскеріне тек осы жастан бастап алынатын (Руларды санау 1:3; Патшалықтар 1-жазба 17:13). Қалай болған күнде де, Ехоба Дәуітті таңдағанда, ол әлі уылжыған жас еді. Соған қарамастан ол Құдайға етене жақын болған. Құдай жайлы білгендерін ой елегінен өткізудің арқасында Дәуіт онымен қарым-қатынасын нығайта түскен көрінеді.
Бүгінгі жастардың Дәуітке еліктегені абзал. Ата-аналар, балаларыңды Құдай туралы Киелі жазбалардан оқып-білуге және оның жаратылыстарын бағалауға талпындырып жүрсіздер ме? (Заңды қайталау 6:4—9). Ал сендер, жастар, өз беттеріңше осылай етуге тырысасыңдар ма? Бұл орайда “Күзет мұнарасы” мен “Ояныңдар!”b сынды Киелі кітапқа негізделген әдебиеттер зор көмек болады.
Он саусағынан өнері тамған сазгер
Дәуіттің көптеген Забур жырлары оның қой бағып жүрген күндерінен хабардар ететіні сияқты, оның әуен-саздары да ол туралы біраз жайттарды аян етеді. Осы қасиетті жырлардың әуендері осы күнге дейін сақталмағанмен, оның он қолынан өнері тамған сазгер болғанына күмән келтірмесек болады. Дәуіттің Саул патшаның сарайына арфада ойнап беру үшін арнайы шақырылғаны — мұның бірден-бір дәлелі (Патшалықтар 1-жазба 16:18—23)c.
Дәуіт бұл өнерін қай жерде және қай уақытта шыңдаған? Бәлкім, жайлауда қой бағып жүрген кезде болар. Осы өрімдей жас кезінде Дәуіттің Құдайға арнап шын жүректен мадақ жырларын айтқаны шүбәсіз. Адалдықпен қызмет еткені үшін Ехобаның өзі оны таңдап алып, патша етіп тағайындады емес пе?
Дәуіттің кейінгі жылдары атқарған адал қызметі бір бөлек әңгіме. Оның жасөспірім шағындағы ойтолғаулары өмір бойы танытқан құлшынысына әсер еткен болу керек. Дәуіттің Ехобаға былай деп жырлап жатқанын елестетіп көріңізші: “Ежелгі кереметтеріңнің барлығын Еске алып, ойланып-толғанамын, Қолыңның істерін ақылға саламын” (Забур 142:5). Жүрекке жылы тиетін осы және өзге де Забур жырлары Ехобаның көңілінен шыққысы келетіндердің барлығына қозғау салары сөзсіз.
[Сілтемелер]
a Бұрында Палестинада кездескен сириялық қоңыр аюдың салмағы шамамен 140 келі болатын. Ол өзінің алпамса қолдарымен бір-ақ рет сермеп, кез келгенді тұрған жерінде мерт қылатын. Бір кездері арыстандар сол аумақта көп мекендеген. Мысалы, Ишая 31:4-те “көптеген бақташылар айқайлап үркітсе де”, малдарын “арыстанның күшігінен” тартып ала алмағаны жазылған.
b Ехоба куәгерлері басып шығарған.
c Дәуітті ұсынған патша уәзірі де ол жайлы: “Ойлап сөйлейтін, сырт көрінісі келісті жігіт. Жаратқан Ие де оған жар болып келеді”,— деп айтқан (Патшалықтар 1-жазба 16:18). Бұл патша сарайына алынатын адамға тән құнды қасиеттер еді.