Сенім танытып, дана шешім қабылдаңыз
“Қайсыбіреуіңе даналық жетпей жатса... еш күмәнданбай, сеніммен сұрасын” (ЖАҚЫП 1:5, 6).
1. Қабылдың бұрыс шешім қабылдауына не себеп болды және бұл неге әкеп соқты?
ҚАБЫЛҒА маңызды шешім қабылдау қажет болды: ол я жаман сезімдерін тізгіндеуі, я оларға ерік беруі керек еді. Шешімі қандай болған күнде де, бұл оның бүкіл өміріне әсер етпек-тін. Киелі кітаптан білетініміздей, Қабыл бұрыс шешім қабылдады. Оның шешімі бауыры Әбілдің өліміне және Жаратушысы Ехобамен қарым-қатынасының бұзылуына әкеп соқты (Мұсаның 1-жазбасы 4:3—16).
2. Неліктен дұрыс шешім қабылдағанымыз маңызды?
2 Өмір болған соң, бізге де шешімдер қабылдау қажет. Олардың бірі аса маңызды болса, өзгелері кішігірім болып келеді. Әйтсе де көп жағдайда шешімдеріміз өмірімізге қатты ықпал етуі мүмкін. Дұрыс шешім қабылдасақ, көптеген қиындықтардың алдын алып, көңіліміз тыныш болады. Ал бұрыс шешім қабылдасақ, қиындықтан көз ашпай, жігеріміз құм болуы мүмкін (Нақыл сөздер 14:8).
3. а) Дана шешім қабылдау үшін не нәрсеге сенімді болуымыз керек? ә) Біз қандай сұрақтарды қарастырамыз?
3 Дана шешімдер қабылдау үшін не істесек болады? Біз Құдайға сенім білдіріп, оның бізге көмектескісі келетініне әрі дұрыс шешім қабылдауымыз үшін даналық беретініне еш күмәнданбауымыз қажет. Сонымен қатар оның Сөзіне сенім артып, ондағы ақыл-кеңеске жүгінуіміз керек (Жақып 1:5—8 оқыңыз). Ехобаға жақындап, оның Сөзін жақсы көрген сайын, ол біз үшін ненің жақсы екенін білетініне көзіміз жете түседі. Сонда шешім қабылдамас бұрын Құдай Сөзіне жүгінуді әдетке айналдырамыз. Бірақ дұрыс шешім қабылдау қабілетімізді шыңдау үшін не істей аламыз? Ал шешім қабылдап қойсақ, бұл оны ешқашан өзгертпеуіміз керек дегенді білдіре ме?
ШЕШІМ ҚАБЫЛДАУ — ӨМІРДІҢ АЖЫРАМАС БӨЛІГІ
4. Адам ата нені шешу керек еді және оның салдары қандай болды?
4 Адам баласы жаратылғалы бері, оларға маңызды шешімдер қабылдауға тура келді. Мысалы, Адам ата Жаратушысы Ехобаны тыңдай ма, әлде әйелі Хауаны ма — соны шешуі тиіс еді. Өкінішке орай, ол өзін бұрыс шешім қабылдауға итермелеген Хауаны тыңдады. Нәтижесінде, Едем бағынан қуылып, түбінде өлім құшты. Бүгінде біз әлі де Адам атаның сол сорақы шешімінің зардабын тартып келеміз.
Ехоба дана шешімдер қабылдап үйренуіміз үшін бізге Киелі кітапты берген
5. Шешім қабылдау жауапкершілігіне қалай қарауымыз керек?
5 Кейбіреулер “ешбір шешім қабылдау қажет болмағанда, өмір әлдеқайда жеңіл болар еді” деп ойлайтын шығар. Бәлкім, сіз де осындай пікірде боларсыз. Алайда мына жайтты естен шығармауымыз керек: Ехоба бізді ойлай да, шешім қабылдай да алмайтын роботтар сияқты жаратпаған. Ол дана шешімдер қабылдап үйренуіміз үшін бізге Киелі кітапты берген. Иә, Ехоба біздің шешім қабылдағанымызды қалайды, әрі бұл жауапкершіліктің игілігін өзіміз көреміз. Келесі мысалдарға ой жіберіп көріңізші.
6, 7. Исраилдіктерге қандай шешім қабылдау керек еді және неге бұл оларға қиынға соқты? (Мақаланың басындағы суретті қараңыз.)
