Ехобаның сөзі тірі
Естер кітабындағы көңіл бұрарлық ойлар
БҰЛ жоспардың сәтсіздікке ұшырауы мүмкін емес. Мұны құрған адамның көздегені — Үндістаннан Ефиопияға дейін созылып жатқан мемлекеттегі бүкіл яһудилерді белгіленген бір күннің ішінде түк қалдырмай қырып тастау. Алайда ол бір нәрсені ескермеді. Көктегі Құдай өзінің таңдаған халқын кез келген жағдайдан алып шыға алады. Бұл туралы Естер кітабында баяндалады.
Мардохай есімді қарт яһуди жазған Естер кітабы Парсы патшасы Артаксеркс немесе Ксеркс I билік еткен кездегі 18 жылға жуық уақыт аралығын қамтиды. Бұл әсерлі оқиғадан Ехобаның тіпті үлкен мемлекеттің түкпір-түкпіріне тарап кеткен халқын да жауларының зұлым ниетінен құтқаратынын көреміз. Мұны білгендері Ехобаның бүгінгі 235 елде қызмет етіп жатқан халқының сенімін нығайтады. Оның үстіне, Естер кітабындағы кейіпкерлердің істеріне қарап, өзімізге сабақ алуымызға болады. Шынында да, “Құдайдың сөзі тірі, әсері де күшті” (Еврейлерге 4:12).
ПАТША ӘЙЕЛІНІҢ АРАША ТҮСУІ
Патшалық еткен үшінші жылында (б. з. б. 493 жыл) Артаксеркс патша үлкен той жасайды. Патшаның әйелі, сұлулығымен аты шыққан Асти, сол тойда күйеуін қатты ашуландырып, дәрежесінен айырылып қалады. Оның орнына бүкіл елдегі сұлу қыздардың ішінен Гадасса есімді яһуди қызы таңдалады. Ағасы Мардохайдың айтуымен ол өзінің яһуди екенін жасырып, Естер деген парсы есімімен танымал болып жүреді.
Көп ұзамай Аман есімді тәкаппар адам патшаның бас уәзірі болып тағайындалады. Мардохайдың ‘тағзым етіп, бас имегеніне’ қатты ызаланған ол бүкіл Парсы патшалығындағы яһудилердің көзін жоймақшы (Естер 3:2). Ол Артаксерксті үгіттеп, яһудилерді қырып тастау туралы жарлық шығартады. Мардохай ‘азалы киім киіп, басына күл шашады’ (Естер 4:1). Дәл қазір Естер араша түспесе болмайды. Ол патша мен Аманды қонаққа жеке шақырады. Олар шақыруды ықыласпен қабыл алып келгенде, Естер олардың ертең де қонақ болып кетулерін өтінеді. Аманның көңілі көтеріңкі. Бірақ Мардохайдың өзіне бас имегенін көргенде, қайтадан бойын ашу кернейді. Ол ертеңгі отырысқа дейін Мардохайдың көзін құртпақшы.
Киелі кітапқа негізделген сұрақтардың жауаптары:
1:3—5. Той 180 күнге созылған ба? Мәтінде той осынша уақыт созылды деп айтылмайды, бірақ онда патша өз патшалығының мол байлығы мен салтанатын шенеуніктерге 180 күн бойы көрсеткені айтылады. Патша елдегі ақсүйектерді таңғалдырып, өзінің жоспарларын іске асыра алатынына көздерін жеткізу үшін бұл күндері патшалығының салтанатын көрсеткен болса керек. Олай болса, 3 және 5-тармақтарда осы күндер аяқталған соң болған жеті күндік той туралы айтылған болу керек.
1:8. “Ішімдік шамаларына қарай ішілді, ешкім қинап ішкізген жоқ” деген сөздерді қалай түсінуге болады? Парсылықтарда мұндай отырыстарда бірін-бірі қинап ішкізетін әдет болған болса керек. Олай болса, Артаксеркс патша бұл жолы оны ұстануды талап етпеген. Бір еңбекте “олар қанша ішкілері келсе, сонша ішкен” деп айтылады.
1:10—12. Патшаның әйелі Асти күйеуі шақырғанда неге келмей қойды? Кейбір ғалымдар ол патшаның қызып алған қонақтарының алдына шығуды қорлық санаған болуы мүмкін дейді. Немесе бұл сұлу әйел шынымен тәкаппар болған. Киелі кітапта оның ниетінің қандай болғаны айтылмағанымен, сол уақыттың дана адамдары күйеуге бағынбау елемей қоя салатын іс емес және Астидің әрекеті бүкіл Парсы елінің аймағындағы әйелдерге жаман үлгі болады деп шешкен.
