Қазір батыл әрекет ететін уақыт
“Қашанғы екі жақта да ақсаңдап жүре бересіңдер?” (ПАТШАЛЫҚТАР 3-ЖАЗБА 18:21).
1. Біздің уақытымыздың ерекшелігі неде?
ЕХОБАНЫҢ жалғыз шын Құдай екеніне сенесің бе? Сондай-ақ Киелі кітаптағы пайғамбарлықтар бойынша біз өмір сүріп отырған уақыт Шайтанның зұлым дүниесінің ‘соңғы дәуірі’ екеніне сенесің бе? (Тімотеге 2-хат 3:1) Егер сенсең, онда әсіресе қазір батыл әрекет ету керектігімен келісерсің. Осыншама көп адамның өміріне қауіп төнген бұндай кез бұрын-соңды тарихта болмаған.
2. Ахаб патшаның тұсында он рулы Исраил патшалығында қандай жағдай орын алды?
2 Б. з. б. Х ғасырда Исраил халқына өте маңызды шешім қабылдау қажет болатын. Олар кімге қызмет ететін болады? Ахаб патша жалған тәңірге табынатын әйелі Езабелдің ықпалымен он рулы Исраил патшалығын Бағалға табындырды. Бағалды мол өнім мен жауын беретін өсіп-өнушілік тәңірі деп есептеген. Оған табынушылардың көбісі тәңірлерінің мүсінін ауамен сүйіп немесе оған иіліп тағзым ететін. Бағал мол өніммен және көп малмен жарылқауы үшін, оған табынушылар ғибадатханадағы жезөкшелермен әдепсіз жыныстық қатынасқа баратын. Сондай-ақ оларда денелерінен қан ағызу үшін өздерін кескілейтін әдет бар еді (Патшалықтар 3-жазба 18:28).
3. Бағалға табыну Құдай халқына қалай әсер етті?
3 Шамамен 7 000-дай исраилдік осы азғын әрі зорлық-зомбылығымен ерекшеленетін пұтқа табынушылықтан бас тартты (Патшалықтар 3-жазба 19:18). Олар Ехоба Құдаймен жасасқан келісімге адал болып қалды және осы үшін қудаланды. Мысалы, Езабел патшайым Ехобаның көптеген пайғамбарларын өлтірді (Патшалықтар 3-жазба 18:4, 13). Осындай қиын жағдайда исраилдіктердің басым көпшілігі Ехобаға да, Бағалға да бірдей ұнамды болуға тырысып, екі дінді қатар ұстанды. Алайда исраилдік үшін Ехобадан бас тартып, жалған тәңірге табыну жолдан таюшылық еді. Ехоба өзін сүйіп, өсиеттерін орындаса, исраилдіктерге батасын беретінін уәде еткен. Ал егер өзіне толығымен берілмесе, оларды жоятынын ескерткен (Заңды қайталау 5:6—10; 28:15, 63).
4. Иса мен елшілері алдын ала айтқандай, мәсіхшілер арасында қандай жайт орын алу керек еді және бұл қалай орындалды?
4 Мәсіхшілер әлемінде де осындай жағдайды байқауға болады. Шіркеу мүшелері өздерін мәсіхшілерміз дейді, бірақ олардың мейрамдары, жүріс-тұрыстары мен нанымдары Киелі кітаптың ілімдеріне қайшы келеді. Езабел сияқты мәсіхшілер әлемінің дінбасылары адамдарды Ехоба Куәгерлерін қудалауға айдап салуда. Сонымен қатар олар ғасырлар бойы соғыстарды қолдап, шіркеудің миллиондаған мүшесінің өліміне жауапты болып отыр. Осы дүниелік үкіметтерді қолдауымен мұндай діндер, Киелі кітапта айтылғандай, рухани азғындықпен айналысуда (Аян 18:2, 3). Оның үстіне, мәсіхшілер әлемі тура мағынадағы азғындыққа — тіпті дінбасылар арасында да орын алып отырған азғындыққа — барған сайын жұмсақтықпен қарауда. Иса Мәсіх пен елшілері жолдан таюшылықтың осындай деңгейде болатынын алдын ала айтқан (Матай 13:36—43; Елшілердің істері 20:29, 30; Петірдің 2-хаты 2:1, 2). Мәсіхшілер әлемінің дінін ұстанушы миллиардтан астам адамды түбінде не күтіп тұр? Олардың және жалған діннің шырмауына түсіп қалған өзге де адамдардың алдында Ехоба қызметшілерінің қандай жауапкершілігі бар? Бұл сұрақтарға анық жауапты ‘Исраил жерінен Бағалдың жойылуына’ алып келген әсерлі оқиғаны зерттей отырып табамыз (Патшалықтар 4-жазба 10:28).