6 Исраилдіктер Уәде етілген жерге қоныстанған соң, Ехобаға ғибадат етуді не басқа құдайларға қызмет етуді шешу керек болды (Ешуа 24:15 оқыңыз). Бір қарағанда, бұл оңай шешім болып көрінген шығар. Алайда олардың таңдаулары өмір мен өлімнің мәселесі еді. Билердің заманында исраилдіктер қайта-қайта дұрыс емес шешім қабылдады. Олар Ехобадан теріс айналып, жалған тәңірлерге табынып кетті (Билер 2:3, 11—23). Кейінірек, Ілияс пайғамбардың күнінде де Құдай халқы я Ехобаға, я Бағал деген жалған құдайға қызмет етуді таңдау керек еді (Патшалар 1-жазба 18:21). Бәлкім, сіз “бұл оңай ғой, өйткені Ехобаға қызмет ету ең жақсы өмір жолы” деп ойларсыз. Негізінде, парасатты адам жансыз тәңірге жоламас еді. Бірақ исраилдіктер бір байламға келе алмады. Киелі кітапта олардың “екіойлы болып жүргені” айтылған. Ілияс даналықпен халықты шынайы Құдай Ехобаға ғибадат етуге талпындырды.
7 Исраилдіктерге дана шешім қабылдау неге қиынға соқты? Біріншіден, халық Ехобаға деген сенімдерін жоғалтты деуге болады, олар оған құлақ асқысы келмеді. Олар Ехобаға сенім артпады, ол туралы және оның даналығы туралы білуге де тырыспады. Мұны істегенде, дана шешімдер қабылдай алар еді (Зәбүр 25:12). Екіншіден, исраилдіктер басқа халықтардың ықпалына беріліп қалды. Сол халықтар олардың ой қалпына әсер етіп, тіпті солар үшін шешім қабылдады. Содан исраилдіктер жатжерліктердің соңынан еріп, жалған тәңірлеріне құлшылық ете бастады. Осындай жайт орын алуы мүмкін екенін Ехоба көп жыл бұрын ескерткен болатын (Мұсаның 2-жазбасы 23:2).
БІЗ ҮШІН ӨЗГЕЛЕРДІҢ ШЕШІМ ҚАБЫЛДАҒАНЫ ДҰРЫС ПА?
8. Исраилдіктерден қандай маңызды сабақ аламыз?
8 Жоғарыда келтірілген исраилдіктердің мысалынан маңызды сабақ аламыз: егер зерделі шешім қабылдағымыз келсе, Құдай Сөзіне жүгіну керекпіз. Ғалаттықтарға 6:5-те (сілтеме): “Әркімнің жауапкершілігі өз мойнында”,— делінген. Демек, шешім қабылдау жауапкершілігімізді біреудің мойнына артқанымыз дұрыс емес. Қайта, жеке өзіміз Құдайдың көз алдында ненің дұрыс екенін біліп, соны істеуді шешуіміз керек.
Өзгелердің біз үшін шешім қабылдауына жол берсек, онда оларға еруді шешкеніміз
9. Өзгелердің біз үшін шешім қабылдауына жол беру неге қауіпті?
9 Біздің орнымызға өзгелердің шешім қабылдауына қалай жол беріп қоюымыз мүмкін? Егер олардың ырқына көнетін болсақ (Нақыл сөздер 1:10, 15). Дегенмен басқалар қысым жасауға қанша тырыспасын, Киелі кітапқа сай тәрбиеленген ар-ұжданымызға құлақ асу — біздің жауапкершілігіміз. Егер өзгелердің біз үшін шешім қабылдауына жол берсек, онда “оларға еруді” ұйғарғанымыз. Бұл да шешім, бірақ түбі жақсылыққа апармайды.
10. Пауыл ғалаттықтарды не жайлы ескерткен?
10 Елші Пауыл ғалаттықтарды басқалардың өздері үшін шешім қабылдауына жол бермеулері керектігін ескерткен (Ғалаттықтарға 4:17 оқыңыз). Ғалатиядағы қауымда кей бауырластар өзгелердің орнына шешім қабылдауға тырысқан. Олардың ниеті қандай еді? Тек қара басын ойлаған олар бауырластардың елшілердің емес, өздерінің соңынан ергенін қалаған. Олар шектен шығып, бір сенімдегілердің жеке шешім қабылдау құқығын сыйламаған.
11. Жеке шешім қабылдамақ болғандарға қалай көмектесе аламыз?