2:14—17. Естер азғындық жасады ма? Жоқ. Киелі кітапта таңертең патшаның бөлмесінен шыққан әйелді кәнизәктардың күзетшісінің қарауындағы басқа үйге алып баратыны айтылады. Демек, патшамен бір түн болған әйел оның кәнизәгі болған. Алайда Естер патшадан шыққан соң, кәнизәктардың үйіне бармаған. Патша оны “барлық әйелдерден де қатты жақсы көріп қалды және барлық қыздардан артық ұнатып, оған ықыласы ауды” (Естер 2:17). Қалайша Естер Артаксеркске ұнап, оның ықыласына ие болды? Басқалардың ықыласына қалай ие болса, оның да ықыласына солай ие болды? Киелі кітапта: “Бұл жас қыз [Гегайға] қатты ұнап, оның ықыласына ие болды”,— деп баяндалады (Естер 2:8, 9). Естер Гегайды сырт көрінісімен және жақсы қасиеттерімен-ақ баурап алған. Негізінде, ‘Естерді көрген адамдардың бәрі оны ұната берген’ (Естер 2:15). Сол сияқты патшаға да Естердің бойындағы қасиеттері қатты әсер етіп, ол оны жақсы көріп қалады.
3:2; 5:9. Неге Мардохай Аманға тағзым етпеді? Исраилдіктерде жоғары шенді адамға тағзым ету жаман нәрсе саналмаған. Алайда Аманның жағдайы өзгеше еді. Агагтың ұрпағы болғандықтан, ол амалектік болуы мүмкін, ал Ехобаның еркі бойынша Амалек түп тамырымен жойылуға тиіс еді (Заңды қайталау 25:19). Мардохай үшін оған бас ию Ехобаға адалдығын сақтамағанмен бірдей болған. Ол өзінің яһуди екенін көрсетіп, бас июден үзілді-кесілді бас тартқан (Естер 3:3, 4).
Біз үшін сабақ:
2:10, 20; 4:12—16. Естер рухани толысқан адамның басшылығы мен кеңесін қабыл алған. Қауымдағы ‘жетекшілерге мойынсұнып, айтқандарын тыңдағанымыз’ даналыққа жатады (Еврейлерге 13:17).
2:11; 4:5. Біз ‘өз мүддемізді ғана емес, басқалардікін де ойлай жүруіміз керек’ (Філіпіліктерге 2:4).
2:15. Естер Гегай берген заттардан басқа әшекейлер немесе жақсырақ киім сұрамай, қарапайымдылық пен ұстамдылық көрсеткен. Ол патшаға ‘көзге көрінбес ізгі қасиеттерімен және мейірімді де сабырлы жан дүниесінің мәңгі солмайтын көркімен’ ұнаған (Петірдің 1-хаты 3:4).
2:21—23. Естер мен Мардохай ‘мемлекеттік билігі барларға бағынуға’ қатысты жақсы үлгі қалдырған (Римдіктерге 13:1).
3:4. Кей жағдайда Естер сияқты өзіміздің кім екенімізді жасырып қалу парасаттылыққа жататын шығар. Алайда Ехобаның билігіне немесе адалдығымызды сақтауға қатысты маңызды мәселелерге келгенде кімнің жағында екенімізді көрсету үшін, Ехоба Куәгері екенімізді ашық білдіруге қорықпауымыз керек.
4:3. Сынақтарға кезіккенде, Ехобадан күш пен даналық сұрап дұға етуіміз керек.
4:6—8. Мардохай Аманның қастық әрекетінен туындаған қиындықтың заңды шешімін іздеген (Філіпіліктерге 1:7).
4:14. Мардохайдың Ехобаға сенім артқаны біз үшін жақсы үлгі болып табылады.
4:16. Ехобаға толық сенім артқан Естер өміріне қауіп төндірген жағдайда адалдық пен батылдық танытқан. Өзімізге емес, Ехобаға арқа сүйеп үйренгеніміз өте маңызды.
5:6—8. Естер Артаксеркстің ықыласына ие болу үшін оны екі рет қонаққа шақырған. Ол парасаттылықпен әрекет еткен. Біз де солай етуіміз керек (Нақыл сөздер 14:15).
ЖАҒДАЙЛАРДЫҢ КҮРТ ӨЗГЕРУІ
Оқиғаның даму барысында жағдайлар керісінше болып шықты. Мардохайға арналған ағашта Аман асулы тұр, ал өлуге тиісті адам патшаның бас уәзірі болып отыр! Яһудилерді қырғынға ұшырату туралы жоспар ше? Ол да іске асқан жоқ, керісінше, адам сенгісіз өзгеріс болды.