Құдайдың адасқан халқына деген сүйіспеншілігі
5. Ехоба адасқан халқының сүйіспеншілікпен қамын ойлайтынын қалай көрсетті?
5 Өзіне адал болмағандарды жазалау, әрине, Ехобаны қуантпайды. Сүюші әке ретінде ол күнәкарлардың өкініп, өзіне қайта бет бұрғанын қалайды (Езекиел 18:32; Петірдің 2-хаты 3:9). Осының дәлелі ретінде Ехоба Ахаб пен Езабелдің күндерінде көптеген пайғамбарлар арқылы халқына Бағалға табыну түбінде жақсылыққа апармайтыны жайлы ескерткен. Ілияс сондай пайғамбарлардың бірі болған. Алдын ала айтылған қатты қуаңшылық кезінде Ілияс Ахаб патшаға исраилдіктер мен Бағалдың пайғамбарларын Кармил тауына жинауды айтты (Патшалықтар 3-жазба 18:1, 19).
6, 7. а) Ілияс Исраилдің жолдан таюының түпкі себебін қалай ашып көрсетті? ә) Бағалдың пайғамбарлары не істеді? б) Ілияс не істеді?
6 Олардың бәрі “қиратылған”, Езабелге жағу үшін қиратқан болу керек, Ехобаға арнап құрбандық шалатын орынның жанына жиналды (Патшалықтар 3-жазба 18:30). Өкінішке орай, сол жердегі исраилдіктер өздері аңсап күткен жауынды кім беретініне — Ехоба ма, әлде Бағал ма — сенімсіз еді. Бағалдың өкілі ретінде 450 пайғамбар, ал Ехобаның өкілі ретінде тек Ілияс пайғамбар ғана тұрды. Ілияс олардың неге қиналып тұрғанының түп тамырын көрсетіп, халықтан: “Қашанғы екі жақта да ақсаңдап жүресіңдер?”— деп сұрады. Кейін сұрақтың мәнісін одан да түсінікті етіп айтып: “Егер Тәңір [“Ехоба”, ЖД] Құдай болса, онда Оның соңынан еріңдер; ал егер Бағал Құдай болса, онда соның соңынан еріңдер”,— деді. Екі ойлы исраилдіктерді тек Ехобаға берілгендік танытуға талпындыру үшін, Ілияс шын Құдайдың кім екенін тексеріп көруді ұсынды. Құрбандық ретінде екі бұзау әкеліну керек болатын: бірі Ехобаға, екіншісі Бағалға. Ал құрбандықты отпен жалмап қоятыны шын Құдай еді. Бағалдың пайғамбарлары құрбандықтарын даярлап, кейін бірнеше сағат бойы: “Бағал, бізді ести гөр!”— деп шақырды. Ілияс оларды әжуалай бастағанда, олар қан аққанша денелерін кескілеп, жан дауыстарымен айқайлады. Бірақ ешқандай да жауап болмады (Патшалықтар 3-жазба 18:21, 26—29).
7 Енді Ілиястың кезегі келді. Алдымен ол Ехобаға арнап құрбандық шалатын орынды қалпына келтірді де, оның үстіне құрбандыққа дайындаған бұзауды қойды. Содан кейін үлкен төрт шелек суды құрбандыққа құюды бұйырды. Құрбандық орнының айналасындағы ор суға толғанша, осылай үш рет істелінді. Кейін Ілияс дұға етіп: “Жаратушы Ие [“Ехоба”, ЖД], Ыбырайымның, Ысқақ пен Исраилдің Құдайы! Осы күні Исраилдегі жалғыз Құдай екеніңді және мен Сенің құлың екенімді, бәрін Сенің сөзің бойынша істегенімді жұрт білсін. Ести гөр мені, Жаратушы Ие, ести гөр! Бұл халық Сенің, Тәңір Ие [“Ехоба”, ЖД], Құдай екеніңді және олардың жүрегін Өзіңе бұратыныңды білсін”,— деді (Патшалықтар 3-жазба 18:30—37).