11 Елші Пауыл болса әрқайсысымызға жақсы үлгі көрсетті. Ол бауырластарының жеке шешім қабылдауға құқықтары бар екенін түсінген, әрі бұны құрметтеген (Қорынттықтарға 2-хат 1:24 оқыңыз). Бүгінде қауым ақсақалдары бауырластарға жеке шешім қабылдау керек мәселелерге қатысты кеңес бергенде, елші Пауылға еліктей алады. Олар Құдай Сөзіне сүйеніп кеңестер беруге дайын. Алайда ақсақалдар бауырластардың орнына шешім қабылдаудан абай болады. Бұл қисынды да, өйткені шешімінің нәтижесін әр бауырластың өзі көреді. Бұдан жасайтын түйініміз: біз өзгелерге жағдайларында тиімді болатын Киелі кітап кеңестерін түсіндіріп, көмектессек болады. Алайда әр бауырластың жеке шешім қабылдауға құқығы мен жауапкершілігі бар. Олар даналықпен шешім қабылдағанда, бұл өздерінің игілігіне асады. Олай болса, бауырластардың орнына шешім қабылдауға құзырлымыз деген ойдан аулақ болғанымыз жөн.
СЕЗІМГЕ БЕРІЛІП ШЕШІМ ҚАБЫЛДАМАҢЫЗ
12, 13. Ашуланғанда не көңіліміз жабырқағанда шешім қабылдау неліктен қауіпті?
12 Бүгінгі таңда көпшілік “жүрегіңді тыңда” деп жатады. Бірақ бұл өзімізге таяқ болып тиюі мүмкін. Киелі кітап шешім қабылдарда кемелсіз жүрегімізге, яғни сезімдерімізге жүгіну қауіпті екенін ескертеді (Нақыл сөздер 28:26). Себебі ол “бәрінен де алдамшы әрі ештеңеден тайынбайды” (Еремия 17:9). Киелі кітапта осындай жүректің қалауымен жүріп, соның зардабын тартқан адамдардың мысалдары көптеп кездеседі (Патшалар 1-жазба 11:4, 9; Еремия 3:17; 13:10). Егер қандай да бір байлам жасарда жүрегімізді тыңдасақ, не болуы мүмкін?
13 Әрине, бұл мәсіхшілер үшін жүректің рөлі маңызды емес дегенді білдірмейді. Себебі Ехоба өзін бар жүрегімізбен жақсы көруді және өзге адамды өзімізді сүйгендей сүюді бұйырған (Матай 22:37—39). Бірақ бізге сақ болу қажет. Алдыңғы абзацтағы жазба орындарынан көретініміздей, сезіміміздің ой-санамыз бен әрекеттерімізге әсер етуіне жол беру өте қауіпті. Мысалға, ашуланып тұрған адамға дана шешім қабылдау қиын (Нақыл сөздер 14:17; 29:22). Көңілі жабырқаған кезде де адам дұрыс таңдау жасай алмайды (Мұсаның 4-жазбасы 32:6—12; Нақыл сөздер 24:10). Біз “ой-санамызды Құдай заңының құлы” етуіміз керек (Римдіктерге 7:25). Ендеше, маңызды шешімдер қабылдағанда сезімге алданып қалмас үшін, оған бой алдырмағанымыз жөн.
ШЕШІМДІ ӨЗГЕРТУ КЕРЕК БОЛАТЫН ЖАҒДАЙЛАР
14. Кейбір шешімдерімізді өзгертуде тұрған ештеңе жоқ екенін қайдан білеміз?
14 Біз дана шешімдер қабылдауға тырысуымыз керек. Бірақ бұл парасатты адам бұрын қабылдаған шешімдерін қайта қарастырып, оны өзгертпейді дегенді білдірмейді. Бұл ретте Ехоба бізге тамаша үлгі көрсеткен. Жүністің заманында ол ниневиялықтардың жағдайында не істегеніне көңіл аударайықшы: “Шынайы Құдай Ниневия халқының әрекеттерін, жаман жолдан қайтқанын көріп, оларды құртып жіберемін деген райынан қайтты” (Жүніс 3:10). Олардың өкініп, жаман істерін доғарғанын көргенде, Ехоба шешімін өзгертті. Бұдан оның парасатты, кішіпейіл әрі жанашыр екені көрінеді. Ол тіпті ашу кернеген кезде де, бүгіндегі көп адам сияқты ойланбай шешім қабылдай салмайды.
Ниневиялықтардың өкініп, жаман істерін доғарғанын көргенде, Ехоба шешімін өзгертті
15. Неге кейде шешімдерімізді өзгерту керек болып жатады?