Адал Естер тағы да араша түседі. Ол өмірін қатерге тігіп, патшаның алдына барады да, Аманның жоспарына қарсы бір амал табуын өтініп, жалбарынады. Артаксеркс не істеу керек екенін біледі. Ақырында, яһудилер қырғынға ұшырайтын күн жеткенде, яһудилер емес, олардың жаулары қырылып қалады. Мардохай осы құтқарылу күнін жыл сайын атап өту үшін Пурим мейрамын ендіреді. Артаксеркс патшадан кейінгі екінші адам ретінде Мардохай ‘өз халқына жақсылық ойлап, руластарының игілігін жақтап сөйлейді’ (Естер 10:3).
Киелі кітапқа негізделген сұрақтардың жауаптары:
7:4. Яһудилерді қырғынға ұшырату қалайша ‘патшаға шығын әкелер’ еді? Естер яһудилерді құл ретінде сатып жіберуге де болатынына ілтипаттылықпен меңзей отырып, оларды жойып жібергеннен патшаға келетін шығынға назар аударған. Егер Аман яһудилерді құлдыққа сатып жіберуді ойластырғанда, патшаның қазынасына түсетін ақша ол уәде еткен 10 000 күміс теңгеден әлдеқайда асып түсер еді. Бұған қоса, Аманның ойы іске асатын болса, патша әйелінен де айырылар еді.
7:8. Неге жасақшылар Аманның бетін жауып әкетті? Бұл масқаралауды немесе өлімнің жақындағанын білдірген болса керек. Бір еңбекте “ежелгі уақытта кейде жазаланатын адамдардың бастарын жапқаны” айтылады.
8:17. Қалайша ‘елдегі көп адам яһуди болып кетті’? Қорғануға қатысты жарлық шыққанда, көптеген парсылықтар Құдай яһудилердің жағында деп ойлап, солардың дінін қабыл алған болуы мүмкін. Зәкәрияның пайғамбарлығы да осы принципке сай орындалуда. Онда былай айтылады: “Әр түрлі тілде сөйлейтін халықтардан шыққан он адам Яһудидің етегіне жармасып: — біз сенімен бірге барамыз, өйткені Құдай сендермен бірге деп естідік,— дейтін болады” (Зәкәрия 8:23).
9:10, 15, 16. Неге жарлықта тонауға рұқсат берілгенімен, яһудилер одан бас тартты? Бұдан олардың мақсаты баю емес, қорғану ғана екені анық көрінеді?
Біз үшін сабақ:
6:6—10. “Менмендік — күйреудің басы, Асқақтық — құлаудың алды” (Нақыл сөздер 16:18).
7:3, 4. Тіпті қуғын-сүргінге ұшырауымыз мүмкін болса да, Ехоба Куәгері екенімізді батыл білдіреміз бе?
8:3—6. Жаулардан қорғану үшін мемлекеттік билігі барларға, сондай-ақ сотқа жүгінуімізге болады, әрі солай етуіміз керек те.
8:5. Естер әдептілік сақтай отырып, халықты жоюға қатысты жарлыққа патшаның да қатысы бар екенін айтқан жоқ. Біз де лауазымды адамдарға куәлік еткенде әдептілік сақтауымыз керек.
9:22. Арамыздағы жоқшылық көріп жүрген адамдарды ұмытпағанымыз дұрыс (Ғалаттықтарға 2:10).
Ехоба азат етеді және құтқарады
Мардохай Естердің Құдайдың еркі бойынша патшаның әйелі болғанына меңзейді. Қауіп төнгенде яһудилер ораза тұтып, Құдайдан көмек сұрайды. Естер патшаның алдына бірнеше рет шақырусыз барады және патша оны ықыласпен қабыл алады. Патша дәл шешуші түні ұйықтай алмай шығады. Шынында да, Ехоба өз халқы үшін оқиғаның даму барысына бағыт беретіні Естер кітабынан жақсы көрінеді.
Естер кітабындағы әсерлі оқиғалар “соңғы уақытта” өмір сүріп жатқан біздерді әсіресе жігерлендіреді (Даниял 12:4). “Соңғы күндері”, немесе соңғы уақыттың соңында, Магог жерінен шыққан Гог, Шайтан Ібіліс, бар күшін жинап, Ехобаның халқын жойып жіберу үшін шабуыл жасайды. Бірақ Естердің күніндегідей, Ехоба қызметшілерін азат етеді және құтқарады (Езекиел 38:16—23; Естер 4:14).
[10-беттегі сурет]
Естер мен Мардохай Артаксеркстің алдына келіп тұр