8. Ілиястың дұғасына Құдай қалай жауап қатты және пайғамбар қандай әрекет жасады?
8 Көктен қаулап түскен от құрбандықты да, құрбандық шалатын орынды да жалмап, тіпті ордағы суды да жұтып қойды! Бұл шын Құдайдың қатқан жауабы еді. Мұның исраилдіктерге қалай әсер еткенін елестетіп көріңдерші. “Бүкіл халық етпеттеп жата кетіп: — Жаратушы Ие [“Ехоба”, ЖД] — Құдай, Жаратушы Ие [“Ехоба”, ЖД] — Құдай,— деді”. Бұдан кейін де Ілияс батыл әрекет етіп, исраилдіктерге: “Бағалдың пайғамбарларын ұстаңдар, бірде-біреуі қашып құтылып кетпесін!”,— деп бұйырды. Бағалдың 450 пайғамбарының бәрі де Кармил тауының етегінде өлтірілді (Патшалықтар 3-жазба 18:38—40).
9. Ехобаның қызметшілері әрі қарай қалай сыналды?
9 Сол естен кетпес күні Ехоба үш жарым жыл қуаңшылықтан кейін алғаш рет жерге жауын жауғызды (Жақып 5:17, 18). Исраилдіктер үйлеріне келген соң, не жайлы әңгімелескенін елестете аласыңдар ма? Ехоба өзінің шын Құдай екенін дәлелдеді. Бірақ Бағалға табынушылар да берілмеді. Езабел Ехобаның қызметшілерін қудалауын тоқтатпады (Патшалықтар 3-жазба 19:1, 2; 21:11—16). Құдай халқының адалдығы тағы да сыналды. Ехоба Бағалға табынушыларды соттайтын күні олар Құдайға шын берілгендік танытар ма екен?
Қазір батыл әрекетке кірісіңдер
10. а) Қазіргі таңда майланған мәсіхшілер не істеуде? ә) Аян 18:4-те айтылған бұйрыққа құлақ асу деген нені білдіреді?
10 Қазіргі таңда майланған мәсіхшілер Ілияс сияқты іс атқаруда. Олар ауызбен де, баспа беттері арқылы да мәсіхшілер әлеміндегі және оған жатпайтын барлық халықты жалған дін төндіріп отырған қауіптен сақтандыруда. Осының нәтижесінде миллиондаған адамдар жалған діннен кету үшін батыл әрекеттер жасады. Олар Ехобаға өмірлерін бағыштап, шомылдыру рәсімінен өткен Иса Мәсіхтің шәкірттері болды. Иә, олар Ехобаның “Одан шық, халқым Менің, одан шық! Әйтпесе оның күнәларына араласып, басына түсетін пәлелерін де бөлісесің” деген жалған дінге қатысты айтқан мынадай маңызды шақыруына құлақ асты (Аян 18:4).
11. Ехобаның ықыласына ие болу үшін не қажет?
11 Миллиондаған басқа адамдар Ехоба Куәгерлері айтып жүрген Киелі кітаптағы ізгі хабарға қызыққанымен, әлі де қандай шешім қабылдау керектігін білмейді. Кейбіреулері арагідік мәсіхшілердің кездесулеріне, мысалы, Иеміздің кешкі асына яки облыстық конгрестің кейбір бағдарлама бөліктеріне қатысады. Біз оларды Ілиястың: “Ей, адамдар, кімге еретіндеріңді қашанғы шешпей жүре бересіңдер?”— деген сөздеріне мұқият ден қоюға шақырамыз (Патшалықтар 3-жазба 18:21, “Қазіргі аударма”, ор.). Уақытты созбай, олар қазір батыл әрекетке кірісіп, Ехобаға өмірлерін бағыштаған қызметші болу үшін аянбай жұмыс істеулері керек. Олардың мәңгі өмір сүру мүмкіндіктері осыған байланысты (Салониқалықтарға 2-хат 1:6—9).
12. Кейбір шомылдыру рәсімінен өткен мәсіхшілер қандай қауіпті жағдайға түсіп қалған және олар не істеулері керек?