15 Кейде қабылдаған шешімімізді, мысалы жағдайлар өзгерген кезде, қайтадан саралап-салмақтағанымыз дұрыс болуы мүмкін. Ехоба да жағдай өзгерген кезде шешімін өзгерткен (Патшалар 1-жазба 21:20, 21, 27—29; Патшалар 2-жазба 20:1—5). Шешімімізді өзгертуге тағы бір себеп — қандай да бір жаңа мағлұматқа ие болатын шығармыз. Дәуіт патшаның мысалын еске алайықшы. Оған Саулдың немересі Мепібошет жөнінде жалған мәлімет берілген еді. Ол соған сүйеніп шешім қабылдаған болатын. Ал кейінірек тура мағлұмат алғанда, Дәуіт бұрынғы шешіміне өзгеріс жасады (Самуилдің 2-жазбасы 19:24—29). Біздің де арагідік осылай етіп тұрғанымыз даналыққа жатады.
16. а) Шешім қабылдарда қандай пайдалы кеңестерге жүгінсек болады? ә) Неге бұрынғы шешімімізді қайта қарастыру керек болады және мұны қалай істей аламыз?
16 Киелі кітапта айтылғандай, маңызды бір шешім қабылдағанда асығыстық жасамауымыз керек (Нақыл сөздер 21:5). Егер барлық жайттың анық-қанығына жетуге уақыт бөлсек, дұрыс тоқтамға келуіміз әбден мүмкін (Салоникалықтарға 1-хат 5:21). Отағалары не істеуді шешпес бұрын, Жазбалар мен басылымдарымызды зерттеп алғаны жөн. Сондай-ақ отбасы мүшелерінің ой-пікірін де есепке алғаны дұрыс. Есіңізде болса, Құдай Ыбырайымға әйелінің сөзіне құлақ асуды айтқан болатын (Мұсаның 1-жазбасы 21:9—12). Ақсақалдар да ізденіс жасауға уақыт бөлулері қажет. Егер олар бұрын қабылдаған шешімдеріне қатысты жаңа бір мәлімет тапса, абырой-беделін түсіріп алам деп қорықпай, сол шешімдерін қайта қарастырады. Парасатты да қарапайым ақсақалдар, орынды болса, ой-пікірлері мен шешімдерін өзгертуге асық болулары керек. Бәріміздің де соларға еліктегеніміз абзал. Сонда қауымда тыныштық пен бірлік-ынтымақ болады (Елшілердің істері 6:1—4).
ШЕШІМІҢІЗДІ ІСКЕ АСЫРЫҢЫЗ
17. Шешім қабылдауда табысты болуымызға не көмектеседі?
17 Кей шешімдер басқаларына қарағанда әлдеқайда жауапты келеді. Бұған неке құру-құрмау, дұрыс жар таңдау, я болмаса толық уақытты қызметті бастау сияқты шешімдер жатады. Мұндай салмақты шешімдер қабылдамай тұрып, біз бәрін жақсылап ой елегінен өткізіп, Ехобадан көмек сұрағанымыз лазым. Әрине, бұл біраз уақытты алады, алайда дана тоқтамға келгіміз келсе, Ехобаға сенім артуымыз, оның ақыл-кеңесін тыңдап, басшылығымен жүруіміз керек (Нақыл сөздер 1:5). Киелі кітап — ең пайдалы кеңестер қазынасы. Сондықтан оған жүгініп, ізденіс жасағанымыз және Ехобадан басшылық сұрап дұға еткеніміз маңызды. Сонда ол бізге өзінің еркіне сай шешімдер қабылдауымызға қажетті қасиеттерді дарытады. Олай болса, маңызды шешім жасаудың алдында мынадай сұрақтар жайлы ойлануды әдетке айналдырыңыз: осы шешімімнен Ехобаны жақсы көретінім көріне ме? Отбасыма қуаныш пен тыныштық сыйлай ма? Қабылдаған шешімімнен шыдамды да мейірімді екенім байқала ма?
18. Неге Ехоба бізден шешімді өзіміз қабылдайды деп күтеді?
18 Ехоба өзін жақсы көруге және өзіне қызмет етуге бізді мәжбүрлемейді. Ол мұны шешуді өз еншімізге қалдырған. Ехоба таңдау еркіндігін бергендіктен, өзіне қызмет етуді шешу құқығымыз бен жауапкершілігімізді сыйлайды (Ешуа 24:15; Уағыздаушы 5:4). Бірақ ол бізден өз Сөзіне негіздеп қабылдаған шешімімізді іске асырады деп күтеді. Сонымен, Ехобаның нұсқауларына сенім білдіріп, оның принциптерін қолдансақ, дана шешімдер қабылдай аламыз. Осылайша барлық ісімізде тұрақты екенімізді көрсетеміз (Жақып 1:5—8; 4:8).