12 Өкінішке орай, кейбір шомылдыру рәсімінен өткен мәсіхшілер ғибадат етуде енжар яки белсенді емес (Еврейлерге 10:23—25; 13:15, 16). Кейбіреулер қудалаудан қорыққаннан, күнделікті тіршілік қамын уайымдап, я болмаса қара басының қамын ойлаймын деп, құлшыныстарын сөндіріп алған. Иса дәл осы нәрселердің кесірінен кейбір ізбасарлары сенімнен безіп, әлсіреп, торға түсіп қалатынын ескерткен (Матай 10:28—33; 13:20—22; Лұқа 12:22—31; 21:34—36). ‘Екі жақта да ақсаңдап жүре берудің’ орнына, мұндай адамдар ‘ынталы болып, өкініп, теріс жолдан қайтулары’, яғни Құдайға бағышталуына сай болу үшін, батыл әрекетке кірісулері керек (Аян 3:15—19).
Жалған діндердің аяқ астынан жойылуы
13. Ииуй патша етіп майланған кезде, Исраилде жағдай қандай болғанын сипаттап беріңдер.
13 Қазір адамдарға батыл әрекет ету керек. Неге екенін Кармил тауында кімнің шын Құдай екендігіне қатысты сұрақ шешілгеннен кейін, 18 жыл өткен соң Исраилде болған оқиғадан көруге болады. Бағалға табынушыларды соттаған Ехобаның күні күтпеген уақытта келді. Бұл Ілиястың орнын басқан Елішәнің қызметінің тұсында болатын. Ол кезде Исраилде Ахабтың ұлы Жорам билік етуде еді, сондай-ақ оның шешесі Езабел патшайымның әлі көзі тірі болатын. Елішә ешкімге білдіртпей, қызметшілерінің бірін жіберіп, әскербасы Ииуйді Исраилдің патшасы етіп майлайды. Ол уақытта Ииуй Иорданның шығысындағы Ғалақадтағы Рамотта Исраилдің жауларымен шайқасып жатқан еді. Ал Жорам патша Мегіддоның жанындағы Езрел аңғарында соғыста алған жарақатын емдеп жатқан болатын (Патшалықтар 4-жазба 8:29—9:4).
14, 15. Ииуйге қандай тапсырма берілді және ол мұны қалай қабылдады?
14 Ехоба Ииуйге былай деп бұйырады: “Сен қожайының Ахабтың үй ішінің көзін құртасың. Езабелдің қолынан қаза тапқан Менің құлдарымның, пайғамбарларымның, қаны және Тәңірдің барлық құлдарының қаны үшін осылай кек аламын. Сөйтіп, Ахабтың үй іші түгел қырылады... Езабелді болса Езрел даласында иттер жейді, оны ешкім де жерлемейді” (Патшалықтар 4-жазба 9:7—10).
15 Ииуй батыл әрекет ететін адам болған. Ол еш кідірместен, сол заматта-ақ күймесіне мініп, Езрелге қарай жүйтки жөнеледі. Езрелдегі мұнара үстіндегі күзетші Ииуйді күймені айдағанынан таниды да, Жорам патшаға хабарлайды. Ал Жорам күймесіне мініп, өзінің әскербасының алдынан шығады. Олар кездескен кезде, Жорам: “Тыныштық па, Ииуй?”— деп сұрайды. Ииуй: “Анаң Езабел азғындық пен сан алуан сиқырлық жасап жатса, қайдан тыныштық болсын?”— деп жауап қатады. Сосын Жорам қашып үлгермейді, Ииуй садағын тартып қалғанда, жебе Жорамның дәл жүрегіне қадалып, өледі (Патшалықтар 4-жазба 9:20—24).
16. а) Езабелдің сарай қызметшілері аяқ астынан қандай жағдайға тап болды? ә) Ехобаның Езабел жайлы айтқан сөздері қалай орындалды?
16 Ииуй кідірместен күймесіне отырып, қалаға қарай зымырайды. Барынша боянып алған Езабел терезеден қарап тұрып Ииуйді сес білдіре қарсы алады. Ииуй оған мән бермей, өзін жақтаушыларды шақырып: “Кім менімен бірге, кім?”— дейді. Енді Езабелдің қызметшілеріне батыл әрекет ету керек еді. Екі-үш сарай қызметшісі терезеден бастарын шығарады. Сол сәтте олардың сенімі сыналған еді. “Ананы лақтырыңдар”,— деп бұйырады Ииуй. Олар Езабелді итеріп жібереді де, оның денесін Ииуйдің күймесі мен аттары таптап тастайды. Халықты Бағалға табындырған адамның күні осылай бітіп, лайықты жазасын алады. Оны жерлеп үлгергенше, алдын ала айтылғандай, иттер оның денесін жеп қояды (Патшалықтар 4-жазба 9:30—37).
17. Құдайдың Езабелді соттағаны алда қандай оқиғалардың болатынына сендіреді?
17 “Ұлы Бабыл” атанған бейнелі түрдегі жезөкше әйелдің де күні осылай қорқынышты болып бітпек. Бұл жезөкше әйел о баста ежелгі Бабылда пайда болған Шайтанның дүниесіндегі жалған діндерді білдіреді. Жалған дін жойылған соң, Ехоба Құдай назарын Шайтанның дүниесін құрайтын басқа бөліктерге аударады. Олар да жойылған соң, әділдік орнаған жаңа дүниеге жол ашылады (Аян 17:3—6; 19:19—21; 21:1—4).
18. Езабелдің өлімінен соң, Исраилдегі Бағалға табынушылармен не болды?
18 Езабелді өлтірген соң, Ииуй кідірместен Ахабтың барлық үрім-бұтағы мен басты жақтаушыларының көзін жояды (Патшалықтар 4-жазба 10:11). Бірақ елде Бағалға табынатын әлі де көп исраилдіктер қалған еді. Сондықтан Ииуй ‘Құдайға деген құлшынысын’ көрсетіп, батыл әрекетке кіріседі (Патшалықтар 4-жазба 10:16). Ол өзін Бағалға табынушы етіп көрсетіп, Самарияда Ахабтың Бағалға арнап салғызған ғибадатханасында үлкен мейрам ұйымдастырады. Бұған Бағалға табынушылардың бәрі де келеді. Ғибадатханаға жиналған олар қақпанға түсіп қалады да, Ииуйдің адамдары бәрін қырып салады. Киелі кітапта бұл оқиға мынадай сөздермен аяқталады: “Ииуй Исраил жерінен Бағалды жойды” (Патшалықтар 4-жазба 10:18—28).
19. Ехобаның адал қызметшілерінің ‘өте үлкен тобырын’ қандай ғажайып болашақ күтіп тұр?
19 Бағалға табынушылық Исраилден түп тамырымен жойылды. Дәл сол сияқты осы дүниенің жалған діндерінің де қорқынышты ақыры табан астынан келмек. Ұлы сот күні кімнің жағында боласыңдар? Қазірден бастап батыл әрекет жасаңдар, бәлкім, сонда ‘ауыр азаптан’ аман қалатын “өте үлкен тобырдың” арасында боларсыңдар. Сол кезде арттарыңа қуана қарап, ‘азғындығымен жер бетін бүлдірген аты шулы опасыз әйелді соттағаны’ үшін Құдайды дәріптейтін боласыңдар. Сондай-ақ шын Құдайдың қызметшілерімен бірге көктен шырқаған мына көңіл толқытарлық сөздерге қосыла аласыңдар: “Жаратқан Иені мадақтаңдар! Себебі біздің Құдайымыз — Бүкіл әлемнің Иесі [“Ехоба”, ЖД] билігін жүргізуде!” (Аян 7:9, 10, 14; 19:1, 2, 6)
Ой жүгіртуге арналған сұрақтар
• Ежелгі Исраил Бағалға табынуларымен қалай айыпты болды?
• Киелі кітапта жолдан таюшылық жайлы алдын ала не айтылған және бұл пайғамбарлық қалай орындалды?
• Ииуй Бағалға табынушылықты қалай түп тамырымен жойды?
• Құдайдың соты күні аман қалу үшін, не істеуіміз керек?
[18-беттегі карта]
(Толық мәтінді басылымнан қара)
Әфек
Хелкаф
Бет-Шамиш
Жокниам
Айн-Дор
Орфа
Сонам
Мегіддо
Бет-Арбел
Ғалақадтағы Рамот
Жезриел
Танақ
Беф-Сан
Ғалақадтағы Ябес?
Иблеам (Ғат-Риммон)
Дотан
Абел-Мехола
Тирза
Сохо
САМАРИЯ
Кармил тауы
Гелбуе тауы
Табор тауы
Море
Жерорта теңізі
Ғалилея теңізі
Иордан өзені
Харод құдығы
[Түпдерек]
Based on maps copyrighted by Pictorial Archive (Near Eastern History) Est. and Survey of Israel
[20-беттегі суреттер]
Патшалықты уағыздау ісі мен мәсіхшілер кездесуіне үнемі қатысу — шынайы ғибадаттың маңызды бөлігі